Асанов камашке даулетқАНҰлы айтыс өнерінің публицистикалық сипаты Электронды оқулық


  Қоғамдық ой қалыптастырудағы айтыс өнерінің ықпалы



Pdf көрінісі
бет14/26
Дата27.02.2023
өлшемі1,93 Mb.
#70231
түріОқулық
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   26
Байланысты:
d12a00640c0832fa23edce30a75d6d85 (1)

3.2 
Қоғамдық ой қалыптастырудағы айтыс өнерінің ықпалы 
Қазақстандағы саяси-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік мәселелердің 
қандай түрі болмасын ол бұқара халық талқылауынсыз немесе пікірінсіз 
қолдау таппайтындығы белгілі. Елбасы жарлығымен немесе үкімет, парламент 
ұсыныс, қаулы-қарарларымен өмірге жолдама алған саяси-экономкалық, 
қоғамдық-әлеуметтік реформалардың өзегі ең алдымен халық талқысына түсіп, 
таразыланатыны белгілі.
1991 жылғы 21 желтоқсанда қабылданылған Қазақстан Республикасының 
Тәуелсіздік туралы Заңынан бастап, мемлекетте болған саяси-экономикалық, 
тарихи-мәдени өзгерістердің барлығы қоғамда ашық жарияланып, бұқара халық 
назарына ұсынылып отырды.
1992 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылуы, сондай-
ақ еліміздің Біріккен ұлттар ұйымына мүше болуы – тәуелсіз мемлекет үшін ең 
алғашқы ұлы қадамдардың басы еді. Қазақ қоғамындағы мұндай айтулы 


189 
оқиғаларды БАҚ кеңінен насихаттап, халықтың ой-пікір, көзқарасын барынша 
ашып көрсетті. Бұл кезең Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы жаңарып, жанданған 
айтыс өнерінің нағыз жалындап тұрған шағы еді.
Қазақстанда болып жатқан кез келген өзгеріс-оқиғалар сол кездерде өткен 
ақындар айтысының басты тақырыптарына айналды. Мемлекетте болып жатқан 
оң өзгерістер, тың шешімдер айтыста ақпараттық тұрғыда ғана емес, 
насихатшылдық, сараптамалық сипатта көрініс тапты.
Әр күні, аптасы түрлі жаңалықтарға толы, жедел өзгерістерге толы 
уақыттағы халық зердесін белгілі бір бағытқа икемдеу, яғни, қоғамдық ой 
қалыптастыру сипаттары ақындар айтысында ерекше қуатқа ие болды.
Теледидар арқылы өзінің идеологиялық пәрменділігін күшейтіп тұрған 
айтыс өнері бұқара халық назарын өзіне жақсы аударды. Ең алдымен 
«Азаттық», «Тәуелсіздік» атты ұлы ұғымдарды халық санасына ұялатуда айтыс 
ақындары ерекше белсенділік танытты.
Көрнекті ғалым, айтыс өнерінің жанашыры М. Жолдасбеков: «Айтыс – 
еріккеннің ермегі емес, биік өнер. Ол – сөз бен ойдың, тапқырлықтың шыңы. 
Сондықтан да айтыскерлерге терең білім, үлкен даярлық керек. Айтысқа әр 
ақын өзінше дайындалады. Бұл баяғыдан солай болатын. Тарихты зерделейді. 
Қоғамдық ой қалыптастырады. Ата сөзін жинайды» [149, 9 б.] ,
– деп айтуы біз 
сөз етіп отырған тақырыптың өзектілігін таныта түседі.
Теледидардан беріліп, кейін мәтіндері кітап болып шыққан қазіргі айтысқа 
шолу жасап, зерделеп оқыған жан ақындардың жанайқайы мен рухани 
сілкінісінің қандайлық дәрежеде көтерілгендігін және сол сілкіністің халық 
мүддесімен қаншалықты үндескендігін айқын аңғарған болар еді. Ұлттық 
идеологияның өзегін құрайтын қоғамдық ойды қалыптастырудың әртүрлі 
алғышарттары болатыны белгілі. Ол мектеп бағдарламасынан бастап, 
жасөспірімдердің ержетіп, азамат болып қалыптасуына дейінгі аралықта сана-
сезіміне түрлі сипаттарда әсер береді. Дегенмен де, ұлттық тағылым мен 
тәрбиені жастардың бойына өнер арқылы сіңдіре білу – бұл болмысы бөлек, 
тамыры терең рухани қуат. Мысалы, қыз бен жігіт айтысында айтылған 
Аманжол ақынның мына бір жыр шумақтары көкірегінде сәулесі бар қандай да 
бар жастарды ойландырары хақ:
«...Біз айттық өнеге қып мұның бәрін,
Бармайды жас дәуренде ұрынға кім. 
Жігіттер арақ ішпей, қымыз ішкен,
Ұлтына лайық етіп ұғымдарын.
Ар-намыс, ұяты бар қазақ қызы, 
Шолпы тағып өсірген бұрымдарын.
Қазіргідей тал түсте құшақтасып,
Будақтатып тартпаған шылымдарын.
Ұрпақтан үміт күткен, қазақ елім, 
Жөн болар, мұны дұрыс ұғынғаның.
Батыстың әлегіне еліктемей,
Ата салтпен ер жетсін құлыңдарың» [123, 47 б.]. 


190 
ХХІ ғасырға иек артып отырған қазақ қоғамындағы дәстүр-салтқа түскен 
кейбір келеңсіздіктерді айтыс ақындары осылайша тереңнен толғап, тебірене 
жырлайды. Бүгінгі қазақ қыздарының бойынан осындай жат әдеттерді, ақын 
ертеңгі ұлт болашағымен астастырып қарайды. Және жай ғана ескерту түрінде 
емес, ұлтымыздың бұрынғы жақсы қасиеттерін көрсете отырып, бүгінгі 
келеңсіз қылықтардан аулақ болуға үндейді.
Ұлтқа, халыққа қатысты мұндай ақын толғаныстарын айтыс жырларынан 
мол ұшыратамыз. Қазақ қоғамындағы осындай кеселді көріністерді жырлауда 
айтыс ақындары үлкен шеберлік таныта білді. Ол шеберлік тұрғысы тағылым-
тәрбие, насихат сипатында көрініс таба отырып, қоғамдық пікірдің 
қалыптасуына ықпал етті.
Ғалым М. Жолдасбековтың жоғарыда келтірілген «айтыс қоғамдық ой 
қалыптастырады» деген сөзі де бекер айтлымаған. Қоғамдық ой 
қалыптастырудағы айтыс рөлін ол көтерген проблемалар төңірегінен қаузап 
көрсек ойымыз айқындала түсері хақ. Ең алдымен айтыстағы «Тәуелсіздік», 
«Азаттық» ұғымдарының төңірегінде айтылған айтыскерлер жырының өзі 
бұқара халыққа үлкен ой салғаны белгілі.
Коммунистік идеология шеңберінде шырмалған халық санасына, Тәуелсіз 
ел ұғымының тарихи тағылымын түсіндіруде, айтыс жырларының рөлі ерекше 
болды.
«...Азаттық орда тігіп алып белден, 
Түнекті жарып тастап жарық келген.
Тоқсан жасқа келгенде мырза ғасыр,
Қазаққа тәуелсіздік алып берген. 
...Қайтпасын Қазақстан бек күшінен, 
Ұрпағың өрге бассын текті ісімен. 
Қазақтың көрген зұлмат бар қайғысы,
Азаттық садағасы деп түсінем...» [137, 62 б.].
Бұл жыр – ақын Аманжол Әлтаевтың Серік Құсанбаевпен болған 
айтысында айтылған ойлары. Жалпы, Аманжол ақынның айтыстарында елдік, 
халықтық аңсар мұраттар жиі айтылып, кең көрініс тауып отырады. Азаттық 
идеясын жырлауда Қазақстанда болып жатқан оң өзгерістерді асқақ шабытпен 
тілге тиек ете отырып, қараша халық санасына «Тәуелсіздік» ұғымын барынша 
ұялата түсуге пейілді ақын былай деп толғанады:
«...Елтаңба, Ата заңым қабылданды,
Көк байрақ желбіреді қыранымен.
...Тоңдарын тоқыраудың аршығамыз,
Ұран сап, бұлтқа найза шаншығамыз.
Ғарышқа Алаш үнін бір естірттік, 
Иншалла, құтсыз емес қанжығамыз.
Көк тәңір әлеміне барып келді,
Тоқтар, Талғат секілді қаршығамыз» [137, 62 б.]. 
КСРО-дай алып империяның күйреуі, ежелден еркіндік аңсаған қазақ 
сияқты ұлттардың тәуелсіздікке қол жеткізуіне кенеттен мүмкіндік туғызды. 


191 
Тарихтың осындай дүрбелең сәті бұқара халық пайдасына, бақытына шешілді. 
«Бұл қалай болды?» – деген таңданыс кез келген қарапайым адамды 
толғандырғаны анық. Міне, осындай елең-алаң шақта халыққа нанымды 
насихат, байыпты пікір, парасатты бағдар ауадай қажет еді. Айтыс өнерінің 
Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап, халықты қоғамдық ой мен қамтамасыз 
еткен рухани қуаты да дәл осы кезеңдерде көрінді. Белгілі қоғам қайраткері, 
кейіннен Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі болған 
Ермұқамет Ертісбаевтың төмендегі айтыс туралы пікірі де ақындар айтысының 
бұқаралық сипатын айқындай түсті. «Тағы бір түйсінгенім – айтыстың 
біріктірушілік құдіреті мол. Осы өнер сайысы үстінде өзіңнің қазақ екеніңе 
мақтанып, барлық қандастарыңмен бір арманға, ортақ мүддеге тоғысасың. 
Адамдарды тұтастыру жағынан қазаққа ең қолайлысы – айтыс» [150]. 
Халықты ортақ мүддеге, яғни, ел болып бірігуге, Тәуелсіздіктің 
баяндылығын сақтап қалуға үндеген айтыс жырлары, қоғамдық өзгерістерге 
дер кезінде үн қосып, оны кең насихаттап отырды. Экономикалық-саяси, 
әлеуметтік салалардағы қандай да бір жаңалық-өзгерістер ақындар айтысының 
басты тақырыбына айналып, оның халыққа тиімді, тиімсіз тұстары бұқара 
талқысына ұсынылды.
Ринат Зайтовпен арадағы айтыста ақын Аманғазы Кәріпжанов сол тұстағы 
қоғам ахуалының кейбір саяси-экономикалық келбетін былай суреттейді:
«...Қара Ертісті бұрып ап орнына оның,
Қара Қытай қаптауы тоқтамады.
Байқоңырым, Ресей боп үріп жатыр,
Жер асты іштен тынып ұлып жатыр.
Сыр бойынан тірлікті ысырып жатыр,
Үкімет шекпендіге жерді сатып,
Құлқынға ел байлығын бұрып жатыр.
Ресейге тегін берген түсті металл, 
Төбеңнен «протон» боп ұрып жатыр...» [123, 246 б.]. 
Айтыскер Аманғазы Кәріпжанов осы тоғыз жолдан тұратын екі шумақ 
өлеңіне сол кездегі Қазақстан қоғамындағы көкейкесті бірнеше мәселені 
сыйғызып тұр. 1. Қара Ертіс тағдыры. 2. Қытай келімсектерінің Қазақстанға 
көптеп келе бастауы. 3. Байқоңыр ғарыш айлағының Ресейге ұзақ жылға жалға 
берілуі. 4. Соның салдарынан Сыр бойындағы шұрайлы жерлердің азып-тозуы. 
5. Жер сату мәселесіндегі коррупция. 6. Қазақ елді мекендерінің үстіне құлаған 
«протон» зардаптары.
Біз санамалап көрсеткен осы алты проблеманың астарында қаншама мұң 
мен сыр жатқандығын айтысты көріп отырған халық неге түсінбесін?! 
Айтыс халықтың көкейіндегісін жарыққа шығаратын өнер. Қоғамның кез 
келген зиялы азаматы, айтысты көрген, тыңдаған әр адамның көкірегіне ой, 
санасына «бұл қалай?» деген сауалдың ұялауы заңдылық. Ұлттық мүддеге 
біріктіру, қоғамдық пікір қалыптастыру дегеннің өзі осы жайттардан туындаса 
керек.
Белгілі әдебиетші, ғалым Құлбек Ергөбек «Ояну дәуірінің әдебиеті – ойлы 
ғалым зерттеуінде» атты мақаласында мынадай пікірлер келтіреді: «Сары 


192 
даладан жаңбырдан кейінгі нөсер жаңбырмен көгеретіні сынды, отарлық тесік 
өкпе етіп езген, ұйқы басқан қазақтай халықтың бостандықпен ғана түлейтінін 
жырлай айтты, зарлай айтты ақындар. Халықты ояту, бостандыққа үндеу – отар 
ел ақындары үшін оңай болмасы хақ. Астарлап айту, ажарлап айту, тәмсілдеп 
айту дегендей қазақ ақындары ой айтудың сан алуан тәсіліне, халықты
оятудың сан алуан амалына барды...» [151, 111 б.] 
1997 жылдың 10 қазанындағы Ел президентінің «Қазақстан – 2030» атты 
Жолдауының жарыққа шығуы, қоғамға тың серпіліс, соны идеялар тудырғаны 
белгілі. Осы Жолдаудың негізінде Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінде үлкен, 
ауқымды істер қолға алына бастады. 1997 жылы – Жалпыұлттық татулық және 
қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы ретінде аталып өтті. 1998 жыл – 
Халықтар тұтастығы мен ұлттық тарих жылы, 1999 жыл – Ұрпақтар бірлігі мен 
сабақтастығы жылы, 2000 жыл – Мәдениет жылы, 2002 жыл – Денсаулық 
жылы, 2003-2005 жылдар аралығы – Ауылды дамыту жылдары ретінде аталып, 
бұрын-соңды болмаған орасан зор игілікті істердің атқарылуына мол 
мүмкіндіктер туғызылды. Тәуелсіз Қазақстанның саяси-әлеуметтік даму 
тариыхындағы осы даталы жылдардың барлығы БАҚ-ында кең насихатталып, 
жан-жақты көрініс тапты. Жаңарған айтыстың жанданған тұсымен, қабаттас 
келген осынау ұлы істердің барлығы, айтыс ақындарының басты тақырыбына 
айналды. Айтыс – ұлттық, мемлекеттік мүддені басты мақсат ретінде ұстана 
отырып, қоғамның көлеңкелі тұстарын сын садағына алуды да естен шығарған 
жоқ. Жоғарыда келтірілген даталы жылдардың халыққа әкелген жақсылық-
табыстарымен қатар, орындалмай қалған олқы тұстарын да қоғам назарына 
бүкпесіз жариялап отырды. Бұл тұрғыдан ол (айтыс) өзінің нағыз демократтық 
бағытын, сипатын көрсете білді. Осы жылдар шеңберінде айтылған әрбір 
мәселе, теледидар арқылы миллиондаған көрерменнің талқысына ұсынылып 
жатты.
Қай қоғамда, қай дәуірде болмасын айтыс сол уақыттың ақиқат айнасы 
бола білді. Күнделікті өмірде болып жатқан келеңсіздіктерді ешқандай ақын 
жаба сіркелеп, жасырып қалған жоқ. Сол кездегі халықтың көңіл-күйі, сезімі, 
көзқарас танымы, бар болмысымен айтыс жырларында көрініс тауып отырды. 
Биліктің көңіліне қарап көлгірсу, қара басының қарекетін ойлап, баз біреуге 
жағыну айтыс ақындарына жат әдет. Бәлкім, айтыс тарихында некен-саяқ ондай 
ақындар болса, халық оның бағасын сол заматта-ақ беріп, одан сырт айналған. 
1997 жылы елдің әлеуметтік жағдайы әлі толық түзеліп кете қоймаған уақыт та 
айтыста бар болмысымен көрініс тауып жатты. Тіпті, сол жылы жарық көрген 
«Қазақстан-2030» Жолдауының өзіне сын көзбен қараған айтыскерлер де 
болды.
Оразалы Досбосыновпен арасындағы сөз сайысында ақын Ринат Зайытов 
осы мәселе жөнінде ойларын былай деп сабақтайды:
«...Егемен ел болдық десек дағы,
Жалдандық кәріс, қытай, орыстарға.
Үкімет – ел қорғаны десек дағы,
Елге есеп беріп жатқан арыс бар ма? 
Тонап-тонап жеген соң тайып тұрар,


193 
Тығылған шүрегейдей қамыстарға.
2030 деген – ертегі айтып,
Ұстанып ап бейкүнә барысты алға.
Мұншама ұсақталсын деп тілеп пе еді,
Бабамыз ұрпақ үшін алысқанда?!.» [138, 90-91 бб]. 
Қоғамдағы кейбір келеңсіздіктерді осылай деп сынға алған ақындар елдің 
болашаққа деген сеніміне де сәттілік тілейді. Халықтың санасына серпін, 
жігеріне жалын беретін отты ойларды да ортаға салады.
Айтыс ешқашан да биліктің қолшоқпарына немесе керісінше бірыңғай 
оппозициялық бағытта болған емес. Айтыс ақыны көзбен көріп, көңілмен 
сезінгенін жырлайды. Жоғарыда келтірілген Ринат Зайытовтың «2030» туралы 
көзқарасын, келесі айтыстарда әріптестері басқаша сипатта өрбітіп, халыққа 
басқалай сөз айтып жатады. Мұның өзі қазаққа ғана тән кеңпейілділік пен 
көшелі мінезді танытатын қасиет. Халық айтыс ақындарын ардақ тұтып, 
құрметтеген. Айтыскер – қоғамдық аренаға шыққан халық өкілі. С. Мұқанов
айтқандай: «Айтыста озған ақын халық алдында ақындыққа мандат алады. Бұл 
мандаттың жазылатын қағазы – халықтың жүрегі. Ақын халықтың жүрегіне ең 
сүйкімді, халыққа ең ардақты адамның қатарында тұрады» [152, 16 б.]. 
Сондықтан да Балғынбек Имашевпен арадағы айтысында ақын Мэлс 
Қосымбаевтың былай деп жырлауын қараша халықтың көзқарасы, ой-пікірі деп 
танимыз:
«...Елбасыға сыртынан сын айтқасын,
Көңілің мұңаюмен қам боларсың.
Еліңді сұм сұлтандар билегенде,
Сен ертең Нұрсұлтанға зар боларсың.
Әлеумет қарағасын шырайлана, 
Жүрсінші көңіліңде Күн айнала.
Елбасы да адам ғой өзіміздей,
Сүйенген көпшілік пен бір Аллаға» [138, 171 б.]. 
Халық санасын оятып, қоғамда болып жатқан өзгерістерге ел назарын 
аудару тұрғысында, рухани мәселелерді жиі көтеретін Баянғали Әлімжанов 
айтыстары өзінің әлеуметтік тұрғысынан жаңарған айтыстың жарқын үлгісі 
ретінде бағаланады. Әсіресе, ақынның бүгінгі күн проблемаларын тарихпен 
сабақтастыра қарастыруы көрермен-тыңдарманға зор әсер беріп, айтыс 
маңыздылығын арттыра түсетін ерекшелігі деп тануға болады. Қарағандылық 
ақын Тілеген Әділовпен болған айтысында Баянғали ақын былай деп толғайды:
«...Алашты азаттыққа шақырды кім,
Ақырып аждаһаға атылды кім? 
Теңіздей толқығанда төре-қара,
Жол нұсқап айтты оларға ақылды кім? 
Кенесары, Наурызбай, Ағыбайлар,
Көтерген қазақ рухын, батырлығын.
Кім кәне күңіреніп солар құсап,
Ел үшін жанын қиып жатыр бүгін?!.» [123, 83 б.].


194 
Осы тақылеттес жыр үлгілерін Тәуелсіздік тұсындағы ақындар айтысынан
молынан ұшыратуға болады. Жоғарыда келтірілген Жалпыұлттық татулық 
және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылдарында өткізілген айтыста 
Мұхамеджан Тазабеков сонау сақ бабамыз салып берген сара жолдан бастап, 
кешегі аштық-қырғынды, отызыншы жылдардың зұлматын, халық бастан 
өткерген тар жол, тайғақ кешуді, ату, асу, айдалу сияқты сүмдықтарды тілге 
тиек ете келіп ойын былай деп түйіндейді:
«...Ақиқаттың атасы арам өліп,
Мәскеудің айтқанынан аспағанбыз.
Лениннің беті ашық жатқанменен,
Шындықты көрге көміп тастағанбыз...» [123, 41 б.]. 
Қоғамдық пікір қалыптастырудың басты шарты – шындық. Шынайы 
шындыққа көзі толық жетіп, оны сезінген бұқара халық өзі өмір сүріп отырған 
қоғамның бүгіні мен болашағын байыпты бағамдай алады. Сол арқылы 
келешекке қадам басып, көштерін түзейді. Кейде газеттен оқып, теледидардан 
айтылған ресми сөздерден гөрі халықтың жан-дүние, сезіміне зор әсер ететін 
насихат түрлері болады. Ондай руханият көзі – әрине, айтыс өнері екендігі 
ақиқат. Ақынның үн-әуезі, дауыс ырғағы, домбыра шертісі жоғарыда 
келтірілген жыр үлгілеріне үстеме мағына беріп, тыңдаушы-көрерменге зор 
әсер етеді. Бұл туралы біз зерттеу барысында жан-жақты айтып өткен 
болатынбыз. Ең бастысы, қоғамның көлеңкелі тұстары мен күнгейін көрсете 
отырып, айтыс ақындарының белгілі бір ойға-пікірге халық мүддесін 
топтастыра білуінде. Бұл тұрғыдан, сөз жоқ, айтыс өнері үлкен рухани ықпалға 
ие болды. Сөз өнері тұрғысынан алып қарар болсақ, айтыс өлеңдерінің өзіне 
тән табиғи ерекшелігі болады. Мәселен, көркем әдебиетті адам оқу арқылы 
санасына сіңіреді. Газет-журнал материалдарын да дәл солай қабылдайды. Бұл 
жердегі айтыс жырларының ерекшелігі сөз құдіреті тыңдаушыға немесе 
көрерменге үн-әуез, айтысушы ақынның ым-ишарат, қимыл-әрекеті арқылы, 
бірнеше үстеме сипаттар арқылы сіңеді. Кітап пен газет-журналды әр адам өз 
көзқарас, түсінік деңгейінде қабылдайды. Ал, саз аспабы арқылы әуенмен 
әспеттелген жырлардың немесе сөздің тыңдаушыға әсері өзгеше болмақ. Бұл 
туралы А.Байтұрсынов мынадай пікірлер айтты: «Сөздің асыл болуы –
ұнауымен. Сөз көңілге сипат жағының көркемдігімен, сөз мағына жағының 
күштілігімен жағады. Сөз көркемдігі, әуезінің әдемілігі мен кестесінің келісті 
болуынан табылады. Әуез әдемілігі сөзді дыбыс жағынан тәртіптеп, үйлестіріп 
тізуден болады. Күштілігі сөздің қалыпты мағынасының үстіне күш қосатын 
әдістерді істеуден болады» [153, 208 б.], 
А. Байтұрсынов келтірген осы пікір барлық мағынасымен айтыс 
өлеңдерінің табиғатына толық сай келеді деуге болады. Эмоциялылық сипат кез 
келген шығармашылық дүниеге әр беріп, рухани қажеттіліктің өтеуі болатынын 
жоққа шығаруға болмайды. Әрине, ғылымда, ресми ақпарат көздерінде, 
табиғаты көркем публицистикадан алыс қоғамдық салалар шығармашылығына 
әсірелеу әдісі соншалықты қажет емес те шығар. Бірақ, әрбір халықтың табиғи 
болмысы мен ұлттық менталитетімен де санасу қажет. Сөз өнерінің ғылымы 
туралы айтқан А. Байтұрсынов қисындарындағы көріктеу, меңзеу, ауыстыру, 


195 
бейнелеу, алмастыру, кейіптеу, бернелеу, мезгеу, әсірелеу сипаттарының 
барлығы қазақтың айтыс өнеріне тән қасиеттер. Айтыс жырларының адам 
санасына тез сіңіп, есінде ұзақ сақталуына да осындай ерекшеліктер себеп 
болады.
«Әсірелеу деп, сөздің әсерін күшейтіп сөйлетуді айтамыз. Әсірелеу көңіл 
күйінен шығып, көңілге күй түсіреді. Көңіл қалыпты тыныш күйінде 
тұрғандағы адамның аузынан шыққан сөз бен көңіл көтеріңкі я бәсең уақытта 
адам аузынан шыққан сөздің екеуі бірдей болмайды» [1, 167 б.], – деген ғалым 
пікірі жоғарыда келтірген ойларымызды қуаттай түседі. Қоғамдық ой 
қалыптастырудың алғышарттарының бірі ретінде айтыс жырларының халық 
жүрегіне жақын, сезіміне түрткі болардай әсерлі болуынан деп тануымыз 
сондықтан. Мұхамеджан Тазабековпен болған айтысында ақын Мэлс
Қосымбаев мынадай әсерлі ойлар айтады:
«...Ей, дүние, бізден де озамысың,
Топан ойдың сен кейде тозаңысың. 
Адамзаттың баласы арпалысқан, 
Мына бес күн тірліктің базарысың.
Менің шерлі елімнің шежіресін, 
Тарих ата, қайтадан жазамысың? 
Арманың болмас еді өлең сенің,
Ағайынның жұбатсаң азалысын.
Келін – заман, кемпір-шал – ауыл болса,
Қазақстан – жалғыз ұл қазақ үшін...» [123, 147 б.]. 
Айтыс ақындарының мұндай ішкі толғаныстары, әр кез халықтың қызу 
қолдау, зор қошеметіне ие болып жатады. Халқымыздың шерлі тарих 
шежіресіне келгенде, жан дүниесі арпалысқа толған ақынның адуынды 
жырлары, халықты бірден баурап алады. Егер осы жыр жолдары қағаз бетіне 
түссе, оны оқыған адамның тыңдап, көргендей әсер алмасы анық. Айтыс 
өнерінің құдіреті де осы қасиетінен көрінсе керек.
«Ақындар айтысының жұртшылыққа аса сүйікті болуының бір қанша 
себептері бар. Қоғамдық өмірдің де, жеке адам тағдырларының да алуан түрлі 
сырлары 
мен 
сырқаттарының 
терең 
ашылуы, 
әлеуметтік 
өмірдің 
қайшылықтары мен қалтарыстарының кең қамтылуы, халықтың көркем сөзден, 
ұтымды ойлардан эстетикалық ләззат алуы – міне, мұның бәрі айтыстың әсері 
кемімес, қызығы солғындамас қырлары болып табылады» [113, 88 б.]. 
Ғалым Р. Бердібаев келтірген бұл ойлардың А. Байтұрсынұлының сөз 
өнері, тіл ұлағаты жайында айтқан пікірлерімен сабақтасып жатқандығын анық 
аңғаруға болады. Айтыс жырларының халық жүрегіне жақын жанр екендігінде 
осы тұжырымдарға қарап бағамдаймыз.
Әрине, жоғарыда келтірілген А. Байтұрсын тұжырымындағы «Сөз мағына 
жағының күштілігімен жағады» – сөзінің астарына да үлкен мән берген абзал. 
Айтпақ ойымызды нақтылап кету үшін Абайға жүгіне кетелік. «Сөзі тәтті, 
мағынасы түзу келсе, Оған кімнің ұнасар таласуы» [154, 50 б.]. Осы айтылған 
қағидалардың қай-қайсысы болмасын сөз мағынасына үлкен жауапкершілікпен 
қарауды меңзейді. Әсерлеу мен әсіре қызыл сөздің екеуі, егіз ұғым емес. Айтыс 


196 
жырларында кездесетін әсерлеу сипаттары қашанда айтар ойдың өзектілігі мен 
айтып отырған мәселе мәнінің тереңдігімен өлшенері хақ. 1989 жылы Алматы 
қаласында өткен республикалық ақындар айтысы туралы «Ажары бір ашылды 
ана тілдің» атты мақаласында белгілі қаламгер, журналистер Өтеген Оралбаев 
пен Бауыржан Омаровтар төл өнердің сол кездегі сипаты туралы мынадай 
пікірлер білдірді: «Ғасырдан ғасырға, атадан балаға, анадан аруға халықтық 
дәстүр боп қанатын жайып келе жатқан көне де, жаңа өнер бүгінгі жариялылық 
жағдайында өрісін кеңейтіп, өнегесін таныта түсті. Бұл күнде ол жұртшылық 
жүрегінен орын алып, қоғамдық-әлеуметтік, кемелдік-көркемдік жағынан 
қалыптаса түсуде. Ол ел тарихының елеулі кезеңдерінде еркін көрінген ежелгі 
өнер – ана тілдің ажарын аша түссек деген перзенттік парызды да бағамдайды. 
Осы тұрғыдан келгенде оның еңбегі ересен» [155]. 
Содан бері жиырма жыл өтсе де, «Лениншіл жас» газетінде көтерілген осы 
өзекті мәселе әлі күнге өз маңыздылығын жойған жоқ. Қайта уақыт өткен 
сайын түрлі проблемаларға килігіп, туған тілдің тағдыры тұсаулы аттың кейпін 
кешуде.
Белгілі ғалым Ә. Болғанбаев «Тіл және шеберлік» атты мақаласында Ана 
тіліне деген журналистер жауапкершілігі туралы мынадай ойлар айтады: 
«Қазіргі қазақ тілі Қазақстандағы сегіз миллионға жуық қазақ халқының ортақ 
дүниесі. Бұл тіл бүгінде сөз байлығы молайған, құрылым-құрылысы 
жүйеленген, жазу ережелері орныққан, стильдік тармақтары сараланып 
жетілген, ауызша да, жазбаша түрде де жалпыға бірдей қызмет ететін ұлттық 
жазба әдеби тіл деген сипат алып отыр. Демек бұдан былай өз ана тілімізді 
қалай пайдаланып, қалай дамытамыз десек, бізде барлық мүмкіндіктің бәрі де 
жасалған. Бұл ретте журналистер қауымына түсер ауыр салмақ, артылар аманат 
ерекше болмақ» [156, 159 б.]. 
Бұл пікірлерді келтіріп отырғандағы себебіміз, ана тілдің ажарын ашып, 
айбынын көтеруде ұлттық журналистика өкілдерімен қатар айтыс 
ақындарының да еңбегі мол болғандығы. Жоғарыда айтылған Ө. Оралбаев пен 
Б. Омаров сияқты зиялы азаматтардың «ана тілдің ажарын аша түссек деген 
перзенттік парыздары» деген ойлары, айтыс ақындарының аңсар-мұратын 
анық айқындап тұрған сөздер. Жетпіс жыл бойы коммунистік идеология 
шылауында болып, тоталитарлық режимнің тар қыспағында өмір сүрген қазақ 
қоғамы үшін тіл тағдыры өте күрделі, көкейкесті мәселе еді.
Қалалық жерлердегі саусақпен санарлық қазақ мектептері, ұлт тілінде 
шығатын азын-аулақ газет-журналдар, кеңестік иделогияның насихатшысына 
айналған телеарналар мен радиотораптары, шын мәнінде ұлт тілінің ажарын 
айшықтап, абыройын көтеруде қауқарсыз еді. Осындай аз мүмкіндік, тар 
ауқымдағы шығармашылық құрылымына қарамастан, ана тілінің бірден-бір 
жанашырлары жазушы-журналистер екендігін ғалым Ә. Болғанбаев орынды 
көрсетеді. Түрлі төңкерістер мен саяси оқиғаларға толы ХХ ғасыр 
аласапыранынан ана тілімізді аман алып қалғандар да рухани шығармашылық 
иелері екендігін ашық айтуымыз керек. Ақындар айтысындағы ұлттық тіл 
мәселесі 1985 жылдың сәуірінен күні бүгінге дейін көтеріліп келеді. Әсіресе, 


197 
ана тілдің айбынын асқақтатып, оның жоғы мен мұңын жырлау ел Тәуелсіздігін 
жариялаған кезеңнен бастап өте өткір айтыла бастады.
Ақындар айтысында көтерілген ұлттық тіл тағдыры туралы айтқанда мына 
екі мәселені ашып көрсеткен дұрыс. Айтыс өнері – қазақ тілінің жоғын 
жоқтаушысы болуымен қатар, сол тілдің ажарын ашып, абыройын 
асқақтатушысы ретінде де қызмет жасады. Қазақ балабақшалары мен 
мектептерінің көптеп ашылуына, ұлт тіліндегі теле,- радиохабарларының 
молаюына, газет-журналдардың жарық көруіне, ақындар айтысы да зор ықпал 
ете білді. Ең бастысы – қоғамдық пікір қалыптастырып, билік назарын ел 
тілегіне аудару болса, жазушы-журналистермен қатар айтыскер ақындар да бұл 
шараға белсене ат салысты. Мәселен Әзімбек Жанқұлиевпен болған айтысында 
ақын Ерік Асқаров сол кездердегі қазақ руханиятындағы жаңалықтарды айта 
келіп, «Алматы ақшамы», «Денсаулық», «Қазақ тілі» сияқты газет-
журналдардың ашылатындығын көпшілікке қуана былайша баяндайды:
«...Өнердің биік болса шаңырағы,
Көбейер қаламгерлер саңылағы.
Қазақ бар он миллион жер бетінде, 
Сол қазақ бір «Жұлдызға» жабылады.
Айтыста айтарыңды сөз етіп ал,
Кейіннен елге пайда қажеті бар.
Осындағы қаншама қазақтардың,
Әдеби жалғыз ғана газеті бар... 
Шабытым газет десе, ышқынды-ай бір, 
Ақыным, сен де мұны ұшқындай біл,
Орысша бір газет бар – «Казправда», 
Қазақтың мұқтажына пысқырмай жүр» [112, 231-232 бб], – деп сол 
кездегі қазақ баспасөзінің ахуалын жан-жақты ашып көрсетеді.
Сайып келгенде, айтыскер Ерік Асқаров көтеріп отырған осы мәселенің 
түп-төркіні ұлттық тіл тағдырына тіреледі. Ана тіліне деген журналистер 
жауапкершілігін, аманатын сөз еткен ғалым Ә. Болғанбаев пікірінің тегін 
айтылмағанын уақыт дәлелдеді. Қазақ ауыз әдебиетінің бай тарихын таразылап, 
арғы-бергі дәуірлердегі халықтың рухани дамуына ден қойсақ, көп мәселе тетігі 
ұлттық тілге, сөз өнеріне байланысты болып келгендігіне көз жеткіземіз. 
Бүгінгі ұрпақ тәрбиесі, жастардың адамгершілік қасиеттері, олардың өнерге, 
дәстүрге, әдебиетке, мәдениетке, ділге, дінге, жалпы, адами болмыс-бітімнің 
қалыптасуына қай заманда болмасын, сөз (тіл) ерекше ықпал етіп келгендігі 
ақиқат. Тіл – ұлт болып қалыптасудың, ұлт болып аман қалудың алтын діңгегі. 
Осыны жақсы түсінген айтыс ақындары да өз мүмкіндіктері жеткенінше 
жырлап, халыққа қапысыз насихаттай білді. Мэлс Қосымбаевпен айтысқан 
ақын Айбек Қалиевтің мын жыр жолдары осы ойларымыздың айқын көрінісі:
«...Датымның біріншісі тілім жайлы, 
Ислам ілім тұтқан дінім жайлы.
Орысша, ағылшынша сөйле деген,


198 
Бүгінгі тірліктегі ұғым жайлы.
Тіл өшсе күні қосы өшетінін,
Шенеуніктер неліктен ұғынбайды.
Парламентте осыны ашып айтпай,
Бостан-босқа бас изеп шыбындайды.
Күні ертең ғаламдасу басталғанда,
Тілің өлсе болмай ма күнің қайғы...» [138, 196 б.]. 
Бұқара халыққа осындай мағыналы ой тастап, көпшіліктің көңілін туған 
тілдің тағдырына аудару, жалғыз Айбек ақынға ғана емес, ел алдына шығып сөз 
сайысына түскен айтыскерлердің баршасына тән деп айта аламыз. Хандық 
дәуірдің дәстүрімен билікке дат айта отырып, туған тілдің болашағына сауға 
сұраған ақын жыры, дәл осы қалпында екі қырынан жарқырай көрініп тұр. 
Біріншісі – қазақ қоғамындағы зәру мәселе тіл тағдырын көтеруі болса, екіншісі 
– сол тілдің алмастай өткірлігін, семсердей жырларымен көрсетіп тұр. «Тіл тас 
жарады, тас жармаса бас жарады», – дейді халық даналығы. Айбек сияқты ұлт 
ақындарының сөзі ашынғандықтан шығып тұр деп кесіп айтуға тағы болмайды. 
Қазақ ежелден сөзді, тілді кұрметтеген халық. Бұл жерде жанға батар қоғам 
қасіретімен қоса көнеден келе жатқан дәстүр сабақтастығының жалғастығын да 
аңғаруға болады. Кезінде сөз туралы Бөлтірік шешен былай деген екен: 
«Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе жоқ, Сөзден жеңіл нәрсе жоқ. 
Сөзден ауыр нәрсе жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылыңды, 
сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылдыға айт. Не сөйлейтініңді біл. Кімге 
сөйлейтініңді біл. Қай жерде сөйлейтініңді біл. Қай кезде сөйлейтініңді біл. 
Қалай сөйлейтініңді біл» [49, 27-28 бб]. 
Бөлтірік шешеннің «Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет» деген нақылы 
бүгінгі айтыс ақындарының қаперінде жүрер қағида болмақ. Халық алдында 
сөз сөйлеп жүрген кез келген зиялы адамның зердесіне тағылым болар бұл 
дәстүрдің салмағы ауыр. Айтыс ақындарының табиғатын ашатын ғалым Р. 
Бердібаевтың мына пікірі бұл ойымызды растай түседі: «Айтыстың аса бір 
өзгеше, дара қасиеті сол – онда әншейінде көзге ілінбейтін жайлар да қалыс 
қалмайды. Шабыты шамырқанған ақындар қызды-қыздының үстінде бет-жүзің 
бар демей, асқынған кесел мен кертартпа кедергілерді бадырайтып айтып-ақ 
тастайды. Және мұның өзі, әсіресе, айтыс өнеріне сыйымды, кешірімді нәрсе. 
Айтыс кезінде қарсы жақтың өз мінін жасыруға шамасы жоқ. Сайысушы ақын 
белгілі дәрежеде әділ қазы да, үкім айтушы да. Ол кесімін бүкіл халықтың 
атынан айтады» [113, 103 б.]. 
Айтыс сахнасы – халықтық пікірді қоғамға ашық айтудың мінберіне 
айналғанын уақыттың өзі дәлелдеді. Халықтың арман-тілегі мен көкіректе 
шемен болып жатқан зар-мұңы айтыс ақындарының тілімен айдай әлемге 
жария болып жатты. Айтыста айтылған әрбір шындық, өзінің діттеген жерінен 
шығып, көрермен халықтың зор ықыласына, қошеметіне бөленді. Қоғамдық 
пікірді қозғап отырып, айтыс өнері ұлттық идеологияның негізгі 
алғышарттарын қалыптастырды. Айтысты тыңдап отырған бір көрермен: «Егер 
айтыс осылай дамып, осылайша ой қозғай берсе, бодандықтың қамытынан он-
ақ жылда құтыламыз», – деген сөзі сексенінші жылдардағы ақындар 


199 
айтысының мақсат-мүддесінің қандай мағынада өткенінен хабар берсе керек. 
Рухани шығармашылық саласындағы халыққа етене жақын ақындар айтысы ел 
Тәуелсіздігі баяндылығы жолында ықпалды қызмет жасаған бірден-бір өнер 
түрі екендігі даусыз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет