Көру түйсігі Оптиканы әл-Фараби математиканың бір саласы деп қарастырады. «Бұл – айна туралы ғылым саласы» Ойшыл бұл турасында «Оптика да геометрия тәріздес форма, шама, рет, тәртіп, орын, теңдік, теңсіздік т.б. нәрселерді қарастырады. Алайда геометрияның пәні өте жалпы, ол сызықтарды, жазық фигураларды және геометриялық денелерді абсолют мағынада қарастырады. Оптика геометрия зерттейтін мәселелерді қарастырғанмен, оны дербес бөліп қарастыру ыңғайлы, өйткені геометрия бойынша белгілі бір қалпы, формасы, орны, реті бар нәрселерді сыртынан қарағанда оларға қарама-қарсы қасиеттер көрінуі мүмкін. Мәселен, ақиқатында төрт бұрышты нәрселер белгілі бір аралықтан қарағанда дөңгелек болып, үздіксіз шамалар – үздікті, тең емес – тең, бір жазықтықта орналасқан нәрселердің біреуі жоғары, біреуі төмен, алда тұрғаны артта, ал артта тұрғаны алда болып көрінуі мүмкін. Оптиканың жәрдемімен ақиқат, анық пен оның алдамшы көрінісінің парқы ажыратылады, қатаң дәлелдеу жолымен мұның себебі айқындалады. Көзбен көруде кездесуі мүмкін болатын қателердің барлығы ескеріледі... Оптиканың жәрдемімен адам қасына баруға болмайтын нәрселердің шамасын, мөлшерін, олардың бақылаушыдан және бір-бірінен қашықтығын біле алады... Оптиканың жәрдемімен бақылаушының орнына немесе жер бетіндегі кез келген басқа бір орынға қатысты бұлттың немесе басқа нәрселердің қашықтығын білуге болады... Көрінетін, байқалатын нәрселердің барлығы ауа немесе басқа бір мөлдір зат арқылы өтіп, біздің көзімізді көрінетін нәрсемен байланыстыратын сәулелер арқылы көрінеді... Сынушы сәулелер көзден шыққаннан кейін айнаға түсіп, бақылаушы жаққа қарай бұрылып, оның артқы, оң немесе сол немесе жоғары жағындағы нәрсеге түсіп, қайта қайтады... [31. 22-26]. Б.Г. Ананьевтің айтуынша «көз торы клетакаларының жарық сезгіштігі суретке түсіргіш пластинканың жарық сезгіштігінен 3000 есе артық». «Фарабидің оптикасы, қазіргі тілмен айтқанда, геометриялық оптикаға жатады. Ол ежелгі грек физиктерінің еңбектеріне сүйеніп сәуле адам көзінен шығады-мыс деген көзқарасты мақұлдап отыр. Фараби басқа физикалық еңбектерінде гректердің бұл қате пікірін мойындамайды. Сәуле болу үшін жарық көзі болу қажет деген дұрыс пікірді жақтайды» А.Қасымжанов былай дейді: «Адамның көру түйсігінің айрықша ерекшеліктері, әсіресе, оның түсті сезу және кеңістікті көру сияқты құрамдас бөліктері, олардың адам өз қолымен жасаған заттардың, олардың формалары мен бояуларының негізінде дамытылған заттың кеңейтілген әлемінде болып табылады. Өзінің барлық формалары арқылы көрініс табатын материалдық өндіріс заттарды технологиялық тұрғыда өзінің мақсатты және эстетикалық формасына дейін өңдеу, кескіндеме, сәулет өнері, мүсін өнері – міне бұл адамның көзін культивация жасайтын және дамытатын негіз».