9-параграф. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары бөлімшесінің меңгерушісі 272. Лауазымдық міндеттері: педагогикалық ұжым қызметінің ағымдағы және келешектегі жоспарлануын ұйымдастырады; оқу жоспарлары мен бағдарламаларын орындау бойынша оқытушылардың, тәрбиешілердің, өндірістік оқыту шеберлерінің және басқа да педагогтердің жұмысын, сондай-ақ әдістемелік құжаттаманы әзірлеуді үйлестіреді; білім алушылардың оқу жүктемесінің орындалуын, білім беру ұйымының кестесін жасау үшін материалдар дайындауды және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады; білім беру және тәрбие процестерінің сапасын және білім алушылардың білім беру даярлығы нәтижелерін бағалаудың объективтілігін бақылауды жүзеге асырады; педагогтерге инновациялық бағдарламалар мен технологияларды игеруге және әзірлеуге көмек көрсетеді; педагогикалық (әдістемелік) кеңесте қарау үшін материалдар дайындауды қамтамасыз етеді; кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізуге қатысады, білім алушылар контингентін сақтау бойынша шаралар қабылдайды; оқу-материалдық базаны нығайту, оқу зертханалары мен кабинеттерін қазіргі заманғы жабдықтармен, көрнекі құралдармен және оқытудың техникалық құралдарымен жарақтандыру бойынша шаралар қабылдайды; жабдықтардың сақталуын, санитариялық-гигиеналық талаптардың, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі қағидалардың сақталуын қамтамасыз етеді; білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен міндетті құжаттар тізбесін жүргізеді; оқытушылардың есептілікті уақытылы жасауын, қолданыстағы нормаларға сәйкес құжаттамаларды жүргізуін қамтамасыз етеді. 273. Білуге тиіс: Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының "Білім туралы", "Педагог мәртебесі туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" Заңдары; білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламалары, білім алушыларды оқыту және тәрбиелеу мәселелері бойынша өзге де нормативтік құқықтық актілер; педагогика және психология, әлеуметтану негіздері, қазіргі педагогикалық ғылым мен практиканың жетістіктері; педагогикалық этиканың нормалары; басқарудың инновациялық әдістері; экономика негіздері, еңбек туралы заңнама, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өртке қарсы қорғау ережелері. 274. Біліктілікке қойылатын талаптар: тиісті бейін бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық білім немесе өзге де жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім, жұмыс өтіліне талаптар қойылмайды; және (немесе) біліктілігінің жоғары деңгейі болған кезде білім беру ұйымдарындағы жұмыс өтілі: педагог-модератор үшін – кемінде 1 жыл; педагог-сарапшы үшін-кемінде 2 жыл; педагог-зерттеуші үшін – кемінде 3 жыл; педагог-шебер үшін – 4 жыл. 275. Кәсіби құзыреттілікті айқындай отырып, біліктілікке қойылатын талаптар: 1) "педагог-модератор": "педагог" біліктілігіне қойылатын жалпы талаптарға, сондай-ақ: оқытудың инновациялық формаларын, әдістері мен құралдарын қолдану; білім беру ұйымы деңгейінде тәжірибені жинақтау; білім беру ұйымы деңгейінде олимпиадаларға, конкурстарға, жарыстарға қатысушылардың болуы; 2) "педагог-сарапшы": "педагог-модератор" біліктілігіне қойылатын жалпы талаптарға, сондай-ақ: ұйымдастырылған оқу қызметін талдау дағдыларын меңгеру; тәлімгерлікті жүзеге асыру және білім беру ұйымы деңгейінде өзінің және әріптестерінің кәсіби даму басымдықтарын айқындау; аудан/қала деңгейінде тәжірибені жинақтау; аудан/қала деңгейінде олимпиадаларға, конкурстарға, жарыстарға қатысушылардың болуы; 3) "педагог-зерттеуші": "педагог-сарапшы" біліктілігіне қойылатын жалпы талаптарға, сондай-ақ: сабақты зерттеу және бағалау құралдарын әзірлеу дағдыларын меңгеру; білім алушылардың зерттеу дағдыларын дамытуды қамтамасыз ету; тәлімгерлікті жүзеге асыру және аудан, қала деңгейінде педагогикалық қоғамдастықта даму стратегиясын айқындайды; облыс/республикалық маңызы бар қалалар және астана, республика деңгейінде тәжірибені жинақтау (республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдар үшін); облыс/республикалық маңызы бар қалалар және астана, республика деңгейінде олимпиадаларға, конкурстарға, жарыстарға қатысушылардың болуы (республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдар үшін); 4) "педагог-шебер": "педагог-зерттеуші" біліктілігіне қойылатын жалпы талаптарға, сондай-ақ: Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жанындағы Республикалық оқу-әдістемелік кеңесте немесе техникалық және кәсіптік білім департаменті жанындағы Республикалық оқу-әдістемелік кеңесте мақұлданған авторлық бағдарламаның болуы, немесе оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу-әдістемелік құралдар тізбесіне енгізілген шығарылған оқулықтардың, оқу-әдістемелік құралдардың авторы (бірлескен авторы) болып табылады, білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен немесе техникалық және кәсіптік білім департаменті жанындағы Республикалық оқу-әдістемелік кеңес ұсынған немесе тест тапсырмаларын, оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді сараптау жөніндегі әзірлеушілер мен сарапшылардың құрамына кіретін немесе Уорлд скилс (WorldSkills) республикалық және халықаралық чемпионаттарының сарапшысы (кәсіби шеберлік конкурсы) немесе педагогтердің біліктілігін арттыру бойынша жаттықтырушы болып табылады; ғылыми жобалау дағдыларын дамытуды қамтамасыз ету; тәлімгерлікті жүзеге асыру және облыс деңгейінде кәсіби қоғамдастық желісін дамытуды жоспарлау; республикалық және халықаралық конкурстар мен олимпиадалардың қатысушысы болу немесе республикалық және халықаралық конкурстар мен олимпиадалардың қатысушыларын дайындау.