11- параграф. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының дене шынықтыру-бұқаралық жұмыс жөніндегі нұсқаушысы (басшысы) 280. Лауазымдық міндеттері: дене тәрбиесі (дене шынықтыру) бойынша оқу, факультативтік және сабақтан тыс сабақтар өткізуді жоспарлайды және ұйымдастырады; дене шынықтыру оқытушыларының жұмысын басқарады; білім алушылардың дене тәрбиесінің неғұрлым тиімді нысандарын, әдістері мен құралдарын енгізеді, оқытудың бүкіл кезеңі ішінде олардың денсаулық жағдайы мен дене дамуын, кәсіптік-қолданбалы дене даярлығының жүргізілуін бақылауды қамтамасыз етеді; сабақтан тыс және каникул уақытында сауықтыру дене шынықтыру іс-шараларын ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз етеді, спорттық-сауықтыру лагерлерінің жұмысын ұйымдастырады; белгіленген нысан бойынша, оның ішінде құжаттаманы жүргізудің электрондық нысандарын пайдалана отырып есептілік жасайды; білім алушылардың танымдық белсенділігін, дербестігін, бастамашылдығын, шығармашылық қабілеттерін дамытады, азаматтық ұстанымын, қазіргі заманғы әлем жағдайында еңбек және өмір сүру қабілетін қалыптастырады, білім алушыларда салауатты және қауіпсіз өмір салты мәдениетін қалыптастырады. 281. Білуге тиіс: Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі, Қазақстан Республикасының "Білім туралы", "Педагог мәртебесі туралы", "Қазақстан Республикасындағы Баланың құқықтары туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңдары және білім беру, дене шынықтыру және спорт, білім алушыларды оқыту және тәрбиелеу мәселелері жөніндегі өзге де нормативтік құқықтық актілер; педагогика, психология негіздері, жас физиологиясы, анатомия, мектеп гигиенасы; оқу пәнінің мазмұны, оқу-тәрбие процесі, оқыту және бағалау әдістемесі; педагогикалық этиканың негізгі нормалары; дене тәрбиесі, әртүрлі жастағы балаларды жүзуге үйрету әдістемесі, суда өзін-өзі ұстау ережелері; тәрбие жұмысының әдістемесі; дене шынықтыру-сауықтыру іс-шараларын өткізу кезінде білім алушылардың өмірі мен денсаулығын қорғау, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қағидалары, бағдарламалар мен оқулықтар; оқу кабинетін жарақтандыруға және жабдықтауға қойылатын талаптар; өртке қарсы қорғау ережелері, санитариялық ережелер мен нормалар. 282. Біліктілікке қойылатын талаптар: тиісті бейін бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық білім немесе өзге де жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім немесе техникалық және кәсіптік білім, жұмыс өтіліне талаптар қойылмайды; және (немесе) біліктілігінің жоғары деңгейі болған жағдайда педагог-шебер мамандығы бойынша жұмыс өтілі – 3 жыл; және (немесе) біліктілігінің орта және жоғары деңгейі болған кезде мамандығы бойынша жұмыс өтілі: педагог-модератор, педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші үшін кемінде 3 жыл. 283. Кәсіби құзыреттілікті айқындай отырып, біліктілікке қойылатын талаптар: 1) "педагог": білім алушылардың психологиялық-жас ерекшеліктерін ескере отырып, оқу-тәрбие процесін жоспарлай және ұйымдастыра білуі тиіс; білім алушының жалпы мәдениетін қалыптастыруға және оны әлеуметтендіруге ықпал ету; білім беру ұйымы деңгейіндегі іс-шараларға қатысу; білім алушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, тәрбиелеу мен оқытуда жеке тәсілді жүзеге асыру; кәсіби-педагогикалық диалог дағдыларын меңгеру; сандық білім беру ресурстарын қолдану; 2) "педагог-модератор": "педагог" біліктілігіне қойылатын жалпы талаптарға, сондай-ақ: оқытудың инновациялық формаларын, әдістері мен құралдарын қолдану; білім беру ұйымы деңгейінде тәжірибені жинақтау; білім беру ұйымы деңгейінде олимпиадаларға, конкурстарға, жарыстарға қатысушылардың болуы; 3) "педагог-сарапшы": "педагог-модератор" біліктілігіне қойылатын жалпы талаптарға, сондай-ақ: ұйымдастырылған оқу қызметін талдау дағдыларын меңгеру; тәлімгерлікті жүзеге асыру және білім беру ұйымы деңгейінде өзінің және әріптестерінің кәсіби даму басымдықтарын айқындау; аудан/қала деңгейінде тәжірибені жинақтау; аудан/қала деңгейінде олимпиадаларға, конкурстарға, жарыстарға қатысушылардың болуы; 4) "педагог-зерттеуші": "педагог-сарапшы" біліктілігіне қойылатын жалпы талаптарға, сондай-ақ: сабақты зерттеу және бағалау құралдарын әзірлеу дағдыларын меңгеру; білім алушылардың зерттеу дағдыларын дамытуды қамтамасыз ету; тәлімгерлікті жүзеге асыру және аудан, қала деңгейінде педагогикалық қоғамдастықта даму стратегиясын айқындайды; облыс/республикалық маңызы бар қалалар және астана, республика деңгейінде тәжірибені жинақтау (республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдар үшін); облыс/республикалық маңызы бар қалалар және астана, республика деңгейінде олимпиадаларға, конкурстарға, жарыстарға қатысушылардың болуы (республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдар үшін); 5) "педагог-шебер": "педагог-зерттеуші" біліктілігіне қойылатын жалпы талаптарға, сондай-ақ: Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жанындағы Республикалық оқу-әдістемелік кеңесте немесе техникалық және кәсіптік білім департаменті жанындағы Республикалық оқу-әдістемелік кеңесте мақұлданған авторлық бағдарламаның болуы, немесе оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу-әдістемелік құралдар тізбесіне енгізілген шығарылған оқулықтардың, оқу-әдістемелік құралдардың авторы (бірлескен авторы) болып табылады, білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен немесе техникалық және кәсіптік білім департаменті жанындағы Республикалық оқу-әдістемелік кеңес ұсынған немесе тест тапсырмаларын, оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді сараптау жөніндегі әзірлеушілер мен сарапшылардың құрамына кіретін немесе Уорлд скилс (WorldSkills) республикалық және халықаралық чемпионаттарының сарапшысы (кәсіби шеберлік конкурсы) немесе педагогтердің біліктілігін арттыру бойынша жаттықтырушы болып табылады; ғылыми жобалау дағдыларын дамытуды қамтамасыз ету; тәлімгерлікті жүзеге асыру және облыс деңгейінде кәсіби қоғамдастық желісін дамытуды жоспарлау; республикалық және халықаралық конкурстар мен олимпиадалардың қатысушысы болу немесе республикалық және халықаралық конкурстар мен олимпиадалардың қатысушыларын дайындау.