Дүкенбай Досжан Қазақтың жүз романы



Pdf көрінісі
бет13/29
Дата03.03.2017
өлшемі1,57 Mb.
#7268
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   29

– Жеңгей, қазыны өзіңіз айналдырып па едіңіз? Апырай, ә. Қолыңыз бал ғой тегі. 
Баяғыда жеген женттің дәмі әлі таңдайымнан кетпейді. Үрбала ғой көк инені түрте 
алмайды. Қазысы гәлбаса, тұшпарасы салма болып шыға келеді. Текке қойып бетіне қарап 
отыруға ғана жаралған. Мына көздің құртын алып қоялық. Осы көңіл ашарды жұтсам-ақ 
нарт болып қызарып кетем. Қаным ойнап шығады. Жаққаны құрысын. Бұл иттің жағып 
кісі семірткенін көргенім жоқ. Орталыққа көшесіз ғой сонымен?
– Көшемін.
– Ит байласа тұрғысыз қу мекиенге жанашыр ағайыныңызды шырылдатып тастап 
кетесіз, ә. Шылауыңызға қыстыра жүрсеңізші. Күріш арқасымен күрмек су ішеді деген. 
Көлеңкеңізді саялап, қолыңызға су құйып нан тапсақ қанекей.
«Сұм-ай» деп ойлады Нағанай. «Бүгінгінің оқыған шпанасы. Тағы да май шелпек 
етіп қылмақ қой. Алдымды кесіп өтпек қой. Ығыма іш етіп жүріп өрмекшідей тор 
құрмақшы, әбден шырмап, матап, сосын төбеме жаңғақ шақпақшы. Жоғарыға 
өрмелемекші. Жетер! Әлі-ақ келіге салып түйермін, қауызыңды ұшырармын. Енді ала 
алмассың».
Бұл мезетте Мүлкаман бастық боп жүргендегі дәуренін жырлап отырған.
«Түбіңе жетпей қоймаспын», – деп қанына қарайды Нағанай. «Қараймай қайтсін. 
Иттің істемегені қалды ма. Бүгінде сәл ашуланса жүрегінің ойнап шыға келетіні, қан 
қысымы артатыны осы Мүлкаманнан. Сай-сүйегін сырқыратып қорлағанын өмірі 
ұмытпас. Әшейінде түлкі бұлаңға салып «еке, еке» деп жүреді, ауданнан бөтен тыс өкіл 
келгенде беті бүлк етпестен өзгереді, танымай қалады. Қоқайып сәлемін алмайды. Сосын 
себепті-себепсіз шекесін қисайтып діңкілдеп кейитінін қайтерсің. Кісінің көзінше 
«жиырмасыншы ғасырдың Шығайбайы» дер, «ақшаның сылдырын естімесе жүрегі 
тоқтап қалады» дер, «жемқор» дер, «көз бояушы» дер... қойшы әйтеуір жігерін құм қылар. 
Жеке отырғанда жеті атасынан боқтаса да көтерер еді, бөтеннің көзінше абыройын 
төккені бататын.
«Болмайтын нәрсеге қитығып кісімситінін қайтерсің; жоқ нәрседен секем алып 
секіретінін қайтерсің; жұмыс істеп отырғанда шаптан түртіп ши жүгіртетінін қайтерсің. 
Содан ығыры шығатын. Тірі жүрсем алдына
бір келтірермін-ау деп бекінетін.
«Зады өкімет те қызық. Бала бастық деген пәлені қолдан жасай қояды. Я ісінде 
береке, я ортада беделі жоқ шолтаңдаған баланы бастық жасайды да сорға батады. 
Марғау жатқан отардың ішіне борсық жібергендей болады. Ол борсығы құрғыр қойға 
шаппас-ау, шаппаса да әре-тәресін шығарар, үркітер, оттан қағар. Бұл күндегі бала бастық 
дәп сол борсық секілді. Жұрттың есін шығарып, қалыпты тіршілігін бұзып, бірін-біріне 
атыстырар, шабыстырар, ию-қию қылар. Ағайын азар, кірбің көбейер. Зады бала 
бастықтан сақ болғаны жөн».
«Қазіргідей көз алдында, таудан көшіп келіп ылдидың айтақырына қоныс тепкен 
елдің қаласына қалдырған. «Бәлені бастаған осы көкең» деген. «Сендерді темір жолға 
жақындатамыз, мәдениетті етеміз» деген, «желігіп болмаған», «Ақүйік бойының ну 
шалғынын тастап Қосүйеңкінің қу даласына бастаған, малға топырақ жалатқан, шалға 
кетпен арқалатқан осы көкең», де-е-еп, аузы қисаймастан арандатқаны. Онсыз да ылдиды 
жерсінбей күңіреніп жүрген жұртты соңына салған, қарғатқан, сөйтіп абыройдан 
жұрдай етті, артына шұбатып сөз ілестірді. Айныған жоқ. Есепшотын қаға түсті. Ине 
жұтқан сұқ итше именіп жүріп күнелтті, мәңгүрт күйге түсті.
Кезендінің кезін күтті.

«Тауда жүргеңде, Мүлкаманның жорға байталдай ақтамақ келіншегі Үрбалаға 
ғашық болды. Жатса-тұрса ойынан шықпады, қылығын аңсады. Әрнәрсені сылтау етіп 
бастығының үйіне барғыштай беретін. Мөлиіп кеп отыратын. Қолына ұстатқан зерен толы 
қымызды санап жұтатын, ғашығына кадалатын. Сыңқылдаған сұлу Үрбала мен өзінің 
үндемес көнбіс әйелін ойша салыстыратын. Сонда Үрбала үр қызы боп елестейтін: аққұба, 
тоң ерін, тегене төс, толық мықын жанап өткенде талып қала жаздайтын. Үндемейтін 
әйелі ертеңді-кеш сүркіл бейнеттен жүдеген, күлкісінен кірбіңі көп, көлеңке ғана, рух 
қана. Үрбала қызыл мамық та, өз әйелі қатқан тулақ қой. Сылдыраған күлкісін айтсайшы. 
Сезімтал Үрбала мұның мөлиген көзінен сыр ұққан, ұқса да рай бермеді, қайта мұқатып 
тастады.
Мүлкаманның іріп шыққан үнін жиіркене тыңдады. Қолын майлыққа сүртті. 
Үндемейтін қатпа әйелі ұсынған құрт езген қою сорпаны алды, тамсанып отырып ұзақ 
сораптады. 
36
Жапанда өскен қара ағаштай қуатты, әрі қарулы денесін құртша кемірген дімкәсті 
дертке Доскей қарт дес бермей көп сүйретілген. Тәспісін тырсылдатып іздеп келген 
Түркістан тәуібіне ыңғай танытпады, жосқындап күнара соғатын ауыл дәрігері 
Молдахметке де көрінбеді. Сөйтіп жүргенде қыс өтіп жылымық жақындады. Түстіктен 
алтынкүрек желі соқты. Тағы да айбарлана шулап бүр жарар ма еді, тағы да сілкініп 
мұғдарлы өмірге құлшынар ма еді. Құлшығаштың істі болғанын есітіп күрт төмендеді. 
Бар айтқаны: «Итше ырылдасып жүріп жетімді жолдан тайғыздыңдар, ағайын азса 
өстетін», – деген сөз болды. Сосынғы сыр тартып сауалдасқанға жақ ашпады. Бүк 
түсіп жатып алған. Сексеннің мәресіне келген болаттай берік кісі шалдыққан-ақ 
шығар, енді қайыра бас көтеруі қиын-ақ болар деп ойласқан.
Бүгін бесін намазы кезінде буыны сыртылдап орнынан тұрды. Әміркен мәсіні 
аяғына сұқты. Сандық түбінен түйе жүн шекпенін алдырып соны киді. Белін қайыс 
белбеумен буды. Бүгінде мақпал жадағай, мауыты шапан малынып тұрғанда тұз 
сіңген түйе жүн шекпенді ешкім кимейтін. Шалының мына мінезіне Жаңыл кейуана 
қатты таңданған. Отыз өрімді бұзау тіс қамшысын алды. Беліне тобылғы сапты көлденең 
ұстап табалдырықтан аттады. Жайлап басып боз даланы аралап кетті. Сырласары 
да, мұңдасары осы дала. Баяғы бастан дәуірлеп өткен жалқын жастығын, көкпардың 
қызығындай қызулы, дырдулы, дүрмекті жылдарын елестететін. Сосын кең даланың 
жусан иісінен садақ сирақ сәйгүліктердің дүбірін, дүбір болғанда құлақ тұндырып, 
қиқуға елігіп лекіп өтіп жатқан жосқынын естігендей болатын. Бүгінде қиқу да, дүбір де 
басылған: шаршаған жүректің әлсіз сырылы, еміс-еміс сарыны ғана қалған.
Шалыңды кәрілік қапалығы жеді.
«Апырмау», – деп тіксінді Доскей. «Тірі аруақтай түйе жүн шекпен киіп, тобылғы 
сапты қамшы ұстап қиыр кезіп жүргеніме жөн болсын. Көрген жұрт не демекші. 
Жылқышы Доскей сексенге келгенде сыр беріп айни бастапты-мыс дейді ғой. Бір аяғым 
жерде, бір аяғым көрде тұрғанда бөтен сөз арқаламайын».
Еңіреп, езіліп батып бара жатқан күнге, кешкі қызыл нұрға бөккен мидай 
жазыққа, оның бетінде елестей болып созыла сүлделенген үлкен өмірдің болмашы ізіне 
соңғы мәрте қайырылып қараған. Қайырылған да бар болмысымен қопарыла күңіренген. 
Көзімен емес көңілімен жылады. Ой, пәлі-ай, өмірді қаншама мәнді, мағыналы етіп 
өткіздім десе де: белдестім, беттестім, тайталастым десе де, ащысына өзек өртеп, тәттісіне 
тіл үйірдім десе де... ой, пәлі-ай... бір күнгідей болмапты ғой, Жасылдай боп өте 

шығыпты-ау... Кей жігіт құсап отызды орталағанша дәндәкумен есіріп уақыт алдырған 
жоқ, нәпсі қуып көрінген желетектің соңынан сүмеңдемеді, арақ-шарап ішпеді, асылық 
сөйлемеді, бөтеннің ала жібін аттамады, қою қымыздың уытындай нәрлі тіршілік кешті. 
Жар құшты, ұл өсірді. Даланы дүбірге толтырды. Қаратау елінің «кімсің пәленшесі» 
атанды. Жұртты пәтуалы сөзіне ұйытып аузына қаратты. Ой, пәлі-ай, бұл өмір асыл 
жардың құшағындай қызық екен ғой, уақытты қалай өткізіп алғанын білмепті ғой, енді 
аңдаса – ел бүлдірген дүрегейдей дәндәкумен уақыт өткізген жігіттен, беті жылтырақ 
мамық мықын әйелге көп қырындаған, арақ ішкен, өтірік айтқан, ағайынды аздырған кей 
малғұннан қай жері артық. Кәудіреп кәрілікке мойынсұнғаны ма, айбарлы ақсақал 
атанғаны ма? Әйтеуір күні батып кешкіргенде, дәурені өтіп дүбірі басылғанда отыз өрім 
қамшымен кер даланы ұрғаны анық. Даланы емес-ау, бұлдырап қалып бара жатқан 
өткінші өмірін ұрғаны, соны қимағаны. Өзімнен ғаділ кейін де әлдекімге қылымсисың-ау, 
әлдекімді желіктіресің-ау, жетістіресің-ау деген қызғаныштан сілтегені еді. Енді қараса 
ағайынды ардақтап өтетін, аласына ара тұрар, наласына қабырға қайыстырар ел ағасын 
таппайды, және қамығады, және өкінеді. Өз ізінің көмескіленіп бара жатқанын көреді. 
Омай, боз даланы, ана кермарал Қаратауды көріме қоса көмбеймін ғой, келер ұрпаққа
келешекке қалдырамын ғой, соған ие болып қалар кімің бар?.. Киелі жерге кір жуытпас, 
дуалы сөздің парқын түсірмес кімің бар?.. Тезек дүниенің жолында кермалдасып күн 
кешетінің және көп».
Табалдырығына тірелгенде барып ойын бөлді. Үйге енді. Кемпірі құрақ ұшып 
жүріп шешіндірді, төсегіне жатқызды. Қамшысын басына ілді. Шекпенін үстіне жапты.
«Осыдан алпыс жыл бұрынғы жаңа түскен кезіндей» деп ойлады Доскей. 
«Қимылы да, қалпы да. Дүниеде әйел заты тозбайды екен, Алпыс жыл бұрын бұл көкең 
жылқыдан шаршап, қитығып оралушы еді, сонда Жаңыл құрақ ұшып алдынан шығатын, 
атын байлайтын, сырт киімін ілетін, қолына су құятын, салқын қымыз ұсынатын. Тап 
осындай жеңіл, жылдам еді. Қазір де алтын асықтай алақанында ойнап, қабағын бағып 
отыр. Дүниеде тозбайтын әйел білем».
Басын көтерді. 
– Тойдым. Рахаттандым. Енді жақсылар бұрылған жолға түсемін. Әлгі баланы 
шақыр. 
Жаңыл кейуана шошып кетті.
– Жазған-ау, дала кезіп шатқаяқтап жүргенің мынау. Алып бара жатқан 
ауруың жоқ. Жұмыстағы баланы алаңдатып қайтеміз.
Доскей шатынап шыға келді.
– Қобызын қиқылдатып, домбырасын тыңқылдатпаса қаран қалыпты бұл жұрт. 
Шақырт! Бақұлдасар сөзім бар!
Жаңыл кейуана бір тізерлей орнынан көтерілді. Жаулығын түзеп үйден шықты. 
Көршісіне келді. Алтын тіс Алтынбала үйінде көрінді. Осы ауылдың үкіметі, кешегі 
Мүлкаманның орнына тұрған «запперме», білдей бастық. Әлдебір сарғайып кеткен, 
шетін тышқан жеген қағаздарды қопарып есеп-қисабын іздеп отырған. Басын көтерді де: 
«Ә, келіңіз» деді. Қайыра шұқшиды... О жаратқан, запперме болмай жүрген кезінде 
Жаңыл кейуананы көрсе-ақ қос қолын алып жүгіруші еді, құлдырап сәлемдесуші еді, 
ахуал сұрасушы еді: ол мінезі пышақ кесті тыйылған. Тап мына пошымымен үйіне жүз 
жасаған кәрия кірсе де езуінде темекісі шошайып, шылп етпей отыра берер. «Сен, 
сен», – деп сөйлесер. Танауы едірейіп болыпты да қалыпты.
– Иә, кейуана! – деді.

Бұл сөз кемпірдің кеудесінен шұқығандай әсер етті.
– Әй, қарағым, бұрын «шеше-шеше» деп қолымды алып тұрушы едің. Пілдің 
құйрығын ұстаған кісіше қоқайып қапсың ғой. Әлден мұндайсың. Бара-бара Мүлкаманға 
жылап көріседі екенбіз. Іске бос болса да кішіпейіл бала еді.
– Қайт дейсіз енді. Өзгеге ұқсасам да Мүлкаманға ұқсамаспын. Қасарысып өтермін 
бұл дүниеден.
– Әдірам қал-ау! Қиратарсың жаманғатты. Мен білсем, кешегі тері жинап, тиын 
теріп өткен Әлпейіс әкеңнен озып қыр аспассың, сондай бір бақайесеп, бақыл боларсың.
Алтынбала парт болып ашуланды. Қатпар-қатпар шикіл сары өңі қанталай ісінді. 
Өзге болса боқтаудың астына алып қуып шығар еді, елге сыйлы кейуанамен тәжікелесіп 
абырой таппасын білді. Әлгі сөзін бетпақ кемпірдің алдына келтіруді ойлады. 
Не шаруаңыз бар? 
Ана шал «өлемін, баламды шақырып бер» деп жатыр. Соған дыңылдағыңды 
дыңылдат та Далабаймен сөйлес, айт жағдайды, жұмысынан сұранып келіп кетсін, 
түсіндір.
– Балаңыздың істеп жүргені не жұмыс дейсіз тәйірі. Бақсы-дағы. Жаңыл 
кейуана қапелімде не дерін білмей қалды.
– Мейрамқалада клубтың бастығы – қыз-келіншекті жиып, күніге қызойнақ 
өткізеді екен, күніге төсек жаңартады екен. 
– Әй, қарағым, оның өсек шығар, Далабай өйтпейтін.
– Бұл қазақ көзбен көрмесе нанбайды. Өткен жұмада тіс салдыруға 
Мейрамқалаға бардым. Бозаханада ұшырастым. Екі қолтығында екі келіншек: бірі – 
өзбек, бірі – грек, қасқаң дүниені шайқа-а-ап отыр. Мені көріп дүрсе қоя берді. «Қаладан 
бір қатын алып қой, үй боп тұрады, келіп-кетіп жүресің», – дейді. «Әнші қызбен 
таныстырайын», – дейді. «Бала-шағам бар, жауапкершілік бар», – деп әзер қашып 
құтылдым. Қалтамды қағып алып қалды.
Жаңыл кейуана көзінің жасын сығып алды. Үйден шығып жөнелді.
Алтын тіс Алтынбала ішінен сылқ-сылқ күлді. Өңіне қан жүгіріп, реңі кірді. 
«Көрсетермін тері жиып, тиын тергенді», – деп тістенді. «Кәрия-кәрия» деп сөзін 
сөйлегенге дандайсып кеткен. Әйтпесе әулие емес. Сүйектен өткен сөзін қарашы, «Тері 
жиып, тиын терген». Өңге жұрт «Әлпейістің белсенді баласы» деп ығып жүргені, бетіне 
тік келмейді. Ал жаңағы кемпірдің мұқатып жер-жебіріне жеткенін-ай. Қолынан 
келсе шал-кемпір атаулыны жинап, топырлатып айдатып жіберер еді, кәрілер үйіне 
тоғытар еді: әттең, тақауда бастық болған. Қоя тұр, түп тамырыңмен жұлармын, ию-
қию қылармын, «тері жиып, тиын терген» әкесін біледі-ау деген кісіні Қосүйеңкіден 
аластармын. Сонда ғана беделі дабыраяды. Алдынан адам кесіп өтпейді. Өңкей 
айтқанынан шықпайтын, айдауынан кетпейтін бала-шаға, жігіт-мігіт, әйел-пәйел қалса 
болғаны. Солармен-ақ жоспар орындайды, міндеттеме алады».
Алтынбала арғы бөлмеде сабақ білмейтін баласымен кісінесіп жатқан әйеліне 
айқайлап шақырып алды, жарлық жасады. 
– Телефонды әпер!
Әйелі бетіне бағжия қарады. Біраз болды, байына желік бітті. Жөнді-жөнсіз 
бақырып апшыны қуырады, сөзі де түйеден түскендей. «Қырамын-жоямын». Енді міне 
итінсе қолы жететін жердегі телефонды «алып бер» деп отыр. Келіншек телефонды алды 
да байының алдына сылқ еткізді. Қағаздан шаң көтерілді.
Әй-әй, бұлданба! Жынымды келтірсең шашыңнан ұстап сабармын. 

Бір тал шашымды жұлып көр, мілиса шақырып айдатып жіберейін.
Алтынбала жым болады. Келіншегі бұрқ-сарқ қайнап барып басылады. Алтекеңнің 
өзінше ұстаған жолы бар-ды. Бастық екенсің – бұйыр, жорғалат, бауырымен жүргіз. 
Қатыныңнан бастап қол астыңдағы халқыңа шейін қайқаңдап тұратын болсын. Сол 
принципті түсінбейді ғой қатыны құрғыр, қит етсең шаптығып шыға келеді.
– Әлө, әлө, әй, қыз, ауданға, қосшы, – деп трубкамен алысты енді. – Мейрамқаланы 
қос. Аудандық мәдениет үйін жалға. Бол енді. Шаш тарап, ерін бояудан босамайсыңдар 
түге. Мұнда жұрт қырылып жатыр. Әлө, әлө... Аудандық мәдениет үйі ме? Мешіті несі?.. 
Әй, қарлар, мені намаз оқиды дедіңдер ме? Кешірмеймін! Құртамын! Орныңнан алдырам! 
Өңкей бездельшіктер! Әлө, әлө... Мәдениет пе? Далабай бар ма? Әлө... Командировкада 
деймісіз. «Мәдениетің тәуір болғанмен, тұрмысың нашар-ау, шырағым, қызметкеріңді 
іздеп мешітке тап болдым. Жоспарды орындаймыз: тырбанып жатырмыз; боран түтеп 
тұр; үйге қону дегенді ұмыттық. Әлө... Далабайдың әкесі қайтыс болды. Түнде үзілді. 
Жақсы шал еді. Жұмаға жамбасын жерге тигізбекпіз. Қалай болса да Далабай жаназаға 
жетсін. Әкесінің басына топырақ салсын. Бүгін құлағына тигізіңіз. Сау болыңыз!
Алтынбала «уһ» деп телефонды жапты. Терін сүртті. «Тері жиып, тиын тергенді 
көрсетейін» деді ішінен. Әйелі сөзін естіп тұр екен. «Тірі кісіні өлді деп неге жұртты 
дүрліктіресің?» – деп жан алқымынан алғаны. «Ой-бай, өлмесе өле жатар. Сенің нең кетті. 
Далабайда ала алмай жүрген өшім бар. Кісінің шаруасына килікпе деп қанша қақсаймын. 
Жұмысың жоқ па? Тауып берейін. Былқытып тамақ ас, бүгін кеңсеге бармаймын. Ана 
милау баланы оқыт, екі алып үйге боздап келетін болмасын. Әне сөйт! Бұдан былай 
бастықтың ісіне қол сұқпа».
Алтынбаланың сөзінен Мейрамқала түгел дүрлікті.
Қаратау елінің, Мейрамқала үстінің сөзі дуалы кәриясы көз жұмып жатса: ол 
кәрия еңбегімен ел көгертсе, Далабайдай ұл өсірсе, жалпақ елге аты жайылса: дүрлікпей 
кайтсін. Естіген ағайын қол қусырып отыра алмайды. Парызын өтеуге жұмылады. 
Мәшине жалдайды, сойысқа деп мал сатып алады, қазаға деп ақша жинайды: жабдық-
жарауы түгенделген соң Қосүйеңкі қайдасың деп жөңкіледі. Суық хабарды Далабай да 
естіген. Ел-селі шығып егілген. Әсіресе аяулы әкесімен ақырет сапарының алдында бір 
ауыз тілдесіп қала алмағанына күйінген. «Апырмау, жерді жамайтын адамша ауылдан 
безіп, аурулы қартты жалғыз тастап, ел кезіп жүргенім қалай? Іздегенім абырой, атақ па 
сонда? Осы кезге дейін жанталасып жасаған жұмысым, жазған шатпағым, көрген 
қызығым, алған тәлімім сол кісінің жалғыз мәслихатына тұрар ма? Ертең ел көзіне 
қалай түсем? Бұл жұрттың: «Пәлі-ай... жақсы әкенің даңқы жаман баланы он жыл асырар 
деген... Бұл күшік те әкесінен екі елі төменшік туды, ез боп шықты», демесіне кім кепіл. 
Әсіресе қайран әке көз жұмарда не ойлады екен? Жалғыз ұлының қылығына, қиқым 
тірлігіне қапа болған шығар. Бордай үгітілген болар. Тарығып жатып бәнәи дүниеден 
ертерек кеткісі келген шығар-ау».
Осыны ойлағанда Далабайдың жігері құм болды, жетесінен босаған кетпендей 
былқылдап қалды, уәжді сөзінен жаңыла берді.
Осы оймен Далабай, сосынғы жаназашы дүмей жұрт Қосүйеңкіге жеткен. 
Алыстан дауыс салып аз ауылды тітіреткен.
Сөйтсе Доскей тірі.
– Аруағыңнан айналайын, халқым, ризамын!.. Көзім жетті!.. Сәл сабыр ете 
тұрсаңыздар. Баламмен соңғы мәрте сауалдасып алайын, аманатымды айтайын. Сосын 
ақтық сапарға аттандырып саларсыңдар, –дейді. 

Жұрт мына кереметке сұмдық қайран қалған. Таңға дейін байырқалап, әліптің 
аяғын аңдамаққа, шалдан сыр тартып рұқсат сұрамаққа бекінген. Босқа сабылтып, 
әуре-сарсаңға түсірген Алтынбалаға кейіген. Ит терісін басына қаптаған. Әйтсе де 
ағайынның мажалы биік, көптен көрмеген жекжат-жамағайынмен қауышып қуанысып 
қалды. Көрші-қолаңға бытырай бөлініп, қонаға кідірді. Күллісінің аузында Доскей 
шалдың мінезі, ел гу-гу. Ай туа кәрия баласын жанына шақыртқан. «Бақұлдасамын», 
деген. Қонақ күтіп жүрген Далабай әкесін көрген бойда бой жасап жатқанын сезді. Ат 
жіберіп Пақыриддин қожаны алғызды. Мұнысы діндарлығы емес, өмірді қимай, қиналып, 
торығып жатқан жанның аз да болса әлсіз үмітке табан тірей тұруы үшін, сәлге сағы 
сынбауы үшін еді. Мұндай мезетті қазақ дем салу деседі.
Далабай әкесінің тарамыстанған қолынан ұстады.
Қарт көзін ашты.
Бекем бол, – деді әлсіз үнмен. – Жұлдыз сөне алыс сапарға аттанамын. Жақсылар 
кеткен жолға түсем. Адам болғаныңды көрдім, азамат болғаныңды көре алмай барамын. 
Басың жас, бетіңнен жарылқасын. Сүйегімді Шіркінбай бабаң жатқан Жетітөбеге қой.
Жатар жеріме қазық қағып белгілеп қойғамын. Соңғы дерім: итше ырылдасып 
жүріп Құлшығаш жетімді жолдан тайдырыпты. Ағайын азса өстетін. Ағаңмын деп 
басыңды бұлдап жүрген желөкпелерге жолай көрме. Кісі де қауын еекілді. Бірі ерте, 
бірі кеш піседі. Кейбірі күзге дейін піспей қатпа болып, ақыры солып тынады. Ондайды ит 
түйнек дейді. Өмірге бипайда, дәмсіз, сөлсіз ит түйнек – осы Нағанай...
Пақыриддин қожа қоңыр үнмен құлқуалланы қайыра бастады. Алыстан күн 
күркірегендей әлсіз гүріл естілді. Қарт елең етті.
 – Тұлпар дүбірі білем! Жабайы жайлаған құла дүзге алып кетпекші ғой. Қайран 
желаяқ жануарым-ай!
Далабай езіле өксіді.
Алыстан жабайы бұлттардың иісі сезілді.
– Жеттің-ау дер кезіңде! Желаяғым! Жалқұйрығы ұйысып қалыпты. Тұяғын тас 
қажапты. Ері мойнына кетіпті. Алыс сапарға аттанам енді. Сүйегімді жинап аларсың, 
рухымды таба алмассың. Доскей шалдың рухы желаяқ жылқының жалында жүрер...
Алыстан ерте көктемнің қаңғыбас бұлтының сарыны жетті. Әке демі үзілді. Сарын 
бірте-бірте құлақ тұндырған дауылға айналды. Қар да емес, нөсер де емес, ызылдаған жел 
мен күркілдеген бура бұлттар ғана. Ауыл үстіне шөге жаздап тайпақтады-ай кеп. Сіркелі 
тамшы бүрікті. Әр үйдің қыстан қалған шөмеле шөбін жұлмалады. Еркін тайраңдап 
көшені кезді. Таң сыз берген бір ауқымда күрк-күрк етіп белден асып жоғалды. Жетім 
ауыл тыншып қалды. Көкжиектей сәулесі шашырап күн көтерілді.
Жылқшының сегіз қанат ақ отауы тігіліп қарт денесі соған шығарылды. 
Ақыреттік сапар алдында дамылдасын дегені. Жаназаға жұрт дүмей жиылды. Келген 
жұртпен көрісуге Далабай, Жаманеркек, Мақұлбек тұрған. Күн көтеріле-ақ таяғын 
алдына сап Мүлкаман келді. Аңыраған жұрт сөл қанаттан тізілген азашылармен көріседі, 
кәрияның ет жақындарын егілтіп, қол алысып, құшақ айқастырып шығады, шалдың 
еңбегін термелейді. Бір елдің басшысыз қалғанын айтысады. Сосын: «Қой, ә, көп жылау 
да күпірлік! Қарт кетсе баласы қалды. Орнында бар оңалар деген осы. Алла тағала 
пендесіне «атқа мінгеніңде бір сынаймын, жамбасың жерге тигенде бір сынаймын», 
– деген екен. Қараңдаршы, қай қазаққа осынша ел жиылып аза тұтып еді, шалдың 
арманы жоқ. Алланың сынын ақтады. Шүкіршілік етейік», деген сөзден жылаулы жұрт 
тосылатын, тоқырайтын. Балалар зыр жүгіріп су әкеледі; бір қолында табагы, бір 

қолында құманы; білегінде сүлгісі – көріскен жұртқа қол шайғызады». Ендігі мезетте 
күтуші жігіттер келер: келер де ентігін басып, байырқаласқан жұртты үйді-үйге кіргізер; 
Самауырын жүгіртіп, ас тартар. Үлкен үйде келелі мәслихат басталды. Мәслихат басшысы 
Пақыриддин қожа сөз алар. 
– Азагер кім еді? – дер.
Қазаға келген әр елдің жігіт ағасы ас-суын ішкен соң азаға деп әкелген малын 
айтар, ортаға орамалға түйген ақшасын тастар. Мұндайда түскен дүниеге иелік 
етіп, ақшаны алып тұратын азагер кісі болады. Мана жұрт алды келе бастағаннан-ақ 
білегін сыбанып Нағанай шыққан. Өзін-өзі азагер етіп, қонақтарды асықша үйіріп, 
молдаларды тасқаяқтай тоғыстырған. Енді мәслихатқа ентігіп сол жеткен. Пақыриддин 
әулие жылмаңдаған ұры тазыдай Нағанайды көріп тіксініп қалды. «Ай, ішің арам 
пендесің-ау: әйтпесе, осында Доскейдің ет жақындары жосып жүргенде ара ағайын 
саған не жоқ» деп ішінен кейіген. «Ал, азагерім, қолыңа қанша қағаз жиналды? 
Далабайдың құқы калай?» деген. Нағанай: «дәл есебін білмеймін. Жиналған қағаз алты 
мыңның үстіне шыңқты білем. Тұяқ жағы он бес» дер. Пақыриддин қожа мұртынан күлер, 
тәспісін дамылсыз тырсылдатар. «Бұған Далабай не дейді»? Нағанай бауырымен 
жылжып әулиенің құлағына тақалар, сыбыр етер: «Әулие-ау, оқыған қудан не ақыл 
шығады, ол қып-қызыл өкімет. Підия-сідия дегенді білмейді. Өзіміз-ақ ақылдасып шеше 
берейік», - дер. Мына сөзден әулие іштей қыжынып жаман шошиды. «Апырмай, ә, сөйтсе 
сөйтер, әкесі өлгенде дауыс та салмап еді», дер. Ұзын мәслихат түннің бір уағына дейін 
қызар. Араға жекжат-жамағайын қыстырылар. Ақыр соңында бір пәтуаға келеді». 
«Жаназаға жиналған еркекке бес сомнан, әйелге үш сомнан, балаға бір сомнан ақша 
үлестіреміз. Жыртысы үстінде. Құран шығаратын әулиеге бір жылқы, бір қап тары. 
Сүйекке кіретін молдалардың бас-басына уақ мал. Підияға тайынша аталмақшы». 
Осы мезет араға Нағанай килігер. «Азагердің сыбағасын бөлек атаңыз», дер. Жұрт 
қожекеңнің аузына қарайды. «...Иә, підияға бір-бір тайынша, тайынша жетпесе өгізше». 
Нағанай тағы килігер. «Әулие, азагерді ұмытпаңыз», дер. Жұрт бағжиысып қалады. 
Қожекең кейіп тастайды: «Апырмай, балам-ай, кісіге сөз бермедің ғой. Неткен 
дүниеқор бетпақ едің?» деп түңіледі. «Азагерге тайынша болсын», – деп әзер құтылар.
Нағанай елден жиналған ақшаны орамалға тау қып үйсін, санасын, бас 
көтермей есептесін. Сосын шотқа салсын. Нағанайдың шот салуы қызық: өңге жұрт 
саусағымен жеке-жеке тасты тырсылдатар болса, бұл шоттың бетін алақанымен жауып 
жүгері қуырғандай бытырлатады дерсің. Қай тастың қалай ыршып жатқанын біліп 
болмайды. Бұл жолы да сөйтті. Қожекең сәлдесімен көзін сүртті, алласын атады. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет