Педагогика тарихы



бет84/113
Дата06.01.2023
өлшемі1,86 Mb.
#60524
түріОқулық
1   ...   80   81   82   83   84   85   86   87   ...   113
Байланысты:
Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет.

Облыстар


Жылдар

Мектептер мен медреселер

Оқушылар саны

Жетісу


Семей
Торғай
Ақмола
Арал-Гурьев
Сырдария

1897
1886
1894
1896
1896
1896

86
37
59
13
206
2083

12835
680
457
547
4926
29898

(Сәбитов Н. Қазақ арасындағы мектептер мен медреселер. Алматы. 1960. 16-17 бет).


Алайда бұл көрсеткіш толық емес.
Оған себеп: біріншіден, ауылдық жерлердегі медреселерде оқыған оқушылардың нақтылы мәліметтері болмаған. Екіншіден, Атырау, Маңғыстау өлкесі 1920 жылға дейін алғашқыда Закавказия-Астрахан облыстарына кейін Түрікменстан Республикасына бағынғандықтан, Қазақстан архивтерінде бұл өлкедегі мектептер мен ондағы оқушылар санын айқындайтын құжаттар сақталмаған.
Соған қарамастан Қазақстанның әр облысында оқуға тартылуға тиісті әрбір он баланың бірі ғана мектепте оқыды. Мектеп жасындағы балалардың басым көпшілігінің оқудан тыс қалып отырғанын сол кездегі әкімшілік басқару орындарындағы лауазымды чиновниктердің өздері де ашық мойындайды. Мысалы, 1903 ж. 31 наурызда уақытша кеңестің төрағасы Новицкий Астрахан губернаторына жолдаған хатында: “Өткен жылдармен салыстырғанда халыққа білім беру ісі онша дами қойған жоқ. Керісінше, 1897 жылдан бастап кеміп кетті. Оған себеп – үй-жаймен, оқулықтармен, оқу құралдарымен, мұғалім кадрларымен ешқандай қамтамасыз етілмеген старшиналық орыс-қазақ мектептерінің жағдайының нашарлығы. Мұсылман мектептері мен медреселері үкімет мектептеріне қарағанда әлдеқайда тәуір жағдайда (қалалар мен орыс селоларына орналасқан орыс-қазақ мектептеріне патша үкіметі қазынадан жартылай ақша бөлетін – С.Қ.). Олардың жанынан алыс ауылдардан қатынап оқитын балалар үшін жататын орын да ұйымдастырылған”, – деп жазады (Архив СОМА 1-кор. 1 жазу. 715-іс. 61 бет).
Ұлт аймақтарындағы ағарту ісінде патша өкіметі миссионерлік саясат ұстанғаны мәлім. Ол жөнінде қазақтың көрнекті ағартушысы А.Байтұрсынов өзінің 1914 ж. “Қазақ” газетінің №11 санында жарияланған “Бастауыш мектеп” деген мақаласында Ресейдің отарлау саясатының астарын айқындай келе, “Хүкіметке керегі мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, ал әр халыққа керегі – өз діні, тілі, жазуы сақталуы. Солай болған соң бастауыш мектеп әуелі миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек… Қазақты басқа дінге аударамын деу құр әурешілік” деген болатын. Миссионерлік бағыттың көрнекті өкілі Қазан университетінің профессоры Н.И.Ильминский, оның шәкірті Орынбор оқу округінің инспекторы Н.А.Бобровников, Түркістан округінің инспекторы Н.П.Остроумов, т.б. болды. Олар араб әрпінің орнына кириллицаны пайдалануды, оқуды біртіндеп бірыңғай орысша оқытуға көшіруді қуаттады.
Ильминский орыстандыру саясатын жергілікті халықтың салт-дәстүрін ескере отырып, “түсіністікпен” жүзеге асыруға тырысты. Сол арқылы христиан дінінің ұғымдарын сыналап енгізіп жіберуді көздеді. Ильминскийдің педагогикалық жүйесі, негізінен, Еділ бойы халықтарына, яғни татарларға, чуваштарға, башқұрттарға есептелген болатын. Қазақтарға бұл жүйені енгізудің қиыншылығын ол жақсы түсіне отырып, 1869 жылы ағарту министрі Д.Толстойға жолдаған “Қырғыздарды оқыту туралы түсінік” атты хатында бұл іске қазақтардың тарихи қалыптасқан ұлттық дәстүрлері мен салттарын ескерудің қажеттігін атап өтеді.
1905 ж. Орал қаласындағы орыс-қазақ училищесінің оқушылары мен ата-аналарының орыстандыру саясатына қарсылық манифесті облыстық оқу-ағарту инспекторы А.В.Васильевтің алдына келіп түседі. Онда ұлттық мүддені қорлайтын патша әкімдерінің және оның жандайшаптарының әрекеті ашық сыналады. Яғни мұсылман мектептерінде христиан дінінің қағидаларын зорлап насихаттауды уағыздайтын идеялардың ұсынылуына қарсылық білдіріледі.
Ресей халық ағарту министрлігі оқу-ағарту саласындағы орыстандыру саясатын өзгерткісі келмей, бұл мәселені қарау үшін 1905 ж. профессор А.С.Будиловичтің басқаруымен орыс емес ұлт аймақтарының инспекторларын жинап, кеңес өткізеді. Бірақ бұл мәжіліске Ресей ұлт аймақтарының ұлт зиялылары қатыстырылмады. Бұған ашынған Ресей ұлт аймақтарының өкілдері Нижний Новгородқа өздерінің ІІІ съезін шақырып, патша өкіметінің орыстандыру саясатына қарсылық білдірді. Олар ұлт аймақтарындағы орыстан басқа ұлттың балаларының ана тілінде бастауыш білім алуын, араб алфавитінің сақталуын, орта мектептердің жоғары сыныптарында да ұлт тілдері мен ұлт тарихының міндетті пән ретінде өтілуін, бастауыш училищелерді мемлекет қаржысы есебінен ұстап, балаларды тегін оқытуын, ұлт мектептері түлектерінің міндетті әскери қызметтен босатылуын, т.б. талап етті. Бұл талаптарды патша өкіметі халық ағарту инспекторларымен ақылдаса шешпек болып, 1906 ж. Петербургте ағарту қызметкерлерінің кеңесінде талқылауға кірісті.
Мәжіліске қатысушылар сырттай бір пікірге келгендей болғанымен, іштей мәселе бұрынғысынша шиеленіскен дәрежеде аяқсыз қалды.
Осы кезде мұсылман мектептерінің оқу жүйесінде де бір-біріне қарама-қайшы екі ағым пайда болған еді. Олардың бірі ескі діни оқуды жақтайтын қадимшілер еді де, ал екіншілері оларға қарсы жаңашыл ағым-жәдидшілер болатын.
Төте оқу бойынша ұлт аймақтарындағы мектептерде дүнияуи пәндер (жаратылыс, география, тарих, тіл, әдебиет т.б.) өтілетін. Сондай-ақ, бұрынғы арабша оқуда (оны қадим деп атаған) әр әріптің 5 түрлі таңбасы болса (сөз басында, сөз ортасында және сөз аяғындағы әріптік белгілер, бас әріп, кіші әріп болып белгіленіп), 28 әріп 140 белгімен берілетін еді. Ол балалардың тез сауаттануына қиындық келтіретін.
Жадид оқуы (төте оқу) бойынша әріп таңбасы жетілдіріліп, қысқартылып, бас әріп, кіші әріп болып, 56 әріп таңбасымен белгіленді. Бұл оқуға үлкен жеңілдік келтірді. “Жадид” оқуы бойынша пәндерді оқыту бағдарламасы мен оқулықтары жасалды. Сөйтіп, әр пәннен белгілі жоба бойынша оқушыларға берілетін білім, дағдылар мөлшері айқындалып, шектелді. Сондай-ақ, жадид оқуында жалаң жаттау әдісінен аулақталып, айналаны тануға (жаратылыс, қоғамтануға) баса көңіл бөлінді.
Оқушыларды дыбыстап оқыту арқылы тез сауаттандыруға баса назар аударылды.
Ресей мұсылман елдерінде төте оқудың негізін салушы Қырым татары – оқымысты ғалым Смайыл Гасперинский болса, ал қазақ топырағында төте оқудың әріп таңбаларын үйлестіруші, тұңғыш төте оқу әліппесін жазушы көрнекті тілші-ғалым Ахмет Байтұрсынов болды. Төте оқудың идеясын М.Сералин, С.Торайғыров, М.Қалтаев, Ғ.Қарашев, С.Дөнентаев, Т.Жомартбаев, К.Жанатаев сияқты оқыған қазақ зиялылары қызу қолдады. Шыңғыс елінде өз қаржысына медресе салып, отыз жыл бала оқытқан ұлы Абайдың ақын шәкірті Көкбай Жанатаев (1861-1925) өзінің Міржақып Дулатовқа өлеңмен жазған бір хатында:
Абай марқұм ескіге ермеуші еді,
Ескіні онша жақсы көрмеуші еді.
Мысырдан төте жолдан оқу шықты
Сол қашан келеді деп шөлдеуші еді... – деп өзінің Абай салған ағартушылық жолды жалғастырушы болғанын мақтан тұтады.
Төте оқу мектептері жергілікті халықтың өз қаржысымен өмір сүрді. Ол ресми өкімет тарапынан қолдау көрмеді. Керісінше, отаршыл орыс өкіметі оның өрісін тарылтып бақты. Патша өкіметі ұлт мектептеріндегі екі ағымды (ескі қадим оқуы мен жәдидті) бір-біріне қарсы айдап салу арқылы ұлттық сананың оянуына тежеу салуды көздеді. Осының салдарынан Қадим ағымының өкілдері жәдидшілерді елге “кәпірлер, құдайға – күпірлік келтірушілер” деп айыптап бақты. Жергілікті қожа, молдалар жадид оқуын жақтаушылардың үстінен патша әкімдеріне шағым-арыз жазуға дейін барды. (Кезінде осындай арыздармен қаралауға қазақтың оқымысты-ағартушы педагогі Ыбырай Алтынсарин да ұшыраған еді).
Жәдид ағымының өкілдері оқу-ағарту мәселелерімен байланысты мына төмендегі мәселелерді көтерді: біркелкі оқу жоспары мен бағдарлама жасау арқылы мұсылман мектептеріндегі білім беруді бір ізге түсіру, оқу жоспарына арифметика, жағрафия, жаратылыстану, тарих, тағы басқа пәндерді енгізу арқылы қазіргі заман талабына сай шәкірттерге орта білім беруді қамтамасыз ету; сауатсыз, фанатик-молдаларды тиісті білімі бар мұғалімдермен алмастыру; дыбыстап оқыту әдісін енгізу; мектеп пен медресе бітіргендерге емтихан тапсыртып, оқушыларға тиісті құжаттар тапсыру, әскери міндетін атқаруды жеңілдету; мұсылман мектептерін бақылауды үкімет инспекторына, не дін қызметкеріне жүктемей, жұрт сайлаған құрметті азаматқа тапсырып, оны өлкенің ресми қамқоршысына бағынышты ету т.б. Мектептердің материалдық жағына көмектесу, қаржыландыру, үйлерін салу, шәкірттерді оқу жабдықтарымен, оқу құралдарымен қамтамасыз ету, мұғалімдерге тұрақты жалақы төлеу мәселелері де назардан тыс қалмады. Патша өкіметі бұл ағымға үрке қарап, мектептерге дүнияуи пәндерді енгізуге қарсы болды. Мәселен, 1913 жылы ішкі істер министрі Н.Маклаков өлкедегі ұлт-азаттық қозғалысы туралы хабарлай келіп, жаңа ағымның мұсылман халықтарын ынтымақтастыруы орыс мемлекетінің мүддесіне зиян келтіреді дегенді айтты.
Жадид ағымның көшбасшысы белгілі түрколог-лингвист Ахмет Байтұрсынов бастауыш мектеп мәселесіне айрықша назар аударды, осыған орай бірнеше оқу құралдарын жарыққа шығарды. Мәселен, М.Нұрбаевтың “Қазақша әліппесі” (Уфа, 1910), З.Ерғалиұлының “Қазақ әліппесі” (Қазан, 1910), И.Аралбаев пен Х.Сәрсекеевтің “Әліппе яки төте оқуы” (Уфа, 1911), М.Молдыбаевтың “Қазақша ең жаңа әліппесі” (“Уфа, 1912), Қ.Қожықовтың “Әліппесі” (Орынбор, 1912), К.Серғалиннің “Қазақша әліппесі” (Қазан, 1913) т.б. төл туындылар дүниеге келді. Осы жылдары бастауыш мектепте оқытуға арналған М.Дибердиевтің “Қазақ балаларына қирағат кітабы” (Қазан, 1910), М.Молдыбаевтың “Қазақша оқу кітабы” (Семей, 1912), Т.Жомартбаевтың “Балаларға жеміс” (Семей, 1912), М.Кәшімовтың “Үгіт” (Қазан, 1907), “Әдеп” (Қазан, 1907), “Ақыл кітабы” (Қазан, 1908) т.б. оқу құралдары жазылды. Бұлардың қай-қайсысы да шәкірттердің тілін ұстартып, оларға ұлттық тәлім-тәрбие беруде тамаша құралдар еді. Мәселен, И.Бейсенұлының “Дұрыс жазу қағидалары” атты еңбегінде мектеп оқушыларына фонетика, грамматикадан әр мұғалімдерге көмек көрсететін кеңестер береді.
Қазан төңкерісінің алдында бұларға қоса тіл мен әдебиетке қатысты хрестоматиялық кітаптар, шәкірттер үшін үгіт-насихат, үлгі-өнеге мазмұнды әңгіме, мысал, өлең жинақтары шығарылды. Жәдид ағымы мектеп бітірушілердің медреселерде немесе жоғары оқу орындарында білімін әрмен қарай жалғастыруға, сөйтіп олардың өз ықтиярымен мамандық таңдап алу мүмкіндігіне жол ашты, жұрттың бұл мектепке деген ынта-ықыласы арта түсті. Мәселен, С.Гамнацкийдің 1908 жылғы мәліметі бойынша тек Сырдария облысындағы мектеп жасындағы балалардың 24 пайызы мұсылман мектебінде, 11 пайызы орыс-түзем училищелерінде оқыған екен. Осы шағын деректердің өзі төте оқудың қазақ даласындағы беделі жоғары болғанын жақсы көрсетеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   80   81   82   83   84   85   86   87   ...   113




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет