Педагогикада Қ. Бітібаеваның озат іс-тәжірибесін оқыту мәселелері
Шығармашылық әлеуеті дамыған мұғалім өз кәсібін жете меңгеріп қана қоймай, өзін-өзі жан-жақты дамытуға қол жеткізеді. Нәтижесінде мұғалім кәсіби құзыреттілікке қол жеткізеді. Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі — бүгінгі ғасыр талабына сай белгілі бір нәтижеге бағытталған білім берудің негізі болып отыр.
Педагогика ғылымының оның қолданбалы саласындағы мәні – озық педагогикалық тәжірибені тарату және тиімді енгізу жағдайларын зерттеу болып табылады. Сол себепті аталмыш ғылымының «Мектептану» бөлімінде озат педагогикалық тәжірибе және инновация деген тақырып бар. Аталған тақырыпта қазақстандық жаңашылдардың іс-тәжірибесін оқыту қарастырылады, яғни білім алушыларды орасан зор педагогикалық тәжірибе жинақтаған жаңашыл педагогтарымыздың еңбектерімен таныстыру көзделеді.
Озық педагогикалық тәжірибе дегеніміз – қоғамдық педагогикалық қызметтің бастауы ретінде, нақты жағдайларды, оқушылар ұжымының және жеке тұлғаның ерекшеліктерін ескерумен бірге, мұғалімнің жұмыс тәжірибесінде педагогика заңдары мен принциптерін белсенді түрде меңгеруі және іске асыру деген сөз. Озық педагогикалық тәжірибе оқушыларды тәрбиелеу және оқытудың жаңа идеяларын түрлі тұрғыдан қарау және технологиялардың бастауы.
Озық тәжірибені зерделеу және қорыту педагогика ғылымын дамытудың негізгі қайнар көздерінің бірі болып табылады, өйткені, бұл әдіс өзекті ғылыми мәселелерді табуға мүмкіндік береді, педагогикалық үдерістің заңдылықтарын оқып үйренуге негіз жасайды.
Педагогикалық озық тәжірибенің беретін негізгі мағынасы шығармашылық ізденіс, жаңалығы бар тәжірибе. Мұндай педагогикалық тәжірибе өте құнды, себебі ол мектеп тәжірибесіне жаңалық енгізеді. Сондықтан, бірінші кезекте ұстаздық жолын таңдаған білім алушылар осы тәжірибені талдап, баға беріп, тарату жолын үйрену керек.
Ендігі кезекте ойымызды жоғарыда аталған жаңашыл ұстаз тұлғасының келбетін ашатын, бүгінгі күні барлығымызды өмірі мен ерен еңбегінің өнегелі өрнегімен тәнті еткен Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның озық іс- тәжірибесіне арнасақ. Өз кезеңінде одақ көлеміндегі педагогикалық оқулар, ғылыми – эксперименттік жобалар мен конференцияларда ғылым мен тәжірибені тоғыстырып, үздік нәтижеге қол жеткізген Ш.А.Амонашвили, Ю.К.Бабанский, В.Ф.Шаталов сынды орыс ғалымдарымен тең түсіп, үзеңгілес болған Қанипа Омарғалиқызы шыңдалған шығармашылық пен ғибратты ғылым сүйгіштіктің үкілеген үлгісі бола білді. Жарты ғасырға жуық ұстаздықтың жалауын жоғары ұстаған Қанипа Омарғалиқызы бүгінгі таңда авторлық эмпирикалық – ілімдік оқыту жүйесі қалыптасып, дамыған, педагогика ғылымының зерттеу объектісіне айналған тұлға. Ш.А.Амонашвилидің дәстүрлі оқытуды оқушылардың ынтамен, саналы түрде білім алатын ортасына айналдыру, Ю.К.Бабанскийдің оқу – тәрбие үдерісін оқушылардың мүмкіндіктеріне сай жүргізу арқылы нәтижеге бағыттау сынды әдістерін педагогика ғылымы толық мойындаса, Қ.О. Бітібаеваның оқушыларға ой салу, ойланту, ойландыру қағидасы өміршең өзектілігімен таңғалдырады.
Озық педагогикалық тәжірибенің негізгі белгілері мен оған қойылатын талаптарды ғылыми тұрғыда ұлағатты ұстаз еңбегімен ұштастырып көрсек.
Озат тәжірибенің бірінші белгісі – тәжірибенің қоғам дамуының бағытына, әлеуметтік сұранысқа сәйкестігі. Озық мұғалімдер мен білім беру ұйымдарының қызметкерлері өмір талаптарына сай жұмыс істеп, педагогикалық үдерісті жетілдірудің тиімді жолдарын табады.
Оқытудағы Кембридж тәсілінің теориялық негізінде құрылған деңгейлік курстарынан өтіп жатқандығы баршамызға белгілі. Қазақстандық мұғалімдердің тәжірибелерін жетілдіру мен бағалауға көмектесу мақсатында құрылған бағдарламадағы жеті модульдің бірі - сыни тұрғыдан ойлауға үйрету модулі. Қ.Бітібаеваның "өмір сабағы, өнер сабағы, ой сабағы, ойлану сабағы" – деп білетін әдебиет пәнін оқыту тәсілдері оқушыларды сыни тұрғыдан ойлауға, оқу материалын саралауға, сараптауға, өзіндік көзқарастарын қалыптастырып, оны қорғауға, ой қорытуға жетелейді. Қанипа Омарғалиқызы өткен ғасырдың аяқ кезінде республикалық атаулы мектебінде интеллектуалдық дамуы басқаның білімін қажет етпей, өз еншілігіне тиесілі іс – тәжірибесін жаңа заман сұранысына сай өңдей білім беріп, талантты ұл – қыздарын қияға самғатқан ұлағатты ұстаз. Яғни, тәжірибелі ұстаздың бүгінгі қоғам талап етіп отырған сыни көзқарасы қалыптасқан, өзіндік ой-пікірі шыңдалған шәкірт даярллап шығаруы озат іс-тәжірибенің алғашқы белгісіне сай деуге болады.
Ғалымдар озық тәжірибенің екінші белгісі – педагогикалық қызметтің тұрақты, жақсы нәтижелері,-деп көрсетеді. Педагогикалық «өнім» – оқушылардың білім, іскерлік, дағдыларының, жалпы дамуының, тәрбиелілігінің деңгейі.
Мұғалім сабақтарын дұрыс бағалап, оқушылардың білім сапасын тексеріп, жауап алынатын сұрақтар:
- оқушылардың бағдарламадағы оқыту материалын меңгеруі;
- өз беттерімен білім ала білуі;
- білімдерін шығармашылықпен тәжірибеде колдануы;
- оқушылардың жалпы дамуы.
Бұл орайда да дарабоз ұстаздың дарынды шәкірттері еріксіз еске түседі.
Бітібаевадай ұстаздың алдын көрген оқушылардың білім сапасы олардың байқампаздығынан, талдау, жинақтау, абстракциялау іскерлігінен, оқу материалымен жұмыс істеу жолдарын анықтаудан, іс-әрекеттің жүйесін белгілеуден, өз іс-әрекетін бақылап, оған керек жағдайда түзетулер енгізуінен көрінетіндігі озат іс-тәжірибенің екінші белгісінің айқын дәлелі.
Озық тәжірибенің үшінші белгісі – оқу, тәрбие тұрақты, жақсы нәтижелерге жету үшін мұғалімдер мен оқушылардың өз күштері және құралдарын орнымен жұмсауы. Оқушыларға шамадан тыс қосымша тапсырмалар беріп, басқа пәндерді меңгеруге зиян келтіріп, білім сапасын көтеретін тәжірбие озық тәжірбие деп есептелмейді.
Шәкірттерін табысты оқытуға жетелейтін құзыретті ұстаздың әр шәкірті – дарынды , әр шәкірті – талантты. «Ой сабағы, ойлану сабағы» аталып кеткен әдебиет сабағында көркем шығарманың авторларынан бастап, оның әрбір кейіпкеріне айналу, оны оқушының санасына жете сіңіру үшін ұстазға небәрі өзі жазып кеткен 45 минут жеткілікті болатын. Озат тәжірибенің үшінші белгісіне академик Зәки Ахметұлының «Қанипаның әр шәкірті Абай мен Мұхтарды терең біліп тұр. Егер де еліміздегі әр ұстаз баланы Қанипадай оқытса, қазақ тілінің болашағына күмән келтіруге болмас..»-деген пікірінен артық баға қажет емес сияқты.
Жаңалық – озат педагогикалық тәжірибенің төртінші белгісі.
Ұстаз «Әдебиетті оқытудың тиімді жолдары», «Әуезов шығармашылығын оқыту», «Сабақ түрлері мен үлгілері», «Мектепте Абай шығармашылығын оқыту», «Әдебиетті оқыту әдістемесі», «Әдебиетті тереңдетіп оқыту», «Абайды таныту», «Әдебиеттану» сынды 23 әдістемелік құрал мен оқулықтың, 70-тен астам мақаланың авторы. Әр туындының мазмұны, құрылымы, маңызы, көркемдік – эстетикалық құндылығы жағынан қазақ әдебиетін оқытуға, отандық педагогика ғылымына қосқан үлесі, жаңалығы орасан зор. Бір ғана «Әдебиетті тереңдетіп оқыту» әдістемелік құралының өзінде тереңдетіп оқыту оқытылатын шығармалар санының көптігімен емес, оқушының икем – дағдысының дамуы, өзіндік пікір айтуға, әдеби таласқа қалыптасуы, тілінің шебер де шешен болуы мен шығармашылық әлеуетінің артуы арқылы жүзеге асатындығын ғылыми және тәжірибелік тұрғыдан дәлелдеді. Сонымен қатар, ұлттық сөз өнерін оқытуда жаңаша көзқарас пен әрекеттің қажеттілігін, пәндерді интеграциялап оқыту идеясын негіздей отырып, нәтижені функционалды сауатты жеке тұлғаны қалыптастыруға бағыттауды ұсынды. Сондықтан да, Қанипа Омарғалиқызының әдебиетті оқыту әдістемесіне әкелген ұлан-ғайыр шығармашылық жаңашылдығы – жаңалық екендігі сөзсіз.
Әрбір жаңа педагогикалық құбылыс талқылауды, зерттеуді және талдауды қажет етеді. Озық тәжірибені зерттеу және оны тұтас педагогикалық процеске енгізу қажырлы еңбекті, терең сауаттылықты, өз пәніне еркін иелік етуді, теория мен практиканың дамуында үнемі жаңалықты біліп отыруды талап етеді. Мұғалім мамандығын даярлап отырған біздер үшін білім алушыларымызды дербес және ұжымдық ізденуге, шығармашылық белсенділігін арттыру үшін үнемі ғылыми-педагогикалық әдебиеттермен педагогикалық-психологиялық ғылымның жетістіктерімен танысып отыруға үйрету – негізгі міндеттердің бірі болып саналады.
Достарыңызбен бөлісу: |