Негізгі әдебиет:1. [1.7: 2], 2. [1.7: 10], 3. [1.7: 14].
Қосымша әдебиет: 1. [1.7: 8], 2. [1.7: 11].
№ 5 дәріс тақырыбы: Омонимдер. Синонимдер. Антонимдер. Фразеологизмдер. Мақал-мәтелдер және олардың мәні. Бастауыш сыныпта оқытылатын лексикалық ұғымдар.
1 сағат. 5-апта Дәріс тезисі: Омонимдер. Омоним (грек. homos – біркелкі, onyma – есім) – айтылуы мен жазылуы бірдей, бірақ беретін мағыналары әр түрлі болып келетін жеке сөздер мен сөз тіркестері және сөйлемдер. Омонимдердің көп кездесетіндері – лексикалық түрі – қас (дұшпан), қас (қабақтың үстіндегі шаш); күн (планета), күн (тәуліктің бір кезеңі), күн (күн көру – тіршілік). Морфологиялық омонимдер де кездеседі: -ма/-ме, -ба/-бе, -па/-пе жұрнақтары етістіктің болымсыз түрін де, басқа сөз табынан зат есім жасауға да қатысады (айтпа, көрме, жазба, мінездеме, анықтама т.б.). Синоним (грек – мағыналас, мәндес) – түр-тұрпаты әр түрлі болғанымен, мән-мағынасы жақын сөздер болып табылады. Синоним сөздер бір ғана ақиқат шындықты көрсетеді және бір ғана ұғымды білдіреді. Қазақ тілі синонимге өте бай, бұл біздің сөздік құрамымыздың молдығын, байлығын көрсетеді. Сайып келгенде, тіліміздің оралымдылығын, әсерлілігін, мәнерлегіштігін, сөздердің қолдану аясының мүмкіншілігін көрсетеді. Мысалы, бір ғана бет сөзіне жиырмадан астам синоним бар екен: бет, жүз, түр, түс, келбет, көрік, өң, ажар, шырай, пішін, кейіп, кескін, дидар, нұсқа, рең, рай, әлпет, ұсқын, мүсін, сүрең, сиың, сұрық, тұрпат, сықпыты және т.б.
Синонимия – тілдік бірліктердің мағыналық жағынан жақындық қатынас түрлерін (синонимдерді) қарастыратын тіл білімінің саласы. Синонимдердің тілдердің барлық салаларында болады, объективтік дүниедегі қасиеттерді бейнелейді. Қазақ тілінде лексикалық синонимдер (әдемі, сұлу, көрікті, келбетті, келісті), морфологиялық (тершең-терлегіш, ашушаң-ашуланғыш-ашуланшақ), синтаксистік (есіктен шықты – есік арқылы шықты, жиналысқа жиі қатысады-жиналыстан сирек қалады), фразеологиялық (көзді ашып жұмғанша – қас пен көздің арасында, зәресі ұшты – төбе шашы тік тұрды), сөзжасамдық (бейкүнә – күнәсіз) кездеседі.
Синонимдер көп ретте екі түрлі қызмет атқарады. Біріншіден, олар бір-бірін алмастыруға бейім келеді. Екіншіден синоним сөздердің бірі екіншісін нақтылап отырады. Әдетте, дос, жолдас сөздерін синоним ретінде қолданамыз бірақ, Ол – досым емес, жақсы жолдастарымның бірі деген сөйлемде синоним сөздер арасындағы айырмашылыққа мән беріледі. Мысалы: семіру-шелдену – майлану – тойыну – жуандау – толу – қоңдану деген синонимдік қатарларды мағыналық жақындығына қарай екі топқа бөлуге болады: жан-жануарларға қатысты синонимдер (шелдену-майлану-тойыну-қоңдану) және адамға байланысты синонимдер (жуандау-толу). Осыдан көрініп тұрғандай, синонимдік қатарға топтасқан сөздерде толық сәйкестік тепе-теңдік бар деп айта алмаймыз.
Антоним (грек anti – қарсы, onyma – ат, атау) – тілдің мағына жағынан өзара бір-біріне қарама-қарсы атауыштық бірліктер.
Антонимияға логикалық – танымдық ерекшелік тән. Алайда «логикалық қарама-қарсылық» пен тілдік қарама-қарсылық тұрғысындағы түсініктердің көлемі белгілі бір шеңберде ғана бір-біріне сәйкес келеді. Логикалық қарама-қарсылық бір-біріне қабыспайтын ұғымдардың ара-қатынасын сипаттайды. Тілдік қарама-қарсылық логикалық қарама-қарсылықтан туындай отырып, адамның ой-санасы тұрғысынан объективті дүние мен құбылыстардағы мәнді айырмашылықтардың тілдегі сипаты болып табылады.
Антонимия алдымен лексикалық құбылыс. Сөйлемдердің және грамматикалық нысандардың қарама-қарсы мағыналары олардың құрамындағы компонент тұлғалар – антонимдермен байланысты. Антонимия білдіретін лексикалық бірліктерге жалпы сапа, яғни антонимдердің мағыналарында ең ақырғы шекке дейін бір-бірін жоққа шығаратын қасиеттің болуы тән; өтірік-шын (мұндағы: өтірік-шын емес, ақиқатты, шындықты ең ақырғы шекке дейін жоққа шығарады).
Антонимия бірліктері абстрактілі сипаты бар жалпы арқылы ортақтасады. Мысалы: ауыр / жеңіл – «салмақ», өткен шақ – болашақ (уақыт). Арнаулы семалардың көмегі арқылы антонимдер бір-біріне қарама-қарсы қойылады. Мысалы: ауыр/жеңіл қатарында «көлемді, үлкен» және «аз, шағын» өткен шақ/болашақ қатарында – «алдыңғы» және «кейінгі» шақ, мерзім.
Антонимдерді бір-біріне қарама-қарсы қою, баламалы таңдау, кезектестіру, біріктіру және олардың басқа да қызметтері антонимияның нақты контекстерінде жүзеге асырылады. Мысалы: «Ішім өлген – сыртым сау…» (Абай), «Кім жас, кім қарт, уақыт өзі іріктер…» (М.Шахан), «Үлкенге де кішіге де ілтипат қыл…» (М.Дулат). Антонимнің қарапайым бірліг ретінде сөздің лексика-семантикалық варианты көрінеді. Сондықтан да нақты бір көп мағыналы сөз антонимдердің әр түрлі жұптарының қатарына ене алады. Мысалы: жасық-семіз, жасық-қатты, жасық-қайсар.
Антонимдер мақал-мәтелдерде өте жиі қолданылады. Мысалы: Досыңның асын қасыңдай іш. Ер бір рет өледі, қорқақ мың рет өледі. Қорлық өмірден ерлік өмір артық. Көп ақымақтың ағасы болғанша, бір ақылдының інісі бол және т.б.
Оксюморондар бір-біріне қарсы мағыналас болып, антонимдік жұп құрайтын сөздер тіркесі арқылы жасалады. Мыс: тірі өлім, тірі аруақ, құрғақ су, жақсы өлім.
Жайнаған туың жығылмай,
Жасқанып жаудан тығылмай…
Жақсы өліпсің, япырмай. (Абай)
Осындағы жақсы өліпсің – оксюморон, өйткені өлімнің жақсы болуы мүмкін емес. Сол сияқты сараң бай, өлі шөп, тірі өлік, зар күлкі.
Фразеология (грек. рhrasis-сөйлеу оралымдары, сөйлемше+logia-ілім). Біріншіден, тілдің фразеологиялық құрылымын, құрамын қазіргі және тарихи даму тұрғысынан алып зерттейтін тіл білімінің бір саласы. Екіншіден, белгілі бір тілдегі фразеологизмдердің жиынтығы, оның фразеологиялық құрамы.