Байланысты: Филос Энцикл Создик Документ Microsoft Office Word (2)
ПАНТЕОН (грек. раnteon – барлық құдайлар) – антикалық діндердегі «барлық құдайлардың Храмы», олардың ішінде ІІ ғ. діни идеологияны қалыптастыру мақсатында салынған Рим пантеоны баршаға танымал болды. П. барлық құдайлар сөзінің екінші мәні басқада политеистік діндерге тән. Көнетүркі П-ның бас құдайы – Тәңір.
ПАРЫЗ – адамды өз болмысын адамгершіліктік құндылықтарға сай қалыптастыруға мәжбүрлейтін, ол үшін ішкі міндетке айналатын рухани қажеттілікті бейнелейтін философиялық-этикалық категория. Маңыздылығы жағынан П-ды ар-ұжданмен қатар қоюға болады. Ар-ұждан секілді П-да адамның адамгершілік санасын, тәртібін бақылап және реттеп отыратын ішкі механизм. Тұлғаның П-ын атқаруын сыртқы моральдық санкциялардың көмегімен бақылауға да болады. П-ды осы экстроверттік жолмен, сыртқы жағдайлардан (ол жалпы қоғам, оның мүшелері, қоғамда қабылданған салт-дәстүрлер, әдеп-ғұрып, қоғамдық пікір, белгілі бір моральдық нормалар болуы мүмкін) қорқып-сескенгеннен, басқаша айтсақ, «П-ды орындау» сезімінің басқаруымен атқару да кездеседі. Мұндай жағдайда көзге бәрі дұрыс секілді көрінгенмен, тұлғаның ішкі жан дүниесінде тыныштық болмай, адам тіпті күйзеліс пен қамығуға ұшырауы мүмкін. Ал интроверттік сипатқа ие П. адамның ішкі дүниесінің, ақыл-ойының талабынан туындайды, оған адам саналы түрде, еш қысымсыз, өз еркімен келеді. Сана деңгейінде түсініліп атқарылған осындай П. ғана адамға өзінің рухани-адамгершілік қуатын ашуға, өзін өз тағдырының қожасы ретінде сезінуге, өзін-өзі жасап-қалыптастыруға, өзінің табиғи сезімдерін шектеп, олардан ақыл-ойын жоғары қою арқылы адамшылық бастауларын дамытуға, сөйтіп, адамзат пен өзінің алдындағы П-ын атқаруына мүмкіндік береді. Яғни, саналы түрде, рационалдық деңгейде орындалған П. ғана адамның философиялық-антропологиялық сипатын аша алады. Қазақ халқы П. ұғымын осы, адам болу, адамшылық пен адамгершілікке жету мақсатымен тығыз байланысты қарастырады. Ақыл-ой адамға басқа тіршілік етуші мақұлықтар секілді инстинктер деңгейінде өмір кешу үшін емес, жоғары адами мақсаттарды орындау үшін берілген, сондықтан да өзінің табиғи қасиеттерін ақыл-ойдың көмегіне сүйене отырып жан-жақты дамыту, адам деген қасиетті атаққа сай болу – адамның басты П-ы. Қазақ халқының дәстүр салтында П. бен қарыздың неше алуан түрлері бар. Олар: ұстаз алдындағы қарыз, табиғатты аялау, меймандостық қарыздары т.б. Адамға өз ісін жетік білу де басты П. Ол үшін көп оқып, көп білу керек. Себебі, немістің ұлы ақыны Гете айтқандай: «білімсіз тәжірибе – соқыр, ал тәжірибесіз ғылым жемісі жоқ ағаш секілді жалаң». Пайғамбар хадистеріндегі: «Үйретуден сараңдық қылмадым, үйренуге қорланбадым, әркімнен үйрендім, әркімге үйреттім» деген ұлағатты сөздерді сендер естеріңде мықтап ұстайтын болыңдар. Ғылым – адамзаттың қазынасы, ал білім қазынасының кілтін тауып, құпиясын ашу қажет. Қалай ашу керектігін сұраған адам сауапқа батады, яғни ізденген, білім жолын білгісі келген кісі адамгершіліктің биік деңгейіне көтеріледі. Шәкірттің ғылым сарайына енсем деп армандағаны – адамгершілік парыз. П. орындаған адам обал – сауапты жақсы біледі. Халық адамдық П-дарын орындамағандары күнәһар деп есептейді.
ПАССИОНАРЛЫҚ (лат. құштарлық, сезімдік) – қимыл-кәрекет, іс-әрекетті аңсаған құштарлық,жекелеген адамдарда да, топтарда да болуы мүмкін шектен тыс күш-қуатқа қабілеттілік. П. – Л. Гумилевтің этногенез («Этногенез және Жер биосферасы») теориясында негізгі термин болып табылады. Ол этностың пайда болу негізінде П. яғни ағзаның биосферадан сіңірген өте мол биохимиялық қуаты жатқан табиғи процесс деп қарастырады. П.тұқым қуалайтын биологиялық сапа ретінде қарастырылады; адам психикасында бейсана деңгейде болады. Пассионарлар (осы санаға келер) өздерінің бар екендігімен қалыпты ахуал жағдайды бұзады, өйткені олар кеше алмайды. Айнала қоршаған ортаға қарсыласу қажеттігі оларды біреуге және келесі әрекет жасауға мәжбүр етеді. Бұл ретте пассионарлар өз П-мен қалың көпшілікті ұйытады (психикалық тұрғыдан «жұқтырады»). Қолайлы жағдай туғанда жаңа этнос, мәдениет, өркениеттің негізіне айналатын алғашқы бірігулер осылайша пайда болады. П. көсемдер мен қаһармандарға ғана тән артықшылық емес, керісінше «пассионарлардың көпшілігі тобырдың, топтық нақ ішінде болады» – деп жазды өз еңбегінде Л. Гумилев.
ПЕРСОНАЛИЗМ – мәдениеттің басты құндылығы мен шындығы адам болып табылады деген түсінікті басшылыққа алатын XX ғасырдағы философиялық-мәдениеттанулық бағыт. П. тұлғаны абсолют ретінде түсінеді. Бұл түсінік тұлғаның еркіндігі идеясына жетелейді. П. тұрғыдағы тұлға үш негізі белгімен сипатталады: экстериоризация (адамның өзін сыртқы ортада жүзеге асыруы), интероризация (адамның жан-дүниесіне үңілуі, оның рухани әлемі) және трансцеденция (сананың жоғары, құдайлық құндылықтарға – ақиқатқа, сұлулыққа, ізгілікке бағытталуы). П-тер тұлғалық қарым-қатынасты адам өмірінің басты мақсаты деп санап, басты назарды соған аударды. П-тік қарым-қатынас (коммуникация) тұжырымы М.Шелердің этикалық іліміне және Э. Левинастың феноменологиялық этикасына жақын. Онда тұлғалық қарым-қатынастың нақты сипаты орнығады, себебі, әрбір индивидтің «мақсаты өзінде, сонымен қатар басқаларда да», ол Сен мен Меннің және Біздің кездесуіміз ерекше персоналисттік тәжірибені – жан дүние қарым-қатынасын қалыптастырады.