3.Термодинамиканың жалпы бастамасы.Қоршаған ортамен энергия
алмаспайтын денелер жүйесін оқшауланған немесе тұйықталған жүйе деп
атаймыз. Мұндай жүйе ұғымы абстракциялау болып табылады және
шындығында ешқашан орындалмайды. Егер бір бірімен жанасып тұрған
денелер жүйесінің айналасында басқа денелер болмаса да мұндай жүйені
оқшауланған жүйе деп айта алмаймыз. Себебі, бұл жүйедегі денелер барлық
уақытта сәулелік энергия шығаруы және алшақ орналасқан денелердің
сәулелік энергиясын жұтуы мүмкін. Алайда, жасанды түрде жуықтап
оқшауланған жүйе жасауға, демек денелер арасындағы алмасу энергиясы өте
аз болатындай шартты орындауға болады. Бұл шартты жүйені жылу
өткізбейтін қатты қоршауға алу арқылы жүзеге асыруға болады. Мұндай
қоршауды адиабаталық қоршау деп атаймыз. Мұндай қоршаудағы жүйенің
күйі қоршаған орта күйінен тәуелсіз болады. Адиабаталық қоршау ұғымы
физикалық абстракциялау болып табылады. Шын мәнінде мұндай қоршаулар
жоқ, бірақ, қасиеттері адиабаталық қоршауға өте жақын қоршау жасауға
болады. Қазіргі заманғы физика мен техникада өте жақсы адиабаталық
қоршау ретінде Дьюар ыдыстары немесе термостар қолданылады. Дьюар
ыдысы – арасында жоғары вакуум болатын металдан немесе шыныдан
жасалған қос қабырғалы баллон болып табылады. Дьюар ыдысы ішінде
орналасқан денелерді сыртқы ортаның жылулық әсерінен жақсы қорғайды.
Осы құрылғыны идеал деп ескерсек, онда идеал адиабаталық қоршау аламыз.
Қатты қабырғалары қозғалмайтын осындай адиабаталық қоршау ішіндегі
денелер жүйесі сыртқы жылулық әсерлерден толық қорғалған, демек
оқшауланған жүйе болып табылады.
Оқшауланған жүйедегі денелердің бастапқы күйлері қандай болса да, соңында барлық макропроцесстер тоқтайтын термодинамикалық тепе- теңдік күй орнайды. Бұл тұжырым термодинамикада өте маңызды және
постулат ретінде қабылданған. Бұл тұжырымды термодинамиканың жалпы бастамасы деп те атауға болады.
4.Релаксация. Жүйенің термодинамикалық тепе-тең күйге өздігінен өту
процесін релаксациядеп атаймыз, ал осы процеске жұмсалған уақытты
релаксация уақыты деп атайды. Релаксация уақытын тәжірибеде
анықтағанда ешқашан термодинамикалық тепе-теңдіктің толық орнауын
күтпейді. Сондықтан релаксация уақыты дәл анықталмайды, тек белгілі
дәлдікпен бағаланады.