Педагогика тарихы



бет91/113
Дата06.01.2023
өлшемі1,86 Mb.
#60524
түріОқулық
1   ...   87   88   89   90   91   92   93   94   ...   113
Байланысты:
Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет.

Бөлек оқыту соғыс уақытындағы жағдайда практикалық қызметке сай оқушыларды арнайы дайындау мақсатымен ұлдар мен қыздардың дене тәрбиесінің даму ерекшелігін ескеруге қатысты болды. 1944 жылы "8 жас пен 15 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді есепке алуды ұйымдастыру және жалпыға бірдей міндетті білім беру жөніндегі заңның орындалуын бақылаудың тәртібі туралы" міндетті нұсқау жарық көрді.
Жаңа нұсқауда әрбір бастауыш, орталау және орта мектеп жасындағы балалардың сауатын ашуды қамтитын өзінің учаскесінің болуы және оның орындалуын жергілікті кеңестердің атқару комитеттерінің бақылауға алуы қарастырылды. Соғыс жағдайы оқу орындарының жұмысында үлкен қиындықтар туғызды. Олардың ғимаратының бір бөлегі госпитальдарға берілді. Кейбір жағдайларда қорғаныс кәсіпорындары иеленді.
Соғыс жылдарында басқа республикалар сияқты Қазақстанда да жалпыға бірдей жеті жылдық білім беру ауылда және онжылдық білім беруді қалада жүзеге асыру уақытша тоқтатылды, мектептің балаларды оқумен қамтуы төмендеді.
1956-1960 жылдары оқушылар арасында оқу-тәрбие жұмысы оның шығармашылық бастамада жан-жақты өркендетуіне бағытталды. Мектептерде тәрбие жұмысының бағдарламасын жасау бірнеше жылдар бойы жүргізілді. Өзінің құрылымы мен мазмұны жағынан бұл бағдарламада жеке адамды жан-жақты дамытуда еңбекке тәрбиелеуде, өмір үрдісін және оқу қызметін ұйымдастыруда бірізділікті міндеттер байқалды. 1958 жылдан бастап мектептерде оқудың мазмұнын сынақ арқылы тексеруенгізілді. 1958 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі “Мектептің өмірмен байланысын нығайту және КСРО-дағы халыққа білім беру жүйесін одан әрі қарай өркендету туралы” заңды қабылдады. Ол заң еліміздегі жалпыға міндетті 8 жылдық білімді бекітті.
Заң мектептің негізгі міндетін - оқушыларды өмірге, қоғамдық маңызды еңбекке дайындау, әрі қарай жалпы және политехникалық білім беруді жетілдіру, ғылым негіздерін жақсы білетін сауатты адамдарды дайындау, жастарды социалистік қоғам принциптеріне терең құрмет рухында тәрбиелеуді айқындап берді. Орта мектептегі білім беру мен тәрбиенің жетекші бастауы олардың еңбекпен тығыз байланысты болуында деп атап көрсетілді.
50-інші жылдардың аяғында басталған жалпыға міндетті сегіз жылдық білімге көшу 1962-1963 жылы аяқталды.
60-70-інші жылдары халыққа білім беру саласындағы аса маңызды міндеттер - республикада жалпыға міндетті орта білімді жүзеге асыру мектепте білімнің жаңа мазмұнға көшуі оқу үрдісін және оқушылардың тәрбиесін жетілдіру деп танылды.
Жалпыға бірдей міндетті орта білімге көшіру үрдісі бірнеше кезеңде жүзеге асырды. Мысалы, 1966 жылы 10 қарашада үкімет “Жалпы білім беретін орта мектептерді одан әрі қарай жақсарту шаралары туралы” қаулы қабылдады. Онда жалпы білім беретін мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту, типтік жоба бойынша ғимараттар салу, жаңа оқулықтарды өңдеу және шығару, мектеп кабинеттері мен шеберханаларын құрал-жабдықтармен және қажетті спорт жабдықтарымен қамтамасыз ету т.б. шаралар айқындалды. Сондай-ақ, сегізжылдық міндетті мектепті бітірушілер өз тілегі мен білімін кәсіби-техникалық және арнаулы орта білім жүйесінде жалғастыруы назарға алынып, толық орта білім беретін оқу орындары нақтыланды. Оқу-тәрбие үрдісінде қайта құру жүйесі жүрді: ғылыми негіздердің жүйелі курстары бұрынғыдай V сыныптан емес, ІV сыныптан бастап оқитын; міндетті мектеп курсына қосымша ғылым негіздері оқу жоспарына Ү11 сыныптан бастап өз мүддесі мен ынтасына сай оқушының таңдап алатын жеке оқу пәндері бойынша факультативті курсы ретінде енгізілді. Кейбір мектептердің жоғары сыныптарында дифференциалды оқыту енгізілді: мектептің сәйкестендірілген бөлімдерінде кейбір пәндерді - физика, математика (кейінірек химия), биология, гуманитарлық пәндерді тереңдетіп оқыту қолға алынды.
Кеңшарлармен, ұжымшарлармен тығыз байланысы бар, жақсы жабдықталған ауыл мектептерінде жоғары сынып оқушылары автомобиль, трактор, комбаин және басқа да ауылшаруашылық машиналарын оқып үйренді. Мектептегі тәрбие жұмысына ерекше назар аударылды, мектеп қызметкерлерінің штатына жаңа лауазым -сыныптан тыс және мектептен тыс жұмыстарды ұйымдастырушы-педагог лауазымы енгізілді. Жалпыға міндетті онжылдық білім беруге көшу жағдайында орта мектептің үлес салмағы артты, оның материалдық базасы нығайды. Бұл өз кезегінде оқушыларды өндіріс базасында оқыту мен еңбек тәрбиесінің күшеюіне ықпал етті.
Мектеп жұмысындағы өзгерістерге байланысты 1970 жылы жалпы білім беретін орта мектептердің жаңа Жарғысы қабылданды. Бұл мемлекеттік құжаттық негізінде сегізжылдық мектепті бітірушілер білім алуды , жалпы білім беретін толық орта (онжылдық мектептің ІX-X сыныптары), орта арнаулы оқу орындары - техникумдарда (3-4 жылдық оқу), орта кәсіби-техникалық училищелерде ПТУ (3-4жыл), сондай-ақ жұмысшы және ауыл жастары мектептерінде X-XІ сыныптар) жалғастыра алатын болды.
1971 жылы мектептің алдына жастарға жалпыға бірдей орта білім беруге көшу туралы, жалпы білім беретін мектептің материалдық базасын одан әрі қарай нығайту, оқытудың сапасын көтеру, оларды қоғамдық пайдалы еңбекке белсенді және мақсатты түрде дайындау міндеттері қойылды.
1972 жылы маусымда Одақтық үкімет “Жалпыға бірдей міндетті орта білімге көшуді аяқтау және жалпы білім беретін мектептерді әрі қарай дамыту туралы” қаулы қабылдады. Бұл қаулы халыққа білім беру органдары мен жергілікті органдардың, мектеп қызметкерлерінің ұзақ жылдық жұмыс нәтижесін шығарды және жалпы орта білім беретін барлық түрдегі оқу орындарында оқу-тәрбие үрдісінің сапасын жақсарту мен жетілдірудің жолдарын көрсетіп берді.
1975 жылы міндетті сегізжылдық мектептің бітірушілер Одақ бойынша толық орта білім беретін оқу орындарында оқуды жалғастырды.
Сондай-ақ, жалпы білім беретін мектеп оқушыларын оқытуды, тәрбиелеуді әрі қарай жетілдіру және оларды “Еңбекке дайындау” (1977 жыл 27 желтоқсан) туралы үкіметтің қаулысы да үлкен маңызға ие болды.
60-70 жылдары оқытудың әдістемесі мен мазмұнына ерекше ден қойылды.
Осы жылдары оқулықтарды тегін пайдалануға рұқсат берілді, мектеп кітапханаларында оқулықтар қоры құрылды.
Жастар арасында, оның ішінде оқушылар арасында тәрбие жұмысының түбегейлі бағыттары белгіленді: ғылыми дүниетанымды қалыптастыру, еңбексүйгіштік, саяси білімге қызығушылықты сіңіру, халық дәстүрі негізінде қоғамдық белсенділікті жан-жақты дамытуға тәрбиелеу, оқу және тәрбие процесстің органикалық бірлігіне қол жеткізу, отбасы, мектеп, жұртшылық арасындағы байланысты нығайту т.б. мәселелер іске асырылды.
Елімізде70-інші жылдардағы үлкен оқиға жалпыға бірдей міндетті орта білім берудің енгізілуі еді.
Сондай-ақ, 70-інші жылдарғы халыққа білім беру үшін үкіметтің “Селолық жалпы білім беретін мектептердің жұмысын әрі қарай жақсарту жөніндегі шаралар туралы” арнайы қаулысы (1973 жыл, шілде) маңызды құжат болып табылады.
Аталған құжатта мектептерде ауыл халқының сұранысын толық қанағаттандыру, жалпыға міндетті оқуды жүзеге асыруға қажетті жағдайлар жасау, әрбір кеңшарда және ірі ұжымшарда жалпы білім беретін орта мектептің болуы қарастырылды.
Осы қаулыға сәйкес, 1975 жылдан бастап оқушылардың шамамен 25 пайызы, ауыл мектептері жанындағы интернатта тұратындары үш мезгілдік ыстық тамаққа төленетін ақыдан босатылды. Ал қалғандары тамақ құнының жарты бағасын төледі. Ауыл мектептеріндегі оқу-материалдық базасының нығаюына, оларды білікті педагог кадрлармен қамтамасыз етуге, ауыл оқушыларын оқыту мен тәрбие деңгейін көтеруге ерекше назар аударылды.
1970-інші жылдары мектептердің материалдық базасы біршама жақсарды. Мектептерде арнайы жабдықталған пән кабинеттерінің болуы, олардың әртүрлі техникалық құралдарымен жасақталуы бұқаралық сипат алды. Практикалық сабақ кезінде немесе оқушылармен жүргізілетін сабақтан тыс тәрбие жұмыстарында мұғалімдер телевизиялық хабарларды қолдануды іске асыра бастады.
Осы жылдары мектепке дейінгі балалар мекемелерінің қызметкерлерінің алдына да үлкен міндеттер қойылды. Балалардың мектепке дейінгі мекемелерін ұжымшарлар (өз қаржысы есебінен) тиісті құрал-жабдықтармен, инвентарлармен, ыдыс-аяқпен, ойыншықтармен, оқу құралдарымен мемлекеттік талапқа сай жабдықтауды қолға алды. Ұжымшарлардың алдында мектепке дейінгі балалар мекемелерін жоғары сапалы азық-түлікпен тиісті ассортиментте үздіксіз қамтамасыз ету міндеттері қойылды. Өндіріс орындарында балалар мекемелері үшін арнайы жиһаздар шығаруға ерекше назар аударылды.
1973 жылы Жоғарғы Кеңес бекіткен „Халыққа білім беру туралы" Заңы қабылданып, халыққа білім берудің негізгі принциптері айқындалды:
1. Білім алуда барлық азаматтардың нәсіліне және ұлтына, жынысына, дінге қатынасына, мүліктік және әлеуметтік жағдайына қарамастан теңдігі;
2. Барлық балалар мен жасөспірімдер үшін білім алудың міндеттілігі;
3. Барлық оқу тәрбие мекемелерінің мемлекеттік және қоғамдық сипаты;
4. Оқу тілін таңдау еркіндігі; ана тілінде оқу немесе КСРО халықтарының басқа тілінде оқу;
5. Білім берудің барлық түрлерінің теңдігі, оқушылардың бір бөлігінің мемлекет тарапынан толық тегін оқытылуының қамтамасыз етілуі, оқушылар мен студенттерге стипендиялар берілуі және оларға басқа да материалдық көмек көрсету;
6. Төменгі сатылы оқудан жоғары сатыға өтуді қамтамасыз ететін халыққа білім беру жүйесінің бірлігі және оқу орындарының барлық түрлерінің сабақтастығы;
7. Отбасы мен жұртшылықтың балалар мен жастарды тәрбиелеудегі, мектеппен қарым-қатынастағы оқу мен тәрбиенің бірлігі;
8. Оқу мен өскелең ұрпақты тәрбиелеудің өмірмен байланысы;
9. Білім берудің ғылымдық сипаты, оны жаңа ғылым, техника және мәдениеттің жетістіктері негізінде тұрақты жетілдіріп отыру;
10. Оқу мен тәрбиедегі гуманистік және жоғары құлықтық сипат.
11. Қос жынысты біріктіріп оқыту;
12. Діннің ықпалын қажет етпейтін, білім берудің зиялылық сипаты.
1970 жылы Республиканың 10154 жалпы білім беретін мектебінде 3 миллион 140,8 мың бала оқыды. Сегізінші сыныпты бітіргендердің 90 пайызы тоғызыншы сыныптарда, орта-арнаулы оқу орындарында, кәсіптік-техникалық училищелерде оқуды жалғастырды.
1980 жылы 6 жасарларды мектепалды даярлықтан өткізу, балаларды 6 жастан оқуға тарту, мектеп пен балабақшалардың байланысын күшейту, балабақша мектеп бірлестігін құру мәселелері қолға алынды.
1991-1992 оқу жылының басында Қазақстанның жалпы білім беретін мектебінде 3 миллион 229 мың балалар мен жасөспірімдер, оның ішінде 3 миллион 147 мың бала күндізгі мектептің оқушысы болды. Осы кезең аралығында сабақ 2992 қазақ, 74 өзбек, 11 ұйғыр, 3 тәжік, 1848 аралас мектепте жүргізілді. Тереңдетіп оқытатын мектеп саны — 1400 болды. 1991-1992 оқу жылында 38 гимназия, 33 лицей жұмыс істеді.
Әйтсе де балалардың оқуы мен тәрбиесі үшін барлық жерде бірдей жағдай жасалған жоқ. Мәселен, 14 мың бала / 0,4% / үшінші ауысымда оқыды. 870 мың бала /оқушылардың жалпы санының 28%-ы / ыстық тамақпен қамтамасыз етілген жоқ.
КСРО ыдырағаннан кейін 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Ал 1991 жылдың 10 желтоқсанында жалпыхалық сайлаған Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз қызметіне кірісті. Осылайша ұлттық мәдениет пен білім берудің өркендеуі үшін жан-жақты жағдайлар жасалып жатыр. Төрағасы елбасы Н.Ә.Назарбаев болып табылатын республикамызда Қазақстан Халықтары Ассамблеясы құрылды. Қазақстан тәуелсіздігінің негізгі принциптері мен саяси құрылысы 1993 жылы қаңтарда қабылданған бірінші Конституцияда көрініс тапты. Кейінірек ол 1995 жылы 30 тамыздағы жалпыхалықтық референдумда мақұлданып, жаңарған Конституцияда бекітілді.
Жаңа Конституция 1995 жылдың 5 қыркүйегінен өз күшіне енді. Қазіргі уақытта Қазақстан тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері мен әлемдік қауымдастықтағы үлкен беделге ие тәуелсіз мемлекет болып табылады. Қазақстанда соңғы ширек ғасыр ішінде білім беру саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Оқу орындары елдің экономикасы мен мәдениетінің өсуімен бірге өркендеп отыр. Ол сауатсыздықгы жоюдан бастап жалпыға бірдей міндетті бастауыш, кейінірек жетіжылдық, сегізжылдық білім беруден жалпыға бірдей орта білім беруге дейінгі аралықты қамтыды. Бұл мәселе жеке адамды жан-жақты білімді етіп қалыптастырудың заңды нәтижесі саналып, теориялық білім мен оны тәжірибеде орнықты пайдаланудың үйлесімі ретінде қарастырылды.
Республикада аз ұлттар үшін мектептер құру жан-жақты қолдауға ие болды.
Тек соңғы жылдары 77 өзбек мектебі, 13 үйғыр, 6 тәжік мектебі балаларға ана тілінде білім бере бастады. Татар, неміс, түрік тілдерінде оқытатын мектептер бар.
Ал Астана қаласында 2 мектепте корей тілін үйренетін оқушылар тобы, 25 мектепте 50 бала иврит тілін ана тілінде үйренеді.
1998 жылы республикада мектептердің саны барлығы 3 миллионнан аса оқушы білім алатын 7925 мемлекеттік жалпы білім беретін мектепке жетті.
Жалпы саны 100 мың оқушыны қамтитын 136 мемлекеттік орта арнаулы оқу орны мен 11 колледжде 261 мамандық бойынша білім алады. Бұдан басқа 292 кәсіптік-техникалық оқу орындарында да мамандар даярланады. Оларда 1998 жылы 114 мың оқушы оқиды.
1998 жылдың аяғындағы деректер бойынша 51 мемлекеттік жоғары оқу орнында 250 мың студент білім алады.
1999 жылы маусымда Қазақстан Республикасында Білім беру туралы заң қабылданып, онда білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың принциптері айқындалды. Онда білім беру саласындағы Қазақстан Республикасының зандарын, білім беру саласында азаматтардың құқына мемлекеттің кепілдігін, білім мен тәрбие берудің тілі, мемлекеттік білім берудің стандарттары, білім беру жүйесі, білім беру жүйесінің міндеттері, білім беруді ұйымдастыру, білім берудің бағдарламалары мен деңгейлері, білім беру жүйесін басқару, құқық пен міндеттер, білім беру процесі субъектілерінің әлеуметтік кепілдіктері, білім берудің экономикасы, білім беру саласындағы халықаралық қызмет, білім беру саласындағы заңды бұзуға байланысты жауапкершіліктерді қамтиды. Қазақстан Республикасында білім берудің негізгі принциптерінде барлық азаматтардың тең құқылығы айқындалған. Халықтың барлығының бірдей білім алу мүмкіндігі, білім берудің зайырлылық сипаты, жеке тұлғаның білім алуын ынталандыру және дарындылықты дамыту, білім беру сатыларының жалғасын қамтамасыз ететін процесстің үздіксіздігі, оқыту мен тәрбие берудің тұтастығы, білім беру ұйымдарының академиялық еркіндік өкілеттігін кеңейту, білім беруді басқарудағы демократиялық сипат. Білім берудің гуманистік және өркендеу сипаты, ғылым білімнің өндіріспен интеграциясы, оқушылардың кәсіби бағдарлануы, білім беру жүйесін компьютерлендіру т.б. мәселелер қарастырылған.
Білім беру ұйымдарында саяси партиялық құрылымдар мен діни ұйымдардың (бірлестіктердің) құрылуына және қызметіне жол берілмейтіндігін ерекше атап өткен жөн.
Біздің мемлекетіміз Қазақстан Республикасының азаматтарына жалпыға бірдей орта және бастауыш кәсіби білімді, сондай-ақ орта кәсіби білімді мемлекеттік сұранысқа сәйкес конкурстық негізде тегін білім алуға кепілдік береді.
Білім алушыларға тегін білім беру мемлекеттік білім беру ұйымдары арқылы бюджеттен қаржыландырылып, немесе білім беру ұйымдарының қызметіне берілетін мемлекеттік білім беру гранттарын бөлумен жүзеге асырылады. Білім беру туралы заңда мемлекеттік білім беруді несиелендіру жүйесі қарастырылған, ол конкурстық негіздегі мемлекеттік білім беру несиесі мен мемлекеттік студенттік несиені қамтиды.
Заңда әлеуметтік көмекті қажет ететіндердің отбасыларына, балаларға жеңілдіктер беруді де қарастырған. Бүл ата-анасыз жетім балалар, мүгедек балалар, көп балалы отбасының балалары, сондай-ақ мектепке баруға қабілеті жоқ балаларды үйде жеке оқыту мен емдеуді ұйымдастыру, ауру балаларды барып оқыту т.б. болып табылады.
Тұрғындары аз қоныстанған елді-мекендердегі ауыл балаларының орта білім алу құқын қамтамасыз ету мақсатында шағын санды мектептер мен интернаттық ұйымдардың жұмыс жасауына кепілдік берілген. Барлық оқу орындары меншік түріне қарамастан, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде дамытуға тиіс. Сондай-ақ орыс тілін және мемлекеттік тілді берудің стандартына сәйкес әрбір білім беру деңгейі үшін шет тілдердің бірін оқып үйрену де қарастырылған. Заңда білім беру жүйесінің негізгі міндеттері қамтылған. Ол білім алу үшін адамның ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарымен, ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде кәсіби қалыптасып дамуына бағытталған жағдайлар жасау болып табылады.
Білім беру жүйесіндегі маңызды міндеттердің бірі білім беруге жаңа технологияларды енгізу, білім беруді компьютерлендіру және халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығуымен өрнектеледі.
Білім беру жүйесіндегі тағы бір басым бағыттардың бірі еңбек рыногындағы бәсекеге қабілетті білікті жұмысшы мен мамандарды даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін көтеру болып табылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   87   88   89   90   91   92   93   94   ...   113




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет