Поәдк №3 Базалық білім


– дәріс: АБАЙ МҰРАСЫН ЖҮЙЕЛЕУ



бет2/46
Дата28.03.2023
өлшемі0,78 Mb.
#76876
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   46
Байланысты:
abaitanu paninin kesheni 2

1 – дәріс: АБАЙ МҰРАСЫН ЖҮЙЕЛЕУ
1. Абайтану тарихы
2. Абайтану тарихы – халық тағдырының айнасы
3. Абай мұрасына жаңаша көзқарас
4. Абайтану ілімінің қалыптасу тарихы
Әдебиеттер:
1.Мырзахмет М. Абайтану тарихы / М.Мырзахмет. – Алматы: Ана тілі, 1994. – 192 бет.
2.Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы 20 т. / М.Әуезов. – Алматы: Жазушы, 1985. – 496 бет.
3.Бөкейханов Ә. Абай (Ибраһим) Құнанбаев / Ә.Бөкейханов / Абайды оқы, таңырқа…Құраст. М.Мырзахметов. - Алматы: Ана тiлi, 1993. - 160 бет.
4.Байтұрсынов А. Қазақтың бас ақыны / А.Байтұрсынов / Абайды оқы, таңырқа... Құраст. М.Мырзахметов. – Алматы: Ана тілі, 1993. – 160 бет.
5.Дулатов М. Абай / М.Дулатов / Абайды оқы, таңырқа... Құраст. М.Мырзахметов. – Алматы: Ана тілі, 1993. – 160 бет.
6.Аймауытов Ж., Әуезов М. Абайдың өнері һәм қызметі / Ж.Аймауытов, М.Әуезов / Абайды оқы, таңырқа... Құраст. М.Мырзахметов. – Алматы: Ана тілі, 1993. – 160 бет.

М.Әуезов Абай мұрасын ғылыми тұрғыдан танып бiлу жолына саналы түрде алдына ұлы мақсат қоя отырып кiрiсуi, негiзiнен, Абай туралы роман жазуды қолға алған жылдарынан басталады. Осы жылдарда-ақ алдына ғылыми-творчестволық зор мақсаттар қойған тұста-ақ сегiз түрлi проблеманың аумағында жүргiзiлер iс әрекеттерiнiң бағыт бағдарын нақтылы түрде айқындап алған болатын-ды. Абайтану саласында жүргiзiлген ғылыми творчестволық iзденiстерiнiң бәрi де осы сегiз түрлi проблема шеңберiнде жүргiзiлп отырғаны бүгінде толығымен айқындалып отыр.


Алдымен қолға алған зерттеу нысанасының өзектi мәселесi Абайдың ғылыми өмiрбаянын табиғи қалпына келтiру арқылы ұлы туындысы «Абай жолы» эпопеясына өмiрбаяндық деректер негiзiн арқау етiп өру жолын ұстанды. Абай мұрасын танып бағалау жолында ақын мұрасының саяси әлеуметтiк болмысын ашу үшiн де өмiрбаяндық деректерсiз қадам басу қиын болатын-ды.
Абай өмiрбаянын ғылыми тұрғыдан бастапқы қалпына келтiрудiң маңызы елеулi буын болып саналғандықтан, биограф жыл өткен сайын Абайдың ғылыми өмiрбаянын соны дерек мағлұмат көздерiмен толықтырып қайта қайта жаңғыртып жазуды алдына арнайы мақсат етiп қойды. Бұл белсендi әрекет бiр жағынан Абай мұрасының сырын тереңдеп тануға бастаса, екiншi жағынан, «Абай жолы» эпопеясын жазу жолында образдар жүйесiн айқындап, тарихи кейiпкерлердiң бейнесiн тарихи өмiр шындығымен ұштастыра отырып суреттеуге бастайтын. Абай шығармалары мен Абай өмiр баянында ұшырасатын антропонимдер, елдi мекен жер аттары мен ру, тайпа атаулары, билiк атаулары эпопеяның сюжеттiк желiсiнде молынан қолданыс тауып отырды. Бұл аталымдардың құрамы Абайдың ғылыми өмiр баяны жазылған сайын саяси-әлеуметтiк жағдайдың талап тiлектерiне орай екшелiп, өңделiп, жаңа дерек көздерiмен толысып отырды. Бұл өзгерiстердi М.Әуезов жазған Абай өмiрбаянының 1933 жылы жарияланған тұңғыш басылымы мен 1940 жылы жазылған екiншi нұсқасы мен 1944 жылы жазылған, бiрақ көп жылдар бойы жарияланбай келген нұсқасымен және соңғы рет 1950 жылы жарияланып көп жылдар бойы қайта қайта басылым көрiп келе жатқан соңғы рет жазылған нұсқасымен қатар қойып салыстыра қарағанда, көп мәселенiң сыры ашылып, не себептi жазушының Абай өмiрбаянын төрт рет қайта жазуының себебi де айқындала түседi.
Абай өмiрбаянын жазумен ұзақ жылдар бойы айналысумен бiрге Абай мұрасының текстологиялық жағына да айрықша назар аударып, ақын шығармаларының конондық тестiн жасауға ұмтылды. М. Әуезовтiң Абай шығармаларының текстологиясы жөнiндегi iзденiстерiнiң мол көрiнiс берген кезеңi, әсiресе, 1933 жылғы Абайдың тұңғыш толық жинағында анық байқалды. Бұрынды соңды Абай басылымдарында ұшыраспайтын көптеген өлеңдер мен өлең жолдары тыңнан қосылып отырды. Абай басылымдарының басында болған М. Әуезов әр басылым сайын ақын шығармаларының текстологиялық қалпын қалыптастырып, тұрақты конондық тексiн қалыптастыру жолында толассыз iздендi. Iздену нәтижелерi әр басылым сайын молайып, соны жаңалықтар мен тың өлең жолдарымен толығып отырғанын нақтылы мысалмен атап өтер болсақ, Абай өлеңдерiнiң саны 148 өлеңнен 230 өлеңге дейiн жеттi яғни Абай өлеңдерiне жаңадан 82 өлең немесе 2096 өлең жолы қосылғанын көремiз. Бұл Абай өлеңдерiнiң үштен бiрiндей жаңадан қосылған туындылар болатын-ды.
Абай шығармаларының текстологиялық жағынан сапасы артып, өлең жолдарының саны молаюмен қатар өлең өрнектерi де жаңғырып өзiнiң табиғи қалпына түсуi, әрине, зор iзденiстердiң нәтижесi едi. М.Әузов Абай шығармаларының текстологиялық жағынан жетiлдiруда тек өлең сандары мен өлең жолдарын молықтырып қана қоймай ақын шығармаларының iшкi қалпын жаңғырту жолында да айтарлықтай жетiстiктерге қолы жеттi.
Зерттеушi ғалым алдымен Абай өлеңдерiнiң «қалың елi қазағының» арасында танылу, таралу жолына көңiл бөле бастады. Абай өлеңдерi әу баста бiреуден бiреу жаттап алып, әнге қосып айту арқылы ауызша түрде таралған. Кейбiр өлеңдерi осындай ауызша таралу түрiнен баспа сөз бетiне түсу арқылы да насихатталып жатты. Ақын туындыларының қолжазба көшiрмелерi түрiнде де таралғаны мәлiм. Көбiнесе, қолжазба көшiрмелер ақын өлеңдерiнiң текстологиялық жағынан түп нұсқа болмысын сақтауда орны бөлекше құбылыс болды. Мiне, ақын туындынларының әр қилы жолмен таралып, негiзгi құяр арнасы баспа сөзде жариялануы шешушi орынға шықты.
Ақын дүниетанымының қалыптасу жолында әр түрлi саладағы ой пiкiрлерiнiң эволюциялық даму қалыптасу жолын ғылыми тұрғыдан танып бiлуде, әрине, Абай шығармаларының жазылу мерзiмiн анықтау мәселесi жазушының ақын мұрасын ғылыми творчестволық тұрғыдағы iзденiстерiнде хронологиялық жүйенi ұстануға әкелдi. Абай шығармаларының жазылу мерiзiмiн анықтау iсi Абайдың ақын шәкiрттерiнiң ықпалымен 1907 жыл мен 1927 жылы жүргiзiлген едi. Бiрақ ол жылдарда ақын шағармаларының жазылу мерзiмiн анықтаудың негiзi салынғанмен көптеген өлеңдердiң жазылу уақыты толық анықталмай бiршама кемшiлiктерге жол берiлдi. М.Әуезов өз зерттеулерiнде осы кемшiн жайларды толықтырып, ақын шығармаларының жазылу мерзiмiн анықтауда толассыз iзденiп, бiр iзге түсiрiп кеттi. Мұндағы басты мақсаты Абайдың ой танымы мен ақындық өнердегi қол жеткен шеберлiктiң эволюциялық даму жолдарындағы сапалық дамудың табиғатын ғылыми негiзде айқындап бiлуге тiрелетiн. Неғұрлым Абай шығармаларының жазылу мерзiмiн дәл анықтаған сайын ақын дүниетанымындағы құбылыстың сырын танып бiлу жазушыға «Абай жолын» жазуға да ғылыми зор тiрек боларын, өйткенi ақын мұрасында әр жылдар кезеңiне орай бой көтерiп отырған ой танымдардың табиғи қалпын табуға адастырмай апарар бағыт бағдар беретiнiн бiлуден туған едi.
М. Әуезов Абай өлеңдерiнiң өрнек үлгiсiн бастапқы табиғи қалпына келтiру жолында атқарған iзденiстерi де, ақын шығармаларының текстологиялық жағынан жетiлдiру жолындағы iзденiстерi де абайтану тарихында өзiндiк орны бар құбылыс. Бұл саладағы алғашқы iзденiстер 1916, 1922 жылдардағы Орынбор, Қазан, Ташкент басылымдарында басталса да, жетер шегiне жетпеген едi. Абай басылымдарының 1933, 1940, 1945, 1957 жылдардағы толық жинақтарын баспаға даярлауға тiкелей атсалысқан М.Әуезов Абай өлеңдерiнiң өрнек үлгiсiн толығымен табиғи қалпына келтiре алды. Әрине, бұл үшiн өлең табиғатын терең танып бiлумен бiрге, өлең құрылысы туралы теориялық терең танымы да қажет едi. Осы ерекшелiк М.Әуезов те толығымен табылды. Абай өлең құрылысындағы өлең өрнектерiн қалпына келтiруде алғашқы толық жинақта М.Әуезовтiң өзi де кемшiлiктерге жол берiп алды. Бiрақ толассыз iзденiп Абай өлең құрылысының ерекшелiктерiне қаныққан сайын ол кемшiлiктерiн жетiлдiрiп отырды. Мысалы, алғашқы толық жинақта өлең өрнегi жағынан өте күрделi Абайдың «Қатыны мен Масақбай», «Сен менi не етесiң» өлеңдерiнiң бастапқы табиғи қалпын сақтай алмаса, соңғы басылымдарда оны толық табиғи қалпына түсiрiп, қалыптастырған әрекетiн көремiз.
Абай өлең құрылысындағы өлең өрнектерiндегi ерекшелiктi тани алмай зерттеушiлердiң қиыншылыққа ұшырауын проф. Ғ.Сағди жиырмасыншы жылдардың iшiнде атап көрсеткен едi. Осы қиыншылықтан да абайтанушы ғалымдарды құтқарған М.Әуезовтiң осы саладағы iзденiстерiнiң нәтижесi едi.
Абай шығармаларын текстологиялық жағынан ұзақ жылдар бойы үзiлiссiз зерттеген ғалым ақын шығармаларындаға сөз өзгерiстерiн табиғи қалпына келтiру жолында да зор iзденiстер жасай бiлдi. Абай өлең жолдарындағы сөздердiң алмасып бөгде мағына алып кеткен тұстарын қалпына келтiрдi. Орынсыз кiрiккен бөгде сөздерден арылтып табиғи қалпына салды. Осы арқылы жалпы Абай шығармаларының текстологиялық жағынан жетiлдiру жолындағы iзденiстерi Абай шығармаларының конондық тексiн қалыптастыра алды деп батыл байлам жасай аламыз.
Абай мұрасының рухани нәр алған көздерi жайлы танымды да абайтану саласында М. Әуезов ендiрдi. О баста негiзi дұрыс салынған бұл өзектi де бағыт бағдары дұрыс таным Абай мұрасының нәр алған көздерi мен дүниетанымының қалыптасу процесiндегi шешушi орында қазақ елiнiң тума мәдени рухани қазынасы тұрса, М. Әуезовтiң айтуынша, екiншi орында мұсылмандық шығыстың рухани ой қазыналарының терең iздерi жатқанын да ғылыми тұрғыдан болжай бiлдi. Ал, орыс және Европалық ой қазыналары Абай дүниетанымының әлемiне үшiншi кезекте яғни Абай дүниетанымының қалыптасып қалған тұсында араласты деген ойды меңзеген болатын-ды. Осы мәселе жайында абайтану саласында кеңестiк идеология үстемдiк еткен тұста бұл саланы шешушi орынға қойып қарастыруы себептi де пiкiр таластың ең мол орын тепкен тұсына айналды.
Осы күрделi мәселеге орай Абай мұрасының Шығысқа қатысы жайындағы мәселе бiртiндеп көтерiлсе де, Мәскеудегi Орталық Комитеттiң 1949 жылы қабылдаған космополитизм туралы қаулысынан кейiн бұл тақырыпқа зерттеу жұмыстары жүргiзiлмедi, яғни бұл тақырыпқа тиым салынды. Соның өзiнде де М. Әуезов Абай мұрасының шығысқа қатысы туралы ой танымдарын жария түрде айтпаса да, уақытқа, жағдайға қарай жарияланбаған тезистерiнде iз қалдырып отырды. М. Әуезов тезистерi Абай мұрасының соңғы жылдардағы шығысқа қатысы жөнiндегi зерттеулерге адастырмас бағыт бағдар беруiмен де абайтану саласында ерекше дараланып тұрады.
Отызыншы жылдар басында-ақ М. Әуезовтiң Абайдың әдеби ортасы деген күрделi мәселеге ерекше назар аудара бастады әрi осы тақырып абайтану тарихында мейлiнше айтыс тартыс тудырған ең күрделi мәселеге де айналып кеттi. Өйткенi бұл проблема тек Абайдың әдеби ортасын ғана қамтып қоймай оның Абайдың әдеби мектебi, Абайдың ақын шәкiрттерi, Абайдың ақындық дәстурi немесе Абай тұсындағы ақындар деп аталатын түйiнi бiр, бiрақ тармақтары сан тарау мәселелердi қамтыды. Ғалымның Абайдың әдеби ортасы туралы ой танымдары абайтану саласында ғылыми зерттеулерiнiң нысанасына айналса, жазушының «Абай жолы» эпопеясының сюжеттiк желiсiнде молынан орын алды. Яғни жазушының өзi арнайы түрде атап өткенiндей: «Мен шама келгенше, ғылым жолымен өмiрiн, ақындығын зерттемекпiн. Ал, шығармалық еңбектерiмнен пьеса, роман туралы да өз ойым ақынды ғылымдық зерттеумен негiзi бiр деймiн» (ЛММА архивi, 249 папкi, 7 бет) деп ғылыми-творчестволық зерттеулерiнiң негiзi бiр екендiгiн қадай айтатыны бар. «Абай жолы» творчестволық тұлғаға арналған туынды болғандықтан, ол басқа тарихи романдардан өзiндiк ерекшелiгiмен дараланатын шығарма болып қалыптасты.
Абайтанудың негiзiн қалаған М. Әуезовтiң ұлы ақын мұрасы жолындағы орасан зор ғылымдық творчестволық iзденiстерiмен қатар басқа ғалымдар да айтарлықтай бұл салада елеулi үлестерiн қосып жатты. Алғашқы диссертациялық зерттеу еңбектерi де осы тұста туындап жатты. Әдебиеттен алғаш рет проф. Қажым Жұмалиев «Абайға дейiнгi қазақ поэзиясы және Абай поэзиябының тiлi» деп аталатын докторлық диссертациясын қорғауы абайтану саласында елеулi мәнi бар құбылысқа айналды. Абайтанудың М. Әуезов дәуiрiнде С. Мұқанов, М. С. Сильченко, Қ. Бейсембиев, Қ. Мұқаметханов, Ә. Жиреншин, З. Ахметов, Полибина, М. Фетисов т.б. абайтанудың әр түрлi саласынан ғылыми монографияларын жариялып үлгердi. Абайтанудың ғылыми деңгейiн көтерген зерттеу еңбектерi дүниеге келдi. Бiрақ бұл ғылыми зерттеу жұмыстарының бәрi де сол тұстағы кеңестiк жүйенiң таптық идеологиясы қойған тегеуiрiндi талабының шеңберiнен шыға алмады. Осы себептi зерттеу жұмыстарының денi Абай мен орыс әдебиетiнiң қарым қатысы туралы мәселеге арналған тақырыптарға қарай ойысуы уақыт пен заман талабы болатын-ды.
Абайтану саласы М. Әуезов өмiрден өткеннен кейiн бiрер жыл тежелiп, жаңа зерттеу еңбектерi бой көрсете бермедi. Осы тежелiстi дер кезiнде сезiнген профессор Қ. Жұмалиев абайтану саласын жандандыру мақсатында аспирантура арқылы мамандар даярлауға қызу атсалыса бастады. Абайтанудан диссертациялар қорғау жұмысы да саябырлап, тоқталуға бет алған түс едi.
Қ. Жұмалиевтiң ең алдымен қолға алған тақырыбы жалпы Абайдың әдеби мұрасының осы кезеңге дейiнгi зерттелу тарихы (аспирант М.Мырзахметов) мен ендi Абай мұрасының орыс тiлiне аударылу жайы (аспирант С.Құспанов) зерттеу нысанасына алынды. Алғашқы тақырыпты түбегейлi зерттеу үшiн хронологиялық жүйеге құрылған Абай туралы толық тұлғалық библиографиялық көрсеткiш жасау мәселесi алға тартылды. Осы арқылы Абай мұрасының зерттелу тарихының 75 жылдық тарихы қазақ елiнiң қоғамдық ойында қандай жолдарды басып өткенi анықталып, тиiстi қорытындылар да жасалды. Абай мұрасының шығысқа қатысы туралы мәселе де алғаш рет зерттеу нысанасына алынып, Абай мұрасының нәр алған рухани салалары туралы М.Әуезов ұсынған концепцияның дұрыстығы мақұлдана бастады.
1965- 1966 жылдардан бастап Абай мұрасы туралы зерттеу еңбектер әуже алып, диссертациялық қорғаулар да жиiлене түстi. Осы кезден бүгiнге дейiн абайтанудан кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалып, қырыққа жуық монографиялық ғылыми еңбектердiң жариялануы абайтанудың саны мен сапасы жағынан қатар өрбiгенiн көрсетедi. Бұл әрекет, әсiресе, Абайдың туғанына 150 жылдық мерей тойы қарсаңында үдере дами түскен абайтанудың бұрын соңды болмаған қарқынмен алға басты. Әрине, Абайдың:
Не пайда бар көп надан,
Сыртын көрiп таңдансын.
Онандағы бiр естi
Iшкi сырын аңғарсын, –
деп айтқан деңгейдегi М. Әуезовтей болмаса да, Абай ойының қабаттарын ашып, сырына қанығып көп салада өндiре iзденiстер жүргiзуi де жай нәрсе емес.
Абайтанудың М. Әуезовтен кейiнгi дәуiрдегi даму жолындағы басты ерекшелiк кеңестiк билiктiң кезiнде-ақ ақын мұрасына таза таптық таным тұрғысынан қойылатын партиялық талаптың шеңберiнен шыға бастағаны байқалды. Ал, елiмiз тәуелсiздiк алысымен-ақ абайтану саласында, әсiресе, ол мұра туралы жазылған монографиялық зерттеулер мен мақалаларда еркiн ойлылық, мәселенi ашық қою, жаңа танымдағы ой пiкiрлердi, соны дерек меғлұматтарды, тiптi, Абай мұрасының исламиятқа қатысы ашық қойылып жатты. Әрине, бұл құбылыс заман талабы мен уақыт тынысы тудырған ой танымдағы өзгерiстердiң нышаны болатын-ды. Әрi бұл құбылыс кеңестiк идеологияның қаһарына мiнiп тұрған заманда-ақ ашық бой көрсете бастады.
Абайтанудың бастапқы кезеңi яғни 1889 жылдан 1933 жылдың аралығы мен М. Әуезов дәуiрi яғни 1934 жыл мен 1961 жыл аралығындағы даму жолының тарихы осы жолдар авторының «Абайтану тарихы» (1994) мен «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары»(1982) деп аталатын ғылыми монографиялық зерттеу еңбектерiнде өз көрiнiсiн тапты. Ендi абайтану саласына абайтанудың М. Әуезовтен кейiнгi дәурлердегi даму жолын танып бiлу үшiн ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргiзу арқылы айқындау мәселесi алға қойылып отыр. Абайтанудың негiзiн салушы М. Әуезовтен кейiнгi қырық жылдан астам уақыт iшiнде абайтану саласының жүрiп өткен жолын, даму тарихын анықтап қорытындылау және алға қойылар осы саладағы өзектi проблемаларды ғылыми тұрғыдан танып, күн тәртiбiне қою мiнеттерi тұр. Бұларды жүзеге асыруда бiздiң сүйенер теориялық және бүгiнгi күндегi жаңа танымдар негiзiнде бұған дейiнгi әдебиеттану ғылымындағы қол жеткен жетiстiктер мен абайтанудан қорғалған диссертациялардағы пiкiрлер мен дерек мағлұматтар көмекке келмек. Абай мерей тойының 15О жылдық қарсаңында жазылған танымдық, ғылымдық мәнi бар зерттеулiк мәндегi мақалалар мен жеке кiтаптар, ғылыми жинақтар және арнайы түрде жазылған монографиялық ғылыми зерттеу еңбектер назарда ұсталмақ. Өйткенi бұрынғы марксистiк таптық танымдағы бағыт-бағдарды ұстанған зерттеу еңбектерiнiң тегеуiрiндi шеңберi жемiрiлiп, жаңа таныдмағы ой пiкiрлер ағымына ырық бере бастады. Бұл, әсiресе, Абай мұрасының рухани нәр алған салалары туралы М. Әуезов ұстанымдары отызыншы жылдар басында негiзi қаланған болатын-ды. Бiрақ бұл таным тұрпайы социологиялық таным тұрғысынан ұзақ жылдар бойы әр қилы танымдағы ой пiкiрлердiң бұра тартуына ұшырап отырды. Ғылыми негiздегi М.Әуезов ұстанымы 1965 жылдан бастап бұрынғы табиғи қалпына қарай бет алғаны, ғылыми тұрғыдан орныға бастағаны байқалды.
Абайдың әдеби мұрасын меңгеру, танып бiлу жолындағы ең басы кедергi Абайдың дүниетанымын танып бiлу, танытуда жатты. Қазан төңкерiсiне дейiнгi абайтану саласында жазылған алғашқы мақалаларда Абайдың дүниетанымы туралы бастапқы белгiлерi сол кезең деңгейiне орай байсалды пiкiрлер де айтыла бастады. Бiрақ кеңес билiгi орнасумен-ақ ақын мұрасына таптық-қарым қатынас бағыты тұрғысынан танып бағалау өзектi мәселеге айналып жүре бердi. Осы бағыт қашан Қазақстан өз тәуелсiздiгiн жариялаған күнге дейiн өз үстемдiгiн жүргiзiп келдi. Абайтану саласында бұл тұста қаншалықты еркiн ойлы ғалымдар өзiндiк таным тұрғысынан зерттеу еңбектерiн жазғанымен, коммунистiк идеологияның таптық тұрғыдан қарап бағалау талабы шеңберiнен шыға алмады. Авторлар өзiне өзi автоцензура жасау немесе ресми цензураның бақылауында болу кiмдi болса да солардың қабағына қарау, соларға қарап алаңдаудан құтыла алмады. Әсiресе, Орталық Комитеттiң әр жылдар алған қаулы қарарларын негiзге алу талабы да олардың еркiн пiкiр бiлдiруiне тұсау салып отырды. Абайтану саласында жазылған зерттеу еңбетерiнiң бәрi де жоғарыдан қойылған саяси идеологиялық талаптың ауқымынан еркiн шығып кету мүмкiндiгi болмады. Осы себептi де Абайдың дүниеге көзқарасы туралы жазылып жарияланған еңбектердiң бәрi де жоғарыдан қойылған идеологиялық талап пен танымның тұрғысында болып келдi.
Қырқыншы жылдарға дейiнгi абайтану саласында жарияланған Абай дүние танымы тақырыбына жазылған еңбекердiң бәрi де тұрпайы социологиялық таным тұрғысынан жазылғандықтан, Абайды үстем таптың идеологы, байшылдық феодалдық сананың жыршысы деп танылып, сол тұрғыдан бағаланып келдi. Абайдың әдеби мұрасын мұра ретiнде қабылдаудың өзiне әрең қол жеттi. Ал, елуiншi жылдардан бастап Абайдың дүниега көзқарасын материалистiк, атеистiк сарында танып бiлу, осы таным тұрғысынан насихаттау бағытында жүрiп жатқаны проф. Қ. Беисембиевтiң зерттеулерiнде ашық көрiнiс бердi. Ал, Абай мұрасының мұсылмандық шығысқа қарым қатысын арнайы зерттеп тану жағына ОК космополитизм туралы қаулысы тұсау салып шiдерлеп отырды. Абайтанудың негiзiн салушы академик М. Әуезовтiң өзi Абай мұрасының шығысқа қатысы туралы күрделi мәселеде өз ой танымын тезиспен айту немесе бұрындары айтқан пiкiрлерiне автоцензура жасап маневр жасауға мәжбур болған күндердi бастан кешiп жатса да, абайтанудан өткен қызу пiкiр таласында өзiндiк таным негiзiн сақтап қалды.
Тоқсаныншы жылдар басында Абайдың шығысқа қатысы әсiресе исламиятқа қарым қатысы туралы мәселе қайта көтерiлiп, Абайдың исламиятқа қатысы мен мораль философиясы, адамгершiлiк негiздерi туралы мәселелер жаңаша бағыт бағдар ала бастады(«Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» Алматы 1982). Қазақстан тәуелсiздiк алған жылдардан бастап абайтану саласында жазылған зерттеу еңбектерiнiң бағыт бағдары да өзгерiп, ғылыми тұрғыдағы ұлттық таным негiзi шешушi орынға шыға бастады. Бұл бағыт, әсiресе, Абайдың 15О жылдық мерей тойы қарсаңында жазылған барлық ғылым салаларында жазылып басылым көрген монографиялық зерттеу еңбектерiнде анық белгi берiп жатты. Мысал ретiнде атап өтер болсақ А. Машановтың «Әл Фараби және Абай», Ғ. Есiмовтiң «Хаким Абай», М. Орынбековтiң «Абайдың философиялық көзқарасы», М. Мырзахметовтың “Абайдың адамгершілік мұраттары” (1994) деп аталатын еңбектерi Абайдың дүние танымы туралы күрделi проблемаларды шығыстан ажыратпай қазақтың ұлттық философиясы негiзiнде қарастыруы арқылы абайтану саласында жаңа бағыт бағдарды ендiрiп отыр. Бұл ұлттық дәстур келешекте жаңа буын жас ұрпақтар тарапынан жалғастық таба беретiнiне сенiмдiмiз. Мұны абайтанудан соңғы жылдары жазылған қоғамдық ғылымдардың барлық саласында жазылған зерттеу еңбектердiң бағыт бағдары мен мазмұны айғақтап отыр. Соңғы жылдарда абайтану саласынан қорғалған кандидаттық, докторлық диссертациялық зерттеулер негiзiнен бүгiнгi жаңаша таным тұрғысынан қорғалуда.
Абайтану саласындағы бүгiнгi күнде орын алып отырған бiр ерекшелiк ұлы ақын мұрасын зерттеуде сала салаға жiктей отырып зерттеу бағыты анық белгi беруде. Әрине, зерттеушi жас ғалымдар Абай мұрасын сала салаға жiктей қарастырғанда, М. Әуезов ұстанып келген сегiз түрiлi тақырыптық дәстурдiң ықпалында бола отырып, сол дәстурдiң бүгiнгi жалғасын өз зерттеулерiнде дамытып отыр дей аламыз..
Абайдың ғылыми өмiр баянын тұңғыш рет ғылыми негiзде Мұхтар Әуезов қалыптастырды. Өйткенi Абай өмiр баянын бiлмейiнша, ақын мұрасын терең танып меңгерудiң қиындығын сезiндi. Сезiндi де ұзақ жылдар бойы осы салада толассыз iзденiп отыз жылдан астам уақыт iшiнде Абай өмiр баянын қайта қайта жаңғыртып жазу үстiнде оның төрт нұсқасын дүниеге келтiрдi. Бiрақ осындай теңдессiз еңбек ете отырып, келешекте Абай өмiр баянынына қажеттi дерек көзiн мұрағаттар сөресiн сүзе отырып жаңа дерек көздерiмен толықтыру талабын да алға қойған болатын ды. Мiне, осы талапты абайтану саласында еңбекқор iзденушi Бейсембай Байғалиев Абай өмiр баянына байланысты көптеген соны дерек көздерiмен молықтыру үстiне бұрындары айтылып жүрген кейбiр терiс ұғымдарды түбiрiмен өзгертiп жаңартуы көрсетiп отыр. Бұрындары «Абайдың 92- сi» деп қате ұғынып келген танымды ресми билiк иелерi ендiрген отаршылдық айла шарғының бiрi болып шығуы немесе Абайдың болыстық билiк пен би қызметiн атқаруы 18 жылға созылуын анықтауы т.б. түзетулерi осыны көрсетедi.
Абай мұрасының рухани нәр алған көздерiн анықтауда, әсiресе, шығысқа байланысты көптеген нақтылы дерек мағлұматтардың молыға түсуi, әсiресе, Абай кiтапханасының көлемi кеңи түсуiне соңғы зерттеулер көп жаңалықтар тың ұғымдар әкелуде. Абай шығармаларының текстологиясы, оның зерттелу тарихы жайында да тың пiкiрлер айтылуда. Абайдың әдеби ортасы мен оның болмысы,ақын шәкiрттерi туралы зерттеулердiң молығуы, шәкiрт ақындар шығармаларының түгелге жуық алғаш рет жарйяланып танылуы жаңа пiкiрлер мен соны танымдар әкелуде. Абайдан кейiнгi ояну дәуiрiндегi әдебиет өкiлдерiнiң алғаш рет зерттеу нысанасына алынып, туындыларының толық басылым көруi, олардың шығармаларындағы Абай дәстурiнiң алғаш рет ғылыми тұрғыдан зерттелiп зерделенуi абайтанудың деңгейi биiктеп даму жолындағы сапалық өзгерiстердi де танытатын нышандары көрiнiс беруде.
Абайтанудың М. Әуезов дәуiрiнде ұлы ақын мұрасына арналған тұңғыш библиографиялық көрсеткiш Н. Сәбитов тарапынан мыңға жуық дерек көздерiн қамтыған «Абай» (1946) кiтабы басылым көрiп М.Әуезов тарапынан аса жоғары бағаланып, кемегер ғалымды қуанышқа бөлеген едi. Абайтанудың М. Әуезовтен кейiнгi кезеңiнде ақын мұрасы туралы төрт мыңнан астам дерек көздерiн қамтыған библиографиялық көрсеткiштер қатарынан үш рет басылым көрiп(1965, 1988. 1995 ж.ж.), оқырмандар тарапынан жылы лебiздер айтылып жатты. Абай туралы тұңғыш толық тұлғалық библиографиялық көрсеткiш («Абай Құнанбаев», 1965) хронологиялық жүйенi ұстанды. Өйткенi бұл көрсеткiштi жасаудағы мақсат Абай мұрасының зерттелу жайын танып бiлу үшiн ақын мұрасы қоғамдық ой-санада қай кезде қандай деңгейде танылып бағаланып отырғанын танып бiлу үшiн керек болды. Абайтану тарихын жазуға осы хронологиялық жүйенi ұстану қажеттiлiгi талап еттi.
Абай мұрасымен қызығатын қалың оқырман қауым мен студенттер, аспиранттар, зерттеушiлер үшiн ендi библиографиялық көрсеткiштi тақырыптық жүйемен жасау мақсаты алға қойылды. Осы мақсат тұрғысынан 1988 жылы «Абайтану. Библиографиялық көрсеткiш» басылым көрдi. Абайдың жүз жылдық мерей тойы қарсаңында шығарылған («Абай Құнанбаев. Библиографиялық көрсеткiш», 1995 жыл) көрсеткiш те тақырыптық жүйенi ұстанды. 1965жылдан 1995 жылға дейiнгi аралықтағы Абай мұрасы туралы жарияланып басылым көрген iрiлi ұсақты дерек мағлұматтардың жалпы саны 1946 жылғы библиографиялық көрсеткiштегiден төрт еседен асып жатуы абайтанудың саны мен сапасы жағынан қарағанда да дәстурлi даму жолына екндiгiн айғақтап тұр.
Абайтану саласында М.Әуезов дәуiрiнен кейiнгi орын алған елеулi түрдегi өзгерiстiң Абай мұрасының шығысқа қатысын зерттеу саласында болғандығы анықталып отыр. Абай мұрасының шығысқа қатысының зерттелу жолына назар аударсақ, о баста тәп тәуiр басталған бастама пiкiрлердiң болғандығына қарамай, бұл саланың жербауырлап қалуының екi түрлi себебi болғандығын аңғарамыз. Бiрiншiден, бұл саланың абайтануда алар орны, мән мағынасы айтарлықтай болса да, өз деңгейiнде дами алмауындағы себебi бұл кезеңде шығыс тiлдерiн терең меңгерген мамандардың болмауынан кешеуiлдеп қалды. Екiншiден, 20­-30 жылдардағы қоғам өмiрiнде болып өткен саяси әлеуметтiк дауылдардың яғни барлық саладағы күштеу саясатының салдарынан көпке дейiн ес жия алмаған қоғамдық ой санадағы дағдарыстар мен бiрге, әсiресе, 1949 жылғы КПСС ОК космополитизм туралы қабылданған арнаулы қаулысы бұл саладағы жұмыстарды бiржолата тұқыртып тоқтатып тастады. Мiне, осы жағдайларға байланысты ғалымдар бұл саланың қажет екендiгiн бiлсе де, тиым салынған тақырыпқа баруға мүмкiндiктерi болмады.
КПСС ХХ сьзiнен кейiн жеке басқа табыну қатты сыналып, қоғамдық ойға қозғау түскен кезден кейiн ғана, Абай мұрасының шығысқа қатысы туралы мәселеге Қазақстанда ғалымдар артына үрке қарай отырып там тұмдап болса да пiкiр тудыра бастады. 1965 жылы ҚазПИ дiң ғылыми кеңесiнде «Абай Құнанбаевтың әдеби мұрасының зерттелу жайы» деген тақырыпта қорғалған кандидаттық диссертацияда Абай мұрасының рухани нәр алған бұлағы Шығыстық арнасы жөнiндегi мәселе өткiр қойылып, қызу пiкiр таласына ұласты. Яғни тиым салынған салаға қозғау түстi. Осыған орай Абайдың ақындық кiтапханасының жайы туралы мәселе де алғаш рет ресми түрде көтерiлдi. Жоғарыда аталып өткен қоғамдық санада болып өткен жан-жақты қыспақтан кейiн мәселенiң ғылыми тұрғыдан қойылуы абайтану тарихындағы ой танымдағы iлгерiлеудiң белгiсiндей сезiлдi. 1989 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» тақырыбына қорғалған докторлық диссертация сол кезеңнiң жағдайына орай М.Әуезовтiң беделiн алға қалқан ете отырып «Абайдың шығысқа қатысы М.Әуезовтiң зерттеуiнде» деп аталатын тарауда Абайдың исламиятқа қатысы мен адамгершiлiк мұраттары жөнiнде жаңа танымдағы ой пiкiрлер ғылыми жағынан белгiлi бiр жүйеге түсiрiлiп, байсалды түрде баяндалды. Мiне, осы кезден бастап Абайтану саласында Абайдың шығысқа қатысына байланысты зерттеу еңбектерi қоғамдық ғылым саласындағы көптеген зерттеулердiң өзектi желiсiне айнала бастады. С.Оразалиевтiң “Абай және Дауани”, М.Әлiпхановтың “Кiсiлiк кiлтi“ және С.Ғаббасов пен Ә.Көшербаеваның докторлық диссертациялары мен философтардың жаңа зерттеу еңбектерi бұл саладағы танымды тереңдете түстi.
Абайтану тарихының жүз жылдан астам даму жолына назар салсақ, әр кезеңнiң тарих сахнасына келген жаңа ұрпақтары Абайды танып бiлуге, бағалауға өз үлесiн қосып келе жатқан рухани көш тiзбегiн көремiз. Абайтанудың М.Әуезов дәуiрiнен кейiнгi ұрпақ өкiлдерi де Абай мұрасын өзiнше танып бағалаған еңбектерi молынан жарияланыпты. Ал, ендiгi кезек яғни Абайды тереңнен танып бағалау, өзiнше пiкiр толғау кезегi Қазақстан Республикасы өз тәуелсiдiгiн жариялаған заманда дүниеге келген жаңа буын жас толқын ұрпақтың иығына түсерi анық.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   46




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет