Психологияның пәні



Дата12.01.2023
өлшемі20,83 Kb.
#61066

Психология — психикалық құбылыстардың (жан қуаттарының”) пайда болу, даму және қалыптасу заңдылықтарын зерттейтiн ғылым. Психикалық құбылыстар бiздi қоршап тұрған сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының мидағы әр түрлi бейнелерi болып табылады. Олар (түйсiк, елес, ой, сезiм, тiлек, қабiлет, қызығу, мiнез, әдет т. б.) көпшiлiгiмiзге өз тәжiрибемiзден жақсы мәлiм, тiлiмiзде жиi кездесетiн ұғымдар. Бiр қарағанда бұлардың мәнiн әрқайсымыз тез ажырататын да, бiлетiн де сияқтымыз. Бiрақ психикалық құбылыстардың мәнiн ғылыми тұрғыдан түсiну арқылы ғана жан-жақты ажыратуға болады. Осы мәселенi ғылыми жолмен баяндауды, олардың өзiндiк заңдылықтарын айқындауды — сөз болып отырған психология ғылымы қарастырады. Психология ерте замандардан келе жатқан бiлiм салаларының бiрi. Оның дүниеге тұңғыш келген жерi ежелгi Греция. “Психология” терминi гректiң екi сөзiнен тұрады: оның бiрiншiсi - “псюхе” (жан), екiншiсi — “логос” (сөз, iлiм). Сөйтiп, бұл сөз “жан туралы iлiм” деген ұғымды бiлдiредi. Ерте замандарда пайда болып, ғасырлар бойы соқыр сенiм нанымдар мен кейбiр зиялылардың көзқарастарында насихатталып келген түсiнiктер бойынша, адамда тәннен тәуелсiз “жан” болады, мәңгiбақи жасайтын жан адамның барлық психикалық, тiршiлiгiнiң (ойының, сезiмiнiң, еркiнiң) иесi де, себепшiсi де. Жан туралы осындай жалған түсiнiктiң пайда болуына алғашқы адамдардың табиғат сырларын дұрыс түсiне алмауы себеп болды.
Психологияның пәні
Олар дүниеде табиғатқа бағынбайтын, одан оқшау тұратын ерекше бiр сиқырлы күш бар, ал жан болатын болса, соның бiр көрiнiсi, ұйқы кезiнде ол денеден уақытша шығып кетедi де, адам оянған кезде қайтып келедi, егер келмей қалса, адам өледi деп тұжырымдады. Жан туралы осындай анимистiк (барлық нәрседе де жан бар дейтiн түсiнiк) пiкiрлер кейбiр тайпалардың арасында күнi бүгiнге дейiн кездеседi. Мәселен, Лусан аралының (Филиппин) тұрғындары тагалдар ұйықтап жатқан адамды еш уақытта оятпайды. Өйткенi олар ұйқы кезiнде адамның жаны басқа жақта жүредi дейдi. Тасманиялықтардың тiлiнде жан мен көлеңкенiң, ұғымы бiр сөзбен берiледi, өйткенi олардың ойынша, жан мен көлеңке бiр iспеттес нәрсе. Жан туралы ғылыми түсiнiк ежелгi гректердiң әмбебап ғалымы Аристотель (б. з. д. 384—322) есiмiмен байланысты. Екi жарым мың жылға созылған осынау кезеңде психология басқа ғылымдармен (философия, медицина, әдебиет, жаратылыстану т. б.) аралас, астарласа дамып келдi. ХIХ-ғасырдың екiншi жартысынан былай қарай ғалымдар жан құбылыстарын (түйсiк, ес, ойлау, қиял т. б.) эксперимент (тәжiрибе) жүзiнде әртүрлi құрал-жабдық аспаптардың көмегiмен зерттей бастады. Осы кезден бастап, психология өз алдына дербес отау тiгiп, тәжiрибелiк ғылым ретiнде дамыды. Ғылымның осы саласына эксперименттi тұңғыш енгiзген немiс ғұламасы В. Вундт (1832—1920) болды. Психология ғылымының тарихы да бiрiне-бiрi қарама-қарсы жоғарыда аталған екi бағыттың үздiксiз ой-пiкiр тартысына толы. Мысалы, ертедегi грек ойшылдарының бiрi Демокрит (б. э. д. 460—370) сол кездiң өзiнде-ақ жанды (психика) оттың атомдарындай қозғалмалы қасиет деп түсiндiрдi. Ол жанның мәңгi еместiгiн, оның өсiп, өшiп отыратындығын айтып, материалистiк тұжырым жасады. Сол заманның екiншi бiр ойшылы, идеалист Платон (427—347) керiсiнше “жан мәңгi өлмейдi, шпейдi”, - деп тұжырымдады. Психикалық әрекеттi осылайша екi түрлi көзқарас тұрғысынан түсiну, қоғам дамуының кейiнгi кезеңдерiнде, әсiресе орта ғасырлар заманынан бермен қарай кең өрiс ала бастады. Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби (870—950) дүние материядан құралады, ол жойылмайды, бiр түрден екiншi түрге көшiп, өзгере бередi, жан денеден бұрын өмiр сүрмейдi, бiр денеден екiншi бiр денеге барып орналаса да алмайды деп материалистiк тұрғыдан дұрыс пайымдаса, батыс ойшылы Фома Аквинский (1225—1274) жанның мәңгi өлмейтiндiгi, оның денеден бөлек өмiр сүретiндiгi жайлы пiкiрлердi ары қарай дамытып, осы көзқарастың кең өрiс алуына мүмкiндiк бередi. Психологиялық ғылыми бiлiмдердiң тарихы екi кезеңге бөлiнедi. Оның бiрiншiсi — шамамен 2500 жылға созылған, көш басы Аристотельден басталатын жан дүниесi жайлы түрлi ой пiкiрлердiң iлкi тарихы. Осы кезең iшiнде психология басқа ғылымдармен, әсiресе, философиямен қосақтаса дамып келедi. Оның екiншi тарихы 1879 жылдан басталады. Осы жылы немiс ғалымы В. Вундт (1832—1920) Лейпцигте тұңғыш лаборатория ұйымдастырып, мұның дербес эксперименттiк ғылым болуына себепкер болды. Психологияның даму тарихы жоғарыда аталған ғұламалармен қатар Герофил, Эразестрат, Гиппократ, Гален, Әбуәлi Ибн Сина, Декарт, Гоббс, Спиноза, Лейбниц, Локк, Гартли, Дидро, Вольф, Галлер т. б. оқымыстылардың есiмiмен тығыз байланысты. Жан дүниесiнiң сыры жайлы дәйектi пiкiрлердi қазақ ойшылдары да айтқан. Тiптi мұндай ой-пiкiрлер фольклорда, әсiресе, мақал-мәтелдерде көптеп кездеседi. Мәселен, “Тән ауырса, жан ауырады”, “Тәнi саудың жаны сау”, “Тән өледi, демек жан да өледi”, “Жан бар жерде қаза бар” “Жан - кеудеге қонақ” т.б. осындай мақалдарда жан мен тәннiң ара қатынасы шындыққа сәйкес дұрыс пайымдалғанын байқау қиын емес. Жан қазақ ұғымында жан-жануарға, адамға тiршiлiк, күш-қуат беретiн рух. Ал Асанқайғы, Шалкиiз, Жиембет, Ақтамбердi, Бұқар, Шал, Дулат, Махамбет т. б. қазақ ақынжыраулары мен ойшылдарының толғауларында да көшпендi ата-бабаларымыздың жан дүниесiнiң сырлары әр қырынан сөз болып, осылар жайлы сындарлы пiкiрлер айтылған. Өресi биiк, материалистiк психологиялық ой-пiкiрлердi Шоқан, Ыбырай, Абай, Сұлтанмахмұт шығармаларынан да көптеп кездестiруге болады. Мәселен, С. Торайғыров (1893—1920) жан мен тән ылғи да бiрлiкте, байланыста болады (“Дене азыққа тоюдан жан ер жетер, жан ер жетiп, дүниенiң сырын табар”), адамның тәнi өсумен қатар, жаны да (ақыл-ой, санасезiм) бiрге өсiп, жетiлiп отырады, осы екеуiнiң қоса өзгеруiнiң негiзi тәнде, адам өлгеннен кейiн, онда қимыл жоқ, сезiм жоқ... жек көру жоқ, махаббат жоқ... Өмiр жоқ, яғни, бiр сөзбен айтқанда, тәннен бөлiнген жанда еш уақытта өмiр болмайды деп тамаша материалистiк қорытынды жасайды. Осы iспеттес пiкiрдi Шәкерiм Құдайбердиев те (1858—1931) айтқан болатын (“Жан тәнге, ақыл жанға маталып тұр”). Психикалық құбылыстың табиғи ғылыми негiзiн жасауда, оны материалистiк тұрғыдан түсiндiруге орыстың, ұлы ғалымдары И. М. Сеченовтiң (1829—1905) рефлекстер жөнiндегi пiкiрлерi мен И. П. Павловтың (1849—1936) жоғары жүйке қызметi туралы iлiмiнiң маңызы зор болды.

Жан туралы iлiм - бiлiмдердiң Қазақстандағы даму жолдары




Жан (психика) құбылыстары туралы әр кезде өмiр сүрген қазақ ойшылдары да аз айтпаған. Асан-қайғы, Шалкиiз, Мұхаммед Хайдар Дулати, Өтейбойдақ Тiлеуқабылұлы, Қадырғали Жалайри, Ақтамбердi, Бұхар, Шал, Дулат, Махамбет, т.б. ақын-жыраулар мен ғұлама-ойшылдардың шығармаларында көшпендi ата-бабаларымыздың жан дүниесi әр қырынан сөз болғаны байқалады. Мәселен, ортағасырлық ғұлама ғалым Өтейбойдақ Тiлеуқабылұлының (1388-1483) жан туралы пайымдаулары ерекше назар аудартады. Оның басты еңбегi “Шипагерлiк баянда” көптеген психологиялық ұғымдар (түйсiк ойлау, сөйлеу, қиял, дағды т.б.) туралы қызықты мағлұматтар бар. Ол өзiнен бұрын өмiр сүрген ұлы ғұламалардың (әл-Фараби, Жүсiп Баласағұни т.б. ) жан туралы түсiнiктерiне сүйене келiп, бүткiл тiршiлiктiң басқарушы, реттеушiсi жүрек дейдi. Сөйте тұра жан құбылыстарын басқаруда мидың атқаратын рөлiн де жоққа шығармайды. Оның адам есiне, ойлауына байланысты айтқандары ғылыми тұрғыдан дәйектi нанымды. Ол ес - көрген, естiген нәрсенi жадта сақтау үшiн аса қажет дейдi. Адам тез аңғарғыш, байқағыш және есте қалдырғыш болуы тиiс ("...тез, шапшаң, жеткiлiктi аңғарып, ойға қонымды, көңiлге толымды, өте нанымды, бүге-шегесiне дейiн ойда сақтау"). Автор естi, дамыту үшiн көптеген тау-тас, жер-су және жан-жануарлардың аттарын жаттап алудың қажеттiлiгiне үлкен мән бередi. Адамның есте сақтау қабiлетiнiң ойдағыдай дамуына негiз болатын қасиеттiң бiрi — зерделiлiк пен зейiндiлiк. Оның пiкiрiнше, саналы iс-әрекет зейiнсiз iске аспайды. Осы еңбекте зейiн көбiнесе "мәндiлiк аңғарым" деген ұғым мағынасында берiлiп, оның адамның мақсатты қызығуына байланысты қалыптасатыны бiраз сөз болады. Ойлау процесiнде сезiм мүшелерi арқылы затты, iс-әрекеттi жан-жағынан қара, қолыңмен ұстап көр, бiр-бiрiмен салыстыр, одан соң барып толған, өйткенi толғану сараланбаса, ойлау дараланбайды дей келе, ойлау, сөйлеу қызметiне байланысты екендiгiн баса айтады. Ойдың сөз арқылы бейнелеуiнiң арқасында адам өзiнен бұрынғылардың iлiм-бiлiмдерiн есiнде сақтап қалады, оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткiзiп отырады. Айтар ойымызды шижамалап (жазбаша деген ұғым Қ.Ж.) қағазға түсiргенде ғана оны түгелдей есте сақтай аламыз. Ойды басқа адамға жеткiзу үшiн оны сараптап, толғана талдау қажет. Айтар ойыңды алдымен өзiң түсiнiп ал, алдамшы сезiмге берiлiп үстiрт ойлау — үлкен қателiк, жақсылап түсiну үшiн көзбен көрiп, құлақпен естiп, қолмен ұстай бiлу қажет. Ғұлама ғалым сөз саптау, сөйлеу мәнерiне де ерекше мән берген. Оның пайымдауынша, жұмсақ, байыпты, сыпайылықпен сөйлеу кiмге де болса жарасымды қасиет ("Жақсы сөйлемелiк (сөйлеу) жанға шырай бермек"). Сөйлеу әдебi дегенiмiз ойды бүкпей ашық айту, яғни ой жинақтылығы, оның мазмұнды болуы мен байланысты. Бала түйсiгiнiң дұрыс қалыптасуы үшiн сезiм мүшелерiн таза ұстап, оның түрлi сырқаттарын дер кезiнде емдеп отырған абзал. Баланың өң мен түстi, тәттi мен ащыны дұрыс ажырата алуын, алыс-жақыннан келетiн дыбыстарды дәл естуiн ата-аналар мұқият қадағалауы тиiс, мұның өзi әр затты жан-жақты түйсiнiп, оның сыр-сипатын түсiне бiлуге жәрдем етедi. Ғалым мiнезге батырлық пен батылдықты, қайсарлық пен әдiлдiктi жатқызады. Еш нәрсеге қызықпайтын енжар адамның ешкiмге шапағаты болмайтындығын айта отырып, ондайларды барынша шенеп мiнейдi. Адам өмiрге келген соң, белсендi өмiр сүруге, “сегiз қырлы, бiр сырлы” болуға ұмтылуы тиiс дейтiн тұжырым аталмыш еңбекте кеңiнен орын алған. Ұлттық психологияға қатысты көптеген ғылыми түйiндердi Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайри да аз айтпаған. Жан құбылыстары туралы ғылыми мәнi зор, тың пiкiрлердi кейiнгi замандар да ғұмыр кешкен Шоқан, Ыбырай, Абай, Шәкерiм, Әлихан, Ахмет, Хәлел, Мiржақып, Жүсiпбек, Мағжан, т.б. шығармаларынан да көптеп кездестiруге болады. Мәселен, Шәкерiм Құдайбердiұлының (1858-1931) "табиғат неше түрлi жан жаратты, ...жәндiктен адам жаралған ... айуаннан өсiп болдық адам... жан тәнге, ақыл жанға маталып тұр" деп, терең мәндi тұжырым жасаған. Қазақ топырағында жан мәселелерi жайлы ХХ-ғасырдың басында өндiрте жазған адамның бiрi –Жүсiпбек Аймауытұлы (1829-1931). Ол бас-аяғы 5-6 жылдың iшiнде осы салада 6 кiтап жазды. 1924 жылы мектеп мұғалiмдерi мен педагогикалық оқу орындарында оқитындарға арнап “Тәрбие жетекшiнi” жазса, /Орынбор, 1924. Госиздат, 86-бет/. 1926 жылы екi кiтап, бiрi - “Психология” /Қызылорда-Ташкент 371 бет . екiншiсi –“Жан жүйесi және өнер тандау” /М. “Центриздат”. 81-бет/. 1929 жылы “Комплекспен оқыту жолдары” /Қызылорда, Казгосиздат, 129 бет/, мектеп оқушыларына арналған “Жаңа ауыл” /бастауыш сыныпқа арналған оқу кiтабы, Алматы, 1929-30 жж./ “Саутсыздықты қалай жою керек?”. Жүсiпбектiң тәлiм-тәрбие тақырыбында жазған еңбектерiнiң iшiнде “Психология” деп аталатын көлемдi еңбек айрықша айтуға тұрарлық. Өйткенi бұл - бүкiл советтiк түркi тектес халықтар тiлiндегi сол кездегi бiрден-бiр төл туынды. Қырқыншы жылдарға дейiн әзiрбайжан, өзбек, түрiкпен қырғыз, башқұрт, батар т. б. тiлдерде мұндай еңбектердiң болмағанын ескерсек, осы басылымның бағасы ерекше арта түседi. Петербургтегi Әскери-медициналық академияның түлегi Хәлел Досмухамедов (1883-1939) Алаш қозғалысының белсендi қайраткерi болумен қатар, әр түрлi ғылым саласында (медицина, физиология, тарих, әдебиет, психология,т. б.) өзiн үлкен биiктен көрсеткен тұлға едi. Ол қазақ этнопсихологиясының iргетасын қалаушылардың бiрi болды. Оның “тiл - жұрттың жаны. Тiлiнен айырылған жұрт - жойылған жұрт... Өз тiлiн бiлмей тұрып, жат тiлге елiктей беру - зор қате” деуi қазiргi кездегi мемлекеттiк тiлдi өркендету, дамыту мәселесiмен ерекше үндесетiнi хақ. Осы кезде ғұлама ақын М. Жұмабаев (1893-1937) "...қазақ баласының тәрбиесi қазақ тұрмысына қабысуы мақұл" дейтiн аталы сөзiн өзiнiң "Педагогика" атты кiтабындағы психологиялық түйiндердiң негiзгi арқауы еттi. 1923 жылы Орынборда В. Я. Струминскийдiң (1880-1967) "Психология" атты көлемдi еңбегi жарық көрдi. Сол жылы Ташкентте П. Н. Архангельскийдiң "Мектептегi психологиялық зерттеулер" деген еңбегi, Н. Құлжанованың "Мектепке дейiнгi тәрбие", Ғ. Қарашевтiң "Педагогика" атты төл туындылары жарық көрдi. 1935-1948 жылдар арасында Семейде қызмет еткен белгiлi орыс психологi А. П. Нечаев (1870-1948) "Психофизиологиялық синдромдар жүйесi" (1940), "Психология" атты оқу құралын жазды. 30-40 жылдары психологияға қатысты зерттеулердi қазақ ғалымдары да (Ш. Әлжанов, С. Балаубаев, С. Қожахметов, Ә. Сыдықов, Т. Тәжiбаев, А. Темiрбеков, т.б.) жүргiзiп келдi. Соғыс жылдары елiмiзде қызмет еткен профессор Г. С. Костюк, профессор В. Я. Резник, профессор П. М. Рубинштейндер республикадағы психология ғылымының дами түсуiне жәрдем еттi. Қазақстандағы психология ғылымы, әсiресе, ұлы Отан соғысынан кейiнгi жылдарда елеулi қарқынмен дами бастады. Мәселен, 1946 жылы қазақ педагогикалық институтында (Алматы мемлекеттiк университетi) тұңғыш рет психология кафедрасы, 1947 жылы қазақ университетiнде логика және психология мұғалiмдерiн даярлайтын арнаулы бөлiм ашылды. 1951-1953 жылдары осы бөлiмдi жүзден астам түлектер бiтiрiп шықты. Бұлардың көпшiлiгi психология мамандығын иеленiп, елiмiздiң оқу орындарында, ғылыми мекемелерде қызмет ете бастады. Осы жылдары республика үшiн психологтар даярлауда профессор Т. Тәжiбаев (1910-1964) пен профессор И. Л.Стычинский (1896-1969) зор үлес қосты. Елуiншi жылдары психология ғылымынан бiрнеше диссертация қорғалды (Е. Суфиев, А. Темiрбеков, М. Мұқанов т.б.). Соңғы 50 жыл iшiнде көптеген ғылыми еңбектер, оқулықтар мен оқу құралдары жарық көрдi. Солардың қатарына М. Мұқановтың "Ақыл-ой өрiсi", Қ. Жарықбаевтың "Қазақ психологиясының тарихы", Т. Жүкештiң "ұлттық психологияның сипаты", Р. Илешованың "Медициналық психология", Ә. Алдамұратовтың "Қызықты психология", Ғ. Досболовтың "Алдын ала тергеудiң психологиясы", В. Яковлевтiң "Дiндар адамның жан дүниесi" т.б. толып жатқан еңбектердi жатқызуға болады. Психология тақырыбына арналған бiрнеше ғылыми конференциялар (1962, 1973, 1990, 1994, 1996, 1998, 2000 2002) өткiзлдi. 1988 жылдан бастап елiмiзде психологтар даярлау жаңа қарқынмен қолға алынды. Қазiргi кезде Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетiнде, сондай-ақ Алматы, Атырау, Жамбыл, Қостанай, Петропавл, Талдықорган, Тараз, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан университтеттерiнде психологиядан бакалавр мен магистранттар даярлануда, орта мектептерде "психолог" мамандығының штаты енгiзiлдi, ҚазМУ-де этнопсихология Орталығы, Алматы облыстық "ұлттық тәлiм-тәрбие" қауымдастығы, ондаған психология кафедралары жұмыс iстейдi. Қазiргi кезде психологиялық зерттеулердiң кешендi тақырыптары қолға алынып, оларды ұлт өмiрiне орайластыра жүргiзудiң маңызы артып отыр. Осы тұрғыдан келгенде, ауыл-село мектептерiнiң әлеуметтiк психологиялық мәселелерi, мал шаруашылығына қажеттi мамандардың, сондай-ақ, жаңа типтегi лицей, гимназия, колледж, медiресе шәкiрттерiн оқытып, тәрбиелеудiң психологиялық проблемалары, талантты, дарынды оқушылардың өзiндiк психологиясын, қос тiлдiлiк пен көптiлдiлiктiң психологиялық астарларын зерттеу, нарық экономикасына көшуге байланысты туындайтын сан алуан психологиялық жәйттер алдағы жерде өз шешiмiн күтiп тұрған өмiрмең ғылыми мәселелер болып табылады.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет