Қылмыстық құқық бұзушылықтың пәні ретінде мемлекеттік құпияны мазмұндайтын кез-келген мәліметтер немесе мемлекеттің сыртқы қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін арнайылап жиналған өзге де мәліметтер танылады.
Өзге де мәлiметтерге «Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 15 наурыздағы N 349-I Заңында көрсетілген қызметтік құпияны жатқызуға болады. Осы заңға сәйкес, «қызметтік құпия - мемлекеттік құпияның құрамына кіруі мүмкін, жарияланған немесе жоғалған жағдайда мемлекеттің ұлттық мүдделеріне, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдары мен ұйымдарының мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін жекелеген деректер сипаты бар мәліметтер».
Сондай-ақ, өзге де мәліметтерге Қазақстан Республикасының экономикасы мен қорғанысына нұқсан келтіре алатын ақпарат ретінде саналған ашық қайнаркөздерден, жариялы ақпарат көздерінен алынып жүйелендірілген мәліметтер де жатқызылуы мүмкін.
Тыңшылық (ҚР ҚК 176-бабы)
Тыңшылық (ҚР ҚК 176-бабы) қылмыстық құқық бұзушылық құрамы формальды болып табылады, аяқталған қылмыс ретінде санау үшін баптың диспозициясында көрсетілген іс-әрекеттердің бірін жасаудың өзі жеткілікті.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың субъекті - қылмыстық құқық бұзушылық жасаған уақытта он алты жасқа толған есi дұрыс жеке тұлға, сондай-ақ бұл бапта да арнайы субъект белгілерінің болуын көздейді, шетелдiк азамат немесе азаматтығы жоқ адам.
Тыңшылық (ҚР ҚК 176-бабы)
Субъективтік жағы тікелей пиғылмен сипатталады. Кінәлі тыңшылық жасап жүргенін біледі, өз әрекеттерінің қоғамдық қауіпті сипатын түсінеді және оны жасауды қалайды. Мемлекеттік құпияға жатпайтын өзге де мәлiметтердi беру немесе жинау арнайы мақсатты көздейді. Аталмыш мақсат, жиналған және берілген мәліметтерді Қазақстан Республикасының сыртқы қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге пайдаланудан тұрады. Әлбетте, аталмыш мақсат мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтерді жинау мен беру кезінде де осыған бағытталған.
Бұған дейін көрсеткеніміздей, ҚР ҚК 176-бабымен қарастырылған іс-әрекетті жасаған шетелдiк азамат немесе азаматтығы жоқ адам ҚР ҚК 175-бабының ескертпесінде көрсетілген шарттар орындалған кезде қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.