Өнертабысқа қорғау құжатын беруге өтінiм
1. Өнертабысқа қорғау құжатын беруге өтiнiм (бұдан әрi - өнертабысқа өтiнiм) бiр өнертабысқа немесе өзара байланыстылығы өнертапқыштық бiр ойды құрайтын өнертабыс тобына берiледi (өнертабыс бiрлiгiнiң талабы).
2.Өнертабысқа өтiнiмде мынадай құжаттар:
1) өнертабыс авторлары және атына қорғау құжаты сұралып отырған адамдар, сондай-ақ олардың тұрғылықты жерi немесе орналасқан орны көрсетiлген қорғау құжатын беру туралы өтiнiм;
2) бiлiмнiң тиiстi саласындағы маманның өнертабысты жүзеге асыруы үшiн толық, жеткiлiктi ашылған сипаттамасы;
3) өнертабыстың объектiсiн айқындайтын және оның мәнiн бiлдiретiн өнертабыстың формуласы. Формула анық, нақты болуға және сипаттамаға негiзделуге тиiс;
4) егер өнертабыстың мәнiн түсiну үшiн қажет болса, сызбалар және өзге де материалдар;
5) реферат;
Өнертабысқа өтiнiмге өтiнiм беруге, сонымен бiрге ресми сараптама жүргiзуге белгiленген мөлшерде ақы төленгенiн растайтын құжат және оның мөлшерiн азайту негiздемесiн растайтын құжат қоса тiркеледi, оларды өтінімге қоса немесе өтiнiм түскен күннен бастап екi ай iшiнде тапсыруға болады. Тиiстi төлем жасалған жағдайда бұл мерзiм ұзартылуы мүмкiн, бiрақ ол екi айдан аспауға тиiс.
Төлем жөнiндегi құжаттар белгiленген мерзiмде тапсырылмаған жағдайда өтiнiм берiлмеген болып есептеледi.
Өнертабысқа өтiнiмдi жасау, ресiмдеу және қарау, мәлiметтердi Қазақстан Республикасы өнертабыстарының мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзу, сондай-ақ қорғау құжатын беру тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
Достарыңызбен бөлісу: |