Негізгі әдебиет:1. [1.7: 4], 2. [1.7: 7], 3. [1.7: 9],
Қосымша әдебиет:1. [1.7: 4], 2. [1.7: 5].
№ 4 дәріс тақырыбы: Лексикология. Сөз бен дыбыстың, сөз бен мағынаның және ұғымның өзара бірлігі мен айырмашылығы. Сөзге тән белгілер. Семасиология. Сөз мағынасының түрлері (тура және ауыспалы мағына, лексикалық, грамматикалық мағына, нақты және абстракт мағына, сөздің көп мағыналылығы т.б.).
1 сағат. 4-апта Дәріс тезисі: Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы ғылыми тұрғыдан кең түрде зерттеліп келеді. Жалпы, лексикология – сөз туралы ғылым.
Сөз - өте күрделі тілдік категория. Сөздің сан-салалы қабаттары бар. Атап айтар болсақ мағыналық, дыбыстық жағы, шығу төркіні, даму тарихы, қолдану ерекшелігі, жасалу жолы, өзгеру жүйесі және басқа да жақтары сөздің күрделілігін аша түседі.
Қазақ тілінің негізгі сөздік қоры мен сөздік құрамын, оның дамып, жетіліп, баю жолдарын, сөздің шығу төркінін, қолданылу қабілеттілігін, күнделікті қарым-қатынастағы көрінісін, сөздердің экспрессивті – эмоционалды сипатын және сан қырлы стильдік ерекшеліктері мен қолданылу аясы туралы зерттейтін ғылымды лексикология дейміз.
Сөздің лексикалық мағынасы – белгіленуші заттың немесе құбылыстың жиынтық бейнесі болып табылатын сөз мазмұны.
Мағына туралы ойымызды әрі қарай жалғастыратын болсақ, мағына – сөздердің ұғыммен байланысты мән, мазмұны. Сөз мағынасы мен оның ұғымы тығыз байланысты болғанымен екі бөлек құбылыс болып табылады. Сөздің ұғымы тұтас, дербес болғанымен мағынасы әлдеқайда кең, бірнешеу болады. Көпмағыналық әрқашанда контекспен байланысты болып келеді. Көп мағыналы сөз дара ұғымның емес, өзара байланысты заттар мен құбылыстардың ұғымдарының бүтіндей тобының өмір сүруінің формасы болып табылады.
Сөздің тура, негізгі мағынасы мен ауыспалы мағынасы бір-бірімен берік байланыста болады. Сөздің тура мағынасы -–затпен тікелей бірліктегі әрекет пен құбылысты, адамның ойымен байланысты түсініктерді, түйсікті білдіретін негізгі мағынасы. Ал сөздің ауыспалы – келтірінді мағынасы – сөздің әдеттегіден тыс, табиғи емес мағынасы. Сөздердің тура негізгі мағыналары тұрақты сөз тіркестерінде де бар. Сөздердің фразеологиялық мағынасы дегеніміз – фразеологиялық тұтастық, бірліктегі сөздердің лексикалық мағынасы.
Сөздік құрам тілімізге кірген жаңа сөздермен толығып, байып отырады. Тілімізде жаңа мағыналардың пайда болуы ауыспалы мағынадағы сөздерден (метафора, метонимия, синекдоха) келіп шыққан. Троптың бұл түрлері көркем шығармада өте жиі ұшырасады. Метафора, метонимия, синекдохалық қолданыстар әдебиетте де қарастырылады.
Сөздің тура мағынасы нақты, қашанда тұрақты болады және айқындалып тұрады. Негізгі мағына әрқашанда ауыспалы мағынаның қайнар көзі әрі оның пайда болуына себепкер болады.
Сөздік құрам тілімізге кірген жаңа сөздермен толығып, байып отырады. Тілімізде жаңа мағыналардың пайда болуы ауыспалы мағынадағы сөздерден (метафора, метонимия, синекдоха) келіп шыққан. Троптың бұл түрлері көркем шығармада өте жиі ұшырасады. Метафора, метонимия, синекдохалық қолданыстар әдебиетте де қарастырылады.
Сөздің тура мағынасы нақты, қашанда тұрақты болады және айқындалып тұрады. Негізгі мағына әрқашанда ауыспалы мағынаның қайнар көзі әрі оның пайда болуына себепкер болады.
Метафоралық мағына (гр. сөзі – ауыстыру) – белгілі бір зат атауының белгісі мен қасиетіне қарай басқа бір затқа атау болуына байланысты сөз мағынасын ауыстыра қолданатын троптың бір түрі. Метафора қолдану сипатына қарай негізінен екі түрге бөлінеді: а) тілдік метафора; ә) поэтикалық метафора. Тілдік (сөздік) метафора сөзге үнемі жаңа мағына қосып, оның семантикалық аясын кеңейтіп әрі үздіксіз дамып отырады.
Тілдік метафора жалпыхалықтық қолданыс болғандықтан дәстүрлі метафора деп те аталады. Тілдік метафоралар көбінде қазақ тіліндегі көп мағыналы сөздерден ұқсату негізінде шыққан. Мысалы: аяқ, бас сөздері орындықтың аяғы, жұмыстың басы. Ауылдың басынан кіріп, аяғынан бір-ақ шықтым дегенде үшінші мағына пайда болған. (Үш аяқты мотоцикл, екі аяқты велосипед) деп ұқсатып, аяқ сөзіне жаңа мағына қосып айтатын болдық.
Синекдоха – гректің жобалап, нобайлап, шамалап түсіну – бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны, үлкеннің орнына кішіні немесе жалқының орнына жалпыны, бөлшектің орнына бүтінді қолдану негізінде сөз мағынасын алмастыру амалы. Қазақ ауызекі сөзде: «Басың нешеу?», – деп сұрайды. Бұл «Отбасыңда қанша адам бар?» Бүтіннің орнына бөлшек қолданатын «Адам» бүтін ұғым «бас» бөлшекті білдіреді. «Тұяқ орнына тұяқ тұра береді». «Тұяқ» – малдың аяғы бөлшек бола тұрып, «тұтас мал» деген ұғымды білдіреді.
Қазіргі қазақ тілі лексикологиясының мынадай негізгі салалары бар: этимология, семасиология, фразеология, лексикография.
Қандай да бір тіл болмасын оның дамып жетілгендігі лексикадағы сөздердің санымен емес, оның мағынасының кеңдігімен, қолдану аясының мүмкіншілігімен өлшенеді. Сонымен, семасиология (гр. semasia – “белгі”, мән, мағына + logos – ілім) сөздердің мағыналарын және олардың өзгеру, даму жолдарын, семантикалық заңдылықтарды зерттейді. Семасиология, әсіресе сөздіктер жасағанда өте қажет.
Тіл-тілдің сөздік құрамында бірнеше лексикалық мағыналары бар сөздер де, белгілі бір тарихи жағдайларға байланысты мағыналары кеңейіп, не тарылып кеткен сөздер де, мағынасы мүлдем күңгірттеніп кеткен де, қолданудан шығып кеткен сөздер де жиі ұшырасады.
Міне, осы сияқты сөз мағыналарының алуан түрлі қабаттары семасиологияның зерттеуіне айналады.