Кіріспе Әл-Муалим ас-Сани, яғни Екінші Ұстаз деген атпен танымал Әбу Наср әл-Фараби грек ғылымы мен ислам идеясы арасындағы насихаттаушы тұлға ретінде фәлсафа тарихында үлкен орын алады. Аристотельдік логика тарихында маңызды рөлге ие болып, латын тіліне Аристотель еңбектерін аударған Рим консулы Боэтиус /525 ж.қ.б./ пен Батыс Еуропадағы Абелард /1141 ж.қ.б./ тұлғаларынан алға кетті десек қателеспейміз. Өзінің ұстазы деп мойындаған әл-Киндидің өзі /866 ж.қ.б./ оншалықты көп еңбек мұрағаттай алмады. Әбу Якуб әл-Кинди асторономия мен исхологияның, физика мен метафизиканың негізін салған. Дегенмен, кейбір деректерге жүгінетін болсақ, ойшыл туындылары шашыраңқы, бір жүйелі емес, кеміс кеткен тұстары көп, көптеген маңызды мәліметтерге тоқталмаған. Ал әр-Рази /925 ж.қ.б./ болса Платонды ерекше құрметтеп, оның бүкіл шығармашылығына таңданыспен қараса да, фәлсафа мен дінді алшақтатуға әрекет жасаған. Исламдағы ең үлкен сектант ретінде танымал болған ойшыл ресми діни көзқарасты бес принциппен – жаратушы, жан, материя, кеңістік және уақыт деп алмастырады.
Өз кезегінде әл-Фарабидің жоғалып кеткен "Фәлсафаның шарықтауы" атты еңбегінде грек фәлсафасының Аристотель заманынан бастап, Птоломей дәуіріндегі Александрия ойшылдарының талғамынан өте отырып, исламдық ортаға енуі терең зерттеліпті. Алайда ол туынды белгісіз себептермен жоғалып кеткенін өкінішпен атап көрсетеді профессор Мажид Фахри [15. 1]. Бірақ ойшылдың кейбір сақталған жазбаларына үңілетін болсақ, Аристотель мен Платон философиясы, сонымен қатар өзінің ұстаздары Юханна ибн Хайлан, Абу Бишр Матта /940 ж.қ.б./, Куайри, Ибрахим әл-Маруази шығармашылығы туралы көбірек мәлімет табамыз. Бір айта кететін нәрсе, жоғарыдағы сириялық ойшылдардың ешқайсысы Аристотельдік логиканың алғашқы төрт кітабынан, Порфиридің Исагогасынан, Категорияларынан, Приордың Аналитикасынан асып кете алмаған. Себебі сол тұстарда христиан дінінің ықпалында өмір сүрген ойшылдар ғылымның кейбір тұстарын жетік аша алмады. Ал әл-Фараби болса бірінші болып сириялық дәстүршілдіктен аттап өтіп, Аристотельдік логикадан негіз алған өзінің түсіндірмелері қатарында Риторика мен Поэтикасын ұсынады. Сонымен бірге ол бірінші болып Аристотельдің Органонына түсініктеме беріп, ислам әлеміне танытты. Екінші Ұстаздың логика саласында ғана емес, космология мен метафизикадағы ерен еңбегін айтпасқа тағы да болмайды. Себебі әл-Кинди мен әр-Рази космология мен метафизиканы Әбу Наср сияқты жүйелі түрде қарастыра алмаған. Сондықтан да біз әл-Фарабиді эманациялық жүйеге
негізделген космология мен метафизиканы реттестіре отырып, ислам қоғамдық ой-санасы тарихындағы жүйелі философияның ірге тасын қалаған тұңғыш философ деп атаймыз. Әбу Наср әл-Фараби философия мен ғылымның барлық тараулары бойынша қалам тартып жүз алпысқа жуық еңбек жазған. Бабамыздың мирасы біртіндеп игеріліп келеді. Ойшылдың артында қалған мол рухани байлыққа иелік етіп, оларды толық жинастырып, аударып зерттеу, қазіргі күннің келелі пайдасына жарата білу – біздің қасиетті парызымыз деп білемі