367
Көкбай-Абай мектебінің адал ұлы. Өйткені ол-Абайдың ұлағатты принципін
мықты ұстанған ақиқатшыл, шыншыл тұлға. Ол құдай берген табиғи дарынының,
жаратылыс болмыс бітімінің арқасында Абай салған даңғыл жолдан таймаған
ақын. К.Жанатайұлының ақындық талантының ұшталуына, дүниетанымдық
көзқарасының
кеңеюіне Абайдың, Абай мектебінің зор ықпалы болғаны белгілі.
М.Әуезовтің өзі Көкбайдың ақындығы туралы сөз қозғағанда: «Ол кезде Абай
айналасындағы бар ақынның ішінде суырып салма, импровизацияға ең жүйрік
ақын Көкбай болғаны даусыз. Сол талантын бағалап, Абай бұны өзі жазып жүрген
алғашқы өлеңдеріне ие ғып шығарады», – деп, Көкбайдың жай ақындардың бірі
емес, талантты ақын екендігіне назар аудартады.
Көкбай, біріншіден, импровизатор ақын. Ақынның «Оспанға», «Мұсажанға»,
«Молдабайға», «Төребайға», «Сараңбайға», «Зағипаға» сияқты өлеңдерінің
көпшілігі табан астында дүниеге келген. Ал, олардың көпшілігі бірқақпайлар
болып келеді. Олар табан астында шығарылған
бір не болмаса екі шумақ
көлеміндегі өлеңдер тобы. Бірқақпайлар көбінесе адам мінез-құлқындағы, не
кереғар ісіндегі кемшіліктерді әжуалауға, яки болмаса әзіл-оспақпен келемеждеуге
арналған. Көкбай өзі ұнатқан адамы болса пір тұтып, асқақтата, мақтауын асыра
жырлаған.
Абайдың өз тәрбиесінде болған және оның ақылы мен сыны бойынша
тақырыптар таңдап, көлемді шығармалар жазған «анық шәкірт ақындар»
ішінде
ұлы ұстазының өлеңдеріне аты кірген де жалғыз ақын Көкбай болатын. «Ал, кейін
Көкбай шығарған өлеңдерді алсақ, бұл жағынан да Абайды үнемі өзіне ұстаз, аға
тұтқан Көкбай барын айқын танып отырамыз»,- деп М.Әуезов айтқандай, Көкбай
өлеңдерінен Абай бейнесін үнемі кездестіріп отырамыз. «Семейге Абай келсе, бізге
думан», «Абайдан сабақ алдым бала жастан» деп басталатын өлеңдерімен қатар,
көптеген шығармаларында Абай ұлылығын жыр етуден таймаған.
Абайдан сабақ алдым бала жастан,
Тең бар ма ойға терең онан асқан.
Алды бейіш, артына ырыс болсын,
Мен оның шәкірті едім ізін басқан, – деп Абайдың ақыл-ой тұңғиығына ешкімнің
тең келе алмайтын ұлылық тұлғасын тереңдік, шексіздік ұғымдары арқылы
түсіндіріп, өзінің Абайдан сабақ алған шәкірті екендігін мақтанышпен жырласа,
енді бір өлеңінде Абаймен бірге жүріп,
ақыл-кеңесіне, өсиетіне ләззаттанып, сол
арқылы білім жолына түскендігін айтады:
Абаймен бірнеше жыл араластым,
Шешімін әр жұмбақтың ақылдастым.
Мұра етіп өсиетін, ләззаттанып
Жолына білім, өнер қалыптастым, – дейді.
Қаншама жыл Абай қасында болып, ұстазының ақылын бойына
дарытқанымен, Көкбай өзінің Абайдан алған тәлім-тәрбиесін, дүниетанымдық
көзқарасын өзіне аз санайды. Абайдай ғұламаның айтқан ақыл-кеңесін, ой-
танымдық
өрісін аз ұғып, көп меңгермедім, бардың қадірін білмедім деп өкініш
тұтады. Ұстазының дүниеден өткенін естіген талантты шәкірті:
Жаннатта жаның болғыр Абай құтып,
368
Жаныңда бос жүріппін шатып-бұтып.
Осындай ен дарияны жайлағанда,
Тым болмаса қалмаппын қана жұтып, – деп өлең шығарады.
Көкбай өлеңдерінің негізгі кейіпкерлері-замандастары, туыс-жақындары мен
ауылдастары, бір сөзбен айтсақ, өз ортасы. Олардың дені арнаулар. Көкбай
арнаулары мазмұн жағынан алғанда мақтау және сынау түрінде туған.
Көкбай тек өз ауылдастарының,
замандастарының, халқының өміріндегі
кездесетін келеңсіздіктерді құр сынаушы ғана емес, оларды бұндай қасиеттерден,
әдеттерден арылуға, адамгершілікке, парасаттылыққа шақырушы. Ақын
адамгершілік қасиеттерді әрі уағыздаушы, әрі оны бағыт ретінде көрсете білуші.
Яғни, ақынның басты мақсаты-кереғарлықты түзету, кемшілікті жою. Көкбай
өлеңдерінің түп-төркінінде, негізінде осы мақсат жатыр. Бұл ақынның Абайдан
үйренген ізгі қасиеті.
Достарыңызбен бөлісу: