Пән атауы: Философия Тақырып: №12
Практикалық сабақ: Қоғам және мәдениет.
Тапсырма №1. Төмендегі сұрақтарға жауап беріңіз:
«Қоғам» ұғымына берілген қандай анықтамаларды білесіз?
Қоғам туралы түсінікке анықтама беру үшін ол туралы ежелгі ғалымдардың қоғам туралы ойларын қарастыруға болады.
1)Қоғам – адамдардың өз өмірлерін өндіру, қамтамасыз ету және қайта өндіру мақсатындағы қызметтерінің жиынтығы. Бұл түсінік антика дәуірінің өзінде-ақ қалыптаса бастады. Мысалы, Демокрит адам алғашында табиғаттың сыйын тұтынып қана қоятын еді, бірте-бірте қолын, ойлау қабілетін дамытты, еңбек құралдарын жасауды, баспана тұрғызуды және киім тігуді үйренді деген болатын. Аристотельдің ойынша, күнделікті қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін табиғи түрде пайда болған араласудан – отбасы, бірнеше отбасынан – елді мекен, бірнеше елді мекеннен – қоғам қалыптасады және адам – табиғатынан қоғамдық, саяси тіршілік етуші. Жаңа Дәуірде Томас Гоббс адам қоғамының екі күйін бөліп көрсетеді: табиғи және азаматтық. Табиғи күйде қоғам “адам адамға қасқыр” формуласы бойынша өмір сүреді, ал азаматтық қоғамның мүшелері өзара келісім-шартқа отырып, өз құқықтарының белгілі бір бөліктерін мемлекетке береді, соның нәтижесінде азаматтық қоғам пайда болады. Маркстің пікірінше, қоғам индивидтердің қарапайым жиынтығы ғана емес, адамдар бірін-бірі оларда табатын байланыстар мен қатынастардың күрделі жиынтығы, яғни қоғам – адамдардың өзара әсер етулерінің нәтижесі, олардың маңызды адами (биологиялық, әлеуметтік және рухани) байланыстары мен қатынастарының жүйесі.
Қоғамға тағы мынадай анықтама берсек болады.Қоғам-адамдар арасында қалыптасқан саяси әлеуметтік байланыстардың тұрақты қатынастар жүйесі.
Қоғам-Зерделі түрде ұйымдастырылған жалпыға ортақ мүдделерге,қажеттіліктерге біріккен адамдардың мәдени өмірдің іс әрекет формуласы.
Қазіргі заманғы батыс философтары да қоғамды жеке индивидтердің жиынтығы ретінде емес, әлеуметтік топтар мен жүйелерге біріккен адамдардың бірлескен қызметі ретінде қарастырады. Мысалы, Макс Вебер қоғамды жүйе және құрылым ретінде қалыптастыратын белгі деп әлеуметтік өзара әсер етудің белгілі бір типін айтады. Олар: дәстүрлі, аффектілі, мақсатты-рационалды және құндылықты-рационалды. Дәстүрлі қоғамның құрылымы әдеп-ғұрып, салт-дәстүр, сенім, билікке деген сакралды қатынастан тұрады, ал индустриалды қоғамда адамдардың мақсаттырационалды және құндылықты-рационалды әрекеттері басым. Философиялық тұрғыдан алғанда, қоғам – материя дамуының ең жоғары формасы, ол кең көлемді табиғи жүйелер әсер ететін ашық жүйе. Қоғамның философиялық түсінігі екі негізгі белгіні қамтиды: 1) қоғам табиғаттың бөлігі; 2) тұтастан (табиғаттан) жеке ретінде бөлініп шыққан қоғам өзінің ерекше заңдарымен дамиды, бұл заңдар табиғат заңдарынан бөлек. Қоғам – ашық динамикалық жүйе, бұл жүйеде қоршаған ортамен зат алмасу және энергия алмасу үрдісі үнемі жүріп отырады. Динамикалық жүйе болғандықтан, қоғам өзінің күйін үздіксіз өзгертіп, белгілі бір кеңістік пен уақыт аясында дамиды. Қоғамның дамуы сабақтастыққа ие, яғни алдыңғы қоғам келесі қоғамға негіз болады.