ҚАНИПА БІТІБАЕВАНЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИДЕЯЛАРЫ МЕН ТӘЖІРИБЕСІ
Қ.Бітібаеваның іс-тәжірибесінің ерекшелігі
1. Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер - бұл жеті модульда қарастырылатын білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдері, сонымен қатар «Диалог негізінде оқыту және оқу» және «Қалай оқыту керектігін үйрету» деген атауларға негіз болып, соны кеңінен қарастыратын модуль. Білім беру мен білім алу барысында оқушылардың өзара білім алмасуын, оқушымен мұғалімнің арасындағы байланыстың негізгі құралы бұл- диалог екенін меңзейді. Яғни, осы диалог сабақ барысында тиімді қолданылса, оқушылар өздерінің ойларын, көзқарастарын жанжақты, еркін айтуына, дамуына көмектеседі. Ал «Қалай оқыту керектігін үйрету» оқушылардың алған білімдерін есте сақтап, қосымша өздігінен ізденіп оқуға, яғни, білім жинау жауапкершілігін түсінуге мұғалім қандай іс-әрекет жасауын қарастырады.
Қ.Бітібаева іс тәжірибесінің ерекшілігі, оқушылар сабаққа өздері мақсат қойып келеді. Ол мақсаттарды ұстаз диагностика, болжам үшін пайдаланады. Оның сабақ жоспары оқушысубъектінің еркіндігіне жол ашады, оқушының да, ұстаздың да іс әрекеті түпкілікті нәтижеге қол жеткізудің өнімді еңбегіне айналады. Бұл туралы атақты педагог Қ.Бітібаева былай дейді: «Мақсатым – сабақты қызу еңбекке құру: сабаққа оқушыларды тыңдаушы дәрежесінде емес, еңбек етуші, білімді өз еңбегімен алушы (білімді өз еңбегіне қарай алушы) дәрежесінде қатыстыру. Олар – пікір айтушылар, қызу айтысқа қатысушылар, көркем шығармаға деген өз көзқарасы, эстетикалық талғамы қалыптасып келе жатқан азаматтар. Сол себепті де оларды сабақта үнемі іздендіріп отыруды мақсат етемін» [3, 7 б.]. Бос отыратын, сабаққа селқос, тек орындаушы, тек дайынды қайталап айтушы оқушы болмайды. Ұстаз да, оқушы да жаңаны іздеуші, табушы, бірліктегі одақ деңгейіндегі еңбек етуші дәрежесінде болады. Жаңашыл ұстаз Қ.Бітібаеваның іс-тәжірибесінен ұстаздың өз ізденісінен туған оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмысына баулу мақсатындағы билер кеңесінің отырысы, мензерттеушімін, пікір қорғау, кіші зертханадағы ғылыми кеңес, ұлылар үндестігі, жобалар сайысы, шешендік турнирі, консилиум, сөз жарысы, өнер жарысы, есеп беру сабақтарында осындай білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер туындап жатады. Мысалы, Қанипа апайдың өз еңбегінен үзінді келтірсек: «Ары қарай әр топ өзінің шағын сабағын жүргізеді. Оны әр топтың жетекшісі өзі жүргізеді. Әр оқушы өз пікірін өлеңнен үзінді оқи отырып, немесе сыншылар еңбегінен нақты мысалдар келтіре отырып, дәлелдейді. Бір топ екінші топқа сұрақтар қояды, толықтырады, әдеби викториналар арқылы сабақты одан әрі жандандыруға болады. Әр топ өз тапсырмасы туралы сөйлеп болған соң, сол топтың жұмысына қорытынды ретінде ғалымдар пікірінен үзінділер оқудың маңызы ерекше болып табылады. Себебі, сыншыл ғалымдар пікірі оқушылар ойын, түсінігін терендетеді, айқын жолға салады, таба алмаған сұрақтарына жауап бергізеді. Санаулы уақыттар ішінде (мейлі, 1 ай оқысын өз бетімен) ірі ақындар шығармашылығын толық меңгеру - үлкен адамдарға да күрделі, қиын дүние. Ал мұндай сабақ түрлерінен оқушылар бір-бірінен бірталай ақпар, білім алады, өйткені олар ойларына ой қосады, пікірлеседі, таласады, оқып үлгермеген дүниелерін басқалардан естиді, қызықса, оны ары қарай окиды. Жалпы, жоғары сынып тек лирика ғана емес, басқа да жанрларды өтудегі ең тиімді әдіс - еркін пікірлесу, әдеби таласқа түсу, өз пікірлерін дәлелді қорғай білу. Сондықтан мұндай тиімді оқыту жолдарын іздену - әр мұғалімнің басты мақсаты болмақ» [4, 119 б.].
2. Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету - оқушылардың да, мұғалімдердің де білім алу және білім беру процесінде кез-келген мәселені талқылауды, басқалардың идеяларын ой елегінен өткізіп, сыни тұрғыдан қарау. Сыни тұрғыдан ойлау- бақылау мен тыңдау арқылы дәлелдер жинастыру, шешім қабылдамас бұрын саналы оймен қорытындылау дағдыларын дамытуды қарастыратын модульдің 1, 3, 5, 6 түрлерін қамтыған. Сыни тұрғыдан ойлау көбінесе қарсы пікір айтуға, баламалы шешімдерді қабылдауға, ойлау және іс-әрекетімізге жаңа немесе түрлендірілген тәсілдерді енгізуге дайын болуға ұйымдастырылған қоғамдық әрекеттерге және басқаларды сыни тұрғыдан ойлауға баулуды білдіреді. «Сын тұрғысынан ойлау ұғымы белгілі бір идеяларды қабылдай отырып, оның неге қатысты екенін зерттеу, оларды жеңіл септикалық ойларға қарсы қоя білу, салыстыра алу, сол идеяларға қарсы көзқарастармен тепе-теңдікте ұстап зерттеу» [5, 265 б.].
Қ.Бітібаева ұсынған оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына баулу бағытындағы сабақтардың әдістемесі мен технологияларын бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде ұстаздар қауымы қолдануда. Оқушының оқу-танымдық қызметі теориялық білім, білік, дағдылар мен ақыл-ой әрекетін меңгеруге, өз әрекетін жүзеге асырудың жолдарын негіздеу, белгілі бір топтағы тапсырмаларды шешу арқылы жалпы әдісті, ұстанымды игеруге бағытталады; оқутанымдық үдеріс барысында оқушы-зерттеуші, ғылымды меңгеруші ғана емес, сол «ғылымды қайта жасаушы». Осы тұрғыдан келгенде, оқушының оқу-танымдық қызметі ғылыми танымның баламасы ретінде көрінеді. Зерттеу барысында бала ережелер мен заңдарды енді өзі қайта жасап, қайта жүйелейді; оқу-танымдық үдеріс барысында оқушының өзінің қызметіне, әрекетіне деген сыни көзқарасы қалыптасады. «Ұстаздың әдебиетті оқыту пәлсапасы ой, ойлау, ойланту мәселелерінен тұрады. Әр сабақта оқушыға ой салу, ойланту ұстаздың әдістемесінің биік жемісі. Ол әдебиетті - ғылым, өнер пәні ретінде қарастырады. Байырғы әдістемемен оқытылып келе жатқан әдебиет пәніне жаңа бетбұрыс әкеліп, инновациялық технологиямен оқыту мәселесін қазіргі педагогика ғылымының күн тәртібіне қойды. Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесін мүлде тың арнаға бұрды деуге болады» [6].
3. Білім беру үшін бағалау және оқуды бағалау – оқыту процесінде балалар өздерінің түсініктерін құра алатын белсенді оқушылар болатын болса, онда мұғалімдер мен оқушылар үшін осы түсініктің мәнін білу аса маңызды, себебі ол оқыту барысында ілгері қадамдарын айқындау мен оған қолдау көрсету үшін қажет ұғым болып табылады. Модульдің бұл түрінде – мұғалімдер мен балалар үшін өздерінің қандай мақсатқа жетуді көздейтінін, мақсатқа жету өлшемдерін түсіну не үшін керек екенін білу маңызды [7 44, 246 б.]. Бағалау жөнінде Қ.Бітібаева былай деп ой түйеді: «Бағалау нормативі, оған қойылатын талаптар бағдарламада да берілген. Соны басшылыққа алу керек. Бағалау міндетті түрде түсіндірмелі талдау әдісімен беріледі. Бұл, әсіресе, бала білімін ауызша талдауда іске асырылады. Шығарма, мазмұндама сияқты жазба жұмыстардың аяғында пікір беріледі. Қателері жинақталып көрсетіледі. Талдау әдісімен бағалауда оқушылар пікірімен, сыныптың пікірімен есептесіп отырған да жөн. Оқушы өзіне қойылатын бағаға келісе ме, оны да білудің артықтығы жоқ - Кейде оқушыларға өз білімін өзіне бағалатудың да маңызы зор. Бұл тәсіл оларды әділдікке тәрбиелейді. Өз-өзіне сын көзбен қарауға баулиды. Онда да оқушы бағаны талдау, түсіндіру аркылы қояды. (Соған баулу қажет.) Өз бағасына келіспеген оқушы егер қайта дайындалып келіп, айтайын десе, оған да мүмкіндік беру керек. Баға қоюдағы басты мақсат окушыға білім берудің негізінен туындамай ма? Баға қоюда мұғалім ерекше әділ болғаны жөн. Қатал талап та, терең талдау да, көрегендік пен мейірім де, тіпті кешірім де бағалау кезінде өте керекті мәселелер. Әсіресе, «орташа», «төмен» оқитын, денсаулығы нашар немесе жетім балалар білімін бағалауда мұғалімге педагогикалык әдеп, ерекше ілтипат керек. Әділ, қатал болам деп, үнемі «2» немесе «3» қоя беру мұғалімді де, оқушыны да жетістіктерге жеткізбейді. Тамаша ұстаздар «екілікті» баланы жазалау түрі деп, әлдіненің әлсізге жасаған қысастығы деп түсініп, оны қоя беруден бас тартады. Оның орнына нашар оқу себебін анықтайды, көмектеседі, қосымша сабақ өткізеді, өз сабағын барлық оқушыға қызықты етіп өтетін дәрежеде ойластырады. Қазір балаларды қабілеті, ынтасы, икеміне қарай оқыту тәжірибеге молынан енуде. Бұл - аса құптайтын мәселе. Мұғалім алдында математикадан қабілетті оқушы отырса немесе әнші, өнерпаз бала отырса, қолы шебер, ісмер бала отырса, оған кешіріммен қарап, үлгерімін жақсарту үшін, ізденген жөн. Баға - тек бала білімінің анықтаушысы емес, ол мұғалім еңбегінің де жемісі, анықтаушысы болып табылады [8, 137 б.].
Қ. Бітібаеваның ұжымдық оқыту арқылы оқушыларды іздендіру, зерттеу жұмысына баулудағы төл тәжірибесіне үңілгенде, оның әсіресе жұптық тәсілді «жаңғырта», «жаңарта» пайдаланғанын көруге болады. Ұстаз алдын - ала балаларды дайындайды, жұптаса, топтаса, ұжым болып ізденудің амал - тәсілдеріне дағдыландырады, жетелейді. Өтілетін жеңіл тақырыптарды екі бөлімге бөліп, жұптарға береді. Жеке - жеке оқып, екінші кезекте бір - біріне сыбырлай сөйлесе отырып айтады, осы іс әрекетке жаттықтырған соң, келесі сабақтарда жұптар жұмыс істеп болған соң, өз қалаулары мен нәтижелерін өз таңдаулары бойынша басқа жұптармен бөліседі. Енді мұғалім ұжымға проблема тастайды, ең алдымен топтар ол проблеманы ізденсе, соңынан бүкіл ұжым болып талқылайды. Бір проблеманы әр топ әр қырынан зерттейді, әр топтың өз тапсырмасы болады, қорытындыда ұжым бірге отырып ситуацияны шешеді.
Ұжымдық оқытудың оқушыларды ғылыми - зерттеу жұмысына баулудағы ұтымдылығы төмендегідей:
- Дербес ізденіске, зерттеу жұмысына, алдыдағы проблеманы шешуге жұмылдырады.
- Білім деңгейлері жоғарылайды, өз ізденістері арқылы білімдерін яғни оқушылық деңгейден шығармашылық деңгейге көтереді.
- сыни көзқарастарының дамуына түрткі жасайды, бір - бірінің жұмысына пікір білдіруге, талдауға, қорытынды жасауға жетелейді.
- Зерттеу, іздену, ғылыми жұмыстарға деген қызығушылықтарын оятып, танымын белсендіреді.Ұжымдық оқыту тәсілдерінде мұғалім мен оқушының іс-әрекеті алмасып келіп отырады. Мұғалімнің іс- әрекетін, қызметін ұжым атқарады. Яғни жаңа білімді меңгеруде, тапсырмаларды орындауда өздері жетекшілік етеді. Мұғалім ұйымдастырушы, ақыл- кеңесші қызметін атқарады.Дамыта оқытуда шығармашылық еңбекке кең жол ашады.Ол оқушының шығармашылық ойлауына, ізденісіне, іс- әрекетіне түрткі жасайды. Оқытудың бұл түріде сұрақтар, тапсырмалар жүйесі де басқа сипатта болады.
Кесте-1
Оқушы іс- әрекеті
|
Мұғалім іс- әрекеті
|
Мәселені шешуші. Өнім жасаушы.
Әдіс- тәсілдер, әр түрлі жолдар іздеуші, табушы. Өз өнімін ортаға салушы, ұжыммен қарам- қатынасқа түсуші (жоба, модель, ереже, сұрақтар, дайындаушы).
Керегінде мұғалімді де пікір таласына шақырушы. Өз еңбегін өзі саралаушы, қорытындылаушы.
|
Оқушыларды дербес таным іс- әрекетіне кіргізуші,оған түрткі жасаушы. Тапсырмалар мен сұрақтар әзірлеуші. Ақылшы,көмек беруші;
Бірлесіп іздеуші, керегінде олармен пікір таласына, диалогиялық әңгімеге кіруші. Психологиялық жағымды ахуал, жағдай туғызушы.
Оқушылардың ізденісін қолдаушы, мақұлдаушы.
Қол жеткен нәтижені саралаушы, коррекция жасаушы.
|
Дамыта оқытуда мұғалім қызметі төмендемейді. Оқытудың қай түрі болмасын мұғалім – ол мұғалім. Бірақ оқытудың бұл түрінде мұғалім дәстүрлі оқытудағыдай барлық іс- әрекетті өз мойнына алмайды. Мақсатқа тек өзінің белсенділігімен жетпейді. Белсенділік оқушыға жүктеледі. Дамыта оқытуда да мұғалім мен оқушы іс- әрекеті бірлікте, бір бағыт, бір мақсатқа бағытталады.
Педагогикалық технологиялардың ерекшелігі мен тиімділігі – оның талабы. Осы мақсатқа жетудің өзі оның іс – әрекетіне байланысты жұмыс жүргізуде. Сондықтан тиімділігі:
Белсенді жұмыс
Қызығушылық
Тыңдау
Шешім
Бағалау
Жоғарғы дағды қалыптасады.
Технологияның нәтижесі тиімді және дұрыс болу үшін, мұғалім мынаны ескеруі қажет:
Сабақтың мақсатын дұрыс қоя білу.
Сабақ барысын технология негізінде дұрыс құру.
Оқушылардың жас, психологиялық ерекшеліктеріне, білім деңгейлеріне мән беру.
Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруға іздену жұмыстарын жасау.
Оқушылардың жауабына еркіндік беру.
Осындай технологиялар оқу – тәрбие жұмысында оқушының жеке басын дамытуға бағытталып отырады.
Қорыта айтқанда, технологияларды дұрыс қолдану арқылы оқушылардың ішінен дарынды, қабілетті оқушыларды таба біліп, әрқайсысына жеке тұлға ретінде қарап, олардың өздеріне деген сенімін арттыру.
«Жаман мұғалім ақиқатты өзі айтып береді, ал жақсы мұғалім оқушының өзін ізденуге жетелейді» - деген сөз бекер айтылмаса керек.Өйткені , өзі үнемі ізденісте жүретін мұғалім де, шәкірт те шығармашылықпен қызыға айналысады.Мектеп - рухани өмір ұясы, ал мұғалім оқу мен тәрбиенің мазмұны мен формасын тиімді тәсіл арқылы қалыптастыратын бірден – бір тұлға десек, осы нәтижеге жету үшін жаңа технологияларды оқып – үйреніп, пайдалана білу керек.
4. Білім беруде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану оқушыларға ғылыми ұғымдарды түсіндіруді және олардың қабылдауын, түсінуін жеңілдетуге мүмкіндік беріп, мұғалімдерге сабақ беруде көмектесетін маңызды құрал болып табылады. Ақпараттықкоммуникациялық технологиялардың дамуы білімді бағалау және пайдалану жүйесін де уақтылы өзгертіп отыруды талап етеді. Осыған байланысты білім беруде қолданылатын әдістәсілдер, әдістемелер, технологиялар жаңартылып отырады. Сондықтан оқыту барысында осы технологияларды тиімді қолдануды қажет етеді. Сабақ процесіне ақпараттықкоммуникациялық технологияларды енгізген кезде, теориялық және тәжірибелік білімдердің бүртұтастығы оларды ойланып қолдануды қамтамасыз етеді, ал бұл оқу және оқыту үдерістерін жақсартуға жағдай жасайтын болады. Қ.Бітібаева еңбектерінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдаланудың теориялық мәселелері жазылмағанымен, ұстаздың барлық сабақтарында дерлік ақпараттық коммуникациялық технологиялар тәжірибе жүзінде үздіксіз қолданылып отырады. Республикалық атаулы зертханасы әрбір сабақты ақпараттық-коммуникациялық технологияларды барынша қолдана отырып жүргізуге лайықталып, жан-жақты жабдықталған. Ұстаз еңбектерінен сонымен қатар «ақпараттық-технологиялық карта» деген жаңа терминді кездестіреміз. Айталық, «Әдебиетті оқытудыі әдістемесі мен технологиясы» еңбегінде ұстаз С.Сейфуллин мен М.Әуезовтің шығармашылығын толық танытатын технологиялық картаны ұсынады. Аталған технологиялық карталар - барлық ұстаздарға пайдалануға ыңғайлы, тақырыпқа байланысты толық ақпараттарды қамтитын, жүйелі, ғылыми негізделген дайын дидактикалық өнім.
5. Қазақстанның жан-жақты дамып, көркеюі үшін талантты да қабілетті оқушыларды тауып, оларды білім беру барысында дамыту өте маңызды. Талантты және дарынды балаларды оқыту – мұғалімдерден едәуір күрделі ойлауды, талқылауды және мұқият жоспарлауды талап етеді. Дарындылық пен қабілеттіліктерді мұғалімдер, ата-аналар, топтың басқа мүшелері немесе балалардың өздері айқындай алады. Балалардың қабілеттіліктерін, біліктілігін, әлеуетті мүмкіндіктерін көрсету үшін оларға жағдай туғызу қажет және де бұл олардың ерте жасында олар үшін өте қиынға соғуы мүмкін. Қанипа Бітібаева өмірінің соңғы күндеріне дейін дарынды балаларға арналған гимназияинтернатта жұмыс атқарды. Өз ісіне адал берілген халық анасы, ұлы ұстаз қаншама дарындарды танып, тауып, баптап, бәйгеге қосты. Бұл сөзімізге шәкірттерінің алғыс сөздері дәлел бола алады. Ал біз Қ.Бітібаеваның сабағына қатысып, тәнті болған ұлы ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің пікірінен үзінді келтіргіміз келеді: «Қанипаның балалары көркем мәнінді жақсы оқиды екен. Білімдері мен қызықтырады. Ал, мұғалімнің іс – тәжірибесін, әсіресе, сыныпты топқа бөліп, шағын әдеби айтыс ұйымдастыруы маған қатты ұнады. Оқушылар өз ойын еркін жеткізе біледі, әрі оқығандарын жақсы талдайды екен. Осы әдісті университет студенттеріне пайдалануға болады» [9, 20 б.].
6. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес білім беру – бұл модуль талантты және дарынды балаларды оқыту тақырыбымен тығыз байланысты, себебі екі модуль де оқушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған сараланған оқытуға қатысты болып отыр. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес білім беру және оқу балалар дамуында оқудың қолжетімділігі дәрежесін анықтайтын кезеңдеріне қатысты «Білім беру мен оқытудағы жаңа тәсілдер» модулімен тығыз байланысты. Әртүрлі жастағы балаларда байқалатын метасана (тұлғаның өзін-өзі тануы және өз когнитивтік үдерістері мен стратегиясын қарастыру) деңгейіне, балалардың жас шамасына бейімделген сындарлы диалогті ынталандыру стратегиясы да әр жастағы балалар мүмкіндігіне сай беріледі. Қ.Бітібаева «Әдебиетті оқытудың әдістемесі мен технологиясы» еңбегінде жас ерекшелігі мәселесіне арнайы тоқталады, тіпті оған «Көркем шығарманы оқыту барысында оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеру» атты тарау арнайды. Ұстаздың айтуынша, мектептегі оқу мен тәрбие, сыныптан тыс жұмыстардың барлығы да оқушылардың жас ерекшелігі, психологиясына байланысты ұйымдастырылады. Сондай-ақ, балаларға көркем шығарманы оқыту, кітапқа деген құмарлығы, сөз өнеріне деген ынтасы мен құлшынысын дамыту мектептерде әдебиетті оқыту – білім берудің аса маңызды, әрі күрделі жұмыстарының бірі. Бұл мәселелерде де оқушылардың психологиялық ерекшелігі, жасы, оқып жүрген сыныбы ескеріледі. Тиімділік идеялары, саралап-даралап оқыту, оқушылардың бүкіл ой еңбегін, оған ерекше күш түсірмейтіндей, қонымды, қолайлы, нақтылы, белгілі бір уақыттарды нәтижелі, жемісті болатындай етіп ұйымдастыру, жүргізу туралы сөз етеді.
Қабілеті, дарыны, ынтасы, еске ұстауы, алғырлығы, ойлылығы жағынан бір сыныптағы бір жастағы балалардың өзі әр түрлі болып келетіні тәжірибеден белгілі екендігін айта келіп, әр топтағы балалармен жұмысты ұйымдастырудың ерекшеліктерін, қандай шығармаларды қалай оқыту қажет екендігін жан-жақты талдап, ашып береді. 10-12 жастағы балалар көркем туынды негізінде белгілі бір идея жататынын, ол авторға байланысты болатынын ойлана бермейді. Тіпті, оның көркем туынды екенінде де шаруасы жоқ. Олар оқып отырған дүниесін өмірдің өзі деп қабылдайды. Ересек, 13-14 жастағы жасөспірімдердің психологиясы мен физиологиялық даму барысында өзіндік ерекшеліктер бар. Олар айналаға, соның ішінде өнер туындыларына өз көзқарастарымен қарай бастады. Балалық «шалалық» немесе ұшып-қонып тұрған көңіл, мінезден, байқағандарын, оқығандарын тек сезім жетегінде, байыбына бармай, айта салушылық, «бірбеттілік», «қайтпастық» мінездерден арыла бастайды. Бірақ осы жастағы балалардың қай жағынан болсын, әлі қалыптасып болмағанын, сынаптай толқып тұрған шақтарын естен шығаруға болмайды. Бұл шақ, психолог ғалымдардың айтуы бойынша, өте жауапты, маңызды шақ. Балалықтан кету, үлкендікке жету арасындағы нәзік көпір. Білім беру, тәрбие істерінде де бұл жасқа ынтамен, ерекше қараған дұрыс. Төменгі, кіші сыныптардағы «мен айтам», «мен оқимын» деген самсаған қолдардың сынып жоғарылаған сайын, сиреп кету себебі не? Немесе оқыған кітаптары туралы даурығып, таласып жатқан балаларды олар өскен сайын неге аз кездестіреміз? Қай жерде, қай мезгілде лепіріп тұрған, кемерінен асып-төгіліп тұрған бала көңілінің, ынтасының нәзік қолын үзіп аламыз? Әдеби шығармаларды оқытпас бұрын, оның тұрақты оқырмандарын қалыптастыру мақсатындағы жұмыстардан бұрын, оның тұрақты оқырмандарын қалыптастыру мақсатындағы жұмыстардан бұрын, осы мәселеге әр ұстаз абай болғаны жөн», - деп ескертеді [4].
7. Білім берудегі басқару және көшбасшылық – білім берудің кез келген жүйесіндегі тұрақты даму мен өзгерістердің сырттан енгізілуі мүмкін емес, олар нақты сыныптардағы мұғалімдердің тәжірибесі мен түсініктеріндегі өзгерістерден бастау алуы керек деген тұжырымға саяды. Бағдарламаның негізгі идеясын сыни тұрғыдан бағалау, өзгерту және тәжірибе мен білім саясатын қайта бағалау нәтижесінде мұғалімдер бастамасымен барлық деңгейлерде өзгерістердің іске асырылатынына негізделеді. Білім беру сияқты көшбасшылық та адамның тұрақты дамуына әкелетін негізгі қабілеті болып табылады. Өзгеріс үдерісі өз даму жолында қолайсыздық пен келіспеушілік тудыруы ықтимал. [10]. Қанипа Бітібаева өзі қызмет атқарған мектеп-гимназиясы деңгейінде ғана емес, республика деңгейінде, қала берді әлемдік педагогикада ұстаз көшбасшылығының үздік үлгісін көрсетті. Бұл жөнінде Қ. Бітібаеваның шәкірті, филология ғылымдарының докторы, профессор А.М. Картаева былай деп жазады: «Қ.Бітібаеваның еңбектері әдіскер ғалымдар мен жоғары оқу орындарының оқытушылары, студенттері, мектеп мұғалімдері үшін ғылыми әрі әдістемелік жағынан сонылығымен, құндылықтарымен ерекшеленетін аса қажетті еңбектің қатарынан саналады [11]. Әдебиетші мұғалім ең алдымен көркем сөз табиғатын ашатын заңдылықтарды білуі керек, сондай – ақ көркем туындыны талдаудың ғылыми әдістемелерін жетік меңгеруі қажет. Әдеби шығармаларды талдауда мұғалім мен оқушы арасында бірлескен еңбек, бірлескен шығармашылық, өнерпаздық орын алуға тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |