Асанов камашке даулетқАНҰлы айтыс өнерінің публицистикалық сипаты Электронды оқулық



Pdf көрінісі
бет13/26
Дата27.02.2023
өлшемі1,93 Mb.
#70231
түріОқулық
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   26
Байланысты:
d12a00640c0832fa23edce30a75d6d85 (1)

 
3.2 
 Қазіргі айтыс және ұлттық идеология 
Қоғамдық жүйенің өзгеруі, халықтың өмір сүру қағидаларына түбегейлі 
өзгерістер әкелді. 1991 жылдың желтоқсанына дейін елдегі саяси- 
эканомикалық, әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени-рухани дүниедегі жаңару-
жаңғыру үрдістері түрлі қайшылықтарға толы болды. Соның ішінде рухани-
мәдени салада біраз қиыншылықтарды бастан өткеруге тура келді. Жетпіс жыл 
бойы кеңестік идеология тәрбиесін көріп, соған мойынсынып келген халық, 
алғашқыда абдырап қалғаны рас. Октябрят, пионер, комсомол, коммунист 
болып ержеткен кеңес азаматтары белгілі бір жүйеге үйреніп, жалғыз 
идеологияның шылауында өмір сүрді. Дербес, тәуелсіз ел болған қазақ халқы 
үшін коммунистік идеологияны алмастыратын ұлттық идеология аса қажет 
болды. Бұл қажеттілік мемлекет үшін қандай маңызды болса, бұқара халық 
үшін одан да зәру мәселе еді. Тәуелсіздіктің баяндылығын сақтап қалу, сол 
мемлекеттің негізін құрайтын қазақ халқы үшін қастерлі міндет болатын. Ел 
экономикасында түбегейлі өзгерістер белең алып қоғам жаппай нарықтық 
қатынастарға көше бастады. Қазақстандағы саяси экономикалық жаңару, 
мемлекеттің барлық жүйесіне өз әсерін тигізді. Жекешелендіру науқаны 


176 
көптеген қоғамдық салаларды тұралатып-ақ тастады. Бұл науқаннан халықтың 
әдебиеті мен мәдениеті, өнері сияқты рухани салалары да тыс қалған жоқ. 
Халыққа жаңа ұлттық идеология мұраттарын ұсынады деген БАҚ салаларының 
өзін тұрмыстық ауыртпашылық жаншып жіберді.
Ұлтты белгілі бір мақсатқа, мүддеге біріктіру жайлы мүлдем айтылған, 
жазылған жоқ десек жаңсақ болар еді. Жазушы-ғалымдарымыз, қоғам 
қайраткерлері бұл тұрғыда өз ойларын БАҚ арқылы білдіріп жатты. Бірақ 
көпшілікті ұйытып, соңдарынан ерте алмады. Қалыпты жағдайды уақыттың өзі 
жасады. Экономика түзеліп, саяси жағдай тұрақтала бастады. Ұлттық 
идеология төңірегіндегі пікірталас та осы кезеңдерде белең алды. Бір 
өкініштісі, ұлттық идеологияның негізгі тетігі ретінде дөп басып көрсетер, сырт 
көзге қалқан қылар рухани құндылығымызды әлі айқындай алмай келеміз. 
Бәлкім ол ғасырлар бойы желі тартып, қалыптасып келе жатқан дәстүр-
салтымызда немесе әдебиет пен мәдениетімізде, өнер-білімде, оқу-ғылымда 
там-тұмдап болса да жүзеге асып жатқан шығар... Тек соның көзін ашып, 
бұқара халыққа көрсете білуге құлқымыз жетпейтін сияқты.
«1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан шын мәніндегі тәуелсіз және 
демократиялық мемлекет болу мүмкіндігіне ие болды. Алда саяси және 
экономикалық өзгерістер стратегиясын белгілеу міндеттері тұрды. Әсіресе 
дамудың мынадай жолдарын белгілеп алу керек болды: экономикада – 
нарықтық-қатынастарды тұрақтандыру; саясатта – азаматтық қоғам мен 
құқықтық мемлекет құру.
...Қазақстан Республикасы өз атын өзгерткенімен, өзінің саяси 
құрылымының ішкі мазмұнын әлі толық жаңарта алған жоқ еді. Халықтың 
көпшілік бөлігінің сана-сезімінде кеңестік дәуір дүниетанымының сарқыншағы 
басым еді...» [142, 148 б.]. 
Тарихшыларымыз осылай деп баға берген Тәуелсіздіктің алғашқы 
жылдары Қазақстан халқы үшін сындарлы кезең болатын. Кеңестік идеология 
сарқыншағын санадан тазартып, елді ұлттық мүдде бағытына топтастыруға 
үндеген халық шығармашылығы өкілдерінің алдыңғы легінде ақберен жырдың 
иелері айтыс ақындарының болғандығын тағы да тілге тиек етеміз. Бүгінгі күні 
айтыс өнері туралы қоғамдық көзқарас екіұдай пікір білдірсе де, біз анық бір 
ақиқатты мойындауымыз керек. Ол ақиқат – тәуелсіздік таңы атқан 1991 
жылдан 2006 жылға дейінгі он бес жыл бойы айтыс өнері ұлттық идеологияның 
жалынды жаршысы, насихатшысы болғандығы. Айтыстағы болмашы 
кемшіліктер мен олқылықтарды жіпке тізе бергенше, оның ұтымды, қазақ 
қоғамына қажетті орасан зор мүмкіншіліктерін тілге тиек еткеніміз абзал. Бұл 
жерде 1991-2006 жылдар шартты түрде алынып отыр. Өйткені Тәуелсіздіктің 
алғашқы он бес жылы елдің ел болуын, қазақтың ұлт болып ұйысуының 
сипатын айқындаған жылдар болды.
Ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздіктің тұрақтылығын сақтап қалуда бұл он 
бес жыл, ұлт тарихына алтын әріппен жазылары сөзсіз. Бұл туралы елбасымыз 
Н.Ә. Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында былай деп жазады: 
«...Ақырында ұлттық тарихтың соңғы он жылы, дәлірек айтқанда, ғасырлар 
бойы мемлекетіміздің тарихқа кеткен есесіне өтеу болған соңғы жеті жыл, міне, 


177 
бұл кезеңнің өзіндік ішкі логикасы бар, қазірдің өзінде ұлттық санаға өшпестей 
болып түскен өзіндік ізі бар. Бұл кезең құқықтық, экономикалық және саяси 
жаңалықтарға қоса, ұлт психологиясына түбегейлі өзгерістер енгізіп, тарихтағы 
орнын танып-білу сезімін орнықтырды» [2, 16 б.]. 
Айтыс өнерінің бұқаралық сипат алып, ұлттық идеологияның ұйтқысына 
айналуына телевизияның септігі мол болды. Қоғамда болып жатқан түрлі 
өзгерістер, саяси-экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар сол кезде 
өткізілген ақындар айтысында жан-жақты насихатталып, халық назарына 
ұсынылып жатты. Әсіресе, дін, діл, тіл мәселелері өткір көтеріліп, бұқара халық 
көзқарасын осы бағытқа бұруда ақындар айтысы ерекше рол атқарды. Ақындар 
айтысын ұйымдастырушы әрі оның теледидар арқылы Қазақстан аумағына 
таралуына көп еңбек сіңірген ақын, тележурналист Жүрсін Ерманның осы 
жылдар еншісінде атқарған қызметін ұлт өнері тарихында қалар ерен іс деп 
бағалаған жөн. «Екі тізгін, бір шылбыр» атты кітабында айтыс өнері 
төңірегінде болған текетірес пен талас-тартыстың барлығын бастан өткерген Ж. 
Ерман былай деп жазады: «...Оның алдындағы жылдары «Айтысқа» жасалған 
қысым-қиянат ойға түссе, әлі күнге аза бойым қаза болады. Тоқырау 
тұманының арасынан шырылдап шыққан ақындар айтысының ащы шындық 
дауысы әркімдердің-ақ шамына тисе керек. Әр айтыстан кейін 
телерадикомитеттің төрағасы К. Смайлов үлкен үйге шақырылатын. Ол «ана 
жерін қиып таста, мына жерін өшіріп таста» деген нақты нұсқаулармен 
оралатын...» [122, 126 б.]. 
Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы айтыс ақындары кәсіби тұрғыдан сауатты, 
оқыған-тоқығаны көп білімді жырларын
,
нақты дерек, айғаққа, шындыққа, 
негіздеп айтатын. «Бүгінгі айтыс пен кешегі айтыстың деңгейі де бөлек. Қазіргі 
айтыскерлеріміздің бәрі де жазба ақындар. Олардың жазба ақындардан 
айырмашылығы – көп оқиды, көп ізденеді...» [122, 161 б.]. 
Айтыс ақындарының осы деңгейі олардың шығармашылық тұрғыдағы 
шеберліктеріне өлшем болса керек. Жоғарыда келтірілген ұлттық идеология 
ұйытқысы бола білгендері де, айтыскер ақындардың осы қасиеттерімен 
айқындалады. Ұлттық руханиятымыздың алтын діңгегі – тілді жырласа да, ар 
ожданның өзегі – дінді насихаттаса да, ақындар жалаң сөз, жадағай ойға барған 
жоқ. Тәуелсіздіктің негізгі тірегі бірлік, ынтымақта екендігін айтыс ақындары 
шын жүректерімен сезініп, соны халыққа насихаттай білді. Саяси-
экономикалық ахуалдың да, сайып келгенде, ұлт мүддесі үшін жұмыс істеу 
керектігін де айтыс ақындары баса айтып отырды. Мэлс Қосымбаевпен 
айтысында ақын Мұхамеджан Тазабеков осы мәселелер жөнінде ойын былайша 
түйіндейді:
«...Жалқаулық Жаратқанға ұнамайды,
Қамсыз қазақ қартайтқан ұлы Абайды.
Балақ түріп, қарекет қылғандардың, 
Бақ келіп есігінен сығалайды. 
Еріншектің етігі көлеңкеде, 
Соқасы күн астында тұралайды.
Көршіңіз байып жатса қуаныңыз,


178 
Қуанғаннан намысың құламайды.
Өйткені, сізге бөліп бермесе де, 
Қол жайып, ештеңеңді сұрамайды...» [123, 149 б.]. 
Нарықтық экономикаға көшу, қазақ қоғамында бірден белең алып кете 
алмады. Оның басты себебі, қарапайым халықтың жаңа реформаны толық 
түсінбегендігінен еді. Жетпіс жыл бойы үкіметке иек артып үйренген халыққа 
«өз күніңді өзің көр» саясаты, тосындау болғаны рас. Жоғарыда келтірілген 
Мұхамеджан ақынның жыры тура осындай халді бастан кешіп отырған уақыт 
көрінісін сипаттайды. Халықтың зердесіне жетер насихат жыр, ұлттық ұғымға 
сай өрілуі, айтыс өлеңдерінің өзіндік еркешелігін тағы бір мәрте дәлелдеп тұр. 
Қоғамдағы нарықтық қатынастар қағидасын халыққа дәл осылай жеткізу, 
ұғындыру айтыс жырларында өте мол ұшырасады. Мұның өзі біріншіден 
айтыстың қоғамдық-әлеуметтік маңызын көрсетсе, екіншіден халыққа 
тығырықтан шығудың жолын нұсқаған насихатшылдық, үгітшілдік рөлін 
айқындайды. Ал, үгіт, насихат принциптерінің қоғам идеологиясына қызмет 
ететіндігі өзінен өзі белгілі.
«Кейінгі жылдардағы айтыстардың көпшілігінде бірсыпыра әлеуметтік 
мәселелер қозғалып, кейбір келеңсіз жайлардың сыналып ашық айтылуы, бұл 
өнер түрінің халыққа берер тәлім-тәрбиелік мәні орасан зор екенін айқын 
сипаттайды» [143, 93 б.]. 
Ғалымдарымыздың осы пікіріне сүйене отырып «халыққа берер тәлім-
тәрбие» бағытының қандай дәрежеде өрбігендігін төмендегі айтыс 
нұсқаларынан жақсы бағамдауға болады. Айтыс үнемі ой қақтығысы, пікір 
қайшылығы арқылы проблема ретінде қарастырылып отырған объектінің 
бірнеше қырын ашып көрсетеді. Бірінің сөзін бірі мақұлдап, белгілі бір 
тақырыпты шиырлап отырып алу, айтыс табиғатына жат. Мұның өзі кәсіби 
журналист пен айтыс ақынының шеберліктерін даралайтын ерекшеліктердің 
бірі. Мемлекеттік идеологияның бағыт-бағдарын таразылап, халық зердесіне ой 
тастау, айтыс жырларында жоғары шеберлікпен көрініс табады. Тәуелсіздік 
жылдарындағы идеологиялық ұстанымның темірқазығы іспеттес, елді 2030 
жылға дейінгі саяси-экономикалық даму стратегиясына сендіре отырып, 
табанды еңбекке, бірлік-ынтымаққа шақырған үндеу төңірегінде әртүрлі 
қоғамдық пікірлердің пайда болғаны белгілі. Айтыс ақындары Бекарыс 
Шойбеков пен Оразалы Досбосынов арасында өткен жыр сайысында осы 
тақырып прогрессивті және регрессивті тұрғыдан сипатталады. Мәселен, 
Оразалы ақын 2030 жылға дейінгі саяси-экономикалық даму стратегиясын, 
халықтың сол уақыттағы әлеуметтік жағдайымен сабақтастыра отырып былай 
деп жырлайды:
«...2030-ды ойға жиі алады, 
Көңілі көншігендей сұңғыла елдің.
Сары бидайын сапырған сары қымыздай, 
Сұлыға зар болып тұр қырманы елдің.
Мемлекеттің бар малы жоқ боп жатыр,
Тоз-тоз боп тоқымындай сынған ердің...» [123, 172-173 бб]. 


179 
Оразалының бұл ойына Бекарыс Шойбеков басқа қырынан келіп, 
әріптесіне басалқы сөз айтып, халықты сабырға шақырады:
«...Бүгін біз егеменді ел дейміз де,
Сол елдің жағдайына келмейміз бе? 
Бұйырса келер ғасыр ширегінде,
Көркейген қазақ елін көрмейміз бе?
Нострадамус болжаса сенеміз де,
Назарбаев болжаса сенбейміз бе?...» [123, 174 б.]. 
Белгілі бір проблема төңірегінде ой бөлісіп, таразыға салу, оның күнгейі 
мен көлеңкелі тұстарын ашып көрсету, Тәуелсіздік жылдарында өткізілген 
айтыс жырларының көбіне тән қасиет. Оразалы ақынның жырларында 
уақыттың шынайы болмысы еш боямасыз көрініс тапса, Бекарыс ақын осы 
қиындықтардың бәрі уақытша екендігін, ел болып келер күннен үміт үзбеу 
керектігін айтады.
Ұлттық идеология дегеніміздің өзі халықты белгілі бір мақсат-мүддеге 
біріктіру болып табылса, жоғарыдағы айтыскер жырлары осының жарқын 
үлгісі.
Заман, қоғам қиындығын таусылып жырлай отырып, ақындар ел еңсесін 
көтерер өрелі ойларын да айтуды ұмытпайды. Болашаққа деген сенімін оятып, 
тыңдармандарын әрдайым жігерлендіріп отырады.
Оразалы: 
«...Қазірше заман тыныш, ел аман ғой, 
Жер-ана айырылған жоқ тобасынан. 
Бүлінген дәл қазірше ештеңе жоқ,
Қатын өліп – қамшының сабы сынған...» [123, 177 б.]. 
Қай қоғамда, қай заманда болмасын ұлт идеологиясы сол елдің мақсат-
мүддесіне жұмыс жасаған. Ұлттық идеология мен мемлекеттік мүдде көп 
жағдайда қарама-қайшылық сипатта дамитындығы тағы бар. Тіл мен діл, дәстүр 
мен мәдениет, өнер мен әдебиет тамыры қаншалықты терең болса, ұлттық 
идеология қайнарлары да әріден, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан 
тарихынан бастау алатыны белгілі. Ұлттық рухтың, тамыры терең болуы, оның 
өткені мен бүгіні, келешегіне көп байланысты. Ұранды сөз, жалаң патриотизм 
тез жанып, өшетін от сияқты. Оның мәңгілік маздап, өз қызуын халыққа үзбей 
беріп отыруы үшін өшпес өзегі, яғни, қоламтасы болуы шарт. Ол қоламта
халықтың ғасырлар бойғы рухани құндылығы болып табылады. Ел 
тәуелсіздігінің келуін КСРО-ның құлауымен ғана қарастыратын, жеңіл, үстірт 
пікірлердің арагідік бой көрсетіп қалуы, өскелең ұрпаққа өнеге болмасы анық.
Ұлттық идеологияны қалыптастыруда айтыс өнерінің атқарған қызметін 
көп жағдайда бағамдай бермейміз. Аманғазы Кәріпжановпен айтысқан ақын 
Ринат Зайытов бүгінгі Тәуелсіз қазақ елінің Азат арманын Абылай хан 
заманымен астастыра қарайды.
«Ардақты айбын асқан Алашымнан,
Ақылды азаматтар жаратылған.
Ақ тулы Абылайлар дара тұлғаң,
Бұқар жырау байламды бағыт беріп,
Бірлігімен қазақтың бағы ашылған.


180 
Төле би, Әйтеке мен Қазыбектер,
Ой түйінін қопарған нақ асылдан. 
Қабанбай, Бөгенбай мен Наурызбайлар,
Қазақты алып шыққан нақ асылдар.
Кеңгірбай, Алшынбай мен Құнанбайлар, 
Ақ сұңқардай аспанда аласұрған.
Ұлы Абай, Мұхтар менен Шәкәрімдей,
Семейдің даласында дара туған...» [123, 240 б.]. 
Елдің рухын көтеру – ұлттық руханиятпен қауышудың, оның 
қасиет-қадірін сезінудің бірден-бір кепілі. Жоғарыда келтірілілген Ринат жыры 
осы пікіріміздің айқын көрінісі. Айтыс өнері туралы өткір пікір айтып, 
баспасөзде жиі жазып жүрген ақын Биғайша Медеудің мына пікірін орынды 
айтылған ой деп бағалаймыз: «...Айтысты қайтсек өз тұғырына қондырамыз? 
Мемлекеттік идеологияны насихаттау құралына айналдыру арқылы ғана. Ол 
жауынгер жанр дәрежесіне қайта көтерілуі тиіс. Неге айтысқа «жауынгер жанр» 
деген ұғымды теліп отырмын? Себебі, айтыс күй талғамай, кез келген жерде, 
кез келген уақытта кемшілікті сынады. Өзекті ойды көтерді. Бұлтты күні жарқ 
еткен найзағайдай рух пен намысты оятты. Елдік үшін күресті. Қай заманда да 
қоғамның көлеңкелі жағымен майдандасты» [133]. 
Тәуелсіз Қазақстан тұсында өткізілген ақындар айтысын бірыңғай 
оппозициялық тұрғыда өтті десек қателесеміз. Демократияның шынайы көрінісі 
осы жылдар еншісінде өткізілген айтыстарға тән сипат болды. Барды бағалай 
білген ақындар, жоқты жаба сіркелеген жоқ. Ұлттық мүддені алдыңғы орынға 
қоя отырып, ақындар мемлекеттік идеологияны да үнемі насихаттап жырлап 
отырды. Мәселен, «Елбасы Жолдауы – елдіктің арқауы», «Кенші еңбегін 
мадақтайық», «Республика күніне арналған айтыс», сондай-ақ Елбасымыз Н.Ә. 
Назарбаев белгілеген «Ауыл жылы», «Тарихи ақтаңдақтар жылы», «Мәдени 
мұраны қолдау жылы» сияқты мемлекеттік бағдарламалар аясында өткізілген 
түрлі дәрежедегі айтыстардың мақсат-мүддесі қай тұрғыда өріліп, нені 
насихаттағанын бұқара халық әлі ұмытқан жоқ.
«Айтыс: даңқ пен дақпырт» атты мақаласында журналист Ерлан Әбдірұлы 
аталмыш өнердің қоғамдық маңызын саралай келіп, айтыс ақындары көтерген 
әлеуметтік саяси мәселелер сипатын былайша саралайды. «...Ақындар кейінгі 
айтыстарда көбіне елдің шынайы бейнесін ашуға (қазақ байлығының жекелеген 
адамдардың дорбасында кетуі, билік бөлген ақша өздері отырған кеңседен 
ұзамайтыны, қазақтың өз жерінде құлдың кейпін кешуі, жергілікті 
атқамінерлердің ойына келгенін істеуі, ауылдардағы әлеуметтік ахуалдың 
төмендігі, тағы басқалары) талпынып, мызғымайтын билікті шын сынмен 
атқылап жатыр. Сөз реті келгенде Жүрсін ағамыз ақындарды көлеңкелі 
жақтарды ғана айта бермей, күнгейді де жырлауға шақырған. Бірақ өзгерген 
ештеңе болмады. Кейбіреулері болмаса, ақындар өз міндеттерін, яғни, 
халықтың мұңын ел назарына шығарып бақты. Бұдан шынында да, мемлекет 
ахуалының (ақындардың елдің әр қиырынан келетінін ескерсеңіз) шын бейнесін 
көрсек керек» [144]. 


181 
Осы жерде ойға алып, екшеп айтар бір мәселе – Қазақстанды тұтас 
қамтыған ұлт тағдыры проблемасының айтыста көрініс табуы, мемлекет 
ахуалының шынайы сипатын танытатын құбылыс.
Ұлттық идеологияның негізгі тамыры халықтық дәстүрден, сол халық 
туғызған рухани құндылықтардан бастау алары сөзсіз. Мақсат пен мұрат 
жолындағы қандай да бір атқарылар ізгілікті іс-шаралардың негізгі тетігіне 
саналық қозғалыстың әсер ететіндігі ақиқат.
Саналық қозғалыс дегеніміз – рухани сілкініс. Рухани сілкініс қашан, 
қандай жағдайда пайда болады? Әрине, саналық және материалдық тепе-теңдік 
салтанат құрған кездерде рухани қозғалыстар аса көп бола бермейді. Бұған 
кешегі кеңестер дәуірі (тамақ тоқ, киім көк, жұмыс көп) куә.
2001 жылы Семей қаласында өткен республикалық айтыста Серік 
Құсанбаев пен сөз қағыстырған Серік Қалиев нарықтық экономика тұсындағы 
халық ахуалын былайша жырлайды:
«...Болмайды десектағы күйінуге,
Алланың бұйыра ма сыйы күнде.
Әйтіп-бүйтіп нарыққа тал қармадық,
Тартып кете жаздады иірімге. 
Өзің айтқан қоғамның бір кеселі,
Соқыр ішек секілді түйілуде... » [145, 105 б.]. 
Тәуелсіздік жылдарында өткізілген ақындар айтысының телевизиялық һәм 
кейіннен кітаптар мен газет-журналдарда жарияланған мәтіндік нұсқаларын 
зерделей отырып, ғылыми пайымдау тұрғысында мынадай мәселелерді екшеп 
көрсетеміз
.
Біріншіден, айтыста қоғам проблемасының шынайы көрініс табуы болса, 
екіншіден сол көтерілген көкейкесті мәселелер қашан да елдік мүдде сипатында 
жырланады. Үшіншіден, елдік-халықтық мақсат-мұрат бағытындағы ақын 
ойлары, ұлттық идеологияның негізін қалыптастыруға әсер етеді.
Қарап отырсақ, бір-бірімен сабақтасып жатқан ақын жырларының 
мазмұндық, логикалық, идеялық ішкі тұтастығы айтыстың өміршеңдігімен 
қатар, өрелі, қоғамдық мәні зор өнер түрі екендігін танытады.
Бұл тұрғыда халқымыздың көрнекті ғалымы Қансейіт Әбдезұлы «Ұлбике 
ақын және қазіргі айтыс өнері» атты мақаласында былай деп орынды пікір 
білдіреді: «...Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізіп, ұлттық құндылықтарымыз 
алдыңғы қатарға шыққан қазіргі тұста да, ақындар айтысының ұлт өміріндегі 
рухани қызметінің өлшеусіз өскендігін, бүгінгі күннің шындығы тайға таңба 
басқандай көрсетіп отыр.
Соңғы жылдары жаңа белеске көтерілген, жаңаша түр тауып, ел 
алдындағы өтімділігі, өткірлігі арта бастаған ақындар айтысында алдымен 
қоғамдық-әлеуметтік өміріміздің кемшін мәселелерінің көтеріле бастағанын 
қуана құптауымыз керек. Бұл жақсы нышан» [146-9]. 
Ғалым Қ.Әбдезұлы келтірген бұл пікір, айтыс өнерінің әлеуметтік мәнін 
көрсетумен қатар, оның «ұлт өміріндегі рухани қызметінің өлшеусіз екендігін», 
яғни, идеология насихатшысы екендігіне орынды меңзеу жасайды.


182 
Айтыстың идеологиялық сипатын айқындайтын мұндай пікірлерді көптеп 
келтіруге болады. Дегенмен де, ұлттық мүдде тұрғысындағы айшықты ойларды 
айтыс жырларының өзі-ақ айқындап берді. Мәселен, жоғарыда келтірілген жыр 
мазмұнын айтыскер Серік Қалиев әрі қарай былай деп өрбітеді:
«...Өмірде қиянатқа жол болып жүр,
Қашанда жалғандығы мол болып жүр.
Қазақтай жуас елге асау нарық,
Тізгіні бас бермей, қолды ойып жүр.
Желтоқсанда соттауға қол қойғандар,
Бүгін жерді сатуға қол қойып жүр...» [145, 105-106 бб]. 
1985-1991 жылдар аралығы мен ел тәуелсіздігін алған 1991 жылдан қазіргі 
уақытқа дейінгі әлеуметтік-саяси өзгерістерді бастан кешіруі, қоғамдық 
формациялардың алмасуы, ғасырлар тоғысындағы тосын, тың құбылыстардың 
баршасы, осы уақыт еншісінде өткізілген, әлі өткізіліп келе жатқан ақындар 
айтысында бар болмыс, келбетімен сайрап жатыр. 1985 жылдың сәуір 
жылымығынан басталған қазақ халқының бастан кешкен тағдыр-талайлы жолы 
мен саяси-әлеуметтік жағдайы, экономикалық, тарихи тұрпаты, тілі мен 
мәдениеті, дәстүрі мен әдебиеті, тағы басқа толып жатқан өзекті мәселелердің 
бірде-бірі айтыс ақындарының назарынан тыс қалған жоқ. Ақындар айтысы 
ұлттық идеологияның көшін бастады.
Көрнекті ғалым, айтыс өнерінің жанашыры М.Жолдасбековтің: 
«Халықтың рухани өміріндегі ауытқулар мен серпілістер де айтыскерлердің 
назарынан қалмайтын негізгі тақырыптардың бірі. Мұхамеджан Тазабеков 
Бекарыс Шойбековпен айтысында: «Мәсінің қонышыдай тар заманда, 
Кебежедей көңілін кең сақтаған» – депті. Бұл жерде Мұхамеджан өтпелі 
дәуірдің қиыншылығын көріп, экономикалық қыспақта отырса да, халықтың 
рухани байлықтан айырылмаған дегдар тектілігін айнытпай әрі өте әсерлі 
жеткізген» [13, 8], – деп айтқан пікірін айтыстың идеялық мәнін танытатын 
орынды пайымдау деп бағалаймыз.
Ақындар айтысында ел мен жер тақырыбы, ақтаңдақ жылдар мен оның 
зәрлі зардабы назардан тыс қалмай ұлттық идеология тұрғысында халық 
жүрегіне жол таба білді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ақындар 
айтысында бұл мәселе барынша өткір айтылды. Мәселен, Балғынбек 
Имашевпен айтысында оралман ақын Иманғазы Нұрахметұлы өз тағдырын 
Тәуелсіз елдің тарихымен сабақтастыра жырлайды:
«...Бір кезде бірлігі мол халық едік,
Білгідей билік құрған ханы болып.
Кешегі тар заманның толқынында, 
Тоз-тоз боп әрбір жерде қалып едік.
Халқыма теңдік тиіп ел болған соң,
Алласы мұсылманның жары болып,
Тәуелсіздік қойныңа қосты мені, 
Әлемнің жатыр оны бәрі көріп...» [137, 132 б.]. 
«Публицистика – дәуір үні» атты зерттеу кітабында ғалым Т. Амандосов, 
кәсіби журналистің шеберлігі тұрғысында төмендегідей пікір келтіреді: 


183 
«Фактісіз публицистика жоқ, сондай-ақ фактісіз ойды да байыптауға болмайды. 
Оқырмандарды тек декларациялар мен пікірлер айтумен, жалпылама, жалаң 
сөздермен сендіру мүмкін емес. Фактілерді жиыстырулардан, оларды көрсете 
білуден, салыстырудан, дәлелдей және байыптай білуден журналистің 
шеберлігі байқалады» [113, 26 б.]. 
Айтыс ақынын азаматтық журналистика функцияларын атқарушы тұлға 
деп танитын болсақ, ғалым Т. Амандосов пікірлерінің мәніне тереңдей түскен 
абзал. Жалпы, шығармашылық дүние көп жағдайда нақты және абстрактылы 
түрде сараланатыны белгілі. Айтыс жырларында осы екі жағдайдың да сипаты 
бар. Бірақ көркем шығармада кездесетін абстрактылы ұғымдар мен айтыс 
жырларында кездесетін (цифрсыз, цитатасыз) ой-толғамдардың жөні мүлдем 
бөлек. Айтыстарда айтылатын ой-толғамның өзегі нақты өмірде, қоғамда 
болған оқиғалар мен тарихи жағдайлардың әсерінен туындайды. Оны тыңдап 
немесе оқып отырған адам, ақиқаттың нағыз шынайылығына көз жеткізеді. 
Публицистика сипатын үнемі факті мен дерекке байланыстырып айқындайтын 
ғалым Т.Амандосовтың өзі бір пікірінде, публицистиканы біз келтірген уәж 
төңірегінде 
қарастырып 
өтеді. 
«Ғылым 
мен 
көркемөнер 
сияқты 
публицистиканың да объектісі өмір шындығы болып табылады» [113, 5 б.]. 
Ұлттық идеологияның айқын да, ашық жаршысына айналған ақындар 
айтысындағы сан-алуан тақырып өзегінің тоғысар түйіні, халықтық мүдде мен 
елдік арманмен үнемі астасып жататынын жоғарыда айтып өттік. 
«Публицистика – өмір шындығы» екендігін ескерсек, ел тариыхының
тағдырлы болмысын өз жырына арқау еткен Дәулеткерей Кәпұлы айтысындағы 
мына бір толғамды ойлар халық санасына үлкен әсер етіп, сергектікке, бірлікке, 
Тәуелсіздіктің баяндылығы қаншалықты қымбат екендігіне үндейді:
Дәулеткерей: «...Шыбын да жаным шырылдай, 
Қай жаққа бетті бұрмақпын. 
Асылдарымды атқызып,
Абақтыға жатқызып, 
Ұлардай жұртты шулаттың.
Босқанда халық шет елге, 
Аузыңнан дәмі кетер ме, 
Аштықта жеген тулақтың» [137, 78 б.]. 
Уақытқа сын көзбен қарап, болашақты бағамдау, қашанда өткенге ой 
жіберіп саралаудан тұратыны белгілі. Айтыстың басты ерекшеліктері де 
осындай қасиеттерімен көрінуінде. Ұлттық сананы қалыптастырып, халықты 
белгілі бір бағытқа, ұлттық мүддеге ұйыстыруда жалаң сөз, жадағай сөздің 
ықпалы жүрмесі белгілі. «Қазіргі айтыстың идеялық-көркемдік ерекшеліктері» 
туралы зерттеу жұмысында ізденуші ғалым Шырынбек Қойлыбаев мынадай 
пікірлер келтіреді:
«Қазіргі кезде айтыстың идеялық мәнінің негізгі алтын қазығы болатын 
тағы бір саласы, ол ақындардың қоғамдық мәселелерді көтеруі болып саналады. 
Айтыс ақындары бұл ретте ел мен жердің жағдайын халықтың мұңын айтыс 
мінберінен айту арқылы шындықтың бетін айқара ашады» [147, 12 б.]. 


184 
Қазақстан қоғамында орын алып отырған түрлі кемшіліктер мен ұлт 
болашағына көлеңке түсірер келеңсіздіктер, ақындар айтысында барынша 
ашық айтылып отырды.
Кез келген саяси-экономикалық қадамдардың тиімділігімен қоса, 
проблемасы да болатыны белгілі. Шетел инвестициясы Қазақстан 
экономикасына қаншалықты пайдалы болғанымен, ұлт мүддесі үшін оның 
қолайсыз тұстары да баршылық еді. Көршілес елдерден ағылған босқындар мен 
пайда қуған жымысқы топтардың қазақ халқына жаны ашымайтындығын айтыс 
ақындары дер кезінде аңғарып, осы жайтты проблема ретінде көтере білді. 
Салауат Исақаевпен айтысында ақын Серікзат Дүйсенғазин етек-жеңі кең, қазақ 
қоғамының бейқамдығын былайша сипаттады:
«...Ағайын, арманыңа аштым құшақ, 
Болсын деп, үлкен-кіші, дос-құрбы шат.
Ол рас қара қытай қаптап жатыр, 
Кәдімгі таудан аққан тасқын құсап.
Базардың барлығын кеп жаулап жатыр,
Ауғаннан ауып келген босқын құсап. 
Оларды тыю ертең қиын болар,
Тоспасақ алдарынан тосқын құсап. 
Қазақы көңілменен көне бермей,
Күдікпен қараған жөн қашқынға ұсақ. 
Тобаға келтірмесек бәле салар, 
Қорада қойға тиген қасқыр құсап...» [137, 125-126 бб]. 
Айтыс ақынының кәсіби журналистерге тән, ұқсас қасиетін айқындайтын 
басты ерекшелігінің өзі – уақыт ағымында болып жатқан өзгерістерді дер 
кезінде көріп, оны орынды көтере білуі дер едік. Айтысқа қатысушы 
ақындардың ұлттық мүддені, идеологияны жырлауы табиғи заңдылық. Өйткені 
сөз сайысына түсуші ақын – мемлекеттің негізін құрайтын қазақ халқының 
өкілдері, яғни, перзенттері.
Қандай жағдайда, қандай ортада болмасын, олар ұлт мүддесі тұрғысында 
сөз айтып, жыр жырлайды. Сондықтан да ұлттық идеология мұраттарын 
насихаттау айтыс ақындарының қастерлі, азаматтық парызы. Осы жерде басын 
ашып алатын мәселе – айтыс ақындарының шовинистік, ұлтшылдық пиғылдан 
адалығы. Олар (айтыс ақындары) қазақ халқына, оның мүддесіне қатысты 
қандай мәселені жырламасын, адамгершілік, азаматтық принциптерден аттап 
кеткен жоқ. Олар көтерген проблемалар, тарих талқысынан өткен шынайы 
шындық болып табылады. Қазақ ұлтының мүддесін көтерсе, ол моральдық 
этика нормалар тұрғысында болды. Айтыс ақындары өз халқының жоғын 
жоқтап, мұңын жырлады. Өз ұлтын ұлықтай білген ақындар көрші 
халықтардың да көңілін қалдырған жоқ. Аманжол Әлтаев пен Карима Оралова 
арасында өткен айтыста ақындардың азаматтық ұстанымдары былайша көрініс 
табады:
Аманжол: «...Қазақ – Ресей ежелден көрші елміз, 
Жүрейік құдалардай араласып.
Інің емес тең тұрған құрдасың бұл, 


185 
Мәскеу саған кеп тұрмыз дара басып...» [137, 276 б.]. 
Кәрима: 
«...Сүйінбай менен Құлмамбет,
Сөз қалдырған саралап.
Москваны жырлаған,
Жамбылдан қалған дара бақ...» [137, 277 б.]. 
Ұлттық идеологияның негізгі өзегі рухани құндылықтардан бастау 
алатыны белгілі. Тіл мен дін, дәстүр-салт, өнер мен мәдениет, тарих пен 
әдебиет, ұлт баспасөзі мен ағарту саласы – осының барлығы айтыс 
жырларының негізгі тақырыбы болды. Мұның сыртында ұлттың ұлы 
тұлғалары, қоршаған орта, экология мәселелерінің де түп қазығы елдік мүдде 
тұрғысында өрбіп, ұлттық идеологияның сипаттарын айқындады. Осы 
келтірілген өзекті мәселелердің барлығы абстрактылы тұрғыда емес, нақты 
дерек-мәліметтер негізінде сөз болып, ел назарына ұсынылды.
Айтыс ақындары көтерген осы мәселелер халықтың күнделікті көріп, сезіп 
отырған жағдайлары болғандықтан, оны бірден қабылдап, қолдап, қолпаштап 
отырады. Бұл көрініс айтыс ақынының халық мұңын жоқтаушы, ел аманатын 
жарыққа шығарушы өкілі екендігін танытатын құбылыс.
Ұлт руханиятының негізгі тетіктерінің бірі – дін мәселесі. Өзін мұсылман 
елі санайтын қазақ халқы үшін ұлттық идеологияны қалыптастыратын 
алғышарттар ретінде ислам қағидаларын насихаттау, қоғамдық маңызды 
шаралардың бірі болып саналады. «Қазақтар үшін исламның рөлі едәуір және 
мұны түсіну, ұлттық санамыздың маңызды мінездемесіне айналғалы тұр. Бұл 
әсіресе, осынау ұлы да гуманистік діннің рөлі мен мәні ұзақ жылдар бойы 
бұрмаланып келгеннен кейінгі жерде өте маңызды» [2, 183-184 бб]. 
Елбасы Н.Ә. Назарбаев еңбегінде келтірілген осы пікірдің көкейкестілігі 
Қазақстан қоғамы үшін қаншалықты маңызды екендігі өзінен өзі белгілі. 
Ақындар айтысындағы өзекті тақырыптардың бірі – дін мәселесі. Дегенмен де, 
ислам дінінің өзі бірнеше ағымдарға бөлініп, халық арасында түрлі пікірлердің 
қалыптасуы, қоғам үшін аса алаңдаушылық жағдайды туындатып отыр. Осы 
ахуалды дер кезінде бағамдап, қоғамға қозғау салар ой айтқан Айбек Қалиев 
ақын Мэлс Қосымбаевпен айтысында былай деп жырлады:
«...Бір намазды бес қазақ бес түрлі оқып,
Дінімнің де жағдайы бүгін қайғы.
«Колорадо қоңызындай» миссионерлер, 
Елімде сайран салып жымыңдайды.
Осыны заң жүзінде тоқтатпасақ, 
Сектадан секта туып құлындайды. 
Өйте берсек бар қазақ шоқынды боп,
Тас құдайдың жанында қыбырлайды...» [138, 196-197 бб]. 
Айбек Қалиевтің осы екі шумақ жырының өзі, уақыттың аса маңызды 
проблемасын көтеріп тұр. Жырдағы «Бір намазды бес қазақ бес түрлі оқып», 
сөзі ислам дініндегі түрлі ағымдарды меңзесе, осындай берекетсіз елді басқа 
дін миссионерлері оңай жаулап алатындығын ескертеді. Әрі атқарушы билік 
назарына ұсыныс жасап, осындай келеңсіздікке қарсы тұрар заң керектігін 


186 
айтады. Әрине, осы мазмұндас айтысты тыңдап, көріп отырған халықтың 
ойланары сөзсіз. Мұның өзі айтыстың насихатшылдық, тағылымдық қырын 
көрсетеді.
«Бүгінгі күрделі саяси, әлеуметтік, экономикалық өзгерістер тұсында діни 
идеология, ұлт, қоғам өмірінде әртүрлі қызмет атқарып тұр. Ұлттық мәдени 
дәстүрлікті жаңғырту, тарихи сананы, имандылықты дәріптеу діннің қоғамда 
алатын орнын өзгертті» [96, 44 б.]. 
Дін тақырыбын тереңдете жырлап, халыққа кең насихат жасаған айтыс 
ақындарының ішінде Мұхамеджан Тазабеков есімін ерекше атауға болады. 
Ислам дінінің тамырын, халықтың өмір сүру қағидаларымен астастыра өріп, 
қоғамға қаншалықты қажеттігін нақты мысалдармен дәлелдеп көрсетуде 
Мұхамеджан ақын асқан шеберлік, білгірлігін танытты. Оның айтыста айтқан 
сөздері ел ішінде насихат жыры ретінде жатқа айтылып жүрді. Мұның өзі 
ұлттық идеологияның негізгі саласы ретінде қарастырылатын ислам дінінің 
халық арасындағы сенімін күшейте түсті. 
«...Құдайдан қорықпайтын болып алдық, 
Жаратса да құлым деп артық көрер.
Құдай деген ол бізге құда емес қой,
Қызы ұнамай қалса егер қайтып берер.
Бекарыс, қай жағдаймен мақтанайық,
Сақтансақ, кришнадан сақтанайық. 
Түбім – түрік, ал дінім – ислам ғой,
Солай қарай сеніммен аттанайық.
Заман азып, заң тозып бара жатыр, 
Қай тірлікпен, Бекарыс шаттанайық? 
Бұрынғының ұраны – «Аллаһу акбар», 
Бүгінгінің ұраны – «ап қояйық»...» [123, 117-118 бб]. 
Исламның басты шарты – имандылық деп танысақ, айтыс ақындарының 
дін туралы толғаныстары көбіне халықты ар-ождан, жан дүниесінің таза 
болуына үндейді. Ата-баба дәстүрінде жоқ жезөкшелік, нашақорлық, кісі 
өлтіру, ұрлық, зорлық сияқты жат әдеттердің барлығы жастардың имансыз, 
дінсіздігінен деп түсінетін айтыс ақындары, осы бағытта терең насихат жүргізе 
білді. «Айтыс өнері – миллиондаған аудиториясы бар құдіретті қару. Қалай 
десек те, халықтың рухын оятуда, намысын қорғауда, ұятын шақыруда бүгінгі 
айтыстың алар орнының ерекше екендігі талғамы жоғары көрерменге аян. 
Осынау текті өнердің қоғамды жат қылықтардан арылтуға, халықты бірлікке 
шақыруда, адамдарды жамандықтан тосып, жақсылыққа үндеуге үлкен үлес 
қоса алары айдай айқын» [148, 88 б.]. 
Ұлттық идеология сипатын айқындап, халықтың рухани сілкінісін, жігерін 
танытқан үлкен тақырыптың бірі – жер мәселесі болды. Жерді ұзақ мерзімге 
жалға беру, сату – халықтың жаппай наразылығын туғызған даулы проблемаға 
айналды. Қоғамда қызу пікірталас тудырған жер сату мәселесі ақындар 
айтысында да өткір көтерілді. Балғынбек Имашевпен арада өткен айтыста ақын 
Сара Тоқтамысова осы мәселе жөнінде былай деп жырлайды:
«Кейбіреу сөз бастауға татымапты,


187 
Жырлайын жамылған соң ақын атты.
Астанада Жоламанқұлақ деген ауыл,
Тоз-тоз боп сынған ердей тоқырапты.
Магамет дейтін бір көпес-ингуш, 
Бұл ауыл менікі деп тартып апты.
Осындай елді кезген келімсекке,
Үкімет үндей алмай жатып апты...» [138, 126 б.]. 
Ал, Мэлс Қосымбаевпен сөз қағыстырған ақын Айбек Қалиев бұл 
тақырыпты одан әрі тереңдетіп, халық басындағы замана қасіретін бірнеше 
проблема төңірегінде каузап көрсетеді. 
«...Жастарымыз наркоман шұбырынды,
Алқакөл сұлама боп, жын қуып жүр.
Тас құдайға табынған шоқындылар,
Исламның діңгегін сындырып жүр.
Мұнай, темір пайдалы қазбалардың, 
Қайда кетіп жатқанын кім біліп жүр? 
Жерімнің астын сатып, үстін сатып,
Үкімет жігерімді құм қылып жүр...» [138, 192-193 бб]. 
Философия ғылымдарының докторы, профессор А. Айталы ұлттық 
идеология, дін, тәрбие жөніндегі ойларында – тоталитарлық жүйе қоғамдық 
ғылымдарды да мемлекеттік идеологияның қыспағында ұстап, оларды 
нақтылықтан, шындықтан айырғандығын айтады. Сондай-ақ, идеологиялық 
қызмет пен қоғамдық өмірдің арасындағы алшақтық, оның қоғамға әсерін 
әлсіреткендігін, идеология бұқаралық сананың көпқырлы сырын тиянақты, 
байыпты түсіндіріп, саяси, әлеуметтік дамуға байсалдылықпен жол көрсете 
алмағандығын жазады. Осылай деп ой түйіндеген ғалым ұлттық идеология 
болмысына былай деп сипаттама береді:
«Ұлттық идея – рухани құндылықтарды жаңартуға үлкен дем береді. 
Отаршылдық, 
тоталитарлық 
үстемдікті 
басынан 
өткізген, 
жалаң 
интернационализмнің зардабын шеккен этностар үшін ол отарлаушы 
құлдықтан, ұлтсызданудан арылудың рухани тірегі. Сол себепті де бүгін өткен 
тарихқа, дәстүрлілікке, әлеуметтік тәжірибеге деген ынта өсіп, төлтума ұлттық 
ерекшеліктерге көз жеткізуге, нығайтуға күш салынуда...» [96, 134 б.]. 
Ұлттық идея мұраттары 1985 жылдың сәуірінен кейін қазақ қоғамында 
там-тұмдап болса да белең ала бастады. 1991 жылдың желтоқсанына халықтың 
зерде-зейіні, тарихи танымы белгілі дәрежеде оянып келді деуге негіз бар. Олай 
деп айтуымызға 1985-1991 жылдар аралығында өткізілген ақындар айтысының 
идеялық, мазмұндық ерекшеліктері айғақ бола алады.
Ал, тәуелсіздік жылдарындағы ақындар айтысы тұтастай елдік, халықтық 
мұраттарды асқақтата көтерумен ерекшеленді. Халықтың тарихи зердесін 
оятып, ұлттық мүдде, елдік мәселелерді көтеруде қоғамдық рухани салалардың 
ішінде айтыс өнері көш ілгері тұрды. Уақыттың ең зәру мәселелері мен қоғам 
проблемаларын көрсетуде ақындар айтысы зор рөл атқарды. Айтыстың сын 
садағына ілінген көкейкесті мәселелердің барлығы ұлттық мүдде бағытында 
өрбіді. Айтыстың ұлттық идеология жаршысына, насхатшысына айналуына 


188 
осы айтылған жағдаяттар алғышарт боғандығын уақыт өзі дәлелдеді. Сөз 
сайысына арқау болған сан алуан тақырыптардың негізгі өзегі, айналып 
келгенде, қазақ халқының рухани оянуына, тәуелсіздіктің баянды болуына 
қызмет жасады.
Мемлекет ақындар айтысының идеологиялық қуатын ресми мойындамаса 
да, көтерген проблема нәтижелерінің оң шешілуіне ықтиярлы болды. Бір ғана 
тіл мәселесі төңірегінде болған идеологиялық теке-тірес, түптеп келгенде халық 
пайдасына шешілді. Әрине, сөз жүзінде солай болғанмен, шешілуі күрделі 
мәселелер әлі де болса көп. Ең бастысы ұлттық ождан мен елдік ар-намыстың 
кез келген жағдайда өз мүддесі үшін күресе алатындығын уақыт көрсетіп берді. 
Бұл рухани жеңістің бір ұштығы халықтың төл өнері – ақындар айтысынан 
бастау алғандығын нық сеніммен айтуға болады.
«Тәуелсіздік жылдарындағы айтыстың басты ерекшелігі – ол кеңестік 
қоғамның ықпалынан шыққан біздің саяси-қоғамдық өміріміздегі идеологиялық 
кеңістікті толықтырды. Айтыста берілген азаттық идеясы, тәуелсіздік алғаннан 
кейінгі аралықта біздің қоғамдық құрылымымызда басты идеология екендігін 
айтыс ақындары дәлелдеді. ...Айтыстағы әлеуметтік өмір шындығы, саяси 
күрестердің көрінісі, қоғамдағы қайшылықтардың әшкереленуі, айтыстың қазақ 
халқының мемлекеттік құрылымында да үлкен орын алатынын байқатты...» 
[108, 22 б.]. 
Айтыс тақырыбына қалам тартқан қай зерттеуші-ғалым болмасын, ол ең 
алдымен, ақындар шығармашылығының әлеуметтік мәні мен қоғамдық 
маңызына тоқталмай кеткен емес. Бұл сонау ХІХ ғасырдағы Ш. Уәлиханов,
Ә. Диваев, А. Янушкевич жазбаларында да кездеседі. Одан беріде М. Әуезов,
С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, М. Ғабдуллин, Ә. Қоңыратбаев, С. Қирабев,
Б. Кенжебаев, Р. Бердібаев, С. Қасқабасов, С. Садырбаев, тағы басқа зерттеуші- 
ғалымдардың еңбектерінде айтыстың қоғамдық рөлін танытатын келелі 
пікірлерді жиі кездестіреміз. Қандай дәуір, қандай қоғам болмасын, айтыстың 
қоғамдық-әлеуметтік мәні терең болатын болса, оның идеологиялық 
ықпалының да мол болатындығы өзінен-өзі белгілі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет