8
Кедейлік те, кемдік те жоқ,
болмақ емес бейшара,
Соның бәрін шонжар байлар жасап жатса – не шара?
Кедей болып көзін сатпай,
байлық деген сестердің
шекесінен қарауына, селт етпестен өскенмін.
Кедеймін бе, баймын ба деп бас қатырып толғанбай,
өскенмін мен қорғалақсыз –
қатарымнан кем болмай.
Соғыстан соң Москвада әлі жүдеу, күйкі рас,
бай балалар шыға келді бұлғалақтап шикі мас,
ал мұндайда ойланбасқа жоқ лаж...
Сол кездегі экранның тағылымын, тәлімін
тәнті еткендей биін билеп –
кубань казактарының,
жап-жас кезі Любимовтың
епті есепшіні ойнаған,
сеңсең бөрік сері жігіт – бір ойы бар ойлаған;
Таганканы жаулап алып
танытпақшы дарынын.
Шикі мастар, сәнқой жастар осылардың бәрінің
көлеңкесі секілді еді
көлегейлер жарығын.
Колонналы залдағы өткен бір кеште
Көргенім бар – әуейліктің,
әсіренің асқанын,
Далап — маймен бір-ақ елі маңдайға
желімдепті жалбыраған шаштарын,
тоты құстың қауырсыны тәрізді
галстугы желпуішке ұқсаған.
Пиджагы ұзын – қысқы пальто секілді
мақтаменен иық сырып, тыстаған.
Аяғында шие қызыл туфли
биік өкше, құс тұмсық қып ұштаған.
Жұрттан ерек,
елден бөлек,
магазиннен шыққандарға киініп
қарайды олар танауларын шүйіріп.
Ал мен болсам -—
иінімде «Мосторгтың» пиджағы бар құнтиған,
сұрғылт қоңыр көйлегім бар жуа-жуа тылтиған.
Гардеробтың бар қолымда нөмірі,
(нөмірімді жоғалтпастай сығымдаймын өмірі).
пальто орнына киіп жүрген шешемнің
ескі жарғақ курткасының белгісі тесік еді өңірі –
ол баяғы МОПР деген значоктың орыны
МОПР жоқ-ты.
Орны қалған.
Мода қуған шикі мас
шықты алғашқы диссиденттер – киімде бар ықылас.
Би алаңның ең алғашқы бүліктері осылар
дүние десе, мүлік десе — ниеттері қосылар,
дүниеқоңыз, дүниеге құл келе жатқан заманның
батырлары, бастаушысы осылар еді –
бас ұрар.
Жасақшылар күреспек боп жұрт сөзіне толғанды,
қайшыларын қолға алды.
Талай-талай желпілдеген желке шаштар қиылды.
Тігіншілік өлшеуіштің тік мінезі көрінді,
талай-талай тар балақтар – қайта-қайта сөгілді.
Коллоналы зал сәнқойлары –
ең әсіре, ең әлем,
Жасақшылар білді оларды... «қаш, машайық пәледен!»
Катафалк қара «Зимдер»
көзге ұшырай бермеген
қайқаң қағып тұрды күтіп,
ал оларды көлденең.
«Кокқа тарт» деп шофёрына бота тірсек бозбала
сөзін тістен сыздықтатты тәкаппарсып қозғала,
(«кок» дегені — коктейль-холл,
солай дейтін сол уақыт).
Сарала көз «ЗИМ» қозғалды,
лай-құмын жолға атып,
жаңа туған қырық тоғыздың жылбысқы ми батпағы,
курткама кеп былш еткенде,
көңілде қап дақтары,
МОПР значогын сонда курткама емес,
денеме,
сүйегіме, болмысыма сездім бұрап таңқанын.
Біреулердің әлгілерге «Академик ұлы...» деп
көрдім таңдай қаққанын...
Эйзенштейн фильмінде
«Броненосец Потемкиннен»
доңғалақтай лақтырған
шикі мастар, сәнқой жастар
дәліздердің баспалдағын
сықыр-сықыр қақтырған.
Жылдар өтті арада.
«Өңез» деген шықты өткір фельетон,
маңызы бар тарихи іс табылды –
коктейль-холл тұтас жаппай жабылды.
Бұл коктейль буржуазия елінің
ушықтырар уы болып танылды.
Бос пепсидің бөтелкесін шыны-июльмен орнына
қайда апарып тапсырарын білмеген жұрт аңырды.
Уақыт деген тез өзгерді алқынып
Жасақшылар сөзін тыңдап жалпының:
Қайшысымен қырқып жатты бұл кезде
Далақтаған балақтардың артығын.
Лёва деген академик ұлы
үсті-басы әлем-жәлем
кері адамның қалпынан,
Орта қолдай суретші боп өтіп еді талқыдан.
Бұл кездері ол киінетін өзі тапқан ақшаға,
Әке ақшасы ағып кетті әдіра боп шалқыған.
Тек тектілер киетұғын
шым-шытырық шүберекке шетелдік
бірте-бірте бүкіл жұрттың сұранысын көтердік.
Тектілердің тізімінде –
қасапшының,
көшетшінің,
сүт сатушы әйелдің
баласы бар... толып жатқан басқасы да жетерлік.
Ең қиыны болды міндет – «бұқарадан бөліну»,
барлық жұртта бір-ақ індет –
бір жалт етіп көріну.
Сәнқой жастар, шикі мастар кешегі,
өзгелерден өзгеше боп, жібермеске есені,
Ұзын сирақ, үзілме бел
манекенші әйелдерге үйленіп,
тұрмыс құрып азғана күн,
ал, бірақ та баянсыз боп төсегі,
Китшілерден одессалық
сатып алған галстуктай суыртпақ
уәде-уәжді байлайды да шешеді...
Жаңа буын жас бикештер бұлғақтайды мәскеулік,
Болгария шырынынан сөл сораптап өскендік
көрінеді,
қаздаң-қаздаң қайшылаған балтырдан,
балтырлары көз ілеспей тез өседі, ангұрған,
Қатып қалған қалып дене –
қалың халық құп алды,
Манекенші ақсаусақтар осы қалып ішінде
бозарды да қуарды.
Ал Лёва бұл қалыпты өзгертуге бет алды.
Израилға аттанды ол тездетіп.
Бірақ, бірақ
Тель-Авивте қойылмады суреті,
Парижде де ілінбеді көзге түк.
Жетпіс мыңдай суретшінің
сайысатын сойылы
бұл қалада көзге түсу қияметтің қайымы...
Мен Лёвамен Нью-Йоркта
миллионер Питер Спрэйг үйінде
Жолығыстым,
күтпегендеу, кездейсоқтау күйінде.
Сол үйдегі сарай-әнші –
(бұл қызметке белгілі ғой таныстықпен келгені)
Луизианға кеткен кеше шешесіне өлмелі,
бас әншінің – мулатканың көлеңкесі, ербеңі.
Эдик деген дәл кәзіргі құлдық ұрған –
қызметшісі тәртіптің
бір кездегі ақыны еді Харьковтің.
Эмигранттар айтса егер ашығын,
тегін емес бұл Эдик,
Чехов шығармасының сүйкімсіз баласындай
жүргенімен түнеріп,
қонаққа жай капиталист шаңырағында
шалқи берсін бұл мейлі,
сол шаңырақты шайқалтатын
қолтығында шаласы да жүр дейді,
Эмигранттың бастан кешкен жазып жатты ол жан сырын,
Жанұшырған өз басының жаназасы екенін тек білмейді.
Бөлмесінде тұрды қатар – Че Гевара мен
полковник Каддаффидің суреті,
Басқаларын көзіне де ілмейді.
Бұл ортада миллионер болмады –
сапыратын көлдер менен көлшікті,
Ол өйткені «Остин Мартин» автомобиль
фабрикасын меншікті аралауға,
Англияға «конкордымен» кетті ұшып.
Эдик болса –
өзі туған 1935 жылғы
«Шато Мутон Ротшильдті» іше-іше қызулы
басыртқыға айызы бір қанғаны...
«Лексингтон авенюде» эмигранттар ләпкесінен
сатып алған поляктық
капустаның қышқылтымын
қышырлатып талмады.
Одессалық бір пианист баяғы
сәл қысылып, қымтырыла қымтынып,
«Жұмыс бабы білуші едім шешеңді»...-
деді дағы көзден жасын сүртініп,
«Тілей ме, орыстар соғысты?»
әуенін
Бехштейн мәнерімен ойнап кетті
әлденеге ынтығып.
Шарт, шарасыз,
Ешбір заңсыз
иелініп «орыс өнері отауын»,
қолдан жасап галерея қатарын,
бір кездері грузин мен әзербайжан ақындарын аударып,
аудармашы –
ала алмаған ақындықтың атағын
бір алаяқ,
бір сұмаяқ,
сұмаяғы – сұқ ит сынды дүниені шарлаған,
бір кездері Мәскеудегі сайқалдарды
соңына ертіп жалдаған,
жалғандықтың жалғыз өзі білетұғын
қоржынбасы қорымен
«ЦДЛ» атты роман құрап, өзін-өзі қорлаған –
екі сатқын «КГБ»-ның қайсымыз деп агенті
бірін-бірі жұлмаласып,
ғайбаттасып ғаламат,
ақылды алған «астаналық» шөлмектері
терезені сындырды да сағалап,
Курт Вальдхайм ауласына
ұшып кетті домалап.
Лёва бейбақ. Тұрды ойлап.
Келді мұнда тағдыр айдап –
тасқынымен жоғалып,
Келді мұнда «түбіт туша» деп атайтын Эдиктің
бұрынғы бір әйелінің шылауына оралып,
ал ол әйел кетті кәзір итальян графының
жары болып жамалып,
Лёва бейбақ. Тұрды ойлап...
Жаңа жеген май шабақтан
майын сүртті қолының –
Умаждалған «Нью-Йорк таймспен»
алмастырар «Ақшам» газеті орынын.
Қартаң тартқан Лёва кәзір,
салқы қабақ, саркідір
Ескі киім – ескі көздей боп басында әлі жүр.
Нью-Йорк таңғалмайды киімге,
Тыр жалаңаш жүрсеңіз де бәрібір...
Лёва кәзір мүсінші екен,
дәнекерші, лекерші — мүсінші,
Жара-жара күйген қолы, жазымы көп, түсінші!
Ол газетке әлденені сызды сызық-шытырман –
Өмір жолы емес пе екен өзінің,
опық жеген – опа таппай ұтылған.
Кірпік қақты –
көздерінен өзге өмірдің, кезбе өмірдің
мұң-тозаңы қағылды,
Сұрақ қойды сосын барып
Горький көшесі тұрғынындай
Мәскеудегі кәдімгі.
«Айтшы, бауырым, шыныңды айтшы,
мені қорқып, үркетінге санама,
Сұм жүрегің не сезеді –
енді соғыс бола ма?»
9
Итальяндық профессор
жүзінде иман бар ізгі,
боламын деп бола алмаған карбонарий тәрізді,
Ассизиде еркек қосын – баспанасын, бас мүлкін
көрсетуге шақырған-ды астыртын.
Есі кетті ұялғаннан –
айқара ашып жібергенде есігін,
Ұлтарақтай ұйысқан шаң,
соған бола сұрап бізден кешірім
үй күтуші алтыннан – қат, тұрмайтынын сынаптай
айтып жатып, тот құлыптың кілт салатын тесігін
әрең тауып, әбдірадай ашты есігін әйтеуір,
орта ғасыр жезіменен қаптаған –
ең ақыры тұтқасымен көсігін.
Көкжал бөрі Көк сақалдың көрем деп ем апанын,
Бөлме көрдім – екі бөлме.
Қалың кітап қайыстырған қапталы мен қатарын.
Сүрленген шаң бармақ бассаң –
із қалдырар құралдай,
жабысып тұр сүңгідейін, үзіле алмай, сына алмай,
Флоренция сыбызғысы тұр әнеки, шаңытып,
жартылай жанған индиялық хош иісті таяқша
сынық сүйем мұнардай.
Жансыз бейне көпес әйел –
көпес әйелі орыстың
Тас мрамор Катуллаға қылымсиды ұнардай.
Жолбарыстың табанындай жазба үстелі жез табан –
жансыз екен тұрысы.
Сиясауыт – венеция хрусталы дірілдеп
үнсіздіктен үгіледі шынысы.
Кепкен сия, өлген шыбын ішінде
шаңға бөгіп... білінбейді дыбысы.
«Осы жерде отырып мен жазамын...»,
деді маған профессор қысыла,
Рюмканың кеберсіген ернеуін
тигізеді ерінінің ұшына.
«Осы жердің сүйем,— деді,— азабын!»
Сенімді айтты, сендіре айтты тұщына.
Қалғандайын көкірегін тот басып,
Бір күрсінді отағасы – от басы.
Сонда ғана аңғардым асыл мүлкін осы үйдің
Профессордың жайдақ төсек –
жатар орын тахтасын.
Тахта-төсек жиналыпты бір бөлек,
шашыңқылау, көрінеді мүлде ерек.
Серек ешкі — сеңсеңдерге, жастықты
жүрекшелеп, жинастырған жүлгелеп.
Сол төсектің бір шетінде, байқаусызда қалғаны,
Қара қолғап,
қалған әйел қолғабы.
Әтір иісі сезілмейді, жанында
Жастық жатыр,
иленбеген жондары,
бұл төсекке – ыстық аунап-қунаудың
сол айтады – естеліктей болғанын.
Тахта үстінде сурет тұр ілінген:
Әміршісі бір орманның гүж-гүж еткен гүрілмен,
сарыуыздай сыбызғылы су перісін ойнатып
Қалың орман жынысында
сол періге ойы бары білінген.
Тым биязы, шын зиялы профессор еппенен,
қабырғадан суретті алып, көзі ешкімнің жетпеген
Сол суреттің қасындағы
сейфпенен астарлас
есік ашты ілгешектен кілт сылдырлап көптеген.
Есік ашты әлі жетпей,
тілшелеген бауыр еттей төрт перзенттің –
төрт бұрымын сақтаған
альбомды алды сейфтен –
шынжыр ілгек, қызыл барқыт қаптаған.
Қолында альбом тұрды өлшеніп, тұр теңселіп,
тұрды мойып, мойындап:
«Мен сүйгеннің бәрі осында!
Ғашықтардың бәрі осында — тек маған»...
Түк шынтақпен түртіп қалып,
су перісін бір аунатып түсіріп,
Қожайыны орманның күжірейді ісініп.
Профессор шыдамады, кетті білем ышқынып:
«Бар ма, – деді, – Сізде-дағы,
өзекке ұрған – өзімшілдік, астамсыған кісілік?»
«Жан ауыртпан»...
дей салдым мен жайбарақат жөніме,
«Ал мен, – деді профессор, – бұл мәселе жөнінде
жеймін жанды жегідей.
Құдай болса көрер көзі, қайда өзімді салмадым,
соларменен салғыласып,
түк шығара алмадым,
Білесіз бе, мен өзімді таңғажайып өзге адамдай сезінем,
өзгелігімді өзім байқап,
аңғармаймын өзгелердің көзінен,
кейде содан өз-өзімнен безінем.
Бұл сейфті, бұл альбомды сақтайтыным сондықтан.
Дон-жуандай тізімдері деп қалмаңыз – молдықтан.
Махаббатты кәсіп көріп, ал немесе таңсық көріп
айналысқан мен емен.
Мен сүйгенмін!
Сүйсем бітті — қорықпаймын қорлықтан!
Альбомына қатты қапты
қайдан тапты демеңіз!
Өзім солай сезінемін, сіз де мені бір альбомға теңеңіз!
Астарында – сирек-сирек естеліктер сақталған,
сырты бірақ –
сұрқай қатты қатырмамен қапталған.
Мен де жұрттай қылымсимын, қуланамын
қитұрқысын көріп тұрып өзгенің,
ақылдымсып тұлданамын –
ақымақтың тындап тұрып сөздерін,
біліп тұрып, күліп тұрып ішімнен,
мен оларды сыңай берем түсінген,
тіл қырқылып айта алмаймын –
тең емесін сезбеуін.
Мен өлген күн – мына сейф ашылар,
мына альбомның ақтарылар беттері,
сонда ғана білер олар дүниеден
өзгелерге ұқсамайтын –
өзгеше жан өткенін...»
Профессорды түзедім мен:
«батылырақ, сенімдірек,
сеніңіз,
сәл ауытқып кеткен жоқ па, сөзіңіз?
«өзгелерге ұқсамайтын – өзгешемін» дедіңіз,
«Бәріміз де өзгелерге ұқсамаймыз – өзіміз»...
Профессор дірілдеді,
күбірледі жәй ғана:
«Өзгелерге ұқсамайтын – өзі болса» бүкіл жұрт,
«өзгелерге ұқсамайтын – өзгеше жан» болғаны ғой
бүкіл қырт...
Есіңде ме,
муниципалитет галереясы ішінде
Тақау тұрған кезімізде сурет Құдай – мүсінге,
терезеден көріп ек қой,
екі бала – бозбала
лып-лып етіп ұстараның жүзіменен қозғала,
плакатты жапсырғаны есіңде ме, бүктеулі:
«Тоқтатыңдар,
нейтрондық бомбаны,
Құртыңдар бомба біткенді!»
Соны көріп, білесіз бе, не ойладым сонда мен,
өз ойымды салыстырдым, нейтрондық бомбамен.
Егер бомба ойлана алса,
дүние-мүлік аман қалса,
менің задым зат-мүліктен кем болса,
не болады деп ойладым сонда әлем?..
Қатты сүйем мен өзімді,
Жасырмаймын мінезімді,
жанымды жеп жегідей.
Жақсы делік, қалар альбом, қалар сейф, қалар мүлік,
Дүние ғой – темір ғой.
Масқарасы, сұмдығы сол – альбомымды ұстайтын қол –
қайтем егер, жанды қарға қалмаса,
ешкім мені салыстырып, салғастыра алмаса,
онда менің «өзгелерге ұқсамайтын – өзгеше жан»
болғаным,
кімге керек, кімге керек – далбаса!
Ассизиде әрі еркек қос, әрі астыртын
тар бөлмеде сор қайнап,
перуджалық профессор альбом жиды, ал...
кімге керек ол бейбақ,
егер Лев Толстойды еске алар жан қалмаса,
іздеу түгіл маңдай ұрып,
іздеу түгіл ойбайлап».
Ерік беріп енді өзіме
профессорға құлақ қағыс етіп ем:
«Саусақпенен санап алған, шертіп алған
таңдаулылар шетінен,
Жан сақтайтын бункерлерде болады деп естіп ек,
табынатын оқушыңыз табылар бір естірек...»
Профессор ашуының жеткен екен толғағы:
«Таңдап алған кім оларды? Таңдаттырған не оларды?
Кімдер оны қолдады?
Буда-буда ақшасы ма, өкілет пе, өкімет пе —
сатып алған қолдағы,
граф болған, жарлы емес қой Толстойды білесіз,
елге қыспақ,
өзіне ұшпақ,
жан сақтайтын жәннат ұстап,
мүмкін бе еді ол өзін-өзі қорлауы?
Жанын жалдап,
жанын сақтап қалса жұрттың жұртында,
Әне солар, ар-ұжданның нағыз жұрдай қорлары.
Одан кейін таңдаулылар шемендеулі ін-үңгірін лақтырып,
қарғып шығар қуанғаннан –
бұттарына жібергендей шаптырып,
бас-басына түйе айдап
Луврды, Сикстиндік капелланы иемденіп, иелеп,
мәнсіз, мәңгүрт салтанатпен сол маңайға
үймелейді үйелеп,
сұрауы жоқ ақшаларды судай шашып сап қылып
түк көрмеген тағы адамдай
Фридрих Барбаросстың тәжіне
он отырып, он тұрады – мінетіндей ат қылып.
Егер өзі сол бункерде болмаса –
соңғы папа бас киімін
ойнар ма еді доп қылып.
Елеп-екшеп ең әдемі, ең таңдаулы әйелдерді
«жәукемдеуге» жасырын
кіріседі арсы-гүрсі
азаң тартқан адамзаттың
көбейтпек боп нәсілін.
Сап тынады сосын бірақ
әлгі әңгілік, есерлік,
Қуыс кеуде, кеуек қызыл пыш еткен жел сияқты,
«Осы әлемнің әлеметі, кереметі!», – деп жүргендер
о, сұмдық!
Ағзасынан азғындаған,
еркектікке екен тегіс ұятты.
Індеріне – үңгіріне
шаруаларды ала кетсе соңынан
түйме үзіп мундирінен, медаль жұлып тонынан,
темір егіп, темір үгіп, нан жер ме еді қалбырдан,
қалай екен қалбыр тауық?.. –
қыт-қыттап ес тандырған.
Індеріне-үңгіріне
пролетариатты ала кіру –
ол да түспепті есіне,
автомобиль моторларын
тамақ жейтін шанышқымен
шұқылайды тесіле,
Отын жарып араменен,
ағаш кесіп балтамен,
құбырлары қақ жарылса тазармаған нәжістен,
таңдаулылар қарар екен
оған қандай намыспен.
Әлеметтер, кереметтер бұл жарылыс,
болмай тұрып бұл үңгір,
телефон мен кнопкалар арқылы,
шалқақтады, шалқыды,
құрамалы әлеммен құрмаласып бұлыңғыр.
Телефон мен кнопкасыз билігіңе болайын –
билігіңе болайын, көктігілгір!
Жанып кеткен телефоншы, хатшы қыздар –
бикеш қыздар баяғы,
Сақ-сақ күліп әрекетсіз,
әл-дәрменсіз бастықтарын аяды.
Әлеметтер, кереметтер
бойын суық, денесін мұз билеген,
Жылынады отқа жағып,
Данте, Достоевскийменен,
классика біткен кезде
жағады отқа альбомымды менің де,
Менің сүйген бар дүниемді...
болмысымды билеген.
Күлге айналып күллі дүние күл-топанға көмілер,
Осы әлемдік соңғы құдірет –
ақ тышқанның терісінен
Людвик тонын киіп көрінер.
Көрінер де айқайлар ол:
«Дүние деген — менмін!» деп,
аппақ дүние мұзға айналып, көгіс тартып, теңбілдеп,
Нотр-Дамды сындыратын айсберг астына
сықыр-сықыр сіңе берер... кенереден жел гулеп»...
«Сандырақ па? Сіздікі не, профессор, дем алғын,
ыстығыңыз бар ғой деймін!
«Демалшы!» деп қадалдым.
Қарқ-қарқ күлді ол:
–
Шүкір, тоба! Ыстығым бар әзірге
Өз жанымның, өз тәнімнің ыстығы әзір, адамның»...
Достарыңызбен бөлісу: |