ІІ тарау. Қазақ ойшылдарының шығармашылығындағы тарихи үдерістің зерделенуі сипаттады. Ислам діні отырықшылыққа бет бұрған туыстас түрік
тілдес тайпалар арасында тез сіңісіп кетті. А.Н. Веселовскийдің
пікірінше, қабылдап алу сол ортадағы өзіне ұқсастықтардың арқа-
сында жүзеге асады немесе жеңілдетіледі. Ал көшпенділік ортада
өздерінің өмір сүру тәртібінде бейімделген дүниетанымдық жүйе –
тәңірілік діні де ислам сияқты монотеистік жүйе болғанымен, бұған
қарсылық көрсетті.
Мұхаммед Хайдар Дулатидің шығармашылығында заманның
осындай аумалы-төкпелі келбеті айқын аңғарылады. Енді оның
тарихшы-ойшыл ретіндегі орнын қазақ тарихнамасының ерекшелік-
терімен байланыстыра отырып қарастырып көрейік.
Жазба деректердің ауызекі дәстүрге негізделген ерекше тобына
Мұхаммед Хайдар мырзаның «Тарих-и Рашидиін» де жатқызуға
әбден болады. Өйткені бұл атақты шығармасының кіріспесінде
автордың өзі былай дейді:
«Қасиетті ғылым барлық елдерге ортақ, әлем халықтары осы
ғылым негіздерін бірдей қолдана отырып, өткен тарихтан қисса,
хикаялар, аңыз-әңгімелер айтады және оларды тарихи дерек ретінде
пайдаланады. Әсіресе, түрік халықтарының тіршілігін жазуға аңыз-
әңгімелер негіз болған.
Сондықтан, мен құдайдың құлдарының бірі, әрдайым бір
Алланың құзырына ғана мұқтаж Мұхаммед Хайдар ибн Мұхаммед
Хұсейін гурган, ел ішінде Мырза Хайдар атымен танымал болған
пақыр мүмкіндігімнің аздығы және білімімнің кемдігіне қарамай,
осы зор жұмысқа ден қойған. Дәл осы дәуірде моғол хандары өздері
жаулап алған елдерден, мемлекет басқарудан, биліктен шеттеп,
қол үзе бастады, сол себептен де олардың ішінен [ешкім] тарихын
жазған жоқ еді. Моғолдар қазір де сахараны мекендеуде. Даңқты,
гүлденген дәурен тек ауыздан-ауызға айтылып келе жатқан тарихи
аңыз-әңгімелерде ғана сақталып қалған.
Ал бүгін, 951 (1544–1545) жылы, ол хикаяларды, аңыз-әңгімелерді
есінде сақтап қалған адам кемде-кем. Егер де мен батыл түрде осы
маңызды іске бел шешіп кірісіп, бет бұрмасам моғол хандарының
шежіресі тарих бетінен мүлдем жойылып кетеді-ау деген жүрек
лүпілі еді бұл» [1, 40 б.].
Осы бір үзік үзіндінің ішінде даңқты да дана бабамыздың
дүниетанымы, оның тарихқа деген философиялық көзқарасы
қылаң береді. Кез-келген дәуірдің қоғамдық санасының ажырамас
бөлігі ретіндегі тарихи ойдың қоғамдық-саяси көзқарастар мен
ғылыми білімдер жүйесін қалыптастырудағы рөлі мен орны барша
жұртқа белгілі. Тарихи ой сол әрбір дәуірдегі тарихи оқиғаларды