Агрегатты-ағымды тәсілде бұйымдар арнайы жабдықталған қондырғы –агрегатта жасалынады. Металл формадағы бұйым бір жұмыс орнынан басқасына тасымалданып отырады. Әрбір жұмыс орнында технологиялық операциялар рет - ретімен тізбекті немесе біруақытта бірнешеуі орындалады. Желідегі әрбір жұмыс орнындағы технологиялық операция орындалуынан кейін бұйымның дайын болуына байланысты кезектегі жұмыс орнына рет-ретімен тізбектеп беріп отырады.
Осындай технология кеңінен пайдаланылады, өйткені әртүрлі бұйымдарды әртүрлі салаларда шығаруға мүмкіндік бар және жасалынатын бұйым номенклатурасын қайтадан тез бапталуына мүмкіндік береді. Негізгі технологиялық үдерістердің жеткілікті жоғары дәрежелі механизациясы және әмбебап типті жабдықты пайдалану - құрылыстың құрастырмалы темірбетонға деген негізгі тұтынушылығын қанағаттандыратын зауыттардың жоғары экономиканың көрсеткіштерін қамтамасыз етеді. Агрегатты - ағымды технологияда жұмыс істеуші зауыттың өндіріс көлемі кең ауқымда жатуы мүмкін, атап айтқанда, шамамен, 20-дан 150 мың м3- ға дейін. Конвейерлік тәсіл – ең өнімді тәсіл деп есептеледі. Ол арнайы жабдықта бір типтегі бұйымдарды жаппай мол етіп жасап шығаруға мүмкіндік береді. Бұл технология бойынша қалыпты дайындау, қалыптау және бұйымды соңғы өңдеу бірнеше жұмыс орындарында (посттарда) орындалады. Бір жұмыс орнынан екіншісіне бұйым итергіш конвейермен белгілі бір ритмде беріледі (9.1-сурет).
9.1 - сурет - ТББ өндірісінің конвейерлік тәсілінің сұлбасы:
I,II-толықтырғыш пен цемент қоймалары; III-араластырғыш цех; IV- арматураны беру; V-қалыптау цехы; VI-дайын өнім қоймасы; 1- толықтырғыштарды (құм, щебень) жүксіздендіру; 2- толықтырғыш бункері; 3,6-ленталық конвейер, 4-толықтырғыштардың штабельді бункерлік қоймасы; 5- қоректендіргіштер; 7-бетон араластырғыш цехындағы толықтырғыштар бункерлері; 8-цементті жүксіздендіру; 9, 12-цементті беруге арналған пневматикалық насостар; 10-цементті пневмотасымалдауға арналған құбырөткізгіш; 11-цементтің силостық қоймалары; 13-цементтің шығын бункерлері; 14-толықтырғыш пен цементтің автоматты салмақтық мөлшерлегіштері; 15-құрастырмалы воронка; 16-бетон араластырғыш; 17-су мен сұйық қоспаларға арналған автоматты салмақтық мөлшерлегіш; 18-бетон төсегіш; 19-форма-вагонетка; 20-арматура мен салынатын тетіктерді орнататын пост; 21- виброалаңша; 22- ішінара распалубка постысы; 23-қалыпты көтергіш; 24- көпярусты булау камерасы; 25-қалыпты түсіргіш; 26-әрлеу постысы; 27-дайын өнімді техникалық бақылау; 28-дайын өнімді қою
Өндірістік конвейер тәсілінің түрі ретінде прокат стандарты болады. Онда бұйым жасаудың технологиялық операциялары бәрі үздіксіз қозғалатын конвейерлік желіде орындалады.
Өндірістің дәл есептелінген технологиясы, қатаң ритмі немесе конвейер жұмысының берілген жылдамдығы, жоғары өнімді жабдықты пайдалану, технологиялық операцияларды механикаландыру және автоматтандыру жоғары экономикалық көрсеткіштерге жетуге мүмкіндік береді, бірақ бұйым номенклатурасын көбейту немесе жиірек ауыстыру мүмкіншілігін шектейді. Сондықтан ондай зауыттар ірі тұтынушыларды ең жаппай мол конструкциясы күрделі темірбетон бұйымдарымен (көп қуысты панельдермен және қабатаралық төсемдермен, қабырғалық панельдермен және т.б.) жабдықтауда тиімдірек болады. Бұл зауыттардың өнімділігі жылына 200 мың м3 – қа дейін жетеді.
Тұрғын үй құрылысы үшін ірі қалаларда үй құрылыс комбинаты (ҮҚК) мен ірі панельді үй құрылысының зауыттары салынады. Онда негізгі массалық бұйымдар бірнеше конвейерлерде (кең және тар) жасалынады, ал жинақтауыш қосымша бұйымдар агрегатты - ағымды немесе стендті технология бойынша жасап шығарылады. Ондай кәсіпорындар жылына 35 мың, 70 мың, 140 мың м2 және одан да көп тұрғын аудан (осыған сәйкес 25 мың, 50 мың, 100 мың м3 бетон) беретін темірбетон бұйымдарын жасап шығаруға жобаланады.