МЕКТЕПТЕГІ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ОҚУ САПАСЫН ТАЛДАУ Кері байланыс ұсыну және алу, әркімнің сапалы
жұмыс істеуге дайындығы жақсы оқыту мен оқудың кілті болып табылады. Asia Society, 2013 Сабақты бақылау және талдау мектепішілік бақылау әдісі болып табылады.
Білім беру саласындағы халықаралық зерттеулерге сүйенсек, сабақты бақылау
мұғалімдердің кәсіби шеберлігі туралы ең объективті ақпарат көзі болып табылады, «оқытудың
негізгі аспектілерінің көп бөлігі мұғалімнің аудиториямен өзара әрекеттесу кезінде анық
көрінеді».
TALIS Халықаралық зерттеуіне сәйкес, өз мектебіндегі жоғары білім деңгейлері туралы
айтқан мектеп директорлары мұғалімдерді ресми бағалау шеңберінде сыныптағы оқытуды
тікелей бақылайтындықтарын хабарлады (OECD, 2014). Бұл көшбасшылардың мектептегі
мұғалімдердің тәжірибесін дамытуға және оқытуға тікелей байланысты тапсырмаларға көбірек
уақыт бөлетіндігін көрсетеді.
TALIS 2018 нәтижелері бойынша директорлар орта есеппен ЭЫДҰ бойынша өздерінің
жұмыс уақытының 16% -ын (әкімшілік тапсырмалар мен жиналыстардан кейін) мектептегі
оқытуды қолдаумен байланысты іс-шараларға: оқу бағдарламаларын құру, оқыту, мұғалімдердің
сабағын бақылау, мұғалімдерге тәлімгерлік ету, мұғалімдерді дамыту қызметін жобалау және
ұйымдастыру немесе оқушыларды бағалауға қатысуға жұмсайды.
Мұғалімдердің сабақтарына қатысу және бақылау, кері байланыс жасау - директордың
жұмысындағы маңызды функция және мектептегі білім сапасын қамтамасыз етудегі тиімді
құрал.
Мектеп өмірінің барлық аспектілерін басқаруда директор тәрбиеші, әкімші, жаттықтырушы
және тәлімгер болып табылады. Ұзақ жылдар бойы директордың рөлі осал мектептерді
сәтсіздіктерден алып шығу тапсырылған жоғарғы жеке-дара биліктен бастап, өз ұжымын
ынталандыра отырып, мектеп мәдениетін дамытатын және инновациялар енгізетін тиімді
көшбасшыға дейін өзгерді. Мектеп директорының оқытушылық көшбасшылығы мектепті
басқарудағы маңызды аспект болып табылады.
Директор бүкіл мектепке әсер етеді: соңғы 25 жылдағы зерттеулер мектеп директорының
сыныпта оқуға әсері тікелей бақылау мен бағалауды емес, мектеп мәдениеті мен модельдеуге
байланысты екенін көрсетті (Reeves, 2008).
Мектеп директорының оқытушылық көшбасшылығы ұйымды басқарумен байланысты
күнделікті басқару міндеттеріне назар аударуды; қауіпсіз және сенімді оқыту ортасын құруды
және мектептегі білім сапасын жақсартуға тиімді араласуды талап етеді.