А.Әбдірәсілқызы
45
7. Кішкентай кезімізде ата-апаларымыз «көз тимесін» деп
маңдайымызға қара күйе жағып қоятын. Көз тиюден осылай қорғануға
бола ма? Көзмоншақ, тұмар туралы исламда қандай көзқарастар бар?
«Көз тию», «назарлану» деген құбылыстың бар екені шындық. Алла
жаратқан пенделердің күш-қуаты (энергиясы) мен ниеті әр алуан болады.
Кей адамдарды қазақ «назары бар», «көзі бар» деп жатады. Жағымсыз күш-
қуаты басым адамның сүйсініп қарағаны да, жақтырмай қарағаны да
базбіреулерге назар болып тиюі мүмкін. Әсіресе, қуат өрісі әлсіз балалар мен
әйел адамдар жиі назарланады.
«Көз тию – ақиқат» деген Пайғамбарымыздың хадисі бар. Әр елдің
салтына қарай көз тиюден түрліше сақтанады. Қазақта назарды әшекейге
аудару үшін қыз балаға, әйел адамға көзмоншақ пен әртүрлі алқа-тана,
өңірлік, сырға, білезіктер тағу кең таралған. Осыған байланысты халқымызда
«көздің жауын алады» деген тұрақты тіркес қалыптасқан. Яғни адамға алғаш
қадалған назар көзмоншақтар мен әшекейлерге ауып, оның күші қайтады,
екінші рет адамға назар аударғанда бұрынғыдай сұғы қатты болмайды деп
саналады. Яғни көзмоншақ адамды қорғайды деп емес, назарды өзіне
аударады деп түсіну қажет.
Сонымен қатар баланы (негізінен ұл баланы) көзге түспейтіндей етіп,
қораш киіндіріп қою, маңдайына күйе жағу арқылы оған назарды
аудартпауға тырысу да халқымызда бар. Қазақта балалары тұрмай шетіней
берген жағдайда «Елемес», «Елеусіз», «Жаманбай», «Ескермес» секілді аттар
қою арқылы назардан қашуға болады деп ырымдалған. Дегенмен бұл орайда
ырым дегеніміз – сенім емес екенін ескеру керек. Ал бұл мәселеге исламның
көзқарасына келсек, Пайғамбарымыздың хадисінде айтылғандай ата-ананың
баланың алдындағы үш парызының бірі – перзентіне жақсы ат қою делінеді.
Пайғамбарымыздың кезеңінде де көз тию оқиғалары болған. Ол тұста
араб жұртында назары тиді деп шүбаланған адамның жуынған суымен
назарланған адамды жуындыру әдеті бар болатын. Оны Пайғамбарымыз да
құптап: «Сендерден көз тигені үшін жуыну талап етілсе, жуыныңдар!» деген
хадис қалдырған. Теріс дұға мен назардан қорғаныш ретінде
Пайғамбарымызға «Фәлақ», «Нас» сүрелері түсірілгені белгілі. Сол себепті
көз тигенде Құран сүрелерімен дем салу кең таралған. Сонымен қатар
Пайғамбарымыздың жатар алдында «Ықылас», «Фәлақ», «Нас» сүрелерін үш
реттен оқып, қолына дем салып, жүзін, денесін сипағаны жөнінде сүннетке
қатысты дереккөздерінде жиі айтылады. Құранның шипа болып табылатыны
жөнінде «Фуссилат» және «Исра» сүрелерінде аяттар бар. Ал баланың жүзіне
(иегіне) күйе жағу арқылы назардан сақтануды Осман ибн Аффан сахаба
ескерткен.
Қазақта көз тигенде дем салдырып, тұзды суға шомылдырып, басынан
тұз айналдырып отқа тастап, хош иісті шөптермен аластап жатады. Бұлардың
ішінде дем салудың шариғатта бар екені жоғарыда айтылды, ал хош иісті
шөптерді түтетіп, науқас адамды, үй ішін аластауды бірқатар ислам
46
ғалымдары жындарды аластауға септігін тигізеді деп санайды.
Пайғамбарымыз хош иісті ерекше ұнатқан. Сонымен қатар: «Әрбір адамның
жүрегінде жын иектеу мен алапестіктің ұрығы болады, одан айығудың жолы
– нарцисс гүлін иіскеу» деген хадис те бар. Ғасырлар бойы хош иісті шөптер
мен гүлдер адам жүйкесінің зорығуын басу, тыныштандыру, сергіту, бас
ауруы, тұмау, т.б. көптеген аурулардан айықтыру мақсатында қолданылып
келеді. Қазіргі медицинада хош иістің науқастың көңіл-күйін жақсартып,
сауығуына әсер ететіні дәлелденіп, «ароматерапия» атты арнайы сала
қалыптасқан. Ал тұздың емдік және тазартушылық қасиеті дәстүрлі
медицинада ертеден кең пайдаланылып келеді. Көптеген дәрі-дәрмектердің
құрамына тұз қосу, тұздың жеке өзін емге пайдалануды былай қойғанда,
тұзды сумен шомылу, тұзды ванна қабылдауға да медицинада ерекше мән
беріледі. Назар аударатын тағы бір мәселе ат қоюға байланысты. Қазақтың
жоғарыда айтылған елеусіз аттар қою арқылы назардан қашатыны секілді,
заманауи психотерапия мен парапсихология мамандары да адам сәтсіздіктен
арылмай қойған жағдайда атын ауыстыруды ұсынуда.
Ал тұмар тағу жөнінде ислам ғұламалары тарапынан екі түрлі көзқарас
қалыптасқан. Бір тобы Пайғамбарымыздың тұмарға қатысты: «Кім тұмар
тағатын болса, Алла оған денсаулық бермесін», «Кім тұмар тақса, Аллаға
серік қосқаны» деген хадистеріне қарап, тұмар тағуды түбегейлі теріске
шығарады. Екінші топ ғалымдары дәл осы хадистерге сүйене отырып, оларда
Құран аяттары жазылған тұмарлар емес, басқа тұмарлар туралы сөз болып
отырғанын, ал Құран аяттары жазылған тұмарды таққан адам Аллаға
сенгендіктен, «Құран аяттары жанымда жүрсін» деп ізгі ниет еткендіктен
тағатынын айтып, оны ислам шариғатына қайшы емес деп тапқан.
Дегенмен ғұламалардың басым көпшілігі «Құран аяттары жазылған
тұмарды негізінен балаларға таққан дұрыс, ал ересек адамдар Құран
аяттарын жаттап алып, үнемі қайталап жүргені абзал» деп тұжырымдаған.
Яғни бұл орайда да атамыз қазақтың жеті рет өлшеп, бір рет кесетін
дағдысымен шариғаттан шалыс кетпегенін аңғаруға болады.
А.Әбдірәсілқызы
8. «Түкірту», «дем салдыру» деген түсініктер бар қарапайым
отбасыларда. Баланың қызуы көтерілсе де, мазасызданып жыласа да
қазақшылығы бар кісілерге ала жөнеледі. Бұл дұрыс па?
Дем салу ислам шариғатына жат емес. Ол Пайғамбарымыздың
сүннетінен бастау алған. Құранның шипа болып табылатыны жөнінде арнайы
аяттар түскен. Пайғамбарымыз өзіне және отбасы мүшелеріне Құран
аяттарымен және арнайы дұғалармен дем салған. Сонымен қатар
Пайғамбарымыздың жатар алдында «Ықылас», «Фәлақ», «Нас» сүрелерін үш
реттен оқып, қолына дем салып, жүзін, денесін сипағаны белгілі. Сүннетке
47
сәйкес дем салу мұсылмандар арасында кеңінен тараған. Муслим риуаят
еткен Пайғамбарымыздың хадисінде: «Ішінде серік қосу сөздері болмаған
дұғалармен емделудің әбестігі жоқ» делінген. Дегенмен дем салудың өзіндік
тыйымдары да бар. Дем салу тек Құран аяттарымен және сахих хадистерде
келген, шариғатта бекітілген дұғалармен жүргізіледі. Құранда жоқ,
шариғатта бекітілмеген мағынасыз сөздерді қолданып дем салу харам деп
саналады. Дем салу кезінде Аллаға ғана дұға етіп, жәрдем тілеу қажет.
Құран аяттары мен тиісті дұғаларды білетін әрбір адам өзіне-өзі дем сала
алады. Білмеген жағдайда өзгелерге дем салдырудың да әбестігі жоқ. Қазақ
ілім иесін, Құран сөзін сыйлағандықтан әдетте молдаларға, арабша оқуы бар
адамдарға дем салдыруды жөн көреді. Аяттар мен дұғалардың дұрыс
оқылуының мәні зор екенін ескерсек, арнайы білімі бар адамның дем салуы
шынында да абзалырақ. Ал демнің шипа болмағы – Алла Тағаладан.
Дем қалай салынады дегенге келсек, Пайғамбарымыз әдетте қолын
ауырған жерге қою арқылы дем салған. Кейде қолына дем салып, жүзіне,
денесіне сүрткен. Жын иектеген кей адамдардың аузын ашып, үшкіріп, дем
үрлеген. Қазақта негізінен үшкіру (дем үрлеу) әдісімен дем салады.
Ал түкірту – қазақтың төлтума дәстүрі. Қазақта көз тиюді «ит тию» деп
атайды, көз тиген балаға түкіріп беретін адамдарды «итке түкіреді» деп
атайды. Үлкейгенде итке түкіретін болсын деп, баланың құлағын иттің
жүнімен тесіп жатады. Көз тигенде түкірту үшін осындай құлағы иттің
жүнімен тесілген немесе назары бар (көзі тиетін) адамдарға апарады. Олар
өздері білмеген жағдайда арнайы аят-дұға оқымаса да Алланың атымен:
«Ағузу биллаһи минаш-шайтанир-ражим бисмиллаһир-рахманир-рахим» деп
бастап, түкіріп жатады. Мұндай әрекеттердің шипасы болу-болмауы бір
Аллаға аян, дегенмен бұл халықтың шипа табу ниетінен туындаған,
исламмен астасып, жалғасып келе жатқан бір дәстүрі болып табылады.
А.Әбдірәсілқызы
9. Соңғы кездері беташар, сәлем салу сияқты атам заманнан бері
келе жатқан жөн-жоралғыларға қарсы тұратындар бой көрсетуде.
Сонда осы дәстүрлердің орындалуы күнәға алып бара ма?
Ислам діні аясында ұлт болып қалыптасқан халқымыздың салт-
дәстүрлері ғасырлар бойы ислам қағидаларымен біте қайнасып кетті.
Жаһандану үдерісі белең алған бүгінгі дәуірде өкінішке орай радикалды
ағымдардың жетегіне ерген кейбір қандастарымыз өз қорасына шапқан
қасқырдай қазақ дүниетанымындағы дін мен дәстүр бірлігіне шабуыл
жасауда. Қазақты исламға жаңа кірген ел секілді көрсетіп, ғасырлар бойы
қалыптасқан дәстүрді, ғұламалар жүрген жолды мансұқтап, дәстүрлі
құндылықтарды күйрету белең алып отыр. Қазақ мұсылмандық мәдениетін
жоққа шығаруға бағытталған әрекеттердің ең пәрменді құралы ретінде олар
48
ұлттың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін ешбір шариғи негізсіз исламға қарсы
қойып, күпірлік пен надандықтың, Аллаға серік қосудың көрінісі ретінде
айыптауда. Соның бірі – беташар дәстүрі мен келіннің сәлем салуы.
Ұлттың мінезі мен дәстүрлері – егіз ұғым. Бірінен бірі туындап, бірін-
бірі қалыптастырып жатады. Қазақы мінез бен дүниетанымда ізет пен
құрметке ерекше мән беріледі. «Қазақы мінез» деген ұғымның өзі
кішіпейілділік, дархандық, еркіндік тәрізді кесек мінездермен айқындалады.
Сол қазақы мінездің тінін құраған кішіпейілділіктің көрінісі іспетті
дәстүрлердің бірі – келіннің сәлем салуы. Әрбір амал ниетімен қайырлы, ал
құрметтеу ниетімен сәлем салудың рукуғ немесе сәждеге жығылумен бір
еместігі, табыну ниетінде жасалмағандықтан, Аллаға серік қосумен үш
қайнаса сорпасы қосылмайтыны айдан-анық. Көрнекіден көмескі жасап, сау
адамды ақылынан адастыратын жалған үкімдер жасаушылардың түпкі ниеті
– дәстүрлі құндылықтарға сына қағып, ішкі тұрақтылыққа нұқсан келтіру.
Иіліп сәлем беруді «ширк» – Аллаға серік қосу деп таныған бірде-бір
шариғи үкім жоқ. Ислам ғалымдары иіліп сәлем беруге қатысты төмендегі
жалғыз хадисті келтіреді. Пайғамбарымыздан бір кісі: «Бізден
(мұсылмандардан) бір кісі өзінің бауырымен яки досымен ұшырасқанда оған
иіле ме?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Жоқ» дейді. «Оны құшақтап,
сүйеді ме?» деп сұрағанда да Пайғамбарымыз: «Жоқ» дейді. «Қолын алып,
амандасады ма?» деп сұрайды әлгі кісі. Сонда Пайғамбарымыз: «Иә» деп
жауап береді.
Исламтанушы ғалымдар бұл хадисті төмендегіше талдайды. Біріншіден
бұл хадисті ғұламалар «сахих хадистер» қатарына жатқызбаған, ол хасан
немесе әлсіз хадистер қатарына жатады. Екіншіден, хадисте тыйым салу
мағынасындағы ешбір сөз қолданылмаған, яғни иіліп сәлемдесуді харам деп
танитын ешбір негіз жоқ. Үшіншіден, «жоқ» деген сөздің тыйым салуға
жатпайтынын осы хадисте «жоқ» делінген құшақтап, бетінен сүю әрекетін
Пайғамбарымыз бен сахабалары да жақындары алыс сапардан келгенде
қолданған. Демек, бұл хадисте сұраушының нақты сауалына ғана қатысты
жауап берілген, яғни мұсылмандардың бір-бірімен күн сайын көріскенде
әдетке айналдыруы тиіс амал ретінде қол алып, амандасу құпталған. Ал әр
күн сайын бір-бірімен құшақтасып көрісу немесе жолыққан сайын иіліп
сәлем беру сүннет те, міндет те емес, бірақ ол екеуі харамға немесе ширкке
де жатпайды.
Қазақта әйел адам ерлермен қол беріп амандаспайды. Бірақ ерлерді
көргенде ерін ұшымен ғана амандасып, илікпей қарап та тұрмайды. Келіннің
ізетпен иіліп сәлем салуын былай қойғанда, қыз балалар да ерлермен
амандасқанда құрмет белгісі ретінде басын иген. Жас жігіттер де, орта
жастағы ер адамдар да көпшіліктің, өзінен үлкендердің арасына келгенде
қолын кеудесіне қойып, иіліп сәлемдескен. Мұның әдептіліктің, терең
мәдениеттің белгісі екендігін дәлелдеп жатудың өзі артық.
Бүгінгі әншілер де халыққа құрмет көрсетіп иіліп жатады. Оны ешкім
күпірлікке шығармайды. Мұсылман мемлекеттеріндегі заманауи шайхтардың
49
мұндай амалдарды шариғатқа қайшы санамайтын пәтуалары да бар. Ең
бастысы – «құлшылық әрекетіне жататын намаздағы рукуғ дәрежесінде дейін
иілмеген жөн» делінеді.
Сөз соңында айта кететін тағы бір мәселе бар. Келіннің сәлем салуын
«ширк» деп теріске шығару әрекеттер қарсы шабуылға ұшырап, қатаң соққы
алғаннан кейін халықтың санасын өзгертудің сәті түспегенін пайымдаған
радикалды ағым өкілдері қазір жаңа әдістемеге көшуде. Жақында ғана
салафиліктің сойылын соғып жүрген бір замандасымыздың беташар туралы
мынадай пікірі жарияланды: «Келіннің бетін ашу неден шыққан? Келін
бұрын бұл үйге бөтен адам еді, оның бетіне қарауға болмайтын, сондықтан
оның бетін жауып әкеліп, ата-енесінің үйінде ашатын. Бұл «ол енді өзіміздің
адамымыз, енді оған қарауға болады» дегенді білдіреді».
Қазақ дәстүрлерін бұрмалап түсіндірудің мұндай мақсатты әрекеттерінің
астарында үлкен саясат жатыр. Қазақ қашан өзіне келін болмаған немесе
өзімен бір үйде тұрмайтын қыздың бетіне қарауға тыйым салған еді? Жеті
атаға дейін қыз алыспайтын, жеті қырды жайлаған жеті атадан қосылатын
ағайынның бәрі бір-біріне бауыр саналатын қазақы қоғамның үш ұйықтаса
түсіне де кірмеген ой бұл. Рулас қарындасы тұрмақ, қаймана қазақтың қызын
да қазақ жат санап, жүзіне қарауға ұялып, жанарын ала қашқан емес. Немесе
«өз бауырларынан өзге ешкім көріп қоймасын» деп қызының бетін жауып,
тұмшалап та көрген жоқ. Немере ағасының қызына үйлене беретін, өз үйінде
өсіп келе жатқан ағасының қызына болашақ әйелі ретінде нәпсі көзімен
қарайтын басқа халықтарға тән дүниетанымды қазақы болмысқа таңудың
астарында қазақы дәстүрлерге деген көзқарасты өзгерту, оның даналық
ғибраты мен даралық сипатын жоққа шығарып, арабтық дүниетанымның
көшірмесі етіп көрсету, осындай әрекеттер арқылы ұлттың рухани-мәдени
қорғаныс қабілетін әлсіретіп, қолдан жасалған жат құндылықтарды
орнықтыру талпыныстары жатыр.
Дін қағидаларының сенімдік жағын діндес ұлттар өзгеріссіз
қабылдайды, алайда бір ұлттың дәстүрін екінші ұлт көзсіз көшіре алмайды.
Оған дініміз де мәжбүрлемейді. Қазақы болмыстың өзегінен жаралған өз
құндылықтары бар. Құндылық – қоғамды қалыптастырған, ғасырлар
сынынан өтіп, асылдығын, өміршеңдігін дәлелдеген рухани бағдарлар.
Сондықтан қазақтың дәстүрлі құндылықтарының ешбірі ислам шариғатына
қайшы келмейді.
А.Әбдірәсілқызы
10. «Ай көрдік, аман көрдік, бұрынғыдай заман көрдік, жаңа айда
жарылқа, ескі айда есірке» деп келетін тіркестерді ата-әжелеріміздің
аузынан естіп өстік. Үлкендердің ай туғанда өстіп күбірлеуінің себебі
неде?
50
Қазақ – жаратылыстан Жаратушының хикметін тани білген халық. Кез
келген құбылысты жақсылыққа ниет етуге, ізгі дұға тілеуге себеп етуге
бейімдік қазақтың табиғатында бар. «Ай көрдік, аман көрдік, бұрынғыдай
заман көрдік» деп айден айға аман жеткеніне шүкіршілік етсе (ал шүкіршілік
тек Жаратушыға айтылады), «Ескі айда есіркедің, жаңа айда жарылқа» деп
тағы да Жаратқаннан жәрдем сұраған. Мұның бәрі қазақтың жан дүниесінің
тазалығының және ғибадатқа деген шынайы құлшынысының айғағы. Өйткені
ғибадаттың ең абзалы – дұға.
Пайғамбарымыз жаңа туған айды көргенде: «Сенің де, менің де
Жаратушымыз бір Алла. Туған ай біздің ізгі жолдан адаспауымызға
бағыттаушы болсын!» деп дұға еткен екен. Ал ай толған сәтте
Пайғамбарымыз: «О, Алла! Ай нұры әлемді тыныштандырсын. Өзіңе адал,
бойұсынушы болу үшін бізге медеткер болсын!» деген дұғаны айтатын
болған. Яғни ай туғанда дұға етуді де қазақ Пайғамбарымыздың сүннетінен
өнеге етіп алған.
Сонымен қатар қазақта «Ай толған сәтте жолға шықпа» дейтін ырым
бар. Оның бастауы да сүннетке тіреледі. Пайғамбарымыз ай толғанда үш күн
ораза тұтуды өсиет еткен. Өйткені жер бетіндегі сулардың тасуы мен қайтуы
айдың толуы мен семуіне байланысты екені белгілі. Құрамы 80 пайыз судан
тұратын адам қаны да ай толғанда тасуға бейім тұратынын қазіргі медицина
дәлелдеп отыр. Сондықтан ай толған шақ – адамдардың қаны тасып, жүйкесі
сыр беріп тұратын жайсыз кезең саналады. Осындай шақта ораза тұтқан
адамның қан қысымы өз-өзінен төмендеп, басылады, сабырлылық пайда
болады. Ал қазақ мұндай қатерлі кезеңде ұры-қарының, жол тонаушының
қолына түсіп қалмау немесе кездейсоқ жанжалға килікпеу үшін бейтаныс
жерге жол жүруді жөн көрмеген. Яғни бұл орайда да халқымыз сүннеттен
озбаған.
А.Әбдірәсілқызы
11. Үйленетін болдық. Үлкендер жағы отқа май құю, отпен аластау
салтын жасаймыз деп айтты. Шариғат мұндай дәстүрлер туралы не
дейді?
Келін босағадан аттап түскенде отқа май құйғызу – қазақтың тәңірлік
сенімге иланған кезінен, бәлкім, одан да ертеректен келе жатқан ежелгі
ғұрпы. Ритуалдық іс-әрекет ретінде жасалатын мұндай әдеттерді «дәстүр»
деп емес, «ғұрып» деп атау қалыптасқан. Бұл жерде ескерілетін басты мәселе
– тәңірлік сенімнен қалған ырым-тыйымдардың қазіргі күні ғұрыптық жағы
ғана сақталып, сенімдік жағы, мазмұны мүлде өзгеріп кетті. Мұндай
ырымдарды қазір ешкім ежелгі түсініктерге негіздеп ұстанбайды. Ақ босаға
аттап, отқа май құйып жатқан қазіргі келіндер бұл ырымды от пен майға
табынғандықтан емес, ата-баба дәстүрін құрметтегендіктен «бұрынғы-
51
соңғының жолы» деп жасайды. Яғни қазақы танымда қалыптасқан
«шырағым сөнбесін», «отым өшпесін» деген игі тілекпен отқа май құяды.
«Оттың өшпеуі», «шырақтың сөнбеуі» қазақ үшін азаматының,
отбасының аман болуы, шаңырағының шайқалмауы, ел-жұрттың
тыныштығы дегенді білдіреді. Сонымен қатар көшпенді қазақ елі үшін оттың
өшпеуі тәжірибелік мәнге де ие болған. Үнемі оттық табыла бермейтін,
шақпақ таспен от тұтата алмай қиналатын көшпенді бабаларымыз түнгі
оттың қоламтасын күлге көміп, таң атқанша сөніп қалмауын қамдаған.
Таңертең оты өшпеген үйдің жылуы кетпейді, от тұтата алмай қиналмайды,
дәрет суы дайын тұрады, ас-суын да жылдам даярлайды, яғни әрбір ісінің
берекесі болады. Сондықтан оттың өшпеуі сол үйдегі келіннің ширақтығын,
ептілігін, іске икемділігін көрсетеді. Оты өшіп қалғандар әдетте таң атпай
асығып-үсігіп, көрші үйлерді мазалап, қоламта сұрап жүреді. Қазақтың
асығыс жүрген адамға «от ала келдің бе?» дейтіні осыдан шыққан. Осы
тәжірибе мен тағылымның барлығы отқа май құю үрдісінде жинақталған. Бұл
ғұрыптың астарында «отқа май құйғанда от қалай лауласа, өмірі де солай
жайнай берсін» деген ырым да жатыр.
Ырым бөлек те, наным бөлек. Ырым нанымның тікелей көрінісі болса,
қазақ екеуіне екі атау бермес еді. Ырымда «осылай етсе, солай болады» деген
үзілді-кесілді сенім емес, «осылай етсек, солай болса екен» деген тілек,
ниеттену, сұрау тұрады. Оның бәрін адам жақсылықтан үміт күтіп жасайды.
Ал жақсылықты жалғыз Жаратушының ғана беретінін атамыз қазақ
«Жамандық көрсем өзімнен, жақсылық көрсем құдайдан» деп бір-ақ ауыз
сөзбен бекіткен. Ізгі ниетпен жасалған ырымдарды Пайғамбарымыздың да
құптағаны «Жаман ырым исламда жоқ. Бірақ маған жақсы ырым, жақсы сөз
ұнайды» деген хадистен аңғарылады.
Ал отпен аластау – келін түскенде ғана емес, ел көшкенде, жаңа қонысқа
келгенде, адам науқастанғанда, назарланғанда, т.б. жағдайларда жиі
қолданылатын ғұрып. Оттың тазартқыш күші, дезинфекциялаушы әсері
ежелден белгілі. Ал қазіргі психотерапияда оттың жағымсыз энергияларды
жоюға әсер ететіні дәлелденіп, кеңінен қолданылуда.
Адам табиғатында жорамалдауға, ырымдауға бейімдік бар. Сондықтан
да Пайғамбарымыздың хадисінде: «Ешбір адам үш нәрседен:
жорамалдаудан, күдікті ойдан, қызғаныштан құтыла алмайды» делінген.
Ырымға құлай сенуге болмайтыны да осы хадистің жалғасында айтылған.
Яғни жоғарыда айтылғандай, ырым – сенімге емес, ниетке қатысты ғұрып.
Оның жасалу-жасалмауына адам тағдыры байланысты емес.
Дініміздегі жақсы нәрсені ырымдау жайына келсек, исламтанушы
ғалымдарымыз мынадай бір хадисті келтіреді. Пайғамбарымыздың кезеңінде
мұсылмандар мен мүшріктер арасында «Худайбия» келісімі жасалған. Сол
келісімді жасасуға мүшріктер тарапы Суһайл атты кісіні жібереді. «Суһайл»
есімінің мағынасы «жеңілдік» дегенді білдіретін. Оны көрген
Пайғамбарымыз сахабаларына: «Істерің алға басып, жеңілдейтін болады.
52
Олардың бұл адамды жібергені келісімді қалағаны ғой» деп, Суһайлдің
келуін жақсылыққа жорыған екен.
Көптеген ырым-тыйымдардың негізінде ғылыми-медициналық астар,
этикалық-гигиеналық ұстаным бар екені белгілі. «Ақты төкпе», «малды
теппе», «күлді шашпа», «көкті жұлма», «күн батарда ұйықтама», «ай
толғанда жолға шықпа» секілді ырым-тыйымдардың негізгі мәнін түсіну
кімге болса да қиын емес. Бір ғана ай толғанда жолға шықпау ырымы осы
кезеңде жер бетіндегі сулармен бірге адам қаны да таситынын, сондықтан
адамдардың қақтығысқа, жанжалға бейім тұратындығын білгендіктен
айтылған сақтандыру сөз болып табылады.
Қазақтың ежелгі ырымдарының көпшілігі қазір тұрмысымыздан алыстап
барады. Сонымен қатар замана ағымымен жаңа ырымдар да бой көрсетуде.
Қоғам құндылықтарды өзі сұрыптайды. Қазақ ырым-тыйымдары да өзін-өзі
ретке келтіріп, табиғи түрде сұрыпталып жатқан үдеріс. Мұндай үдеріске
төңкерісшіл көзқараспен келіп, кесіп-жонып, алып тастау мақсатын
ұстанудың мәні жоқ. Ғылыми негізі бар болсын, болмасын – ырымды
жасағаннан дін ислам жолынан азып, күпірлікке салынып кеткен қазақ жоқ.
Сондықтан жақсылықтан үміттендіретін, ізгі істерге жетелейтін, жан дүниеге
сенім ұялататын жағымды ырым-тыйымдар ұлт дүниетанымының ажырамас
бір бөлігі ретінде өмір сүруге құқылы. Ал біз назарымызды ғасырлар
сынынан өтіп болған қазақ дүниетанымын тергеп-тексеруге емес, ұлт
тұтастығына, рухани құндылықтарға, дін мен дәстүр бірлігіне қатер
төндіретін құбылыстармен күреске аударуымыз қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |