Президенттік жастар кадр резервінің кейбір мәселелері туралы



бет3/4
Дата14.09.2023
өлшемі22,13 Kb.
#107347
1   2   3   4
Байланысты:
Жарлык ПМКР 3,0.kaz

1-тарау. Жалпы ережелер

1. Осы Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Президенттік жастар кадр резервін (бұдан әрі – Резерв) қалыптастыру тәртібін айқындайды.


2. Резервке іріктеуді Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия (бұдан әрі – Ұлттық комиссия) жүзеге асырады.


3. Резервке іріктеуге отыз бес жастан аспаған, жоғары білімі және бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатысады.


Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, Президенттік жастар кадр резервінде тұрған адамдар Резервке іріктеуге қатысуға жіберілмейді.


4. Резервке алынған адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы уәкілетті комиссияның шешімі бойынша мемлекеттік саяси лауазымдарға, А корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, "Б" корпусының басшылық лауазымдарына және "Б" корпусының А санаттар тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.


Осы тармақта көрсетілген лауазымдарға тағайындау Резервке алынған адамдардың қатарынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өзге де адамдардың қатарынан жүзеге асырылуы мүмкін.


5. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарындағы, сондай-ақ "Қазақстан Республикасы құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары басшылығының президенттік резервін қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 28 тамыздағы № 624 Жарлығына сәйкес жүзеге асырылатын құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардағы басшы лауазымдарға орналасу мәселелерін реттемейді.

2-тарау. Резервке іріктеу

6. Резервке іріктеу келесі кезеңдерден тұрады:


1) кандидаттардың құжаттарын қабылдау;


2) мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау;


3) ситуациялық тапсырмаларды шешу;


4) құзыреттерді бағалау;


5) Резервке іріктеу жөніндегі сарапшылық комиссияда (бұдан əрі – Сарапшылық комиссия) кандидаттармен әңгімелесу;


6) Сарапшылық комиссия Резервке алуға ұсынған кандидаттарды Ұлттық комиссияның отырысында қарау.


Резервке іріктеудің кезеңдері ақпараттық жүйелерді пайдалану арқылы жүргізілуі мүмкін.


Резервке іріктеу кезеңдерін өткізу мерзімдерін Ұлттық комиссия айқындайды.


7. Іріктеуді жүргізу туралы хабарландыру мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) интернет-ресурсында, сондай-ақ республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында және басқа ресурстарда Резервке іріктеуге қатысуға кандидаттардың құжаттарын қабылдау басталғанға дейін 10 жұмыс күн ішінде жарияланады.


Хабарландыру осы Қағидаларда айқындалған Резервке іріктеудің тәртібі туралы ақпаратты, құжаттарды қабылдау мерзімдерін қамтиды.


8. Іріктеуге қатысу үшін мынадай құжаттар ұсынылады:


1) жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі;


2) білім туралы құжаттың көшірмесі;


3) еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі;


4) мемлекеттік тіл бойынша емтиханды тапсырғаны туралы белгіленген нысандағы жарамды ресми сертификат*.


Кандидат құжаттарды тапсыру кезінде Резервті қалыптастыру тәртібімен танысады, осы Қағидаларды қатаң сақтауға, сондай-ақ дербес деректерді жинау мен өңдеуге өз келісімін береді.


9. Мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалауға осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келетін кандидаттар жіберіледі.


10. Іріктеудің әрбір кезеңінің қорытындысы бойынша ең жоғары нəтижелерді жинаған кандидаттар Резервке іріктеудің келесі кезеңіне жіберіледі.


Резервке іріктеудің әрбір келесі кезеңіне жіберілетін, ең жоғары нəтижелері бар кандидаттардың шекті санын Ұлттық комиссия айқындайды.


Бірнеше кандидатта тестілеудің бірдей нəтижелері болған жағдайда іріктеудің келесі кезеңіне Ұлттық комиссия айқындаған саннан асатын кандидаттардың саны жіберілуі мүмкін.


11. Резервке іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін ситуациялық тапсырмаларды шешу және құзыреттерді бағалау кезеңдерінде сарапшылар қоғамдастығының өкілдері тартылуы мүмкін.


Ситуациялық тапсырмаларды шешу және құзыреттерді бағалау кезеңдерін өткізу қорытындылары бойынша кандидаттарға қойылған бағаларды негіздей отырып, әрбір кезең бойынша нәтижелер беріледі.


12. Сарапшылық комиссияның құрамын Қазақстан Республикасы Президентінің Əкімшілігі, соның ішінде мемлекеттік органдардың басшылары қатарынан айқындайды.


Сарапшылық комиссияның отырысына дайындалу кезінде уәкілетті орган кандидаттар туралы мəліметтерді, оның ішінде тиісті мемлекеттік органдардан сұратылатын мəліметтерді, сондай-ақ кандидаттардың "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының талаптарына сəйкестігін уəкілетті орган қарайды.


Сарапшылық комиссия әңгімелесудің қорытындысы бойынша іріктеудің алдыңғы кезеңдерінің нəтижелерін ескере отырып, ашық дауыс беру арқылы Резервке алуға ұсынылатын кандидаттардың тізімін жасайды және Ұлттық комиссияның қарауына жолдайды.


13. Ұлттық комиссия Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен жасақталады.


Ұлттық комиссия кандидаттарды үш жыл мерзімге Резервке алу туралы шешім шығарады.


Қажет болған жағдайда Ұлттық комиссия кандидаттармен әңгімелесу өткізеді.


14. Іріктеуге қатыстырудан бас тартудың және оның кез келген кезеңінен шығарудың негізі мыналар болып табылады:


1) кандидаттың Резервті қалыптастыру тәртібін сақтамауы;


2) анық емес ақпаратты және құжаттарды ұсыну;


3) кандидаттардың "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес еместігі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет