7-параграф. Біліктілікті арттыру институтының (филиалының) бөлім басшысы 225. Лауазымдық міндеттері: бөлімнің қызметін нормативтік, құқықтық актілерге және біліктілікті арттыру институты туралы ережеге сәйкес басқарады; бөлімнің даму стратегиясын әзірлейді; бөлімнің жұмыс жоспарын және бөлім мамандарының жеке жұмыс жоспарын бекітеді; бөлім мамандарының арасында функционалдық міндеттерді бөлуді жүзеге асырады, олардың уақытылы және сапалы орындалуын бақылайды. бөлім қызметінің нәтижелерін талдайды; бөлім мамандарының кәсіби құзыреттілігін арттыруға ықпал етеді; компьютерлік сауаттылықты, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданады; ішкі тәртіп ережелерін сақтайды және бөлім жұмысын реттейтін құжаттардың орындалуын қамтамасыз етеді; бөлімнің құжаттамасы мен есептілігінің барлық түрлерін жасауды және сақтауды қамтамасыз етеді; институттың іс-шараларына қатысады, бөлім қызметінің барлық түрлерін жоспарлауды және талдауды жүзеге асырады; бөлімнің қызметі туралы есептілікті, ақпаратты дайындауды және ұсынуды қамтамасыз етеді. 226. Білуге тиіс: Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі, Қазақстан Республикасының "Білім туралы", "Педагог мәртебесі туралы", "Қазақстан Республикасындағы Баланың құқықтары туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы" Заңдары және білім беру ұйымдары қызметінің мәселелері жөніндегі өзге де нормативтік құқықтық актілер; педагогика және психология негіздері, басқарудың инновациялық әдістері; баспалармен жұмыс істеу негіздері; оқу-бағдарламалық құжаттаманы әзірлеу тәртібі; пән бойынша жаңа және балама оқулықтардың мазмұны; инновациялық жұмыс тәжірибесін, ғылыми-зерттеу және эксперименттік жұмысты жалпылау және тарату әдістемесі; педагогикалық этиканың нормалары; компьютерлік сауаттылық, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өрт қауіпсіздігі ережелері, санитариялық қағидалар мен нормалар. 227. Біліктілікке қойылатын талаптар: тиісті бейін бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық білім немесе өзге де кәсіптік білім немесе педагогикалық қайта даярлауды растайтын құжат, педагогикалық жұмыс өтілі кемінде 2 жыл.