Әңгіме
Пернегүл оныншы сыныпты бітіре салысымен,
Шымкентте тігіншілер даярлайтын бір жылдық училищеге
түскен. Мамандық алғаны жөніндегі куәлігі қолына
тиместен-ақ Арыстағы киім тігетін ательге жұмысқа
орналасты.
Арыс шағын қала болғанымен, тоғыз жолдың торабы,
үлкен темір жолдың станциясы. Батысында Мәскеуден,
Шығысында Алматыдан, оңтүстігінде Тәшкеннен шыққан
темір жол бағыттары дәл осы жерде қиылысады. Сенбі,
жексенбі күндері Пернегүл жұмыстан бос, ауылдағы өз
үйінде болады. Жасы он тоғызға келсе де үй ішіндегілер
мұны әлі бала көреді. Тек көрші жеңгейдің: «Ибай-ау,
мына қыз бойжетіп қалыпты-ау», – деп сыртынан ернін
сылп еткізгені болмаса. Ондайды естіген күнде де: «Осы
мен шынымен бойжетіп қалдым-ау», – деген ой қаперіне
кіріп шыққан емес. Оның үстіне жұмысы да өзіне ұнайды,
әрі жақсы достары бар, зерігіп көрген емес әлі күнге дейін.
Демалыс күндерінің бірі болатын. Дос қызы
Гүлжауһар сіңлісін жіберіп шақыртыпты. Сәл бұрынырақ
Сарыағаштағы техникумда оқитын нағашы ағасы келіпті
деп естіген. Бірақ онша мән бермеген. – Жарайды, біраздан
кейін барамын, – деді. Көп күттірмей Гүлжауһардың үйіне
келді. Сырттан оның өзі қарсы алды. Екі-үш күн көріспесе
сағынысып қалады.
– Кешке нағашы ағам келген, техникумда оқиды, бізден
екі жас үлкен, аты – Ермахан, – деді ол асығыс-үсігіс.
«Мұның бәрін маған несіне айтып тұр», – деді де қойды
144
Пернегүл. Екеуі үйге кіріп, төргі бөлмеге қарай өтті. Есік
ашқандары сол еді, төрде отырған жігіт орнынан көтеріле
берді де:
– Сәлеметсіз бе, төрлетіңіз, төрлетіңіз, – деді жылы
қабақ танытып. Пернегүл оның жүзіне онша назар
аудармады. «Тек аяғын сылти басатын сияқты ма, қалай
өзі?» – деп ойлап қалды, аяқ басысына қарап.
– Ал, Пернегүл, танысып қой, менің нағашы ағам, –
деді Гүлжауһар екеуін таныстырып.
– Ермахан, – деді жігіт. Дауысы бәсеңдеу шықты.
– Мен қазір келемін, – деп Гүлжауһар асығыс шығып
кетті бөлмеден. Екеуі біраз үнсіз отырды. Ермаханға көз
қиығын салып еді, ол біртүрлі қысылып отырған сияқты
көрінді.
– Биыл нешінші курстасыз? – деді Пернегүл Ермаханды
сөзге тартып. Шын ұялып отырған болуы керек сірә, жігіт
алғашқы сәтте абыржып қалды да:
– Ә-ә, мен бе, мен бе? – дей берді. Пернегүл күліп
жібергенмен, іле-шала онысына өзі де ыңғайсызданып
қалды. Ермаханның қысылып-қымтырылғаны өзіне
біртүрлі қызық көрінді.
– Соңғы курста оқимын. Биыл бітірем ғой, – деді жігіт.
Әңгіме етерлік нәрсенің табылғанына қуанған сыңай
танытқандай. Сол арада Гүлжауһармен бірге өздерімен
құрбы бір-екі қыз кіріп келді.
Гүлжауһар:
– Ал, қыздар шай ішейік, – деп оларды дастарханға
шақырды.
– Жо-жоқ, осы қазір ғана шай ішіп келдік. Жаңа әуендер
болса, тыңдап көңіл көтерейік, би билейік, – деді олар.
– Дұрыс, дұрыс, – деп Ермахан да орнынан тұра берді.
Жеңіл музыка сазы жас көңілдерді бірден баурап алып
кетті. Ермахан шеттеу барып, биге зауқы жоқ адамдай
тұнжырап тұрып қалды. Пернегүл:
145
– Көңілсізсіз ғой, неге билемейсіз, – деді жақын келіп.
– Жо-жоқ, билей беріңіздер. Мен кейінірек қосылам, –
деді қызараңдап. Араларындағы жеңілтектеу Сағираш:
– Сіз студенсіз ғой, бізге би үйретудің орнына
қашқақтағаныңыз қалай, – деп Ермаханды ортаға сүйрей
бастап еді, басқалары да Сағирашты қостай жөнелді.
Ермаханның бетінің қызылы сыртқа теуіп, нарттай
болып кетті. Аяғын сәл сылти басады. Қыздар бәрін
аңдып тұр. Ермахан онысын байқатпауға тырысып,
Сағирашпен билеп жүр, әбден қара терге түскен. Әйтеуір
би де аяқталды. Ермахан ентігіп қалды. Қалтасынан қол
ормалын алып, маңдайын сүртті. Гүлжауһар:
– Қыздар, уақыт біраз жерге барып қалыпты демаламыз
ба? – деді қысылыңқырап.
– Демалсақ, демалайық, – деді бәрі бірауыздан кетуге
асығып тұрғандай.
– Мен Сағираштарды шығарып салайын, Ермахан, сен
Пернегүлді шығарып сал, үйлері жақын, – деді Гүлжауһар
киініп жатып. Пернегүл: «Өзім-ақ кете беремін», – демек
болып еді, үлгермеді.
– Мақұл, мақұл. Шығарып салайын, – деді Ермахан.
Екеуі қатар жүріп келеді. Жігіт аяғының кемістігін
сездермейін дегендей бойын тік ұстап, демігіп басады
қадамын. Оған бұлай жүру оңайға түспейтіні көрініп тұр.
Пернегүлдің кенет ашуы келіп кетті, әшейінде қанша
қиналса да қабақ шытпайтын ол:
– Аяғыңызды еркін басыңызшы, онда тұрған не бар?
Әйтпесе, тура осы жерден-ақ қайта беріңіз, өзім-ақ кете
беремін, – деді. Бірақ Ермаханның намысқойлығын іштей
ұнатып қалды.
– Жарайды, түсінгеніңізге рахмет, – деді Ермахан
жадырап. – Бала кезімде асау тайды бас білдіремін деп
құлап аяғымды сындырғалы осылай болып қалды.
Содан әңгімені өзі одан әрі жалғап әкетті.
146
– Ауыл деген қандай рахат, әсіресе көктемде. Өзім
ауылды бір апта көрмесем сағынып қаламын, – деді
Ермахан күле сөйлеп. – Өткен жылғы көктемде, май
мерекесінің қарсаңында ауылға барып едім, өзіммен
құрдас жігіттер жиналып қалыппыз. Жауған жаңбырды
да елемей, бәріміз көк майсаның үстінде доп қудық
бала кездегідей. Аяғымның ауырғанын ұмытып, мен де
қосылып кеттім. Өткен-кеткен кісілер: «Мыналарға не
болған, мас па өздері», – десті. Үсті-басым малмандай су
болып, үйге әрең келдім. Апам:
– Немене, бала болып кеткенсің бе, қашан есің кіреді,
– деп кейіп жатыр. Мен ыржалаңдап күле беремін,
қуаныштан ғой, әрине. Бала кезімізде бәріміз осылай
доп қуушы ек, тап сол бір шақ қайта айналып келгендей
болды. Сол бір күнгі ойын көпке дейін есімнен кетпей
қойды, – деді Ермахан онан сайын көңілдене түсіп.
– Әңгімені тамаша айтады екенсіз, – деді Пернегүл
сүйсінгенін жасыра алмай.
– Қайдам, сізді жалықтырған шығармын-ау, – деді жігіт
өзін мақтағанға ыңғайсызданып.
– Міне, біздің үйге де кеп қалдық... сау болыңыз, – деді
Пернегүл қолын ұсынып.
– Қалай тез келіп қалдық... Сау болыңыз, сау болыңыз,
– деді Ермахан осы күннің тез аяқталғанына өкінгендей.
Бірдеңе айтқысы келіп тұрғандай сыңай танытты. Үйіне
асығып, тықыршып тұрған Пернегүл амалсыз тұрып
қалды.
– Сіз... сіз-з-ге хат жазып тұруға болады ма, әрине,
достық ниетпен, – деді Ермахан діріл аралас үнмен.
Пернегүл: «Оның қажеті не?» – дей жаздады да,
ізінше үйіне қарай үнсіз бұрылып жүре берді. Ермахан
Пернегүлдің үндемегеніне қарап, қарсы болмағаны
ғой деп ұққан. Көп ойланып жүріп алғашқы хатын да
жазған. Бұл кездесу Пернегүлдің есінен шығып кеткендей
147
болған-ды, тек кейде әңгіме арасында Гүлжауһар ғана
еске алмаса. Әдеттегідей күн сенбі болатын. Пернегүлдің
қаладан келгені сол еді, шешесі:
– Саған бір хат бар, – деді Пернегүлдің жүзіне
байыппен көз жүгіртіп. Бойжеткен ала-бөтен елең еткен.
– Маған кім хат жазушы еді, – деді аң-таң болып. Хаттың
сыртына асығыс үңілген. Ермахан екен. Шешесінің
көзінше хатты ашуға бата ламай: «Киімімді ауыстырып
келе қояйын», – деп төргі бөлмеге кіріп кетті. Бір-екі рет
сыныптас құрбыларының қолынан кластас балалардың
жазған хаттарын көргені бар-ды. Ол хаттар «Сүйіктім
менің, аяулым», – деп басталып... «Өзіңді мәңгі-бақи
сүйіп өтуші» Қ. немесе Ж. болып аяқталатын. Ылғи бір
сарынды, жүректен шықпаған жаттанды сөздер. Бұл хатта
солай басталатын болар деп жорыған. Хатты ашысымен-
ақ өз ойының қате екеніне көз жеткізген. Ермахан жасы
жиырманың екеуінен асып қалған жігіт. Аяғының кемістігі
жан-дүниесіне қатты әсер ететін. Бала күннен-ақ, өзге
балалардай доп қуып, асыр салып, ойын ойнай алмағанына
қатты қиналатын. Содан ба, ұяң, тұйықтау болып өсті.
Топқа қосылмай, жалғыз жүрді. Бірақ намысқой болатын.
Тән кемістігі ештеңе емес, жан кемістігі жаман бәрінен
де. Көкірек пен көңіл сайрап тұрғанда өзін кем санауы
тіпті орынсыз. Бірақ кеміс екендігі кейде есіне түссе
жабырқап, қатты мұңайып қалады. Әсіресе, көп алдында
биге түсе алмайтыны жанына қатты батады. Сондықтан
ба екен, қыздармен тілдесіп, еркін сөйлесуге тіпті шорқақ.
Қыз біткеннің бәрі мұның аяғына қарайтын сияқты. Әлі
күнге дейін бойжеткен қызбен сырласып, еркін қыдырып
көрмеген.
Енді, міне, Пернегүлді кездестірді. Оның бұған деген
көзқарасы мүлдем басқа секілді. Пернегүлге деген өз
көңілі адал, жүрегі ақ. Ендеше неге тартынады?!
Ермахан хатында мұның жай-күйін, жүмыс барысын
148
сұрапты да: «Сендердің ауылдарыңа барғанда алған
әсеріме әлі күнге айыға алмай жүрмін. Бұл хатты шын
достық ниетпен жазып отырмын. Бұдан былай да хат
жазысып тұрайық. Егер мұны қаламасаң, бұдан былай
хат жазбай-ақ қояйын», – депті. Пернегүл хатты екі
қайтара оқып шығып, мұқият бүктеп, кішкентай өзінің
шабаданының қалтарыс бұрышына салып қойды. Өзінің
де хат жазысып тұруға қарсы еместігін айтып хат жазған.
Ермаханның жазған хаттары әсерлі де көркем, бірақ
«сүйдім, күйдім» деген бір ауыз сөз жоқ. Бірде: «Сен
мынандай жазушылардың, ақындардың шығармаларын
оқыдың ба?» – деп біраз жазушы, ақындарды, олардың
шығармаларын атапты. Кей тұста сол шығармалардан
үзінді келтіріп: «Мына бір жерлері қандай тамаша! Тура
өз басыңнан өткендей, көзімізбен көріп жүрген нәрселер
болса да, біз онша мән бермейді екенбіз», – депті.
Пернегүл солардың кейбіреулерін оқыса да, бұлайша ой
түйіп көрмепті. «Құр әшейін оқып шығу бір бөлек екен
де, ой түю мүлдем бөлек екен ғой», – деп ойлаған-ды
Ермаханның хатын алған соң. Бұрын оқыған кітаптарын
тағы да қайталап оқыды. Басқа кітаптарға да қызыға
бастады. Қаладан ауылға жаңа кітапсыз келмейтін болды.
Шұқшиып, түннің бір уағына дейін кітаптан бас алмай
оқиды. Алғашында: «Ермахан мені ештеңе оқымаған, түк
білмейтін жан екен» – деп ойламасын деген намыспен
үңілетін. Бірақ, алаулап лап ете қалған намыс оты көп
ұзамай-ақ сөнген. Пернегүл кітап оқудың біртіндеп өзінің
сүйікті әдетіне айналғанын сезбей де қалды. Жан сарайы
кеңейіп, қиялына қанат біте бастағандай. Бұл өзгерісті
өзінен басқа ешкім де байқамады. Ермаханның хаттарын
қаттап жинап жүр еді. Оларды да қолы қалт етсе, қайта-
қайта оқиды. Сол хаттардан Ермаханның жан дүниесін
түсіне бастағандай. Екі ортада Ермахан да Гүлжауһардың
үйіне келіп кеткен бір-екі рет. Екеуі ретін тауып жолықты
149
да. Бірақ, ол жартымды ештеңе айтпаған. Әңгімесінде
хаттардағы сөздердің біреуі болсайшы. Пернегүлге:
«Сонда хатты өзі жазбайды ма?» – деген күдік аралас
ойда келіп қалған. Бірақ, кейін келген хаттар бұл күдігін
де сейілткен. Өзінен екі жас кіші қушікеш інісі: «Анау
Гүлжауһардың ақсақ нағашысы біздің ауылға келгіштеп
жүр ғой өзі» – деп қояды. «Не істеп жүргеніңізді де
білем» – дегендей Пернегүлге қарап. Пернегүл: «Сені
ме», – дегендей сес көрсеткен соң, інісі басылып қалған.
Пернегүл Ермаханды ұнатып қалды. Оны көпке дейін
мойындауға бата алмай жүріп, ақыры мойындаған. Түнде
Ермаханның хаттарын кеудесіне басқан күйі төбеге
қарап ойға шоматын: «Сонда ол мені шын сүйелі ме
екен? Сүймейтін болса, неге хат жазады, әлде тек достық
ниетпен ғана қолына қалам ала ма?» – деп қобалжиды.
Кейде көз алдына Ермаханды елестетеді. Қап-қара шашты,
күлімдеген аққұба жүзі... Тағы да бірдеңе айтуға бата
алмай тұрған сияқтанады. Пернегүлдің күндері осылайша
өтіп жатты. Ермаханмен танысқанына да екі жыл болып
қалыпты. Кезекті демалыс күні қаладан келіп, есік алдына
шығып отырған. Көрші ауылдағы бастауыш мектептің
үшінші сыныбында оқитын сіңлісі алыстан Пернегүлді
көре салысымен-ақ асығыс бірдеңе айтатын кісідей ентіге
жүгіріп келген.
– Әпке, әпке! Сізге бір хат келіпті, ағамдардың үйінде
тұр, – деп сықылықтай күлді. Ағасы Мақаш қой, әкесінің
інісі, жасы бұлардың әкесінен әжептәуір кіші. Ал, екі үйдің
адамдары бір фамилиямен жазылады. Сіңлісінің күлкісіне
қарағанда, хат Ермаханнан болса керек. Почтальонның
баласы жаңылысып, хатты сол үйге апарып берген ғой»,
– деген оймен Пернегүл ағасының үйіне қарсы жүгіре
жөнелді. Келсе, хатты сол үйдегі жеңгесі оқып отыр екен.
Жанында екі-үш қыз бар. Хатты бәрі оқып шыққан болуы
керек, қолдан қолға көшіріп. «Сүйіктім дей ме, қалай өзі?»
150
– деп сықылық-сықылық күледі жеңгесі. Ашулы күйде
жүгіріп келген Пернегүлдің көріп, бәрі абдырап қалды.
– Әкеліңіз, бері! Біреудің хатында неңіз бар?! Неге
аласыз? – деді Пернегүл.
– Оқып болған жоқпыз, өзі қызық хат көрінеді, – деп
әзілге бұрды жеңгесі.
– Оқуын оқыпсыздар ғой, бер деген соң беріңіз, – деп
ол ұмтылып қалды.
– Әй, мына қыз жынданған ба өзі, таптап кететін түрі
бар ғой! – деп сескеніп қалған жеңгесі хатты ұсына берді.
Хатты қолына алып, бұрыла бере Пернегүл жылап жіберді
де, айдалаға қарай жүгіре жөнелді. Керек десе, бұл сырын
шешесі де білмейді. Талай күндер, талай түндер жанына
тыныштық бермей талай қуантқан, талай мұңайтқан
сырының аяқастынан ашылып қалғанына қатты өкініп
келеді. Ал үй іші естісе не дейді? Онда да әңгіме болып
жатқан шығар. Өзінің кейінгі кезде тұйықталып, көп
ойлана беретін себебін білген шешесі тулап түсер: Бәсе,
бәсе, – деп. «Қойшы, не десе о десін!» – деп Пернегүл
өзін-өзі іштей қайрап қойды.
Хатты оқи бастады. Сол бұрынғысынша басталыпты.
Соңындағы жазуға көзі түскенде жүрегі тулап кетті.
«Пернегүл, сүйіктім менің! Мен сені сүйемін...»
деген жазуларды анық оқыды. Жасы кеппеген көздері
қуанғаннан жаңа ғана шыққан күндей сәуле шашты.
– Ермахан, мен де сені сүйемін, – деді хатты кеудесіне
басып. Жүзінде күлкі ойнап, қалай жадырап кеткенін өзі
де аңғармай қалды.
Әлгінде қолайсыз жай есінен шығып кеткендей.
Көңіліне ұялаған реніш-мұңнан ештеңе қалмаған.
«Көріскеніміз жақында ғана емес пе? Хатты несіне жаза
қойды екен?» – деді де, іле өзінің де жақында ғана хат
жазғаны есіне түсіп, күлімсіреп қойды.
151
ҰЛЖАН ШЕШЕЙ
«Не дейсің, Ұлжан шешейді ауруханадан шығарып,
үйіне алып келіпті. Айтуға болмайтын «жаман ауру»
екен – науқасы. Балалары аузына су тамызып отырған
көрінеді» – деген суық хабар тау баурайындағы кішкентай
ауылға жылдам тарап үлгерді.
Ұлжан шешей ауруханада жатқанда көңілін сұрап
бара алмағандар өздерін кінәлі сезінгендей алдымен
жетті. Алғашқы келген бес-алты әйел – өз қатарластары,
абысын-ажындары еді. Бәрін бастап келген Бибіжан деген
абысыны көңілі босап, есіктен кіре бергеннен-ақ жылап
қоя берген. «Ес-түссіз, әбден қиналып жатқан шығар»,
– деп ойлаған-ды. «Үйбай-ау, сендер мені «өлтіріп те»
қойдыңдар ма? Дауыс салғандарыңа жол болсын!» – деп
қинала езу тартып күлімсіреген Ұлжан шешейді көргенде
ол да күмілжіп, абдырап-ақ қалды. «Біз қайдан білейік, ел-
жұрт солай деген соң», – десті қысыла төмен қарап.
– Қайдан білесіңдер, бәлкім, жазылып, орнымнан
тұрып кететін де шығармын. Ондайларда бар көрінеді
ғой. Бұл жолы Ұлжан шешейдің дауысы ширақтау естілді.
– Ойбай-ау, шешей! Мұныңыз тіпті рас. Анау Арыста,
Шәуілдірде, Созақта жазылып кеткендер бар көрінеді. Өз
құлағыммен естідім. Оллаһи, ана жолы қара қайнағаның
үлкен баласының қайын енесі жазылып кетіпті, –
деп әңгімесін бастай жөнелді Бижамал жейтін әйел.
Бижамалдың бір әңгіме бастаса, ешкімге дес бермей, мезі
ететін әдетін бәрі білетін.
Ұлжан шешей:
152
– Ешкім мәңгі өмір сүрмейді. Біреу ерте, біреу кеш
дегендей. Дәм-тұз жазылармын, жазылмасам... – деп
сөзінің аяғының соңын жұтып қойды. Сөйтті де:
– Шай әкеліңдер, – деп жанында отырған келініне
ишарат білдірді.
– Жоқ, шешей, әуре болмасын. Нан ауыз тисек болды,
– деп әйелдер жағы жинала бастады. Ұлжан шешей
басын жастыққа қойып еді, көзі ілініп кетіпті. Дәлізден
самбырлаған дауыс естілді.
– Есік қайда, құрғыр, неге ашпайсыңдар? – Бұл келген
Дәуренбек қария еді. Ұлжан шешей ол кісіні қайнаға
дейді. Қазір осы ауылдың жасы үлкен қариясы. Марқұм
күйеуінен он екі-он үш жас үлкендігі бар.
– .... Келінжан, амансың ба? – деп кіріп келді. Ұлжан
шешей орнынан тұрып, сәлем салмақ ыңғай білдіріп еді:
– Жата ғой, жата ғой. Ниетіңе Алла риза болсын, – деп оң
жағын ала жайлап жүрелей отырды.
– Келгеніңді бағана естігем. Біреу есегімді мініп
кетіпті, соны тосып-тосып келмеген соң жаяу келдім.
Содан соң сәл үнсіз отырды да:
– Келін шырағым, бекем бол! Осы күні ауру да
көбейді, балгер мен тәуіп те көбейді. Кім біледі, бір
нәрседен бір нәрсе себеп болып, айығып та кетерсің.
Не болса да пешенеге жазғанын көресің. Құдай – керек
адамды өзі алып кетеді. Бармаймын деп айта алмайсың.
Тірщіліктің мәні – ұзақ-қысқа жасағанда емес, пенденің
өзгелерге жасаған жақсылығы мен еткен еңбегінде болса
керек. Не дейін, бір шаңырақтың түтінін сөндірмей, анау
Айтбайдан қалған төрт-бес жаман немелерді жетілдіремін
деумен-ақ өткен жоқ па сенің көп күнің. Сол қайратыңа,
еңбегіңе жұрттың бәрі риза. Осы күні қай еркек, жалғыз
шаңыраққа да ие бола алмай жүрген жоқ па?! Затың
әйел болса да, ер-азаматтық мінез, ерлік таныттың. Бұл
еңбегің адам түгілі құдайдың өзіне де аян. Езіліп уайымға
153
беріле берсең, дертің де дендей береді. Сондықтан басқа
салғанды төзімділікпен жеңе біл, – деді де Дәуренбек
қария көп сөйлеп кеткен жоқпын ба дегендей жан-жағына
қарап алды да:
– Қой, күн кеш болып қалыпты. Намаздың да уақыты
болыпты. Ауылдамын ғой, келіп тұрамын, – деп орнынан
тұрды.
– Қайнаға, отырмадыңыз ба? Шай ішсеңізші, – деді
Ұлжан шешей әлсіз үнмен. Дәуренбек қария мойнын
бұрмады, естімей де қалған екен.
– Е-е, бұл кісіде қартайыпты-ау, – деді Ұлжан шешей
іштей.
Ұлжан шешей көз шырымын алмақ болып жастыққа
қайта қисайып еді, кірпіктері еш айқаспай қойды.
Шынында да несіне езіліп, үгіле береді. Қайнағасының
сөзінде де жан бар-ау. Өзі тумаса да өзі туғаннан бетерге
жақсы көріп, Айтбайдың кіші әйелі туған төрт-бес баланы
өсірудің бар бейнетін бірге бөлісіп, ыстық-суығын бірге
көргені де рас. Жатырқаған жері жоқ. Олар дегенде ақ
пейілін, адал көңілін, ыстық-ықыласын, жүрек жылуын
еш аяған жоқ. Ойлап қараса, мұқалып жаси берер жөні
жоқ екен-ау.
Өзі бауырына басқан Айтбайдың қыздары мен ұлдары
оны да анамыз деп санап, қасынан бір елі қалмайтын.
Бала жүрегі сезімтал ғой. Кім мейірім шуағын төгіп,
жылы қабақ танытса, сол адамды жақсы көреді. Есейе
келе туған шешелерінің кім екендеріне көздері жеткенде
Ұлжан шешейді бұрын қалай жақсы көрсе, солай жақсы
көрді. Әлі де сол қалыптарынан танған емес. Осы ауылға
келін болып түскен кезі есіне түсті. Ел соғыстан ес жиып,
қарны тоя бастаған кез еді-ау. Жаны соғыс салған жарадан
жазыла бастаған халықтың көңіл-күйі көтеріліп, ән-жыр
естіле бастаған. Қанша қырғын болса да, өмір тоқтай ма!
Қайтадан ана жерде, мына жерде тойлар өте бастады. Ел
154
де той-томалақтан қалмайтын. Бір сәт болса да қайғы-
мұңды ұмытады. Сол тойлардың бірі – марқұм Айтбай
екеуінің тойы еді. Айтбайды екі-үш тойда көріп, тілдесіп
қана қалған. Ұзын бойлы, ақ сары жүзді, шегір көзді. Ұяла
кұлімсіресе, ақ сары жүзі қызарып кетеді екен. Мінезі
де салмақты. Көздерімен тілдесіп, іштей ұғынысып та
қалған. Екеуі де өз ойларын әке-шешелеріне білдіргенде
екі жақ та қарсы бола қоймады.
Қыз ұзату тойы кезінде қызды ауылдың жеңгелері
күйеу баланы түрлі сынаққа салды емес пе? Бір жеңгесі
әңгімелесіп, әзілдесіп отырған болып, Айтбайдың
шалбарын көрпеге тігіп тастапты. Түрегелген кезде өзімен
бірге көрпені көтере тұрған Айтбайды көрген жұрт қыран-
топан күлкіге көмілген. Күйеу жолдас жігіт бәкісімен
дереу көрпені тіккен жіптерді қиған. «Айтбайдың мұн
аңғармағаны – қулық-сұмдықты білмейтін аңғалдығынан
ғой», – деп ойлаған сонда Ұлжан.
Марқұм содан көз жұмғанша сол қалпынан айныған
жоқ қой. Араларындағы сыйластық, кісі қызығарлықтай
еді. Тіпті бір-біріне ренжіп те көрмепті. Тек бір ғана нәрсе
жетіспейтін. Ол – перзент еді. Кейде тағдырдың жоқ
жерде сараңдық танытып, қытымыр мінез көрсететіні
бар емес пе?! Әйтеуір, бұларға келгенде қырсығына
басты. Айтбайға жасырып та, жасырмай да барған
балгер, көрінбеген тәуіп қалмады. Бірақ үміт үзілмеген.
Қанша дегенмен, мейлі еркек, мейлі әйел болсын, балалы
болғанды қалайды. «Құс екеш құс та ұя түзеп, балапан
ұшырсам» дейді. Ол тілек орындалмаса, өле-өлгенше
жаныңа маза бермес. Айтбай соны сөзбен білдірмесе де,
оны Ұлжан қабағынан аңғарғандай болған. Жас болса
келіп қалды, уақыт бір орнында тұрмайды, ерте ме, кеш
пе бір шешімге келетіні анық деп ойлаған. Ұлжан бір күні
Айтбайға өз ойын білдірсін. Сондағы айтқаны: «Менен
үміт жоқ, сенің жолыңды байламаймын, басқа біреуді
155
әйел етіп ал», – деді. Айтбай алғашында шоршып түсті.
– Сенде қайдағыны айтады екенсің! Маған өзіңнен
басқа ешкімнің керегі жоқ. Оның үстіне маған әйел
үстіне кім әйел боп тие салады. Сенен еш уақытта да
айырылмаймын, – деді Ұлжанды құшағына ала түсіп.
Ұлжанның бұл әңгімені қозғағаны да жайдан-жай емес
еді. Айтбайға көздеп жүрген адамы да бар болатын.
Өзінің нағашыларына алыс ағайын болып келетін Нұржан
дейтін кісінің Сара есімді қызы. Әке-шешесі ерте қайтыс
болып, аға-жеңге қолында қалған, соңында тете інісі
бар. Жеңгесі жайсыз, қыз бен балаға күн көрсетпейді
дегенді еститін. Несі бар, Айтбайға қосылса жаман
болмайды. Інісіне де қамқор болар еді. Ал өзіне келетін
болса, дәм-тұздары жарасса, бәрі бір шаңырақ астында
тұра береді. Болмаса, Айтбайдың бақыты үшін кетуге
де тура келеді. Кетер болса, оған да титтей өкінбейді.
Айтбайдың жолына байлау болып, кедергі келтірмек пе?!
Өзің сүйген адамды бақытты етуден асқан бақыт бар ма?
Сонымен өзі араға түсіп Айтбайды Сараға үйлендірген.
Ұлжан бұрын қандай күйде жүрсе сол қалпында. Сара
да момын бала екен. Кішкентайынан көп тепкі көрген
бе, тым жалтақ. «Қарағым» деп жұмсасаң, қолды-аяққа
тұрмайды. Араларында ешқандай жасырын сыр жоқ.
Шүйіркелесіп шай ішеді, тірлік жайын сөз етіседі. Апалы-
сіңілі адамдардай жарасып кетті. Жылға толмай Сара
босанып, қыз тапты. «Бұл өзімнің қызым», – деп Ұлжан
оны бауырына басты. Артынан ұл, бір қыз, тағы да ұл
туды. «Балалы үй – базар» дегендей бәрі мәз-мейрам. Үй
іші бала күлкісіне бөленді. Барлығының көңілі шат. Тату-
тәтті өмір басталды. Бұл тағдыр Ұлжанның төзімін тағы
да сынаған еді. Айтбай аяқасты қайғылы қазаға ұшырады.
Марқұм жұмыс десе жанын салып істейтін. Тындырымды,
елгезек еді. Ағаш кесетін цехта істейтін, ашық далада
дайын тұрған өренелерді кеседі электр арамен. Күн
156
бұлтты, желкем болатын. Әлі жел көтеріліп, алай-дүлей
болып кетеді. Үстіндегі сулығының етегін жел көтеріп,
ара тісіне іліп кетеді. Ар жағын айту – тіпті қорқынышты.
Сөйтіп есіл азамат осылай мерт болды.
«Ойпыр-ай, Айтбайдың шаңырағы не болады екен?!
Екі әйелдің арасында шатақ шықпасын», – деп ел іштей
тынған. Сөйтіп жүрген Айтбайдың қырқы да, жылы да
өтті. Обалы не керек, Ұлжан да, Сара да, балалары да
бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып дегендей ауыр
қайғыны жеңе білді. Туған-туыстары да қарап қалмай,
қол ұшын беріп қолғабыс етті. Бұл үйдің тірлігі бұрынғы
бірсыдырғы қалпына түсе бастаған. Бір күні қайнағасы
Дәуренбек қария келіп:
– Келін шырағым, Айтбай кеткен соң қайтер екен
деп сыртыңнан бағып жүр едім. Жарайсыңдар, татулық,
бірлікке не жетсін, лайым осы қалыптан танбаңдар!
Мынау Ұлжан осы үйдің үлкені боп қалды, осының
айтқанын істеңдер. Сендер тату болсаңдар, балалар қайда
барады, – деп Сараға да ақыл айтқан. Одан бері талай
уақытта өтіпті. Өзі болса алпыстан асты. Сара да елудің
үстінде, тұңғыш қызы Бағила тұрмысқа шыққан. Ұлдың
үлкені Әли тіпті Тәшкенге, Алматыдағы профессорларға
дейін апарды. Жазылмаса да Ұлжанның көңілі бек риза.
Осыларға еткен еңбегі, сүйіспеншілігі еш кетпепті. Өзім
тумадым деп қалай айта алады. Адамның ойға берілсе
шаршайтын әдеті емес пе?! Керісінше, осы ойлар бойына
күш беріп жігерлендіре түскендей. Ауырғаннан бері өзін
тұңғыш рет сергек сезінді. Дендеген дерт қойсын ба,
Ұлжан шешей күннен-күнге әлсірей берді. Бір күні Сара
мен балаларды шақырып алып: «Сендерге ризамын, тату-
тәтті болыңдар!» – деп Ұлжан шешей мәңгіге көз жұмды.
Әсіресе, балалары «апалап» жылағанда, жиналған жұрт
еріксіз көздеріне жас алысты. «Қайтсін-ай, тумаса да өз
туғандай бас-көз, қамқор болып еді-ау, марқұм. Соны
157
білгендері ғой, бұлардың», – деп жатты. Жаны шығып
кеткеніне әлденеше сағат өтсе де, осы бір шынашақтай
аққұба әйелдің жүзінен қайсарлық, табандылық табы ұзақ
тұрып кетпей қалды.
ТАМАРА АПАЙ
Достарыңызбен бөлісу: |