«М.Мамыраев атындағы мектеп-интернаты» КММ
«Заманауи білім беруде Қанипа Бітібаеваның инновациялық технологиясы мен педагогикалық тағылымы»
«Q talks» жоба байқауы
2-бағыт. «Қ.Бітібаева ізімен...».
Жоба қатысушысы: Мұстафина А.Қ
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Қарағанды қаласы, 2023
КІРІСПЕ
Зерттеудің өзектілігі: Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы педагогика ғылымдары академиясының академигі Бітібаева Қанипа Омарғалиқызы – әдебиетті оқытудың өрісі кең, өзгеше жүйесін қалыптастырып жүрген шын мағынасындағы ұстаз, санаулы тұлғаларымыздың бірі. Өз кезеңінде одақ көлеміндегі педагогикалық оқулар, ғылыми – эксперименттік жобалар мен конференцияларда ғылым мен тәжірибені тоғыстырып, үздік нәтижеге қол жеткізген Ш.А.Амонашвили, Ю.К.Бабанский, В.Ф.Шаталов сынды орыс ғалымдарымен тең түсіп, үзеңгілес болған Қанипа Омарғалиқызы шыңдалған шығармашылық пен ғибратты ғылым сүйгіштіктің үкілеген үлгісі бола білді.
Жарты ғасырға жуық ұстаздықтың жалауын жоғары ұстаған Қанипа Омарғалиқызы бүгінгі таңда авторлық эмпирикалық – ілімдік оқыту жүйесі қалыптасып, дамыған, педагогика ғылымының зерттеу объектісіне айналған тұлға. Ш.А.Амонашвилидің дәстүрлі оқытуды оқушылардың ынтамен, саналы түрде білім алатын ортасына айналдыру, Ю.К.Бабанскийдің оқу – тәрбие үдерісін оқушылардың мүмкіндіктеріне сай жүргізу арқылы нәтижеге бағыттау сынды әдістерін педагогика ғылымы толық мойындаса, Қанипа Бітібаеваның оқушыларға ой салу, ойланту, ойландыру қағидасы өміршең өзектілігімен таңғалдырады.
Қанипа ұстаз ұлттық сөз өнері ұлағатын орта мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқытудағы оқу-әдістемелік шеберлігімен жүзеге асырды. Оның пәндері бойынша тек ғана озық үлгірім көрсеткіштерімен білім алған шәкірттері фольклор мұралары мен әдебиет туындыларының көркемдік-эстетикалық дүниетанымды тереңдететін тағылымын меңгерді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқытуда – өзіндік жаңашыл ізденістерімен, шәкірттердің қабылдау психологиясына айрықша ықпал жасаған инновациялық-әдістемелік жаңашылдығымен оқыту мен тәрбиелеуде үздік нәтижелерге қол жеткізді.
Өз сөзінде: «...данышпан Абай мен ұлы Мұхтар Әуезов шығармаларын оқыту жөніндегі кітаптар жазу барысында ұлтымның асыл қасиеттеріне, қажыр-қайратына ешкімге ұқсамайтын қадіріне, салт-дәстүріне, бай тіліне тәнті болып келемін» деген сөздерінен ол кісінің ұлтын бар жан-тәнімен сүйе отырып, ұлт болашағы үшін қызмет еткенін байқауға болады. Бүкіл саналы ғұмырын білім беру саласына арнап келе жатқан Қанипа Омарғалиқызының өмірімен, еңбек жолымен танысу арқылы оның оқушыларды оқытуға арналған үздік технологиясының қыр-сырын меңгеру зерттеу жұмысымыздың өзектілігі болып табылмақ.
Қанипа Бітібаева – қазақ педагогикасының көрнекті тұлғасы
Қанипа Омарғалиқызы - қазақ педагогикасының көрнекті тұлғасы, ұстаздықты абырой шыңына шығарған біртума тұлға. Ұстаз тұлғасы туралы көзі тірісінде тұлғалы адамдар мен белгілі қайраткерлер өте жоғары баға беріп, жылы лебіздерін білдірген болатын. Соның бірі тарих ғылымдарының докторы Ғани Қарасаев: «Қанекең – қазақ педагогикасындағы ерекше құбылыс. Оны ұстаздықтың Айша бибісі, Домалақ анасы деп кім айтпас? Ол мұғалім мамандығын шың биігіне көтерді, дәрісін тыңдап, сабағына қатысқандар, оны көптен білетіндер, Шоқанды тәкәппар орыс зиялылары мойындағандай, педагогикадағы құбылыс, ұлы ұстаз деп мойындағандары қашан!», - деп ұстаз тұлғасына тән ерекше қасиетті атап көрсетеді [1]. Өміріндегі бар асылы болған, қасиет санаған мұғалім мамандығы ұстаздың тағдырына, ғұмырына айналғанын өмір жолына көз жіберіп отырғанда байқауға болады. Жарты ғасырға жуық ұстаздық еңбек еткен, есімі Одаққа танымал, аңыз адамға айналған Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның өмір мектебі жайлы сыр шерткен соңғы жазған «Егіз өрім» атты кітабындағы өз сөзіне үңілетін болсақ: «Таңымды «мектеп» деп, түнімді «мектеп» деп жүріп өткізген 45 жылдың қалай өткенін білмей де қалдым... 45 минуттан 45 минутқа жалғасып жатқан ғұмыр кешіппін. Сол 45 минуттарда жарқылдаған, жайнаған ару жастығым, арғымақтай арқыраған, тау суындай сарқыраған, тау бұлағындай мөлдір, аққу көзінен айна айдынға тамшылаған ұлпа сезімім жатыр. Осы 45 минуттардың иірімі мен ирелеңі, етегі мен шыңы, жайлауы мен шөлі қатар келген, маңдайға жазылған тағдырым да жатыр. Ең бастысы, сол 45 минуттар мені «Дәуір ұстазы», «Ұлт ұстазы», «Ұстаздықтың падишасы», «Қазақтың Қанипасы» сияқты атақтарға бөледі» [2, 7 б.]. Ұстаз деген киелі мамандыққа бар ғұмырын арнап, дарқан жүрегі мен ақ ниетін халқының баласына, аяулы шәкірттеріне арнаған ұлы Ұстаз 45 жылдық өмір белестері жайлы осылай ой толғайды. Кітап басталғанда-ақ ұстаздық 45 минуттан 45 минутқа жалғасқан сабақтары зымырап өтіп, 45 жылдық ғұмырға ұласқанын терең сезіммен жеткізеді. Қанипа Омарғалиқызы – ғалым әдіскер, жаңашыл ұстаз. 200-ге жуық ғылымиәдістемелік мақалалардың, 40 кітаптың, 10 естеліктің авторы. Ол қазақ әдебиетін оқыту әдістемесін, технологиясын дамытуға айрықша үлес қосты. Ежелгі дәуір әдебиетінен бастап, бүгінгі күнгі әдебиетке дейінгі оқу бағдарламасын, оқу құралдарын жазды. «Әдебиетті тереңдетіп оқыту» атты үш кітабында осы мәселелер сөз болады. Оның «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі мен технологиясы» атты оқулығы негізінен жоғары оқу орнына арналған. Белгілі ғалымдар Ә.Қоңыратбаев пен Қ.Көшімбаевтың «Әдебиетті оқыту әдістемесі» [3] атты оқулықтарынан кейін араға 30 жылдан астам уақыт салып барып жарық көрген бұл оқулықты бүгінде республиканың барлық оқу орындары, ұстаздары пайдаланып келеді. Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен екінші рет қайта басылуындағы басты себебі де оның ұстаздардың сұраныстарына жауап беруінде, маңыздылығында деп ойлаймыз. Автор оқулықта алдымен, әдебиетті оқыту әдістемесі мен технологиясының мына мәселелеріне ерекше көңіл бөледі:
- Педагогика ғылымының соны жетістіктері сапынан орын алып келе жатқан тиімділік (оптимизация) идеялары негізінде сабақ мақсаттарын бірлікте қарастыру.
- Әдіс-тәсілдер мен оқу жүйелерінің тиімді деген түрлерін сұрыптап алу, әрі оны ұтымды пайдалана білу.
- Берілетін білімнің ішінен ең негізгі мәйегін, түйінін нақты бір жағдай, нақты білім беру кезеңдеріне орай сұрыптап, бөліп алу, негізгі ұғымдарды анықтау, оларды оқушыға жеткізудің нәтижелі жолдарын іздестіру.
Оқулықта ұстаздың ұзақ жылғы жаңашыл ізденістері теория мен тәжірибемен ұштастырыла беріледі. Әдіскер ұстаз көркем туындыны талдаудың ғылыми әдістемелері мен технологиясын, әдеби шығармаларды талдау жолдарының оңтайлы әдіс-тәсілдерін ұсынады. Қанипа Омарғалиқызы әдебиетті тереңдетіп оқытудың проблемасымен айналысты. Оқулықтар, оқу бағдарламаларын, оқыту технологиясын жазды. Әдебиет алыптары Абай мен М.Әуезовтің адамзат баласына қалдырған мәңгі асыл мұраларын тереңдетіп оқыту жолдарын іздеді. Оларды оқыту туралы Республикада тұңғыш оқу құралдарын, кітаптар жазды. Бұрын оқу бағдарламаларында кірмей жүрген хас таланттарды қазіргі кезең әдебиетінің бір топ өкілдерін арнайы зерттеп, оқулық әрі әдістемелік бағдарламалар жазды. Қанипа Омарғалиқызы 7 сыныпқа арналған оқулықтың авторларының бірі. 12 жылдық білім беру ісіне де ат салысып, 12 бағдарлама жазды. Қазақ әдебиетін әлемдік әдебиет пен мәдениеттің бір бөлшегі ретінде оқытудың да алғашқы дәнін септі. Қазіргі кезең әдебиетіндегі ірі тұлғаларды оқытудың бағдарламасын, әдістемесін жазды. Сондай-ақ оқушыларды ғылыми ізденіске жетелейтін «Ғылым әліппесі» атты оқулық-дәптер де бұрын қолға алынбаған тың еңбектер қатарында.
Бітібаева Қанипа Омарғалиқызы – қазақ мектептерінде әдебиетті оқытудың өрісі кең, өзгеше жүйесін қалыптастырған шын мағынасындағы ұстаз, санаулы тұлғаларымыздың бірі. Ұстаздың педагогикалық еңбек жолындағы биік тұлғасы, өзіндік ұстанымы, жаңашылдық шеберлігі, инновациялық әдістемесі мен ғылыми еңбектері – ұлттық білім беру ісінде мәңгілік сарқылмас қазына.
Достарыңызбен бөлісу: |