Технологиялық карта - орындалатын операциялардың орындалу орнын, қолданылатын саймандар мен жабдықтарын, уақыт мөлшерін, технологиялық жағдайлар мен нұсқауларды белгілеу тізімі.
Бақылау сұрақтары
Технология ұғымының мәні неде?
Технологияның кезеңдерін атаңыз.
Технологиялық карта деген не?
Ұсынылатын әдебиеттер
1.Шунк, Д.Х. Оқыту теориясы: Білім беру көкжиегі : Оқулық = Learning Theories: An educational perspective / Д.Х. Шунк; Ауд.: Б.М.Мизамхан.- 7-ші басылым.- Астана: "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қоры, 2019.-
2.Дүйсенбаев А.Қ. Педагогика .Оқу-әдістемелік кешен .- Алматы: "Отан" баспасы, 2018.- 293 б.
3.Бұзаубақова К.Ж., Тәжібаева С.Ж. «Жаңа әлемнің жаңа мұғалімін даярлауда инновациялық технологияны пайдалану» тренингі : Оқу - әдістемелік құрал.- Тараз, 2018.- 100 б.
11-12 лекция. Оқыту технологиясы
Жоспары:
11.1«Пәнді оқытудың технологиясы» ұғымы.
11.2Оқытудың технологиясына сипаттама беру және талдау (классификациялық параметрлер, мақсатқа бағыттылығы, іргелі қағидалар және болжамдар)
11.3Оқытудың технологиясы мазмұнының ерекшелігі, әдістемесінің ерекшеліктері.
Мақсаты: білім алушыларды «пәнді оқытудың технологиясы» ұғымымен таныстыру және оқыту технологиясына сипаттама беру.
Түйін сөздер: техногенді өркениет, білім берудегі технология, бағдарламалық оқыту, оқыту үдерісінің технологиясы.
"Оқыту технологиясы ”ұғымы педагогикада және жеке әдiстемеде әсiресе соңғы уақытта кең таралып отыр. Байқауымызша, бұл ұғымның педагогикада пайда болуы техногендiк өркениеттiң дамуымен байланысты және ХХ ғасырдың басындағы Еуропаның елдерi мен АҚШ–та "технология” ұғымының өзi де, оған байланысты мәселелер де арнайы зерттеулерге арқау бола бастаған кезге жатады. ХХ ғасырларда педология шеңберiнде "педагогикалық технология” терминi туындады. Осы кезеңде педагогикалық техника ұғымы да кеңiнен қолдалынады. "Педагогикалық технология” ұғымы рефлексология идеяларына негiзделген.
"Бiлiм берудегi технология” терминi оқытудың техникалық құралдарын (ОТҚ) қолдаумен техникалық құралдарын қолдану әдiстемесi мәселелерiн қарастыруда оқыту технологиясы (50-60 жж.), сондай-ақ педагогикалық технологиялар терминi қолданыла бастады. 60-жылдары педагогикалық технология қандай да бiр әдiстеменi, мысалы, бағдарламалық оқытуды ғылыми негiздей отырып қолданылуы тиiс деген түсiнiк қалыптасты. 70–жылдарға қарай педагогикалық тәсiлi туындады. Педагогикалық әдiстер технологиясы, яғни, оқу үдерісiн өзiн немесе оқытуды құру технологиясы пайда болды. Осы бағыттың тұңғыш перзентi және педагогикалық технологиялардың салынатын iргетасы бағдарламалық оқыту болды. Оған тән сипат – оқу мақсаттарын нақтылап алып, соларға бөлiк-бөлiгiмен бiрiздiлiкпен жету. Бұл сипаттамада оқыту технологиясының арқауы мектептегi оқыту жүйелерiн құрастыру болып табылады.
70 – жылдары жүйелiлiк тәсiлдiң дамуына байланысты педагогикада педагогикалық технологиялар нақты белгiленген мақсаттарға сай оқу үдерісiн басқаруға бағытталған дидактикалық мiндеттердi шешуi тиiс деген идея қолданыс тапты. Бұл бағыттың мәнi мектеп жұмысының толық басқарымдылығы идеясында жатыр.
70-80 жылдары оқыту технологиясы және оқу үдерісiнiң технологиясы терминi пайда бола бастады. Кейiнiрек педагогикалық технология терминi көбiнде оқыту технологиясы терминiмен теңестiрiлдi.
Кеңiнен қолданылатын "оқыту технологиясы”, "бiлiм беру технологиясы”, "оқу үдерісiнiң технологиясы”, терминдерi ақыр аяғында оқу–тәрбие үдерісiн ұйымдастыру және басқару дегенге келiп саяды.
"Педагогикалық технологиясы” терминдерiнiң өзара байланысына келсек:
1.Педагогикалық технологияда педагогикалық жүйесiнiң жобасы ретiнде объектiлердi, процестердi және олардың өзара әрекет ету жағдайларын ажыратады, яғни, педагогикалық технология кең мағынасында бүкiл бiлiм беру жүйесiнiң тұжырымдамасын, стратегиясын бiлдiредi.
2.Оқу процесi технологиясының ерекшелiгi мұнда қойылған мақсаттарға жетуге кепiлдiк бере алатын оқу процесi құрылады. Оқу процесi технологиясын түсiнудiң бiрден бiр кiлтi бiрiздiлiкпен айқын белгiленген мақсаттарға бағытталу болып табылады;
- Оқушының iшкi интеллектуалдық, эмоционалдық, тұлғалық даму процестерi арқылы мақсаттарды анықтау;
- Оқытылатын мазмұн арқылы мақсаттарды анықтау;
- Оқушылардың оқу қызметi арқылы мақсаттарды анықтау;
- Мұғалiм қызметi арқылы мақсаттарды анықтау.
Мұндай тәсiлде "қалай оқыту керек?” сауалы бiрiншi қатарға шығып, педагог оқу материалын емес, оқушы мен оның оқу қызметiн басты назарда ұстайды.
3.Оқыту технологиясы – бұл оқытушылар мен оқушылардың қызметiн құру. Мұнда оқушылардың өнiмдi қызметiн ұйымдастыруға мүкiндiк беретiн оқыту жағдайларына (нысандарына, әдiстерiне, тәсiлдерiне, құралдарына) басымдық берiледi.
Соңғы жылдары педагогикалық технологиялар ұғымы оқу–тәрбие жүйесiн басқару және жобалау құралдары мен процестерiнiң: оның мақсаттары мен мiндеттерiнiң, мазмұнының, әдiс–тәсiлдерiнiң жиынтығы ретiнде түсiнiледi.
Кең таралғандығы мен негiздiлiгiнде, бiлiм беру тарихындағы айқын белгiленген мәнi орнына қарамастан, осы ұғымның мазмұнын ашу, оның көлемi үнемi талдану үстiнде және бүгiнгi күнге дейiн оның бiрiңғай түсiнiктемесе жоқ. Педагогикалық сөздікте мынадай анықтама берiлген: "Педагогикалық техника – оқу сабақтарын айқын да тиiмдi ұйымдастыруға бағытталған тәсiлдер мен құралдар жиынтығы”.
Майкл Кларк бiлiм беруде технология жаңа нәрсе емес, ол тек оқытудың жаңа жолдары ашылған кездерде ғана қызықтырады деп атап көрсетедi де, одан әрi педагогикалық технологияларға "бiлiм сапасын тексеруге болатын бақылау жүйесi”, сондай-ақ "бiлiм, дағдыны бағалау әдiстерiн әзiрлеу” ретiнде анықтама бередi.
П.Буга мен В.Карпов оқыту технологиясы дегенiмiз ғылыми ұйымдастырылған бiлiмдi практикалық тапсырмаларды орындауда жүйелi түрде iс жүзiнде қолдану деп түсiндiредi және оқыту технологияларын оқытудың әртүрлi әдiстерiн қолданудың ғылыми негiзi ретiнде анықтайды.
Жапон педагог ғылымы Т.Сакамотоның сипаттауынша, өз мәнi бойынша педагогикалық технология барлық басқарылатын компоненттер:
1. Бiлу, түсiндiру, пайдалану, бағалау, түсiну, қолдану, жасау, атап көрсету және т.б.
2. Қайта құру, болжау, сауал, қою, қайта ұйымдастыру, топтастыру, жүйелеу, жеңiлдету және т.б.
3. Белгiлеу, қорытынды жасау, мәнерлеп оқу, айту және т.б.
4. Пiкiрiн айту, қолдау, ынтымақтаса қызмет ету және т.б.
Оқу үдерісiнің мақсаттарын нақтылау (Б.Блум таксономиясы негiзiнде) технологиясының қисынды қорытындысы педагог қызметiнiң күнтiзбелiк – тақырыптық және күнделiктi сабақ жоспары түрiнде көрiнiс табады.
Осы заманғы дидактикада əр қилы оқыту технологиялары көрініс беріп жүр. Олардың көп түрлі болу себебі - əр автор мен орындаушының педагогикалық үдеріске өзінше жаңалық қосып, технологияға өзгеріс ендіріп баруымен байланысты.
Дидактикада оқу технологиялары төмендегідей сипаттарымен жіктеліп, топтастырылады:
- қолдану деңгейі: жалпы педагогикалық, пəн əдістемелік, бөлімдік (модульдік);
- философиялық негізі: ғылыми жəне діни, гуманистік жəне əміршіл- əкімшіл (авторитарлы);
- тəжірибе меңгерудің ғылыми негіздемесі (концепция): байланыс-жауапты (ассоциатив-рефлекторлы); іс-əрекетті (бихевиористік), іштей ұғу (интериоризаторлы), дамытушы;
- тұлғалық құрылымға бағдарлануы: ақпараттық (білім, ептілік жəне дағдылар қалыптастыру), нақты қимыл-əрекеттік (оперативті- ақыл-ой əрекеттері əдістерін қалыптастыру), шығармашыл (эвристикалы-дарын қабілеттерін дамыту), қолданбалы (тұрмыс-тəжірибелік əрекеттер қалыптастыру).
- Дəстүрлі оқыту жүйесін жаңалау бағыты (модернизация): оқушы іс-əрекетінің белсенділігін көтеру жəне жеделдестіру технологиясы; мұғалім жəне оқушы арасындағы қатынастарды адамиластыру мен демократияластыру негізінде жасалған технология; оқу материалын дидактикалық қайта түзуге негізделген технология жəне т.б.
Оқыту технологиясының топтастырылуы, сонымен бірге, нақты кезеңде басым болған мақсаттар мен міндеттерге, оқуды ұйымдастыру формасының қолданылуына, дəл кезеңде қажет болған əдістерге жəне басқа да негіздемелерге тəуелді келеді.
Оқыту технологиясын оқу əдістемесінен ажырата білген жөн. Олардың бір-бірінен айырмасы – оқу технологиясын қайталап, көбейте таратуға болады. Қай жағдайда да технология өзіне сай түзілген оқу процесінің жоғары сапасына жəне педагогикалық міндеттердің табысты шешілуіне кепіл бола алады. Ал əдістеменің соңғы тиімді нəтижеге жете алмауы жиі кездеседі. Сонымен бірге, əдістеме технологиялық деңгейге дейін көтерілуі мүмкін. Мысалы, жаңа материалды түсіндірудің белгілі əдістемесі бар. Егер ол əдістеме шынайылық, сенім, сəйкестік талаптарына орайласса, оны технология деп тануға болады.
Оқыту технологиясы педагогикалық шеберлікпен өзара байланысты. Оқу технологиясын жете білудің өзі – шеберлік. Бір технологияны əрбір оқытушы жеке іске асырып отыруы мүмкін, ал осы іске асырудағы технологиялық ерекшеліктерден мұғалімнің оқу шеберлігі көрінеді.
Оқудың дəстүрлі (қайта жасау- репродуктивті) технологиясы білім, ептілік жəне дағдыларды ұсынуға бағытталған. Ол өтіліп жатқан материалдың игерілуін, қайта жасау деңгейіндегі білім сапасының бағалануын қамтамасыз етеді. Бұл технологияның ежелгі түрі. Ол бүгінгі таңда да кең таралған (əсіресе орта мектепте). Оның мəні: жаңаны игерту–бекіту–қадағалау–бағалау сұлбасы (схема) бойынша оқу процесін жүргізу. Технология негізіне табысты өмір тіршілігін қамтамасыз ететіндей білім ауқымын анықтауға мүмкіндік беретін жəне оны оқушыға жеткізу жолын көрсететін білімдік бағыт-бағдарлама (парадигма) алынады. Осыған орай оқу- оқытудың басты əдістері ретінде 1) көрнекілік жəне онымен бірге жүретін түсіндіру, 2) оқушының жетекші іс-əрекеттері түрлеріне – тыңдау мен есте қалдыру, 3) басты талап жəне тиімділіктің негізгі көрсеткішіне – игерілгенді қалтқысыз қайталап жаңғырту ептілігі алынады. Мұғалім қызметтері – түсіндіру, əрекеттерді көрсету, оқушылар орындағандарды бағалау жəне реттеу, түзету.
Оқыту технологиясы бірқатар маңызды да ұнамды талаптарымен еленген. Олар – үнемділігі , күрделі материалды түсінуді жеңілдетуі, білім-тəрбие процесін тиімді басқаруды қамтамасыз етуі, білім ұсынудың жаңа əдіс –тəсілдерін пайдалануға икемді келуі. Сонымен бірге дəстүрлі технология біршама кемшіліктерге де жол береді – оқу процесін дараландыру мен жіктеуге қолайсыз, оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға мүмкіншілігі кем.
Дамыта оқыту технологиясы мектеп тəжірибесіне енген оқу іс-əрекеттері арасындағы аса танымалы (Л.С.Выготский, Л.В. Занков, Д.Б.Эльконин жəне т.б.).
Ғалымдар дəлелдегендей, педагогика бала дамуының өткеніне емес, болашағына бағытталуы тиіс. Сонда ғана ол оқу үдерісінде осы нақты уақыт шеңберіндегі жақын даму үдерістерін жүзеге асыра алады. «Жақын даму аймағының» мəні: бала өз дамуының белгілі кезеңінде оқу міндеттерін ересектер басшылығында не ақылдырақ дос –жарандарымен араласа жүріп шешуі мүмкін. Келтірілген пікір жария болғанға дейін бала дамуы, əсіресе оның ақыл-ойының өрістеуі оқу жəне тəрбие ізімен жүретіні мойындалған болатын.
Зерттеулер нəтижесінде (Л.В. Занков) оқу тиімділігін көтеру есебінен оқушы дамуын жеделдетуге болатыны дəлелденді. Бұл үшін оқуды жоғары деңгейлі қиыншылықта жүргізу принципін ұстану – басты талап. Егер алдынан рухани, сезімдік күш-қуаттың іске қосылуын қажет ететін кедергілер (ойын, оқу, тұрмыс) шығып тұрмаса, əрі оларды жеңуге талпынбаса, бала дамуы бəсеңдейді.
Жоғары қиыншылық деңгейіндегі оқу принципіне орай білім мазмұны жəне оны құрастыру реті анықталады. Оқу материалының мазмұн қарқыны ұлғаяды, əрі тереңдейді, жетекші рол теориялық білімдерге беріледі, дегенмен, оқушылардың практикалық ептіліктері мен дағдыларының маңызы жойылмайды.
Дамыта оқыту технологиясы талаптарының жəне бірі – оқу ілгерілі жəне жедел қарқында жүреді. Өткендерді жиі əрі бір беткей қайталаулар оқу процесінің кедергісіне айналып, оқуды жоғары қиыншылық деңгейінде өтуге мүмкіндік бермейді. Дамытушы технологияны іске асыру сонымен бірге оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты жүйелі- іс-əрекеттік оқу бағытын ұстануды қажет етеді (Д.Б.Эльконин).
Дамыта оқыту технологиясы идеяларының қатарына сондай-ақ оқу қызметінің əр қилы жағдайларында оқушылардың қажет болғанды өзінше танып, содан өздігінен жауап əрекет орындауға (рефлексия) ынталандыру идеясы да кіреді. Жауап əрекетке (рефлексия) келу дегеніміз баланың өз əрекеттерін сезінуі мен түсінуі, оқу іс-əрекеттерінің тəсіл, əдістерін өзінше байқап, тануы.
Рефлексиялық əрекет-қимылдар əрқашан өзіндік қадағалау жəне бағалаумен тығыз байланысты болатындықтан дамытушы технология шарттарына орай оларға да көп мəн беріледі.
Дамыта оқыту идеясы бұл күнде еліміздің мұғалімдері арасында кең қолданымда. Алайда, бұл технологияның кейбір тұжырымдары пікір таласты болып жүр. Себебі, оқушылардың бəрі бірдей қиыншылықты деңгей оқуын көтере алмайды. Солар ішінде тума жайсаң қозғалысты тұлғалардың мұндай оқуда əбден күйзеліске түседі. Сондықтан барша шəкірттерді теңдей шапшаң жəне жоғары күрделілік деңгейінде оқытып, тəрбиелеуге болмайды.
Бағдарламаланған оқу технологиясының (БОТ) негізгі мақсаты оқу процесінің басқару жүйесін жақсарту (П.Я.Гальперин, Л.Н. Ланда, А.М. Матюшкин жəне т.б.).
БОТ бастауын берген американдық психологтар мен дидакттар (Н.Краудер, Б.Скиннер, С.Пресси).
БОТ – бұл арнайы жабдықтар, бағдарламаластырылған оқулық, ерекше оқу-машинасы, ЭВМ жəне т.б. көмегімен күні ілгері дайындалған бағдарлама бойынша орындалатын өзіндік жеке-дара оқу технологиясы. Бұл технология əрбір оқушыға өзіндік сапа-қасиеттеріне орай (оқу қарқыны, сауаттылық деңгейі жəне т.б.) оқуына мүмкіндік береді.
БОТ-ның өзіне тəн сипат белгілері:
- оқу материалының кіші көлемді жеңіл игерілетін бөлшектерге жіктелуі;
- əр бөлшекті игеруге арналған нақты əрекеттерді орындау нұсқаулары жүйесінің берілуі;
- əр бөлшек игерілуінің тексерілуі;
- қадағалау тапсырмаларының дұрыс орындалуымен оқушы материалдың ендігі жаңа бөлшегін алып, келесі оқу қадамын іске асыруға өтуі;
- дұрыс жауап бере алмаған жағдайда оқушының қосымша көмек түсініктемелерін алуы;
- қадағалау тапсырмаларының нəтижесі хатталып, оқушының өзіне де (ішкі кері байланыс), педагогқа да (сырттай кері байланыс) белгілі болуы.
Проблемалық оқыту технологиясы мұғалім басшылығында өтетін оқушылардың оқу міндеттерін шешуге орайластырылған өзіндік ізденіс іс-əрекеттерін ұйымдастыруға негізделеді. Оқу ізденістері барысында оқушыларда жаңа білім, ептілік жəне дағдылар қалыптасып, қабілеттері, танымдық белсенділігі, қызығуы, ой-өрісі, шығармашыл ойы жəне басқа да тұлғалық маңызды сапалары дамиды (Т.В.Кудрявцев, А.М.Матюшкин, М.И.Махмутов жəне т.б.).
Жалпы түрінде проблемалық оқыту технологиясының сипаты келесідей: оқытушы білімді дайын күйінде ұсынбай, оқушылар алдына міндет (проблема) қояды, оған қызықтырады жəне оның шешу əдіс-тəсілдерін табуға ынталандырады. Ал оқушылар мұғалімнің тікелей басшылығында не өз бетінше олардың шешімін табудың жолдары мен əдістерін зерттейді, яғни болжам түзеді, оның шынайылығын тексеру тəсілдерін белгілейді əрі талқылайды, дəйектейді, нəтижелерін талдайды, пікір жүргізеді, дəлелдейді.
Проблемалық оқыту басқа да технологиялар сияқты өзінің ұнамды да болымсыз тараптарына ие. Оның тиімділігі: оқушыларға тек қажетті білім, ептілік жəне дағдылар жүйесін меңгеруге жəрдемдесіп қоймастан, олардың ақыл-ой дамуына жол ашады, өз шығармашылық қуатымен берік білім қалыптастыруға көмектеседі, өз оқу еңбегіне қызығу ұмтылысын дамытады, оқу нəтижесінің бекінуін қамтамасыз етеді. Кемшілігі : жоспарланған нəтижеге жету көп уақытты талап етеді, сонымен бірге, оқушылардың танымдық іс-əрекеттерін жүйелі басқару қиын.
Модульдік оқыту технологиясы АҚШ пен Батыс Еуропада 1960 жылдары дəстүрлі оқуға балама ретінде ұсынылған білім игеру жүйесі. Бұл технологияның мəні - оқушы модульмен жұмыс орындау барысындағы нақты мақсатқа өз бетінше (не белгілі шамада мұғалім жəрдемімен) жетеді (П.Юцявичене, Т.И.Шамова). Модуль – мақсатқа орайластырылған оқу мазмұны мен оны меңгеру жолдарын (технологиясын) біріктірген түйін, топ (узел).
Модуль құрамы: əрекеттің мақсаттық жоспары, ақпарат қоры, дидактикалық мақсатқа жетудің əдістемелік көрсетпелері.
Бұл технологияға орай оқу мазмұны өз алдына белгілі жинақы құрамға келтірілген ақпараттық топ (блок) күйінде беріледі. Ол ақпарат оқу мазмұнының көлемін ғана емес, əдістері мен олардың игерілу деңгейін де көрсететін дидактикалық мақсатқа сəйкес меңгеріледі.
Модульдік оқытуда өзіндік жұмыстарға аса көп уақыт бөлінеді. Бұл оқушыға оқу əрекеттеріне кірісумен өз мүмкіндіктерін сезінуге, білім игеру деңгейін өзі анықтауына, өз білімдері мен ептіліктеріндегі кемшіліктерді байқауына жəрдемдеседі.
Модульдік оқыту дəстүрлі білім игеру жүйесімен байланыста пайдаланылуы мүмкін. Модульдер оқу жүйесінің қалаған ұйымдастырылу формасында орын тауып, оның сапасын жақсартуға жəне тиімділігін арттыруға қолданылуы ықтимал.
Шоғырландырылған (концентрлі) оқыту технологиясы педагогикада ежелден танымал пəнге шоғырландыру əдісіне негізделген (П.Блонский, В.Ф.Шаталов, М.П.Щетинин жəне т.б.).
Бұл технология жақтастарының пікірі: оқытудың дəстүрлі сынып-сабақтық жүйесінде бағдарламалар мен оқулықтарға сəйкес берілетін оқу мазмұны бөлім, тақырып, параграфтарға бөлшектеніп, өз алдына шартты дербестенген ауқымда ұсынылады. Осыдан оқушылардың жеке пəндерден алатын білім, білік, дағдылары жай қалыптасады. Оқу проблемасының ұзаққа созылып өтілуінен, оқушылардың сабаққа болған қызығушылығы кемиді. Бір дəрістің екіншісінен алшақты болуынан бір сабақта қабылданған ақпарат келесіге дейін көбіне ұмытылады.
Пəндердің тұрақты ауысып баруынан оқушы олардың бірде-біріне тереңдеп ене алмайды. Бір пəннен екіншісіне өтуде бала қиыншылық көреді, көп уақыт сарп етеді, ендігі сабақ өткендегіні көлеңкелейді, сонымен əр өткен сабақ өз құндылықтарын жойып барады. Əр дəріс оқушы үшін – жаңа жүктеме, мұғалімдердің жаңа талаптары, жаңа мазмұнды материал, жаңа көңіл-күй ықпалдары, т.с.с. осылардың баршасына сəйкес бала икемделіп, оқу іс-əрекеттерін орындауы шарт. Ал бұл енді қалыптасып жатқан жас буынға оңай шаруа емес.
Қашықтан оқыту технологиясы – бұл осы заманғы телебайланыс, электронды пошта, теледидар жəне интернет жəрдемімен оқу мекемесіне қатыспай-ақ білімдену қызметтерін пайдалану. Қашықтан оқыту қандай да себептермен білім иеленуге қол жеткізе алмай жүргендердің бəріне бірдей үйде отырып оқу мүмкіндіктерін ашады (əсіресе мүгедектерге, зағиптар мен есітуден қалғандарға, т.с.с.).
Оқыту технологияларының басқа да түрлері баршылық: əр деңгейлі оқу, толық меңгеру, ұжымдық ықпалдаса оқу, икемдесе оқу, жобалап оқу, авторлық оқу технологиясы (мысалы, В.Ф.Шаталов технологиясы) жəне т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |