Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
76
— Бұларың не қорқыту ма? Қыпшақтың арысы Қобыланды батыр талай қоқан-
лоқыны көрген, бірақ тірі жаннан қорқып көрмеген.
— Көрмесең көресің! — деді Арғын би даусын көтермей, — байқа, батыр, сен
Арғын ұлы Ақжолды өлтірдім деп тым саңғи берме. Ат қазығынан кетпейді, саған
да өз үйіріңнен кетпе дейміз. Кетеді екенсің, өз обалың өзіңе!
Біз көппіз, бүкіл
қазақ жиналып, Көк Ордаға әлі жетпесе де, Қобыландыға әлі жетеді. Мұны да
жадыңда ұста. Бұларың не, қорқытпақсыңдар ма дейсің. Қорқыту жалғыз сенің
ғана қолыңнан келеді деп ойлайсың ба? Жоқ, батырым, сен туған анадан біз де
туғанбыз. Сен басып жүрген жерді, біз де басып жүрміз. Ақжолға сен сілтеген
шоқпарды, Қыпшақтан
шыққан Қобыланды, саған да біз де сілтей аламыз. Бұны да
жадыңа тұт. Бұрын Жәнібек пен Керей ғана Ақжолдың құнын жоқтаса, енді бүкіл
қазақ жоқтап жүрмесін. Егер бар қазақ Ақжолдың құнын сенен сұрар болса, өзің
түгіл бүкіл Көк Орданың мал-мүлкі жетпес. Бұны да ұмытпа. Қорытып
айтарымыз, — Арғын би сәл саябырлады, — айыптысың, бізге ер демейміз. Ал ел
бірлігін ойласаң ертең біз көшкен күні, сонау Торғайдағы ата мекен қонысыңа сен
де көшесің. Басымыз жаңа бірігіп келе
жатқанда, сөкет үлгі көрсетпе өзге елге.
Алда-жалда осы айтқанымызды орындамасаң, кінә тақпа. Бар қазақтан бес мың
сойыл табылар. Онда жауымыз Әбілқайыр емес, өзің боласың.
— Дұрыс айтасың, Арғын би, — деді отырғандар.
— Айтарымызды айттық, ендігісін қабырғаңа кеңесіп өзің шеш! — деп Арғын
би мен топ батыр дәмге қарамай үйден шығып кеткен.
Ызадан жанып-күйген Қобыланды бір мезет әлгілердің соңынан қуып жетіп,
жалғыз өзі айқаспақ болған. Бірақ бірте-бірте сабасына түскен. Бүкіл қазақ
біріккелі жатқанда, үйірден бөлінген саяқ секілді, Қыпшақ руын, Әбілқайырдың
қасында алып қалуды өзі де жөн көрмеген.
Халқы ардақтаған аңғал батыр, Әбілқайырдың сөзіне еріп, ашу сезімін билей
алмай, жұртына қара бет бола бастағанын кеш аңғарған. Өткен ісіне күңірене
өкініп, енді ел-жұртынан алыс кетпеске бел буған.
Бірақ бірден бұл арманын
орындауға көңілі дауаламаған. Қазақ рулары Моғолстанға бет алғанда, бұның
Торғай өзенінің бойына қарай көшу себебі осыдан еді.
Ал, көшкен елдің ең ақырғы қарасы үзілген кезде, Орда-Базардың күнгей
жағындағы ойпаттан Көксеңгірін сабылтып терлеткен Қобыланды батыр көрінді.
Хан ақылын алып, өзі жасаған дүрбелеңінің аяғына дейін шыдай алмай, біраз ел
Әбілқайырдан бөлініп кетіпті дегенді естіп, кеше кешке хан Ордасына қарай
шапқан. Сол шапқан күйі жеткен беті. Өзен бойында бұрын сыңсып отыратын
ауылдардың сиреп қалғанынан бұл маңдағы рулардың көшіп кеткенін түсінген.
Күйік үстінде өзінің не істегенін енді ғана ұққан. Бірақ өкінішін сыртқа
шығармады.
Бір мінезді, қайсар батыр әлденеге үміттене жан-жағына қарады.
Төбе басында тұрған жалғыз салт аттыны көрді. Түйілген қабағы ашылып,
талмаусыраған көзінде бір ұшқын пайда болды. Енді ол Көксеңгірін тебініп қап,
төбе басында тұрған салт аттыға беттеді. Таяу келіп аттан түсті. Одан артық
жақындауға батылы бармады. Төбе басында тұрған салт атты арт жағында таяп
қалған ат дүбірін естіп, бетін сәл бұрды. Бұл он бес-он алты жасар қыз еді. Аққұба
бетін күн сәулесіне шомылдырған, үлкен жаудыраған бота көздері қарақаттай қап-
қара, оймақ ауыз, бүлдіршін еріндері тек ләззатқа ғана жаралғандай сүйкімді, қор
қызынан кем емес бір сұлу...
Қыз жүзінде кенет бір қайғылы саз пайда болды.