14-ДӘРІС.ӘЛЕУМЕТТІК ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ТАБЫСТЫЛЫҚТЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары): Әлеуметтік интеллект құрылымы (Ф.Е. Вернон, Дж.Гилфорд және М. Салливан);
Дәрістің қысқаша мазмұны Психологияда 1920 жылы адамның қарым-қатынасына қатысты әлеуметтік интеллект термині пайда болды. Әлеуметтік интеллект туралы түсінікті Эдвард Ли Торндайк таныстырып, басқа адамдарды түсіну қабілеті деп анықтады.
Әлеуметтік интеллект пен эмоциялық интеллекттің негізгі айырмашылығы: эмоциялық интеллект – бұл өз сезімдерін және басқалардың сезімдерін тану мүмкіндігі, ал әлеуметтік интеллект – адамдармен түсіну және өзара әрекеттесу қабілеті. Сонымен қатар, әлеуметтік интеллект қазіргі сценарийлер бойынша шешім қабылдауға көмектеседі, ал эмоционалдыинтеллект болашаққа шешім қабылдауға көмектеседі.
Әлеуметтік интеллектінің алғашқы моделінің бірі – Ф.Е. Вернон (1933ж.) моделі. Оның құрамына келесі қабілеттер жатады:
Адамдармен жалпы тіл табыса білу;
Өзге адамдар ортасында өзін еркін және жеңіл ұстауға мүмкіндік беретін әлеуметтік әдістер жиынтығы;
Әлеуметтік тақырыптар мен мәселелерді білу;
Әлеуметтік топ мүшелерінен қабылданған стимулдарға сезімталдық және бейтаныс адамдардың көңіл-күйі мен тұлғалық ерекшеліктерін түсіну.
Дж. Гилфорд және М. Салливан 1965ж. әлеуметтік интеллект құзыреттерін келесі қабілеттермен толықтырды:
Адамдардың ішкі менталды күйлерінің сипатын түсіну;
Іс-әрекеттер арасындағы маңызды байланыстарды орната білу;
Әлеуметтік іс-әрекет тіркесін түсіндіру;
Әлеуметтік іс-әрекет өзгерістеріне адекватты жауап беру;
Іс-әрекет контекстіне байланысты болашақ өзгерістерді болжау қабілеті.
В.Н. Куницына (1995ж.) моделіне сәйкес, әлеуметтік интеллект құрылымы келесі компоненттерден тұрады:
1. Тұлғалық коммуникативті потенциал – қарым-қатынасты жеңілдететін немесе қиындататын қасиеттер жиынтығы;
2. Өзін-өзі ұғыну сипаттамасы: өзін-өзі бағалау, құрметтеу, идеяларға ашықтық пен еркіндік;
3. Әлеуметтік қабылдау, әлеуметтік ойлау, әлеуметтік қимыл және түсіну – адамдардың мотивтері мен әлеуметтік құбылыстарды түсінуге бағытталған қабілет;
4. Энергетикалық сипаттама: физикалық және психикалық төзімділік, белсенділік.
Осы теорияларды салыстыра талдасақ, әлеуметтік интеллектінің басты құрылымы өзгелерді түсіну мен олардың іс-әрекеттеріне сай ілгері қарым-қатынас құру қабілеттерінен тұрады.
Бұл қабілеттер әлеуметтік табыстылыққа қалай жеткізеді?
Американдық психологтар пайымдауынша, жалпы интеллект 20% ғана табыстылықты қамтамасыз ете алады. Қалған 80% – әлеуметтік қабілеттерге байланысты. Әлеуметтік интеллект дәрежесі көшбасшылық қабілетімен тығыз байланысты.
Дəстүрлі түрде көшбасшылық қасиеттерге ие тұлға нəтижелерге қол жеткізудің нақты жоспарын құра білетін жəне оны іс жүзінде іске асыра білетін стратег ретінде қарастырылады. Алайда көшбасшы рөлі мұнымен аяқтала қоймайды.
Оның алдында əрқашан тұратын басты міндеттердің бірі өз идеясымен қол астындағы адамдарды еліктіре білу, бүкіл ұйым немесе компания ішінде қажетті эмоционалды күйді тудыра білу болып табылады.
Өзінің ішкі дүниесі мен компанияның корпоративті рухын басқара алатын кез-келген басшы бизнесте толағай табыстарға жете алары сөзсіз. Нарықтық қарым-қатынас талабы бойынша, пайданың 10% – идеяны жасап шығарған адамға берілсе, қалған 90% – сол идеяны сатқан адамға беріледі.
Сондықтан, қарым-қатынастағы біліктілік әлеуметтік өмірде зор табыстың негізгі шарты болып табылады.
Ендеше, сол біліктілікті дамыту жолдарын қарастырып өтейік.
Әлеуметтік интеллект әлеуметтік ортада дамып, адам жасы үлкейген сайын жоғарылай түседі. Ең алдымен, бұл қабілеттерді өлшеп, өзіміздің деңгейді анықтаған жөн.
Психологияда бұл үшін Дж.Гилфордтың «Әлеуметтік интеллект» тестін қолданады. Ол әдіс 4 субтесттерден тұрады. Мысалы, алғашқы экспрессия топтарына арналған субтест келесідей тапсырмалардан тұрады:
Төменгі үш суретте адамның бір көңіл-күйі, ойы сезімі берілген.