• Жас шамасына сай оқыту. Ерлер жұмысында (ауыл шаруашылығы, жер өңдеу, мал шаруашылығы) әкелеріне жәрдемдесу. Бұл 7 жастан бастап ер балалар отбасындағы әйелдер жағынан ерлер жағына өту сияқты салт арқылы жүргізілген.
• 14 жастан бастап отбасының толыққанды мүшесі бола бастаған.
• Ер балалар әскери даярлықтан өткен.
• Үйде әйел жасайтын жұмыстарды игерген. Иірген, өрген, құмыра жасаған.
• VII ғасырда- сақшыларды 12 жастан тәрбиелеген, оларға арнайы үйлерде тұрған. Бұл тәрбиенің белгілі бірден-бір ұйымдастырылған формасы болған
• VI- IX ғғ. Қол өнерге үйренуші оқушы, өйткені еңбектің қоғамдық бөлінісіне сай қолөнер жер өңдеуден бөлінген еді.
• VII-VIIIғғ. Атақты ақсүйектің балалары 7-8 жасқа дейін бағынышты отбасына берілді.
• VI-IXғғ. Тәрбие отбасылық сословиелік сипаттала бастады, еңбектің қоғамдық бөлінісімен анықталды.
• X-XIIIғғ. Ежелгі Русь педагогикасында екі мәдениет болды: тіндік мәдениет және христиандық, кітаптық.
Монғол шапқыншылығына дейінгі педагогикалық ойдың ерекшелігі адамды бостандық еркіндігі бар, жақсылық пен зұлымдылықтың біреуін таңдау мүмкіндігі бар деп түсіну болды.
Тәрбиелік- діни идеал- ойлай алатын, қайырымды, ұяты бар, әдеміні түсіне алатын, өзінің қатысуымен әлем мен адамдарды жетілдіруге ұмтылатын адам тәрбиелеу қажеттігі. Бұл идеалда патриоттық негіз бар. Отан- ең жоғары этикалық құндылық.
Ортағасырлық Русьте сауаттылық барлық жер-жерлерге тарады.
Педагогикалық ойлар Златоустің педагогикалық идеялары, Владимир Мономахтың өсиеті және тағы сол сияқты жинақтарда болды.
Шығыс славяндар тарихындағы Киев кезеңі (X-XIII ғ. ғ.). X-XIII ғ. ғ. Киев кезеңінде ежелгі орыс халқы және олардың мемлекеті қалыптасты, сондықтан да оқу-тәрбие айтарлықтай өзгерістерге ұшырады.
Киев Русінде білім беру мен тәрбие 988 жылдан бастап Византия ықпалына көшті, осы кезеңнен бастап олар православие дінін ресми түрде мойындады.
Ежелгі Русьтегі педагогикалық ой-пікірлер мен мектеп славяндық көптәңірлік дүниетаныммен және шығыстық христиан дәстүрімен бірігіп, өзіндік ерекшелікке ие болды. Сонымен құдайға құлшылық ету, жазу және балаларға тәрбие беру, оқыту славян тілінде жүргізілетіндіктен, славян алфавиті - кириллица қолданылды.
Орыс жеріндегі алғашқы дін иелері гректер болды, кейіннен шіркеу мен монастырлар жанынан дін басыларын даярлайтын мектептер ашыла бастады. Византиядан орыс жеріне келген дінді уағыздаушылардың славяндар болуы немесе славян тілін білетін гректер болуы сауат ашу ісінің тез дамуына әсер етті. Батыс Еуропада XII ғ. дейін жазу жергілікті халықтарға түсініксіз латын тілінде жүргізілетін, өйткені оларға христиан діні Римнен тараған болатын. Ал орыс жерінде жазу славян тілінде жүргізілді, бұл жағдай сауат ашу ісіннің тез дамуына әсер етті.
Римнен таралған христиан идеясы шығыс славяндардың көптәңірлі дүниетанымымен және адамгершілік идеалдарымен үйлесім тапты, өйткені ол дүниетаным олардың рулық-тайпалық құрылымына жақын да түсінікті болатын. Христиандық дүниетаным біртіндеп славяндардың санасына сіңіп, бұрынғы көптәңірлі дүниетанымымен біте қайнасып кетті.
Киев Русінде білім беру мен мәдениет Византия мәдениетінің аясында дамыды. Тәрбие идеалы мен бағдарламасының негізіне византиялық діни дәстүрдегі “әулиелер өмірі” туралы уағыздар алынды.
Киев Русінің барлық сословиелік топтарының балалары отбасында тәрбиеленді. Оларға отбасында қарапайым білім берілді. Отбасы тәрбиесі үнемі шіркеудің назарында болды.
1051-1053 ж. ж. ежелгі орыс жазба ескерткіштерінің бірі - Ярослав Мудрыйдың жарғысы отбасы тәрбиесінің құқын белгіледі. Онда әйел-ананың ар-намысын қорғау, ата-ананың баланы тәрбиелеуге жауапкершілігі, оларға қамқорлық көрсетуі және жетімдіктен қорғау тетіктері көрсетілді.
Киев Русіндегі алғашқы мектептердің ашылуы діннің өріс жаюына, сауатты адамдардың көбеюіне байланысты болды. X-XIII ғ. ғ. мектептер Новгород, Переяславль, Суздаль, Чернигов, Полоцк, Муром, т.б. қалаларда ашылды.
Училищелер княздіктерде, шіркеулер мен монастырлар жанынан құрылды. Олар шәкірттерге діни кітаптар оқытып, мәнерлі жазуға үйретілді, бірігіп діни ән айту, адамгершілікке тәрбиелеу және “ар-ұят” қағидалары уағыздалды. Алғашқы кезде шіркеу жанындағы мектептер князьдер қаражатына салынса, кейіннен оларды шіркеулердің өздері салатын болды. Мектепте балалар бірге топтастырылғанмен, әр бала жеке оқытылды. Бала оқуға 7 жастан қабылданып, оқуы ақылы болды.
“Кітап оқуға” ауқатты сословие өкілдерінің балалары қамтылды, оларға діни элементарлық және жоғары білім берілді. Мектепте оқу, жазу, есеп шығару, математика, табиғат, шетел тарихы оқытылды.
Ежелгі Русьтегі бастауыш оқыту жүйесі. Бастауыш білім беру қоғамдық-практикалық жүйе формасында ұйымдастырылды. Бастауыш оқытуды сауат ашу шеберлері жүргізді. Олар барлық сословие өкілдерінің балаларының сауатын ашты. Оқу, жазу, есепке және кәсіпке үйрету түрінде жүргізілді. Сауат ашу үшін арнайы тақталарға әріптер ойылып жазылды. Бастапқыда балалар әріп танып, жазып, сонан кейін діни мәтіндерді оқуға жаттықты. Х-ХI ғ. ғ. ертедегі Русьте барлық сословие өкілдері арасында жазукеңінен тараған еді. Сол кезеңде Киев Русі сауаттылық жағынан Орталық және Батыс Еуропамен бір деңгейде болды. Князь сарайлары, боярлар үйлері мен монастырларда 140 мыңға тарта кітап қолжазбалары сақталды. Ярослав Мудрый Киевтегі София соборында кітапхана ашты. Ол кітапханадан бізге жеткен ХI-ХIII ғасырларындағы қолжазбалардың саны 500-ге жуық.
Түрлі қалалардың қазба жұмыстарынан табылған деректер - ертедегі ортағасырлық Русьте сауаттылық кең тарағанын, қайың қабығына жазылған 700-ге тарта грамоталардан көруге болады. Ондағы жазулар ХI ғасырмен белгіленген.
Орыс князьдарының көбі сауатты адамдар болатын. Көне шежірелерде князь Ярославтың білімді адам болғаны туралы айтылады. Оның грек тілінен орыс тіліне кітаптар аударып, орыс жерінде алғашқы кітапхана ашқаны белгілі.
Князь Святослав Ярославович Черниговский де өте білімді адам болған. ХI ғасырда жазылған философиялық, тарихи, моральдық тақырыптардың жиынтығы - “Святослав жинағы” жоғарыда аталған князьдің есімімен байланысты.
Дін иелерінің ішінде де білімді адамдар көп болды. Соның бірі ретінде “Игорь полкі” туралы жырдың авторы жырау Боянды атауға болады.
Көне шежірелерде Киев жерінде кітаптың құндылығы туралы жазылған. Жоғарыда аталған “Святослав жинағы” шығармасының ішінде кітапты оқу жөнінде мақала берілген. Онда кітапты асықпай, қайталап оқу керектігі, балаларды кішкене күнінен кітапты қадірлеуге үйрету туралы кеңестер кездеседі.
ХI-ХII ғасырларда Киев мемлекетінің қолдан жазылған бірнеше діни-моральдық уағыздар жинағы пайда болды. Мысалы, “Святослав жинағы” кітабында грек патшасының балаларына өсиеті беріледі. ХI ғасырдағы “Владимир Монамахтың балаларына өсиеті” – алғашқы педагогикалық ескерткіштердің бірі. Онда мемлекет қайраткері Монамах балаларына қалай өмір сүру туралы кеңес береді. Балаларынан Отанын сүюді, оны жаулардан қорғауды, еңбексүйгіш, ержүрек батыр болуды талап етеді. Ол балаларында адамгершілік, ерлік, қамқорлық қасиеттердің болуын қажет деп санады. Үлкенді сыйлау, жетім-жесірге қамқор болу керектігін көрсетті. Монамах балаларынан білімді игеруді, оқуды талап етті.
Монғол-татар басқыншылығы (1237-1241) және ХIII-XV ғасырларда орыс жерінде үстемдік етіп, халықты көп күйзеліске ұшыратты. Монастырь және шіркеу жанындағы мектептер қирады, сөйтіп басқыншылық салдарынан білім деңгейі күрт төмендеді.
Орыс жеріндегі ХIV- XVI ғғ. Мемлекеттің экономикалық дамуы тәрбие мен білім беруге мейлінше ықпал етті. Баланы өмірге даярлау отбасында жүргізілді. Ата-аналар балаларына отбасында өмірге қажетті еңбек дағдыларын меңгертті. Балаларды әр сословие өзінің дәстүрлі кәсібіне үйретті. Кәсіпті меңгеру атадан балаға беріліп отырды. Кей кездерде балаларға белгілі бір кәсіпті үйрету үшін сол сословиенің шеберіне баласын шәкірттікке беріп отырды.
Балалар сауат ашу, оқу, есеп шығару біліктілігін сауатты туысынан немесе “сауат ашу шеберінен” үйренді. Онда олар қолдан жазылған кітаптар арқылы хат тануға 2-3 жыл уақыт кетірді. Жазу құралдары болмағандықтан, жазуды меңгеру қиындыққа түсті. Татар-монғол шабуылына ілікпеген немесе аз іліккен жерлерде орыс мәдениеті әжептәуір өріс жайды (Новгород жері, Тверь, Владимир княздіктері). ХIV ғасырдың аяғынан бастап Мәскеу княздігі дами бастады.
ХIV-XV ғасырларда Новгород экономикасы мен саудасы дамыған ірі мемлекет орталығына айналды. Қалада қолөнер жақсы дамыды, шетелдермен сауда байланысы күшейді. Новгород қаласында кітап көшірушілер көп болды. Ол қолөнердің бір түрі болып саналды. Новгород жеріндегі ірі монастырларда кітаптар көшіріліп жазылды. Қолмен көшірілген Новгородтық энциклопедия сөздіктерінің бірқатары біздің заманымызға дейін жетті. Ол кітаптардың ішінде астрономия, философия, табиғаттану жөніндегі мақалалар кездеседі. XV ғасырдың соңғы 10 жылдығында Новгородте қолөнершілер мен саудагерлерге кеңестер мен өсиеттер беру үшін “Домострой” (“Книга, глаголемая Домострой, имеет в себе вещи … полезны, поучение и наказание всякому христианину, мужу и жене, и чадам, и рабам, и рабыням”) атты кітап даярланды. “Домострой” кітабы Ресейде морльдық катехизис және үй құрылысының энциклопедиясына іспеттес болды.
XVI ғ. соңында алғашқы баспа оқулық - әліппе пайда болды. Кітап басу негізін қалаған Иван Федоров (1510-1583 ж. ж. шамасы) деп көрсетіледі. 1574 жылы басылған “Әліппе” кітабының түсініктемесінде оның балалар мен ата-аналарға арналғаны айтылады, бұдан сауат ашу отбасының міндетіне жүктелгенін байқауға болады.
XVI ғасырда орыс жері Мәскеу княздігі қарамағындағы бір орталыққа бағынған мемлекет болып құрылды, ал кейін Еділ өзенінің бойы, Сібір жері қосылғаннан кейін Ресей феодалдық мемлекетке айналды.
Балалардың діни тәрбиесіне шіркеу жауапты болды. Дін иелері бұқара халыққа христиан дінінің ұстанымдарын уағыздап, шіркеуді және үкіметті құрметтеуге тәрбиеледі. Діни-адамгершілік тәрбие элементарлық біліммен байланыстырылды. Училищелердің көпшілігі діни ғибадатханаларда орналасты. Мектеп ұғымы шіркеу ұғымымен теңестірілді. Сөйтіп, Ресей феодалдық мемлекетінде оқыту отбасылық, шіркеулік және монастырлық түрде жүзеге асырылды.
Түйіндей келе, сол кезеңдегі қалыптасқан оқыту тәжірибесі мемлекет пен қоғам сұранысын қамтамасыз еткендіктен, білім беруді жетілдірудің қажеттігі болған жоқ. Сондықтан XVII ғ. дейін орыс жерінде мемлекеттік сауат ашу мектебі болған емес. Отбасында балаларға тұрмыстық ережелер үйретілді.
Сол кезеңдегі ең сауатты сословие дін иелері болды. Олар дәстүрлі білім көлемімен бірге, адамгершілік-діни тәрбие алып, өздерін рухани тұрғыдан жетілдірумен айналысты. Монастырларда терең білім алуға болатын еді. Дін иелері шіркеудегі қызметтерінен босаған соң кітап оқып, қолжазбаларды көшірді. Монастырларда кітап қорлары жиналып, олар кітап жазу орталықтарына айналды.
XVII ғасырдағы батыс православиелік бауырластықтар (Львов, Виленск, Могилев, Луцк, Киев т.б.) оқу - ағарту ісіне көп көңіл бөле бастады, оны православиелік сенімді және шіркеуді нығайтуға пайдаланды.
Львов және Луцк мектептерінің біздің заманымызға дейін сақталған жарғысынан ондағы мектептердің демократиялық ұстанымға құрылғандығы көрінеді. Мектеп ректоры мұғалімдер ұйымының жалпы жиналысында сайланған. Оның үстіне мектеп жұмысын бақылайтын екі қамқоршы өкіл сайланған. Баласын мектепке берерде баланың әкесі мектеппен келісім-шарт жасайтын болған. Ол келісім-шартта мектептің баланы неге үйрететіні, ата-ананың мектеп алдындағы міндеті (ата-ананың мектептен баланы оқу аяқталған соң алуы және оқуға үзбей баруына кедергі келтірмеу) жазылған. Жарғыда мұғалімнің жеке басының үлгісі туралы да айтылған.
Мектепке барлық сословие балалары оқуға тартылып, олар панасыз балалар ұйымының есебінен оқытылды.
Туысқандық мектеп жарғысында мұғалімдерге демократиялық талаптар қойылды: мұғалім балаларды бірдей оқытып, бірдей жақсы көруі, бай, кедейге бірдей қарауы тиіс еді. Әр оқушыны шамасына қарай оқытты. Мұғалім сабаққа келмеген оқушының себебін анықтауы керек болды. Мұғалім алдымен үй тапсырмасын тексеріп, сонан кейін сабақ өткізетін еді, үйге тапсырма беріліп, сенбі күні апта бойы оқытылған сабақ пысықталды. Туысқандық мектептерде ана тілін оқытуға ерекше көңіл бөлінді.
Бауырластық мектептер алғашында элементарлық, онан кейін орта және жоғары мектептерге айналды. Мәселен, Киев-Могилян академиясы ашылды. Орта мектеп діни сипат алып, діни семинария рөлін атқарды.