ОҢТҮСТIК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТIК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
ПСИХОЛОГИЯ КАФЕДРАСЫ
ҚОЙШИЕВ Қ.Е., ДОСАНОВА М.М.
ОҚУШЫЛАРДЫҢ ФИЗИОЛОГИЯЛЫҚ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ДАМУЫ
пәніне арналған лекция жинағы
Шымкент-2022
1-лекция
Лекция сабағының тақырыбы: Кіріспе.Оқушылардың физиологиялық және психологиялық дамуы пәні.
Сабақтың жоспары:
1.Даму психологиясының анықтамасы
2.Даму теориялары
3.Пәнаралық байланыстары
Сабақтың мақсаты: Оқушылардың физиологиялық және психологиялық дамуының пәні, мақсаты, міндеттері және әдістері жайлы анықтама беру
Даму — қайталанбайтын, заңды және бағытты өзгерістерді білдіретін философиялық ғылыми категория. Ол қалыптасу категориясымен салыстырғанда анағұрлым нақты.Даму дегеніміз жаңа механизмдердің, процестердің, құрылымдардың жаңадан туындауы және сапалық өзгеруі.
Даму:
1) материалдық объектілердің заңды, бағытты, қайтымсыз өзгеруі, нәтижесінде объектінің жаңа қасиеттері туындайды;
2) тұлғаның сыртқы және ішкі, басқарылатын және басқарылмайтын факторлардың әсерімен даму үрдісі.
Даму кезінде адамда сандық және сапалық өзгерістер туындайды. Даму психологиясы адамның жеке басының қалыптасуы мен дамуының заңдылықтарын зерттейді, адам жасының өсуіне сәйкес психикалық даму ерекшеліктерін азаматтық қасиеттерінің кемелдену жағдайларын, өзіндік ерекшеліктеріндегі психологиялық зандылықтарымен таныстырады. Даму психологиясы психикалық дамудың қозғаушы күшін, заңдылықтарын және адамның онтогенезде қалыптасуын қарастырады. Даму деген ұғымды көпшілік әдебиеттерде қарапайым түрден күрделі түрге көшу деп түсінеді. Психологияда көптеген теориялар жас ерекшеліктерінің психикалық дамуын түрліше түсіндіреді. ХІХ ғ Э. Геккел онтогенез филогенезді қысқаша қайталау деген заң қалыптастырды.Жас ерекшелік психологиясына енген биогенетикалық заң психикалық дамуын биологиялық эволюцияның негізгі сатыларын және адамның мәденитарихи кезеңдерін қайталау ретінде бейнелеуге мүмкіндік береді. Бала психикасының дамуына қарама-қайшы бағыт социологизаторлық бағытта байқалады. Оның негізі – ХVІІ ғ. философ Джон Локктың идеясынан шыққан. Оның ойынша, бала дүниеге таза санамен келеді, таза тақта ретінде деген.
Бала дамуына әсер етуші биологиялық факторлар:
1. Тұқымқуалаушылық
2. Орта
3. Тәрбие
Бала дамуына әсер етуші биологиялық факторға бірінші тұқымқаулаушылық жатады. Психологтардың ойынша темпераментжәне қабілет нышандары тұқым қуалайды. Әр адамда орталық жүйке жүйесі түрліше қызмет етеді. Күшті және қозғалғыш жүйке жүйесі; қозу процесі басым, холерик, қозу және тежелу процестерінің аз қозғалатын және тежелу процесіне ие – флегматик. Меланхоликтің жүйке жүйесі әлсіз, сезімтал.Бала дамуына әсер етуші екінші фактор – орта. Табиғи орта психикалық дамуға жанама әсер етеді.Баланың жеке басының дамуындағы күрделі үдерістерге ойдағыдай басшылық жасауда тәрбие баланың психикалық даму деңгейінің не екенін жақсы түсіну керек.Бала дамуына әсер етуші екінші фактор – тәрбие. Баланың психикалық дамуына үлкендер тәрбиесінің әсері мол.Баланың санасы мен психикасы көпшілік жағдайда қоршаған ортаның ықпалы мен оған берілетін тәрбиеге байланысты дамиды. Дамудың әлеуметтік факторын мойындаған психологтар үшін, оқыту маңызды мезет болып табылады. Социологизаторлар даму және оқытуды теңдестіреді. Л.С.Выготский психикалық дамуда оқытудың жетекші рөлі туралы көзқарасты көрсетті. Адамның жоғарғы психикалық функциялары мәдени-тарихи дамудың өнімі. Адамның дамуы түрлі құралдарды меңгеру арқылы болады. Жоғарғы психикалық функциялар біріккен іс-әрекетте, бірлестікте, басқа адамдармен қарым-қатынаста қалыптасады, біртіндеп ішкі жоспарға өтеді. Жоғарғы психикалық функция оқыту үдерісінде қалыптасады, ол «жақын даму аймағында» болады. Бұл түсінікті Л. С.Выготский енгізген.
Оқыту «жақын даму аймағында» бағдарлануы қажет. Л. С. Выготский бойынша оқыту дамуды алып жүреді. С. Л. Рубинштейн Л. С Выготскийдің ойын дәлдей отырып даму мен оқудың бірлігі туралы айтуды ұсынады. Оқу баланың дамуының белгілі бір деңгейіндегі мүмкіндігіне сәйкес болуы керек. Оқу барысында осы мүмкіндіктерді жүзеге асыру неғұрлым жоғарғы деңгейдегі жаңа мүмкіндіктерді дамытады.
Вильям Штерн екі фактор конвергенциясын бөліп шығарды. Оның ойынша екі фактор да баланың психикалық дамуы үшін бірдей қажет және оның екі линиясын анықтайды. Бұл даму бағыттары қиылысады (бірі — берілген қатынастардың жетілуі, екіншісі — жақын ортаның әсерімен даму) яғни конвергенция болады.
Ж.Пиаже 1921-1922 жж. Француз тілінде аударылған еңбегінде «баланы оқытсаң да, оқытпасаң да психикасының дамуына, ақыл-ойының өріс алуына ықпалын тигізбейді» деді. Ж. Пиажені сынға алушылар әр елде көбейе бастады, соның бірі біздің елдегі Л.С.Выготский Ж.Пиаженің пікіріне қарсы шығып, «бала психикасы тек оқытудың негізінде қалыптасады, осыған орай баланың ықпалын дамыту үшін алдымен оны оқыту керек», — деді. Л.С.Выготскийдің айтуынша, оқыту баланың есеюін тездетеді, яғни оны алға қарай сүйрейді, егер баланы ақылды етемін десеңдер,- деді Л.С.Выготский,- оқыту тәсілдерін оның қолы жеткен даму дәрежесіне дәл ықшамдамай, шамалы алға қарай оздырып жүргізу керек. Сонда ғана оқыту баланың ой-өрісін алға қарай сүйрейтін болады, — дейді. Бұл пікірдің сол кездегі совет психологтарының бірқатары қостады. Себебі оқыту бала психикасын сүйрейді дейтін қағида аса орынды көрінеді.Соңғы жылдары ресей педагогикалық психология саласындағы дамытушы оқыту теориясының негізін қалаушы В.В.Давыдов батыс ғалымдарының М. Коул, Д. Шерп, Ч.Лейв, Ж.Пиаженің пікірлерін қолдады.
Қазіргі заманымызда зерттеу әдістерін төрт топқа бөліп қарастырады.
• Бірінші топ ұйымдастыру әдістері деп аталады. Бұған салыстырмалы, лонгитюдты және комплексті әдістер жатады.
• Екінші топқа эмпирикалық әдістер (тест, анкета, сұрақ жиынтығы, социометрия, интервью, әңгімелесу) жатады.
• Үшінші топты мәліметтерді өңдеу әдістері (статистикалық талдау, сапалық талдау) жатады.
• Төртінші топты интерпретациялық әдістер құрайды. Оларға генетикалық (даму деңгейлерінің «вертикалды» байланыстарын қарастырады) пен құрылымдық (даму деңгейлерінің «горизонталды» байланыстарын қарастырады) әдістер жатады.
Кез-келген психологиялық зерттеу төрт кезеңнен тұрады, олар:
• дайындық кезеңі;
• нақты әдістемелерді қолдана отырып, зерттеу жұмыстарын жүргізу;
• алынған мәліметтерді өңдеу, талдау;
• интерпретациялау, болжамның расталуын айқындау.
Достарыңызбен бөлісу: |