– Гербицид сеппесек күрішті отақ басады. Отақ басқан күріш күрмек қана.
Онда жоспар да, міндеттеме де жоқ.
– Ауыспалы шөп танапты тәсілмен жерді күтіп ұстауға болмас па?
– Ойбай, бірде жоңырышқа, бірде күріш егіп жататын жағдай қайда?! Жоспар
мен міндеттемені кім орындайды? Өйтіп сөзбұйдаға салып жүрсек ертең ел бетіне қалай
қараймыз?..
Жерге жанашыр ұрпақтың сөзі әлгі. Сұлтанғали мең агроном Сыр бойында туып-
өскен, осы жолдың май топырағына аунаған, дария суына шомылған, оқыған,
жетілген. Бастағы дағарадай шетен қалпақ, иығы қоқырайған костюм, зырлаған
машина, басқа қонған бақ, аспандаған абырой-бедел, оңды-солды жұмсайтын ақша,
қүллісі табан астындағы соры шыққан шаңдақ жердің сөлі екенін білер ме?! Сол жердің
нәрі, нәрінен көктеп шыққан дәні өстіп өкімет еткен, өстіп желпінтіп қойған. Өстіп төри-
төри дегізіп сандалтқан.
Далабайдың көз алдына соңында жаутаңдап қалып қойған Батыр елестеді.
Көйлегінің жағасы жайлауға кетіп, қылдырықтай мойны қырыстанып, белі бүгіліп,
қабырғасы ырсыңдап орақ орып анталасады, күн шекесін шыжғыра түседі.
Сұлтанғалиға қарады. Төри-төри!.. төри-төри!..
Тоқта! — деді Далабай шофер жігітке, даусының ащы шыққаны сонша,
машинадағылар селк етті. Лықсып барып кідірген. Есікті ашып ытқып түсе бастаған.
– Оу, Дәке, мұныңызға жөн болсын!
– Битке өкпелеп тоныңды отқа жағып жүрмеңіз.
– Бір шыж-быждан мың сіз-біз!
– Жалғыздық құдайға ғана жарасады. Сұлтанғалидың пәлсапасы әлгі: «бір шыж-
быждан мың сіз-біз». Жұрт мың сіз-бізден бір шыж-быж десе — бұл: бір шыж-быждан
мың сіз-біз дейді. Сыпайының сыртына қарап тон пішпе деген осы. Өмірге қалай шебер
бейімделеді десейші!
Далабай артына қараған жоқ, мәшинеден қарғып түстіп жүре берді. Бастықтар
бірауқым кідірді де болмаған соң жөндеріне жөңкіді. Біліп келеді. Сұлтанғали мұны
боқтықтың астына алып бара жатыр. «Қияли бақсы», – дейді. «Отыздан асса да ақыл тісі
түспеген кеңкелес», – дейді. «Аудан әкімі жақсы көрген соң сыйлай салайық десек,
танауынан құрт түсіп, көкке қарайды тегі», – дейді. «Қара сирақ шпана», – дейді.
«Беласардың бір күнгі қонағасысына тұрмайсың», – дейді. Өзіне бағышталар осынау
сөздерді Далабай сезіп келеді» сонда да артына қайрылмастан боздақтап кең құшақ
даласына кетті.
Далабай біраздасын ентігіп шаршап қалды. Осы өлкенің арғы-бергісіне ой
жіберді.
Сырдария өзенінің сол жағалауында жатқан жайсаң алапат: түстігінде Маяқұм,
Құмкөл, Балтакөл жазығының қаракөл бұйрасындай боз жусаны; батысында бір кездегі
көне қоныс, іргелі ел Оғыздардың қаңырап қалған жұрты — Өгіз сай; терістік батысында
Қорасаң, Өзгент, Туран ойпаттарының жиделі тоғайы; Кіндігіндегі Түгіскен — бүгінде
берісі облыс, әрісі республика басшыларының көкейінен шықпайтын құтты мекен.
Диханбаба әулетінің ілкіден қазық қағып, кетпен қалдырған нанханасы. Шығысы
Шымкент облысының Қызылқұм атты аса малды ауданына, терістік батысы Қызылорда
облысының Мейрамқала секілді ең күрішті ауданына қарайды. Әуелі Сырдариядан
суыртпақ саға алынады, тоған мен әуітке ырзық су құяды, содан кейін құйқалы
қойнауларға тары мен күріш тас төбеден бітеді. Осыншама аумақты тыңның игерілу
халі нешік? Бүгінгі мен ертеңгі безбеннің басында кім? Кімді қиналтады? Кімді
ойлантады? Зер салып қараса, бесжылдық дегенің құлаққа мақта тығып алып, «жоспар»
деп, «міндеттеме» деп аттың басын аңыратып коя беру емес екен; жоғарыдан жылы
сөз күту де емес; атақ-абырой қуу да емес; осы Түгіскенді жайлаған жұрттың
тоқшылығы, көңіл марқайтуы, ызғытып мініп жүрген жеке меншік «Москвичі»,
қонағының алдына тартқан майлы палауы, ертеңге сеніммен қарауы көрінеді. Бесжылдық
деген белсенділік емес, жұрттың жағдайымен есептесу, ысырапқа жол бермеу.
Батырдың орағының мұқалмауы, көңілінің ортаймауы ғой. Осы жәйттерді ой елегінен
өткізіп келе жатып өксіп бір жылағысы келді.
Соры шығып шаңытып жатқан жері үшін.
Әлгі Сұлтанғалидің «төри-төриі», агрономның көзсіз кещелігі үшін.
Жанындай жақсы керетін жерлестеріне кез келгенде, бөліп-жарып беретіні
болмағанына жылағысы келді.
Үлкен күріштіктің пұшпағына тірелген. Алды биік атыз көрінді. Жасыл кеңістік
үстінен дәнге дәніккен торғайлар қаптап көтерілді. Әудем жердегі қисық біткен өрік
талына жауып қонақтады. Далабай атыз басына шыққанда көрді, сол қанатта ысырап суды
ағызатын тоспа шұқанақ қашыртқы бар екен. Ұзындығы ат шаптырым, келесі ұшы сонау
Абызтөбеге тірелген, тереңдігі де ерен білем, алатаң жаздайғы үздіксіз құйылған су ор
белдеуіне әзер жетіпті.
Ор ернеуіндегі шөптесінге құйрық басты.
Далабайдың жастайынан кәсімі — суға ғашық: таудағы сарқырап аққан өзеннің
жиегіне көп сағаттар бойы мөлиіп отыратын. Сондағысы судың сарынын тыңдау. Бейне
табиғаттың төл симфониясынндай сезінетін. Әр толқынның бірін-бірі қайталамайтын
дыбыс шығаратынына қайран қалушы еді. Сырттай өзен дыбысы бір сарындас секілді.
Ендеше Далабай құлағы ерекше сырлы, ерекше нәзік ғажайып әуенді құшырлана сіңіріп
үйренген. Қазір ше? Алдындағы алып қашыртқыда жатқан өлі су ғана. Бетіне шылау
тұрып, көгеріп, иістене бастаған. Әр тұстан бауыры ағарып қалған балықтар шалынады.
Манағы Батырдың айтқаны рас болды: каналмен жүзіп келген жайын, бекіре, қаяз,
лақа е күріш танабына қалқып шығады-мыс, е ағытқан сумен қосылып тоспа шұқанаққа
төгіледі-міс. Мыңдаған гектар күрішті суарып өткен судың бойында гербицид уы мол.
Қашыртқы сол удың қойыртпақ көжесі секілді, ішіне түскен балық түгілі ауыз
шайған қара мал тырапай асады. Күрішші дақылын баптаумен жүреді, ауыл
басшылары әні-міні қашыртқы қаздырып, күнбе-күн каналды тексертіп бір тынбайды.
Ал дариядан ағып шыққан балықтарға иелік етер кісі жоқ әзірге. Ұжым шар
орталығында тіске басар су мақұлығын таппайсың. Бұл елдегі әләулай әлгі. Күріш
дақылын егуге мыңдаған гектар тоғай оталып, өртелді: мыңдаған гектар тың жер
жыртылды: сол қоңды құнарға қатарынан үш жыл күріш еккенде жер бетіне соры шығып,
суы сасиды. Сонда қалай болғані? Егін еге білмейміз, әлде жер күтіп көрмегенбіз; екінің
бірі. Ғалымдардың айтуынша канал суы шайып аздырған жерді қайыра қалпына
келтіру үшін жүз жылдан аса бос қалдыру ләзім, е жерді табақша жантайтып тұзды түгел
жуу керек көрінеді. Жылдан-жылға қоңды жер қусырылып барады, мезгіл өткен сайын
сордың ауқымы кеңейіп келеді: Дәл осылай сыңаржақ шапқылай берсек Түгіскен
тыңы бір жылдары өлі тақырға айналары хақ-ты.
Осыны ойлағанда Далабайдың тынысы тарылып, кеудесі қысты.
Жаутаңдап жасыл көкжиекке қараған. Көзіне кетпен жүзіне шағылған сәуле тиді.
Абызтөбенің құба жотасында әлдекім жүрген секілді; жасыл науқан арасынан
қылтыңдаған кетпені көрінеді. Орнынан көтеріліп солай қарай жүрді. Қара туфлиі кісі
танымастай, екі езуіне сор жұғып, балшык, шылап, мыжырайып, лақа ауызданып
жайылып кетіпті. Осылай аттанарда ғана аудан базарынан Сая сатып әперген еді. Өзінің
дүкен аралап киім алуға қашаннан құлқы жоқ. Ілінгенін иығына іліп жүре беретін. Енді
ғой келіншегінің аяғынан тозып саудагерден алған ағылшын туфлиі Сырдың сорына
бір күн де шыдамады. Иманы кепіл, бұл Түгіскенге Ер Төстіктің темір етігі ғана төтеп
берер. Шарбаяқтап кетпен шошаңдаған тұсқа жеткен. Қира сақал шал кең бақшаны
аралап, әуелгіде қауын-қарбыз суарып жүр ғой деп ойлаған: тақап келгенде сұмдықтың
үстінен түсті – шал теңкиген торыала қауынды кетпенімен жарып барады. Өзі жалаң аяқ,
жынданғаны ма бәтір-ау!
– Оу, ақсақал, қауынды неге жарып жүрсіз?
Көзіне көзі түсіп кеткенде тұла бойы дір етті. Шал көрден тұрған өлі аруақтай
құп-қу, бұрын қапсағай жауырынды, тарамыс қолды, шара бас, денелі кісі болғанға
ұқсайды. Әлде аурудан, әлде қападан қауқиыпты да қалыпты. Ентігіп тұр.
– Танымадың-ау деймін, Далабай қарақ. Сен Доскей жарықтықтың тұяғы
емеспісің?
Далабай енді шырамытты, даусынан. Құдайым-ау, бұл атақты Ақәділ ұста ғой,
қалай қартайып кеткен десеңші! Көп болса қазір алпыстың аз үстінде. Әне бір жылдары
ғана таудағы өз үйіне келіп, апталап, айлап жатып әдемі зерен оятын, күміс көзе құятын:
тегінде Далабай үйіндегі күллі асыл бұйым осы кісінің қолынан шыққан.
Кетпенін қалдырып атыз басына шықты. Отырды. Далабай да қасына кеп тізесін
бүккен. Ұстекеңнің көзінен сұмдық үрейлі мұңды көрді. Үні қарлығып шығады.
– Далабай қарақ, саған ғана айтып отырған сырым. Көз көрмес, құлақ естімес жаққа
қашып кетсем деймін. Сол жақтан да нәпақа табылар, өлсем біреу бетімді жабар. Сорым
ашылмады тегі. Күннен-күнге бейнетім қалыңдап барады. Балаларым айтқанымды
істемейді, немерелерім кілең жатыпішер сотқар боп өсті. Ойлағам: бала ержеткен
соң тынығармын деп. Ойлағам: келін жұмсап рахатқа батармын деп. Шақшадай
басым шарадай болды! Ойлағам: немере қызығын көремін деп. Олар кілең қылжақбас, тік
аяқ болып барады, айтқанымды зінаһар істемейді. Енді қайтем, елге күлкі боп өткенше
қашып жоғалмақпын...
Далабай ер мінез атпал азаматқа айтар сөз таппады. Сол алтынды мысқылған
қасиетсіз жандарға налыды.
– Қауынды неге жарып жүрсіз? Балалар, немерелер қызығын көрмес пе еді?
Жусаған қозыдай болып теңкиіп-теңкиіп жатқан сары қауынға сілекейі шұбыра
қарады. Иісі танау қытықтайды. Біразы әлгіде кетпен тиіп қарс айырылып жатыр. Ішінен
сары уылдырық шопағы ағады.
– Далабай қарақ, ала жаздайғы бейнетімді зая жіберердей әлі алжи қойғаным жоқ.
Амал нешік. Бір байғұс айтқан екен: менің сорым ашылмаған – былтыр да бұзауым
жамырап кеткен деп. Сол сорлы мен болдым. Күрішке у дәрі сепкен самолеті құрғыр тап
бақшаның үстінен өтер ме. Арамшөп құртатын тозаңын жайқалып тұрған пәлекке себер
ме. Дәрісі сумен пәлекке сіңді, содан қауынға өтті. Дәмін татып көрсем су татиды.
Ішімнен ірідім. Бала-шаға жеп уланып қалар деп қауынды осы бастан құртып жүрген
жайым ғой.
– Күріштік қайда, бақшалық қайда, арасы алшақ емес пе?
– Тастаған таяқ сорлыға тиер деген осы. Ұшқышы құрғырдың залымдықпен әдейі
істегені.
Далабай мына сұмдыққа жан-тәнімен күйінді: біреу көктем шыға тырбаңдайды,
трактор жалдап жер жыртады, қауын тігеді, қос құлақтанып жер бетіне көрінгеннен түбін
қопсытады, отағын шабады, сыздықтатып суырады, жас баладай мәпелеп күтеді. Енді
біреу жемісі ауызға түскелі тұрғанда үстінен у дәрі сеуіп өтеді. Мұнан өткен тағылық
болмас, сірә. Далабай жас кезіндегі оқиғаны есіне алды. Интернатта оқитын. Ол кезде
көже тапшы. Үшеу ара, не төртеу ара бір табақ қойылады. Бірде алдарына дәу табақ
быламықты алып ағаш қасықты енді жағалата берген. Табақтасы шеннен шыққан сотқар
екен, көжеге шырт еткізіп түкіріп жібергені, қасақана істеді. Далабай серігімен қасықты
тастай-тастай салып дастарқаннан тайқып шықты. Әлгі зәнталақ қыңар емес, мәз,
быламықты тізесіне тартып жақындатты да бас-көз демей сораптады. Үш балаға тиесілі
быламыты жалғыз жәукемдеді. Бұл екеуі аш қалды... Мына у дәрі сепкен ұшқыштың
қылығы да сол бір сотқар баланы елестетті. Ұстекеңнің табағына түкіріп жібергендей
болды. Әйтпесе АН-2 самолеті жерлеп ұшады, қай жерде күріш, қай жерде бақша бар,
күллісі көз алдында: гербицид дәрісіне күріштен өңге өсімдіктің қарсы тұра алмайтыны
және белгілі. Сөйте тұра басқаның тіршілігіне немкетті қарау, әдейі-ақ қысастық жасап
құрта салу; өзгенің қайғысына іштей күлу, мазақ ету – адамгершілік емес, айуандық қой.
Осыны ойлағанда Далабайдың біртүрлі күреңітіп, түсі бұзылып кеткенін ұстекең
сезе қойды. Әңгімемен алдартқысы келді.
– Ешкім танымайтын елге қашсам деймін. Күннен-күнге бейнетім қалыңдап
барады.
Бұл ұстекеңнің көптен ойланып жүрген жан сыры еді.
– Балаңыздың қолында тұрасыз ба?
Ұстекеңнің баласы агроном Түгіскен ауылын дүрілдетіп тұр, алдынан кісі кесіп
өтпейді-міс деп естіген. Әйтсе де әлгі сөзді айтпау керек еді. Кісінің құпиясына қол
сұғуды ұнатпайтын, қапы кетті.
– Бөлек тұрамыз. Балам өкімет болғалы өзгерді. Бұрын өнеріңізді үйреніп қалсам,
қадіріңізге жете алсам дейтін. Енді келін бала екеуі қосылып; «ағаш жонғыштап үйді
қоқсытады», «көрген кісіден ұят», «кедейдің кәсібін істейсіз» дейтінді шығарды.
Шыдамадым, сүйегіме сіңген кәсіпті қимадым. Кемпіріммен екеуіміз бөлініп шықтық.
Жер тіреп отырған жайымыз жоқ, өз қолымыз өзімізге жетеді әйтеуір.
– Ендеше неге безесіз?
Түсініп тұрса да қапияда аузынан шығып кетті. Далабайдың әдеті осы, бір нәрсені
ойлап тұрып, өзге нәрсені айта салады. Сөзін шотқа салу деген жоқ.
– Далабай қарақ, қадіріңді түсінер кісі болмаса, сөзіңді кім көрінген тәрік етсе –
безбегенде қайтесің?
– Сабыр сақтаңыз, ұстеке! Бәрін де қияр едіңіз-ау; туған жерді кімге тастайсыз?
Ұстекеңнің сақалы діріл қақты. Алыстап кеткен жастық шағын, сол қыр астында
қалған жігіттік дәуренін, қоңыр тіршілігін, алаңсыз домбыра жонығанын ойлады ма, әлде
тағдырының тоспа шұқанақ, құлаған канал, у сіңген бақша секілді мұндар күндерге
жалғасқанын жаратпады ма, әйтеуір көңілі босады. Қолын созып жанындағы тырбық
шеңгелден тікенек сындырып алды. Тікенекпен тісін шұқыды. Туған жердің шөңгесіне
дейін тәтті-ау жарықтық деп ойлаған. Сарғайған шөбіне дейін ыстық қой. Мына
Абызтөбеден, ана Мейрамтөбеден, Келінтөбеден, Сырдың мың сан төбесінен күніге
тәуетер еді, тәубалап тыныштық тілер еді — ешкім көңіліне тиіп жекімесе, ешкім көзге
шұқымаса, керексіз жаңқауықтай шетқақпай етпесе, зобалаң зордан жасамаса.
Өлмегесін суыққа берік атанып отырмыз, Далабай қарақ.
Күн тозаң тұтып мұнартып тұрған. Түске тырмысыпты. Ұстекең Далабайды
үйіне шай ішуге шақырды.
Далабай сүлеленіп орнынан тұрған. Құйрығы дымданып шөп жұғып қалыпты.
Шалбарын қақты. Қарс айрылып сөлі ағып жатқан күләба қауынға мөлие қарады.
Сырдария өзенінен бері өткелі жеңсік асындай қауынға құмартып жүрген. Қарнымды
шертитіп бір тоярмын деп ойлаған. Мынадай қырсықтың үстінен шықты. Бүгін кешке
күрішшілер жиналысына қатынасып, жұрт ішінен у сепкіш ұшқышты іздемекші,
құдайдың ұлы болса да беттесіп көрмекші. Осы оймен ұстекеңнің соңынан жалғыз аяқ
жолға түсіп, ауылға бет алған.
Қазақы ауыл жөнді-жөнсіз әңгіменің кеніші. Дейді екен де дейді екен. Ауданнан
мәдениет үйінің әншілері келіпті-міс деп гулесті. Басқарып жүрген мәдениет бөлімінің
меңгерушісі кәмпазитр Далабай десті. Ойын жүріп жатқанда сол Далабай мен ұшқыш
жігіт қызға таласып төбелесіп қалыпты десті. «Кімнің қызына таласыпты?» деушілер
табылды. Біреулер: «Батырдың қарындасына», – десті. Біреулер: «биші қызға», – десті.
Биші қыз тым бұратылып биледі десті. Ертесіне жел сөз сұмдық гуледі. Қызылдың
құмынан дауыл тұрғанда өстетін. Жұрт тіршілікті жинап қойып ауызбен орақ оруға
шығатын, тіл мен жағына сүйенетін. «Ұста қайнаға есінен ауыса бастапты», – десті.
Біреулер айтады: «Үйіне қонбай молаға түнейді екен», – деп. Біреулер айтады: «Жаздайғы
күтіп-баптап пісірген қауынды кетпенімен шауып тастапты», - деп. «Баласы Шүкіманға
өкпелеп Тәшкен асқалы жүр екен», – деп.
Ертесіне ұстекең мен Далабай қауындыққа қайта келген.
Жерді өлшеп, ысырап болған қауын-қарбыздың мөлшерін сомалап ауыл әкіміне
арыз жазбақшы. Ауыл әкімі қол қойып тәртіп береді. Сол қорытынды тәртіппен аудан
асады, сотқа жығылады. Жайқалып тұрған бақшаға қасақана у сеуіп өткен ұшқыштан
ұстекеңнің табан ақы, мандай терін өндірмекші.
– Айттың, ұялттың, ауыл арасы гуледі – сол да жетер. Елге күлкі болмай-ақ қойсақ
қайтеді? – дейді ұстекең.
– Елден ұялып үндемесек ол кеще келесі жылы да қайталайды. Мойнынан ақша
өндіріп тайсалдырып қойған жөн.
– Қайдан білейін. Бұрын қауын-қарбызға бола ешкім соттаспаушы еді.
– Мұнда мәселе босқа шіріген қауын-қарбызда емес: сіздің еңбегіңіздің еш
болғанында, диханды сыйламауда. Осыны көрген балалар ертең бұдан да сорақысын
шығарар. Үйіңізді өртеп, аулаңызға күл шашар. Жұртқа көз қылып, тәртіпке шақырамын.
Далабай бір іске бел буса басы бұрылмайды екен. Өзеуреп айтқанынан қайтпады.
Қалың парақ қағазды лықа толтырып арыз жазды; ұстекеңе қол қойғызды, өзі куәлік етті.
Өстіп әжік-гүжікпен жүргенде байқамапты, алыстан әлдекім қалбақтап жүгіріп келеді
екен. Далабай ойлаған: жер бауырлай ұшқан қарға болар деп. Ұстекең ойлаған: кешірім
сұрағалы келе жатқан ұшқыш жігіт шығар деп. Екеуі де болмады.
Тақағанда таныды, алқа-далқасы шыға жүгірген күрішші Батыр. Екеуі де
үрпиісіп қалды. Алыстағы күріштіктен есі шыға жүгіруіне не себепкер? Әлде күрішке өрт
тиді ме? Әлде өзін жылан шақты ма? Басындағы кепкасын алып әлсін-әлі бұлғасын. Екі
езуі құлағында. Аяғындағы зілмауыр керзі етікпен құстай ұшкан тырақы жігіттің
желаяқтығына таңданған. Неде болса тегін жүріс емес.
– Айтсаңшы, не боп калды?!
– Жайшылық па?!
Бақша басындағы қауынға сүрініп түрегелді.
– Тоқсан-тоқсан...
«Тоқсаның» не жарқыным-ау?!
Батыр дауыс жетер жерге жаңа жетті.
Әр гектарынан тоқсан төрттен түсіп жатыр!
Далабай қуаныштан жарыла жаздап секіріп түсті.
– Жарайсың, Батырекесі! Ерледің! Есімізден шығып кетіпті-ау!
– Канал құлағанда жүзден асады екен!
Арғы-бергі диханбаба әулетін түгел атап шықты. Күрішшінің қуанғаны қызық.
Нақа келіншегі ұл тапқандай, барса келмес сапардан жақын адамы есен-сау оралғандай,
төл әнін әдемі қыз аузынан естіген сазгерге ұқсады, жаңа кітабының сүйінші данасын
көрген жазушыдай тегі. Батыр әлгіні айтты да кідірмей қайта құлдыраңдады. Күріштігін
қайыра жүгірді. Жыңғыл, қамыс, атыз, арықтың ішінен төбесі ғана қылтыңдайды. Тоқсан
төрттен! «Тап қазір борпылдақ топырақтан шығарып, қиыршық жолға салса – «ал шап»,
еңбек табысыңды дүниеге әйгіле!» десе - жүгіруден
әлемдік рекорд жасары кәміл. Қуаныш
кісіге қанат бітіреді, диқан мұраты оңайлықпен орындалмайды білем.
47
Бірінші бөлімшенің звено жетекшісі Беласар түн жарымы ауа жаяулатып
үйіне жеткен. «Жетекші» деп желпілдетер дәнеме жоқ, бәріне өзі жүгіреді. Көктемде
келіншегі екеуі бір звено болып жазылған, сөйтіп, отыз гектар жер алған. Жаз
бойы екеулеп дақыл баптады, күріш күтті. Көше қараңғы жолдағы арық, орға
әлденеше сүрініп, ішінен Түгіскен ауылының басшыларын қарғап, көңіл-күйі болмай,
зілмауыр қақпасын зорға ашқан. Ауласы самаладай жарық, ауылда электр қуатын жыл
аяғында бір-ақ есептейді, онда да жаққанын емес, жан басына шағып жобалап, жалақыдан
қомақты теңге ұстайды. Есептегіш атымен жоқ. Беласар, келіншегі, баласы қосылып
«тоқты аз жағатындар» тобына жатады. Содан әңкиген он екі бөлмелі үйде, әйнекті
верандада, гаражда, әуіз басында, асханада, қоймада, тауықханада, ит байлаған үйшікте,
ауланың төрт бұрышында күндіз-түні жарық еш сөнбейді. Ашық албар астында
шоңқиып тұрған «Москвичті» балонынан теуіп өтті. «Бәлем сатып жіберіп, «Волга»
алармын орныңа», – деп күбір етті. Қоңырау соқпай-ақ өз кілтімен есікті ашып үйге еңді.
Өзбек келіншегі әлдеқашан жатып қалған болар деп ойлаған. Сөйтсе баланы ұйықтатып,
өзі жатын бөлмеде тотыдай сыланып отыр. Түнгі шамның астында қасын сүрмелеп, бетін
опа жағып, жанарын жәудірей төңкерді. Іші май еріткендей елжіреді. Таңертеңнен көңіл
хошы жоқ-тын. Бүгін емес-ау, орақ басталғаннан. Келе төсекке құлай кетіп қорылға
басармын деп дәмеледі. Келіншегі алтын танадай жалтырап жанына келді.
– Қабағың түсіп кетіпті ғой.
– Неме жетісіп жыртиямын!
«Қызыл мамық қой мынау» деп ойлаған. «Бір байдың басын жұтып жолдан ердім
демейді, нақа кыздай тиген асық жардай тегі. Мына түрімен өзегімді суырып алар.
Қанына құрт түскен бе бұл шіркіннің?»
Сырт киімін шешінді, жуынды. Келіншегі кірсіз жұмсақ сүлгі ұсынды. Сүртініп
тұрып төрдегі салулы төсекке жүрексіне қарады.
– Жиналыстан шыққаным осы. Тіршілік оңбады. Күріш жарытымсыз түсіп
жатыр. Кей жерін күрмек басыпты, кей жерін торғай жепті. Таздың басындай тегі.
– Каншадан?
– Он тоғыздан ғана!
– Батырдікі ше?
– Оныкі тоқсан төрттен.
– Шынымен сұмдық екен! – деп шошынды келіншегі. – Ауданның ең әйгілі
күрішішсі Беласар – он тоғыздан, атын да, затын да ешкім естіп білмеген Батыр
дегенің – тоқсан төрттен! Жоқ бұл әділдік емес.
Қазірден бастап ауданға аттан, әкімге жолық, айт: «Ауыл агрономынан арамдық
болды де, тыңайтқышты аз берді де, гербицидті мерзімінде сепкен жоқ де, судан
тапшылық көрсетті де... »
– Тоқтат! – деп ақырды Беласар. Өз даусынан өзі қысылып қалды. Бұрын
келіншегіне бұлай дауыс көтермейтін. Әкелеп-көкелеп асты-үстіне түсетін. – Жұрттың
бәрін бала деймісің. Кім сенеді сөзімізге? Батыр алакеуімнен кетпенін арқалап
күрішке кетіп бара жатқанда – төсекте жырқылдап жататын кім? Батыр иығына
тыңайтқыш толтырған дорбасын асып күрішке сеуіп жүргенде – Мейрамқала асып,
базаршылап жүретін кім? Батыр масаға таланып су суарып жанталасып жатқанда –
ғылым адамын, қай-қайдағы коньякке тоймайтын кеспектерді әуізге шомылдырып,
тақымдасып жырқылдап отыратын кім? Сұраушы жоқ деп пе едің?!
Келіншегі бетін басып жылап жіберді. Әлгіде ғана қасына жаққан сүрме жаспен
араласып бетін айғыздады. Ұзын кірпіктері жыпылық қақты. Белағаң мұндайда
шыдай алмайды, өңкеңдеп келіншегін жұбатуға кірісті. Енді бір қараса қуыршақтай қып
алдына алып отыр шіркінді.
– Сүймейсің, – дейді келіншегі бұртиып.
– Сүйемін, сүйемін, – деп бұл жігі-жапар.
Белағаң осы сөзден-ақ мезі. Кісінің пейіліне бермеген, сүйегіне сіңбеген сөзді
айту қиынның-қиыны көрінеді. Келіншегі ғой қит етсе-ақ жас баланың аузына салатын
кәмпиттей жүрек айнытар әлгі сөзді айтқызады. Суқаны сүймесе де сұңқылдайды
көкекке ұқсап.
– Енді не амал жасаймыз? — деді үздігіп.
– Әкім қайнағаны үйге шақырайық, аузына коньяк құяйық!
– Сенің бар ойың «шақыру», «коньяк құю», «шомылдыру» ғой...
– Сенің қамың ғой.
«Енді не амал жасаймыз?» деді Белағаң ішінен. «Әйелден ақыл шығады
дегенге өз басым сенбеймін. Әйел бала табуға, ойнауға бола жаратылған. Өңгесі мына
біздің мойнымызда». Белағаңның қайраңға шығып қалған жайындай қиналатын жөні бар.
Былтыр жетпістің үстінен берген, алдыңғы жылы алпыстың үсті-тін. Биыл сексеннің, не
тоқсанның төбесіне шығамын деп дәмеленген. Онда абырой да, атақ та өзінікі еді.
Облыстан, астанадан келген тілшілер етектей-етектей ғып «Белағаңның биігі», «Беласар
асуы» деп мақала жариялап үлгерген. Оның үстіне Сұлтанғали: «Осы жылдың
қорытындысымен өзіңді жұлдызға ұсынамыз. Ауданмен келістім», деп алақанын уқалап,
көшелі әңгіменің шетін шығарып қойған. Миллионның үстіндегі бәйгі ақшаны қалтамда
деп нық сенген. Енді ғой... әуелі миллион теңге бәйгі ақшамдағы жұлдыздай алыстап
кетті, қанша қол созса да ала алмайды. Онымен қоса алтын жұлдыз қолға түспейді.
Сұлтанғали өтірік наряд толтыруға қорқады. Әйтпесе оншақты тонна күрішті әркімнің
үстінен жылу сап жинап алар еді, өз өніміне қосар еді. «Тоқсанды алған Белағаң» боп
газеттерді шулатар еді. Шулатпай-ақ тыныш тіршілік кешудің өзі мұң боп қалды. Батыр
есімді бақталасы «мұнша байлығы бар», «жатыпішер», «саудагер» деп әлгі қыз-келіншекті
ертіп келіп жүретін сазгер жігітін құлағына құйған білем. Алдыңғы күнгі
жиналыстағы сөзінен шошынды. «Осы ауылда күрішші атын жамылып баюға бет
Достарыңызбен бөлісу: |