Психология кафедрасы



бет61/64
Дата25.05.2023
өлшемі262,41 Kb.
#97085
түріСабақ
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   64
Байланысты:
Психология пәнінен дәріс жинағы 2

Қабiлет және нышан
Адамның кейбiр өзгешелiктерi ана құрсағында жатқанда-ақ пайда болады. Мәселен, баланың ата-анасы мен туысқандарына ұқсап тууы. Мұны анатомиялық нышан дейдi. Жүйке жүйесiнiң, кейбiр анализаторлардың ерекшелiктерi де туысынан пайда болады. Мұны физиологиялық нышан дейдi.
Нышанның соңғы түрi қабiлеттiң дамуында белгiлi орын алады. Мәселен, баланың есiту анализаторының жетiле дамуы музыкалық қабiлет үшiн, көру анализаторының өзгешелiгi сурет қабiлетiнiң көрiнуiне себiн тигiзедi. Бiрақ нышан қабiлет дамуының бiрден-бiр шарты бола алмайды. Ол — адамның iшкi мүмкiндiгiнiң көрсеткiшi. Егер адамның туысынан нышаны болса да, дұрыс тәрбие көрмесе, яғни белгiлi әрекетпен айналыспаса, оның қабiлетi айтарлықтай дамымайды. Әрбiр қабiлетке арнаулы нышан сәйкес келедi деп ойлау да қате. Нышан көп мәндi қасиет, яғни сол нышанға негiзделiп, адам өмiрiнiң жан-жақтылығына қарай түрлi қабiлет қалыптасады. Нышанның ықпалымен қалыптасқан қабiлеттiң түрiн дарындылық дейдi. Адамның дарындылығы оның жоғары жүйке қызметiнiң тума типiне (мида уақытша байланыстардың тез жасалып, берiк орнығуы, жүйке процестерiнiң қозғалғыштығы динамикалық стереотиптердiң шапшаң жасалып, оңай өзгеруi т. б.) байланысты болып келедi.
Дарынның дамуына қолайлы жағдай туса, ол ерте көзге түсетiн болады. Тарихта болсын, күнбе-күнгi өмiрiмiзде болсын мұндай мысалдар өте көп.
Осыдан 200 жылдай бұрын Германияда “ұстазы Кристиан фон Шенах жазып алған любектiк төрт жасар дарынды бала Кристиан Гейнрих Хейнекеннiң өмiрi, iс-әрекетi, саяхаты мен өлiмi” деген кiтап жарық көрдi. Аса дарынды бала жөнiндегi алрашқы кiтап осы болатын.
Туғанына он ай толмай жатып кiшкентай Гейнрих “суретке салынған заттардың көпшiлiгiн айырып атайтын” болды. Ол үш жасқа келгенде ертегiлердi өзi оқып, математиканың төрт амалымен есеп шығара алады. қөп ұзамай сәби француз тiлiн үйренiп, “географиядан жақсы мағлұмат алады” және мыңнан астам латын мәтелiн бiледi.
Гейнрихтың даңқы әлемге жайылып, оны Дания королi қонаққа шақырады. Сол дарынды сәби төрт жастан төрт ай асқанда қайтыс болған.
Дарынды адамдардың қабiлетi әдетте ерте ашылатынын зерттеу жұмыстары байқатып жүр. Дарынды балалар мектептiң оқу бағдарламасын ерте меңгередi. 5—6 жаста ондай балалар өзiнен екi есе үлкен балалардың бiлгенiнен артық бiлетiн болады. Кейде дарынды балалардың мектептегi оқуға көңiл бөлмейтiн кездерi де кездеседi. Мәселен, Д. Байрон, В. Скотт, Ч. Дарвин бала күндерiнде түк бiлмейтiн кеше саналған. Олардың көпшiлiгi өз уақыттарын өлең жазып, сурет салып, көбелек ұстап, коллекция жинауға, немесе химиялық тәжiрибе: жасауға сарп етедi. Мұндай дарынды адамдардың балалық шақтағы ерекшелiктер туралы жазылған шығармалар есепсiз. Айталық, Дюрер үш жасында өз портретiн салған, жетi жасар Моцарт төрт соната жазып үлгерген.
Лист, Шопен мен Иегуди Менухин он бiр жасында үлкен концерт қоюға қатысқан. Тоғыз жасар Гете немiс, латын, грек тiлдерiнде өлең жазатын болған.
Қазiргi математиканың негiзiн салушы Гаусс үш жарым жасында әкесiнiң салық төлеу жөнiндегi есебiн көрiп, соның қатесiн шығарыпты, сөйтiп әкесiнiң 25 талер ақшасын сақтап қалыпты деседi. Ол алгебралық есептермен сандар теориясы жөнiндегi өзiнiң дарынын ерте танытқанға ұқсайды. Гаусс өзiнiң ең басты жаңалықтарын негiзiнен 14 пен 17 жастың арасында ашыпты.
Кибернетиканың атасы Ноберт Винер бес жасынан бастап ғылымға ден қояды да, тоғыз жасында 18 жасар балалармен бiрге оқиды. 12 жасында колледжге түсiп оқып, 14 жасында оған ғылыми атақ берiледi.
Не бары отыз-ақ жыл өмiр сүрген Шоқан Уәлиханов, та аз ғана ғұмырының iшiнде адамзаттық ғылымға, оның көптеген саласына (әдебиет, тiл, этнография, география, шығыс тану т. б.) баға жетпес көп үлес қосты. Ол музыка, сурет саласында да, публицистика мен жазушылық өнерде де, өзiн жоғары биiктен көрсете бiлдi. Шоқан жөнiнде С. Мұқанов былай деп жазады: “Аз өмiрiнде осынша тығыз, зұлымдықпен арпалыса жүрiп атқарып үлгерген еңбегiнде қисап жок... Шоқанды... 27 жасында өлген Лермонтовтың, 24 жасында өлген Добролюбовтың қатарына қоюға болады. Шоқан да солар сияқты: шын мағынасындағы талант, шын мағынасындағы данышпан”.
Алты жасар Таня Федина музыкаға мейлiнше дарынды болды. Ол фортепьянода көптеген композиторлардың, сондай-ақ, өз шығармаларын тамаша орындады. Оның фортепьяно үшiн жазған пьесалары, космонавтар туралы әндерi бар. Таня отыздан аса ән және осындай аспаптық шығармалар (вальстер, прелюдиялар, фантазиялар т. б.) жазған. Мәселен, оның космонавтарға арнаған “Титов маршы”, “Терешковаға”, “космонавтарға хат” деген шығармалары бар. Ол Мәскеу консерваториясы жанындағы орталық музыка мектебiнде оқып жүргенде бiр актiлi опера жазған.
Дарынды адамдарды ғылым саласынан да көптеп кездестiремiз. Мәселен, қазiргi аттары әйгiлi математик С. Мергелян 16 жасында университеттiң бiрден екiншi курсына қабылданды. Ол жиырма жасында ғылым докторы атағын алды. Академик Л. Ландау орта мектептi 13 жасында үздiк бiтiрiп, он төрт жасында университеттiң екiншi курсына түседi. Мұндай мысалдарды көптеп келтiре беруге болады.
Қабiлеттiлiктiң ең жоғарғы дәрежесiн талант деген сөзбен белгiлейдi. Талант — бiр әрекеттi творчестволықпен орындау мүмкiншiлiгiн қамтамасыз ететiн қабiлеттердiң ерекше қиысып келуi. Адамның таланты музыкада, әдебиетте, ғылымда, техникада т. б. әрекеттерде көрiнедi. Таланттың дамуы еңбек ете бiлумен, еңбек сүйгiштiкпен тығыз байланысты. А. М. Горький “талантты өсiретiн нәрсе — iстi сүю” деп бекер айтпаған.
Творчестволық қызметтiң асқан дарынды өкiлдерiнiң барлық қуат-қабiлеттерiнiң бiрдей шарықтайтын кездерi болады. Мұндайда олардың санасы барынша өткiрленiп, мейлiнше айқындалады, бақылампаздығы онан сайын арта түседi, жазатын нәрсесi мұқият әрi тез дайын далумен қабат, iште жетiлiп пiседi. Бұл — адам талантының шарықтауының тамаша бiр көрiнiсi. М. Әуезов “Абай жолының” кейiнгi үш кiтабын машинкаға қолма қол айтып бастырған. Тек зор талапты адамның ғана осындай “керемет” қасиеттерi болады. Жазушы Ә. Нұрпейiсов Мухтардың талант ерекшелiгiн былайша суреттейдi: “Бiрде үйiне бардым. Кабинетiнiң есiгi ашық қапты. Мұқаң “Ақын аға” аталған үшiншi кiтапты жатқа айтып тұр... Оның жүресiне, толқи шығатын қоңыр дауысы шалқар шабыт тұсында шалқи төгiлген аса бiлiмдi, көл-көсiр көрiнiстердi, адам жанын аламан - асыр қылатын ащы-тәттi шындықтарды, өлмес-өшпес көркем сөзге ай-налдырып жатты. Дес бермей бара жатқан ой тасқынын iрiккiсi келгендей ара-тұра бiр жөтелiп алады да, қайтадан сөз маржанын толассыз тоғыта бередi”.
Осы эпизод бiзге үлкен талант иелерiнiң шығармалары оп-оңай өзiнен-өзi жазыла салатындай етiп көрсетуi мүмкiн. Ал, шындығында бұлар инемен құдық қазғандай еңбектенедi. Аты-шулы ақын-жазушылардың, ғалымдардың қолжазбаларын көрсек, олардың бiр жазғанын қайта-қайта өңдейтiнiн, сан рет көшiрiп жазатынын, бiр сөзбен айтқанда, қажымай-талмай еңбек ететiнiн жақсы байқаймыз.
Iзгiлiктi демократия кең өрiс алған қоғамда ғана таланттары дами алады, оған жағдай жасауға мүмкiндiк туады. Сондықтан әрбiр адам өзiнiң жеке ерекшелiктерiне байланысты аянбай еңбек етсе, үнемi оқып үйренiп, iзденсе ғана өзiнiң, талантын шарықтата алады.
Жалқау, ерiншек, бейнетi көп жұмысты онша сүймейтiн адамдардан талант иесi шықпайды. Н. Островскийдiң: “бiзде талантсыз тек ерiншектер ғана” деуi өте тауып айтылған сөз.
Тарихи-әлеуметтiк маңызы бар творчество беретiн қабiлеттiлiктiң ең жоғарғы түрi данышпандық деп аталады. Қабiлеттiң кең өрiстiлiгi, iс-әрекеттiң қоғам мүддесiмен тығыз байланыстылығы — данышпандықтың негiзгi белгiсi. Данышпан адам өзi айналысқан әрекет саласында бұрын-соңды болып көрмеген жаңалықтар ашып отырады. Мәселен, жаратылыстану ғылымы саласындағы Н. Коперник, Г. Галилей, Н. Ньютон, Ч. Дарвин, И. П. Палов, А. Эйнштейн, Н. Винер; әдебиет тарихындағы В. Шекспир, В. Гете, А. С. Пушкин, Л. Н. Толстой; музыкадағы В. Моцарт, Л. Бетховен, П. И. Чайковскийлер осындай адамдар. Ал Аристотель, Әл-Фараби, Леопардо да Винчи, М. В. Ломоносов, Ш. Уәлиханов, А. Құнанбаев, А. Байтұрсынов т. б. әр түрлi ғылым саласынан көрiнген энциклопедиялық бiлiмдi данышпандар болды. Ақыл-ойы қияға шарықтаған адамның бәрi бiрдей данышпан бола бермейдi, нағыз данышпандық әр кез халықтың мүддесiне сәйкес келiп, әлеуметтiк прогреспен тығыз байланысып жатады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   64




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет