ӘОЖ: 809.434.2:801.3
ПАРАДОКСТЫҢ ТІЛ БІЛІМІНДЕГІ ОРНЫ:
ҚАЗАҚ, ОРЫС, ЖАПОН, ПАРСЫ, БАШҚҰРТ ТІЛІНДЕГІ САЛЫСТЫРМАЛЫ
СИПАТЫ
Ә.Р. ЖҮСІПОВА
аға оқытушы,
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті
А.Е. ЖҮСІПОВ,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент,
191
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті
А. ҚАБИЕВА,
аға оқытушы,
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті
А. АҚАЖАНОВА
аға оқытушы,
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті
Аннотация
Мақалада қазіргі тіл біліміндегі қайшылықтың түрі парадокс туралы сөз қозғалған.
Мақалада қазіргі тіл біліміндегі қайшылықтың түрі - парадокс, жалпы тіл біліміндегі:
қазақ, орыс, жапон, парсы, башқұрт тілдеріндегі топтастырылу жолы қарастырылған.
Мақал-мәтелдің парадоксы семантикалық және прагматикалық деңгейде туындайды.
Мақалада семантикалық деңгейде парадокс туындатушы логикалық қайшылық мәтін
ішінде, ал прагматикалық қайшылық – мәтін мен мәнмәтін әрекеттескен кезде
туындауына жан-жақты талдау жасалған.
Түйін сөздер: қайшылық, тұрақты тіркес, парадокс, метафора, ортофрония,
абстракция, эллипсис, мағына, мән.
Парадокс мақал-мәтел негізгі үш топты құрайды: (а) Гномалық (гректің «γνωμη» -
«ақыл, білім, пікір» деген сөзі, сонымен қатар, «гнома» - ұлағатты пікір, өсиет ретінде де
қолданылады), яғни осы қоғамда өмір сүретін көпшілік көзқарасына қайшы келетін
пікірді білдіретін: күндердің күнінде – осы күндердің бірінде емесі анық; (ә)
Семантикалық, сырт әлемге тура бағыштамай-ақ сол пікір шеңберінде орын алатын
қайшылық: асығун асықпай-ақ қой, бірақ тездет. (б) Әзіл және сөзойнатымдық
(каламбур): Анашым, өзің әкеме күйеуге шығып алып, мені бөтен ерге бергің-ақ келеді.
(в) Кейде мақал-мәтелдегі парадокс прагматикалық тұрғыда қарапайым, қарабайыр десе
де болады, көбіне сол тіркес екінші шекке өтіп, әдетте парадокс ретінде қабылданады.
Мақал-мәтелдің парадоксы семантикалық және прагматикалық деңгейде туындайды.
Семантикалық деңгейде парадокс туындатушы логикалық қайшылық мәтін ішінде, ал
прагматикалық қайшылық – мәтін мен мәнмәтін әрекеттескен кезде туындайды.
Парадокс мақал туралы ғылыми еңбегінде Матти Кусси халық арасында мол
қайшы пікірдің барлығын көрсетті [1]. Кусси парадоксты ұлғайтқыш деп атаған. Алайда
сипаттайтын екі нысаны бар кей антонимдік тілдік бірлікті парадокс қатарына қосуға
негіз бар ма? «Мысық қуанышы – тышқанның көз жасы», «Байлар кедейдің салығы
есебінен күн көреді», «Бүгінгі алтын – ертеңгі шаң». Бұл жағдайда парадокс жоқ, тек
қарсылық қана бар. Х Х емес формуласына негізделген «алтын – алтын емес, нан –
алтын» іспетті парадокс тосындығымен тыңдаушыны қайран қалдырады деген ойды да
осы Кууси айтады. Х у-тен артық, жақсырақ салыстырмалы формулаға негізделген «өз
зұлымың өзгенің ұлығынан артық» секілді мақал да тіл-тілде көптеп кездеседі. Алайда
«жүз рет естігенше, бір рет көр», «алты қорқақтан бір батыр артық», «жүз
доллардан жүз теңгең артық» деген сияқты мақалда парадокс бар деу қиынға соғар.
Салыстырмалы парадоксты «Саво елінің адамынан гөрі қасқырды иландырғаның артық»
іспетті мақалды алып, болуы мүмкін емеске қарағанда болуы ықтимал дүниемен
салыстырудың өзі парадокс туындатады деген оймен қорытындылайды.
Мақалдағы парадокс негізгін құрайтын: (а) қайшылық түсінігіне екі эпитет қарсы
тұрады; (ә) эпитет тағы бір эпитетпен «соқтығысады»; (б) бір эпитет қос қарсы эпитетпен
байланысады не олар басқаша анықталады; (в) аксиомалық шындыққа қарсы шығады; (г)
әдетте «мүмкінге» қарағанда «болуы мүмкін емес» іске асады; (ғ) «Жақсы/жаман»,
«көп/аз», төмен/жоғары» сияқты мағына тәртібі «төңкеріледі»; (д) «Х у болса, онда у х»
192
деген хиазмдық құрылым құрылады.
Парадокс мақал-мәтел екі есе кереғар, себебі үнемі бір-біріне қайшы шығып
тұрады. 1887 жылы «Нью Йорк Таймс» газетінде жарық көрген «Влияние пословиц»
деген мақала авторы мақал-мәтел дегені дұрыс емес, үнемі бір-біріне қайшы болады,
шынайы болып көрініп адамды арбайды, «ғұламаның тапқырлығы әрі бұқараның
даналығы» емес, «азшылықтың сопылығы мен көпшіліктің жөнсіздігі», «молчание – знак
согласия», «в тихом омуте черти водятся» сияқты мақал құндылығы даулы, ал кейбірі
тіпті бір-біріне қайшы пікірді білдіреді деген. Мысал ретінде ағылшын тіліндегі: «a little
learning is a dangerous thing» - «аздаған білім қауіпті», «it is better to know something than
nothing» - «түк білмегеннен де аздап білген жақсы» деген мақалды салыстыра отырып
сынауға алады. В.Мидер бұл тұжырымға қарсы шықты: мақал-мәтел – универсалий емес,
олар адам тәжірибесінің әрқилы, әр қырынан хабар береді, сондықтан да бір-біріне
қайшы, себебі өмірдің өзі қайшылықтан тұрады [2]. Мақал-мәтелдің айрықша тобына
сәйкес жұп мүшесінің мәніне семантикалық тұрғыдан қайшы келетін мақал-мәтелдер
жатады. Олар көбінесе парадокс мақалдың бірінші тобына жатады: «Ащы шындықтан,
тәтті өтірік артық», «тәтті өтіріктен, ащы шындық артық» «шыңғырған шындық»
деген нұсқасы да қолданылатынын білеміз. Өз кезегінде осы типтес мақал-мәтелді екі
топшаға бөлуге болады:
(1) Бір-бірінен тәуелсіз, жеке тұрып та парадоксты болып қабылдана беретін
мақал-мәтел жұбы: «Өтірік болмаса, шын екенін кім білер». «Шындық болмай, өтірік те
болмас».
(2) Өздігінен жеке тұрып нақты мағынадан хабар бететін, мазмұны түсінікті,
алайда бір-біріне қайшы қойылған кезде тыңдаушы қайшылық пен парадоксқа тап
болатын мақал. Салыстырған кезде қайшылық туындайды. Қонақ қойдан жуас. Мықты
қонақ қожасын билейді. Қонақ берсең етіңді жейді, бермесең бетіңді жейді. Қонағым
сен ет деме, мен кет демеймін. Тойға барсаң бұрын бар, бұрын барсаң орын бар. Көп
күттірген - сыйлы қонақ.
Қандай да мақал-мәтелдегі қалыпты не парадоксты таңдау мәліметті жіберішу не
қабылаушы талғамына байланысты. Осындай (тілдесімге қатысушы көзқарасына тәуелді)
пародоксты мақал-мәтелді гномалық парадокс мақал деуге болады. Мақал-мәтелдің кез
келгенін қарсы қою парадокс туындата бермейді. «Теңіз – біздің егістік: балық та, нан да
терістік». «Теңіз егістік емес, себер ем, тұқым жетпейді». Бұл екі мақал бір-біріне
қайшы, алайда парадокс жоқ, себебі бірінші жағдайда «егістік» метафоралық, екінші
жағдайда тура мағынада қолданылған. Мағынасы қайшы мақал-мәтел жұбы - қазақтың
тілдік бейнесінің тамаша көрінісі: «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» - «Жыламаған
балаға емшек бермейді»; «Адам көркі – шүберек, ағаш көркі – жапырақ» - «Киіміне
қарап қарсы алады, ақылына қарап шығарып салады». Парадокс мақал-мәтел тіл тілде
көптеп кездеседі. Тура баламасы болмаса да, соған жақын ұқсасы жетіп артылады.
Үндемегеннен үйдей пәле шығады - орыс. тихая вода берега помывает; тихие
воды глубоки; в тихо омуте черти водятся; баш. йүкә шына имән яра – тынық су
жағалауды шаяды; тымык күлдә корт үйнай – тынық көлде сайтан жүрер; тәрән йылға
тың аға – ақырын дауыс алыстан естілер; ағыл. still water are deep – тынық су терең
болар; суах. ki mya kingi kina mshindo mkuu – терең тыныштықта шу мол (жаңалық
болмаса, жамандық күт, тынық көлде сайтан жүрер).
Жаман айтпай жақсы жоқ – орыс. Не было бы счастья, да несчастье помогло; нет
худо без добра и добра без худа; баш. Искеһез яны булмас, ямансыз якшы булмас –
жамандықсыз жақсы жоқ; ямансыз яхши булмас, яхшысыз яман булмас – зұлымдықсыз -
жақсылық, жақсылықсыз – зұлымдық жоқ; жап. сонситэ току торэ – шығыннан да
пайда көр (біреуін жоғалтсаң, келесіні табарсың); ағыл. every (dark) cioud has a silver
193
lining – әр бұлт күміспен апталған (жамандықсыз жақсы болмас); it is an ill wind blows
nobody good – жақсылық әкелмес желден не қайыр (жамандықсыз жақсы болмас); суах.
kipya kinyelmi kingawa kidonda – жара болса да, жаңаның аты жаңа (не істелсе де,
жақсылыққа).
Асықпаған арбамен қоянға жетер – орыс. тише едешь - дальше будешь; баш.
ашыкһаң да, капаланма – асықсаң да аптықпа; һин ашыкһың, ул кабалана – сен асығасың,
ол аптығады; әркән барган тиз житә – ақырын жүрсең, тез жетерсің; ашыксаң, соңга
каласың – асыққан – кешігер; ағыл. make haste slowly – ақырындап тездет; more haste, less
speed – асыққан сайын жылдамдық тежелер; жап. tanki-wa sonki – асықсаң – күлкіге
қаларсың; суах. pole pole ya kobe humfisha mbali – тасбақаның баяулығы алысқа өрмелеп
кетуіне кедергі емес.
Қойшы көпте қой арам өледі – орыс. у семи нянек дитя без присмотра; где много
пастухов, там овцы дохнут; тат. Ирләр күп болса, утын юк; хатынныр күп булса, су юк –
бұл жерде, қазақтың «еркек көп болса, отын жоқ, қатын көп болса, су жоқ» деген
мақалына сай. Жап. kiyobimbo – он саусағынан өнер тамған адам бір өнерді де тереңінен
білмейді, алтын қолды адам кедей; tagei wa mugei – бәрін істей білу – ештеңе істей алмау
дегенді білдіреді; ағыл. too many cooks spoil the broth – аспаз көп болса ботқаны бүлдірер.
Етікші бізге жарымас – балық суда жүріп шөлдейді, орыс. сапожник ходит без
сапог; баш. итексенең итеге тишек, тимерсенең балтаһы китек – етікшінің етігі тесік,
ұстаның балтасы кетік; тимерсе бысакка йәлсемәс – ұста пышаққа жарымас; ағыл. the
coddler’s wife is the worst shod - етікші әйелінің етігі жоқ (басқалардан кем киінген).
Көріп отырғанымыздай, қайшылыққа негізделген тіркес, парадокс сөздің түрлі
тілдегі көрінісі мәдени, этникалық тұрғыдан ортақ бағытта екендігін мысалдардан
аңғардық.
Халықтар тiлiнiң қоғамның даму барысындағы атқаратын қызметi өте зор, өйткенi
ұлттық мәдени дүниенiң даму деңгейi тiлдiң даму шеңберiмен тығыз байланысты. Ал
осы әдеби тiл байлығы мен мәдениетiн, көркемдiгi мен бейнелiлiгiн арттыратын
лексикалық категория — мақал-мәтел [3]. Мақал-мәтел қалыптасуына белгілі бір жағдаят
негiз болады да, әр халықтың мәдени дәстүрi, әдет-ғұрпы, ортасы, дiни нанымы мен
дүниетанымы, психологиясын көрсетедi [4].
Бұл мақал-мәтелдің басқа мәдениет қорынан ерекшелігі көлемі жағынан қысқа,
мазмұн жағынан тереңдігінде ғана емес, көңілге ерекше қонымды, ұжымдылығында және
барлық халыққа бірдей ортақтығында.
Қайшылыққа негізделген тұрақты тіркес жаһандық категориясының сәйкессіздігін
әлсіз (жұмсақ) қайшылыққа жатқызамыз. Әлем нысанының жаһандық категориясының
төрт түрін алып көрсетуге болады. (1) өлі нысан; (2) жануар;(3) адам; (4) абстаркт түсінік
[5].
Алғашқысына жататын: жынды ақша – бұл орыстың «бешеные деньги»
фразеологизмінің аудармасы екені дау туғызбайды. Жынды ақшаның буына мас болған
«жаңа қазақтың» телпектері теріс айналғанын тарихтың өзі көрсеткен жоқ па? (К). «Өлі
үй» - бұл тұрақты тіркестің де көршілес елдің «мертвый дом» тіркесіне балама ретінде
алынғанын айта аламыз. Өлі үй емей не, мазардан қай жері артық бұл қу моланың? (ЖА).
Бұл жерде дербестеу және анимацияға негізделген қайшылықты көріп отырмыз. Араб
тілінде осыған ұқсас тамаша тіркес бар, δaхіkаti I-'ardu – «жер күлді», яғни жер жемісін
әкелді деген мағынада жұмсалған.
Екінші топтағы қайшылық жануарға қатысты құрылған. Қазақ тілінде бұл топқа
жататын тұрақты тіркес байқалмады. Орыс тіліндегі «медведь на воеводстве», «заяц во
хмелю» тіркестерін алуға болады.
Үшінші топ, адамға қатысты қайшылық. Бұл қайшылық қимылдау мен
194
қимылдамау (бейанималдану) яғни, заттануға негізделген.
Қимылдану (анимация) - (біздің жағдайда, жануарға айналу) – құйрығын бұтына
қысу, бұл тіркес қорқып қашу мағынасында жұмсалады. Ардақтың зәре-құты қалмады,
оның үстіне «қорыққанға қос көрінері» бар, құйрығын бұтына қысып қашты дерсің... (А).
Күзгі әтеш – аузында уызы кеппеген, аузынан ана сүті кетпеген, жас деген мағынада
жұмсалған. Бесіктен белі шықпай жатып, мынауың әңгіме соғып әкетіп барады ғой, күзгі
әтеш неме!...(А). Қанаты қырқылды – салы суға кету, демеушісі, көмек күтер адамы жоқ,
дегеніне жете алмау мағынасына жақын мәнде жұмсалатын тіркес. Бала кезімнен бірге
өскен Сәуле момын, қой аузынан шөп алмас, ал мен болсам керісінше шаш ал десе бас
алатын қыз едім. Сөйтіп жүргенде аяқ астынан қанатым қырқылды емес пе? (АБ). Көзсіз
өгіз, көзсіз бұқа – топас, әумесер мағынасында жұмсалады. Бұл тіркес жергілікті
қолданыстағы тіркес болуы да мүмкін. Мысал ауызша әңгіме кезінен алынған
(мұғалімнің балаларға ұрысқан сәтінен үзінді). Көзсіз өгіздер, бастарында бір грамм ми
жоқ, сабақтан қашу деген өнерді қайдан шығардыңдар (ауызша әңгімеден). Парсы тілінде
ba dom-t xod gerdu sekastan – құйрығымен грек жаңғағын жару деген тіркес кездеседі,
яғни қуанышында шек жоқ, жерден жеті қоян тапқандай қуану мағынасында жұмсалады.
Қимылдамау (заттану): тас бауыр – Осы қарағыма өзгелердің тас бауыр қатыбас
мінезін бере көрме деген еді (М.Ә.). Тас бүркену – Тас бүркеніп жатып алдым (О.Б.). Тас
жүрек – Осы ұзақ жолында Сәрсен ешкімнің үйіне де қонаған жоқ. Қонаға келіп түскен
үйде таң сібірлегенше әңгімемен отырды да: - Таң салқынымен біраз жерге барып қалса
қайтар еді? – деп жолдастарына қарады. Қасындағы тас жүрек міз бақпастан отыра берді.
(А.Х.). Тісін қайрау – Біз сол үшін найманға кектеніп, енді қалай өш аламыз деп тісімізді
қайрап жүргеміз (М.Ә.). Парсы тілінде del dadan va olve gereftan – жүрегін беріп,
бүйрегін алу деген фразеологизм бар, оның мағынасы – әңгімешінің ырқына көніп,
әңгімеге елтіп кету, аузын ашып, көзін жұмып әңгімені қылп етпестен тыңдау. Жапон
тіліндегі мына тұрақты тіркесті де айта кетуге болады, hidanimae-ni naru – түйреуіш болу,
яғни жұмысын өте нашар орындау деген мағынада жұмсалады. Башқұрт тілінде де осы
типтес тіркестер жиі кездеседі: күзле бүкән – көзді түбір (ағаштың түбірі), топас, әңгүдік
деген мағынаны береді, ауыззы сөйгә әлеү – ауызын шегеге ілу, ашығу деген мағынаны
береді, ал бешмәгән бәрәңгә– піспеген картоп, басқа сор болу мағынасын беретін
фразеологизм.
Абстракт түсініктер. Дербестену: уақыт өлтіру – Әншейінде у тілді Жомарт
қазір зығырданы қайнаса да, аузын баға қалған. Уақыт өлтіру үшін ана-мынаны шалып
қана отыр(Т.Қ.). Ұяты оянды – Бірі қырт, бірі дарақы, мақтаншақ, бірі ұр да жық, даңғой
атанғанда, осындай көп жиын үстінде масайып атақ алатыны бар-тын. Осы жолы ұяты
оянды ма қалай, кім білсін, елден ерек ерте келіп отырғанына жұрт таң қалысты (Т.Қ.).
Парсы тілінде sab-ra sobh rasandan – түнді таңға жеткізу, яғни, уақыт өткізу деген
мағынадағы сонымен қатар, margra be cesm-e xod didan – өлімді өз көзімен көру, яғни,
өлім аузында болу, ажал аузынан алып қалу мағынасындағы тіркес кездеседі.
Материалдану:жеңіл жүріс - Әке қаншама ағынан жарылдым дегенде де әлде
бірдеңелерді бүгіп қалған. Әрине ол Сәуленің жеңіл жүрісі туралы әңгімені әлдеқашан
естіген(Р.Т.). Жаны мұрнының ұшына келу – Жаны мұрнының ұшына келе үш рет ауырды
(Ғ.Мұс.). Жаны көзіне көріну – Жаны көзіне көрінген Сайран: - Шекер жаным, Шекертай,
- деп тәуір-ақ жалынып көрді, бірақ Шекер үн қата қоймады(Ә.Ә). Жанын жаһаннамға
жіберу – Отырған жеріңде мойныңды шілде бұрап алайын ба, қоян жүрек қорқақ? Кәне
сақтанып көрші, жаныңды жаһаннамға жіберейін! – деп тұра ұмтылды (Қ.Ж.). Жанын
көзіне көрсету – Бақсыбайдың әлгі оқыс қолқасы не? Сонда ұл қылам деді ме, құл қылам
деді ме Нұрнанымды?... Бес байталдың терін бұлдап жанымды көзіме көрсеткен-ау, ә?
(С.См.). Жанын қоярға жер таппау – Салқын қораға үйренген Ахметтің ала биесі жанын
195
қоярға жер таппай тұр (Ғ.Мұс.). Жанын салу – Мұндай адамды өз жұмысына жанын
салады, жақсы көреді деп мақтауға болады, өмірдің өзге тілегінде жұмысы жоқ деп
кінәлауға да болады (Ғ.Мұс.). Сақалын сату - Пайдаға кенелемін деп арын сатып,
сақалын сатып жүрген ақсақалдарды қайтерсің... (ЖА). Ақымақ баладан сақалын сатқан
шал жаман (АӘ). Зәресі (зәре-құты) зәр түбіне кету – Түні бойы ұйықтай алған жоқпын,
зәрем зәр түбінде (Ғ.Мұс.). Зәр (зәре) иманы қашу (қалмау) - Дәу қызыл қасқа өгіз өкіріп,
маңдайымен жер сүзіп, айбат шегіп жүр. Қасқыр шапты ма деп Саматтың зәре-иманы
қалмады (Б.Т.). Иманы ұшып кету – Бір-біріне отты шала лақтырып, адамның иманын
ұшырды (І.Ж.). Үрейі ұшу - Хаттың сөзінен үйдегілердің, әсіресе, ояз бен оның әйелінің
үрейі ұшты (С.М.). Башқұрт тілінде күнеленде киң тот – жаныңды аш, яғни тосарсың,
күткенің сол ма деген мағынадағы, ақыл өләшкәндә урынынды булмаған – ақыл
үлестіргенде орнынан табылмаған, яғни аздап жетіспейді деген мағынадағы тіркес
кездеседі.
Жоғарыда аталған жаһандық категориядан басқа пропозиция субъектісі
предикатын білдіретін жеке категория бар. Осы предикаттың (жеке категорияның)
күтілетін предикатпен сәйкессіздігі, нәтижесінде субъектінің семантикалық және
прагматикалық сәйкессіздігінен қайшылық туындайды. Оларға жеке-жеке тоқталатын
болсақ, төмендегідей: (а) Сапа мен санның қатынасы. Ағаш артынан орманды көрмей
қалу, бір жарым адам, яғни өте аз деген мағынада. (ә) Тұлғаның жармақтануы
(екіұштылық) – өзінен өзі қашу, мен мен емеспін; (б) Неантизация (яғни жойылу,
жоғалу) – жейденің жеңіндей, тулақтай (өте аз деген мағынада).
Эллипсис: табаны жалтырады – Табанымды жалтыратайын деген ой сап ете түсті
(ЕҚ). Табан тайдыру – Ұлықтан сайлау жасай алмайтыны айдан анық еді. Енді
бөгелместен табан тайдырып, Семейге қарай жөнелу қажет(М.Ә.). Табан таймай –
Ерліктің, ептің үлкені бопсаға шыдау екеніне көзіміз жетті. Жүрек қобалжымай, табан
таймай қасқайып тұрып салысуға шыдастық (М.Ә.).
Мағынасыздық: үріп ауызға салғандай – Өзі жоқта кемпірі өліпті... (Дулат) қазір
үлкен ұлының қолында. Үріп ауызға салғандай немерелері бар. Ендігі алданары –
солар(Қ.Ж.). Жұтып қоярдай – Өзге жаяу қалған балалар атты, тайлы балалардың
жарысқанын қызық көріп, соңдарынан шуласып жүгіргенде, Нұртайжұтып қоярдай
уылжыған қызға көзі түсіп біраз тұрды да, үйге кіріп жер бауырлап жатып алды(Ғ.С.).
Желкесінде көзі бар – Мансап десе, ішкен асын жерге қоятын, біреудің лауазымынан
ләззат алып, шоғына жылынып күн көретін осындай желім ауыз, құнарсыз қулар қайдан
пайда болды екен? Онысымен қоймай өзінің желкесінде көзі бар дерсің, тегі.... (Қ.Ж.).
Ешкінің құйрығы көкке, түйенің құйрығы жерге жеткенде – Мен өзім қазақ қыздарының
мектеп бітірген бойда оқуға түсіп, бір мамандық алып шыққанын мақұл көремін. Әйтсе
де, ешкінің құйрығы көкке, түйенің құйрығы жерге жеткенде көресің деген қауесет
сөздер де шаршатып бітті(С.Б.).
Уәжді жөнсіздік, қисынсыздық: – көзі шарасынан (ұясынан) шығу – Қара бала
қарғып тұрды орнынан, қызараңдап үлкен көзі шарасынан шыға жаздады(Ғ.Мұс.). Бит
терісінен биалай тоқу – Есен аға кешіріңіз, мен сіздің көзіңізге көрінуге бетім шыдамай
жолықпастан кеттім. Бәрін кейін толықтай жазармын деп ойлайды. Бит терісінен биалай
тоқыған ағасын ренжіткені есіне түсіп өзін қоярға жер таппай басы салбырап келе
жатыр... (М.И.). Аяғы аяғына жұқпау, аяғы-аяғына тимеу, аяғы жерге тимеу – Мұнда
келгелі Еламанның аяғы жерге тимеді (Ә.Н.). Қашпаған қашардың уызын ішу - Таняның
жүзінде иненің жасуындай да реніш жоқ. Үйдің тарлығы, тұрмыстың нашарлығы –
сондайдың бірде-бірі оның қаперіне де кірмейді. Сәкеннің қашпаған қашардың уызын
ішкен әңгімесі есіне түсіп сәл күліп алды да, тағы да тәтті ойға шомып кеткен (М.И.).
Уақытынан ерте (жасына жетпей) қартайған – Өзің жоқта олардан көрген қорлықты,
196
міне, жетпістен асып, сексенге жақындадым, әлі ешкімнен көргем доқ, - деп зарлайды
кәрі би ұзақ жүріп сағындырып келген баласына ... – Жауырды жаба тоқыдым. Іштей
қайнадым. Сені көрер күнге жеттім, әйтеуір. Жасына жетпей қартайғандар менің жасыма
келсе не халде болады екен... (Ғ.С.). Қу бастан қуырдақтық ет алады – Бұл күнде
Жігітектің бұрынғы басшылары – Бөжей ғана емес, Байдалы, Түсіп те қайтыс болған.
Енді ел сөзіне ие болып, біркелкі жас буын шығып еді. Олар: Бөжейдің балалары Жабай,
Әділ. Сонан соң жаңа пері боп атанған табанды, қырыс Бейсембі. Және қу бастан
қуындақтық ет алады дейтін, қансүлік Әбділда болатын(М.Ә.). Қырықтың қылауынан –
Төргі үйге кіріп шыққан кемпірдің күңіреніп сөйлегені естіліп тұр. Жасаған-ай, оң
толғағын бере гөр. Қырықтың қылауынан қалған қарашығым-ай. Ақжолтайым болса
екен! –деп, Жәнібектің қасына отыра кетті (Қ.Ж.).
Башқұрт тілінде кездескен тіркестердің ішінен ауызы көрәк менән тешкан – ауызы
күрекпен тесілген, яғни өсекші мағынасында; ауыз эсендә бутка бешерү – аузында ботқа
пісірген, яғни түсініксіз сөйлеу, міңгірлеу деген мағынада , былтыр үлгән ябалақты
быйыл атып алу – былтыр өлген жапалақты биыл атып алу, яғни баяғыдан белгілі
нәрсе туралы ой қозғау деген мағынадағы фразеологизмді мысалға келтіруге болады.
Парсы тіліндегі тіркестің мағынасы dast az pa deraztar bargastan – аяқтан ұзын қолымен
оралу, яғни аузы құрғап қайту, аузын құр шөппен сүртіп қайту дегенді білдіреді. Араб
тіліндегі yamζ i mukabban ε ala wajihi – бетін жауып келе жату, яғни көрмес түйені
көрмес, көз алдындағыны көрмей қалу деген мағынадан хабар береді де , saqata s-sama u –
аспан құлады, яғни жауын жауып өтті деген мағынан үстейді. Жапон тіліндегі heso-o-
kamu – кіндігін тістеу, санын соғып қалу, өкіну мағынасында қолданылады.
Уәжді сәйкессіздік: Мар қасқа – Кришан Чандр, Ходжа Ахмед Аббас сияқты үнді
әдебиетінің мар қасқалары, бізге белгілі Радж Капур, Болрадж Сахни тәрізді үнді
киносының ең жарық жұлдыздары да кеңес еліне келіп жүреді(Т.А.). Жүрек жалғау –
Әуелі жақын жерден біздің үйден жүрек жалғап алмайсың ба? Жұмысқа сосын бірге
шығармыз (Қ.Ж.).
Уәжсіздік (синхрондық): синхрондық уәжсіздік даусыз дұрыс болуы сирек
кездесетін диахрондық уәжділіктің болуын меңзейді. Көбінесе шынайы уәж мейлінше
ұқсас гипотетикалық уәжбен ауыстырыла салуы да ықтимал. Жапонның aruba-o uru «май
сату» деген идиомасы қазақтың «шошқа тағалау» – Екі күннен бері қайда жүрсің
шақыртқанда келмей, демалыстарсың ғой, шошқа тағаладың ба? (АТ), немесе «екі қолы
алдына сыймау» - Екі қолың алдыңа сыймай бос отырғанша, өнерге үйренсең еттің (Т.А.),
фразеолгизміне ұқсас. Жапонның осы фразеологизмінің мағынасын түсіндіру үшін
мынадай мысал алынған. Әйелдер үйді-үйге жүріп, бай әйелге басқа жағатын май сатқан.
Бұл жұмысты олар асықпай, саспай, жүрдім-бардым, әшейін, жолшыбай істеген деген
түсінік беріледі.
Сойып қаптап қойғандай – Сойып қаптап қойғандай Шыңғысханның өзінен
айнымайтын Жошы деген ұлы бар еді (АҚ). Күн көру – Есеннің ойынша, әкесінің
арқасында күн көрген Мәлікке келер де, кетер де жоқ, жетер де күш жоқ (Е.Н.). Тақырға
отырғызу, тақыр мұзға отырғызу – Сен түгіл сельпоны тақырға отырғызып кеткен алаяқ
емес пе Сатыпалды (Қ.Ж.). Башқұрт тілінде әнә ашаған әт кеүек – ине қылғытқан ит
секілді, өте арық адам туралы айтылатын тіркес, тәртіһе ерек – ашушаң, өкпелегіш деген
мағына беретін тіркес. Парсы тіліндегі фразеологизмге кезек берсек, олар біршама: аb be
ab sodan – су суға айналады, яғни қайтыс болу дегенді білдіреді; аs-I baraye kas-I poxtan –
біреу үшін ботқа даярлау, біреуге қастандық жасау дегенді білдіреді; qab-e kas-i-ra ba cub
zadan – ойнау үшін асықты ұрлап алу, біреудің көңілінен шығу деген мағынада
жұмсалады; za –e siyah-e kas-i-ra ba cub zadan - біреудің қарғасын ағашпен ұру, құпия
түрде біреуді аңду деген мағынаны білдіреді; kolah de sar-e kas-I gozastan – біреудің
197
басына малақай (бас киімді) кигізу), яғни алдау, арбау, тақырға отырғызып кету
мағынасынан хабар бететін тұрақты тіркес. Жапон тіліндегі жоғарыда аталған тіркестен
басқа екі фразеологизмді келтіре кетуге болады, олар: abura ga noru – семіру, яғни
қызығушылық таныту, бір жұмысқа құлшына кірісу дегенді білдіреді; екінші тіркестің
аудармасы көз қарашығын жеу дегенді білдіреді, omedama-o kuu, мағынасы - таяқ жеу,
ұрыс есту.
Бейнелі метафоралық аллофрония: жүрегі жоқ - Қорықпаймын түсінігі
жоқтардан, Жүрегі жоқ адамдардан қорқамын (М.Ш.). Ит қылу – Қойдың жылдам
баспағанына зығырданы қайнап, Зекен бәрін есіне түсіріп, қасындағыларды ит қылып,
боқтық астына алды(Т.А.). Аяғы ауыр – Апыр-ай, мына байғұста ес қалмапты ғой. Әйелі
Бәтештің аяғы ауыр еді, ұл тапқан ғой шамасы деген ой басымнан зымырап өте шықты
(ҚӘ). Өкше көтеру – Бір күні апақ-сапақта қасында төрт адамы бар Сарман келіп
тоқтады. Зәрезап болған ауыл тұрғындары тығылып, қашқаны қашып, ұйқы-тұйқы болып
жатқан-тын. Өкше көтеріп кеткені қаншама дерсің (Т.А.). Соңғы кездегі ақша
айналымына қатысты, әсіресе, көршілес елдің «грести деньги лопатой» деген тіркесінің
баламасы ретінде жұмсалып жүрген тіркес күректеп ақша табу.- Күректеп ақша табу
дәмесі зор ағамның қала жаңалап кеткеніне, міне, аттай алты жыл болып қалыпты...
(А.Ү.). Артын жалау – Күн көріс үшін бастықтың артын жалап жүргенін ұмытып кеткен,
өзінше бай болып ақшаны әрлі-берлі шашып жүрген Сымайылды жұрт енді ауылға
жолатпайды (Ғ.С.).
Ирониялық аллофрония: күте тұр – Әрине, жерден жеті қоян тапқандайсың ғой
тегі, күте тұр, қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің... (АА). Жақсы бопты/болыпты
– Сөз құмар, пәле құмар Байтастар аз ба? Алдап, арбап жора-жолдастарын мұзға
отырғызып кеткенін талай рет күлкі ғып айтып жүргенін естігенбіз. Жақсы бопты дейміз
де қоямыз, баяғы (АА). Қуанышын/м/да шек жоқ – Оқымай қалсаң да, бізден сен
артықсың. Сенің тырнағыңа да татымаймыз деп қоямыз.... Ал ол «байғұстың»
қуанышында шек жоқ (Т.А.). Жолы болды – Бұл жігітті не оңға бастап жүр де, не сор
түртіп құйрығына қалжуыр байлайын деп жүр. Айтқандай, көп уақыт өткен де жоқ,
ақыры – жолы болды – істі болып қамауға алдынды (АА).
Әсірелеу метафоралық аллофрония: көздері жану, алтын, күміс, қорғасын
жауын/жаңбыр, Шық бермес Шығайбай – Жер еңбексіз, еріншекке шық бермес
Шығайбай тәрізді (Ө.Т.). Сынық ине, сыдырым таспа бермеу – жақын ағайындары
мыңғыраған бай бола тұра, сынық ине, сыдырым таспа бермейді оған (ҚЕ). Бетінен қан
шықпас – Өмірімде ондай адамды көрсем, көзім шықсын, бетінен ет кесіп алсаң қан
шықпайды-ау... (А). Ине шаншар жер жоқ – Жаңылған үйі тойға қамдалғалы біраз болып
та қалды. Міне, бүгінгі жиында тіпті ине шаншар жер жоқ, абыр-сабыр адам: сарысы,
сақалы, мұрты бәрі осында (А). Үш қайнаса сорпасы қосылмау – Үш қайнаса сорпасы
қосылмайтын Сәбиттің өзі мені туыс қылғысы келіп, соңғы кезде күні-түні үйден
шықпайтынды шығарды (Қ.Ж.).
Пайдаланылған әдебиеттер
Kuusi M. Concerning Folk Paradoxes Mind and Form in Folklore. Selected articles of MattiKuusi.
Helsinki 1994. – P. 131-141.
Mieder W. Popular views of the proverb. Proverbium 2 (1985). P. 109-14.
Шалабаев Б. Қазақ көркем прозасының тілін зерттеудің ғылыми теориялық негіздері.
Алматы: «Рауан», 1997, Б-8.
Колесников Н., Омонимия в предложении и вопросы ее устранения (на материале русского
языка). Докт.дисс., Тбилиси, 1967.-С57.
Исаева Л., Семантическая двойственность синтаксических отношений в современном
русском языке. Дисс.канд.филол.наук. Ростовна Дону. 1989.-160с.
198
Резюме
В данной статье рассматривает особый вид противоречия – парадокс. Роль парадокса в
общем языкознании противоречия, рассмотрена классификация, вида противоречия – парадокса в
казахском, русском, японском, персидском и башкирском языках.
Достарыңызбен бөлісу: |