Өнертабысқа патент беруге өтінімге жасалатын сараптама
Өнертабысқа патент беруге өтiнiм берiлген күн белгiленгеннен кейiн сараптама жасау ұйымы ол бойынша ресми сараптама жүргiзедi.
Ресми сараптама жүргiзу барысында осы Заңның 17-бабының 2-тармағында көзделген құжаттардың бар екендiгi және оларға қойылатын талаптардың сақталуы тексерiледi.
Егер өтiнiм берушi өтiнiм бойынша осы Заңның 21-бабына сәйкес қосымша материалдарды табыс еткен болса, сараптама процесiнде олар өтiнiм берiлген өнертабыстың мәнiн өзгертпейтiні тексерiледi.
Егер қосымша материалдарда өтiнiмнiң бастапқы материалдарында жоқ, өнертабыс формуласына енгiзуге жататын белгiлер болса, олар өтiнiм берiлген өнертабыстың мәнiн өзгертедi. Қосымша материалдар өтiнiм берiлген өнертабыстың мәнiн өзгертетiн бөлiгiнде өтiнiмдi қарау кезiнде назарға алынбайды және оны өтiнiш берушi дербес өтiнiм ретiнде ресiмдеуi мүмкiн, бұл жөнiнде өтiнiм берушiге хабарланады.
Оның құжаттарына қойылатын талаптарды бұза отырып берiлген өтiнiм жөнiнде өтiнiш берушiге оны жiберген күннен бастап үш ай мерзiмде түзетiлген немесе жоқ құжаттарды табыс ету ұсынылған сауал жiберiледi.
Егер өтiнiм берушi аталған мерзiмде сұратылған құжаттарды немесе белгiленген мерзiмдi ұзарту туралы өтiнiштi табыс етпесе, өтiнiм қайтарып алған болып есептеледi.
Өнертабыс бiрлiгi талабын бұза отырып берiлген өтiнiм бойынша өтiнiм берушіге оған тиiстi хабарлама жiберген күннен бастап үш ай мерзiмде өнертабыстардың қайсысы қаралуға тиiс екенiн хабарлау және қажет болған жағдайларда өтiнiм құжаттарына нақтылау енгiзу ұсынылады. Бастапқы өтiнiм материалдарына енген басқа өнертабыстар бөлектелген өтiнiмдермен ресiмделуi мүмкiн..
Егер өтiнiм берушi өзiне бiрлiк талаптарының бұзылғаны туралы хабарлама жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiмде өнертабыстардың қайсысын қарау қажет екенiн хабарламаса және нақтыланған құжаттарды табыс етпесе, формулада бiрiншi көрсетiлген, сондай-ақ алғашқысымен байланыстылығы соншалықты, олар өнертабыс бiрлiгi талаптарын қанағаттандыратын басқа да өнертабыстар объектiсi қаралады.
Өтiнiмге мәнi бойынша сараптама мәлiмделген ұсынысты өнертабыс ретiнде қорғалатын объектiлерге жатқызу мүмкiндiгiн белгiлеудi, техника деңгейiн анықтау үшiн мәлiмделген өнертабысқа қатысты ақпараттық iздестiру жүргiзудi, мәлiмделген объектiнiң (oбъектiлердiң) өнертабыс бiрлiгiнiң талабына және осы Заңның 6-бабында белгiленген патентке қабiлеттiлiк шарттарына сәйкестiгiне тексеру жүргiзудi қамтиды және өтiнiмге мәнi бойынша сараптамаға ақы төленген жағдайда жүзеге асырылады.
Мәнi бойынша сараптама ресми сараптаманың нәтижесi туралы хабарлама жiберiлген күннен бастап үш ай iшiнде сараптама жасау ұйымына өтiнiмге мәнi бойынша сараптамаға ақы төленгендiгiн растайтын құжатты берген жағдайда жүргiзiледi. Мәнi бойынша сараптамаға ақы төленбеген жағдайда өтiнiм керi қайтарып алынған болып есептеледi.
Мәнi бойынша өтiнiм сараптамасын жүргiзу кезеңiнде сараптама жасау ұйымы өтiнiм берушiден онсыз сараптама өткiзу мүмкiн болмайтын қосымша материалдарды, оның iшiнде өнертабыстың өзгертiлген формуласын сұратып алуға құқылы.
Сараптама жасау ұйымының сұратуы бойынша қосымша материалдар, сұратуға немесе өтiнiмге қарсы қойылатын материалдардың көшiрмелерiн өтiнiм берушi оған сараптама жасау ұйымының сұратуы жiберiлген күннен бастап екi ай iшiнде сұратқан жағдайда, аталған көшiрмелер жiберiлген күннен бастап өнертабыстың мәнi өзгертiлмей үш ай мерзiмде табыс етiлуге тиiс.
Егер өтiнiм берушi сұрау салынған материалдарды немесе белгiленген мерзiмдi ұзарту туралы өтiнiштi белгiленген мерзiмде табыс етпесе, өтiнiм қайтарып алынған болып есептеледi.
Өтiнiм берiлген өнертабыс өтiнiш берушi сұраған құқықтық қорғау көлемiнде өнертабыстың патент қабiлеттiлiгi талаптарына сәйкес келмейтiнi анықталған кезде сараптама жасау ұйымының терiс қорытындысы берiледi.
Сараптама жасау ұйымының терiс қорытындысы мына жағдайларда:
1) егер өтiнiм өнертабыс ретiнде қорғалмайтын объектiлерге қатысты болса;
2) егер өтiнiм берушi ұсынылған формулада өтiнiмнiң бастапқы материалдарында жоқ белгiлердiң болуы туралы немесе өнертабыс ретiнде қорғалатын объектiден басқа, өнертабыс ретiнде қорғалатын объектiлерге жатпайтын ұсынысты да сипаттайтын болса немесе оған қатысты өнертабыс бiрлiгi талаптары бұзылуына байланысты қарау өткiзiлмегенi туралы хабарланғаннан кейiн өнертабыс формуласын өзгертпесе берiледi.
Өтiнiм берушi сараптама жасау ұйымының терiс қорытындысы жiберiлген күннен бастап үш ай мерзiмде уәкiлеттi органға қарсылық бере алады. Қарсылықты шағым кеңесi ол түскен күннен бастап төрт ай мерзiмде қарауға тиiс.
Өтiнiм берушi сараптама жасау ұйымының тиiстi қорытындысы берiлгенге дейiн өтiнiмдi қараудың кез келген сатысында инновациялық патент беру туралы өтiнiшхат бере алады. Бұл жағдайда сараптама осы Заңның 22-1-бабына сәйкес жүргiзiледi.
Өтiнiм беруші сараптаманың қарсы қойған барлық материалдарымен таныстырылуы мүмкiн. Өтінiм берушi сұратқан материалдарды сараптама жасау ұйымы оған сұрау салынған күннен бастап бiр ай мерзiм iшiнде жiбередi.
№ 15 дәріс Лицензиялы келісім шарт; лицензиямен сауда жасау, лицензия түрлері;
Патент иеленушi болып табылмайтын кез келген адам қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн патент иеленушiнiң рұқсатымен ғана лицензиялық шарт негiзiнде пайдалануға құқылы.
Лицензиялық шарт лицензиатқа:
1) лицензиардың өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану мүмкiндiгiн және басқа адамдарға лицензия (қарапайым, ерекше емес лицензия) беру құқығын сақтай отырып, оны пайдалану құқығын;
2) лицензиардың өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану мүмкiндiгiн сақтай отырып, бiрақ оны пайдалану құқығын басқа адамдарға лицензия (ерекше лицензия) беру құқығынсыз;
3) лицензиардың өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану мүмкiндiгiн сақтамай және басқа адамдарға лицензия (толық лицензия) беру құқығынсыз пайдалану құқығын берудi көздеуi мүмкiн.
Егер лицензиялық шартта лицензия түрi көзделмесе, ол ерекше емес, қарапайым болып табылады.
Лицензиаттың өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн пайдалану ерекше емес лицензияны (қосалқы лицензиялық шарт) басқа адамға (қосалқы лицензиатқа) беру туралы шарт лицензиялық шартта қарастырылған жағдайларда ғана жасалуы мүмкiн.
Егер лицензиялық шартта өзгеше көзделмесе, қосалқы лицензиаттың әрекеттерi үшiн лицензиар алдында лицензиат жауапты болады.
Өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi пайдалануға арналған лицензиялық шарт пен қосалқы лицензиялық шарт жазбаша нысанда жасалады және ол уәкiлеттi органда міндетті түрде тiркелуге жатады. Жазбаша нысанды немесе тiркеу туралы талапты сақтамау шарттың жарамсыздығына әкеп соғады. Лицензиялық шартты тiркеу сараптама жасау ұйымы жүргізетін материалдарды сараптау нәтижелерi бойынша жүзеге асырылады.
Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, қосалқы лицензиялық шартты тiркеу тәртiбiне лицензиялық шартты тiркеу туралы ережелер қолданылады.
Лицензиялық шартты тіркеу үшін сараптама жасау ұйымына белгіленген нысандағы өтініш ұсынылады. Өтінішке:
1) титулдық парақпен жабдықталған шарттың төрт дана түпнұсқасы қоса беріледі. Шарттың әрбір данасы тігіледі, тігілген және нөмірленген парақтардың саны туралы жазба жасалған қағаз пломбамен бекітіледі, мөр бедерлемесі мен екі тараптың немесе соған уәкілеттік берілген екі тарап тұлғаларының қолдары қойылады. Материалдарды тіркеуге беру шартқа қол қойылған күннен бастап алты ай мерзімнен кешіктірілмей жүзеге асырылады. Шарт түпнұсқаларының орнына шарттың нотариат куәландырған көшірмелері ұсынылуы мүмкін;
2) өтініш патенттік сенім білдірілген өкіл немесе өзге де өкіл арқылы берілген жағдайда – сенімхат;
3) мемлекеттік бажды төлегенін растайтын құжат қоса беріледі.
Ұлттық өтініш берушілер жоғарыда көрсетілген құжаттардан басқа, лицензиардың (қосалқы лицензиардың) басқару органдарының шарт жасасу және заңды тұлғаның атынан өтініш берілген жағдайда кәсіпорын басшысының қол қою өкілеттігін беру мәселесі жөніндегі шешімін ұсынады.
Өтiнiш және басқа да қажетті құжаттар қазақ және орыс тiлдерiнде ұсынылады. Шетелдiк есiмдер мен заңды тұлғалардың атаулары қазақ және орыс транслитерациясымен көрсетiлуге тиiс. Егер құжаттар басқа тілде ұсынылса, өтінішке олардың нотариат куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы қоса беріледі. Өтiнiш бiр лицензиялық шартқа қатысты болуға тиiс. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын жеке тұлғалар немесе уәкілетті органға шарт материалдарын өз атынан беретін шетелдiк заңды тұлғалар шартты тiркеуге байланысты құқықтарды Қазақстан Республикасының тiркелген патенттiк сенiм бiлдiрілген өкілдері арқылы жүзеге асырады. Уақытша Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жүрген оның азаматтары Қазақстан Республикасы аумағының шегiнде хат-хабар алмасуға арналған мекенжайын көрсеткен жағдайда, шартты тiркеуге байланысты құқықтарды патенттiк сенiм бiлдiрілген өкілсіз жүзеге асырады.
Лицензиялық шарт (қосалқы лицензиялық шарт) уәкілетті органда тіркелген күнінен бастап күшіне енеді.
Патент иеленушi уәкiлеттi органға кез келген адамға өнеркәсiптiк меншік объектiлерiн пайдалануға лицензия (ашық лицензия) алу құқығын беру туралы арыз бере алады. Көрсетiлген лицензияны сатып алуға тiлек бiлдiрушi адам патент иеленушiмен төлемдер туралы шарт жасасып, оны мiндеттi түрде уәкiлеттi органда тiркетуге тиiс. Шарт талаптары бойынша даулар сотта қаралады.
Ашық лицензия құқығын беру туралы патент иеленушiнiң өтiнiшi ашық лицензиялар туралы бюллетеньде мәлiметтер жарияланған күннен бастап үш жыл бойына күшiн сақтайды. Көрсетілген мерзiм шегiнде қорғау құжаттарын күшiнде ұстағаны үшiн төлем ашық лицензиялар туралы мәлiметтер жарияланғаннан кейiнгi жылдан бастап 50 процентке азаяды. Лицензиялық шарт жасалған жағдайда, қорғау құжатын күшiнде ұстау ақысы осы шарт жасалған жылдан кейiнгi жылдан бастап толық көлемде жүргiзiледi.
Достарыңызбен бөлісу: |