4
Болды шешем белсенді актив бір кезде
Құдайсыздар Одағында,
ереуілшіл топта да.
Қазір де бар көрінеді бұл ұйым
салқын сабыр сақтайды екен тек қана.
Күрес бұрын ашық болған
бетке айтқан ғой бұғынбай,
басқаша айтсақ, бақырайтып көздерін –
құдайсыздай «құдайлардың» қолтығына тығылмай.
Әжем мені шоқындырды жасырын,
Жалтылдаған крест тұмар – қосығым
жатты бірақ жез қорапша ішінде,
николайлық сөлкебайға соғылып
сыртындағы Георгийден әулиенің әлпетін
боп-боз етіп бедерін ап,
кеткен бе уақыт кеміріп.
МОПР деген төрт әрпі бар ескі значок солармен
бірге жатты жалтылдаған бояуы аздау көрініп.
Қырық бесте ашты шешем
тұтқыр тұтқа қорабын,
Қорабынан ашқан кезде орауын –
Ұлы Отан соғысының медальдары сау етті,
Арасынан тағылмаған кресі де шыға келді баланың.
Біздің мұра-мүлкіміз де бір қорапқа жиылған
бауырластар қабіріндей, бір топырақ бұйырған,
бейіттегі белгідегі жазудайын жалғыз кез
қорапшаның қақпағында: «Ландрин» жалғыз сөз,
фамилия секілді ортасынан қиылған.
Ұлы Отан соғысында
жетті шешем жеңіске,
Жүк машина қорабында жадағай,
«Катюшаның» зуылына қарамай –
тігіп басты кепілге,
ән шырқады қанды майдан өтінде,
ал танкілер айқасқа,
ала кетті алаңсыз,
концерттерге киетін –
көйлегінің сәулелерін оқалы,
кетті бірге сезім толы мақамы
сол соғыста ұшты-күйлі хабарсыз,
Соғыстан соң «Форум» кинотеатрының
фойесінде
ән шырқады ол
дауысының сездірместен қырылын,
қатардағы буфетпенен қапталдаса отырып,
Гитлерді жеңіп келген жігіттер
Сыраларын сапырып,
Дина Дурбина үлгісімен шашын қиған
қызды көрсе «аһ» ұрып,
қуқыл өңді, көркі бәсең әншінің
дауысына құлақ аспай оншама,
сыйламайтын,
өздеріндей жеңімпазын соғыстың,
шын жеңімпаз екенінде күдігі жоқ болса да...
Біз «Форумнан»
Мещанский төрттегі
үйімізге қайттық үнсіз –
қайтқандаймыз өкпелі
Танкілерге тарап кеткен
кестелі оқа сәулелердің өтеуі,
концерттерге киетұғын шешемнің
көйлегінің сыбдыр етті етегі,
асфальттағы көзден таса
лейтенант погоны оған іліккен,
Үш жұлдыз тұр әрең-әрең жылтырап... әрең-әрең біріккен,
Басқа жарық жоқ маңайда.
Басқа жарық үміттен...
Шешем үйге келісімен басынан
сыпыратын сәбіз түстес
жасама шаш – жабуын,
Сүзектен соң қызыл шақа құйқасы –
қиын еді тануың.
Ербеңдеткен секілденер бала солдат –
қалтылдаған жас басын
шешіп алса қорғаны жоқ, қолапайсыз каскасын.
Өз-өзімнен күштеніп
Жарылардай намыстан,
жасты жұтып деміммен,
күбірледім тістеніп:
«Ендігәрі, анашым, ән айтпашы!» дедім мен.
Солқылдады, жылады.
Тыңдап мені құтылды.
Ұлы Отан соғысында ұтты шешем ұтырлы,
ал дауысын өзінің жоғалтты да,
ұтылды.
5
Шешем жаңа қызмет бастап кеткен,
Мосэстраданың балалар бөлімінде –
әкімшілік жұмысын жандырғалы.
Өгей әкем біздерге тастап кеткен
қарындасым екеумізді
көз таса, көңілден шет қалдырмады...
Қарындасым –
маңдайы ашық, бұйра шаш баяншы еді,
Жарты әлемді құрайтын жарым жетім
Жолбике баланы кім аяушы еді?
Шешем үйге көлденең жұмыс әкеп,
көшіргенде
концерттер рапортын,
Әні айтылған авторлар кассасына
тиын тамып жататын біртін-біртін.
Жинақ касса жалғыз-ақ шешемдегі –
сол баяғы «Ландрин» қорапшасы.
Соғыста алған әр түрлі медалына
араласып жататын бар ақшасы.
Консервінің қалбырын тебе-тебе
табаны да қақырап сөгілетін,
жырым тұмсық ботинкам танауымен
тербеп
қарындасымның кереуетін
тыңдайтынмын жанымның алауымен,
қарлығыңқы қапылған әуенімен
тым тұманды Альбион жағасынан
Вадим Синявский әнінің құбылысын,
Қақпасына «Челсидің» аласұрған
Бұзып-жарған Бобров ұмтылысын.
Үшбу хаттай рапорт толтырудан
көрмеді құрғап қолым.
Блантер де, Соловьев-Седой да көз алдымда,
Фатьяновтың, Солодарь Цезарьдың да
Әр күн сайын өсірдім жинақ қорын.
Дунаевский дейтұғын фамилия
Қанша рапорт кездессе – сонша жолда,
«И. Дун». деп қысқартып жазушы едім
Көз бұлдырап, бас зеңіп шаршағанда.
Түк шықпайды көп жазған құр әріптен
(Көп бүлінді қолтаңбам туа біткен)
Шостакович есімі кездессе егер
Жазғым келіп тұратын ірі әріппен.
Фамилия, топанын есімдердің
көшкініне
көміліп көшіргенмін.
«Құрауов» пен «Сұрауов» арасына
басым зеңіп,
белгісіз өз атымды
Ағатайым, шығардым жазатынды,
Жазып болып,
түсінбей тесілгенмін,
байқап қалсам – байызсыз өшіргенмін.
Арша-шырша аңқытып
Аяз-ата қонақтар
көп келетін шешеме.
Қызыл тоннан суырып
қошқар тұмсық арақты
құятұғын еселеп.
Қартаң тартқан ішінде Қар қыздары болатын,
ал біреуі солардың –
(ұмытқан шығар ел атын)
Вадим Шершеневич –
имажинист ақынның,
әлде екінші, үшінші
заңды жары болатын.
Рапортта ол есім –
көрсетпейтін елесін.
Жыландайын жиырылып,
жиырылып, жазылған,
Сахнадан мезі әйел шаршап біткен, қажыған,
ұйпа-тұйпа бір сәтке үй мысығы секілді
кресло үстінде малдас құрып бұйығып,
әлденені иіріп, жіп суыртпақ шиырып,
қарындасыма арнап башмақ тоқып отырды.
Зәрлі, кәрі Горыныч –
сүйген «құлы» ортаның
сызып жатыр пулькасын преферанс-картаның,
құмар менің шешемнен ұтылуға ұтылап,
Жалақысын біледі...
қанша екені қауқарын.
Қызыл Телпек аянып
соғыс салған жарасынан қорынып,
қасындағы құмар әйел – қырықта
қолбаладай желігіп,
қипалақтап пеш жанында –
әдетімен төселген,
Жым білдірмей жасырады шешемнен,
сабақтан соң «Красносельскийде»,
кіршігі жоқ періште үйде –
аумайтұғын айнадан,
шыдам кетіп шарасынан, жастық тысы арасынан
суретін көрсететін
полк баласы ролінде ойнаған,
махаббаттан маған қызық үйрететін «оңбаған».
Мен осынау – дақпырты жоқ, даңқы жоқ
кішігірім артистердің кісілігін сүйген едім,
сүйемін!
Атақтыны қақтыратын тәлтірек,
Өнердегі туыстықты
біледі олар шын өнердің нарқы деп
біледі олар не екенін киенің.
Беу, әттең-ай!
Мещанский төртіншіде
менің шешем қолынан
берілгенде Христостың соңғы асы,
анық еді құдайды алдар жөйіттердің болмасы.
Соңғы ас емес,
болар ма еді ол,
болар ма еді — дәм басы.
Сұр Қасқыры алып келген
турамшылап сұр етті,
Шешем сібір пельменіне қолы қандай
тым епті.
Мыстан кемпір тұздық үшін жаңғақ үгіп қарық қып,
Василиса ару фарш жасап
қармасынан балықтың,
қолға іс алса келтіреді шын нәшін,
фаршқа орап жіберіпті бір жолы –
құлақтағы көкшіл ақық сырғасын.
Ал бір артист-жонглёрше –
қытай еді нәтінде,
тамақ жасап білемін бір қойғанын,
Жеуге бірден бара бермес дәтің де,
неден, қалай жасалғаны беймәлім,
бірақ бәрі – ортақ дәм боп ықыласпен қойылып,
гүл жайнатып жіберетін дастарқанды сәтінде.
Пролетариат елкасы секілді еді –
жақсылардың басын қосқан жаны ізгі
Әлемдегі жарым жетім, жартылардың құрылтайы тәрізді.
Сол бір, сол бір Қар қыздары
талма менен қабынбадан кетті өліп,
ал балаға, ал ұрпаққа махаббаты...
Өлмейді олар шектеліп.
Ол жақта да Мосэстрада
құрметті грамотасын көрсетіп,
балалардың бөлімінде Көктегі,
қызметке қолдары анық жеткені.
Өліп кеткен Қар қыздары,
өлген Аяз Аталар,
маған бейне басқа әлемде
махаббатқа қаталап,
Жаңа жылдық жаңа арша,
жаңа шырша жайнатып,
Жүрген сынды өлі сәби –
балаларды ойнатып.
6
Жан анашым,
әлі күнге егілем де, езілем
Ленинградтың қу сүйекті, құр сүлдерлі –
балаларын сезінем.
мен бүгінгі газеттерді оқимын
күллі әлемдік ёлкаға келген –
өлген балалардың көзінен.
Пискарев зиратынан солып қалған тарамыс қол сіңірлі,
шыршадағы сарғыш фонарь мандаринге ілінді,
бала қолы жұлып алды, жұлып алды, не істейді?
Өлі бала – өлі дене, білмейді ғой түгіңді.
Освенцим балалары беті қисық, торғайдайын көкала,
қақалады, шашалады улы газға қамала.
«Аяз ата, аяй гөр» деп зарығады бәрі де,
Сыйлыққа емес,
жалғыз жұтым... жалғыз жұтым ауаға.
Шешесінің жатырынан жарып алған
сонгмилік сәбилер,
Ырылдаған Сұр Қасқырға қолын жайып зар илер,
Белфаст, Бейрут балалары көрген бомба талқанын
Парша-парша, арса-арса қаңқалы,
Қызыл Телпек сол қаңқаны
құрамақ боп байқады...
Сальвадордың балалары әмір-темір танкілердің
табанында жаншылған,
Зәресі ұшып жалт береді қуыршақтар
елесінен қаусырған.
Азынаған осы әлемдік ёлканы айналып,
Аза бойың қаза болар
өлген сәби даусынан
Бұл дегенің бержағы ғой...
ал жарылса, шын нейтрон бомбасы,
белгілі онда бала атаулы жұрнағы да болмасы.
балабақша базарлары –
мазар болып қаңырап
Қол ойыншық қонжық біткен зар еңіреп жамырап
Үрлемелі қуыршақ пілдер
дабыл қағар
«әттеген-ай», соңыра-ақ...
Рақмет саған, Сэмюэл Коэн
басқа ойшылдар – ойланатын, ойлайтын...
Жаңа ойыншық жасапсыңдар «американ ойыншығы» –
қаншеңгелге тоймайтын.
Рақмет айтамыз ба?..
«Балалардың әлемінде» сап тынды деп
ырғын-қырғын кезектер,
Қат боп кеткен қағаз жөргек
іздемейтін болдық-ау деп безектеп,
енді ешкім ештеңені сындырмайды,
шығармайды шып-шырға,
бұрымымыз кесілер деп қуыршақ та қорықпайды бозөкпе.
Терезөнің әйнектері сынбайды әңгі доптардан,
карусельде жегулі аттар
кеуек-дүние кеңістікте солықтайды...
міндеттері мәңгілікке тоқталған.
Балалардың шалбарлары
кермелерден жиналмаған жаюы,
Жасырынбақ ойнағаннан сөгілмейді қаюы,
керісінше басталады –
жаһаннамның жасырынбақ ойыны.
Балалар жоқ.
Үлкендер жоқ.
Құлаққа ұрған танадай,
Тылсым дүние түнекте –
қирамаған көше жатар,
бұзылмаған сағат жатар білекте.
Нобайы бар, жаны жоқ қол –
сұлбасы әлі сақталған,
білезік-бау ол да бүтін,
ағытылмай таққаннан,
неке қияр сақиналар саусақтардан сусыған
көкшіл ақық... көп сырғалар
құлақтардан ыршыған.
Іші қуыс құрым қолғап сықырлайды бүп-бүтін,
автомобиль рульдерін сығымдайды бүп-бүтін.
Перуджада халықаралық балтырлардың
көрмесінде сықасқан,
күллі балтыр буға айналып тұтасқан,
алтын өрнек ұлтарақтар –
бір уыс күл болады,
саудыраған туфлилер иесіз тұл қалады.
Міне, осынау шегіренмен шекетулі...
арасында қоқыстың
өзгелерден оқыс тым,
перуанканың қызыласық тобығында –
сәл балқыған кісені
табандарды тіміскілеп,
өкше-іздерге түседі.
Шешем-дағы болмайды онда –
қаңыраған киоскілер
тұрмайды онда сауда ғып,
Оңып кеткен көне мүлік-басылымдар
ат-көпір боп бауланып,
«Футбол-хоккей» апталығын,
«Америка», «Денсаулық» журналын
азынаған атом желі парақтайды аударып.
Шешем елес,
сол шешеме буға айналған
қасапшы боп бір елес,
мұздақ тауық қалдырады,
баяғы әдет... түк емес,
қатқан тауық Мопассанның отандасы (осы жаққа
алмасқан),
отанында тұр сөреде Мопассан,
тағдырын-ай,
жан жуымай, шаң басқан,
маңайында қолға ұстайтын отандас –
жанды қара қалмастан.
Фирби деген жаңа майор
Хиросима кнопкасын басып әмір бергенде,
Европа жантәсілім
Евросимаға айналғанын көргенде
естен танып, ақылы ауып үлгірмей-ақ әп-сәтте
елес болып кетті өзі де ербеңдеп.
Менің шешем саясатқа жоқ адам,
Бірақ бірде асқан жайға қанадан
өз көзімен қараған:
«Жұлдыздының» бульварының жанындағы дүкенге
Жанталасты ел,
білмейміз ғой, тойымды.
ГДР-дің қабырғалық қағаздары оюлы
түсіп жатты дожыналап ораған.
Сол кезекке тұрған шешем кеп тосын,
Таласқан жұрт сығыпты-ай кеп өкпесін,
бытырлатып түймелерін тонаған.
Сонда шешем:
«Қайда бармақ халық мына қалпында,
Дүние – боқтан басқаменен жоқ ісі –
қан толған ба көзіне?
Өзін алар, дүние қалар артында
Нейтронды тапқан ба ойлап... сол үшін
өз обалы,— депті,— мейлі өзіне?!».
Мың-миллион дүкендерін ғаламның
елестеттім,
алдына әкеп жанардың.
Қабырғалық оюларын әр елдің,
бұлғын тонын, құндыз тонын әйелдің,
Жауһарлар мен итальян етігі,
Жапон мүлкі — жұмбағындай сананың,
дат сырасы банкадағы, бос тұрған,
23
сырақор жоқ... нарқын білер бағаңның.
бәрі де бар! –
болмағаны болмаса сатып алып, тұтынатын Адамның.
Жастық біткен сүйенсін деп музейлерден ұрлай бастар
бас сүйек,
көйлек біткен киілсем деп
тас мүсін мен қаңқаларға артады өзі қос білек,
дәрігерлік оқу орны дәрілеген спиртпен
Сәбилерді бесік-арба әлдилейді төс тіреп.
Ұсталмаған ұстаралар жалғыздықтан қорынып
бұдандағы отқа түсіп
кетсем дейді орылып.
Галстуктар қаптап шығып
қалың ағаш қапталына тағылып,
ал кітаптар өртке өздері жағылып,
адамдардың бетімізге тамбады-ау деп көз майы
сарғаяды парақтайтын саусақтарды сағынып.
Дүние- мүлік, зат екеш зат та бейімделер жағдайға,
Дүкендерге өз аяғы – өз еркімен бармай ма?
Бір дүкенге шет жақтағы
«адам түсіпті» десе,
күллі әлемдік қоқыстарын сол жерге әкеп салмай ма?
Зат екеш зат – заңды түрде саясатты сапырып
дауласады,
саясат боп қызыл өңеш тақырып.
Қайтер едің, ащы ызадан аласұрған
тоңазытқыш бойынан
Жаңа нейтрон бомбасы –
шыға келсе атылып,
және де өзі жаудай тиіп заттарға,
адамдарды сау сақтаса қапылып...
Қайдам... қайдам... қалмаса адам —
Қалған дүние қандай опа таптырар,
Атом – апат атойласа,
қандай заман, қандай сауал, қандай зауал қаптырар?!»
7
Балықтан ада Тибрде түнгі жағада
шарқ ұрған елес, әскерлер емес сарала.
Апиын-удан ақжем боп кеткен түр-өңі,
апиын құйып, шұрық-тесік болған білегі,
нашақорлардың көлеңкесі еді ол, қалтылдап
қос үрейлері соңынан қалмас бір елі.
Москвадағы ескі әдетіммен таңертең,
Тибр жағалап жүгіріп –
таратушы едім құрысты.
табанымның астынан сонда естуші ем
созылған сіңір сытырындай бір дыбысты.
Қалт тоқтап бірде, дір етті денем.
Самсаған,
шашылған, сынған сауытын көріп дәрінің,
бір егіп барып тастаған ине қаншама...
Солармен тұстас,
қапталдарында бәрінің
итальян қалақайлары қымтаған
тапталған адам тәнінің –
таныдым әлпет-әдібін.
Әдіп-әлпеті орыстың жүзі кәдімгі –
шаруаның беті шытынап барып жарылған,
қып-қызыл қыштай жұмыс пен күнге қарылған,
маңдайға түскен жұқалтаң бозғылт әжімнің,
астындағы анау
жесірдің көзі қорынған.
Жесірдің көзін ақ орамалы қалқалап,
айналасында қара қалақай анталап
ақ орамалды күйеге аунатып алғандай
соғыстың күлі –
мәңгілік дақ боп қалғандай.
Жесірдің көзі, жесірдің көзі бұл неге?
Себебін тауып айта алмас едім бірдеңе,
Солдаттың орған бауына жетіп құлапты
Оранғанындай сол әйел үлде-бүлдеге,
бір буда бауға
жасап жан сауға құлаған,
Құлаған әйел — құшақтағандай тірі адам,
Сұрамай, соғыс суырып алған қойнынан
Құшқандай ерін
құшырмен бауды бұраған.
Сан түрлі бояу пейзаж фотолар түбінде,
ұйпа да тұйпа, түте де түте –
түтілген,
аэрофлоттьің жарнамасына жамала,
әлдебіреулер қалдырып кеткен жағада
Жесір – суреті жатыр, мінеки, Римде.
Ақ қайыңдар суреті-ай
ақ балтырдай қырқылған,
Беу, Василий Блаженный бейнесі –
умаждалып, жапсырылып, жыртылған.
Әлдебіреу табанының балшығымен бес батпан,
алға қарай аттаған ғой шегінбей,
(көрдің бе, ісін кесірдің...)
Маңдайына із салыпты жесірдің –
өткен күнді ұмытудың
өткен күнді құрытудың мөріндей,
Нашақор сорлы — көлеңке дүние-дүрмект
ғайыптан тайып өкшесі тиген бұл бетке,
сол жеңін түріп оң қолыменен демеуі,
тамырға тағы тәнті уын салу себебі
ойламау үшін –
болашақ атом азасын,
өткен соғыстың ғазауаттарын, қазасын,
мүмкін болса егер,
ұмытайын деп салады,
өзіне-өзі қасақы,
жазасын өзі алады.
Тарихтың өткен сабақтары мен тәлімін
Ұмытса егер,
сол емес пе айтсақ, әділін –
нашақордан да намысы төмен кәрібің.
Айырма бар ма құмарпаздыққа құл болса,
апиын ішіп,
аяқ астында былғанса,
Футболдың әңгі жанкүйері одан несі артық,
бір жартыны ішіп ессіз де түссіз жынданса.
Теледидардың құмарпаз құлы көп тіпті,
телемұнара төбесі биік шоқтықты
дәрі егетұғын ине секілді оларға –
Ұмыттыратын уайым-қайғы, жоқтықты.
Басқадай у мен басқадай зәһәр жоқ болса,
тіс жуар ұнтақ қараптан-қарап жатқанша,
Уландыруға ол-дағы бір сәт жетеді,
тазарған тіс пен тілдің астында сақталса!
Машина,
мебель, сервиздер –
талайдың қиял түсінде
Апиын у ғой олар да –
тек, әттең, заттық пішінде,
Иленген тондар кездессе,
егерде сүйық күйінде,
дүниеқоңыз талай құл ілмей-ақ оны иінге,
жұтуға бар ғой, ішуге.
Ақша мен тақтың, биліктің
құлдары-ай кепкен ындыны!
Құмарпаз құлы атомның ойламайды олар,
бір күні
бетіндей шаруа – жесірдің аймандай етіп әлемді,
қапия бір сәт – қапыл күн
табаныменен атомның
басады мөрін баттитып
түнектей заманақырдың.
«Құмарлықтың қылшылбырына қылғыну –
Жазылмайтұғын болды ғой бұл дерт, бұл бір у...»
итальяндық егделеу кісі –
сыртымнан ауыр күрсініп,
іш көйлегін қозы қарнына көтеріп,
малшынған терін бір сығып,
дәрі – сауыттың сынықтарына үйкелеп тұрып табанын
шіреніп, кеды бауын байлады,
сілкілеп қақты балағын.
«Мүмкін,— деп барып миығын тартты ол,—
Сіз бенен бізде нәтінде,
Құмарпаз – дерттен құр емеспіз ғой...
жүрген шығармыз шетінде,
әйтпесе неге ақ тер, көк тер боп,
жүгіреміз кеп таңертең,
өзіңнен биік секіріп болмас,
өзіңнен озып кетуге...»
Дегенде өзі,
жүгіргенде өзі
жүгірмейді екен тым жаман,
аяқ киімнің арасынан тек құяңы аздап сыздаған,
балтыры бірақ бабында екен жас жіліктейін серпіліп,
дәрі сауытқа, қалақай, құмға тамшылар тамып,
танауы аздап мұздаған.
Сол кезде мен де жүгірдім дейсің,
қарғыдым бір-ақ Тибрден
Мәскеуден шығып, шешемнің құйттай –
киоскісінде тұрдым мен,
ойыншы сынды ереже-еппен тартатын ойын картасын
Жаймалап жатты газетті шешем
түр-түріменен бір-бірден.
Сыбырладым мен:
«Бір «Ақшам» газет...
тұтығып үнім қалғандай,
«Арғы күнгісі дейсіңіз бе?»,— деп
сұрады шешем аңғармай,
сұрады шешем салыңқы қабақ,
солыңқы тартқан жақтары
дауысымды менің
айырып бірақ жатпады.
Асығыппын мен абыржыппын мен бекерге.
Ертеңгі шығар кезекті
редакциялар беретін маған газетті,
бүрсігүні шығар, арғы күні шығар нөмірі
түспейді қолға, тимейді қолға өмірі.
Өзімнен-өзім қорландым бекер: «Болмаса...
кешегі санын тауып беріңіз амалдап».
Ащы да ауыр күрсінді шешем: «Далбаса –
арғы күнгіні алмайды ешкім алаңдап...»
Қайтадан қорқып
қайтадан қаштым шешемнен,
Италия жолдарын тартты төселген.
Арғы күндердің, алғы күндердің газетін
көрсем деп, Рим,
асығып едім көшеңнен,
көшеңде көрген әрбір әйелдің жүзінен
Жалғыздық көрем,
жесірлік деген кеселмен.
Болашақ жесір күңгірлі күмбез ішінде
өліктерменен неке суларын ішуде.
Болашақ жесір –
өліктер туып болашақ
Ішінен ылғи шарана, түсік түсуде.
Соларға жалғыз бұйырған шырша
таймапты түгі, қылшасы,
өлі перзенттер... өлі сәбилер –
әлемдік ортақ шыршасы.
Сол кезде маған газет таратқан,
мұрнының боғы газетке қатқан бір бала:
«Синьор мырза, газет алыңыз,
бүрсігүнгісі, арғы күнгісі — су жаңа!
Сіз де алмайсыз ба,
о, Құдай, сақта!»
«
...айтыңыз, мырза,
пенделер біткен, су жүрек тіптен...
нендей күн туған басына?»
Арғы күн түгіл ертеңгі күннің қорқынышы зіл батпандай,
Арғы күнді ойлап арқама аяз батқандай
жетімі де жоқ, жесірі де жоқ,
ақырында тұтас жер жесір,
аржағында оның мұз мұхит жатса —
қайтесің егер көл-көсір?..
Тек қана, әне, Христос жалғыз иіні түскен құр кебін,
алақанынан шегемен қағып іліп кеткендей сүлдерін,
есінен танған нашақорлардың білекке бізін сұққылап,
істеген ғой, білгенін...
Суретке салмай Құдайдың өзін
сүлдерін салып қаузаған,
Ұлы өрлеу деген ұмытылмас дәуір
қақпа ашқанында сол заман
суретшісі пайғамбар көзбен
бүгінді қалай болжаған?
Жарылар бомба
жоқ кезі онда атымен,
Нейтрон – сайқал,
түске енбес кезі затымен,
ал бірақ, егер нейтрон бомба болмаса,
кім мынау онда, суретте тұрған далбаса,
бүгінгі күннің адамы сынды, дәл міне,
Құдайдың өзін құрытып барып, мәңгіге
сыпырып алып терісі менен түгін де
сақтаған, сірә,
освенцимдік болашақ
шеберханада әмиян, етік, қол сумка
секілді дүние тігуге...
Самолеттердің гүрілдерінен дауысымды көкке асырып,
Айқай салдым мен Құдайға
жасасам-дағы асылық:
«Христиандар бомбалы –
діннен әртін кетіңдер!
Адам өлтірушілер— Құдайды өлтіретіндер!»
Құдайым-ай!
Тілекті, кім беріпті?
Кебін мүсін – керулісің!
Айттың... айттың не бітті?!
Неге айттың сен, бүкіл адам бірге туған бауыр деп.
Дар ағашқа Құдайды асқан
қырға неге шығамыз,
Неге құлдық ұрамыз,
атом дейтін дар қамыты арқылы
құритыны күллі әлемнің
болмаса егер шүбәміз?!»
Блок – жырдың үйіргендей құйыны,
бүрсігүнгі, арғы күнгі газет біткен үйіліп,
Шешем сонда
жайлап қана келді алдына Құдайдың,
ал үстінде көне куртка құдайсыздың киімі,
салбыраған суреттің сүлдеріне тұрды қарап
оянғандай ой сала,
Бір уһілеп, деді кенет:
«Беу, қайтсін-ай, бейшара!»
Достарыңызбен бөлісу: |