207
Әдеби KZ
— Бишара Момынқұл
айналайынды жерден алып, жерге салғандай ұрыстым ғой мен
алжыған. Сонда да аузын ашпады ғой, мың болғыр шырағым, —
деп Айша әпкем енді
көкемді аяп көзіне жас алды. — Әдеп көрген бала емес пе, алдымда қарсы тұрмады ғой.
Сүт кенжеміз емес пе? Еркелетіп әлдилеудің орнына, ал кеп төпелейміз. Сонда да мыңқ
етсейші, шырағым.
Көзі жәудіреп, аңтарылып тұрғаннан басқа не біледі, күнім.
Айша әпкем енді шындап жылай бастады. — Шешемнің сүт кенжесін суға тиген мысықтай
түртпектегенім не менің! Алжыған басым «үйден шық!» деп зекігенімде, үнсіз томпаңдап
шыға берді ғой, шырағым.
— Қой, енді, сонша термелеп не көрінді саған? — деп Жантөре қатқылдау айтты. — Өзің
ұрысып, өзің жыладың. Ешкім бетіңе келген жоқ. Енді тағы да өзіңді-өзің кінәлап жасқа
булығып отырғаның. Аздап ұялсаңшы.
— Сен өйтіп білгірсіме, былай! Бұл үйде мен сенің қатының емеспін! — деп ықылықтады
әпкем. — Өзімнің кіндік кескен шаңырағымда, ата-анамның құтқана мешітінде сен өйтіп
қожаңдама. Төркінімде мен саған қатын емес, «қалыңдығыңмын».
Соны да білмеймісің.
Осыны айтқанда, үйдің іші ду күлісті. Тіпті Асқардың өзі ішін ұстап, домалап жатыр.
— Әдепті күйеу болып жөніңе отырсаңшы, — деді әпкем тағы да елді күлдіріп.
Жантөре тізесін алақанымен салып қалды да, жинақы қозғалып, жүрелеп отыра кетті. —
Міне, ақылыңнан айналайын кемпірім-ау, баяғыдан сөйтпеймісің, — деді де лезде даусын
өзгертіп, ұялшақ жігіт болып сөйледі. — Не деген көрікті едіңіз? Үйдің ішін нұрландырып
тұрған сіздің ажарыңыз ғой! Жұрттың бәрін бұлбұл үніңізбен баурап алдыңыз. Қашанғы
сайрар екенсіз, Айша? — деп әзілмен бастаған сөзін қатқыл үнмен аяқтады, —
Өзіңді
аямасаң да, мына жиналған ағайындарды аясаңшы.
Осы кезде үйге көкем кірген. Үйдегілердің әңгімесіне сырттан құлақ тосып тұрса керек.