САРЫӨЗЕК САҒЫНЫШ
(поэма)
Орнында бардың отын маздатып,
азамат өсірген Анаға арнаймын
...Ана мен бала.
Бала мен ана екеуі,
Соғыстан кейін «Сарыөзек» еді – мекені.
«Сарыөзек» дейді сарғайған шөлден жылғаны,
Сағынған жандар сарыөзек болып өтеді.
Сарғайса дала сарыөзек болар қаталап,
Сағынса адам – сарөзек еткен махаббат.
Сағынған ана сағынышын басылмас
Сағынған бала басады «апа, апалап».
Сағынған ана, сарғайған Ана,
дегенмен,
«Орнында барлар оңалар» деген медеумен
Ойнақтап келіп, ойланып қала бастаған
Ұлына қарап, көңілі көктеп, көгерген.
Кәдімгі Ана, кәдімгі қазақ әйелі,
Өзектегі өрті – кешегі соғыс әлегі.
Жарының есте: «Адалдан тіле!» дегені,
Бір үміт – елес,
бір үміт – Кемеш – жалғыз ұл,
Екеуінен де, екеуінен де дәмелі.
Екеуінен де дәмелі болар себебі,
Адалдан ғана, адалдан тілей береді...
Құп-құйттай ұлы құлдыраң қағып, күнде өсіп,
Келеді дүние дидарын танып, тілдесіп.
Күн иісі сіңген тұлымын оның иіскеп,
Күш алып бойға жүргендей Ана күн кешіп.
Құп-құйттай ұлы келеді өсіп, шынығып,
Ананың жанын күніне пәлен суырып.
... Составтар өткен темір жол жақта топ бала,
Әнеки, әне, ойнап жүр екен жүгіріп.
Өкпесін алып Ана да солай жүргірді,
Жүрегі кенет алқымға бір-ақ тығылып.
Топ бала бермен ылдиға қарай заулаған,
Бәйгеге түскен бала тайлардан аумаған.
Алдыңғы бала өзінің құйттай Кемеші,
Көкесіне ұқсап келеді өсіп денесі,
Таныды Ана, айқайлап қалды: «Ау, балам!»
Оқ бойы озық...
Айқайға ол неге қарасын,
(Озатын құлын болмайды әсте қарашыл.)
Әлдебір сезім шымыр еткізді жүрегін,
Алдында топтың көргенде тұңғыш баласын.
Көзінен тамшы тама да жаздап, тамбады,
«О, тәуба!» болды ішінен айтып қалғаны.
Лүп ете қалып қайтадан соқты жүрегі,
Сарғайған үміт, бәлкім бұл қайта жанғаны.
-
Мен оздым, - деген,
-
Жүйрікпін, - деген жоқ бала,
Ойлылау жанар, мұңдылау көзбен тек қана:
Жарысқаны үшін темір жол бойы
Анасын аяп қарайды іштей ақтала.
Составтар тіркеп қалтқысыз бағып жол шебін
Паровоздардың демімен бағып керуенін.
Батысқа қарай, Шығысқа қарай ағылған
Демеуге Ана қолғабысшы еді демдерін.
Тоқтамай состав майданның отты күндері,
Тылда да майдан көрігін олар үрледі.
Доңғалақтардан жарының даусын естірдей
Зейнетай-ана түндерде кірпік ілмеді.
Құп-құйттай Кемеш бесікте сонда бөлеулі,
Қалатын ұйықтап,
ұйқымен тербеп әлемді.
Күпәйкесінің өңіріне оны орап ап,
Ал кейде суыт вокзалға қарай жөнелді.
Анасын бала сарыла күтіп күн ұзақ,
Сағымға сонау қарайтын еді тым ұзақ.
Сағым да сиқыр,
сәбиге ешбір тіл қатпай
Қашатын еді қайқайтып жалын жымып ап.
Сол сағым жаққа, Күн Батыс жаққа барғысы-ақ
Келеді бала сағымды ұстап алғысы-ақ
Сол сағым жақта білмейді бірақ сағым боп,
Махаббатымен қалғанын әке мәңгі ұзақ.
Балаға қазір Анасы болса болғаны,
Бейкүнә жанар алыстан оны шалды әне,
Кенеулі тамақ, керемет қуат болмай-ақ,
Ананың мейірім махаббат сүті саулады.
Ана мен Бала,
Бала мен Ана арасын
Бөлуге қандай құдіреттің келер шамасы?!
Әрине, қазір мыңдаған ана, балалар
Сағынып әке, сағынып жарын жарадар.
Сондай бір Ана,
сондай бір Бала кешкілік
Қоп-қоңыр құйттай көрпенің астын паналар.
Қоп-қоңыр құйттай қой жүнін салған көк көрпе,
Көкесі, әттең,
қызығын көрмей кетті ерте.
Махаббаттары мәңгілік шығар, кім білсін,
Махаббат таңы болғаныменен кеп-келте.
Құп-құйттай Кемеш қазір-ақ ұйықтап қалады,
Сол кезде Ана жермай шамды алып жағады.
Білтегеш –темір қолында тырс-тырс қимылдап,
Биялайына көзінің жасы тамады,
Келгелі жардың қайғылы қара қағазы
Төрт ай ма әлде... бес айға бәлкім толады.
Аяулы дауыс құлақтың тұр ғой түбінде,
Қағазға Зейнет сендіре алмайды сананы.
Сондай да бір күн терезе түбі солқ етті,
Артынша дауыс: «Барсың ба, Зейнет,
ал кеттік!»
Темір жол бойын қар басып қалған көрінеді,
Қар күреп біраз қйатамыз дейді «ермек» қып.
Күледі олар,
жылай да жаздап күледі,
Зейнеттің жалғызіліктілігін біледі.
Төрт әйел ме екен, бес әйел ме екен небәрі,
Бір әскер қолдай сезіледі оның біреуі.
Жаутаңдап Бала... айрылғысы жоқ анадан,
Жылаған Ана –
бұрылып теріс қараған.
Көрші үй де құйттай көрпесін оған жабар-ау,
Сәбиге бірақ артық жоқ туған анадан.
Ал соғыс болса...
Әлемнің үстін шимайлап,
Өртімен ойып салып та жатыр сұм ойнақ.
Ұйқысы бір түн бұзылған бала түгіл
Шырылап сәби
өліп те жатыр тумай-ақ.
Шырылдап сәби
өліп те жатыр шар етіп,
Бәрі естіп отыр, бәрі де біліп, бәрі оқып.
Жары да жоғын...
жалғанның жайын білсе де,
Тағдырға Зейнет қояды іштей тәу етіп.
Жылайды кейде, жылап та жүріп бел буып,
Адалдықпенен жүзіне қан мен әр жүріп.
Адал ойменен жастыққа басы тиетін
Адал ойменен тұратын таңда жаңғырып.
Өйткені, әне, кекілін тарап Кемеші
Өзіне енді бола бастады себесін.
Шалабын алып келетін жолдың бойына
Ананың көкке тигізгендей ғып төбесін.
Әйелдер сонда:
-
Абысын-ау мынау аумаған
аузынан түсіп қалғандай құдды қайнағам.
-
Жүрісін қара,
-
Тұрысын қара, - деп бәрі
Тіпәлайды кеп:
-
Тіліміз тасқа... ой, жаман!
Біледі Зейнет – келеді кейін бір бақыт,
Көз жасын уақыт қазір-ақ өтер құрғатып.
Жесір де болмас, жетім де болмас,
сонда да
Жүрекке бір зіл тұрады ылғи шым батып.
Не қылған зіл ол,
не қылған тас ол жібімес,
Күрмеуге келмес тұрмыстың келте жібі емес.
Селдіреп қалған азаматтар ма тілеулес,
Түзеледі өмір...
бәрі де бәрі – түк емес.
Зейнет те, міне,
көк сәтен көйлек киіпті,
Көк көрпе тысын су жаңа етіп тігіпті.
...Соғыстан кейін көтеріп халық кеудесін,
Түзейді енді бірте де бірте иықты.
Соғыстан кейін
Анаға нағыз қиыны,
Соғыстан кейін
Балаға нағыз қиыны –
Оралмаған әкесін іздер бәрі де,
Не нәрсе, кәне,
Басына түсіп ең қиын дүние түйіні.
Махаббат, мейірім?
Жо.. жо... жоқ оны атама,
Соғыстан кейін көп дүние сол ғой, о тоба!
Жалт еткен көзден Махаббат тамып кетеді,
Қуаныш та ортақ, қайғы да ортақ, қапа да.
Соғыстан кейін ешкім де ауа жайылмас,
Ешкімді ешкім алаламас та айырмас.
-
Сен кімнің ұлы?
-
Сен кімнің қызы? – демей-ақ
-
Балам-ау, - дейді,
-
Інішек, - дейді,
-
Қарындас.
Соғыстан кейін сөз бе екен екі-үш нормаң,
Күш аталары шығады кейбір күс қолдан.
Соғыстан соңғы кетпендер менен күректер
Өмірге нағыз құштарлықпенен ұсталған.
Жесірге әлде жар керек пе екен жаңадан?!
(Тарихта егер есепші болса санаған.)
Соғыстан соңғы жесірлер ғана желікпей,
Орнында бардың өшірмей отын қалаған.
Балаға әлде әке ме қымбат алтыннан
(Қымбат қой, рас... жетер ме жоққа шарқ ұрған.)
Ес біле сала, соғыстан соңғы балалар
Әкенің орнын жоқтатпай үшін талпынған.
Не нәрсе сонда, ең қиынының түйіні,
Қаралы қағаз... кетті ғой өтіп күйігі.
Кемеші қазір келіп те қалар он үшке,
Бозбала – бала,
байқатар кейпін иіні.
Ана мен бала осының бәрін бірге іздеп,
Біріне-бірі болады және білгізбек.
Біріне-бірі жалт етіп қарап қалғанда,
Жарқ ете қалар ойдағы ұшқын бір тізбек.
Сонда да бірақ көрінбей қалмас ол ұшқын.
Ойлантпай қоймас кемді бір сәтке – кеміс күн.
Ойлайды Ана рухымен оны жеңістің,
Қиялмен Бала ойлайды кезіп жер үстін.
...Сары жазық дала, Сарыөзек жылға, сары адыр,
Әнеки остав тағы да жүйткіп барады.
Бір құйттай нүкте – қадалып соған Ана отыр,
Терезе алды. Бадалып сыртқа Бала отыр.
Екеуі де үнсіз.
үнсіз-ақ отыр сөйлесіп,
Іздейді бірге, іңкәрі бірге ой кешіп.
Ананың көзін көрсетпей көміп кейде шық,
Бозбала – бала,
суйды кейде, кейде ысып.
Көрінбес көзге, сезілмес тәнге не сиқыр,
Сиқырын ашып айта алар ма екен есіл тіл.
Жаратқан туған, жар болған саған адамға,
Сарыөзек сәуле сағыныш шығар, кешір, бұл.
Сағыныш шығар сейілмес, мәңгі айықпас,
Сезіммен сана, жүрекпен ұғар, жай ұқпас.
Сағыныш – сәуле өзекті өртер қызуы
Ана мен Бала махаббатына лайықтас.
Сағыныш тілсіз – срыөзек сәуле секілді,
Сағыныш үнсіз,
самалдай сүйген бетіңді.
Сағыныш – мәңгі махаббаттарға аманат,
Сағыныш – Отан алдында алған кепілдік.
Ана мен Бала үн-түнсіз бірге сағынса,
Іздеген ойдың ұшығы содан табылса,
Көздерінде бір махаббат оты жанады
Қоңырқай үйде жарқ ете қалған жалынша.
Екеуі содан үн-түнсіз ғана тұтанып,
Кішкентай шаңырақ келеді күнде құтайып.
Құшағына алып жататын қоңыр қозысы
Бірте де бірте барады болып сыпайы..
Баласы бірде:
-
Апа сен кешір, мектепте
Кінәлі болып қалдым мен, - дейді, - тектен-тек.
-
О несі? – дейді,
шошынып қалып Анасы
Ұлының бірақ жүзінде ешбір жоқ мөлтек.
-
Бір бала мені коридор бойлай қуалап,
Мен қашып бердім
класқа қарай туралап,
Директор ағай сол сәтте бізге дауыстап,
Ал анау оны қолтықтың астын сығалап,
Көріп те қалып,
сытылып сыртқа үлгерген.
Класқа кірдім. Алқынып келіп мен мүлдем,
Есікті іштен аяқпен тіреп жұлқысып,
Біразға дейін жібермей және тұрдым мен.
Жалғыз-ақ сәтте сол ете қалды шекем де,
Құламай қалдым. Жыламай қалдым бекерге.
Ұяттан жанып өртеніп кете жаздадым
Құп-құйттай тесік болмады кіріп кетерге.
Кешірші, апа,
«сыбағамды» мен мол алдым,
Қабағы маған керемет еді ағайдың.
-
Кемешжан, қалқам, осындай ма едің сен де,- деп,
Бір-ақ сөз айтты көзінше топтың, талайдың.
Сол кезде Ана:
-
Ботам-ай, - деді, - кешті ме,
Өміріңде енді осындай сөзді естіме.
-
Адал бол, ботам, адал бол ботам, - дей келіп,
Кемсеңдеп келіп жылады даусы естіле.
Адалдық деген дарыр да, дамыр әрқалай.
Дариды бірақ кезіңде сенің қарғадай.
Ақ сүтін еміп жатқанда мүмкін дари ма,
Көз жасын көріп дари ма мүмкін аңдамай.
Бәрі бір оның,
дарыса болды, дамыса,
Өседі Кемеш адалдықпенен жарыса.
Адалдық деген – адамның жалғыз жүрегі,
Сарыөзек сәуле сағынышына жаныса.
...Кешеден бері Анада тағы жоқ тағат,
Жүрегі қағып, сезімін әрең ноқталап,
Мектепке қарай әлсін де әлсін қарайды,
Жол бойындағы жүрген бір жандай жоқ қарап.
Апырмау, қашан,
көрінер қашан қарасы,
Мектептен әлі шықпаған болды-ау, шамасы.
Мектептен шықса, ана бір жылғы жарыстай
Оқ бойы озық келеді мұның баласы.
Самаурын қайнап, дастарқаны да жайыла,
Зейнеттің бәрі жиналып қапты шайына.
Келеді қазір пионер Кемеш осы үйге
Алқызыл тудың үзігін байлап мойнына.
Анаға қазір жоқ одан асқан ұшпақ та,
Жүгіреді ұлын алдынан шығып құшпаққа.
Алқызыл тудың үзігін такққан ұлы оның,
Галстугінің көреді шетін ұстап та.
Сүйеді шетін, ииді сонда жүрегі,
Талайдан бері сарыла күткен тілегі,
Сарыөзек – сәуле сағыныш сынды бақыттың
Қолына тиген бір үзігі бұл, бір елі...
ҚОЙШЫ МЕН КОСМОНАВТ
(поэма)
Қанатын жаңа жайған қырға мамыр,
Көктеген құба төбел құмдағы адыр.
Көктемнің жазға ауысар мезгілінде
Заулады көкке қарай бір корабль.
Даланың балғын кезі – шалғын көгі,
Сәскеде тарқамаған таңның лебі.
Жай тауып жаны рахат тұрды қойшы
Қолатта ақтылы мал алдында еді.
Сол сәтте кенет бір үн гүр-гүр етті,
Жүрегі қошақанның бір дір етті.
Боз жусан күлтеленген көгін шайқап,
Көк шалғын бір ырғалып сыбдыр етті.
Тек қана көшкен сағым көкжиектен
Кілт тоқтап, кілт мамырлап, кілт дір еткен.
Будақтап бурыл түтін бір-ақ сәтте
Заманның зымыраны шықты көктен.
Ұшардай қойшы ерден – қой торымен,
(Жүрегі қайтерсің-ай, тентегінен).
Әп-сәтте... жалғыз ноқат сіңді көкке,
Жыртылып-айрылып Жер – желкенінен.
-
О, пәлі-ай!
-
О, шіркін-ай!
-
О, ғажап-ай!
Деп қойшы айтпаса да көп одағай.
Қуанды, қуанғаннан ер үстінде
Қадалып қарап қапты көкке қарай.
Ол рас қуанғаны, таңданған жоқ,
Ұмтылды, ұшамын деп қамданған жоқ
Үстінде қой торының көкке қарап,
Аңырып қалғанын тек аңғарған жоқ.
-
Тағы ұшты-ау,
Тағы бір Ер,
Әлде екеу ме?
Кеңістік ғарыш-көкке, кең мекенге.
Оңай деп ойлаймысың,
бәрі де оңай
Жүргенде жайбарақат жерде пенде.
Оңай деп ойлаймысың –
атқан оқтай
Зуылдап, қарсы күшке бет қаратпай,
Суырылып, қара жердің кіндігінен
Ғарышқа адам қолы жаққан оттай.
Үстімен жұмыр Жердің шыр айналып,
Айналып... Жердің қамын жүр ойланып.
Бір кезде бұл да ойлаған көкке ұшуды,
Әйтеуір жерде қалды «құдай қағып».
Иә, рас, ғарыш шарлап – қиян ғалам,
Ұшуды бұл да бір кез қиялдаған.
Бозбала дәурен еді-ау, шіркін жастық,
Қиянды қиялдаған... зиян ба оған?!
Жібермей атамекен, ата кәсіп,
Қойғандай дәм-тұзымен баталасып.
Бұл бірақ көкке ұшқан жоқ,
қойшы болды,
Дәуірлеп осы өлкеден атағы асып.
Кеудеге Алтын Жұлдыз тақты бұл да,
Қисап жоқ бақытында, шаттығында.
Ғарышқа ұшпаса да, көтерілді
Халқының алдындағы ақ тұғырға.
Көтерген сол тұғырға халқы қалап,
Халқы мен даласы оған – мәңгі қанат.
Съездер Сарайынан бірге шығып,
Юрий Гагаринде болды қонақ.
Көкшіл көз, жайдары жан, күлім қабақ,
Атақты танысындай бұрыннан-ақ
Жымиып қолын қысты,
сол сәт мұның
Ғарышқа көтерілген күніндей-ақ.
Ғарыш не,
Жер деген не –
Өрісі бір.
Қойшы кім,
Ғарышкер кім –
Борышы бір.
Борышы – Адамзатқа ортақ парыз,
Жер деген бәріне ортақ қонысы бұл.
Дегендей,
ғарышкердің емеуріні,
Бойында Байқоңырдың тегеуріні,
-
Кем емес корабльдің тетігінен
Қойшының таяғы мен көген-жібі.
Дегендей,
қойшыны ол демегендей,
Қойшы мен ғарышкерді теңегендей.
Екеуі қолтықтасқан... бұл күндері
Ғарышта түйісетін кемелердей.
Сол бір сәт, сол бір минут – мәңгі есінде,
Озса бұл өмір, еңбек бәйгесінде.
Сол бір сәт – бұған ылғи болатын дәт
Жер, Ғарыш, Адам жайлы ой кешуге.
Жер, Ғарыш, Адам жайлы кең ойлауға,
Ғарыштың жеңісі үлгі – әмәнда ойда.
Қамы үшін келешектің ұшырамыз,
Біз ертең ұшырсақ та Адамды Айға.
Әйтпесе, кенде ме Жер кем-кетіктен,
Адамзат арылды ма жоқ-жітіктен.
Жо... жо... жоқ,
қысқа жіп көп күрмеу күткен,
Шөлдер көп, шөлейттер көп –
көктем күткен.
Түйіні тіршіліктің жетеді әлі,
Табиғат мейірімді де, қатал әрі.
Тепе-тең ғарышкер мен қойшыңызға
Қауіпті өлара мен отамалы.
Мінезі тұлан тұтса – ұстамалы,
Қауіпті жазғы нөсер, қыс бораны.
Әрине, қой бағу мен ғарышқа ұшу
Кәсіп қой бір-бірінен ұшқары әлі.
Ұшқары...
ұшу бөлек, қой бағу да,
Бөлек қой ғарыш пенен жайлауың да.
Біреуі – тұғырға ұқсап тұрса Жерде
Біреуі – жұмыр Жерді айналуда.
Сырт көзге мейлі солай көрінсе егер,
Тең тартар таразысын өмір – шебер.
Ал бірақ қойшыңыз да, ғарышкер де
Жер мен Көк бірлігіне кәміл сенер.
Екеуін мүмкін бе енді бөле қарау,
Мүмкін бе – мүмкін істі бағаламау.
Адамзат кемелденген кезеңінде
Қарасын тірлігіне неге қарау?
Жер қамы, Ғарыш қамы – тірлік қамы,
Тірлік қой – Бірегейлік, Бірлік мәні.
Адамзат игергенмен Ғарыш – көкті,
Тастамас тамған жерін кіндік қаны.
Болса да жұмыр Жерде – қандай заман,
Нұр жауған көктен Жерге,
қан жаумаған.
Ғарышты апат, ажал ұясы етіп,
Жерде өзі жайбарақат қалмайды Адам.
Жер мен Көк,
дәнекері – ортада Адам,
Екі әлем – ортаға жол тартады Адам.
Жерде де екі дүние – екі әлем бар,
Екі әлем – екі түрлі орта, қоғам.
Адамда қорқыныш көп,
көп үміт те,
Мойнымен көтереді ол – нені жүкте!
Адамзат қайғырмаса, қуанбаса,
Жұмыр жер болмай ма бір өлі нүкте.
Дүниені шырқ үйірген уақыт – ұршық,
Ғасырдың мәресінде тұр тыпыршып.
Адамзат ниетімен серпілердей,
Адамзат басындағы күллі қырсық.
Қойшы да, ғарышкер де біледі оны,
Бір ниет екеуінің тілегені.
Бірі көк, бірі жерде тұрса дағы,
Бір туған жұмыр Жердің түлегі еді.
Ал қазір...
екі бөлек ой кешуде,
Күбірлеп өзді-өзімен сөйлесуде.
Өткен бір оқиғалар екеуінің
Оралып осы бір сәт келді есіне.
...Кешеу күз.
Өліараның мезгілі еді,
Бозқырау қыстың демін сездіреді.
Сарғайған жаялықтай сары далада
Қойшы отыр.
Өрістің де тозды реңі.
Қамзаусыз,
қалқасы жоқ жалаңаш жон,
Жайдақ жел шеңгел-қаңбақ ала көшкен.
Аспанның сыңайынан сескенді бұл,
Адам ғой қабағына қарап өскен.
Күземді аяқтаған,
күздеу шалғай,
(Мамандар келе бермес іздеу салмай).
Отары күйлі-ақ еді,
қырқымнан соң
Тез арып бара жатыр, тез көше алмай.
Өйткені өріс тозған,
қырдың желі
Ызғырық ызғарлы еді бұл күндері.
Қой малы қозғала алмай, шайлап тұрып
Қалады суық өтсе құр сүлдері.
Ал кейде қар аралас қара жаңбыр
Мал үшін оқтан бетер бораған бұл.
Болуы мүмкін бе екен... бұл кәсіпте
Жоспарлы, жобалы жол – сары даңғыл.
Өзгеріп, өңі айналған нелер Заңы,
Бұл кәсіп табиғатқа тәуелді әлі.
Бермесін табиғаттың тартып алып,
Бергісі келсе, қайтып бере алмауы.
Адамның ең бір үлкен кінәсы ма,
Білмеген, аңғармаған туасыда.
Айрылып қалған дүниең уысыңнан
Келмейді көмкеруге құлашыңа.
Қаншама өзгергенмен тұрмыс-жағдай,
Бұл кәсіп қазақ үшін тумыс қандай.
Замананың жаңалығы керек бұған,
Дәстүрдің нәрі керек бір мысқалдай.
Жер керек, ең алдымен, дала керек,
Жер болмай жасалмайды не керемет.
Сол жердің амандығы және керек
Сақтаған әсемірек, әдемірек.
Осыны ойлап қойшы алаң еді,
...Сол күні соқты ышқынып дала желі.
Қап-қара бұлт түнеріп теріскейден
Тұтасып көктің жүзін жамап еді.
Сол екен, сол-ақ екен, қар қылаулап,
Ақ түтек боран көміп барлық аймақ.
Сол боран апта бойы арынын баспай,
Даланы қарпып-қарпып, қарғып ойнап,
Ұйпалап өте шықты - өр демімен,
(Тұтқиыл ауа райы жерде кілең).
Еш жәрдем, ешбір көмек жетпей қалды
Самсаған техника керуенінен,
Ауданның, облыстың жәрдемінен.
Ақ түтек жер кіндігін суырғандай,
Апшысын айналаның қуырғандай,
Ойнақтап өте шықты,
соңында оның
Қалған жоқ зиян болмай, шығын болмай.
Жә, тәйірі-ай!
Шығын орны кетті өтеліп,
Кетеді қиындықты көп көтеріп,
Осы сәт ғарышкер де осы өңірге
Ғарыштан қараған жоқ текке төніп...
Бұл өңір Байқоңырдың бір пұшпағы,
Даланың дарыған жер ырыс бағы.
Нөсермен бұлаңытқан аспанында,
Арқаның жауап тұр ма күміс қары.
Ғарышкер соны ойлаған...
тағы ойлаған,
Әлі де табиғатқа тәуелді Адам.
Осынау жазық дала, жапан түздің
Сыры көп ешкім біліп бола алмаған.
Сыры көп ешкім біліп бола алмаған,
Бопсамен, барымтамен ала алмаған.
Бір білсе қойшы ғана білер еді,
Сары дала сыр бермейді оған да әмән...
Себеп не,
Салдары не,
Жұмбағы не,
Ғалымдар неге айтпайды бір мәміле?!
Біз қазір мұхит түбін, аспан төрін
Көзбенен көріп жүрміз күнде міне!
Ал дала,
дала деген жер беті ғой;
Жер беті – адамзаттың жөргегі ғой,
Бұл адам жөргегінен ауа қармап,
Дүниеге ұшқысы кеп келгені ғой.
Ұшты ақыры,
ұшты ақыры... биік ұшты,
Таң қалды, таңданды да – сүйсіністі.
Тартылыс заңын жеңіп шыққанда Адам,
Металға таңданды ма иі күшті?!.
Жалпы адам жөргегінде – көргеніне,
Көбірек таңданбайтын себебі не?
Ана сүт, ата дәстүр – сол емес пе,
Дәмі де, тіршіліктің демеуі де.
Егер біз Жерге табан тіремесек,
Және де Жердің қамын тілемесек,
Ұшпай-ақ жетер еді-ау жерде шаруа
Көп пайда келтіртетін күреп есеп.
Жоқ бірақ,
Адам ұшты – біздер ұштық,
Біз ұштық ғарыш көкке – түз кеңістік.
Қара жер қойнауында бәрі де бар,
Біз сонда қандай пайда іздеп ұштық?!
Асырып табиғаттан еп пен айла,
Жо... жо... жоқ, іздемедік көктен пайда
Біреулер айтты дейді:
-
Көктен адам
Көз тігіп жұмыр жерден жоқ қарай ма?..
Біз бірақ ұшқан жоқпыз жоқ қарауға,
Немесе ғарыш көкті ноқталауға.
Жұмыр Жер – жұмыр Жердің құпиясы
Жымы көп жықпыл-жықпыл соқпақ ол да...
Жер жалғыз –
Жалғыз жөргек,
Жалғыз жүрек,
Бетіне сансыз ұрпақ салды із күреп.
Тек жалғыз, қасиеті де жалғыздығы,
Жер бірақ көрген емес жалғыз жүдеп.
Жер жалғыз –
Жалғыз жөргек,
Жалғыз жүрек,
Оятқан Адамзатты жалғыз жебеп.
Адамзат өз жөргегін мәңгі аялап,
Жұмбағын жүрегінің мәңгі іздемек.
Адамзат жөргегі мен жүрегінің
Аялап, әлдилейтін біледі емін.
Біледі,
бір тарының қауызына
Сыйғызар қарулар бар дүние демін..
Біледі,
жұмыр Жерге ол – ортақ міндет,
(Ойлама жалғыз зардап тартамын деп).
Соғысты болдырмауға тиісті Адам,
Күні өткен бүгжеңдейтін қорқамын деп.
Жер үсті Адамзатқа – жалғыз ортақ,
Ол тілсіз, тынысына – мәңгі жол тап.
Ғарышкер көзін салды көктен төмен
Даланың мінезіне сәл таңырқап.
Бұл дала – жұмыр Жердің қоң етіндей,
Етінен кессе ет төтеп беретіндей.
Қоңыр қыр қойдай жуас топырағынан
Құм емес, қасиет – сусын төгетіндей.
Бұл дала жұмыр Жердің – төс қақпағы,
Төсінде Байқоңырдың асқақтауы.
Келмейді бәрі бекер
бұл даланың
Ақ бидай, ақтылы мал – қос қапталы.
Ал бірақ сол далада тілсіз түтек,
Ақ боран апта бойы үнсіз түтеп,
Немесе көз аштырмай қарлы жаңбыр,
Нәр тамбай кейде көктен сусыз жүдеп.
Аптап пен аңызақтар соға-соға,
Қыр төсі қалтырайды қарашада.
Ал сонда қойшы жерде, сен көктесің,
Екеуің екі бөлек – оңашада.
Алдымен Адам үшін Жердің қамы,
Жер бірақ бізге бекер қараса ма?
Адамның күні – Адаммен, Азаматпен,
Бұл мәңгі дана – Сана, жаңа – Сана!
Ал бірақ құйттай көмек, қолғабысқа,
Кейде осы ой орамсыз, қол да қысқа.
Секірсе өз бойынан Адам биік,
Серіппе етіп сүйенбей ме ар-намысқа?!
Ол – жерде,
сен – көктесің, сен де бірақ
Бойыңды жинайсың ғой Жерге қарап.
Сен одан ұшқаныңмен жылдамырақ,
Жүрегің бөлек соғып тұр ма бірақ?
Жоқ бірдей,
салмағы да дірілі де,
Махаббат, машақаты – мұңы міне!
Ал онда құйттай-құйттай жүректерді
Күпті еткен ғасырыңның күдігі не?
Соғыс па,
Әлде соның лаңы ма?
Жоқтық па,
Жетімдердің жылауы ма?
Аштық па,
Қастық па әлде, қастандық па,
Азапқа Адам – пенде шыдауы ма?
Жоқ әлде жұмыр Жерді жайлап, илеп,
Байлықпен бар әлемді шайқадым деп,
Адамзат азаматын алагүлік
Айдап сап жүргендер ме «айтағым» деп.
Жоқ әлде күлмейтін де, жыламайтын,
Сүрініп, қайта тұрып құламайтын,
Ешкімнен бәстесіп бақ сұрамайтын,
«Итжейде» ақылымен туғандар ма,
Туа сап тура жолы тұрған айқын.
Ал анау қойшы досы – мүлде бөлек,
Бойында кісілік бар бір керемет.
Жердегі ең бір көне, ең бір бейбіт
Кәсіптің иесі ғой – тірнегі ерек.
Ыждағат, дағды деген, дәстүр деген,
Бойыңа сіңу ләзім жас күнменен.
Кәсіппен қасиеті, болмысы жоқ
Қиял ғой – қияндарды астым деген.
Біледі ол,
қойшы досы ғарыш құмар,
(Ғарышқа келді ұшқысы – алыс мұнар).
Мәселе кәсіпте емес,
халқың үшін
Кеудеңді кез келеді намыс буар.
Сол кезде икеміңді, біл иіңді,
Тану жөн болмысыңды, түйініңді.
Қойшыдай көп көретін жан жоқ шығар
Кәсіпке күйінуді, сүйінуді.
Ол бізден табиғатқа сүйем жақын,
Секілді ол даласында киелі ақын.
Мен өзім ғарышкермін...
содан естіп,
Таныдым жұлдыздардың біліп атын.
Ол бізден тіршілікті тез аңғарғыш,
Түйсініп, тез қабылдап, сезе қалғыш.
Көкірек көзіменен көріп тұрар,
Көрінбес құбылысты кезегі алыс.
Ол бізден мінезі шалт,
оралымды,
Қырандай қиып алар сонарыңды.
Сау күнде шүберекке жанын түйіп,
Қарсы алып қара дауыл бораныңды.
Ал және қарапайым, қандай ықшам,
Сұлудай ат үстінде бел майысқан.
Қойшы ғой қара жердің – ғарышкері,
Туғалы жер бетінде талмай ұшқан!
Бұларда айтшы,
қандай бар айырма,
Бірі – Жер, бірі – Ғарыш маңайында,
Екеуі айналады,
Ойланады,
Жұмбақ бір жан дүниесі Сарайында.
...Кетті әне, бір-бірінен арасы ұзап,
Ғарышкер, ұшасың-ау, шамасы, ұзақ.
Қоңыр қыр қойдай жуас жайбарақат,
Қойшысы мазасыз-ақ,
мазасыз-ақ...
Достарыңызбен бөлісу: |