Асанов камашке даулетқАНҰлы айтыс өнерінің публицистикалық сипаты Электронды оқулық


  3 ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН ТҰСЫНДАҒЫ АҚЫНДАР АЙТЫСЫ



Pdf көрінісі
бет11/26
Дата27.02.2023
өлшемі1,93 Mb.
#70231
түріОқулық
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   26
Байланысты:
d12a00640c0832fa23edce30a75d6d85 (1)

 


150 
3 ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН ТҰСЫНДАҒЫ АҚЫНДАР АЙТЫСЫ 
 
3.1 Қазіргі айтыстың қоғамдық маңызы мен әлеуметтік мәні 
Ел тәуелсіздігін енді алып, еңсе көтере бастаған ХХ ғасырдың 90-шы 
жылдары ұлт тарихы үшін нағыз сындарлы кезең болатын.
Тәуелсіз елдің іргесін енді бекемдеп, елең-алаң күй кешкен халық 
санасына ұлттық идеология рухы аса қажет болып тұрған шақ еді. Дәл осы 
сәтте, 1986-1991 жылдар аралығында азат ойлап, еркін сөйлеудің аз да болса 
дәмін алып қалған айтыс ақындары ұлттық идеологияның нағыз жалынды 
жаршылары бола білді.
Ол кезде тілге тиек етер тақырып та, шешімі күрделі экономикалық, 
экологиялық, рухани проблемалар да көп болатын. Өлара кезең көркем әдебиет 
пен өнердің көптеген салаларының қалыпты дамуына тежеу болған сәтте, 
қоғамдық аренада публицистика жанры алдыңғы қатарға шығып, өнерде айтыс 
жырлары рухани көшті бастады.
Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы ақындар айтысы ұлттық өнердің өрісін 
кеңейтіп, тынысын ашты. Сөз жоқ, бұл азат ойлап, еркін сөйлеудің жемісі. 
«Идеологиялық өктемдіктен құтылған мәдениет, эволюциялық жолмен ғана 
жаңа ұлттық мәдениетке қол жеткізеді. Шығармашылық ізденіс ахуалын 
тудыру, дарындарды өсіру, этномәдени қажеттілікті жүзеге асыру, ұлттық бай 
қазынаны зерделеу, әлеуметтік, табиғи ортаға ізгілік етудің нәзік құралы тек 
қана мәдениет. Мәдениет бұқара арасындағы енжарлық пен немқұрайдылықты 
жойып, ұлтқа рух беріп, ілгері басуының жолы мен мақсатын айқынырақ 
көрсетеді» [96, 101 б.]. 
Белгілі ғалым, қоғам қайраткері Аманкелді Айталы келтірген осы пікірдегі 
«идеологиялық өктемдіктен» құтылу сөзі тікелей қазақ өнері мен мәдениеті 
бастан өткерген қиыншылыққа, қыспаққа қатысты айтылып отыр. Иделогиялық 
ықпалдан азат болған қазақ өнері мен мәдениеті рухани құндылықтың басқа 
түрлерімен қатар бірден бой көтеріп, өзінің ұлттық сипатын қалпына келтіре 
бастады. Айтыс өнері де, өзінің туа бітті дегдар болмысына қайта оралып,
қазақ байтағына бағзыдағы Қазтуғанша тіл қатты.  
Қарағанды облысының атынан сынға түскен арқалы ақын Аманжол 
Әлтаев, Оралдық Жібек Болтановамен айтысқанда өзінің Азат елдің ақыны 
екендігін зор тебіреніспен жеткізеді:
« ...Кең болсын өр қазақтың керегесі,
Ешкімнен кем болмасын кенересі. 
Есігін жаңа ғасыр ашар сәтте, 
Алланың аз болмасын берекесі. 
«Ағайын құтты болсын!» деп айтамын,
Елімнің Тәуелсіздің мерекесі» [123, 13 б.]. 
Халық асыға күтетін айтыс өнері ХХ ғасырдың соңғы жиырма жылы мен 
ел тәуелсіздігін жариялаған тұстан бері мүлдем жаңаша сипат алып, өзінің 
қуаттылығы мен көкейкестілігін бұқара халыққа жақсы танытты. Ең алдымен 
ұлттық идеологияның жалынды жаршысына айнала білген ақындар айтысы 
ақпараттық-насихатшылдық тұрғыдан басқа өнер түрлеріне қарағанда өзінің 


151 
алымдылығы мен оңтайлылығын қоғамға барынша дәлелдеді. Әрине, бұл 
құбылыстардың пайда болуы кейінгі отыз жылдың бедерінде ғана емес, оның 
тамыры тым тереңде екендігін ғалымдарымыз қазіргі кезде байыпты безбендей 
бастады.
Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан ақындары айтысқа ел егемендігін алған соң 
сахнаға ғайыптан шыға қалған жоқ. Ақындар айтысын ұйымдастырушы, белгілі 
ақын Жүрсін Ерман «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында былай дейді: 
«Біздің белсенді айтысып жүрген 50 мықты айтыскерлеріміз бар. Бұларды біреу 
мейлі жек көрсін, мейлі жақсы көрсін, «не айтады екен» деп халық осылардың 
сөзіне елеңдейді. Айтыстың өткені де пайдалы нәрсе, өйткені халықтың 
ішіндегі шерін шығарады. Біздің қазақтың болмысы сондай – ол мәселе 
шешілсін, шешілмесін, әйтеуір ақындардың аузымен айтылса, халыққа тараса, 
қыбы қанып, айызы қанып, қуанып отырады» [124, 3 б.]. 
ХХ ғасырдың елуінші жылдарына дейінгі айтыста, ХІХ ғасырдағы халық 
ақындарының көзін көріп, тәлімін алған Нұрқан Ахметбеков, Ғабдиман 
Игенсартов, Жолдыкей Нұрмағамбетов, Иса Биназаров, Шашубай Қошқарбаев, 
Маясар Жапақов, Нұрлыбек Баймұратов, Сәттіғұл Жанқабылов, Орынбай 
Тайманов, Жақсыбай Жантөбетов, Қазанқап Байболов, Нартай Бекежанов, 
Қайып Айнабеков, Ілияс Манкин, Болман Қожабаев сияқты ақындар болса, осы 
көштің соңын ала шығып, кейбіреулерімен сөз қағысып үлгерген Манап 
Көкенов, Қалихан Алтынбаев, Көпбай Омаров, Әсімхан Қосбасаров, Құлжабай 
Төлеуов, Бақытжамал Оспанова, Сағынғали Мұқанов, Қимадиден Нұғыманов, 
Шолпан Қыдырниязова т.б. ақындар айтысты өздерінен кейінгі толқынға 
аманаттады. Айтысқа жанрлық, мазмұндық, пішіндік тұрғыдан түбегейлі 
өзгеріс әкелген, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан айтыс ақындарының алдыңғы, аға 
буыны ретінде, халық ақындары Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова, 
Қонысбай Әбілов, Баянғали Әлімжанов есімдері аталады. Жоғарыда айтып 
өткенміздей, бүгінгі айтыс ақындары да аяқасты, ғайыптан қолдарына домбыра 
ұстап шыға келмегендігін, төл өнердің тамыры тереңнен бастау алып, дәстүр 
сабақтастығынан туындағанына тағы да көз жеткіземіз.
Белгілі ғалым Ә. Нарымбетов әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдық туралы 
мынадай пікірлер айтады: «Дәстүр мен жаңашылдық бірімен-бірі табиғи 
тамырлас, тұтасқан диалектикалық бірлік құбылысы. Әдебиет – қоғам өмірінің 
айқын сәулесі десек, сол қоғам өмірінің қай саласында болмасын, дәстүр мен 
жаңашылдық бірімен-бірі тығыз байланысты. Сондықтан да, әдебиеттегі дәстүр 
мен жаңашылдықты бірінен бірін бөле-жара қарауға болмайды. Әдебиеттегі 
жаңа құбылыс дейтініміз, сол көп жылғы тәжірибенің, көркемдік дәстүрдің 
озығы болуы тиіс» [125, 22 б.]. 
Ауыз әдебиетінің негізгі салаларының бірі болып саналатын айтыс 
жырларының қалыптасып, дамып, өсу барысына да дәл осындай пікір айтуға 
болады. Жанрлық, пішіндік, мазмұндық өзгеріс болғанымен, оның тамыры мен 
мәні ұлттық өнердің бағзылық бастау бұлағынан нәр алатыны табиғи заңдылық.
«Халықтың айызы қанып, қуанып көретін» айтыс өнері шын мәнінде 
қоғамдық маңызы зор, әлеуметтік мәнге ие болды. Өмірде болып жатқан өзекті 
мәселелерді газет пен теледидардан оқып-көруден гөрі, сахнадағы ақындардың 


152 
аузынан есту, көпшілік үшін аса мәнді һәм қызықты еді. Шын мәнінде, бұл 
құбылыстың да өзіндік психологиялық астары бар. «Қазақ журналистикасы» 
кітабының үшінші томында ғалым С. Медеубековтың «Қазақтың ауызекі 
көсемсөзі» атты ғылыми мақаласы жарияланған. Аталмыш мақалада «терме» 
өнерінің танымдық-тағылымдық мәніне ғылыми байламдар айтылады. 
Мәселен, қазақ халық поэзиясында әуен, мақамсыз айтылатын өлең, жырдың 
жоқ екенін, қанатты сөздер мен шешендік ойларды айтқанда сөйлемдер мен 
тармақтар белгілі бір әуезділікке бағындырылатынын айтады. Сондай-ақ, бұл 
жағдай нақты сәттегі психологиялық жағдайға байланысты айтушының дауыс 
бояуына, үнінің тембріне, жан дүниесінің өзгеруіне қарай әрқалай құбылып 
отыратындығын келтіреді. Осылай деп ғылыми пікір келтірген зерттеуші, сөз 
бен музыка үндестігіне былайша тұжырым жасайды: «Терменің жанрлық 
сипатын айқындайтын екі компонент бар. Бірі – әдеби негіз де, бірі – 
музыкалық тұғыр. Бұлар қобыздың қос шегіндей бірінсіз бірі өмір сүре 
алмайды. Терменің табиғатын анықтарда бұл екеуін қатар алып жүрмесе, 
ойымыз олқы, сөзіміз жалқы болып табылады» [126, 333 б.]. 
Зерттеуші ғалымның «термеге» қатысты осы тұжырымдарының айтыс 
өнеріне де қатысты тұстары көп. Біріншіден айтыс жырлары да саз аспабының 
сүйемелдеуімен, белгілі бір әуен-сарынмен айтылады. Яғни, жыр мәтіні 
әуенмен әрленіп, тыңдаушының жан дүниесіне ерекше әсер береді. Туралап 
айтсақ, әуен-саз сөзді тірілтіп, жырдың өн бойына қан жүгіртеді. Тыңдаушы 
немесе көрермен айтыс үстінде айтысушы ақындардың бірнеше қасиет 
қырларының куәсі болады. Олар: ақынның жанды бейнесі, ым-ишараты, үн 
әуезділігі, сөз мағынасы, домбыра қағысу, жауаптасу, қайымдасу шеберліктері. 
Мұның сыртында айтысушы ақынның білім-парасаты, ойлау өресі, шабыты 
(арқасы) сияқты көрермен тікелей көріп, түйсіне алатын көптеген сипаттары 
тағы бар.
Міне, айтыс өнерін халықтың ежелден қызыға көріп, тамашалауында 
осындай сырлар жатыр. Зерттеуші ретінде һәм осы өнердің ішінде жиырма 
жылдан астам уақыт жүрген айтыс ақыны ретінде көріп, сезген немесе естіген 
мына жайттарды айта кетудің артықшылығы жоқ деп ойлаймын. Керісінше, бұл 
ойлар айтыс табиғатын тануға біртабан жақындата түсері сөзсіз. Алдымен 
ақынның әуеніне тоқталсақ. Айтысушы ақынның дауыс ырғағы (тембрі) мен 
әуені оның суырыпсалып айтып отырған жыр шумақтарының мәнінен ешбір де 
кем емес. Кей жағдайда, әншілік-термешілік қасиеті басым, бірақ ақындық 
қуаты төмен айтысушылар көпшіліктің ықыласына бөленіп, абыройлы болып 
жатады. Ал, керісінше сөзі салмақты терең ойлар айтып отырған ақынның әуен-
сарыны төмен, әуезділігі жағымсыз естіліп жатса, ондай айтыскерлерді 
көпшілік немқұрайды тыңдап, селқос отырады. Бұл да айтыс өнерінің өзіне тән 
бір қыры. Екіншіден, ақынның киген киімі, отырыс-тұрысы, домбыра қағысы, 
сахнадағы еркіндігі сияқты мәселелердің де айтысқа тигізер әсері мол. Айтыста 
астарлы сөз, нақыл, мақал-мәтелдерді де жиі қолдануға тура келеді. Ұлылардың 
сөзінен дәлел (цитата) қолдану сәттері де жиі кездеседі. Мұндай жағдайда үтір, 
көп нүкте, леп белгісі, тырнақша сияқты емлелік ен-таңбалардың рөлін 
ақынның бет-жүзі, ым-ишараты, дауыс интонациясы атқаратыны белгілі.


153 
Айтысушы ақын осы мүмкіндіктердің барлығын дұрыс орындай білсе, ол 
да шеберліктің үлкен белгісі болып саналмақ. Соңғы төрт-бес жылдың 
көлемінде айтыс өнері туралы түрлі пікірлер баспасөзде жиі жарияланып 
келеді. Мәселен, белгілі айтыс ақыны Серік Құсанбаев «Жас Алаш» газетіндегі 
«Өсіреміз деп жүріп өшіріп алмасақ жарар еді» атты мақаласында айтыс 
мақамы туралы төмендегідей пікірлер келтіреді: 
«Әр ақынның өзіне, мекен еткен өңіріне тән мақамдары, домбыра 
шертістері болушы еді. Көзі қарақты көрермендер теледидардан көрмей-ақ, 
радиоқабылдағыш арқылы қай ақынның кіммен айтысып жатқанын сазына, 
әуеніне қарап-ақ айыра алатын. Ал қазіргі айтысқа лек-легімен, топ-тобымен 
қосылып жатқан жаңа буын ақындардың жаттап алған екі-үш әуені бар, соны 
қайталап айта беруден не жалықпайды, не шаршамайды» [127, 5 б.]. 
Айтыс өнеріне қатысты айтылған сынның салмақты жағы осы әуен-
мақамға байланысты. Мұның өзі айтыскер ақынға мағыналы жыр мен қатар 
әуезді мақамның да қаншалықты қажет екендігін аңғартса керек. Сонымен, 
айтысқа қызығушылықтың осындай қасиет-қырлары бар екендігіне көз жеткізе 
отырып, негізгі тақырыпқа оралайық.
1991 жыл халқымызға Тәуелсіздік әкелген ырысты, бақытты жыл ретінде 
тарих бетіне алтын әріппен жазылды. Тәуелсіздік алған қазақ халқын толағай 
проблемалар күтіп тұр еді. Арал азып, жер тозып, полигон зардабы халықты 
әбден күйзелтіп біткен болатын. Экономика құлдырап, рухани дүниеміз жұтаң 
тартып, тек Тәуелсіздік атты ұлы ұғым ғана санаға сенім ұялатып, болашақтан 
күдер үздірмеді. Дәл осы сәтте айтыс өнері ұлттық идеология жаршысына 
айналды. Қоғамда болып жатқан түрлі келеңсіздіктерді өткір сынға ала отырып, 
айтыс ақындары халықтың болашаққа деген намыс-жігерін оята білді. БАҚ-ның 
ішінде теледидардың пәрменділігі артып, айтыс ақындарының жалынды 
жырлары бүкіл Қазақстан аумағына тарап жатты.
Халық сезініп отырған қиыншылық пен жоқшылықтың уақытша екендігін, 
ең бастысы, ел амандығы, сол елдің Азаттығы екендігін айтыс ақындары жырға 
қосып, мұңға, сары уайымға берілудің қажеті жоқтығын тілге тиек етті. 
Көкшетаулық ақын Баянғали Әлімжанов Дәулеткерей Кәпұлымен болған 
айтысында осы айтылған жағдайларды былайша түйіндейді:
«...Азаттық ата жолы жалғаса ма,
Біреулер балағыңа жармаса ма? 
Қан кешіп аталарың армандаған
Елімнің осы күнгі азаттығын
Кім кәне, айырбастайды колбасаға?» [128, 371 б.]. 
Үнемі көкейкесті, келелі мәселелерді қозғап жүретін ақын Б. Әлімжанов 
айтыстарының әлеуметтік мәні қоғамдық маңызын екшеп айтуға болады. 
Ақынның саясат пен экономикадан, һәм ұлттық тарих пен әдебиеттен мол 
хабардар болуы оның айтыс барысында кез-келген проблеманы тереңнен 
қаузап жырлауына мол мүмкіндіктер беріп отырады.
Мәселен, ел тәуелсіздігі әлі жарияланбаған 1991 жылдың 5-6 қазан күндері 
өткен Республика күніне арналған айтыста Баянғали ақын былай деп жыр 
толғайды:


154 
«...Егемен деген осы не қылған сөз, 
Бұл өзі қайдан, қалай табылған сөз? 
Еркіндік, тәуелсіздік тұрған кезде 
Халықты алдау үшін қағынған сөз,
Шынжырды мойындағы босатпауға 
Қазық боп жерге мықтап қағылған сөз!  
Ұмтылды азаттыққа қазақ бүгін
Қазақтың мен білемін ғажаптығын. 
Егемен-сегеменді мен білмеймін 
Қазақтың беру керек азаттығын...» [128, 95 б.]. 
Айтыс ақындарының ұлттық идеология жаршысы екендігі һәм бұқаралық 
пікір қалыптастыруда насихатшылдық рөл атқарғандығын осындай жыр 
жолдарынан анық аңғарамыз. Тәуелсіздік жылдардың қарсаңы мен азаттық 
алған уақыттан кейінгі кезеңдерде айтыс ақындары ұлттық идеологияның 
қызметін мінсіз атқара білді. Бұл туралы көрнекті ғалым, айтыс жанашыры
М. Жолдасбеков төмендегіше пікірлер білдіреді: «...Тәуелсіздік алған 
жылдардан бастап айтыстың ежелгі дәстүріне құрмет көрсетіліп, 
айтыскерлердің еркін ой толғап, кең көсіле құлаштауына жол ашылды. Тілінің 
тұсауы кесілді. Соның нәтижесінде айтыс өнері тұла бойындағы қасиетін 
сақтай отырып халқымызбен қайтадан жаңаша қауышты. Ақындардың ойы да, 
сөзі де шешілді. Еркін ойлайтын, батыл айтатын, бетінен ешкім қақпаған кең 
тынысты жас буын ақындар келді. Олар қоғамдық, әлеуметік саладағы 
көлеңкелі тұстарды дөп басып, дәл танып, жетер жеріне жеткізіп айтуға 
тырысты. Жеткізіп айтты да. Ақындарға бұл тұста айтар тақырыпты да дәуір өзі 
даярлап берді...» [121, 6 б.]. 
Шын мәнісінде тәуелсіздік таңы атқан тұста қазақ қоғамында тілге тиек 
етер көлеңкелі тұстар мен шешуі күрделі проблемалар өте мол болатын. Бұл 
кезеңде ұлттық ана тіліміздің де тағдыры қыл үстінде тұр еді. Бір ғана ұлттық 
тілге байланысты қаншама мәселелер күн тәртібінде тұрды. Арал, Балқаш 
тағдыры да ақындардың назарынан тыс қалған жоқ. Қарағандыда өткен 
облыстық ақындар айтысында торғайлық ақын Қонысбай Әбілов осы 
мәселелерді көтере білді.
«Шіркін-ай көл бар ма еді Балқашымдай,
Елімнің сыймай жатқан картасындай.
Тартылуға айналды сол тереңім,
Ойы тайыз жандардың арқасында-ай! 
Ойсыздарға осылай оңай бәрі,
Жан бағуды қашанда қолайлады. 
Балқаш деген Арқаның шар айнасы,
Абайсызда сындырдық сол айнаны» [129]. 
Ақындар айтысының қоғамдық маңызы артып, әлеуметтік мәнінің 
тереңдей түсуіне сол кездегі ақпарат құралдарының пәрменді саласы болып 
саналатын теледидардың ықпалы орасан зор болды. ХХ ғасырдың 80-ші 
жылдарынан бастап ақындар айтысын ұйымдастырушы және оны теледидар 
арқылы тұрақты беріліп тұруын қолға алған, ақын, журналист Жүрсін Ерман 


155 
еңбегін ерекше атап өткен орынды. Ақындар айтысының кемелденіп, өзінің 
ұлттық болмысын сақтап қалуына да
және заманға лайық жаңаша сипат алуына 
да көп еңбек сіңірген һәм қамқор болған ақын Ж. Ерман екендігін қазақ қоғамы 
жақсы біледі.  
Айтыс өнерінің тұтас ұлттық сипатқа ие болып, қоғамдық маңызының арта 
түсуі, сөз жоқ, көгілдір экран арқылы Қазақстан халқына көрсетілуімен 
байланысты.
Осы жағдайды дұрыс пайымдаған өнертанушы ғалымдарымыз да бұл 
туралы өз пікірлерін білдіріп келеді. «Ұлттың ұлт болып ұюына, өзін-өзі танып 
болашағын бағдарлауына ақындар айтысы ерекше үлес қосып отыр деп 
мойындасақ, сол айтыстың көгілдір экран арқылы отбасына жетуіне «Хабар» 
агенттігі жабық акционерлік қоғамының үлкен қамқорлық жасап отырғанын 
айтпай кету әділетсіздік болар еді» [130, 7 б.]. 
Осы жерде басын ашып айта кететін мәселе – ақындар айтысының 
теледидардан көрсетілуі – өнердің өрісін кеңейтуге қосқан замана 
технологиясының жетістігі екендігі. Кейінгі кездерде «телеайтыс» немесе 
«телевизиялық айтыстың» жанрлық ерекшелігі, көркемдік деңгейі деп атау 
байлып, айдар таққан сөздерді күнделікті баспасөзден, теледидардан, ғылыми 
мақалалар мен баяндамалардан жиі естіп, оқып жүреміз. Өзінің бастауын бағзы 
дәуірлерден алатын айтыс өнерінің табиғаты теледидардан көрсетілгелі мүлдем 
өзгеріп кетті деу ағаттық. Қазіргі айтыс та бұрынғы айтыстардың дәстүрлі 
жолын жалғастырып келеді. Әрине, теледидарға түсіріп, көпшілікке ұсыну 
механизмі барысында, пішіндік және уақыттық тұрғыдан біраз оңтайландыруға, 
ықшамдауға бейімделгені рас.
Бірақ, бұған қарап, өмірге айтыстың жаңа түрі телевизиялық айтыс келді 
деп кесімді пікір айтуға болмайды. Мағынасы терең, мәнді айтыстарға уақытты 
молырақ беру, ақын Ж. Ерман жүргізген телеайтыстарда ертеден қалыптасқан 
дәстүр. Сондай-ақ, ақындардың барынша ашылып жырлауына мүмкіндік 
беретін «Жекпе-жек», «Аламан» айтыстардың да теледидардан көрсетілуі 
ұлттық өнердің табиғилығын жоғалтпауына жасалған бірден-бір қамқорлық деп 
түсінген жөн.
Қалай десек те, айтыстың теледидардан көрсетілуін, оның бұқаралық 
маңызын арттырып, ұлттық идеологияның жалынды жаршысына айналуына 
мол 
мүмкіндіктер 
берді. 
Тележурналистиканы 
зерттеуші, 
ғалым
М. Барманқұлов өзінің еңбегінде мынадай тұжырымдар келтіреді: 
«...Телевизиялық репортаждың газет репортажынан көрініп, естілетіндігі 
арқылы, сондай-ақ, тілші қызметінің тосындыққа, суырыпсалып айтуға 
негізделуі арқылы айрықшаланады.
Тосын және суырыпсалып айту тақырыпты жете білмейтін адамның 
мардымсыз әңгімесі емес, мәтінсіз әрі әдеби сөз байлығына негізделген 
білімдар журналистің жүйелі әңгімесі. Ол кез келген күтілмеген жағдайда 
сараптап, бағалауға икемді, сұрақтарды және оқиғаның сипатын айшықтап 
беруде алдына жан салмайды...» [131, 172 б.]. 
Зерттеуші ғалымның осы тұжырымдары тележурналистерге қойылар 
талаптарды айқындап тұр. Бірақ М. Барманқұлов келтірген осы қисындардың 


156 
экрандағы айтыс ақындарына тән екендігін, зерделі оқырман бірден аңғарар еді. 
Күтілмеген жағдайда сараптап бағалауға икемді болу қасиеттері айтысушы 
ақындарға өте қажет қасиеттер. Самаладай жарқыраған жарықтың астында 
сансыз камераларға қарап отырып айтысу, айтыс ақындарына жыр айту 
жауапкершілігін одан сайын тереңдете түседі. Қазіргі айтыс ақындарының 
сөзін шағын топ немесе белгілі бір аудитория адамдары ғана тамашалап 
қоймайды, өткізілген жыр додасын миллиондаған көрермен көреді. Міне, бұл 
қазіргі айтыстың бұрынғы айтыстарға қарағанда, әлеуметтік жүгінің 
салмақтылығын һәм ерекшелігін айқындайтын құбылыс.
Сондықтан да, қазіргі айтыс ақындары жыр сайысына осындай үлкен 
жауапкершіліктерді сезініп шығады. Бұл бір жағынан қазіргі айтыстың 
психологиялық аспектілерін көрсетсе, екіншіден ақындарды этикалық-
эстетикалық сипаттарының сахнаға лайық қалыптасуына мүмкіншіліктер 
береді.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері ауылдық, аудандық, облыстық, 
аймақтық 
дәрежеде 
өткен 
айтыстарды 
айтпағанда, 
республикалық, 
халықаралық дәрежеде қаншама сөз сайыстары өткізілді.
Мұның сыртында айтыс өнері өзінің шығармашылық өрісін кеңейтіп, 
Мәскеуде, одан кейін Париж қалаларында болып, Еуропа жұртшылығын өз 
шеберліктерімен тәнті етті. «2002 жылдан бастап «Айтыс» бағдарламасы 
«Каспионет» спутниктік жүйесі арқылы халықаралық деңгейге шығып, 
аптасына бір рет алыс-жақын шетелдегі ағайындардың рухани серігіне айналып 
отыр» [130, 7 б.]. Көршілес өзбек, қырғыз елдерінде өткізілген айтыстар мен 
Қытай, Монғолия елдеріндегі қандас бауырларымыздың төл өнерге деген 
ықылас-пейілдері өте жоғары болды. ХІХ ғасырдағы қазақ даласында, ХХ 
ғасырда кеңес дәуірінде ұлттық шеңберде өткізіліп келген ақындар айтысы XXI 
ғасырға иек артар тұста өзінің шығармашылық кеңістігін осыншама ұлғайтуы, 
оның сөз жоқ, халықтық өміршең өнер екендігін дәлелдейтін жайттар. Ақындар 
айтысы дамып, қанатын кеңге жайған сайын, оған деген сан-алуан қоғамдық 
пікірлердің де мол болуы заңдылық. Оның бірі айтыс өнерін сын садағына 
алушылар болса, екіншісі оның қоғамдық маңызы мен әлеуметтік мәні зор 
екендігін айтып, ғылыми пікір айтушылар болды. Екіұдай, қарама-қарсы 
пікірдің негізгі нысанына айналса да, ақындар айтысты өзінің шығармашылық 
ғұмырын тоқтатқан жоқ. «Қазақстан» телеарнасында өткізілген пікірталас 
негізіндегі хабарда көрнекті жазушы Дулат Исабеков қазақтың айтыс өнері өз 
миссиясын атқарып болды, енді оның қаншалықты маңызы бар екен деген 
ойларын ортаға салды: «Біздің айтыскерлер айтыспайды. Кезінде Қадыр Мырза 
Әлі қазылар алқасының төрағасы болып тұрған кезде айтыскерлерге «Ау, қыз-
жігіттер, айтыссаңдаршы, сендердікі айтыс емес қой!» деп талай ескерту 
жасаған. Айтыстың көркемдік деңгейінің төмендеп кету себебінен осындай 
сұрақтар туындап жатады. Бельгердің айтқан сөзін жоққа шығармауымыз 
керек. Германияда да айтыс болған. ХІ-ХІІ ғасырларда ағылшын әдебиетінде де 
болған. Ағылшындар күні-түні айтысқан. Олар жазба әдебиетінің шыңына 
жеткеннен кейін, баяғы ортағасырлықты қайталамайық» деген қаулыны Гетенің 


157 
өзі қабылдап барып, айтысты тоқтатқан болатын. Бір-біріңізді сылап-сипамай, 
осы жөнінде ойларыңызды ашық айтыңыздар...» [132, 3 б.]. 
Осы мәндес пікірлерді бұқаралық ақпарат құралдарынан жиі оқып немесе 
тыңдауға болады. Мұндай көзқарастың қалыптасуына, кейінгі жылдары 
өткізіліп келе жатқан айтыстардағы түрлі кемшіліктердің орын алуы себеп 
болып отыр. Бұл кемшіліктердің түп-төркіні туралы «Қазіргі айтыстың 
көркемдік деңгейі» атты тарауда кеңірек тоқталатын боламыз.
Пікір қайшылығының сан алуан болуы, әрине, айтыс өнеріне белгілі 
дәрежеде әсер етпей де қоймайды. Дегенмен де, айтыстың әлеуметтік мәні мен 
қоғамдық маңызын дөп басып танып, орынды пікір айтқан ғалымдарымыз бен 
ақын-жазушылар да баршылық. 2008 жылғы 10 қаңтарда «Ана тілі» газетінде 
жарияланған ақын Биғайша Медеудің «Айтыс жауынгерлік сипатынан 
айырылды» атты мақаласы өзінің өткір сын-пікірлерімен ерекшеленеді. 
Мақалада Ж. Ерманов жүргізген телевизиялық айтыс бағдарламасы өз кезінде 
танымдық қызмет атқарғандығы айтылады. Сондай-ақ айтыстың «Қайым», 
«Түре», «Сүре», «Жұмбақ», «Қыз бен жігіт» түрлерінің кең насихатталғанына 
оң пікір білдіреді. Бұл жобаның айтыстың жас керуен көшіне қозғау салғанын 
айта келіп, айтыс туралы мынадай пікірлер келтіреді: «Айтыс объектісі ежелден 
сын болатын. Кемшілікті нысана ете отырып, қоғамдағы өзекті мәселелердің 
тамырын дөп басатын. Арғы замандарда, кеңес дәуірінде де сын нақты иесіне 
бағышталды. Сондықтан, айтыста айтылған кемшілікті басшылар тыңдап, 
қосшылар қорытынды шығаруға тырысты. Айтыстың қоғамдағы мәртебесі, 
билік алдындағы пәрмені күшті болды. Бір сөзбен айтсақ, айтыскердің аузынан 
шыққан сөз елдің гүлденуіне қызмет етті» [133]. 
Сайып келгенде, айтыстың қоғамдық маңызы мен әлеуметтік мәнінің 
артуына айтысушы ақындардың шығармашылық біліктілігі мен таным-
түйсіктері әсер ететіндігі сөзсіз. Егер айтысушы ақынның өзі мынадай пікір 
білдіріп отырса, өнердің өзектілігі қалай өміршең болсын? «Жас қазақ» 
газетінің 2006 жылғы 24 қараша күнгі санындағы «Дайындалып шығу Сүйінбай 
мен Жамбылдың кезінен бар үрдіс» атты сұхбатта айтыстағы жас буынның 
тегеурінді өкілі саналатын Рүстем Қайыртайұлы қазіргі айтыстың деңгейіне 
былай деп пікір білдіреді: «Бүгінгі айтыс заманға сай икемделген секілді. 
Ұнамайтын жақтары да көп, бірақ заман өзгерген соң, салт-дәстүр де соның 
ыңғайына бейімделіп, өзгеретін сияқты. «Бүгінгі айтыстың қоғамдағы рөлі зор» 
деп айта алмаймын, дегенмен өнер ретінде жақсы көрем. Ықпалы да жоқ емес, 
әрине. Бірақ өте аз. Меніңше, қазір айтыстың демалу сипатында халыққа әсері 
мол» [134]. 
Айтыстың сауықшылдық сипаты туралы М. Әуезов те айтқан болатын. 
Айтыс өлеңдерінің арғы тегі мен дамуын зерттеген, ғалым М. Жармұқамедұлы 
еңбегінде де осы мәселеге қатысты: «Шынында да театр өнері жетіліп 
қалыптаспаған елде, айтыстың бір кезде жұрт көңіл көтеретін, бас қосу 
жиындарда ден қоя тыңдап, эстетикалық ләззат алатын сауықшылдық сипаты 
мол болғаны рас. Айтыстың қолма-қол суырыпсалып айтылатын тың мазмұны 
мен тыңдаушы жұртты тез еліктіріп әкететін баурағыш қасиеттері де айрықша», 
– [135, 25 б.] деген пікірлер айтылады.


158 
Кез келген рухани құндылықтар – адамзат игілігі үшін қызмет етеді. Ол 
рухани шығармашылықтың түрлері адамзат санасына түрлі жағдайларда әсер 
етеді. Мәселен, күлдіру, жылату, ойландыру кейпінде көрініс тауып, 
нәтижесінде адамға тағылымдық-тәрбиелік тұрғыда рухани қуат береді. 
Сауықшылдық, адам жанын рухани ләззатқа бөлеу, демалдыру айтыс 
табиғатының бір ғана қыры. Зерттеуші ғалымдар пікірлерімен келісе отырып, 
бұл қасиет айтыс өнерінің негізгі қырларының бірі деп те айтуға болады. Бірақ 
осы пікір айтыс өнеріне біржақты объективті баға емес екендігін естен 
шығармағанымыз абзал.
Айтыс өзінің қарекет-қимылын сөз арқылы жүзеге асыратын өнер түрі. Ал 
сөз өнері қашаннан адамзат иігілігі үшін қызмет атқарып келе жатқандығын 
ескерсек, айтыстың қоғам, халық алдындағы басты қыры өзінен-өзі 
айқындалатыны түсінікті.
1991 жылдан бергі өткізіліп келе жатқан ақындар айтысында халқымыз 
бастан өткеріп отырған әрқилы проблемалар тіл, дін, діл, оқу-ағарту, мәдениет, 
әдебиет, өнер, нарықтық жағдайдағы жер-су, экология, өнеркәсіп, өндіріс 
сияқты толып жатқан қоғамның көкейкесті мәселелері көтеріліп отырды. 
Айналып келгенде осы тақырыптардың барлығы халық мүддесі негізінде 
жырланып, ұлттық идеологияның негізін жасауға мұрындық болды. Сатылып 
жатқан жер, шетел асып жатқан қазба байлықтар, ал соның ғасырлар бойғы иесі 
қазақтың рухани һәм материалдық болмысын көрсету арқылы айтыскер 
ақындар халық санасына ой тастап, жігерін жанып, намысын оята білді.
1990 жылы Алматы қаласында өткен Наурыз айтысында павлодарлық 
Серік Құсанбаев қарағандылық ақын Қуаныш Мақсұтовпен болған сөз 
сайысында сол уақыттың саяси ахуалы және ел мен жерді аздырған полигон 
зардабын тілге тиек етіп, төмендегідей мәселелерді өткір көтереді:
«Жырларың жорғадайын желсін мейлі, 
Дей көрме мұны достың менсінбейді.
Шығыстан сайланған бір депутатың, 
Шығысты Россияға берсін дейді. 
Болса екен, халқым, әр кез оң қадамың,
Сол жайды ойлауменен толғанамын.
Ол аздай Абай бабам аруағының, 
Басында күнде жарды бомбаларын» [121, 161 б.]. 
Айтыс сайын келелі үлкен мәселе ретінде жиі айтылатын тақырып, 
қазақтың бірлігі мен татулық, ынтымағы жайындағы терең толғаныстар десек 
болады. Бір қазақты үш жүзге, руға бөлу сияқты іштен ірітетін жаман қасиет 
ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дерт. Кешегі би-шешен, ақын-
жырауларымыздың өзі «алты бақан алауыздықпен» күресіп, «бөлінгенді бөрі 
жейді», «алтау ала болса ауыздағысы кетеді, төртеу түгел болса төбедегісі 
келеді» деп халықты бірлік-ынтымаққа шақырып өткен. Дегенмен де, «ауру 
қалса да, әдет қалмайдының» керіндей, ұлт бойындағы осы осал қасиет ХХІ 
ғасыр табалдырығын аттасақ та, ұлтпен бірге жасасып келеді.


159 
Ұлт тұтастығы туралы ұлықты ойлар ел тәуелсіздігін алған жылдардан 
кейінгі айтыстарда батыл айтылып, халықты бірлік, ынтымаққа үндеген өрелі 
сөздерді айтыс ақындары жырларынан жиі байқауға болады. Мұның өзі 
өскелең ұрпақты елді, Отанды сүюге шақырған идеологиялық насихат 
сипатында өріс алып отырды. Мәселен, осы тұрғыда айтылған айтыс 
ақындарының жырларына құлақ түріп көрсек.
Ерік Асқаров: 
«Барлығы бір қазақтың баласы ғой,
Бірер сөз жұбатуға табасың ғой.
Жағдайдың желі ысырған сырттағы елім 
Жанымның жазылмаған жарасы ғой...» [112, 229 б.]. 
Серік Құсанбаев: «...Сан жұлдыз мезгілден тыс ақпады-ма ай, 
Сенің де құйындай боп аққаның-ай.
Отырған қарға тамыр қазағымды 
Надандық-қараңдықтан сақта Құдай! 
Бұл сөзім дей алмаймын шығар айып,
Жөн дейік мұны ағайын, құп алайық.
Бөлінбей Ұлы жүз деп, Кіші жүз деп,
Жеңнен қол, жағадан бас шығарайық» [121, 151-152 бб]. 
Аманжол Әлтаев: «...Қазақ елі көтерер бір жүгіміз,
Алаласақ қанайды кіндігіміз. 
Қайғының тамшысына шомылмасын, 
Алашым, азат күнде кірпігіміз. 
Бәріміз бір қазақтың баласымыз,
Ағайын, жасай берсін бірлігіміз...» [123, 38 б.]. 
Дәулеткерей Кәпұлы: «Басыңда бақ тұрғанда бірігесің, 
Алтын мен мыстай болып кірігесің. 
Қапыда ынтымағыңды ыдыратсаң, 
Қанжілік болған оттай жінігесің...» [123, 72 б.]. 
1986 жылдан бергі ақындар айтысынан ел бірлігі, ынтымағы туралы 
мұндай ойларды жиі кездестіруге болады. Әр айтыс сайын түрленіп айтылып 
отырған ақын ойлары, халық зердесіне сәуле ұялатып, белгілі дәрежеде өз 
жемісін беріп, ХХ ғасырға дейінгі айтыс жырлары рулық, тайпалық сипатта 
өрілсе, Кеңес дәуірінде ұлт тұтастығы, ел бірлігі сияқты ойлар айтылған жоқ. 
Керісінше он бес одақтас республикалардың достығы мен Қазақстанды 
мекендеген жүз отыз ұлт өкілдері айтыс жырларына арқау болды. Ұлттық 
ұғымдарды қастерлеу 1986 жылдың сәуірінен бастап, жайлап айтыла бастады. 
Ал ел тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылдың желтоқсанынан кейін айтыс 
көшіне келіп қосылған тегеурінді жас толқын, кез келген тақырыпты тереңнен 
қаузап, шындықты жеріне жеткізіп жырлағанына халық куә.
Айтыс өлеңдерінің арғы тегі мен дамуын зерттеген ғалым
М. Жармұқамедұлы айтыстағы тарихи және көркем шындық туралы ойларын 


160 
былайша өрбітеді: «Қашан да айтыс қоғамдық-әлеуметтік болмыстан тыс дами 
алмайды. Оның құндылығының өзі де сол өмір шындығын қаншалықты терең 
әрі шебер бейнелейтіндігімен өлшеніп бағаланса керек. Қарсылас екі ақын 
айтысқанда да сол шындық басты өлшемге алынады. Алайда, осы өмірлік 
шындықты айтудың өзі әр ақында әртүрлі. Бұл мәселе олардың ұстанған 
қалыпты дәстүрі мен әлеуметтік көзқарасына келіп саяды...» [135, 126 б.]. 
Әрине, қолына домбыра ұстап, айтыс көшіне қосылған ақынның бәрі 
ғалым М. Жармұқамедұлы келтірген талап үрдісінен шыға бермейтіні тағы рас. 
Кейбір ақындар қарсыласының киген киімі мен сөйлеген сөзін, алдында тұрған 
шайын жырлаудан әріге бара алмай, тұсаулы аттай кібіртіктеп қалатындығы 
айтыс барысында әредік байқалып отырады.
Айтыс өнеріне кері пікірдің, теріс көзқарастың қалыптасуына да осындай 
көріністердің себеп болып жататындығы ақиқат. Дегенмен де, қазіргі айтысқа 
қатысып жүрген ақындардың бәрі дерлік орта білімді тәмамдаған көзі ашық, 
көкірегі ояу, сауатты азаматтар. Араларында ғылым кандидаты, докторлық 
қорғағандары да бар. Көпшілігі түрлі лауазымды қызмет атқарып жүрген 
жоғары білімді мамандар. Ақындарының интеллектуалдық деңгейі айтыс 
өнерінің әлеуметтік мәні мен қоғамдық маңызын көтеруге әбден лайық. Ішінара 
кейбір сөз сайыстарын айтпағанда, қазіргі айтыс жалпы алғанда жоғары 
деңгейде деп айтуға толық негіз бар.
Қазіргі айтыстың ұстанған позициясы мен әлеуметтік көзқарасы қашанда 
белгілі бір мақсатта тоқайласып, бір-бірімен үндес мағыналас тұрғыда дамып, 
жетіліп келе жатқандығын көрсетеді.
Билікті мақтап, жақтап сөйлеген айтыс ақындары некен-саяқ немесе жоқ. 
Сайлау науқанына байланысты өткізілген айтыстардың өзі жеме-жемге 
келгенде билікті қолдауға емес көбіне сынауға ұласып жатады.
Мәселен, Балғынбек Имашев пен Сара Тоқтамысованың айтысында 
Балғынбектің тілге қатысты айтқан ойлары халықтың зор қолдауына ие болды.
«Сенат пен парламентке қайран қалам,
Тіліме қарсы шығып тайраңдаған. 
Жалғыздың үні шықпай тілім өлді, 
Айтса да Айталыдай қайран ағам.
Тіл жайлы парламентте зор дау болды,
Бас тіл деп қазақ тілін қорғау болды.
Елімнің елеулісі есер екен,
Халқымның қалаулысы қорқау болды…» [123, 122-123 бб]. 
Жоғарыда келтірілген зерттеуші ғалым М. Жармұқамедұлының «Алайда, 
осы өмірлік шындықты айтудың өзі әр ақында әр түрлі. Бұл мәселе олардың 
ұстанған қалыпты дәстүрі мен әлеуметтік көзқарасына келіп саяды», – деген 
пікірі төмендегідей ойлардың ашылуына түрткі болып отыр.
Тәуелсіздіктің алғашқы бес жылдығы, яғни, 1995 жылдан кейін айтыс 
ақындарының ішінде көзқарас пікірлердің белгілі бір арнаға оңтайланып, 
салалана бастағанын байқауға болады. Жетпіс жыл бойы тілімізге, дінімізге, 
әдет-ғұрпымызға салқынын тигізіп келген коммунистік идеология ықпалы 


161 
күшін жойған соң, азат елдің аңсарлы мұраты қайта оянып, ұлттық 
рухымыздың қайта түлеуі басталды.
Сондай құндылықтың бірі қазақ қоғамында ислам өркениетінің жақсы 
қасиеттерінің жандана бастауы дер едік. Қазақтың діни эпосын зерттеуші, 
ғалым М. Әбдуов осы мәселелерге байланысты мынадай толғамды пікір 
айтады:
«ХХ ғасырдың соңы қазақ халқы үшін бақытты кезең болды. Талай 
ғасырдан бері талауға түсіп, тапталған ел еңсесін көтеріп, өзінің аңсаған, 
армандаған тәуелсіздігіне қол жеткізді. Ұлттың жан дүниесі мен болмыс-бітімін 
танытатын бұлақтар пен бастаулардың қайнар көзі ашылып, шөлдеген халыққа 
зәмзәм суындай өз нәрін бере бастады...» [136, 3 б.]. 
Тәуелсіздіктен кейінгі айтыстарда имандылық, діни мәселелерді тереңірек 
қаузап, жырлаған, әрі осы тақырыпты өзінің негізгі позициясы ретінде ұстанып, 
қоғамда болып жатқан түрлі проблемалар түйінін сол арқылы шешуге 
талпынған ақындар легі пайда болды. Бұл көштің басында жаңарған айтыстың 
жалынды жаршысына айналған, от ауызды, орақ тілді Мұхатметжан Тазабеков 
бастаған бір топ ақындар бар еді. Атап айтқанда Мұхаметжанның ислам діні 
туралы мақсаты мен көзқарасын қолдаған Шорабек Айдаров, Серік Қалиев, 
Жәкен Омаров, Балғынбек Имашев, Айбек Қалиев сияқты белгілі ақындар 
исламның қазақ қоғамына қажеттілігі мен әлеуметтік мәнін насихаттаушылар 
болды. Айтыс ақындарының бұл қарекеті жеміссіз де болған жоқ. Қазақ 
жастарының имандылық жолын ұстанып, мешіт, медреселерге көптеп баруы 
осының дәлелі. Ислам діні мен мәдениетін насихаттаушы айтыс ақындары 
жырларының бір ерекшелігі, олар осы тақырыпты күнделікті өмірмен, қазақ 
қоғамының өркен жайып, өрістеуімен сабақтастыра қарағандықтары. Бұл 
ақындар адалдық, ізгілік, имандылық төңірегінде ой қозғай отырып, осы жақсы 
қасиеттер арқылы ел келешегінің баянды, бақуатты болатындығын нанымды 
жырлай білді. Мәселен, Мұхаметжан Тазабековтың бүкіл қазақ даласын аралап 
кеткен насихат жыры қаншама қандастырымыздың жүрегіне имандылық нұрын 
ұялатып, дұрыс жолға түсуіне түрткі болғаны белгілі. Осының өзі айтыс 
ақындары жырларының қазақ қоғамына әкелген әсер-ықпалы емес пе?!
Мәселен, имандылық пен қоғамда орын алған келеңсіздіктерді 
сабақтастыра отырып қарайтын Мұхаметжан Тазабековтың мына бір жырлары 
өзінің маңыздылығы мен әлеуметтік тұрғысынан көпшіліктің көңіліне үлкен ой 
салады:
«...Имансыз бұл қоғамда не істемей тұр,
Қалталылар қалғанын көзге ілмей тұр.
Пайдасы өз басынан аспайтындар,
Халықтың көз жасынан сескенбей тұр.
Бесік жыр естімеген белсенділер,
Бес күндік екеніне дес бермей тұр. 
Құранды сыйға тартсаң алмайтындар,
Құдайдың бар екенін ескермей тұр...» [123, 120 б.]. 
Оңтүстік Қазақстан облысының ақыны Бекарыс Шойбековпен айтысқан 
Мұхаметжан осы жыр сайысы барысында көптеген қоғамдық, әлеуметтік 


162 
мәселелерді тілге тиек етеді. Жоғарыда келтірілген үзіндінің өзінде «халықтың 
көз жасынан» қорықпайтын «имансыз белсенділердің» қоғам үшін қауіпті 
екендігін, яғни, Елбасымыз болып қолға алып күресіп жатқан коррупция 
мәселесін ащы сынға алып отыр. Жалпы, имандылықты жырына өзек еткен 
айтыс ақындарының қай-қайсысы болмасын, бақытты, баянды ел болудың 
негізгі тетігі дінде екендігін, нақты мысалдар арқылы дәлелдеп көрсетуге 
тырысады. Мұның өзі айтыстың қоғамдық маңызын арттыра түсетіні сөзсіз.
Қазіргі айтыстың өресін көтеріп, көшін бастаған ақындар Қонысбай 
Әбілов, Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова, Баянғали Әлімжанов, Есенқұл 
Жақыпбековтердің ізін ала шыққан Серік Құсанбаев, Жадыра Құтжанова, 
Құдайберлі Мырзабеков, Қуаныш Мақсұтов,Әзімбек Жанқүлиев, Айтақын 
Бұлғақовтар салған сара жолды кейінгі толқын Аманжол Әлтаев, Ақмарал 
Леубаева, Мэлс Қасымбаев, Айнұр Тұрсынбаевалар лайықты жалғастыра білді. 
Айтыс аламаны жыл сайын жас толқын, жаңа есімдермен толығу үстінде 
болды. Мәселен, Дәулеткерей Кәпұлы, Оразалы Досбосынов, Бекарыс 
Шойбеков, Ермек Жұматаев, Арман Бердалин сияқты ақындардың өзі, қазір 
айтыстың орта буын өкіліне айналып үлгерді. Қоғамдағы түрлі келеңсіздіктер 
мен өткір мәселелерді көтеруде осы ақындар үлкен жұмыс жасады. Қазақтың 
тілі мен мәдениеті, өнері мен әдебиеті, экономикасы мен саясаты, экологиясы 
сияқты толып жатқан проблемалар осы ақындар айтысының негізгі нысанына 
айналды.
Ғасырлар керуенін көктей өтіп, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан тұсындағы 
айтыс ақындарының мұрат-мақсаттарына зер салсақ, сонау бағзы замандағы 
бабалар желісінің үзілмей келе жатқан дәстүрлі сабақтастығын анық 
байқаймыз. Өлең-жырдың көкжиегі кеңейіп, көркемдігі мейлінше артқан тұста, 
көкірегі ояу, көзі ашық, оқыған-тоқығаны көп, білімді ұрпақ бабалар аманатын 
бұрынғыдан да биіктетіп, өнердің өміршеңдік сипаттарын ажарландыра түсті. 
Елдігімізге сын, арымызға мін болар өмірдің өзекті мәселелері айтыс 
ақындарының адуынды жырларында ашына айтылды.
Оразалы: «...Бүгінгі жан шығарған аппараттар,
Коррупция бауыр-құда, аталастар,
Бәрінің жүрегінде, Құдай білед, 
Ақша мен таққа ғана махаббат бар.
Елім деп еңіресе шеттерінен
Ер тоқымын лақтырған асау аттар.
Астындағы атқа сенбес бұл қазақтың, 
Үміттерін үкімет қашан ақтар?» [137, 269 б.]. 
Айбек: 
«...Ежелден ең алпауыт империялар,
Қытай мен Ресей тұр қарсымызда. 
Ол аз болса қырғыз бен өзбек кеп,
АҚШ-ың да жайғасты қоңсымызға. 
Шетелдерге қаржылай тәуелдіміз 
Бастан асар берешек борышымыз да. 
Сақ болайық АҚШ-тан, батыстан да,


163 
Менен тілек осынау халқымызға. 
Ағайын, арыстанды ерттеп мінсек, 
Қылыштан болу керек қамшымыз да...» [137, 270 б.]. 
Оразалы Досбосынов пен Айбек Қалиевтың айтысынан келтірілген осы 
шағын үзіндінің өзі уақыттың ауыр жүгін арқалап тұрғандығымен құнды дер 
едік. Ақындардың жырында ел ішіндегі коррупция, оған кінәлілер бет-бейнесі 
Қазақстанға қатысты әлемдік саяси қауіп-қатер мәселелері де назардан тыс 
қалмаған.
Мемлекетіміздің саяси-экономикалық ахуалын, әлеуметтік-тұрмыстық 
жағдайын 
дерек 
көздері 
арқылы 
жырлаған 
ақындар 
азаматтық 
журналистиканың міндетін атқара білді. Проблеманы көтере білген 
ақындардың кейбірі одан шығудың тиімді жолдарын да тілдеріне тиек етті. 
Бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіншілігі жете бермейтін, жетсе де 
кештеу жариялайтын ел үшін өткір мәселелер айтыс сахналарында көрерменге, 
іле-шала теле-радио арқылы бұқара халықтың құлағына жетіп жататын.
Әсіресе, аламан айтыста сөз қағыстырған белгілі жыр дүлдүлдері
М. Қосымбаев пен Б. Имашевтың айтысы тәуелсіз ел атанған Қазақстан 
мемлекетінің шынайы бет-бейнесін өткір тілмен өлеңге айналдырып, 
алдымызға жайып салғандай әсер қалдырады.
«Жекпе-жек» айтыс деп аталатын бұл жыр додасына берілген уақыт көлемі 
мол болғандықтан, ақындар да ақтарылып жырлай білген.
Мэлс: «...Қазағым қастерлеген табандыны, 
Адалдықпен өрілген адамдығы.
Жаңағы өзің айтқан, өзім айтқан, 
Жүйкеге тиіп тұр ғой заман мұңы.
Ағаңның шаршатпасын жаяулығы. 
Қазақтың жауы қазақ болмаса екен,
Өтініш қылып айтам саған мұны. 
Байлығың мырыш та емес, күріш те емес,
Байлығың басыңыздың амандығы...» [138, 177 б.]. 
Қазаққа тек қазақтың жани ашитындығын, жүзге бөлу саясатының 
отаршыл елдерге қандай тиімді болғандығын, сол сұрқия саясаттың тәуелсіздік 
тұсында да өз жымысқы әрекетін әлі де байқатуда екендігін Мэлс ақын 
осылайша тұспалдап, ашына, ашық жырлайды. Шындықты жырлауда айтыс 
ақындары әртүрлі көркемдік тәсілдерді еркін қолдана білген.
Бұл бір жағынан жағымды әсер тудырса, екіншіден ақындардың 
шығармашылық шеберлігі мен ұшқырлығын танытатын тәсіл. Айтыс 
ақындары, мәселен, «Қыз бен жігіт», «Нағашы жиен», «Жезде мен балдыз» 
сипатындағы жыр сайыстарында отырып та, әлеуметтік мәселені назардан тыс 
қалдырмайды. Бұл әсіресе, Ш. Айдаров, А. Бұлғақов,А. Тұрсынбаева,
Б. Имашев сияқты ақындарға тән қасиет. Мәселен, жоғарыда сөз еткен
М. Қосымбаевпен сөз қағыстырған Б. Имашев бір кезегінде былайша 
жырлайды:
«...Елімнің байлығын сен байқаймысың, 
«Доллар» мен «Евродан» теңге мықты. 


164 
Қаланы ауыл бүгін асырап тұр, 
Себебі керегесін кең керіпті. 
Қалалықтар ауылға көшіп жатыр,
Әкімдері болған соң елге құтты. 
Келімсекті қуып тастап кеңсесінен, 
Оралманға билік пен төр беріпті. 
Тіл білмесек қызметсіз қаламыз деп, 
Барлық ұлт қазақ тілін меңгеріпті 
Тіл білмейтін мәңгүрттер сенделіпті...» [138, 178 б.]. 
Табиғатта сарказм, юморға, астарлап сөйлеуге, «мақтап отырып, мақтамен 
бауыздайтын» шеберлікке, шешендікке бейім қазақ халқы айызы қанып тыңдай 
отырып, ақиқат ауылына ат басын бұратындары да осындай өшпес өрелі өнерді 
жан дүниесімен түсінгендіктерінен болар.
Әзіл мен қалжыңға құрылған Айнұр мен Айтақын ақындардың айтысы да 
айналып келгенде елдік мәселеге оралып, жыр нүктесін өрелі оймен аяқтап 
жатады.
Айтақын: «...Айнұржан, пейіліңе тоя алмаймын, 
Зулаған өлең жырға қояндаймын. 
Жиырмада да жұлқынған осы қалпым, 
Тоқсанға келсем дағы қоя алмаймын.
Ауылға мойын бұрғызды-ау, 
Президенттің жарлығы. 
Бай менен кедей теңеліп,
Дәулетті болсын барлығы [137, 95 б.]. 
Академик жазушы, қазақ өнерінің үлкен қамқоршысы С. Мұқанов өзінің 
«Айтыстар туралы» мақаласында: «...Ең алдымен қазақтың ауыз әдебиетін 
шығарушы ақындар туралы ескерте кететін бір жағдай, әзірге біз білетін 
ақындардың көпшілігі еңбекші халықтан шыққан. (Ескі феодалдық ауылда 
атақты ақсүйек байлардың тұқымынан шықты деген ақын өте аз естіледі. 
Әрине, феодал мен байлар табынан да ақындық дарынмен туған адам болуы 
керек. Бірақ ол кезде қазақ байлары мен феодалдары тұқымынан ақын шығуды 
өзіне намыс көрген, ақынды олар өлеңін сатушы кәсіп иесі деп ұққан, 
ақындықты олар қайыршылықтың бір түрі деп санаған. Мұндай ақындар 
болған.) Халық арасынан шыққан ақындардың көпшілігі өзінің өнерін, 
талантын сол халыққа арнаған, халық өмірін жырлаған. Сонымен қатар, олар 
байлар табының, оның өкіметінің қанағыштық пердесін ашып, халық алдында 
масқаралай білген....», – [13-16] деп жазады.
Ауыз әдебиетін ыждағатпен зерттеп, халық өнеріне үлкен баға беруші С. 
Мұқанов сияқты зерделі жазушының бұл пікірі, бүгінгі айтыс ақындарына 
деген көзқарас, пікірімізді барынша байыта, тереңдете түседі.
Ел тәуелсіздігін жариялаған тұста қазақ қоғамында күрделеніп, шешуі 
тығырыққа тіреліп тұрған проблемалар өте көп еді. Бұл туралы бұқаралық 
ақпарат құралдары да тынбай жазып, айтып жатты.
Солардың ең бастысы ана тіліміздің болашағына деген алаңдаушылықтан 
туындаған ұлтымыздың рухани дағдарысы болатын.


165 
Ұлттық тілдің өрісі тарылып, адымына тұсау салынды. Кеңес дәуірінде 
көптеген рухани құндылықтарымыздың жұтаң тартуына немесе жоғалып 
кетуіне әкеліп соқтырды. Бір ғана қазақ тілі тағдырының төңірегінде қаншама 
руханият проблемасы шоғырланып тұрды. Аманжол Әлтаев пен Ермек 
Жұматаев арасындағы өткен айтыста осы тақырып жан-жақты ашылып 
жырланған.
Аманжол: «...Ана тілі қасиетті жаралысың, 
Қазақ менсінбеген соң қаралысың. 
Біздердей қарапайым халық үшін, 
Ананың ақ сүтіндей бағалысың.
Биліктегі шенділер шеттеткесін,
Әр күн сайын төмендеп барады ісің. 
Тіліме қарсы шыққан депутаттың,
Бағасы бір-ақ тиын қазақ үшін...» [138, 42 б.]. 
Сондай-ақ Балғынбек Имашев пен Сара Тоқтамысованың айтысында да тіл 
мәселесі өткір проблемаға айналады.
Балғынбек: «...Туған тіл бұтақтарын жаю керек,
Өз тілін білетіндер баю керек. 
Он бес жыл қар астында ұйықтап жатқан, 
Жалқауды тіл үйренбес аю дер ек.
Аюға әліпбиді үйреткендей,
Шыбықпен шеттерінен сою керек.
Сөздерін дұрыс құрап айта алмаса, 
Көздерін көкшірейтіп ою керек. 
Қазақша білмейтұғын қазақтарды 
Үкімет, парламенттен жою керек...» [138, 125 б.]. 
Зерттеудің негізгі объектісі айтыс өлеңдерінің публицистикалық сипатын 
айқындай отырып, ақындардың кәсіби журналистика функцияларын атқарушы 
екендігін нақты мысалдармен көрсету екендігі белгілі. Кей жағдайларда айтыс 
жырларының күнделікті ақпарат құралдарындағы мақала, хабарлардан өзіндік 
ерекшелігі бар екендігін де айтқымыз келеді. Мәселен, газет немесе телерадио 
тілшісі белгілі бір проблема көтере отырып, сол тақырып аясында әңгіме 
өрбітіп, оны тереңнен қаузап, сараптамалар жасайды. Ал, ақындар айтысында 
бір объекті төңірегінде қоғамда болып жатқан сан түрлі проблемалар қатар 
өріліп, сабақтасып жатады. Мысалы, Қуаныш Мақсұтовпен айтысында Бекжан 
Әшірбаев былай деп жырлайды:  
«...Бақ-дәулет ауған емес тату ұлдан,
Сақтасын мысық тілеу, заты қудан. 
Кешегі сексен алты, он алтыда, 
Алыптар көз ашпаған атылудан.
Тағдыры Әлихан мен Ахметтің, 
Саясат қазанында сапырылған. 
Атанды апорт қала – аборт қала, 
Арулар сабақ алып жат ырымнан. 
Тығырықтан шығар жол – тәрбиеде, 


166 
Қуаныш, осыны ұқ ақыныңнан...» [137, 210 б.]. 
Бекжан ақынның осы келтірілген жырында қазақ қоғамына тән бірнеше 
проблемалар сабақтаса айтылады. Бірінші татулық бар жерде береке-бақ 
болатындығы, екінші 1916,1986 жылдардағы солақай саясат кесірі, үшінші 
рухани азғындық, қазақ аруларының аборт жасату келеңсіздігі. Осы үш 
проблеманың түйіні, яғни, «тығырықтан шығар жол – тәрбиеде», – дейді 
айтыскер ақын. Осы айтылған сипат айтыс жырларының көбіне тән қасиет.
Егер кәсіби журналистикада осы көрініс қайталанса, оны көрермен немесе 
оқырман басқаша қабылдаған болар еді. Яғни, журналист «бірді айтып, бірге 
кетіп отыр» деген сынға да қалуы мүмкін. Ал, керісінше айтыс барысында 
мұндай проблемалар бір-бірімен жымдаса өріліп, жыр мағынасын қоюлата 
түседі. Бұл сипатты айтыс жырларындағы өзіне тән ерекшелік деп бағалаған 
жөн. Пікіріміз дәлелді болу үшін Мэлс Қосымбаев пен Дәулеткерей Кәпұлы 
арасында өткен айтыстан тағы бір мысал келтіріп көрелік. Қашанда термелетіп, 
төгіп айтатын Дәулеткерей ақын бір кезегінде қоғамдағы біраз кемшіліктерді 
былай деп сынға алады:
Дәулеткерей: «...Жатқа тізгін бергенде жетпіс жылдай,
Арып-ашып азапты тақым көрдік.
Дінің аман жүрекке тұнбағасын, 
Құбыладан жаңылған кәпір болдық. 
Оңдырмай от көсеген көсеу құсап,
Қазақы салт-санадан тақыр болдық.
Әйтеуір көз жасымды құдай көріп,
Қолға тізгін тигесін батыл болдық.
Өткен күнге салауат айтып біздер, 
Азат таңның нұрымен әтірлендік.
Астанада оқушылар сарайына, 
Махамбет бабамыздың атын бердік.
Болашақ жастарымыз рухтанып,
Махамбеттей болса деп мақұл көрдік.
Храпунов қиса егер бір көшесін, 
Ұлы тойда болар ед татымды ерік...» [137, 152 б.]. 
Кеңес империясы отаршылдығының жетпіс жылдық, тәуелсіздіктің 
алғашқы он жылдығы көлеміндегі қазақ халқының талайлы тағдыры 
Дәулеткерей ақынның осы төрт шумақ өлеңінде көрініс тауып тұр. Оған 
қосымша Астана қаласындағы оқушылар сарайына Махамбет есімі 
берілгендігінен хабардар бола отырып, енді қала көшелерінің біріне Махамбет 
есімі берілсе деген айтыскер тілегінен бұқара халыққа қоғамдық пікір тастап 
отырғандығын аңғарамыз. Осыншама ой-пікір, ақпар-мәлімет, қоғамдық пікір 
сияқты сан алуан өзекті мәселелерді үш-төрт шумаққа сыйғызып, халық 
назарына ұсыну тек айтыс жырларында ғана ұшырасатын шеберлік сипаттары. 
Айтыс жырларында келтірілген келелі осы үш-төрт мәселені баспасөзде жеке-
жеке проблема ретінде көтерер болсақ, үлкен тақырыптарға айналары сөзсіз.
Ақындар айтысының қалыптасып, дамып, өркендеу тарихына зер салып 
қарайтын болсақ, төл өнерді мемлекеттік идеология жаршысы екендігін ресми 


167 
түрде мойындаған жарлық немесе қаулы-қарар, хаттамаларды кездестірмейміз. 
Айтыс өнері тек халықтық, қоғамдық тұрғыда дамып, елдің рухани игілігіне 
қызмет етіп келеді. Тек кеңес дәуірі кезінде айтысқа мемлекеттік тұрғыдан 
қолдау көрсетілген кезеңдер болған. Онда да коммунистік саясат ақындар 
айтысына жаны ашып, іш тартқандықтан емес, оны өздерінің идеолгиялық 
мақсаттарын жүзеге асыру үшін насихат құралы ретінде пайдаланған. Бұған 
1941-1945 жылдар аралығында өткізілген ақындар айтысының өткізілу 
барысындағы мемлекеттік іс-шаралар дәлел.
Әрине, тәуелсіздік алған жылдары қазақ елі көптен ауызға алынбай, 
есімдері ел есінен ұмытыла бастаған батыр, ақын, би-шешендері сияқты тарихи 
тұлғаларға ас беріп, ескерткіштер орнатқаны белгілі. Тарихи тұлғаларға 
арналған осы мерекелік іс-шаралардың мемлекет қаулысымен бекітіліп, атап 
өтілгені аян. Осы шаралар аясында мерекелік бағдарламаға ақындар айтысы да 
кіргізілді. Бірақ бұл қаулыда ақындар айтысы ұлттық дәстүрдегі аламан бәйге, 
қыз қуу, аударыспақ, палуандар күресі сияқты спорттық ойын түрлері, қызық 
думан сипатында өткізіліп отырды.
1991 жылдың 18-19 қаңтар күндері Талдықорған қаласында өткізілген 
Қаракерей Қабанбай батырдың 300 жылдығына арналған республикалық айтыс, 
сол жылдың 27-29 қаңтар күндерінде Көкшетау қаласында өткізілген Абылай 
ханның 280 жылдығына арналған республикалық айтыс, 1991 жылдың 6 
маусымында Оралда өткізілген Мұхит Мерәліұлының 150 жылдығына арналған 
республикалық айтыс сияқты көптеген сөз сайыстары тәуелсіздік алған 
жылдардан кейін көптеп өткізіле бастады. (Бұл айтыстардың тізімі мен 
тақырыптарына зерттеудің алдағы тауарларында жан-жақты тоқталатын 
боламыз). 
1991-1995 
жылдар аралығында өткізілетін ақындар айтысының 
тақырыптарының дені белгілі тарихи тұлғаларға арналғанымен, сөз сайысы 
барысында сол кезеңдегі Қазақстан қоғамы бастан өткеріп отырған сан алуан 
проблемалар қамтылып отырды. Мысалы, Қаракерей Қабанбай батырдың 300 
жылдығына арналған республикалық айтыста Баянғали Әлімжановтың 
қарсыласы Жамбыл облысының ақыны Шорабек Айдаров сол кездегі мынадай 
проблемаларды да ел назарына ұсынады: 
Шорабек: «...Көкшулан көк түтіннің арқасында,
Бұл күні өкпе, бауыр сырылдардай. 
Бір күні баудай түсіп жүрмейміз бе, 
Дихлофос сеуіп қырған шыбындардай. 
Қазағым мен білмеймін құның қалды-ай, 
Химзавод десе менің жыным бардай 
Осыны ойласайық халық болып,
Қырылмай тұрған кезде түгің қалмай» [128, 27 б.]. 
Ақындар айтысы – тақырыптық тұрғыдан өрісі кең өнер. Сондықтан да 
айтыс жырларында қоғамдық проблемалар мен әлеуметтік мәселелер кеңінен 
қозғалады. Шартпа-шұрт сөз қағысу барысында, бір ойдан бір ой туып, 
айтыстың тақырып аясы әр алуан проблемалар төңірегінде ой өрбітіп отырады. 


168 
Бұл жағынан айтыскер табиғаты кәсіби публицист-журналистерге рухани 
жақын, әрі мүдделес екендіктерін танытады.
Қоғамдық формациялардың өзгеруі адамның сана-сезіміне де өзгеріс 
әкелетіні сөзсіз. Жетпіс жыл бойы бір ғана коммунистік идеология құрсауында 
ғұмыр кешкен халықтың кенеттен азат ел болып шыға келуі адамдар санасына 
әрқилы әсер еткені анық. Белгілі журналист-жазушы Жақау Дәуренбеков 
«Шындық – сананың шырайы» атты серке сөзінде осы жағдай жөнінде мынадай 
тұжырымдар келтіреді:
«Бейімдеушілік те түсін бермейтін, сырын алдырмайтын құбылмалы 
қасиет. Қазір жаңарудың желпінісімен сергіп, сілкініп, кең тыныс ала бастаған 
еліміздегі ой-сана дүрлігуі әлі басыла қойған жоқ. Сала-саланың бәрінде 
ізгілікті мақсатпен жаңаша бағалар беріліп жатыр. Зейінді көзқарас, зерделі 
ойлар, терең тұжырымдар, өмір тынысын тап басқан толғамдар көбейе түсті» 
[139, 190 б.]. 
1986 жылдың сәуірінен басталған жариялылық ұлт тарихы үшін сәтті 
оқиғаларға бастау болды. Ел тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылға дейінгі бес 
жыл Қазақстан қоғамына еркін ойлау, батыл көзқарас қасиеттерін белгілі 
дәрежеде қалыптастыра бастады.
Түбегейлі азат ел болу идеясы сексенінші жылдардың соңына қарай 
жарқын-жарқын естіле бастады. Тәуелсіздікке дейінгі соңғы бес жыл қазақ 
интеллигенциясының санасына соны серпілістер, тың ойлар ұялатты. Қазақ 
халқы ғасырлар бойы армандаған Азаттық таңын аз да болса осындай сергек 
сезіммен қарсы алғаны ақиқат.  
Бұқара халықтың көзқарасы қашанда оның өнері мен мәдениетінде, 
әдебиеті мен баспасөзінде көрініс тауып жатады. Біздің осылай деп пікір 
айтуымызға сол жылдардағы айтыс жырлары куә бола алады.
Ел тәуелсіздігін әлі жариялай қоймаған 1991 жылдың 5-8 қыркүйегінде 
Павлодар қаласында «Невада-Семей» қозғалысы аясында жүргізілген «Халық 
денсаулығы» атты халықаралық көркем-публицистикалық акция аясында өткен 
республикалық айтыста Баянғали Әлімжановтың шымкентік ақын Әселхан 
Қалыбековамен болған сөз сайысында полигон зардаптары туралы ойларын 
былайша түйіндейді: 
Баянғали: «...Халқымды осылай деп алдайды екен, 
Ар-ұят күштілерде болмайды екен.
Бұл бомба зиян емес, пайда болса,
Астында Кремльдің жармай ма екен! 
Не дейміз ағайындар бетсіздікке? 
Билікті бермеу керек епсіздікке. 
Бомбалар жарылса егер, білесіздер,
Жер ана кетер сіңіп шексіздікке...» [128, 84 б.]. 
Айтыс ақындарының осылай батыл, ашық сөйлеуі, сөз жоқ, егемендігін 
жариялап үлгерген ел қоғамындағы демократиялық үрдістің алғашқы аяқ 
алысын аңдатады. 1991 жылдың желтоқсанына дейінгі Қазақстанда болған сан 
алуан оқиғалар мен жаңару-жаңғыру сипаттары халықтың саяси көзқарасын 


169 
біршама қалыптастырып, Тәуелсіздік тұғырына көтерілуіне алғышарттар 
жасады. 1986 жылғы сәуір идеологиялық өзгерістердің бастауы болды. Оның 
үстіне сол жылдың желтоқсанында Алматыда болған қазақ жастарының ұлт-
азаттық қоғалысы, жетпіс жыл бойы шемен болып жатқан коммунистік 
идеология тоңына сызат түсірген болатын. Қоғамдық өмірде болып жатқан 
осындай тарихи жағдаяттар, Тәуелсіздікке қадам басқан ел санасына елеулі 
өзгерістер әкелді. «Жаңа кезеңге бет бұрған қоғамның қазандай қайнап, 
сапырылысқан ойлардың тоғытылып келуі, іште жатқанды сыртқа шығаруымыз 
заңды да құбылыс. Мұнан байқалар ең басты сипат – қоғам оянып, сілкініп, 
шындықты іздеуде. Өйткені бар нәрсенің түп қазығы – шындықта...» [139, 195 
б.]. 
Тәуелсіздік қарсаңындағы немесе одан кейінгі өткізілген ақындар 
айтысынан зерттеушілеріміз келтірген осы пікірдің сипатын көруіміз де 
заңдылық. Әсіресе, «аттың жалы, түйенің қомында» аяқасты сахнада 
туындайтын айтыскерлер сөзін ертеден жүрек түпкірінде «қазандай қайнап, 
сапырылысқан ойларының» жанартауша буырқанған сәті деп түсінген жөн. 
1986 жылғы Желтоқсан қозғалысы қазақ жастарының жүрегіне жалын, 
жігеріне рух ұялатты. Жетпіс жыл бойы октябрят, пионер, комсомол болып, ес 
біліп, етек жиып, ержеткен өрімдей жастар өздерінің қазақ екендігін ғасырлар 
бойы қалыптасқан ата-дәстүрі, салт-санасы бар ұлт ұрпағы екендіктерін 
саналарына сіңіре бастады. Желтоқсан құрбандарын еске алуға арналған 
республикалық айтыста Қуаныш Мақсұтовпен сөз қағыстырған Мұхаметжан 
Тазабеков жырынан сол кездегі қазақ жастарының қоғамдық көзқарасы мен 
ұлттық рух қуатын анық байқауға болады.
«...Тәуелсіз ел болған соң көш үлкейді, 
Ел болды деп кім бірақ есіркейді. 
Жылқы мінез қазағым қамсыз болсаң,
Қорқаулар қоң етіңді кесіп жейді. 
Басқа қандай қателік жіберсең де,
Жастар барда отыңды өшірмейді. 
Ал, енді азаттықтан айырылсаң, 
Келе жатқан еш ұрпақ кешірмейді...» [123, 134 б.]. 
Ой азаттығы, сөз бостандығы рухани шығармашылықпен айналысатын 
адам үшін ең биік өлшемдер. Белгілі бір шеңберден шыға алмай, идеология 
кесіп берген кеңістікте қалу, шығармашылық адамды рухани күйзеліске немесе 
дағдарысқа ұшыратады. Рухани тәбеті тартпаған, жаны қаламаған тақырыпты 
айту, жазу баянсыз, ғұмырсыз шығарманы дүниеге әкеледі. Әрине, ондай 
шығармалар тек ақпараттық, мәліметтік, деректік мәнге ие болғанымен, рухани 
құндылық өресінен табылмасы анық. Тәуелсіздік тұсындағы ақындар айтысына 
зер сала отырып, ұлттық рухтың өшпес қуатын танимыз.
Айтыс ақындары Тәуелсіздіктің келгендігін ғана жырлап қоймай, оның 
баяндылығын, тұрақтылығын жан дүниесімен беріліп, жырлауы осындай 
ұлылықты аңғартады. Жоғарыда келтірілген Мұхаметжан ақынның: «Ал, енді 
азаттықтан айырылсаң, Келе жатқан еш ұрпақ кешірмейді», – деген сөздерін 
халыққа айтқан насихаты, жастарға берер тағылымы деп бағалаймыз.


170 
Ең бастысы қазіргі айтыс өзегінің шындыққа құрылуы. «Шындық та – 
санаға тәуелді. Санамыз өспейінше, биік дәрежеге көтерілмейінше қоғамға, 
әлеуметке ауадай қажет шындықтың да шырайы кірмейді. Онсыз баршамыз 
болып бет түзеп, болашақтың бағдарламасына негіз етіп ұмтылып отырған ізгі, 
демократиялық қоғам құру жұрт көңілінен шығып, жүректерді жаулап алуы 
екіталай. Ақыл мен шындық айналасына нұр шашып, шапағатын жаю үшін 
оған қолайлы жағдай, қоғамдық орта керектігін естен шығаруға болмайды» 
[139, 195 б.]. 
Ғалымдар келтірген бұл пікірдің қаншалықты маңызды екендігін уақыт 
көрсетті. Тәуелсіздік жылдарындағы ақындар айтысы мемлекет тарапынан 
ресми мойындалмаса да, рухани тұрғыдан кең қолдау тауып отырды. 1995-1996 
жылдары өткізілген Абай Құнанбаев пен Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық 
мерейтойлары ЮНЕСКО-лық, халықаралық деңгейлерде аталып, халықтық 
мерекеге айналды.
Ең бастысы, осы үлкен мерекелік шараларда республикалық, халықаралық 
деңгейдегі ақындар айтысы өткізілді. Әрине, осындай мерекелік шаралар 
бағдарламасына ақындар айтысының енуі, ұлттық өнерге көрсетілген 
мемлекеттік қамқорлық, құрмет деп түсінеміз.
Мұның сыртында халқымыздың қаншама тарихи тұлғаларын еске алу 
шаралары өткізілді. Осы шаралардың барлығында жыр сайыстары өткізіліп, 
халықтың рухын, намысын оятуда айтыс өнері үлкен рөл атқарды.
Қазақстанның әр аймағында, жылына кем дегенде бес-алты ақындар 
айтысын өткізу, аталмыш өнердің өрісін кеңейтіп, жалпы республикалық 
сипатқа ие болуына қолайлы мүмкіндіктер туғызды. Осы мүмкіндік айтыс өнері 
арқылы ұлттық идеологияны, патриотизмді, ұлттық ынтымақты сақтай отырып, 
Тәуелсіздік баяндылығы жолындағы елдік мақсат-мұраттарды халық санасына 
сіңіру болып табылды.
Белгілі публицист Ермек Мұқанғалиев «Ұлттық ерекшелік – мемлекеттің 
ерекшелігі» атты көсемсөзінде «Адам – адам болып, ұлт – ұлт болып 
қалыптасуы үшін оның діні, тілі, салт-дәстүрі болуы керек», – дейді. Сондай-ақ, 
аталмыш мақалада қазақ халқының бұл құндылықтары жыл өткен сайын 
әлсіреп, еліміздің болашағы саналатын жастарға қажет болмай бара 
жатқандығы айтылады. Осылай деп пікір келтірген автор, ұлттық идеология 
жөніндегі ойларын былайша түйіндейді: «Әрине, тәуелсіздік алғаннан бері 
ұлттық мүддені қорғау мақсатында талай партиялар, қозғалыстар, ұйымдар 
құрылды. Бірақ та олардың басты кемшілігі, осы проблеманы шешу жөнінде 
теориялық негізделген ұлттық идеологиясы болмады. Соның салдарынан 
олардың алға қойған мақсаты халыққа түсініксіз болып, ақыр аяғында 
сәтсіздікке ұшырап отырды...» [140, 3 б.]. 
Ұлт болып қалыптасудың негізгі алғышарттары ретінде дін, тіл, салт-
дәстүрді қарастырып, әрі осы категориялардың ұлттық идеологияға тікелей 
әсер-ықпалы болатындығын пайымдасақ, онда аталмыш сипаттардың ақындар 
айтысында үнемі көрініс беріп отыратындығын еске салғымыз келеді. 
Тәуелсіздік жылдарындағы айтыс жырларынан осы айтылған мәселелерді 
молынан ұшыратамыз. Мұхамеджан Тазабеков пен Мэлс Қосымбаевтар 


171 
арасындағы сөз сайысында қазақ қоғамында орын алып отырған көптеген 
келеңсіздіктер ащы сынға алынып, халық санасына сілкініс берердей үлкен 
ойлар айтылады. Бір айтыстың өзінде осыншама мол мысалдар, күрделі 
проблемалар шиеленісі көрініс тауып жатса, жапы ақындар айтысында 
қаншама мәселелер қозғалатындығын ойша шамалауға болады. 
Мұхамеджан: «...Тарихта қай тұнбадан былғанбадық, 
Мысалды отырғам жоқ тыңнан алып. 
Орысша оқымаса өспейді деп,
Баланың тәрбиесін бұрмаладық.
Ресейлік Алланың әнін сүйіп, 
Ал, Алланың Құранын тыңдамадық.
Қазағымның Болатын «Бутя» деп, 
Ана тілдің ақ жүзін тырмаладық.
Абайдан Пушкин мықты дегендердің 
Қолын алып, төсіне гүл қададық.
Желтоқсанның жеңісі болмағанда, 
Судай боп сіңер едік құмға барып...» [123, 141 б.]. 
Айтыстағы осы бір үзіндіде жоғарыда келтірген дін, тіл, салт-дәстүр 
мәселесі толығымен қамтылып тұр. Мұның сыртында тарих, әдебиет жайлы 
ойлар мен Желтоқсан оқиғасының халыққа тигізген әсері де қамтылып өтеді. 
Мұхаметжан мен Мэлс арасында өткен осы айтысты толық тыңдаған немесе 
кейінгі мәтіндік нұсқасын оқыған кез-келген адамның санасына ұлттық рухтың 
сәулесі ұялары сөзсіз. Бір өкініштісі, кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарындағы 
айтыстай қазіргі айтысқа да мемлекетіміз ұлттық идеология жаршысы ретінде 
қарауға құлықсыздық танытты. Баспасөзде жазылып, сөз жүзінде 
айтылғанымен ақындар айтысын ұлттық идеология дәрежесінде тану ресми 
түрде қолға алынған жоқ. Ақындар айтысы өзінің қазақ қоғамына қаншалықты 
қажет екендігін дәлелдеген өнер. Мемлекетке спорт, туризм, экология, 
экономика қандай қажет болса, мәдениеттің, әдебиеттің, яғни рухани 
құндылықтың да маңызы сондай зор. Әсіресе, өнер, әдебиет саласына жататын 
ақындар айтысын Тәуелсіз Қазақстан идеологиясының негізгі тетігі ретінде 
пайдаланса, одан үкіметіміздің ұтылмайтыны анық.
Қазіргі ақындар айтысы өзінің мазмұндық, пішіндік тұрғысынан көп 
өзгеріп, жетілген, заман ағымына мейлінше бейімделген өнер. Қоғамдық 
маңыздылығы мен әлеуметтік мәні зор өнер түріне айналып отыр. «Айтыстың 
психологиялық ішкі заңдылықтарының бірі – дәлелмен, логикамен сөйлеу 
шеберлігі» [141, 180 б.] , – дейді ғалымдарымыз.
Ал, дәлел, логика дегеніміздің өзі айтыс өлеңдерінің публицистикалық 
сипатын айқындайтын ұғымдар. Қазіргі айтыстың әлеуметтік мәні мен 
қоғамдық маңызын сақтауда қазылар алқасының да шешуші рөл 
атқаратындығын айта кеткен жөн. Жүрсін Ерманның жетекшілігімен 
ұйымдастырылып, үзбей өткізіліп келе жатқан телевизиялық айтыстың ақ-
қарасын сарапқа салып, айтыс жырларының мазмұны мен көркемдік деңгейіне 
баға беріп, төрелік айтушы қазылар алқасының атқарған жұмысына біржақты 
баға беруге болмайды.


172 
Кейінгі жылдары халық арасында айтысқа төрелік айтушы қазылар алқасы 
туралы әртүрлі пікірлер көптеп айтылуда. Бұл пікірлердің дені жершілдік, 
рушылдық сипаттардың негізінде сөз болып, қазылар жөнінде кереғар пікірлер 
туғызды. Әрине, бұл мәселені де негізсіз деп айтуға болмас. Бірақ, айтысқа 
қазылық ету және онда белгілі ақын-жазушы, ғалым-қайраткерлердің отыруы, 
сөз жоқ, айтыс сапасының көтерілуіне көп септігін тигізді. Айтысқа төрелік ету 
ертеден келе жатқан салт. Сүйінбай мен Қатағанның айтысына төрелік еткен 
қазылар жайлы тарихта мынадай әңгіме қалған:
« - Ботам, Сүйінбай! Сен жеңдің, Қатаған жеңілді. Қатаған көппін деп 
мақтанды, аттың түгіндей қазақтан қырғыз қашан көп болып еді?! Бірақ, қазақ 
алауыз ел, әттең сен соны айтпадың, Қатаған! – деп ашуланады батыр Жантай» 
[21, 130 б.]. Бұдан кейін екі елдің айтысын басқарып отырған, төрағасы Қара 
Бәйтік Сүйінбай ақынның алар жүлдесін өлеңмен айтып беруін сұрайды.
Міне, осы келтірілген мысалдар айтыс төрешілерінің қаншалықты 
маңызды әрі әділ шешімдер шығарып отырғандығын аңғартады. Айтысқа 
төрелік айтуды кез келген адамға сеніп тапсырмаған. Жыр сайысында қазылық 
ету сөз өнерін білетін, сол уақыттағы әлеуметтік-саяси жағдайлардан хабары 
бар, ел ішіндегі даулы мәселелердің ақ-қарасын айыра алатын сұңғыла би-
шешен, ел басқарған хан-сұлтандарға тиесілі болған.
Айтысқа төрелік ету, тек жеңген ақынды анықтап, жүлде алып беру үшін 
ғана жұмыс істемеген. Ол айтыс ақындарының шеберлігі мен білімдарлығын, 
таным-түйсігін, тапқырлығын һәм елдік мәселелерді айта білуін сарапқа салып 
салмақтаған.
Мұның өзі айтыстың мазмұндық, көркемдік тұрғыдан жетілуіне, 
кемелденуіне игі әсерін тигізген.
Ал, қазіргі айтысқа қойылар талап деңгейі біршама кәсіби сипатқа 
бейімделді. Мысалы, Қарағандыда өткен Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 
жылдығы құрметіне арналған «Армысың, әз Наурыз» атты облыстық ақындар 
айтысының ереже-талаптары қазіргі айтыстың өткізілу тәртібінен біраз 
мағлұмат береді. Алдымен айтыстың жалпы ережесіне тоқталсақ: 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет