Пікір жазғандар: тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Х. М. Әбжанов


Тақырыптың мазмұнын бекіту үшін қойылатын сұрақтар



Pdf көрінісі
бет4/12
Дата29.09.2023
өлшемі0,54 Mb.
#111787
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Байланысты:
treatise18790

Тақырыптың мазмұнын бекіту үшін қойылатын сұрақтар: 
 
1. Тарих ғылымындағы жалпы методологиялық зерттеу принциптері мен 
әдістері. 
2. Ресей империясы бодандығындағы қазақ тарихын зерттеу бағыттары. 
3. Жаңа замандағы Қазақстан тарихының кезеңдері мен сатылары. 
 

 
 
 
 
 


12 
2.
 
Қазақстанның Ресей бодандығын қабылдау мәселесінің
тарихнамасы 
Отандық тарих ғылымының тарихнама саласында Қазақстанның Ресейге 
қосылуы көкейкесті мәселелердің бірінен саналады. Қазақстанның Ресей 
бодандығын қабылдауы мәселесінің тарихи зерттелуі, ең алдымен, бодан 
болудың, содан кейін басыбайлы елге айналудың сипаты мен себептерін 
айқындау, қазақ мемлекеттілігінің жойылуының, отарлануының мәнін, 
салдарларын терең түсінуге жол ашады. 
Ресей бодандығындағы Қазақстан тарихына байланысты ғылыми зерттеулер, 
яғни тарихнамалық деректер жеткілікті. Осыған орай мәселенің тарихнамасын 
3 кезеңге бөліп қарастыруға болады. 1-кезең – XVІІІ ғасыр – ХХ ғасырдың 
басы; 2-кезең – кеңес дәуірі; 3-кезең – тәуелсіз Қазақстан кезі. Мұндай 3 кезеңге 
бөлу – тарихнамалық талдауды терең әрі салыстырмалы түрде жүргізуге 
қолайлы. 
Бірінші кезеңде И.И. Крафт, П.П. Румянцев, А.И. Левшин, П.И. Рычков, 
С.В. Жуковский, Л. Мейер, А.С. Алекторов, М.А. Терентьев, А.И. Макшеев
тәрізді орыс зерттеушілерінің еңбектері жарық көрді. Әйтсе де бұл авторлар 
кәсіпқой зерттеушілер емес еді. Олар, негізінен, қазақ жүздерімен шекаралас 
губернияларда патша ағзамға қызмет етіп, қазақ халқының өміріне сырттан көз 
жіберіп, зерттеді. Олардың жариялаған очерктерін, естеліктерін, еңбектерін 
арнайы тарихи зерттеулер деп атау қиын. Дегенмен, ол еңбектердің 
Қазақстанның Ресейге қосылу мәселелерін зерттеуде өзіндік орны бар. Осындай 
еңбектердің арасынан деректік негізге сүйеніп жазылған А.И. Левшиннің 
зерттеуін ерекше атап өткен жөн. 
Қазақстанның 
Ресей 
боданына 
айналу 
тарихнамасының 
орыс 
зерттеушілерінің еңбектеріндегі назар аударарлықтай себептерінің бірі – 
сыртқы саяси ахуал, билік үшін талас, руаралық күрес. Мәселен, И.И. Крафтың 
пікірі бойынша, ішкі саяси жағдай қазақ хандығын әлсіретті. П.И. Рычков Кіші 
жүз ханы Әбілқайырдың Ресей бодандығын қабылдауын оның бейбіт өмірге 
ұмтылуын, империяның көмегімен жоңғарлардан қазақ жерлерін қайтаруы 
түрінде түсіндірді. А.И. Левшин Әбілқайыр ханның жеке басының мүддесі 
бодандықты қабылдаудың басты себебі болды деп жазды. «Әбілқайыр хан 
өзінің дұшпандары мен тайталастарынан озып, өз билігін күшейткісі келді. Ал 
оның қол астындағы азып-тозған, жан-жақтан анталаған жаугершілік қауіптің 
қыспағында қалған халық кез келген құрбандыққа даяр еді». 
Орыс тарихнамасында Әбілқайыр хан жағымсыз жағынан сипатталған. Л. 
Мейер, М. Красовский, С.В. Жуковский еңбектерінде Әбілқайыр хан біржақты 
мансапқор, жайдақ, жалған пікірлерге бой ұрған, жеке басын күйттеген, 
мәселенің байыбына терең бара алмайтын билеуші ретінде баса көрсетілген. 
Алайда мұндай пікірлермен келісу қиын. Революцияға дейінгі орыс 
тарихнамасында мәселенің маңызды тұстарының бірі ретінде Қазақстанның 
Ресейге қосылу барысына айтарлықтай мән берілген.
Орыс зерттеушілерінің аталған мәселеге байланысты пікірлерін мына 
төмендегідей етіп тұжырымдап көрсетуге болады: 
1. Кіші жүз ханы Әбілқайырдың өзіне қарасты старшиндері, халқымен 


13 
бірге Ресей бодандығын қабылдауы. 
2. 
Кіші және Орта жүздердің өз еріктерімен антты қабылдаулары. 
3. 
Қазақ жүздерінің Ресейге өтініш жасаудағы негізгі себептері ретінде 
сыртқы қауіп, ішкі және сыртқы саяси тұрақсыздық, Әбілқайыр ханның жеке 
басының жоспарының болуы. 
4. 
Қазақстанның Ресейге нақты бағынуын ХІХ ғасырдың нақты 
кезеңіне жатқызды. 
5. 
Ұлы жүздің империя құрамына енуі өз еркімен және өзге жүздердің 
тигізген әсері, үлгісі нәтижесі ретінде көрсетілуі. 
Осы тұста айта кетерлік бір жайт, А.И. Макшеев, Н.И. Белявский, К.К. 
Абаза тәрізді зерттеушілер патша өкіметінің жаулап алу саясатын көрсеткен.
Орыс тарихнамасын қазақ даласын өзіне бағындыруда империя қаруға 
сүйенуге тиіс деген пікірлер белең алды. Сонымен қатар Ресейдің көрші 
елдерді, соның ішінде қазақ жерлерін жаулап алуы жоғары деңгейдегі 
мәдениетті таратуымен қатар жүрді деген тұжырымдар да орын алған. Сонымен 
тұжырымдап айтатын болсақ, революцияға дейінгі орыс тарихнамасында 
Қазақстанның Ресей бодандығын қабылдауы тарихы объективті тұрғыда көріне 
алмады. Зерттеушілердің көпшілігі мәселені патша өкіметінің мүддесінде, өз 
пайдалары тұрғысында пайымдады. Революцияға дейінгі кезеңде жарық көрген 
еңбектерде Қазақстанның Ресейге қосылуының жергілікті тұрғындар үшін 
прогрессивті маңызы болғандығы жайлы ой түйінделді. 
Революцияға дейінгі орыс тарихнамасымен салыстырғанда қазақ 
даласының бодан ретінде отарлануы мәселелері ұлт зиялылары еңбектерінде 
айтарлықтай өзгеше түрде сипатталған. Қазақ зиялылары аталған мәселелерге 
үлкен мән беріп, бірқатар еңбектерін арнады. Зиялылар еңбектерін зерделей 
талдау нәтижелері олардың ой-пікірлерінің мына төмендегі бағыттарға 
тоғысқандығын дәлелдейді: 
1. 
Жоңғар империясының жаулап алу саясатының Қазақстанның 
Ресейге қосылуының сыртқы факторының ең бастысы болды. 
2. 
Кіші жүз ханы Әбілқайырдың рөлі осы процесті бастауға әсерін 
тигізді. 
3. 
Қазақ жүздерінің, билеушілерінің арасындағы ішкі алауыздықтың 
өршуі қазақ жерлерінің бодандықты қабылдауын тездетуге ықпал етті. 
Мәселен, Ш. Құдайбердіұлы «Ресейге қосылуға қалмақпен шайқас ықпал 
етті» деп жазған. Ә. Бөкейханов өзінің «Қырғыз өлкесінің тарихи тағдырлары 
және оның мәдени жетістіктері» деген еңбегінде Әбілқайыр ханның Ресей қол 
астына кіруін былайша көрсеткен: «1730 жылы Кіші Орда ханы Әбілқайыр бір 
жағынан Галдан Церен шапқыншылығынан, бір жағынан, сұлтандар 
арасындағы тартыста шайқалған билігін күшейту үшін орыс үкіметіне өзінің 
халқын бодандыққа қабылдауы өтінішін жасады». Тарихшы-ағартушы Ғ. 
Мұсағалиев өз ойын былай тұжырымдаған: «Әбілқайыр хан халық пайдасы 
үстіне өзінің құмар болған дәреже, лауазымын Русь қол астына кіріп, сақтаумен 
үміт етті. Сол ниет, сол үмітпен ол Русь қол астына кіруді қуаттайды». Осы 
мәселе тұрғысында тұжырымдап айтар болсақ, қазақ зиялылары қазақтың 


14 
Ресейге бодан болуының басты себебі билеушілер арасындағы алауыздықтың 
орын алуы деп көрсетеді. Екінші жағынан, қазақ зиялылары Қазақстанның 
Ресей құрамына енуінің прогрессивті тұстарын жоққа шығармайды. Дегенмен 
де, ұлт зиялылары бодан болудың өзі империя отарына айналу екендігін ашып 
айтқан. 
Дәстүрлі қазақ дерек көзі – шежіреде даланың Ресей боданына 
айналуының себебі сұлтандар мен хандардың өз биліктерін сақтап, 
күшейтуінде екендігі айтылды. Халықтың тұрмыс-тіршілігінің нашарлауы 
Қазақстанның Ресей бодандығын қабылдауы салдарынан туындаған құбылыс 
екендігі көрсетілген. 
Қазақстанның Ресей құрамына енуі мәселесінің кеңес дәуірінде зерттелуі 
ХХ ғасырдың 20-жылдары мен 80-жылдарын қамтиды. Бұл кезеңде қазақ 
даласының Ресей бодандығын қабылдауы терең әрі ғылыми тұрғыда зерттелді. 
Алғашқылардың бірі болып осы мәселеге қалам тартқандар С. 
Асфендияров, П.Г. Галузо болды. Зерттеуші-ғалымдардың екеуі де 
Қазақстанның Ресей құрамына өз еркімен қосылуы сипатына қарсы шығып, 
Қазақстан толығымен жаулап алынды деген тұжырымдаманы қалыптастырды. 
Әсіресе белгілі ғалым П.Г. Галузо ХІХ-ХХ ғасырлардағы орыс зерттеушілерінің 
еңбектеріне сыни баға беріп, олардың патша өкіметінің жаулап алу саясатын 
бүркемелеп, жасырын көрсеткендігін ашып айтты. П.Г. Галузо Ресей 
империясы саясатының Қазақстан, Орта Азия, яғни мешеу қалған, жабайы, 
алауыздыққа толы елдері үшін прогрессивті еместігі туралы әділ тұжырым 
жасады. Шын мәнінде патшалық Ресейдің Қазақстанды өзіне бодан етудегі 
мақсаты оны отар елге айналдыру екендігін уақыт өзі дәлелдеп берді.
1930-жылдары ғылымда Қазақстанның Ресейге қосылуының салдарлары 
туралы үлкен дау, пікірталас туды. Ғалымдардың көпшілігі Ресейдің 
Қазақстанға тигізген әсері тек қана жағымсыз деген пікір ұстанды. Осыған орай 
«абсолютті ыза» тұжырымдамасы қалыптасты. Алайда қалыптасып, нығайып 
келе жатқан тоталитарлық жүйе мұндай пікірмен келісе алмады. Кеңес 
үкіметінің арнайы құрылған комиссиясы мәселенің «анағұрлым аз ыза» жағын 
көрсетуді жөн көрді, қаулы шығарды. Осы бағытта тарихшы-ғалым М.П. 
Вяткин Қазақстанның Ресейге қосылуын зерттеуге айтарлықтай үлес қосты. 
М.П. Вяткин еңбектерінің ерекшелігі олардың көптеген мұрағат құжаттарының 
негізінде жазылуында еді. Кіші жүз ханының Ресейге өтініш жасау себептерінің 
бірін хан билігінің құлауы және сыртқы саяси қиындықтар деп санады. Өз 
пікірін автор былай дәйектеді: «…ордадағы қалыптасқан объективті жағдай 
Ресеймен жақындасуды қажет етті. Бұл мәселені Әбілқайыр хан старшиндермен 
бірге талқылады, хан старшиндердің Уфаға елшілік жіберуге, алайда 
бодандыққа қабылдау өтініші емес, патша үкіметімен одақ жасау үшін келісімін 
алды. Әбілқайырдың мұндай әрекетке баруының себебін ғалым хан билігінің 
ішкі тұрақсыздығымен байланыстырды. Назар аударарлық бір жайт, М.П. 
Вяткин өз еркімен қосылу жайлы пікір айтқан зерттеушілермен келіспеді, 
жаулап алу тұжырымдамасына да қосылмады. Оған дәлел автордың мынадай 
сөздері: «…бодандықтың алғашқы кезеңінде жаулап алу болған жоқ. Жергілікті 


15 
«ақ» және «қара» сүйектектілер патша үкіметімен халықтың ниетіне қарсы одақ 
құрды. Дегенмен де, ғалым қалай болғанда да қазақтардың өз саяси 
тәуелсіздіктерін жоғалтқандығын баса көрсетді. Автордың пікірін қолдай келе, 
шын мәнінде қазақ жүздерінің Ресей империясы құрамына кіруі саяси одақ 
жасау емес отарлы тәуелді бодандықтың қамытын кию екендігі дау тудырмасы 
керек. Осындай шынайы, объективті көзқарас М. Әбдіхалықов пен А. 
Панкратованың редакциясымен жарық көрген еңбекте айқын көрінді. Бұл 
туынды сталинизмнің біршама әлсіреп тұрған соғыс жылдарында 
жарияланғанына қарамастан тарихилық, шынайылылық принциптеріне 
негізделіп жазылды. Сондықтан да көп ұзамай ондағы көптеген тұжырымдар 
сынға алынды. Тіпті еңбектегі «көптеген қателер мен жаңсақ пкірлерді жөндеу» 
қажеттілігі айтылды. Осыған орай еңбек пайдаланудан алынып тасталып, оның 
орнына түзетілген, толықтырылған басылым жарыққа шығуға тиіс болды. 
Осындай жағдайда белгілі қазақ тарихшысы, ғалым Ермұқан Бекмахановтың 
монографиясы дүниеге келді. Төл туындыда Қазақстанның Ресейге қосылуы 
мәселесіне айтарлықтай назар аударылған. Айта кетерлік бір жайт, ғалымның 
алғашқы еңбегі оның «Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуы» атты 
салмақты да салиқалы туындысынан атауынан көрініп тұрғандай, біршама 
өзгеше болып, қосылудың салдарлары көрсетілді. Бодандықты қабылдауға 
байланысты автор «Ұзақ жылдар бойы патшалық Ресейге немесе ортазиялық 
хандықтарға бағынудың тайталасында тұрған қазақ халқы алғашқы жолды 
таңдады» деп өз пікірін түйіндеді. Кіші және Орта жүздердің империя 
құрамына енуін ғалым: «Қазақстанның патшалық Ресейге тәуелділігінің 
басталуы XVІІІ ғасырдың 30-жылдарына жатады, алайда патша өкіметі қазақ 
жерлерін өзіне ХІХ ғасырдың бірінші жартысында түбегейлі бағындыра алды» 
деп қана жазды. Ал Ұлы жүздің Ресей құрамына кіруін қазақтардың 
орыстармен жақындасуы салдары деп санады. Осы пікірін былайша дәйектеді: 
«Империяның құрамына кіру қазақтарды анағұрлым жоғары қоғамдық, 
шаруашылық және әлеуметтік құрылыммен жақындастырды». Осылайша Е. 
Бекмаханов монографиясы сол кезеңде қалыптасып келе жатқан қосылудың 
прогрессивтілігі мен салдарларының біршама жеңілдігі тұжырымдамасы 
аясында қарастырылды. Соған қарамастан ғалымның төлтуындысы ауыр сынға 
ұшырады. Сөйтіп тарих ғылымында ширек ғасыр өмір сүрген, оның орнына 
коммунистік идеология талаптарына сәйкес өз еркімен қосылу және оның 
прогрессивті салдарларын сипаттайтын теория орнықты. Осы бағытта Н.Г. 
Аполлова, И. Омаров, А. Панкратова, Т.Ж. Шойынбаев. В.А. Моисеева, Б.А. 
Төлепбаев, Н.Е. Бекмаханова, т.б. еңбектері жазылып, жарияланды. Аталған 
зерттеушілердің арасында таптық, партиялық принциптер негізінде жазылған 
Н.Г. Аполлованың монографиясы кеңестік дәуірде айтарлықтай маңызға ие 
болды. Еңбектің ұтымды тұсы, онда көптеген құжаттар, мұрағат материалдары 
талданып берілген. Әсіресе деректік маңызы айтарлықтай XVІІІ ғасырдың 30-
жылдарындағы құжаттар, соның ішінде Тевкелев “Журналы” ғылыми 
айналымға енді.
А. Панкратованың М. Әбдіхалықовамен бірлесіп жазған еңбегіндегі 


16 
«олқылықтар мен қателерді түзету» мақсатында И. Омаровпен қосылып 
жариялаған зерттеуінде Әбілқайыр ханның әрекетін халықтың пікірін ескермей 
жасалған «бодандыққа қабылдау өтініші» түрінде сипаттады. Осылайша өз 
еркімен қосылу тұжырымдамасы ғылымда берік орныға бастады. Оған 1952 
жылы жарияланған «Қазақ ССР тарихының» келесі басылымындағы «Ресей 
мен Қазақстан арасында күшейіп келе жатқан экономикалық және саяси 
байланыстар келесі басылымда халықтың Ресейге тартылуы қазақ даласының 
империяға өз еркімен қосылуына жағдай жасады» деген тұжырым дәлел 
болады. 1957, 1964, 1981 жылдарда жарық көрген “Қазақ ССР тарихы” 
басылымдарында осы тұрғыдағы тұжырымдар орын алды.
Қосылудың прогрессивті маңызы тек Қазақстанға ғана емес, барлық 
ортазиялық республикаларға тән құбылыс болғандығын зерттеушілер біржақты 
қолдады. Қазақстан мен Орта Азия ғалымдары «жергілікті рыноктардың 
жалпыресейлікке тартылуы, капиталистік қатынастардың туындауы, тауар 
айналымы қалыптасуы, өнеркәсіптің пайда болуы, аймақтардың томаға-
тұйықтығының жойылуы, буржуазиялық ұлттардың құрылуы» өз еркімен 
қосылудың ұтымды тұстары екендігін ғылыми тұрғыда дәлелдеуге атсалысты. 
Осылайша 1951 жылы тарихшы М.В. Нечкина ұсынған өз еркімен қосылу 
тұжырымы ғылымда жан-жақты қолдау тапты. 
«Кемелденген социализм» кезеңінде Қазақстанның Ресейге өз еркімен 
қосылуы тұжырымдамасы шарықтау шегіне жетті. 1982 жылы Қазақстанның 
Ресейге «өз еркімен қосылуының» 250 жылдығы салтанатпен аталып, 
республикада үлкен мереке өткізілді. Тарихшы ғалымдар В.Я. Басин, Н.Е. 
Бекмаханова, Х. Тұрсынов, Н.И. Мухитанов, З.Ш. Раджапов, В.А. Моисеева 
және тағы басқалардың жеке, ұжымдық еңбектерінде бірауыздан қазақ 
жүздерінің бірден-бір мықты мемлекет – патшалық Ресейдің құрамына өз 
еркімен кіруі қажеттілігі жайында жалғыз шешім қабылданғандығы жазылды. 
Мұның өзін әбден орныққан авторитарлық жүйенің қоғамның барлық саласына 
араласуы, өзінің діттеген жерінен шығуы деп түсінген жөн. 
Қазақстан өзінің тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін тарих ғылымында 
да өзгерістер жасалды. Бұрын ғылымда біршама күдік тудырып келген 
мәселелер қайта зерттеліп, зерделене бастады. Мәселені тарихнамалық тұрғыда 
талдаған зерттеулер де дүниеге келді. Дегенмен, Қазақстанның Ресей 
империясы құрамына енуін, негізінен, тарихи оқиғалар мен процестер 
ауқымында зерттеу құбылысы ғылымнан көрініс тапты. Қазақстанның Ресей 
бодандығын қабылдауы объективті, шынайы түрде, тарихи оқиғалардың 
сабақтастығы тұрғысында талданды. Тарихшылар қазақ хандарының Ресей 
патшайымына жасаған өтінішінің себептерін, бодандықты қабылдау процесін, 
оның салдарларын жаңа зерттеу методологиясы негізінде таразылады. Әйтсе де 
тарихшылар бірыңғай ортақ пікірге келе алмады. Тарих ғылымында қазақ 
жерлерінің Ресейге қосылуы мәселесінде бірнеше көзқарастар байқалды. 
Оларды мына төмендегідей етіп, талдап көрсетуге болады: 
1. Кіші және Орта жүздердің Ресейге өз еркімен өтініш жасауы, 
Қазақстанның қалған жерлерінің әскери күштің көмегімен империяға қосылуы. 


17 
Мұндай пікірді Ж. Қасымбаев, Б.Б. Ермұханов тәрзді ғалым-тарихшылар 
ұстанды. 
2. Қазақстанның Ресей империясына өз еркімен енуі сипатының 
толығымен жоққа шығарылуы, «қосылу» сөзінің сынға алынып, «жаулап алу», 
«басып алу», «бодандықты қабылдау» тәрізді мән беретіні, қазақ даласының 
империяға күштеп ендірілгендігі, отарлау саясатының жүргізілуі. Осы 
турасында М. Қозыбаев, М.Ж. Әбдіров, М. Мырзахметов, тағы басқа ғалымдар 
мен зерттеушілер ой-пікірлер танытып, жаңа көзқарастар қалыптастырды. 
Осыған орай айта кетерлік бір жайт, қазақстандық тарихшылардың 
көпшілігі осы бағытты қолдайды. Сондықтан қазіргі кезеңде ғылымда 
Қазақстанның Ресей империясы құрамына кіруін жаулап алу, бодандықты 
қабылдау, отар өлкеге айналу тәрізді ұғымдармен айқындайтын тұжырым 
орныққан. Дегенмен, тек заманауи орыс зерттеушілерінің пікірлері 
бұрынғысынша. Оның себебі түсінікті, тарих әрбір елдің өзінің ұлттық 
мүддесінде жазылатындықтан өзін-өзі дәріптеу және өзгеден жоғары етіп 
көрсету иәрізді субъективті тұжырымдар белең алады.
Қазақстан мен Орта Азияның Ресей құрамына енуі сипатын айқындауға 
шетелдік зерттеушілер айтарлықтай қызығушылық танытқан. Шетелдік 
авторлар әрқашан патшалық империяға кірудің ерікті және прогрессивті 
сипатын жоққа шығарумен келеді. «Русское завоевание Средней Азии: 
трансформация и аккультурация», «Интерпретация завоевания царской Россией 
Средней Азии и Кавказ», «Среднеазиатская экспансия России в свете новейшей 
советской интерпретации истории» тағы сол сияқты еңбектерінің атауларынан-
ақ көрініп тұрғандай шетелдік ғалымдардың көпшілігі Түркістанның Ресей 
империясына қосылуының әскери сипатын баса көрсетті. 
Сонымен Қазақстанның Ресейге қосылуы мәселесінің негізінен 
зерттелгендігіне көз жеткізуге болады. Қазақ даласының империя боданына 
айналуы әртүрлі кезеңдерде, саяси жүйелер жағдайында, қалыптасқан 
идеологиялар шеңберінде зерттеліп, бір қатар іргелі де сүбелі еңбектер, ғылыми 
мақалалар жазылып, жарияланды. Зерттеушілер өздерінің өмір сүрген қоғам 
талаптарына сәйкес ой түйіндеп, тұжырымдар жасады. Дегенмен де, мәселенің 
әлі де болса зерттелуге тиіс тұстарының бар екендігі тарихнамалық талдау 
барысында айқын болды. Осы тұрғыда айтатын болсақ, жас зерттеуші-
тарихшылар Кіші жүз ханы Әбілқайырдың Ресейге одақ болуға ұсыныс 
жасауының объективті себептері, ұстанған саясаты, бодандықты қабылдағаннан 
кейінгі билеушінің көзқарастарының өзгеруі соны деректер негізінде сараптаса 
әлі де болса ғылымда күмән тудыратын мәселелердің беті ашылған болар еді. 
Сонымен қатар XVІІІ ғасырдың бас кезіндегі қазақ қоғамының көршілес 
елдермен қарым-қатынастары, Қазақстанның одақ ел ретінде Ресейді таңдап 
алуының себептері де айқындалуы тиіс. Отандық тарих ғылымы үшін 
патшалық Ресейдің Қазақстанға қатысты саясаты әлі де өз шешімін таба алмай 
отырған мәселелердің біріне саналады.
Отандық тарих ғылымында Қазақстанға капиталистік қатынастардың 
енуіне байланысты көшпелі мал шаруашылығының өзгеріске ұшырап, 


18 
халықтың тұрмыс-тіршілігінің нашарлап, тығырыққа тірелуін зерттеушілер бір 
жақты орыс шаруаларының Қазақстанға қоныс аударуымен байланыстырады. 
Алайда мәселенің өзегі қазақ даласының империяның боданына айналуында 
екендігі дау тудырмайды. Осыған орай Ресейдің Қазақстанға тигізген ықпалы 
объективті түрде қарастырылуы қажет. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет