ӘОЖ 32.019.51(045)
ӘЛ-ФАРАБИ МЕН АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ РУХАНИЯТ
МӘСЕЛЕСІ
Жеткизгенова Ә.Т., ф. ғ. к.
Ш.Есенов атындағы КМТИУ, Ақтау қаласы
Аңдатпа. Әл-Фараби мен Алаш зиялылары еңбектеріндегі руханият мәселелері.
Ұлы ғалымның «Қайырымды қала тұрғындары» атты трактаты. Алаш арыстарының
мұраты мен бағыт-бағдарлары бір арнада тоғысып, арман-тілегін жұптаған ұлттық идея
ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде ұлт болашағының көлеңкелі тұстарын көріп саяси
тұрғыдан ширыға, шыңдала түсіп, жарыққа шыққандығы. Осы идеяның жетіліп,
тәуелсіз мемлекет болып қалыптасу үшін аса қажеттілігін бүкіл жан-дүниесімен, сана-
сезімімен сауатты ұғына алған Алаш қайраткерлері бар мүмкіндігін жұмсап, айрықша
еңбек еткендігі
Түйінді сөздер: руханият, трактат, кемеңгерлер, алаш қайраткерлері, саси-
тарихи еңбектер, елбасы, рухани жаңғыру, ел мүддесі
Ел үшін туған ерлер есімдерінің тарих сахнасынан өшпей, халық жадында мәңгі
сақталып қалуы – олардың еңбектерінің қоғам даму үшін маңыздылығы өте зор
болғандығында.
Зерттеуші Ж. Каттыгарин өзінің мақаласында: «Ұлы дала небір кемеңгерлерді
өмірге әкелді, оларды жіктеп айтар болсақ әлеуметтік ұйымдастырушы реформаторлар
Атилла, Шыңғыс хан, Ақсақ Темір, Индияда билік құрған Бабур мен Акбар, Қытайда –
Құбылай (Юань династиясының негізін салған), беріш Бейбарыс (мамлюк деңгейінен
Египеттің билеушісі дәрежесіне көтерілген, Шыңғыс хан әскерлерін тоқтатып,
кресшілер мен ассасиндерді күйреткен), қазақтың Солоны атанған Тәуке және Абылай
хан. Бүгінгі өз уақытымызға келсек бұлардың жалғасы Қонаев, Назарбаев, Аман Төлеев
(Ресейде президенттік сайлауда үшінші орында болған). Дарынды философтар,
ғалымдар, діни көшбасшылар мен ақындарға келсек, олар Орталық Азияда өмір сүрген
Заратуштра, элиндік әлемнің философы скиф Анарыс (Платон оны таңдаулы тоғыз
ғалымның қатарына жатқызған. Аты аңызға айналған скиф, Грекияға саяхат жасағанда
Солонмен кездесіп соның ықпалында болып данышпандығымен аты шыққан),
«ортағасырлық Аристотель және кемеңгер ұстаз» әл-Фараби, дала түріктері үшін ислам
тұжырымдамасын енгізген Қожа Ахмет Яссауи, Қорқыт Ата (мәңгілік өмірді аңсаған,
әдемілік шығармашылығындағы «Нирвананы» көксеген), біліктің құттылығына сапар
шеккен Жүсіп Баласағұн, Асан қайғы – жер жаннаты Жер Ұйықты іздеген алғашқы
ізденімпаз, ұлт жол басшылары Бұқар Жырау, Махамбет, Шыңғыс Айтматов, Олжас
27
Сүлейменов және т.б." – [1, 123] деп, Әл-Фарабидай данышпанның ел тарихындағы
өлшеусіз орнын атап өткен.
Әл-Фарабидің «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткердің афоризмдері»,
«Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары», «Бақытқа жету жөніндегі кітап»,
«Бақыт жолдарын көрсету» трактаттары мемлекеттік тәуелсіз қоғамда әділ басқару
салтын саралауға арналған. Данышпан ғалым өзінің саяси философиялық теориясында
қайырымды басқаруды сақтау мен оны ұйымдастырудың тәсiлдерiн, қала
тұрғындарына қайырымдылық пен игiлiктiң қалай келетiндiгiн және бұл нәтижеге
қандай жолмен жетуге болатындығын түсіндіреді. Өзiнiң көзқарастарын ол
«Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы», «Мемлекеттiк билеушiнiң
нақыл сөздерi» және «Азаматтық саясат» трактаттарында кеңiрек баяндайды.
Ұлы ғұламаның қайырымды қала туралы ілімінде азаматтық қоғамның мұраты
көрініс тапқан. Аталмыш трактатында қала тұрғындарының бақытты өмір сүруіне
жағдай жасаған жоғарғы билікке, ел тізгінін ұстаушыларға көңіл бөлген. Қайырымды
қала тұрғындарының жақсы және игілікті өмір сүруі көбіне басқарушы билік саласына
байланысты екенін, тек қайырымды билеушілер билеген халқы бар қалалар ғана
бақытқа жете алатынын айтады.
Қазақстанның қоғамдық саяси өміріндегі орны бөлек, идеясы біртұтас ұлт
тәуелсіздігіне ұштасқан Алаш қайраткерлері мен Әл-Фараби еңбектерінің рухани
мықты байланысы көрінеді. Алаш арыстары да, Әл-Фараби да бір-бірімен қарым-
қатынас жасайтын қоғамды білімді, сабырлы, ақылды адами қасиеттерді бағалауға
қабілетті адамдар басқарғаны жөн деп ой түйген еді.
Еліміздің қоғамдық саяси өміріндегі Алаш партиясының алатын орны мен
қызметін зерттеу Отандық тарихымыздың ең өзекті мәселелерінің бірі екендігін, өз
кезеңінде «Алаш» партиясының жетекшілері ұсынған қағидалары күні бүгінге дейін өз
маңызын сақтап отырғандықтан, күн тәртібінен түспейтін ең өзекті мәселе ретінде
басты орында болатындығын елбасымыз өзінің саяси-тарихи еңбектерінде үнемі
ескертіп келеді.
Алаш қайраткер-қаламгерлерінің мұраты мен бағыт-бағдарлары бір арнада
тоғысып, арман-тілегін жұптаған ұлттық идея ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде ұлт
болашағының көлеңкелі тұстарын көріп саяси тұрғыдан ширыға, шыңдала түсіп,
жарыққа шыққан болатын. Осы идеяның жетіліп, тәуелсіз мемлекет болып қалыптасу
үшін аса қажеттілігін бүкіл жан-дүниесімен, сана-сезімімен сауатты ұғына алған Алаш
қайраткерлері бар мүмкіндігін жұмсап, айрықша еңбек етті.
Алаш азаматтарының жан аямай тер төккен осы бір елеулі еңбектеріне
елбасымыз Н.Назарбаев: «Олар өз қызметінің басты мұраты қазақ халқының ұлттық
төлтумалылығын сақтау, сонымен бірге оның тарихи өткенін қалпына келтіріп, ұлттық
санасын шыңдау деп санаған» [1, 157], – деп аяулы арыстардың алмағайып тұстың
айтулы кезеңіндегі азаматтық әрекеттеріне шынайы баға берген болатын.
Н.Ә.Назарбаев өзінің: «Еуразияның кіндігіндегі ең соңғы көшпелілер
құрлығының тағдыры, ұлттық сана мен байырғы қорғандар құпиясы, тоталитаризм мен
ұлы әмірші Бейбарыс, қазіргі Қазақстанның диаспоралары мен орта ғасырдағы
Үндістан, ұлттық тұтастану мен «Алаш» – міне, осылардың бәрі де басымыздан өтіп
жатқан бүгінгі күрделі өмірімізге күш дарытумен бірге ұлы халқымыздың тарихымен
де тамырласып кеткен» [1, 6], – деген пікірі арқылы еліміз тарихының тұтас бір
сатысын қалап, кезеңін құрайтын мазмұны бар Алаш қайраткерлерінің жанкешті
еңбегінің келер ұрпағымызға жалғасар асыл тінін ардақтау, аялау міндетін қойып отыр.
Тұтас сөйлем ішінде «Алаш» сөзін ерекшелеп алуының өзі оның ұлт тарихындағы
айрықша маңызын айқындайды.
28
Ел мүддесін көздеп, рухани жүдеуліктің етігімен су кешкен күйін көріп
назырқаған Алаш зиялылары азаттық идеяларымен толыққанды дәрежеде ұлт
мүддесіне қызмет ету мақсатында алмағайып уақытқа қарамастан, сол кезеңдік
руханият мәселелерін күн тәртібінен түсірмей, көпшілікті ақпараттандыру мәселесін
мерзімдік баспасөздер арқылы жүзеге асырып, рухани құндылықтарын сақтап қалуға,
дәстүрлі желі сабақтастығын үзбеуге үздіксіз қызмет еткені белгілі.
Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Ұлттық
салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен
айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.
Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен
Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің
рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана.
Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау
алатын рухани коды болады.
Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу.
Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай.
Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін,
яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып
тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға
болмайтыны айдан анық.
Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден
қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты
жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің
ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» [2], – деп рухани
жаңғыру қағидаттарын генетикалық негізімізді сақтай отырып, ұлттық санамыздың
аясында саралау арқылы мемлекетіміздің іргесін бекітіп, рухын асқақтатындығын атап
көрсеткен болатын.
Мақаланың «Ұлттық бірегейлікті сақтау» атты үшінші бөлімінде «Ұлттық
жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. ....ұлттық код,
ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» [2], – деген тұжырымы
Алаш арыстары арман еткен ұлт тәуелсіздігін сақтау мен алдыңғы қатарлы ел сапына
қосылу үлгілеріне қосқан мәдени, рухани құндылықтар туралы ойлы пікірлерімен
астасып жатыр.
Келесі «Прагматизм» бөлімінде «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке
байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды
жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол
бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат
емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен
орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді» [2], – деген ойлардың мемлекет
қайраткерлері арасындағы айрықша тұлға, Алаш зиялысы Әлихан Бөкейхановтың
«Әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» деген барлық игілік
халыққа қызмет ету керектігін меңзейтін ұстанымымен рухани үндесе, жымдаса өріле
үйлесім тапқан. Аталмыш жолдарда мүдделі мақсаты толықтай экономикалық
тәуелсіздікке ұмтылысымен орайласатын тұшымды пікірлер мен тұжырымды ойлар
көрінісі бар.
Еліміздің мемлекет мәртебесін алып, тәуелсіз түрде салтанатты көш түзеу
бақытына ие болғандығы арқасында, халқымыздың ұлттық құндылықтарын шынайы
тарихи танымда танып білу мүмкіндігі айқындалып, көптеген мәселелер шешімін
тауып, ақтаңдар жолы аршылғаны белгілі. Алаштануға қатысты келелі ой түзіп,
салиқалы пікір айтқызып, түйінді тұжырымдар жасататын мәселелер қозғалып, талқыға
29
түсіп, өзектілігі айқындалып, ғылыми айналымға енгізілді. Алаштық идея, алаштық
таным деген тіркестер ұлтын сүйген жанның көкейіне мықтап түйіліп, жүрек төріне
тұрақты орнықты. «Алты алаштың баласымыз...» делінетін жолдар тек жаттанды,
ұйқастық мағынамен емес, әрбір қазақтың санасында сайрап тұрған ұлттық ұғым
болып қалыптасты.
Халқым, отаным, жерім, ұрпағым деп ұлт болашағын байыпты бағамдап, ел
келешегін бүтіндікпен, бейбітшілікпен ойлаған әрбір қазақ азаматының жүрегінің терең
түкпірінен орын тепкен ойдың Алаш идеясы екендігіне толық мойын бұрдық.
Қазақ идеологиясы үшін темірқазық болып келетін «Керегеміз – ағаш, ұранымыз
– Алаш» деген ұранға лайық қасиет, киесі жоғары қастерлі сөздің бағасы артты,
айрықша құрметпен аталды. Сондықтан ұлтымыздың тұтастығын сақтауға ұлттық
сананың негізі болып тұрған Алаштық идея қазіргі таңда ел тарихына, ел ертеңіне,
қазақ халқының рухани байлығының өшпей, өркендей түсуіне қызмет етуін тоқтатқан
емес. Алаштанушы ғалым Д.Қамзабекұлы үлкен пафоспен «Алаш – өркениет
бағытындағы Қазақ елінің, зиялыларының айнымас темірқазығы» [4, 41], – деп Алаш
жолының адастырмас арнасына түсе білуді нұсқайды. Ұлтжанды азаматтардың жүрегі
мен санасында өміршеңдігін жоғалтпай, соқпақ жолдан сарабдал ойларға негіз бола
сара жолға түскен Алаш идеясының жарқын бір көрінісі елбасымыздың «Болашаққа
бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында сабақтастық жалғай, тін таратқанын айтуға
болады.
Алмағайып заманның аласапыран сәтінде ел бағына туған Алаш қайраткерлері
туған халқының отаршылық езгіге қарсы тұра алатын қабілет-қарымын ашуда олардың
саяси санасын, құқықтық сауатын ашпаса, өзге ел қатарынан қалып қоятындықтарын
саналы түрде ұғына отырып, қазақ халқының ұлттық санасын оятуда, білімі мен білігін
жетілдіріп, мәдениеті мен руханиятын дамыту қажеттігін өздері тамаша түсіне алған
және айналасындағыларға осы мәселені өзекті етіп түсіндіре алған зиялы қауым еді.
Олардың қай-қайсысы да ел руханиятының назардан тыс қалмауы жолында қазақ
халқының мәдени, әдеби бай мұраларын жете зерделей отырып, насихаттау, таныстыру
жұмыстарын жандандыра жүргізген еді. Туған елінің, сол елді атамекен еткен қазақ
халқының рухани кеңістігінің тар шеңберде қалып қоймай, дамып, жетіліп, өзге
жұрттың да жетістігі бар жетелі дүниелерінен таныстығы болғанын қалап, озық
еңбектерін қазақ тіліне тіліне аударып, халқына пайдасы тиер тұстарын қармап,
шығармашылық табысы мол жұмыстар атқарды.
Алаш руханияты көсемдерінің қазақ жерінде ұлттық идеяны ұстану жолынан
айнымай, ақ жол, адал қадаммен алда жүруі жөнінде Н.Ә. Назарбаев: «ХХ ғасырдың
басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар
қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі
тарабынан шыққан, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. ХХ
ғасырдың басындағы қазақ қоғамындағы зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар
эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал», - деп атап көрсеткен болатын
[1, 156].
Ел тарихының білгірі, көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы,
профессор Мәмбет Қойгелдиев Алаш идеясының маңызын оның халықтығында, бай
руханиятында екенін: «Алаш идеясы бұл белгілі бір топтың еркімен өмірге келген
жасанды, сондықтан да өткінші құбылыс емес. Ол ұлтпен бірге өмір сүретін, ұлт
өмірінен тамыр алған құндылықтар жиынтығы, ұлттың өмір сүру концепциясы. Алаш
идеясын өмірден біржола ығыстыруға көп күш жұмсаған большевиктер құрған билік
өмірден кете салысымен Алаш идеясының қайта жаңғыруы, қайта күш алуы оның
өміршеңдік сипатын айғақтайды. Алаш идеясының өзегі – ұлттық мемлекеттік.
Құрметті Әлихан Бөкейханов айтқандай, мемлекеттігі жоқ халық – жетім халық. Кез-
30
келген болашағынан үміті бар ұлт үшін мемлекеттік негізгі құндылық. Міне осы
тұрғыдан алғанда Қазақстан Республикасы – Алаш идеясының өмірлік шындыққа
айналуының көрінісі ретінде бағалануы әбден орынды. Ал оның ішкі әлеуметтік
мазмұны, демократиялық принциптерге сүйенген қоғамды халықтың мәдени деңгейіне
және саяси белсенділігіне тәуелді екендігін ұмытпағанымыз жөн» [4, 87], – деп
сарабдал ой мен салмақты пікір түйеді.
Парламент мәжілісінің депутаты А.Әбілдаев та Алаш идеясының ХХ ғасырдағы
қазақтың азаматтық тарихында ең ұлы идея болғандығын, еліміздің тарихында Алаш
арыстарының орны ерекше екендігін «Алаш идеясының өзектілігі және ХХІ ғасырдағы
қазақ қоғамында жаңғыртылуы» атты мақаласында: «Қазақтың елдігі мен тұтастығын
аңсаған Алаш қайраткерлерінің идеясы бүгінде іске асты. ХХ ғасырдың 90-шы
жылдарының басында тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасы қаланды. Олардың еліміздің
тәуелсіздігін ту етіп, ХХ ғасырда Қазақ елін өз алдына дербес те егемен мемлекет
ретінде көргісі келген ізгі де жасампаз ниеттері тек ХХ ғасырдың соңында ғана жүзеге
асты. Заманында бар қазақтың қамқорына, сүйенішіне айналған «Алаш» партиясының
саяси тұжырымдамасына, алашордашылардың саяси өмір жолы мен қызметіне қарап
отырып, сол дәуірдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелердің бүгінгі таңда да
өзектілігін жоймағанын байқайсыз. Қазақ халқының азат ел ретіндегі тағдыры, тарихы,
мемлекеттік дербестігі, жері мен шекарасы, тілі мен діні туралы мәселелер арада
ғасырға жуық уақыт өтсе де, күн тәртібінен түскен жоқ» [5, 126], – деп ұлтжанды
азаматтардың жүрегі мен санасында өмір сүрген асыл идеалдың өміршеңдігін атап
көрсетті.
Қазіргі таңда қазақ зиялыларының ұстамдылығы мен парасаттылығы,
ізденгіштігі мен зерттеу еңбектері нәтижесінде ұлттық бірлік нығая түсіп, рухани-
зерделі ұрпақ жады эстафеталық жалғастық жолына түскендігін Д.Қамзабекұлы «Қазір
Алаш тарихы кеудесінде – жаны, бойында қаны бар кез-келген отандасымызды
ойландырады, толғандырады. Неге? Біріншіден, олар бүгінгі болмысымызды, қасиет-
қадірімізді сол кезбен салыстырады. Екіншіден, сапалы жаңаруда ұлттың «алпыс екі
тамырына» әсер беретін Алаш жолын қалайды. Біз әлеуметтанушы емеспіз, бірақ
қарапайым байыпқа салсақ, байқайтынымыз: ұлт тарихын жақсы білетін 10 адамның 9-
ы Алаш десе «ішкен асын жерге қояды». Бұған, әрине, қуанамыз. Үзілмеген үміт үшін,
жалғасқан рухани-тағылымдық сабақтастық үшін» [3, 35], – деген пікірлерімен
бекітеді.
Ұлт өмірінен тамыр алған құндылықтар жиынтығын саралаған, ұлттың өмір
сүру концепциясын айқындаған Алаш арыстарының армандарын асқақтата жалғап,
қазіргі таңдағы осы өзектілікті нақтырақ айқындауға жол ашып, бағыт-бағдар беріп
отырған елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы ой
өрімдерімен тығыз байланыса сабақтасатындығына қапысыз көз жеткізеді.
Өз кезеңінде халқына қамқорлық қамдап, қалың қазақтың сүйенішіне айналған
Алаш арыстары мен Әл-Фараби еңбектеріндегі өзекті мәселенің бүгінгі күн тәртібінен
бір мысқал да түспегеніне дәлел болады.
ӘДЕБИЕТТЕР
1.
Каттыгарин Ж. Әл-Фараби мен Жүсіп баласағұн дүниетанымының
түркілік негіздері// «Түркі халықтарының рухани мұралары және Маңғыстау жыраулық
дәстүрі»: халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының материалдары, Ақтау:
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг
университеті, 2019. - 404 б.
2.
Назарбаев. Н.Ә. Тарих толқынында.-Алматы, 1999.
31
3.
Назарбаев Н.Ә. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» // Егемен
Қазақстан. 12 сәуір, 2017 жыл.
4.
Қамзабекұлы Д. «Алаш – Темірқазық», «ХХІ ғасырдағы Алаштың ақ
жолы» ұлттық ғылыми-практикалық конференция материалдары, Алматы: Экономика,
2013. - 248 б.
5.
Қойгелдиев М. «Алаш қозғалысының ұлт тағдырындағы орны жөнінде»,
«Алаш қозғалысы идеясының Еуразия кеңістігіндегі ықпалы: тарих және қазіргі кезең»
халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары, Семей, 2008.
6.
Әбілдаев А. «Алаш идеясының өзектілігі және ХХІ ғасырдағы қазақ
қоғамында жаңғыртылуы», «ХХІ ғасырдағы Алаштың ақ жолы» ұлттық ғылыми-
практикалық конференция материалдары, Алматы: Экономика, 2013. - 248 б.
Достарыңызбен бөлісу: |