Қр бғМ Ғк философия, саясаттану және дінтану институтының


(лат. іntentіo – талпыну, зейін қою



бет142/267
Дата20.09.2023
өлшемі1,22 Mb.
#109258
1   ...   138   139   140   141   142   143   144   145   ...   267
Байланысты:
Филос Энцикл Создик Документ Microsoft Office Word (2)

ИНТЕНЦИЯШЫЛДЫҚ (лат. іntentіo – талпыну, зейін қою) – сананың белгілі затты түсінуге бағытталуы, немесе, заттың шынайы, шынайы емес екендігіне тәуелсіз сана нақтылығы. И-дық ұғымының тарихы зейінденуші заттың шынайы және интенциялық бағытын айыра білген ортағасырлық схоластикадан нәр алады. ХІХ ғ-да неміс ойшылы Ф. Брентано бұл ұғымды қайта енгізеді. И-дық психикалық құбылыстардың негізгі қасиетіне айналып, олардың санадағы дәйегі және сананың соларға бағытталуы ретінде көрінеді. И-дық ұғымы А. Мейнонгтың нақтылық ілімінде және Э. Гуссерльдің феноментануында ерекше зерделенеді. Гуссерльде И-дық негізгі ұғымға айналып, феноментану үшін мүлде тосын және негізін қалаушы мағынада пайымдалады. И. көкейдегі туралы ой бөлу қасиеті. Дүниенің сезімге берілу нұсқаларының және дүние туралы ойдың өзгермелігіне байланысты феноментануда И. өте кең қарастырылады. Әрбір феноменнің өзіндік интенциялық құрылымы бар. Белгілі затқа түрлі қатынас жасауға болады. Мұндағы ең басты нәрсе заттың ежелгі нұсқасын ұмытпау. Сол сияқты заттың санаға берілуі де әртүрлі. Мыс., қабылдау, қиялдау т.б. Жалпы, И-тың құрылымы төмендегідей: интенцияшіл әрекет, интенцияшыл мазмұн мен зат.
Әдебиет: Мәдени-философиялық энциклопедия. Алматы: Раритет, 2007.

ИНТЕРМӘТІН – бір мәтіннің өзге мәтінге кіруі, мәтіндердің кірігуі. Бұл ұғымды әдеби мәтінді көп дауысты құрылым ретінде қарастырған М. Бахтиннің ықпалымен Ю. Кристева кіргізген. Ол үшін мәтін дегеніміз мәтіндер мен таңбалардың өрімі, өзге мәтіндердің өзгеріске түскен нұсқасы. И. мәтін шекарасын бұлдыратып, оны жаңаша пайымдауға жол аша түседі. И. негізгі қасиеті оның ішкі әртектілігі, ашықтығы, көпнұсқалығы. Мәтін өзге мәтіндерден, өзге мәтіндерге қатысты шығарылады және тек бұрынғы мәтіндерге қатысты емес. И-дік аталатын құбылысқа кейде шығармадан кейін жазылған мәтіндерді енгізеді. Мәтіннің қайнар көздері тек мәтіннен бұрын емес, онан кейін де тірлік етеді, дейді Р. Барт. Бұл тұрғыда, кез-келген мәтін өзге мәтіндер кеңістігінде жанданып, қосымша мағына тудырады. И-дік құбылыс семиотикалық жүйе ретінде бүкіл мәдениетті қамтиды. И. тұрғысынан мәтін мен оқырман, оқу мен хат арасындағы айырмашылық және қарсы тұру жоққа шығарылады.
Әдебиет: Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004; Мәдени-философиялық энциклопедия. Алматы: Раритет, 2007.

ИНТЕРНАЛИЗМ және экстернализм ғылымның генезисіне, қалыптасуы мен дамуының тарихына деген екі қарама-қарсы бағыттағы көзқарастар. Интерналистік бағыт бойынша, ғылым дамуының көзі оның өз ішінде, оның ішкі мүмкіндіктеріне, потенциясында. Яғни ғылым дамуының өз ішкі логикасы бар және ол ойлау тәсілінің өзгеруіне байланысты. Мұндай бағыттағы көзқарасты А. Койре, Дж. Агасси, Р. Холл сияқты авторлардың еңбектерінен кездестіруге болады. Э-стік бағыт ғылыми білімнің дамуын әлеуметтік-экономикалық жағдайлардағы өзгерістермен байланыстырады, яғни сыртқы себептерге жүгінеді (Б.М. Гессен, Дж. Бернал, Р. Мертон және т.б.). Қазіргі философиялық-әдіснамалық әдебиетте бұл екі бағыттағы көзқарастардың қарама-қарсылығын жеңуге, сөйтіп синтезді бағыт ұстануға деген талпыныстар бар. Мысалы, Т. Кунның парадигмалық тұғырнамасы (концепциясы) осындай бағдар ұстайды, оның түсіндіруінше, қандай да болмасын ғылым дамуының бас кезінде оған қоғам тарапынан әлдебір әлеуметтік мұқтаждық түрткі болады, ал оның толықсыған шағында дамуы көбіне интерналистік тұрғыда, яғни ішкі себептердің әсерімен анықталады.

ИНТЕРПРЕТАЦИЯ (лат. Interpretation – түсіндірме беру, түсіну) – теорияның элементтеріне (символдарға, формулаларға, өрнектерге және т.б.) мән-мағына беру, сөйтіп оны тұтас түсіну және түсіндірмелеу. Мысалы, кванттық механикаға немесе А. Эйнштейннің қатынастылық теорияларына И. жасаудың ғалымдар мен философтар арасында талай пікірталас тудырғаны белгілі.
И. философиялық (гносеологиялық, әдіснамалық) негізсіз мүмкін емес. Деңгейі бойынша И. эмпириялық және теориялық болып екіге бөлінеді. И. ақиқат болуы үшін оған белгілі бір талаптар қойылады: ол өз предметіне адекватты, логикалық дәйекті, әрі толық болуы тиіс. Теория төңірегінде әртүрлі И-лар туындап, олардың арасында бәсекелік қарым-қатынастар орнығып, белгілі бір интеллектуалдық ахуал пайда болады. Бұл теорияның нақтылануына, әрі қарай дамуының перспективасын анықтауға мүмкіндік берері және оны практикада дұрыс қолдануға жол ашады. Герменевтикада И. мәтінді түсіндірмелеу, оның мән-мағынасын (мазмұнын түсіну) дегенді білдіреді. Мысалы, көркем әдебиет туындыларына немесе киелі кітаптарға (Інжілге, Құранға және т.б.) И. берудің оңай еместігі, дау-дамай туғызатыны, әртүрлі жолдары бар екендігі белгілі.

ИНТЕРСУБЪЕКТІЛІК – таным субъектілері арасындағы арнайы қарым- қатынас, өзара араласу мен білімін өзгемен бөлісудің негізі. ХХ ғ-ға дейін танымның нанымдылығы таным жасаушы субъектінің әмбебап құрылымына байланысты еді. И. мәселесін алғаш рет Гуссерль Бесінші картезиандық медитациясында қояды. Гуссерль феномендық ойлау тәжрибесін санадан бұрынғы әлемге сүйенуден бас тартудан бастағандықтан, оған ойлау тәжрибесінің маңыздылығын қамсыздандыру үшін жаңа негіз керек болады деп таниды. Сондықтан ол ойлауды ойлау арқылы түсіндіруді жөн көреді. Ойлану барысында әрбір субъект әлемді өзінше зейіндейді, бұл дүние – жеке тұлғаның тек өз танымына тәуелді жеке тәжірибесі. Демек, мәселенің шешімі субъектердің, немесе, Мен және Өзгенің қарым-қатынасында. Гуссерльдің тұжырымдауынша, Мен табиғи түрде өз санасында Өзгелерді қалап шығарып, мүмкіндікте бар субъектілер интерсубъектілер қауымын құрайды. Бұл қауымдағы әр кім әлемді өз тәжірибесінен түсінеді. Міне, осыған байланысты Меннің жеке тәжірибесінің негізі ретінде әлем барлығы үшін бар болып қарастырылуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар И-те Мен өз тәжірибесінің өзгелермен салыстырғанда айырықша екенін кескіндейді. Интерсубъектілер қауымы негізінде ұғыну мүмкіндігінің көкжиегіне және қауымның шексіз кеңістігіне ұмтылған интенционалдық қауым қалыптасады. Бірақ, білім сапасын анықтау мәселесі ашық қалады, себебі өз-өзіңе шексіз үңіле беруге болады. Кейін Гуссерль жеке тұлғаның рухани тәжірибесіне сүйенген Өмірлік Әлем ұғымын енгізіп, оны И-ке негіз ретінде қарастырады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   138   139   140   141   142   143   144   145   ...   267




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет