2. Педагогикалық зерттеу əдістемесі мен əдістер жүйесі
Зерттеу əдістемесінің (методика) дайындығы ғылыми ізденіс логикасына орай жүргізіледі. Бұл əдістеме өте күрделі де сан қилы қызметтермен байланысты нысан болған білімдену процесін аса жоғары шынайылылықпен зерттеуге мүмкіндік беретін теориялық жəне эмпирикалық əдістер (метод) тобынан құралады. Əдістердің тұтастай бір бөлігін қолданудан назарға алынған проблема жан-жақты айқындалады, оның барша қырлары мен шектері түгелдей зерттеуден өтеді. Педагогикалық зерттеу əдістерінің əдіснамадан өзгешелігі - бұл педагогикалық құбылыстарды зерттеу, олар жөніндегі ғылыми ақпараттарды жинақтап, заңдылықты байланыстар, қатынастарды анықтау, оның нəтижесінде ғылыми теория қалыптастыру мақсатымен жүргізілетін іс-əрекет жолдары мен тəсілдерінің өзі. Əдістер көп түрлі де сан қилы, бірақ жүйелестіре келгенде, бұлардың бəрі үш топқа ажыралады: 1) педагогикалық тəжірибені зерттеу əдістері; 2) теориялық зерттеу əдістері, 3) математикалық əдістер.
Педагогикалық тəжірибені зерттеу əдістері – білім беру процесін ұйымдастырудың көз алдымызда қалыптасқан тəжірибесін зерт-теудің жолдары. Зерттеуге озат тəжірибе, яғни танымал мұғалімдер мен қатардағы тəлімгерлер қызметтері бірдей алынады. Олардың жұмыстарында кезігетін қиындықтар педагогикалық процесс қайшылықтарымен, пайда болған не енді туындауы мүмкін проблемалармен байланысты келеді. Педагогикалық тəжірибені зерттеу барысында келесідей əдістер қолданылады: бақылау, əңгімелесу, интервью, анкеттеу, оқушылардың жазба, графикалық жəне шығарма жұмыстарын көзден өткеру, педагогикалық құжаттармен танысу.
Бақылау – зерттеу барысында нақты дерек материал жинақтау мақсатымен қандай да педагогикалық құбылыстың назарға алынуы. Бақыланған құбылыстар міндетті түрде хатталады. Бақылау нақты нысанмен жете танысуға орай алдын ала белгіленген жоспар бойынша жүргізіледі. Бақылау жұмысы келесі кезеңдерге бөлінеді: 1) міндеттері мен мақсаттарын айқындау; 2) бақыланатын объект, оның элементтерін жəне ситуацияларын таңдастыру; 3) бақылау жəне оның барысында ақпарат топтастыруға оңтайлы əрі тиімді тəсілдерді іріктеу; 4) байқалғандарды хатқа түсіру формасын ойластыру; 5) жинақталған ақпараттарды өңдеу жəне дəйектеу.
Бақылау түрлері: араласа бақылау – ізденуші зерттеу жүргізіп жатқан топтың мүшесі ретінде қатысады; сырттай бақылау- зерттеуші ізденіс жұмыстарына тікелей араласпайды; ашық жəне жасырын бақылау; тұтастай жəне таңдамалы бақылау.
Бақылау – орындалуы тұрғысынан ең оңай əдіс, бірақ өзіндік кемшілігі де жоқ емес: көп жағдайларда бақылау барысындағы не соңғы нəтижеге зерттеушінің тұлғалық-əлеуметтік жеке –дара бітістері (көзқарасы, мүддесі, жан толғанысы) ықпал жасап, оның қандай да шынайылылықтан ауытқуына себепші болуы мүмкін.
Сұхбат əдісі - қажетті ақпаратты алу немесе бақылау барысында түсініксіздеу болған құбылыстың мəнін аша түсу мақсатымен дербес не қосымша қолданылатын зерттеу тəсілі. Сұхбат айқындалуы тиіс нақты сұрақтар бойынша күні ілгері түзілген жоспармен орындалады. Əңгімелесу еркін жүргізіліп, сұхбаттас кісінің жауаптары хатталмайды. Сұхбаттасудың екінші бір түрі педагогикаға əлеуметтану саласынан енген – интервью алу. Бұл əдісте сұрақтар алдын ала түзіліп, бірізділікпен қойылып барады. Интервью жауаптары анық жазылып, хатталады.
Анкеттеу – ауқымды материал жинақтау үшін қолданылады. Сұрақ жауаптары жазба күйінде қабылданады. Сұхбаттасу мен интервью алу бетпе-бет əңгімелесумен жүргізіледі, ал анкеттеу – сырттай орындалады. Аталған əдістердің нəтижелі болуы қойылатын сұрақтардың мазмұны мен құрылымына тəуелді. Сауалнама түзуде ескерілетін жəйттер: 1) алынатын ақпараттың сипатын анықтап алған жөн; 2) қойылатын сұрақтың бірнеше баламалы өрнегі болғаны қажет; 3) сауалнаманың бірнеше жоспары түзіліп, ол алғашқы тексеруден өткізілуі тиіс; 4) сауалнама кемшіліктері түзетіліп, пайдалануға ақырға редакциясының ұсынылуы дұрыс.
Құнды материал оқушылардың шығармашылық туындыларын зерттеу əдісімен де алынады. Олар: шəкірттер орындаған жазба, графикалық, шығармашылық жəне бақылау жұмыстары; балалардың суреттері, сызылмалары, жасалған қосалқы бөлшектер, кейбір пəн дəптерлері. Мұндай жұмыстар оқушылардың даралық қабілеттерінен дерек береді, олардың қандай да бір саладағы ептілік жəне дағды жетістіктерінің деңгейін көрсетеді. Мектеп құжаттарымен танысу əдісін қолдана отырып, оқушының жеке ісі (личное дело), дəрігерлік карта, күнделік, жиналыс не отырыс хаттамалары жəне сол секілді мектеп хат-қағаздарымен танысу арқылы зерттеуші оқу-тəрбие , білім игеру процесін ұйымдастыру практикасында нақты қалыптасқан объектив жағдайлар жөніндегі ақпараттармен қаруланады.
Педагогикалық зерттеудің қандайда бір əдіс не тəсілінің педагогикалық тиімділігін анықтау үшін арнайы ұйымдастырылған тексеру түрі- эксперимент ерекше маңызды. Педагогикалық эксперимент міндеттері:1) жобаланған педагогикалық құбылыс жəне оның іске асуында көрініс беретін себеп-салдарлы байланыстар мəнін зерттеу; 2) педагогикалық құбылысқа зерттеушінің белсенді ықпал жасауы; 3) педагогикалық ықпал мен ықпалдастықтың нəтижесін өлшестіру. Эксперимент келесі кезеңмен өткізіледі: – теориялық (проблема қою, зерттеу мақсатын, нысанын жəне денін анықтау, міндеттер мен гипотеза белгілеу);
- əдістемелік (зерттеу əдістемесі мен оның оның жоспарын айқындау, бағдарлама түзіп, алынған нəтижелерді өңдеу əдістерін нақ-тылау);
- эксперимент жұмысы – бірнеше тəжірибелік зерттеу əрекеттерін орындау (ситуация түзу, бақылау, тəжірибені басқару жəне зерттеушілердің жауап əрекеттерін бағалау);
- талдау – сандық жəне сапалық сарапқа салу; алынған деректерге түсініктеме беру; қорытынды жасап, практикалық ұсыныстар енгізу.
Эксперимент түрлері: табиғи (қалыпты оқу-тəрбие процесі жағдайында) жəне зертханалық – қандай да əдістің тиімділігін тексеру үшін жасанды жағдайлар түзу (экспериментке алынған балалар тобы өз алдына бөлектенеді). Көп жағдайларда табиғи эксперимент қолданылады. Ол зерттеуге алынған педагогикалық құбылыс мазмұны, мақсаты жəне т.б. орай ұзаққа созылған не қысқа мерзімді болуы мүмкін.
Егер эксперимент педагогикалық процестің нақты жағдайымен танысуға бағытталған болса, деректеуші (констатирующий) аталып, ал оқушы не сынып ұжымының дамуына қажет жағдайларды анықтауға арналған күнде мұндай эксперимент- қайта жасаушы (дамытушы) деп аталады. Қайта жасау экспериментінде салыстырып баруға керек бақылау топтары түзіледі. Эксперименттік əдістің қиындығы: оны жүргізу техникасын жете білу қажет, бұл зерттеу барысында ұйымдастырушының аса үлкен сыпайылығы мен əдептілігі, көрегендігі мен егжей-тегжейлілігі, зерттеудегілермен қатынас түзу қабілеттілігі де маңызды келеді.
Жоғарыда аталған əдістер тобы педагогикалық құбылыстар танудың эмпирикалық мақсатымен байланысты келеді, яғни жеке-дара ғылыми-педагогикалық деректерді жинақтауға арналады. Ал осы топталған алғашқы деректік материалдың мəн-мағынасын ашып, заңдары мен заңдылықтарын анықтау зерттеудің теориялық талдау əдісімен орындалады.
Теориялық талдау – педагогикалық құбылыстың кей тараптарын, белгілерін, ерекшеліктері мен қасиеттерін біліп, қарастыру үшін қажет. Жеке деректерді талдаумен оларды жүйелі топтарға біріктіреміз, əрбіріндегі жалпылық пен даралықты ескере отырып, ортақ принциптер мен ұстамдарға келеміз. Талдауды біріктіру (синтез) процесімен қатар жүргізе отырып, зерттеудегі педагогикалық құбылыстың мəн-жайына енеміз.
Индуктив жəне дедуктив əдістер – эмпирикалық жолмен алынған ақпаратты қорытындылаудың логикалық əдістері. Индуктив əдіс – ойдың жеке пікірлерден жалпы ойға өтуін байқаса, дедуктив – жалпы пікірден жеке қорытынды жасауға қолданылады.
Теориялық əдістің қажеттігі проблема анықтауға, гипотеза белгілеп, жинақталған деректердің бағасын шығарудан туындайды. Теориялық əдіс көптеген əдебиеттермен таныс болуды талап етеді:
- жалпы адамтану, соның ішінде педагогика классиктерінің еңбектері;
- жалпы жəне арнайы педагогикалық əдебиеттер;
- тарихи-педагогикалық ресми деректер мен құжаттар;
- педагогикалық мерзімді басылымдар ;
- мектеп, тəрбие, мұғалім жөніндегі көркем шығармалар;
- педагогикалық анықтама құралдары;
- педагогика жəне онымен сыбайлас пəндер бойынша оқулықтар мен – əдістемелік қолданбалар.
Əдебиеттермен танысудың арқасында қай проблеманың қандай тараптары жақсы зерттелгенін, қандай проблемалардың дау-дамайлы жəне қай мəселелердің əлі тың жатқанын білуге болады.
Əдебиеттермен жұмыс істеу əдістерінің түрі сан-алуан. Олар арасында көбірек қолданылатындары: кітапдерек (библиография) түзу – зерттелетін мəселеге байланысты іріктеліп алынған деректік əдебиеттер тізімі; реферат жазу – жалпы тақырып бойынша бір не бірнеше ғылыми еңбектің қысқартылып берілген мазмұны; конспектілеу – жұмыстың маңызды идеялары мен тұжырымдарына байланысты жан-жақты материалдарды мұқият қамтыған жазбалар; аннотациялау – кітап пен мақаланың жалпы мазмұнынан қысқаша ақпар жазу; сілтеме (цитата) беру – əдеби деректе келтірілген ой, пікір не санды өзгертпестен мəтінге ендіре жазу.
Педагогикадағы математикалық жəне статистикалық əдістер сауалнама, эксперимент жолымен алынған деректемелерді өңдеу үшін, сондай-ақ зерттеліп жатқан құбылыстар арасындағы сандық тəуелділіктерді анықтау мақсатында қолданылып, эксперимент нəтижесін бағалауға, қортындылар сенімділігін арттыруға, теориялық тұжырымдарды негіздеуге жəрдемдеседі. Математикалық əдістер арасында педагогикада ең көп қолданымға келетіндері: тіркеу (регистрация), ранжирование (тəртіпке келтіру), өлшемге түсіру (декодирование). Статистикалық əдіспен қолға түскен көрсеткіштердің орташа сандық шамасы айқындалады: орта арифметикалық (салыстырып бақылау жəне эксперименттік топтардың жазба жұмыстарында жіберілген қателердің орташа санын шығару үшін); медиана – тізімдердің орта тұсындағы көрсеткіш (топта он екі оқушы болса, бағаның өсу дəрежесімен өрнектелген тізімде алтыншысының бағасы - медиана ); таралу дəрежесі – дисперсия немесе орташа квадраттың ауытқу, баламалар коэфиценті жəне т.б.
Мұндай есептерді жүргізу үшін белгілі формулалар, анықтама таблицалар қабылданған. Осы əдістермен жинақталған көрсеткіштердің сандық тəуелділіктері графиктер, диаграммалар, таблицалар түрінде өрнектеледі.
Педагогика ғылымында жас зерттеушілердің араласуын күтіп жатқан, əлі анықталмай елеусіз болған құбылыстар байланысы мен тəуелділіктері ұланғайыр, тың халінде. Педагогиканың жемісті дами түсуінің басты шарты – ғалымдар мен педагог-практиктердің бірлікті іс-əрекеті. Егер осы теориялық жəне тəжірибелік ізденістер аталған педагогикалық əдістер жүйесін жете білумен жүргізілетін болса ғана, педагогтың өз тəжірибесі де, басқалардың да педагогикалық ұсыныстары мақсатты бағытта зерттеліп, талданады, соның нəтижесінде оқу-тəрбие ұйымдастыру жолындағы табыстары мен жаңалықтары ғылыми тұғырға орнығуы сөзсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |