Дүкенбай Досжан Қазақтың жүз романы



Pdf көрінісі
бет14/29
Дата03.03.2017
өлшемі1,57 Mb.
#7268
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   29
Бірауқымда шот тырсылы үзілді, ақша жік-жікке, жілік-жілікке бөлшектенді. Енді 
тапырақтай ұмтылып жұртқа үлестіруге үйлестіруге әулие әлденеге «әттеген-ай» деп 
күңіренді.
Жаңылдың жақын абысыны жыртыс таратты.
Бұл пендешілікті қойсаңшы: біреудің арыстай әкесі өліп жатса, Далабайдай ақылды 
ұл аңырап қаза көтеріп тұрса, жақын ағайын ғой жылаулы: ал былайғы жұрт – «алсам», 
«жесем». Ойлары осы. Уәжі тас кеседі. «Асқар таудай атамыздың теберігі қәнекей?!» 
«Көзіңдей көріп тәу етіп жүрейік». «Баламызға садақа болсын». «Теберіктен қыссаң 
көріңде өкіресің әлі». Осы сөзбен жыртыс үлестіріп жатқан сала құлаш шаршы кемпірді 
орамалша желпілдетті, лезде жұлған тауықтай етті.
Доскей көз жұмғалы екінші тәулікке ауысқан. Жан білетін кәриялар: «Оу, 
ағайын, аруақты ақыреттік сапарға аттандырып салайық. Жамбасы сырқырамасын», 

десті. Өлікті жуып, кебіндеп, зузаға теңдейтін сүйекшілер бөлінді. Қазаға қадірлі 
кісілерден сүйекші шығару ілкі қазақтың салты. Бұл қазақшылықты қойсаңшы, сүйекке 
кіретін сыпайылар шаңылдасып берсін. Далабай: «Не болып жатыр?» – деп 
сұрастырған еді. Ой, пәлі-і ай; «Мен атекемнің басын көтеремін», десе – келесісі: 
«Атекеме кебін кигізем», деп жолға таласыпты. Құман ұстап, өлікке су құятын кісі 
табылсыншы кәне. Сүйекшілердің көкейін тескен мал, өйткені салт бойынша өліктің 
басын ұстағанға бір қара, сосынғыға тоқты-торым, су құйғышқа шапан-шақпыт тимекші. 
Соны сезген дүниеқор пенделер тәжікелессін, керілдессін кеп. Пақыриддин әулие 
кейіді: «Құдайды ұмытқан зәнталақтар! Құранда – сүйекшіге сауаптың өзі жетеді деген. 
Қыбыма тисеңдер тышқақ лақ көрсетпеспін», – деді. Дабыра жым басылды. Өлікті жуып, 
ақ киіндіріп, сапарға әзірлей бастады. Бесін өтіп, күн екіндіге еңкейген.
Ілкіде адамзат: «Ажал, қайда басасың?» – деп сұрапты-мыс.
Сонда Ажал: «Бардың малын шашамын, жоқтың артын ашамын», – депті-міс.
Құраншы, азагер, підияға жиналған молда, сүйекші, жыртысшы болып сол 
ажалдың сөзін ақиқаттады: Доскей шалдың несібесіне біткен малдың тұяғын 
сыртылдатып ту талапайын шығарды. Бұған Далабай ләм деп килікпеді.
Азалы ағайын әлі қалпын бұзбай қаз-қатар тізіліп тұрған. Күн екіндіге еңкейе 
Қаратау жақтағы аспа жолдан қалың аттылы көрінді. Топтың арты мал айдаған қара 
жетектеген атшабар, атұстарлар да, алдыңғы топ салт келеді. Қазалы ауыл дүрлігісіп 
қалды. Бұл келе жатқан Доскейдің теріскей беттегі қайын жұрты. Жаңылдың әйгілі 
шабандоз ағасы Шортанбай еді. Жасынан алқа топтың алақанында өсіп, жақсы ат пен 
жүйрік тазының бапкері боп аты шыққан адуын жігіт. Бұл күнде самай шашы бурыл 
тартқан балуан бітімді, кесек, ел ағасы болған. Соңында сүметілген майдангерлерге 
қараған жоқ. Дауыс жетеді-ау деген жерге келгенде қаралы отауға аңыратып ат қойды. Зор 
дауысы алапты тітіретті. «Арыстандай арыс-е-е-ем!» Азалы ағайын боталап кеп 
егілген.
– Апырай, жақсы салтты ұмытпаған ерлер бар екен ғой жер үстінде.
– Шалдың аруағы төсегінде бір аунаған шығар.
– Жыламаған жұрт қалмады, түге!
– Шортекең десе Шортекең ғой! Бір елдің айтулы азаматы деп естіп едім, енді 
көзім жетті.
– Артыңнан өстіп жылап келер жекжатың болса қиналмай-ақ өлер едің-ау.
«Жақсының жұрағаты, асыл ері-е-е-ем!» Ат ұстар жігіттер барып Шортекеңнің 
тізгініне жармасты. Еңгезердей екі жігіт сүйемелдеп аттан түсірді. Қолтықтаған күйі 
азалы ағайынмен көрістірді. Алып денеден шыққан ащы күрсініс пен әрәдік «аһ!» ұру 
жұртты қоғаша жапырды. Кешеден бері құсадан жөндеп арыла алмай отырған Жаңыл 
кейуана да үнін естігенде қопарыла егілген, асыл арудай дауыс көтерген. Жұрт бірқыдыру 
күңіреністен соң сап-сап сабасына түсті. 
Түстік беттен тағы бір шұбырынды шылынған. «Бабата түбіндегі мақташы диқан, 
жатыпатар, қулығы мол жігітке шыққан ортаншы қызы болмасын. Ділдәнің дауысы үш 
қырға мол жететін әнші деп еститін. Ой, пәруәрдігар дүние-ай! Дәл сол! Қожекең қатты 
қапаланды, таяғымен жер нұқыды. «Бұл шалдың қызы таусылмайды», - деп күйінді. «Жер 
дүниеге ешкі малындай құжынатқан, шашқан. Қызы таусылса, жамағайыны жетер аңырап. 
Сосын ертеңге қалса, Ташкент үсті көтерілер. Сыр бойы елі ағытылар. Бұл болмайды. 
Қазаны сар жамбас етіп жатқызып қою күпірлік. Күнәға белшеден батамыз тегі». 
Қожекеңнің қаупайлағаны келді. Сүйек ертесіне күн ауа көтерілді.

Оған дейін Сыр диқандары етегін сүйретіп жеткен; Шыршық пен Жетісай үстінің 
мақташы ағайындары аңырап ағытылған. Күнге күйіп, көңірсіп жатқан Қосүйеңкі адыры 
қатқан ұлтарақтай жұрт табанының астында қалды. Ауыл үстінен бозамық арылмады. 
«Жақсының қазасы Қаратау елі мен Сыр елінің басын тоғыстырды», деген сөз тарады. 
Атұстар күтуші жігіттерді басқарып жүрген Жаманеркек бейне, арбаға жегіліп, 
мойынтұрығы мойнына кеткен атан түйедей арсасы шықты. Ауыл сыртынан қара көрінсе 
болды арбаңдап алдынан шығар, тізгінін ұстар, қолтығынан алып атынан түсер: сосын 
аңыратып азашыларға жетелер. Сосын аздап жан шақырып тынығып алуға отырар. Сол 
екі арада шалдар жайғасқан отаудан сыбыс жетер: «Ойбай, шалдардың күрең шайы 
сұйылып кетіпті, сексеуіл шоғымен гүжілдеген самаурын сұратып жатыр». Ал шап. «Пәлі, 
молдекеңнің самаурынын өзгерт!» Ал боздақтат. Жаманеркек таптырақтай жүгірер, 
молдекеңнің алдына нән самаурынды қонжитады... тағы жетеді. «Ыстық суды іштеріне 
қотара ма тегі? Молдекеңнің бір өзіне ертеңгісінен бері жеті самаурын жөнелттім!» - дейді 
бұл. «Дәрі ішетін көрінеді ғой» дейді шабарман жеңгей. Дәрісі – көкнәр. Сонеың сөлін 
сығып ішкен шал да бір, бетпақтың шөлі де бір. «Көкнәр ішіп, мас болып отырып ол 
пақыр қазаға қалай құран шығармақшы?» – деп таңданады. «Құранды көзін жұмып, 
ішінен жатқа оқитын болғаны ғой», – дейді шабарман. Арғы қабақтан топ аттылының 
қылт ете қалғанын шалды, енді бұл көкең кермеге қарай құлдырады. Азаншы, сүйекші 
шалдар жағы кирелеңдеп белін ұстап, түрегеп отыруға жарамай, көпшікке шатқаяқтап 
жатып алар, шай сораптар; иықтарынан тау түсіргендей боп гүпілдесер.
– Далабайды әкесінің басын ерінің басына іліп жүр деп ешкім айтпайды енді!
Мұнысы «әке қарызынан құтылдың» деге ілкі қазақтың көне сөзі екен.
Доскей кәрияның жетісі, қырқы, сосынғы жүздігі, сосынғы жылы осы дүрбелеңмен 
алыс-жақын ағайынның «аһ» ұрып араластыруымен өтті.
37
Мүлкаман қызметтен босағалы жұмыртқа басып күрік болған тауықтай үйінен 
аттап шықпай қалған. Ертемен тұрып таңертеңгі автобуспен ауданға барып қайтуға 
ниеттенген. Түннің беймезгіл уағы, әлдебір жаман түстен шошып оянды. Әрі дөңбекшіді, 
бері дөңбекшіді, көзі ілінсінші енді. Темексіні тұтатып, құшырлана сорды, дәлізден су 
ішіп келді, болмады. Жанындағы келіншегін мазалады. 
– Жылтылдатпай өшірші әрі, төсекті өртерсің, – деді Үрбала.
– Теріс кеткенімді қарашы!
– О не боп қалды жазған!
– Әттеген-ай, астығымды жамалдатқыр құйрығын шаншып қисық кетті емес пе. 
Жаманшылыққа көрінбесе игі еді. 
– Қияли болғанбысың? Не сандалып жатырсың өзің?
– Түсімде деймін-ау. Астымда ақбоз ат, жоқ-ә, күрең білем. Қосүйеңкіден шығып 
қасқа жолмен құйындатып келемін. Ат арыны үдей түссін. Көз ұшынан қара көрдім. Қара 
емес-ау, жаяу кісі. Жол үстінде тұр. Сәл болмағанда басып кете жаздадым. Тани кеттім, 
өзіміздің Досекең!..
– Кеше қырқын өткізген қайнаға ма?
– Дәл өзі. Қолында асасы, үстінде ақ сүріптен тіккен кебін, төбе шашым тік тұрды. 
Сондағы ойым: бұл шал тегіннен-тегін жолымды тосып жүрген жоқ. Ана жылғы соғымға 
сойған бәйге күреңіне құн даулап жүр. Ақшасын сиырқұйымшақтатып бермей кетіп 
ем ғой. Өлген кісі тегіннен-тегін жол тоспайды.
– Өшірші әрі ыстауышыңды!

– Аттан түсіп сәлем бердім. Баяғы қарызды қайтаруға қол тимей жүргенін айтамын. 
Шаруа шаш етектен деймін.
– Қой, бала, – дейді Досекең. – Құн даулайтын дүниеқор пәруардігер пендең 
мен емес. Ел кезген қыдырымын!
Қарызды қайтаруға қол тимей жүргенін айтамын.
– Қой, бала, – дейді Доскей. – Қарыз-парызыңды білмеймін. Аулыңа бұрылып бірер 
үйге кіріп дәм татып шығар едім, мәслихат құрар едім. Бәрің «қол тимейді, қол тимейді!» 
деп құйғытып шауып жүр екенсің. Қапылыста біреудің атын қағып кетер деп қорықтым. 
Енді сендерге бұрылмаймын. Мына қырдың астындағы Қостораңғы аулына жол 
аламын. 
– Қол тимей жүргені рас, – деймін.
– Жаманғатты жапырып жүр едің, – деп кекетеді Үрбала. – Өңкей шолақ 
белсенділер. Не бітірейін деп құйғытасың осы, сені қуған қай сор. Қыдырды үйге 
шақырсаң сабан қалпағың қоқыраймай қалар ма еді.
– Қатын деген қарап жатса қайтеді осы, – деп түңілді Мүлкаман.
– Осылай қызметтен босап, жұртта қалған иттей ұлып қаларыңды баяғыда білгемін. 
Мүлкаман жастықтан басын жұлып алды.
– Білгенің қалай-ей? 
– Қашан менен ақыл сұрап едің. Енді келіп: «түс көрдім», «қыдыр көрдім». Әдірем 
қал-ай! Иттің қиы дәрі болса дарияға саңғыр деген. 
– Білгенің қалай-ей?!
– Өмірі жұрт жүрген жолмен жүрмейсің, оқалақ қуған өгіздей бетіңнің ауған 
жағына өңмендей ұмтыласың. Үлкенге жалпақтау, кішіге кісімсу жоқ. Өз білгеніңмен 
өкіресің. Жұмыста басың қалғандай тентірейсің, үйге қарау жоқ, келіншегіңе қайрылу 
жоқ. Енді міне, жұрттың ұйқысын бұзып, «түс көрдім, қыдырмен кездестім» деп күңіреніп 
отырғаның. 
– Аянып қалғаным жоқ. Осы Қосүйеңкі халқының қамы үшін қаншама тер төктім 
десеңші, қаншама қабырға қайыстырдым. Енді қарасам, бәрі бекершілік болыпты-мыс, 
шалжайып көлеңкеде жатқан катыным ақылды-мыс, шот салғаннан өзгені білмейтін 
Нағанай сенімді-міс, бұған не дерсің! Сотталып кете жаздағаным күйдіреді ғой.
 – Менің аудандағы төркіндерім болмағанда абақтыда шіритін едің, жазған.
Мүлкаман темекісін өшірді.
– Әлгі қыдырдың не айтқанын естісең сен.
– Көп болса қарызын сұраған шығар.
– Айттым ғой: ақпа Құлақпысың. «Бала, қарыз-парызыңды білмеймін», – деп 
кейігенін. «Қолдарың тимей жүр екен», дейді. «Осылай бет-бетіңмен құйғыта берсеңдер 
жетісерсіңдер», – дейді. Жөн сөзге келер, байыздап отырар, ентік басар кездерің 
болмас сірә. Мойындарың үзіліп өлгенше ат өкпесін тесіп құйғытарсыңдар, ауыл үстінен 
шаңдатарсыңдар.
– Қайнаға әулие кісі еді.
– Әр сөзі төбемнен сойыл соққандай әсер етті. Есеңгіреп қалдым білем. Атыма 
мініп шаба жонеліппін.
– Сенің сөйтеріңді білгем.
– Білгенің қалай-ей? 

Мүлкаман келіншегіне оқыс бұрылған. Таң бозы селбелепті. Үрбаланың 
жартылай ашық кеудесі көрінді. Қос анары тікшиіп есті алады. Мүлкаман көзін 
аударып кетті.
– Астыңа ат мінсең-ақ шабатын әдетің емес пе.
– Ой, пәлі-ай, шынымен жорығалы жатыр ғой десем... Мұқатып, кекеткеннен 
өзгені білме, білмей кеткір.
 Көзінің ақиығымен келіншегінің кеудесін барлаған.
– Сонымен кеттің бе? – деді Үрбала.
– Кеткені қалай?
– Теріс кеттім деп сандырақтаған сен емес пе ең?
– Апырмай. Қазіргідей көз алдымда. Артымнан қыдырекең айқайласын. Қайыра 
шақырып алсын. «Ал, бала», дейді. Жаман қысылдым. Қыдырекең қолындағы басын 
көтерді. Тас төбемнен қасқитар деп бұғынып
қалдым.
Үрбала кеудесін селкілдете сықылықтасын. 
Соқты ма содан. 
– Соққан жоқ-ау, жол көрсетті. «Ал, бала, – дейді Қыдырекең. – Мына терістікке 
бұрылған жол сусыз шөлге апарады. Кенезең кеуіп күн қызуынан ат үстінен ағып кетесің. 
Еңді мына түстікке тартқан жол ну шалғын, саялы баққа апарады. Мен білсем, 
түстікке тартқаның жөн болар». Қыдырекең асасын түстікке сілтеді. Алғысымды айтып 
атқа қамшы басайын. Құйғытайын содан. Астымдағы атымның басы қатты, енді бірде 
ақыстасам, терістікке ағызып барамын. Тізгінді тартып бұрайын деймін, бұрылмайды, 
тоқтайын деймін, тоқтамайды. Ат жалына жатып еңірейін. Күн шекемді шағып 
қыздыра түседі. Шөлді сезем.
Мүлкаман үнсіз қалды. Үй іші жарық тартты. Есік алдынан дән іздеген 
күркетауық күркілдейді. Бақташының ысқырығы естіледі.
 – Ат басын бұра алмадым. Теріс кеттім. Қиындыққа көрінді ме деп қорқамын. 
Үрбала терең-терең күрсінді.
– Қайтем? Мақұлбек кәрияға жолығамын ба?
– Жұрттан ұятты.
– Несі ұят?
 – Қазіргі жұрт аяғымен емес, аузымен жүреді. «Кешегі қып-қызыл бастық, 
бүгін орнынан түскен соң құдайын есіне алыпты. Түс жорытуға шығыпты», деп шулап 
шыға келсін. Қазитшілер қаптап жүр. Солардың құлағына тисе қаламының ұшында 
кетерсің.
 – Қалай ойламағанмын, ә? Ақылыңнан айналдым-ау!..
Мүлкаман ғой мөлиіп жатып ойланған. «Әлгі Нағанай қу ішіп алса болды: «Үрбала 
он қызға бермейтін ару келіншек қой, алақанға салып өту керек, деп бөсуші еді. Қарап 
отырып, қатынын желіктіретін, тулататын. Нағанайдың әшейін аяқ астынан шығарып 
алатын көп саясатының бірі шығар деп мән бермейтін. Құлағының сыртымен 
тыңдайтын. Сөйтсе-е-е... сөзінің жаны бар секілді. Сырлы қасықтай жылтылдап тұрғанын 
қызталақтың, уылжып піскен өрік дерсің, ерте иісі шығып көз құртын жеген әңгелек 
дерсің.
Жатудан жалығып әлден уақытта басын көтерді. Кереуетті зар илетіп отырып 
киінді. Әр киімі әр жерде шашылып қалыпты. Кең балақ шалбарына қолы жетпеді. 
Сырттан келіншегін шақырған, үн жоқ. Есік алдында күркетауық күркілдейді. «Қарасы 

батқырдың қарасы батты», – деп күңкілдеді. Сыпырылып төсектен түсті, еңбектеп барып 
шалбарын алды. Белінің құрсауы жазылар емес. Сыртқа сүйретілген. Күн едәуір 
көтерілген, маңай бейжай, ауылдың уақ малы түстікке өріп барады.
Қосүйеңкі ауылы шөміш секілді қос ернегі кемеш шұқырда. Әсіресе терістік беті 
қара адыр болып келеді, Шығысы түйетайлы жыраға жалғасып Қамысты сайына барып 
тіреледі. Түстігі белес-белес боз дала, жусанды жазық пен құйын кезген тұлдырсыз сар 
тақыр. Батыс беті әлгі шөміштің сабы іспетті, ұзынша адырды қуалап, барып-барып кер 
далаға ұласады. Бетінде шимай-шатпақ жол. Бірі ауданға, келесісі сырға құлап, 
өрмекшінің торындай шатылып жатады. Осы кеспірсіз қалпымен-ақ, осы жүдеу 
бейнесімен-ақ бұйығы ауыл Мүлкаманға соншама ыстық. Ну шалғынды Алатау бөктеріңе 
бермес еді; жайқалған тоғайлы Көкшетау көгілдіріне теңгермес еді; жұтаң болса да туған 
жері ғой, кешегі бұлдырап қалған жастың қызығы осында өтті ғой... Селк ете қалды.
Екі қолы қалтасында сіресіп тұрғанын қарашы! 
Қолында қос шелегі бар Үрбала екен.
– Енді еркек басыммен су әкелуім қалды ма?
– Су әкелмесең, аула сыпыр!.. Самаурынға сексеуіл ұсат!..
– Белім қозғалтпайды.
– Қозғалтқанда қырып жүр едің.
– Әй-әй, тіл мен жағыңа сүйеніп сүйреңдеме енді.
– Жұрттың еркегі ойды ойып, қырды қырып жүргені. Дүниені үйіп тастайды. Екі 
сөзіңнің бірі «елім, жұртым» еді. Елің-жұртың сілікпеңді шығарған жоқ па?.. Бар 
малыңды кәмпескелеп ауылға қосты. Енді атқа мінбек түгілі жаяу жүре алмай 
тұрғаның мынау. Төркінімнен келген самаурынның оттығы ағып кетпегенде, мына 
томардай пәлеге су толтыра алмай азапқа түспес едім-ау.
– «Төркінім-төркінім!»
– Иә, төркінімнен жақсылықтан өзге көрген жоқсың. Солар ара түспегенде 
Құлшығаш құсап айдалып кететін едің. Сонда не жазып жауапталды деймін-ау. Өкіметтен 
ішкен-жеген ештенең жоқ. Костюміңді үш жылда бір ауыстырдың. «Елім», жұртым» деп 
жүріп әркімнің шаруасын тындырыстың, қарыздан құтқарыстың, жанашыр ағайыны 
болдың, жылу жинастың. Сондағы «ел-жұртың» әнеукүнгі жиналыста керіп қойып талады 
емес пе. «Көзбояушы», деді. «Шаруаны жұтатты», деді. «Істің көзін таппайды», деді.
– Қанымды қарайтпа дедім ғой!
Ауланың қақпасы ашылып Мақұлбек көрінді. Иығында кетпені, балағының ұшын 
қайырып алыпты, көсеудей аяғында қоңылтаяқ кебіс. Шалбарының әр жеріне балшық 
жұққан. Алақаны егеудей қатты екен.
– Обал-дағы, бес-алты түп ағаштарың қурап кетіпті ғой. Әлгіде көрдім де су жырып 
әкелдім.
– Бұл үйде аулаға қарайтын еркек болмайды.
– Судың кезегі жетпей қойды емес пе.
– Мұраптан шамалыға сұрасаң болмас па еді. Тауда көк өзенді кешіп ішіп 
отырған елді бір бұлақтың суына әкеліп үймелеткен өзің ғой.
– Ол кездің саясаты басқа болатын. Ірілендіру науқанына іліндік емес пе. 
ІІІаш ал десе бас алатын белсенді ғой бұл. 
Сен қатын, бірдеме көрейін деп тұрсың осы.
Тілімді қышытқан өзің! 

– Апырмай, тәжікелесіп басымды дақ қылдыңдар ғой түге. Бір-біріңді беттен 
алып мұқатпасаң іштерің кебе ме?!
Мақұлбек бұлақтан жырып әкелген сыңар езу суды күргейлеп, кетпенімен жетелеп 
өрік талына бұрды. Жас ағаштардың жапырағы сарғая бастапты. Салқын нәр шыт-
шыт жарылған жерге шымырлай сіңді, солқылдақ шыбық діріл қақты. 
Мақа, үйге кіріп дәм ауыз тиіп шығыңыз. Үрбала ас үйде әлденені быжынатып 
жатқан. Мақұлбек кетпенін қабырғаға сүйеді.
– Төрге шығыңыз. Көпшікке қисайыңыз. Бүтін түннен белім қозғалтпай қалғаны. 
Сегіз көзімнен ұстады. Отырсам тұра алмаймын, тұрсам отыра алмаймын, өстіп 
шалжайып жатам сосын... Кәрия, сізден сұрағалы жүрген сауалым бар еді. Қызметтен 
босағалы құлазып қалдым. Осы менің енді керегім жоқ па жұртқа?
– Ләббай, «керегім жоқ па» дегенің қалай?
– Осы ағайынға керексізбін бе деймін.
– О не дегенің. Азаматтың басы ағайынның қазынасы ғой. Жұмыстан босатты деп 
ел-жұртыңнан түңіленің жарамайды. Уақыт өтер, тоқтамға келерсің, түсінерсің. 
– Кеше топырлап үйімнен шықпайтын жолдастарым қайда? Талай түнді думанды 
мәслихат, қызық отырыспен өткізген сал-серілерім қайда? Біреуі басын сұқпайды қазір. 
Сонысынан шошимын. Ел-жұрт безіп кетті ме деп қорқам. Қисық кеттім білем. 
– Күйзелістің емі уақыт қана. Шыда, көтер. Қол қусырып қарап отырма. Беліңді 
буып жұмысқа шық. Жан ауруын еңбек қана жазады.
Қуырдағын алып Үрбала кірген.
 Шалың ыстық-ыстық шай сораптап отырып сыр ашып, мол мәслихаттасты, 
ғақли сөз айтты. Мүлкаманның жанарын сақиналап жас тұтты, көңілі босады. Талай 
мәрте кәрияның шырқын бұзып, ұлық басын кішік еткені жанына батады. Жігері тасқа 
түскен балтадай боп майрылады содан.
– Нағанай өскеннен өсіп ауылдың бас экономисі болғаны, ә, – дейді шалың әрәдік 
тамсана түсіп. – Ақылға қонымсыз тірлік көрінеді. Көкпардың қиқушысы секілді жан 
еді. Ол қандай болады?
– Көкпардың қиқушысы деп өзі көкпар шаппайтын, білек сыбанып додаға 
түспейтін кісіні айтады. Олар көкпар алған жігіттерге «ал кетті! ал жетті!» деп қиқу 
салып отырады. Додаға ат айдайды, тізгін
тартады.
– Тауып айтасыз тегі!
– Кім біледі, осы жұртқа сондай адам қажет шығар, кілең тікбақайларды бір 
шыбықпен айдау оңай ма.
– Неге жетісіп күлесің-ей?! – деп кеңкілдеп отырған Мүлкаманға келіншегі оң 
бүйірден ат қойды. – Осы шұқырда шал мен қатыннан өзге кім қалды үймелеп? Жігіттің 
асылы Құлшығашты түрмеге тықтыңдар, Нағанай қайнаға орталыққа көшті. Сен ғана 
жұртта ұлып отырған. Енді кіммен иық тірестіріп, сөйлесерсің? Кіммен серіктесерсің?
– Кісінің көзінше сүйреңдеме дедім ғой. Жынымды қоздырма дегесін қоздырма 
енді! 
– Апырымай, сендерде тоқтау бола ма осы?!
Кәрия қысқа қайырып, бата жасады. Кирелеңдей тұрып, кетуге бет алды. Үрбала 
жеңіл көтеріліп, шалдың табалдырық түбінде жатқан кебісін әкеліп оңтайлап қойды. 
Мақұлбек кебісін киді, босағада сүйеулі тұрған кетпенін алып қақпадан шықты. 
Екеуі екі жерде үнсіз отырып қалған. Үй ішін құлазыған қысыр мұң жайлады. 

Әлден уақытта Үрбала дастарқанды апыл-ғұпыл жинастыра салып сыртқа 
сытылды. 
Мүлкаман жан шақырып жақсылап тынығып алғысы келді. Автобусқа дейін. Өзінің 
жақсы көретін жер төсегіне шалжиып жатқаны сол еді, сыртқы есікті жаппағаны есіне 
түсті. Ыңыршақтай итініп тұрып жауып келді; аяғын енді соза берген радиосы құрғыр тым 
қатты қойылғандай сезілді, тұрып, бәсеңдетіп қайтты. Жантая бергені сол-тұғын, 
таңертеңгі газетті әлі қарамағаны есіне түсті, сүйретіліп барып газетті алды. Кілең 
алдыңғы күнгілер екен, ашуланып лақтырып жіберді. Орнына оралғаны сол еді, телефон 
ызыңдады, белі сықырлап әрең көтерілді, жаңылыстүскен қоңырау көрінді. Жер төсегіне 
шақырайып күн түсіпті, автобус келетін уақыт жақын, енді өз-өзінен күйініп, 
күйгелектеніп сыртқа бір-ақ ытқыды, қасқа жолда кемсеңдеп тартып бара жатқанын білді.
38
«Үлкен кітаптың көнтақы кейіпткерлері болып шықпасақ неғылсын осы» деп 
ойлады Далабай. «Тым тереңдеп кеттік, тым ашылып, ақтарылып барамыз тегі. Кісі деген 
Қорқыттың қобызы білем. Үстіңгі құлағын босатып, астыңғы құлағын шірей бұрап, қыл 
таяқты шайырға жанып алып, ішек бойымен бүлкілдетсең ғой жан-жүйені босатар бебеу 
шығар, сарын құйқылжыр. Қайдағыны есіңе салар, қайдағыға қиялыңды жетелер. 
Күнделікті тіршіліктің толқынында жанталасқан, жағаласқан, біреудің көңіліне тиген, 
біреуді жөн-жосықсыз қолпаштаған, біреуді қуанышқа кенелткен дүниеауи істердің сап-
сап парқын түсіндірер. Сонысымен-ақ тәттілене түсер. Бұл дүниеде бір-бір өмір күйін 
сарындатқан қобызшымыз бәріміз».
Далабай жасында домбыра үйренемін деп әлекке салған. Көкесі жиде ағашын іздеп 
алға шапқынға түскен. Қаратау бойын кезген. Ақыры безі қатты ағаштың томарын тауып 
әкеліп, кеспектеп, кептірсін. Шаппа шотпен шапқылап ішін үңгісін. Алақаны ойылып 
пода-подасы шықсын. Сосын жоңырышқада бордақыда тұрған қара ешкіні сойды. Ішін 
ақтарды. Апасы ешкінің ішегін бұлақ суына жуып тазалады. Көлеңкеге іліп дегдітті. Бұлар 
әлгі шұбалғанның бір ұшын керегенің көгіне байлап, келесі ұшын қолдағы ұршыққа орап 
ызыды, ширатты. Салақұлаш ұзын ішек әсте-әсте жіңішкере берді. Әбден ширатып болып 
үй ішіне кіріп байлап тастады. Қара ешкінің ішегінен ызыған, кереге керген ұзын жіпке 
қолы тисе-ақ дың ете түсетін. Далабай қызық көріп ішекті шертіп ойнайтын, ызыңын 
тыңдайтын. 
«Ауылдастарым дәп сол ішектей болды білем» деп толғанады бұл. Жекедара сан 
құбылып құйқылжыған күй секілді қилы-қызық тағдырына, мақсатына куәгер етер, 
ойландырар». Сая ғой туған ауылынан кетіп таудағы партияда жүр. Бар ойы – ауыл 
жастарын жаңалыққа бастау, құруға айналған қорықтарды қйта қалпына келтіру. Бесарық 
бөгені құрылысын қолға алу, сол істердің себепкері Сая. Жаманеркек тақауда 
коммунистік партия қатарына өткен-ді. Қойшылардың өмірі бітпейтін шаруасына 
мойнына қамыт қып киіп алды... «Ақша санап тұрмасам, ішкен асым бойыма сіңбейді», 
дейтін Құлшығаш кесіліп кетті. Ерте көктемгі қарбаластан соң Мүлкаманды ферма 
меңгерушілігінен босатқан; жыны тарқаған бақсыдай босаға күзетіп қалды. Оның орнына 
тұрған Алтынбаланың қарқыны қатты, екі сөзінің бірі: «нұсқау», «көзге шұқу». Бұрын 
«тері жиғыш агент» еді, бұл күнде «алтын тісті Алтекең». Қауесет рас боп шықты: 
Нағанай ауылдық ұжымның бас экономисіне өсіпті. Үйін орталыққа көшіріп кеткен 
көрінеді. Бұрынғы есеп-қисабын басқа бір кісіге өткізу үшін енді Қосүйеңкіге салттап кеп 
жүр екен. Бүгін бөлімше кеңесінде ұшырасты, шықпа, жаным, шықпа деп күйекте 
сабылған жерлестерімен де ісі жоқ. «Оттарыңа күйе-күйе күйелеш болдым, маған да ақ 

көйлек киіп, томар галстук тағып, кісілермен жүре сөйлесу керек шығар», – дейді. 
«Басымды ауыртпаңдар», – дейді. «Қанымның қысымы артып кетеді, жүрек ауруын 
жамап алдым. Көк тиын пайдаларыңды көргенім жоқ». Тонып қымтана түсіп, пеш 
түбіне жайғасып алып есепшотын бытырлатады дерсің, бейне дәу қазанға жүгері қуырып 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет