7-параграф. Біліктілікті арттыру институтының (филиалының) бөлім басшысы 225. Лауазымдық міндеттері:
бөлімнің қызметін нормативтік, құқықтық актілерге және біліктілікті арттыру институты туралы ережеге сәйкес басқарады;
бөлімнің даму стратегиясын әзірлейді;
бөлімнің жұмыс жоспарын және бөлім мамандарының жеке жұмыс жоспарын бекітеді;
бөлім мамандарының арасында функционалдық міндеттерді бөлуді жүзеге асырады, олардың уақытылы және сапалы орындалуын бақылайды.
бөлім қызметінің нәтижелерін талдайды;
бөлім мамандарының кәсіби құзыреттілігін арттыруға ықпал етеді;
компьютерлік сауаттылықты, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданады;
ішкі тәртіп ережелерін сақтайды және бөлім жұмысын реттейтін құжаттардың орындалуын қамтамасыз етеді;
бөлімнің құжаттамасы мен есептілігінің барлық түрлерін жасауды және сақтауды қамтамасыз етеді;
институттың іс-шараларына қатысады, бөлім қызметінің барлық түрлерін жоспарлауды және талдауды жүзеге асырады;
бөлімнің қызметі туралы есептілікті, ақпаратты дайындауды және ұсынуды қамтамасыз етеді.
226. Білуге тиіс:
Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі, Қазақстан Республикасының "Білім туралы", "Педагог мәртебесі туралы", "Қазақстан Республикасындағы Баланың құқықтары туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы" Заңдары және білім беру ұйымдары қызметінің мәселелері жөніндегі өзге де нормативтік құқықтық актілер;
педагогика және психология негіздері, басқарудың инновациялық әдістері;
баспалармен жұмыс істеу негіздері;
оқу-бағдарламалық құжаттаманы әзірлеу тәртібі;
пән бойынша жаңа және балама оқулықтардың мазмұны;
инновациялық жұмыс тәжірибесін, ғылыми-зерттеу және эксперименттік жұмысты жалпылау және тарату әдістемесі;
педагогикалық этиканың нормалары;
компьютерлік сауаттылық, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар;
еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өрт қауіпсіздігі ережелері, санитариялық қағидалар мен нормалар.
227. Біліктілікке қойылатын талаптар:
тиісті бейін бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық білім немесе өзге де кәсіптік білім немесе педагогикалық қайта даярлауды растайтын құжат, педагогикалық жұмыс өтілі кемінде 2 жыл.