Әдебиет: Шкловский В. О теории прозы. Л.,1925; Тынянов Ю. Поэтика. История литературы. Кино. М., 1977; Хрестоматия по теоретическому литературоведению. Гарту, 1976
Әдебиет: Шкловский В. О теории прозы. Л.,1925; Тынянов Ю. Поэтика. История литературы. Кино. М., 1977; Хрестоматия по теоретическому литературоведению. Гарту, 1976.
ФРАНК С.Л.(1877 – 1950) – орыс діни философы және психологы. 1922 ж. эмиграцияланған. Оның философиялық жолы «заңды марксизмнен» діни идеализмге, экзистенциализм мен феноменологияға дейін созылып жатыр. Ф-тың философиясының негізгі тақырыбы – рационалды ойды діни сеніммен ұштастыру; адам және оның өмірінің мәні. Ф. мәдениет мәселелерін де ықыласпен зерттеген. Сол кездегі Еуропа мәдениетінің жай-күйін талқылай келе Ф. жұбанышсыз тұжырымға келеді. Оның айтуынша ғылым мен мәдениеттің прогрессіне деген сенім түгелдей жойылды, мәдениеттің ескі құндылықтары ешкімді өзіне тартпайды. Ф. социализмді көп сынға алды.
Шығ.: Франк Л.С. Философия и жизнь. СПбг, 1910;Франк Л.С. Душа человека. М., 1917;Медведев П.Н. Формальный метод в литературоведении. Л., 1928.
ФРОММ Эрих. (1900 – 1980) – неміс-американдық философ, неофрейдизмнің («мәдени психоталдаудың») негізін қалаушылардың бірі, әлеум. философияның франкфурттық мектебінің көрнекті өкілі. Ф. қоғам дамуындағы психол. және әлеум. факторлардың өзара байланысын анықтауға талпыныс жасаған. Ф-ның қалыптасуына Г. Маркузе, Т. Адорноның әлеум. философиясының, З.Фрейдтік психоталдаудың ықпалы зор болды. Өз еңбектерінде Ф. капитализмнің марксистік тұрғыдан сыналуын экзистенциализм, философиялық антропология және психоталдаумен ұштастыра білген. Ф-ның синтездік тәсілі, өткір тілі, анық ойы және де қоғамдағы өзекті мәселелерді орынды қоя білуі оны 60-шы жылдары бүкіл зиялылардың кумирі қылды. Оның шығармаларының атауларының өзі («Еркіндіктен безіну», «Адам деген адам», «Сау қоғам», «Үміт революциясы», «Махаббат өнері», «Иемдену әлде болу» және т.б.) Ф-ның публистикалық, саяси-этикалық бағыт-бағдарлы философиясынан хабардар етеді. Ф. барлық шығармаларын батыс өркениетінің дағдарысынан бастайды. Техникалық тұрғыдан өте қуатты, бірақ рухани кемтар күйге түскен батыс өзін-өзі жою жолында тұр дегенді айтады Ф. Ф. өз шығарм-нда үнемі ХХ ғасырдың екі ұлы тұлғалары – Маркс, Фрейдпен сұхбат жүргізіп отырады, себебі оларды рухани әлемде төңкеріс жасаған ерен ойшылдар деп таниды. Ф.-ның мәдениеттанушылық және антропологиялық ізденістерінің орталық нүктесі – экзистенциалдық (өмірлік) қажеттіліктер туралы ілім. Экзистенциалдық, яғни өмірлік мәні бар қажеттіліктердің бар саны – бесеу, оларға: қарым-қатынасқа түсу, трансценденциялау, тамыр жою, өзіндік лайықтылық пен бағыт-бағдар жүйесіне деген қажеттіліктер жатады. Осы аталған қажеттіліктерді «шынайы», яғни адам табиғатына сай жолмен қамтамасыз етуге де болады және невротикалық, ауру, «жалған» әдіспен де қамтамасыз етуге болады. Адам болмысыны» «шынайы» және «жалған» деп бөлінуіне Ф. сау және ауру, биофильді және некрофильді, гуманистік және авторитарлық, «болмыс» және «иемдену» сынды қарама-қайшылық модустарын лайық деп санайды. Нормадағы, сау өмір салтын ұстанған адам, яғни «шынайы» болмыс ақыл еркіндігін әлемге ашықтықты, басқалардың қайғысы мен қуанышына ортақтастықты, өзіне және басқаға деген сүйіспеншілікті танытады. Ал «жалған» болмыс, немесе невротикалық өмір салты өмірге деген шекті көзқарастарды, өзінің іс-әрекетінің шынайы себептерін көре білмеуді, соқыр сезім мен жан толқыныстарының ырқында кетуді білдіреді. Ф-ның түсінуінше, адам қажеттіліктерінің ең негізгісі – қарым-қатынасқа деген талпыныс. Бірақ шынайы қарым-қатынасқа түсу – оңай жұмыс емес, сондықтан да көпшілік шынайы қарым-қатынас орнына ресми, жасанды әрекеттерді қояды. Мыс., махаббаттың орнын секс, есірткі т.б. жабады. Ал Ф-ның айтуы бойынша ең дөрекі және патологиялық қарым-қатынас түрі – «садомазохизм», яғни не өктемдік көрсету арқылы, не бағыныштылық арқылы байланысқа түсу. Екінші экзистенциалдық қажеттіліктің – трансценденцияның көзін адам табиғатының өзінен іздеу керек, өйткені адам өзінің өмірінің мәні мен мағынасын бұл жалғаннан тысқары әлемінен, рух әлемнен, тарихтан, мәдениеттен табады. Адам ешқашан өзі өмір сүріп отырған кеңістік-уақыт аясымен шектелмейді. Ф-ның айтуынша, адамның шынайы трансценденциясы мәдени шығармашылықта ғана, яғни әлемді ақиқат, ізгілік және сұлулық тұрғысынан өзгертуде ғана жүзеге асады. Мәдени шығармашылыққа мүмкіншілік жоқ болған жағдайда адамның шығармашылық импульстері сыртқа шыға алмай қалады, сөйтіп күйрету, бұзу – вандализм, қылмыс импульсына айналады. Үшінші қажеттілік түрі – тамырын тереңге жаю, адамның өзін белгілі бір қауымдастықтың – отбасы, ұлт, халық өкілі деп тану қажеттілігі. Тарихи даму барысында адам қауымдастығының түрлері өзгеріп тұрады. Соған байланысты адам өзінің әлеуметтік және рухани тамырларынан айырылуды қиынсанды. Сондай жағдайларда көне архаикалық тайпалық сезімдердің өркениеттілік санасына фашизм немесе коммунизм, расизм немесе ұлтшылдық түрінде енбеуін қадағалау керек. Өзіндік идетификация сынды келесі қажеттілік адамның өзін сыртқы объектімен, басқа біреумен теңдестіруінен туындайды. О баста адамдар өзін тотеммен, өлген аруақпен, патшамен, құдаймен және т.б. теңдестірген. Идентификация процессі өмір бойы жүріп отыратын процесстердің бірі. Мыс., ғашық жан әлемге сүйіктісінің көзімен қарайды. Сау идентификация адамның өзін ұмытпауын, өзіндік Менінен айырылмауын талап етеді. Өзіңді Цезарь не Наполеонға ұқсасам деп армандап, соларға еліктеуге болады, бірақ есі түзу адам ешқашан өзін Цезарь, Наполеонмын деп танымайды. Идеалмен идентификациялау тұлғаның рухани жетілуінің бір баспалдағы болып табылады. Бесінші қажеттілік құндылық бағыт-бағдар мен табыну, пір тұту объектісіне қатысты дүниелер. Ф. оны діни қажеттілік деп те атайды. Діндердің өзін Ф. гуманистік және авторитарлық деп бөліп қарастырады. Кальвинизм, фашизм, коммунизмді Ф. авторитарлық діндер деп біледі. Ал гуманитарлық діндерге буддизм, даосизм, Иисус ілімін, Сократ, Спинозаның этикалық көзқарастарын жатқызады. Дін деп Ф. өмірлік бағыт-бағдар беріп, табыну объектісін танытатын көзқарастар жүйесін айтады.Ф-ның ұғынуы бойынша, діннің түрі мәдениет пен қоғам түрімен анықталады. Демократиялық еркін қоғамда гуманистік діни сана қалыптасып, монархиялық, деспотиялық басқару типінде авторитарлық діндерге жол ашылады. Гуманистік діндердің белгілері: өмірді шешуді талап ететін жұмбақ мәселе, Талап деп тану; өзін-өзі жетілдіруге талпыну; адамды құндылықтар жүйесінің негізі деп қарастыру; әлемге ашықтық және барлық тіршілікке қатынастылық; эгоизм, ашкөздіктен босану; еркін тану; үміт, қайсарлық, аяушылық сезімін қалыптастыру. Ендеше Ф. үшін құдай адамшылық, ізгілік символы болып табылады. Ал адамның болмыс тиянақтылығын аңсауы Құдайды, дінді қажетсінуі арқылы көрініс табады. Рухани мәдениетті синтездеу тақырыбы – Ф. Философиясының ерекшелігі.
Шығ.: Фромм Э. Психоанализ и этика. М., 1993;Фромм Э. Душа человека. М., 1992;Фромм Э. Иметь или быть. М., 1991;Фромм Э. Адам қой ма, қасқыр ма? //әлеуметтік философия. Хрестоматия. А., 1997.
ФУКО М.(1926 – 1984) – француз философы, мәдениет тарихшысы, француз структурализмінің көрнекті өкілі. Ф-ның шығарм.-нда үш негізі кезең айқын жіктелінген: 60-шы жылдардағы «білім археологиясы», 70-ші жылдардағы «билік тамыры (генеалогиясы)», 80-ші жылдардағы «тіршілік ету эстетикасы». «Білім археологиясына» сай кезеңде Ф. өзінің жұртқа көп танымал еңбектерін: «Клиниканың пайда болуы. Дәрігер көзқарасының археологиясы» (1963), «Сөздер мен заттар: гуманитарлық ғылымдар археологиясы» (1966), «Білім археологиясын» (1966) жазып шықты. Бұл кезеңдегі Ф. зерттеулерінің басты мақсаты – мәдениеттің белгілі бір салаларының, таным түрлерінің тарихи өзгермелі алғышарттарын зерттейтін өзіндік пәнді құрастыру. Аталған алғышарттар өзі қалыптасқан мәдени дәстүрдегі семиотикалық қарым-қатынас түрінің ерекшелігіне байланысты, яғни сол кезеңнің «сөздері» мен «заттарының» ара қатынасына тәуелді түрде пайда болады. Ф. «сөздер» мен «заттар» қарым-қатынасының (эпистеманы» – таным көкжиегінің) бірін-бірі ауыстырып отыратын үш: қайта өрлеу дәуірілік, классикалық рационалистік және қазіргі замандық түрін ажыратады. Қайта өрлеу дәуіріндегі сөз, немесе тіл көп заттардың ішіндегі бір зат есебінде қарастырылды; классик. рационализм тұсында тіл адам ойын жеткізетін құрал ретінде алынды; қазіргі эпистемада тіл шындықты құрастырушы өзіндік тәуелсіз күш деп саналады. «Білім археологиясы» медицина, оның ішінде психиатрия, биология, гуманит. ғылымдардың тарихи алғышарттарын анықтайды.Ф-ның шығарм. жолының екінші кезеңіне «Бақылау және жазалау» (1975), «Білімге деген талпыныс» («Сексуалдылық тарихының» 1-ші томы, 1976) еңбектері сай келеді. Бұл кезең барысында Ф.-ны билік мәселесі, белгілі бір әлеуметтік институттардың қызмет етуінің алғышарттары қызықтырады. Ф. билік – білім комплексін талдап, биліктің адамның танымдық көзқарасына тигізетін әсерін көрсетеді. Ф. бойынша билік түрі нақты шындықты, таным объектісін және оны аңғару «рәсімін» құрайды. Билік – білім ара қатынасы тарихи түрлі кезеңдерде түрліше болып келеді. Қазіргі замандағы билік – білім «диспозициясы» Ағартушылық дәуірінен ХІХ ғ-ға өту шамасында қалыптасқан болатын деп түсіндіреді Ф. біздің уақытымыздағы биліктің басты ерекшелігі оның бір адам бойында жинақталмағандығы (мыс.,монархиямен салыстырғанда), бір орталық танбағаны. Бұл билікке «бәрін бәрінің бақылауында ұстауы» («паноптизм»), тәріп және қатал қағидалық тән. Нәтижесінде бұл билікке индивидтерді басқарудың өзіндік стратегиясы, оларды қадағалаудың, жекешелеудің өзіндік процедурасы, жөн-жосығы сай келеді. Айтылғандардың анық айғағы ретінде түрме сынды әлеуметтік институтты алып қарастырады М. Фуко. Биліктік қарым-қатынас қоғамның өне бойын түгелімен қамтымай тұра алмайды: оны мектептен де, казармадан да, дәрігер бөлмесі мен жанұя, от басынан да көреміз.Ф-ның 1980-ші жылдардағы шығармалары – «Ләззат алу жолдары», «Өзіңе деген қамқорлық» («Сексуалдылық тарихының» 2, 3 томдары) моральдық субъектінің «еркін» іс-әрекеттерінің түрлерін және мүмкіншіліктерін қарастырады. Бұл тұста Ф. адам құмарлықтарын, тілек-талаптарын талдайды.
Шығ.: Фуко М. Слова и вещи. Археология гуманитарных наук. М., 1977;Фуко М. Археология знания. Киев, 1996;Фуко М. Воля к истине: По ту сторону власти и сексуальности. Работы разных лет. М., 1996;Фуко М. История безумия в классическую эпоху. СПб, 1998;Фуко М. Забота о себе. Киев, 1998.
ФУТУРОЛОГИЯ (лат. futurum – болашақ, грек. logos – білім) – адамзаттың болашағы туралы мағлұмат беретін білім саласы. Бұл терминді 1943 ж. неміс социологы О. Флехтхейм ұсынған болатын. Оның ойынша Ф. – «болашақ философиясы». Содан бастап Ф. – болашақты болжайтын ғылым ретінде қарастырылып келеді. 60-шы жылдардағы «постиндустриалдық қоғам» теориясы (Д. Белл, Р. Арон. Б. де Жувенель) – Ф.-ның жаңа көрінісі.
Әдебиет: Гвишиани Д.М., Лисичкин В.А. Прогностика. М., 1968; Бестужев-Лада И.В. социальное прогнозирование. М., 1969; Футурология // Философский энциклопедический словарь. М., 1989; Будущее человеческого общества. М., 1971.
ХАБЕРМАС Ю.(1929 ж. туған) – неміс философы, әлеуметтанушысы, мәдениеттанушы. Х. әлемге белгілі әлеуметтанушы-философтар Хоркхаймер мен Адорноның ізбасары ретінде, франкфурт мектебінің теориясын сыни тұрғыдан қайта қарастырған «екінші толқын» өкілі ретінде белгілі ғалым. Х. көзқарасы бойынша әлемдегі дағдарыстар мәдени-әлеуметтік сипатқа ие, сондықтан да қандай да болмасын экономикалық, саяси құбылыстың түкпірінен мәдени факторларды таба білген жөн. Қазіргі мәдени-әлеуметтік жүйеде мотивация, рационалдылық және легитимация дағдарысы бар деп ұғынған Х. әсіресе солардың соңғысы (легитимация дағдарысы) туралы көп ойланады, өйткені заңдылық және құқық – мәдениеттің маңызды бөліктері болып табылады. Ол дағдарысқа кез болған қоғамды тек рухани мәдениет, өнер тұрғысынан қайта жандандыруға болады деп есептейді. Х. ілімінің маңызды элементі –коммуникативті іс-әрекет теориясы. Х. адам іс-әрекетінің қос түрін көрсетеді: коммуникативтік және стратегиялық. Стратегиялық іс-әрекеттің мәні оның белгілі бір мақсат-мүддені көздейтіндігінде, соған қызығушылығында. Алға қойған мақсатқа жету барысында адамдар бір-бірін қайткен күнде де – мейлі саналы түрде, мейлі бейсаналы күйде алдап-арбауға бейім тұрады. Стратегиялық іс-әрекет типі әлеуметтік бірлесу (интеграция) тұрғысынан алып қарағанда жатсынуға, индивидтің ұжымға лайықтылық қасиеттерін жоғалтуына әкеледі; мәдениет саласында – мән-мағынадан айырылуға, құндылықтық бағыт-бағдардан жұрдай болуға; тұлға деңгейінде – салт-дәстүрден қол үзіп, әртүрлі психопатологиялық процесстерге душар болуға бастайды. Керісінше, осы айтылған зұлматтардың барлығын болдырмайтын іс-әрекет типі – коммуникация, қарым-қатынас, сұхбатқа негізделген іс-әрекет. Сұхбаттық, коммуникациялық іс-әрекет типі реттелген нормативті-құқықтық ортаны, заңға негізделген өзара қарым-қатынас әлемін, тұлғаны жетілдіретін, дамытатын рухани кеңістікті даярлайды. Шынайы бірлесудің (интеграцияның) тек қана сұхбаттық дискурсте мүмкін екендігін көрсеткен Ю. Хабермас философиялық-мәдениеттанулық, жалпы, гуманитарлық ғылымдардың диалог тақырыбына бет бұруына көп ықпал етті.
Әдебиет: Новейшие течения и проблемы философии в ФРГ. М.,1978; Давыдов Ю.Н. Критика социально-философских воззрений франкфуртской школы. М.,1977; Социальная философия франкфуртской школы. М., 1978.
ХАЙДЕГГЕР М. (1889 – 1976) – неміс философы, Э. Гуссерльдің шәкірті. 1914 ж. «Психологизмдегі пікір туралы ілім» деген диссертациясын жарыққа шығарады. Марбургта профессор болып жүріп 1927 ж. «Болмыс пен Уақыт» кітабын шығарады. Бұл шығарманың өте ықпалды болуының себебі (мыс., Сартр бұдан «Болмыс пен Ештеңенің» бүкіл талдау тәсілін алса, Камю «абсурд» ұғымын алған) мұнда адамның белгілі жағдайға түсуі терең экзистенциалдық талдаудан өтеді. Бірақ сәл кейінірек философ Болмыс пен Уақытқа кіріспе жазып, ең басты назарды адамға емес, болмысқа аударады. Хайдеггерше, болмысты ұмыту батыс философиясының тағдырына айналған, оны осы ұмытшақтығынан құтқару керек. Осы кезден бастап, болмыс туралы ілім қалыптастыру Х. өмірлік мақсатына айналады. (Ақиқаттың мағынасы туралы, Гуманизм туралы хат, 1947). Х. ойы болмыс ақиқатының жалғыз жаршысы ретіндегі ақындық тілді талдауға жақын. Қатаң ойдан гөрі шабытты ойға берілгіш, декаденттік дәуірі мен атомизм заманының пайғамбары Х. қазіргі заман ойына да терең ықпал етіп, өзіне тартуда.Оның басты шығармалары қатарында Кант және метафизика мәселесі (1929), Ешқайда апармайтын жолдар, (1950), Соқпақ (1953), Метафизикаға кіріспе (1953), Ойлау дегеніміз не (1954), Философия дегеніміз не (1956), Ұқсастық пен айырма (1957), Уақыт және болмыс (1962) деген шығармаларын атауға болады. Х. үшін философия болмыс туралы ілім. Болмыс пен тірлік, болу мүмкіндігі мен нақты бар болу бір емес. Болмыс бар тіршіліктің өзгеру мүмкіндігі. Сондықтан болмыстың атойын тыңдау керек. Болмыс пен тірлік, мән мен мағына бір болмағандықтан Х. батыс философиясының классикалық философиясын сынап, деструкция ұғымын енгізеді. Деструкция дегеніміз философияның үйреншікті схемаларын бұзып, жаңаша пайымдау. Бұл тұрғыда Хайдеггерше, ежелгі грек философтары ақиқатқа жақын болған. Сондықтан ол осы философияның көп қағидаларын қайта жаңғыртады. Егер Декарт философиясы күмәндану бағытында дамыса, грек философиясы таңдану, таңырқау бағытында дамыған. Егер өмірді соқпақ жол деп есептесек, ол жолға аттану мен жол басына қайта оралудан тұрады. Ал жалпы, болмыстың үйі – тіл. Ойлау процессі тіл арқылы жасалады. Тілсіз ой жоқ. Тіл сөйлеу, тыңдау, ұғыну қарым-қатынасынан тұрады.Ақиқат дегеніміз aleteіa – жасырынбау. Бұл ақиқаттың грекше ұғымы. Адамзат өмірінде мән-мағынадан гөрі оқиға басым. Әр оқиға оған жаңаша, тың қатынас жасағанды талап етеді. Осы тұрғыда Х. өмірінің соңғы ширегінде шығыстық ойлау тәсіліне, мысалы., дзэн-буддизмге жақындағанын айта кеткен ләзім.
ХАНТИНГТОН С.– Гарвард университетінің профессоры, конфликтолог, мәдениеттанушы, саясаттанушы. 1993 ж. «Нью-Йорк таймста» жарияланған «Өркениеттер қақтығысы: жеңуші мәдени салада айқындалады» атты мақаласы саясаттанушылар, тарихшылар мен мәдениеттанушыларға көп ой салды. Х. айтуы бойынша әлемдік саясат өзінің жаңа сатысына көшті. Ендігі жерде дүниедегі болып жатқан қақтығыстар, конфликтер көзі идеологияда, экономикада емес, мәдениетте болмақ. Мәдениеттер, өркениеттер қақтығысы – дүниежүзілік саясаттың үлкен мәселесі дейді Х. Алдыңғы ғасырлардағы теке-тірестік, кикілжің көбінде елбасыларының – монархтар, императорлар, патшалардың арасындағы түсініспеушіліктен, солардың жаңа жерлерге көзін сүзген ашқарақтығынан туындап отырса, кейінірек ұлт пен ұлт, халық пен халық арасындағы жанжалдар пайда бола бастады. Ал бірінші дүниежүзілік соғыстан бастап оларды» орнын идеология толтырды – алғашқыда коммунизм, кейінірек нацизм мен либералды демократия. «Қырғи-қабақ соғыс» кезінде жанжал екі ұлы державалар арасында өрбіді, олардың екеуі де ұлттық мемлекет емес еді, идеологиялық қарсыластар еді. «Қырғи-қабақтық» «суық» соғыстың аяқталуымен идеологиялық жанжал саясаты да тәмәм болды. Ендігі жерде өркениеттік өзіндік идентификация алдыңғы шепке шығып отыр. Болашақта әлемдік саясатты, әлемнің кейпін жеті-сегіз ірі мәдениеттер, өркениеттер қарым-қатынасы құрастырады. Х. төмендегідей ірі өркениеттерді атап көрсетеді: батыс, конфуцийлік, жапон, ислам, индуистік, православие-славяндық, латынамерикалық және африкалық. Х. ірі жанжал, қақтығыстар өркениеттердің бөлініс аймағында орналасады деп есептейді. Өркениетаралық ыдырау аймағының бірі Евразия континентіндегі мұсылмандық және христиандық мәдениеттердің тоғысқан жерлері – Югославия, Ресей территориялары. Екінші мәдени қақтығыс аймағы – мұсылмандық және индуистік өркениет өкілдерінің тығыз орналасқан жерлері. Өркениеттер қақтығысының себептеріне Х. төмендегілерді жатқызады: өркениеттер арасындағы айырмашылықтар өте терең орналасқан, олар тарихты, тілді, мәдениетті, салт-дәстүрлерді, ал ең бастысы – дінді қамтып жатыр. Сондықтан да олар бір күнде, бір жылда өзгере қоймайды. Әлем кішірейіп келеді. Адамзат қол жеткізген ғылыми-техникалық жаңалықтардың нәтижесінде адамдар қарым-қатынасы тез өрбіп, күн өткен сайын кеңейіп келе жатыр. Қарым-қатынасқа түсу нәтижесінде әркім өзінің өркениеттілік ерекшеліктерін баса түсніп, өзіндік өркениеттік идентификацияға ие болады. Өркениеттер бөлінісінде дін аса маңызды рөлге ие. Өркениеттік өзіндік сананың пайда болуына «өзінің бастауына оралу» құбылысы ықпал етеді. Саяси-экономикалық ерекшеліктермен салыстырғанда мәдени ерекшеліктер баяу өзгеріп отырады, сондықтан да оларды шешу де, келісімге келтіру де қиынырақ. Экономикалық регионализм сынды нәрселер де өркениеттік өзіндік сананың ұлғаюына әкеледі.Қазіргі таңда басқа өркениеттермен салыстырғанда батыстық өркениет өзінің даму шыңында тұр. Батысқа тосқауыл болар ұлы держава – КСРО-ғы ыдырағалы бері Батысқа өзінің әскери қуатымен теңдес түсер ел жоқ. Экономикалық тұрғыдан, Жапонияны есептемегенде, Еуропаға бәсекелестік тудырар тағы да ешкім жоқ. Сонымен Батыс саяси салада да, қауіпсіздік саласында да, экономика саласында да алдыңғы шепте. Сондықтан да әлемдік саясаттың өзекті мәселелерін де Батыс (АҚШ, Ұлыбритания, Франция), экономикалық мәселелерін де Батыс (АҚШ, Германия, Жапония) шешеді. Х. айтуынша, болашақтағы әлемдік саясаттың мәселелері Батыс пен басқа өркениеттер әлемінің арасындағы қақтығысқа байланысты болады. Батыс пен батыстық емес өркениеттер қатынасы үш түрлі вариантта жүзеге асуы мүмкін: біріншіден, батыстық емес өркениеттер Солтүстік Корея, Бирма сияқты өздерін Батыс ықпалынан шығарып алу үшін изоляциялануы мүмкін; екіншіден, батыстық құндылықтар мен әлеуметтік институттарды қабыл алып, Батыстың «Жүрдек поездының соңғы тепшегіне жабысу», үшіншіден, Батысқа экономикалық және қауіпсіздік тұрғысынан төтеп бере алатын, сөйтіп таразының басын теңдестіретін қарсы салмақты ұйым құра білу. Х.-ның жорамалдауы бойынша, болашақта адамдардың өркениеттік өзіндік идентификациясы басым бола бастағанда бірнеше өркениетке тиеселі жұрты бар мемлекеттерге – «қосынды» мемлекеттерге өте қиын болады, өйткені олар өзара іштей қырқысу нәтижесінде мемлекеттік біртұтастылыққа нұқсан келтіреді. Х. осы тұста Югославияны, Кеңестік одақты мысалға келтіре кетеді. Расында да Х.-ның бұл жорамалының іс жүзінде көрінгенін жоққа шығара алмаймыз.
Әдебиет: Хантингтон С. Столкновение цивилизаций. //Полис 1994. 1; «Цивилизационная модель» международных отношений и ее импликации. // Полис. 1995. 1; Глобальные проблемы и общечеловеческие ценности. М., 1990;А. Уртембаев. Война цивилизаций: определится ли победитель? // Шахар. 1994. 2.
ХАОС (грек. chaos – көнегрек әлемнің алғашқы бейформалы күйі) – көнегрек мифологиясында бастапқы шексіз тұңғиықты білдірген ұғым. Ол бойынша Х. дүние жаратылыстан бұрын болған бұлдыр тұман, түпсіз тұңғиық, болмыстың ығы-жығы, ретсіз, бей-берекет араласып жатуы дегенді ұғындырады. Кейіннен сол астан-кестен, ұйқы-тұйқы ретсіздіктен болмыс формалары бөлініп шықты деп түсіндіріледі.
ХАРИЗМА (грек. charіsma – шапағат, рақым, құдайы сый) – белгілі тұлғаны, немесе құбылысты, ерекше қасиетке теліп, оған әулие ретінде табыну. Харизматикалық көсем деп өте мықты беделге, ақылгөйлікке ие, шексіз тартымды, батыр адамдарды атайды. Х. атауы алғаш рет Э. Трельч пен М. Вебердің әлеуметтанулық концепцияларында қолданған.
ХЕЙЗИНГА И. (1872 – 1945) – нидерландық философ, тарихшы, мәдениеттанушы, мәдениет тарихы бойынша іргелі еңбектердің авторы, мәдениеттің «ойындық теориясын» жасаушылардың бірі. Мәдениеттегі мифтің, қиялдың рөлін анықтап, ойынды мәдени қалыптасудың негізгі принципі деп таныған Х. концепциясы М. Мосс, К. Леви-Строс пікірлеріне сай келеді.Х-ның теориялық зерттеу пәні – мәдениет тарихы, соның ішінде әсіресе ортағасырлық, қайта өрлеу дәуірінің мәдени жай-күйі. Х. мәдениетті экономика, саясат, құқық, тұрмыс, салт-дәстүр, өнер біте қайнасып жатқан үлкен жүйе деп қарастырады. Мәдениеттің пайда болуы мен даму барысын зерттей келе, көптеген факті – материалдарға жүгіне отырып Х. ондағы ойын элементінің маңызын ашып көрсетеді. Ешбір практикалық мақсат-мүддені көздемеген, өзіне-өзі жеткілікті, спонтанды әрекет түрі ретінде ойын мәденит бастауында тұр әрі сол мәдениеттің ішкі мазмұны мен қозғаушы күші болып табылады. Ойынның мәдениет тудырушы фактор екендігін Х. қиялдың жемістілігімен байланыстырады. Адамның қандай да болмасын материалдық іс-әрекеті бастапқыда қиял қызметімен қайткен күнде де байланысты, себебі адам бір заттай материалдық дүниені жасап шығармас бұрын оны ой елегінен өткізеді. Ойынның әлі күнге дейін өз билігін жүргізетін арнайы мәдениет салалары – поэзия, өнер, дәстүр және т.б. Жалпы қай кезеңнің қай мәдениетін алып қарастырсақ та оның «ойындық» пен «салиқалық» элементтерінің ара қатынасынан тұратындығын байқауға болады дейді Х. Сонымен, Х. еңбектен гөрі ойынды адам мәдениетін қалаушы күш деп таниды. Х. мәтіндерінен «ойын» ұғымының ортақ, өзіне-өзі тепе-тең келетін анықтамасын таппайтыны сияқты «салиқалықтың» да түсіндірмесін кездестірмейсің. Бірақ Х. бойынша түгелдей дерлік ірі дәуірлер, кезеңдер мәдениеті идеалға, мұратқа жету «ойынын» ойнайтын болған, мысалы, антикалық «алтын ғасыр» идеалы, інжілдік кедей-кепшік идеалы, рыцарьлық идеал, Ренессанстық антик мәдениетін жаңғырту идеалы т.б. жоғарыда айтылғанға дәлел бола алады.Ойынның мәдениет тарихындағы рөлі үнемі өзгеріс үстінде. Мәдениеттің формаларының көбейіп, жіктелуіне байланысты мәдениеттегі ойындық элемент артқы шепке жылжиды. Европа мәдениетінің тарихында бұндай құбылыс XVІІ ғ-дан басталады деп есептейді Х:, өйткені содан бастап қоғамда өмірге деген ашық прагматикалық қатынас қалыптасты.Х. өркениет пен мәдениет ұғымдарын бөліп қарастырмайды, оларды мағынасы жағынан тепе-тең ұғымдар деп біледі. Мәдениетті түсіну үшін төмендегідей үш принципті есте ұстаған жөн: біріншіден, рухани және материалдық құндылықтар бірін-бірі теңдестіреді; екіншіден, мәдениетте жалпыға ортақ идеал, мұрат кездеспей тұрмайды; ұшіншіден, әр мәдениет өзіне тән табиғатқа, дүниеге деген қатынасты туындатады. 1930 – 40 ж-да жарық көрген шығармаларында Х. көпшілік мәдениетін сынға алады және де ХХ ғ-дағы еуропалық мәдениеттің дағдарысын философиядағы иррационализм мен интуитивизмнен, қоғамдық өмірдегі миф культінен, адамгершілік құндылықтарының бағасыздануынан, ұжымдық эгоизмнен көреді. ХХ ғасырдың тоталитарлық режимдерінің куәгері болған Х. бүкіл жан-тәнімен өзінің антифашистік, пацифистік бағдарын білдіреді.
Шығ.: И. Хейзинга. Осень средневековья. М., 1988;И. Хейзинга. «Homo ludens» М., 1992;И. Хейзинга. «В тени завтрашнего дня» М., 1992;Г. Тавризян. «О. Шпенглер и И. Хейзинга: две концепции культуры». М., 1987.
ХИНАЯНА (санскр. кіші дөңгелек, кіші арба) – буддизмнің екі бағытының бірі (махаянамен бірге). Х. махаянамен салыстырғанда ертерек пайда болды деген түсінік бар.Термин б.з.б. бірмыңжылдықта пайда болды деп жорамалданады. Х. деп буддалық мектептер мен ағымдардың ішіндегі ең консервативті, көбінде палийлік канон – трипитакаға (буддизмнің діни-философиялық мәтіндер жинағы) негізделінгенін айтады. Х.-ны ұстанушылар жоғары шындық пен жоғары рахат күйі – нирванаға тек қана ат төбеліндей аз рухани элита (таңдаулылар) ғана жетеді деп түсінеді. Буддизмнің Х-лық варианты әсіресе Цейлон аралында көп қоныс тепкен.Х-ны Махаянадан («Үлкен дөңгелек», «Үлкен арба») төмендегідей қасиеттері өзгешелеп тұр: Егер Махаянада Будда құдай деп танылса, Х.-да Будда – тарихи тұлға, Шакьямуни (Шакья тайпасынан шыққан данышпан); Будда адамдарды басқарушы, олардың тілек-талаптарын орындаушы құдай емес, ол тек қана жол көрсетуші, өнегелі тұлға; Х-да әрбір адамның Будда болу мүмкіншілігі бар, ол үшін тек Шакьямуни өнегелі өмір жолынан өту керек; Будда Х.-да тіршілік иесінің ең биік мұраты ретінде қарастырылады; Х-дағы ең негізгі принцип – индивидуализм, яғни ешкім ешкімді қорғай да, тазарта да, босата да алмайды, ешкім ешкім үшін ештеңе жасай алмайды, өйткені тек адамнығ өзі, оның ықтияры, ерік-жігері, шешімділігі, төзімділігі мен даналығы ғана адамды жарқын болашақ пен жарық жолға бастайды; Х-да нирвана ең биік жетістік ретінде анықталады. Нирвана күйінде адам толығымен мына фәни жалғаннан, құбылыстар әлемінен, феноменальды дүниеден жоғарыға көтеріледі; Х-да дәруіштік, дуаналық, яғни жұрттан безіп, саяқ тұрушылық – рухани жетілем деушілердің ең алғашқы сатысы. Х-да құбылыстар әлемі (сансара) мен рухани бейқамдық әлемі (нирвана) қарама-қарсы қойылады. Х-ның діни-әдеби мұрасына: «Милинда–панна», «Висуддхимагга», «Атхасалини», «Дхаммапада», «Абхидхамматтха-сангаха», «Паритта», «Абхидхармакоша», «Лалитавистара» жатады.
Әдебиет: Бонгард-Левин Г.М., Грантовский Э.А. От Скифии до Индии. Древние арии. Мифы и истории. М., 1983;Литература и культура древней и средневековой Индии. М., 1979;Лукьянов А.Е. Становление философии на Востоке. Древний Китай и Индия. М., 1989.
ХОЛИЗМ (грек. holos – бүтін, түгел) – 1926 жылы оңтүстік африкалық философ Я. Смэтс тұжырымдаған тұтастықтың, бүтінділіктің тәсілдемелік принципі. Х. формуласы төмендегідей: «Бүтін қашанда өзінің бөлшектерінің қосындысынан үлкен». Х. бүтіндікті, тұтастықты философияның орталық ұғымы ретінде қарастырады да оның мазмұнына объективтілік пен субъективтілікті, материалдық пен идеалдылықты сыйғызады. Я. Смэтстың айтуы бойынша органикалық тұтастықтың ең жоғары түрі – адам.Х. американдық философиядан өзінің мүдделестерін тапты. Х. принципі феноменология мен гештальтпсихологияда кеңінен пайдаланылады.Х. идеяларын А. Мейер-Абих (Германия), А. Леман (Франция) жалғастырды.
Әдебиет: Кремянский В.И. Структурные уровни живой материи. М., 1969; Американский холизм. М., 1989.
ХРОНОТОП (грек. chronos – уақыт , topos – кеңістік) – мәдени кеңістік пен уақыттың бірлігін білдіретін ұғым. Бұл ұғым бастапқыда жаратылыстану ілімдерінен алынған. Ал белгілі орыс мәдениеттанушысы М. Бахтин Х. ұғымын көркем шығармаға қатысты қолданады: «әдеби-көркем шығармадағы хронотоп дегеніміз – уақыт пен кеңістік белгілерінің нақтылы бір бітімінің табиғи бірлікте көрінуі. Мұндай уақыт қоюланады, сығылысады, сөйтіп көркемділігімен көзге түседі; ал кеңістік болса шоғырланады, тарихтың сюжеттік, уақыттық қозғалысына бағындырылады. Уақыттың белгілері кеңістік – уақытпен өлшеніп, уақыт арқылы ұғылады» (М. Бахтин. Вопросы литературы и эстетика. М., 1975., 234 б.). Х. ұғымын тек көркем әдебиетке ғана қатысты емес, сонымен бірге жалпы мәдениетке байланысты қолданудың маңызы зор. Мәдениеттануда бұл ұғым М. Бахтиннің «Франсуа Рабле және ортағасырлар мен Ренессанстың халықтық мәдениеті» атты кітабында орынды пайдаланылған. Бұл шығармада «Х» ұғымы халықтық санадағы негізгі тылсымдық түсініктер деңгейінде алынған. Х. ұғымын кейбір мәдениеттанушылар белгілі уақытта белгілі кеңістікте орын алатын оқиғаларды айқындау үшін де пайдаланады. Аурухана, жаңа дүниеге келген нәрестелер үйі, неке қию сарайы, жерлеу бюросы, түрме және т.б. – хронотоптық бейнелер, өйткені ол жерлерде адамдар белгілі бір уақытта нақты кеңістікте кездесетін болғандықтан олар туралы уақыт-кеңістік ажырағыссыз ассоциациялар қалыптасқан. Х.-тың мәдениеттанулық пайдалану аясы кең және эвристикалық мәні зор.
Әдебиет: Бахтин М. Вопросы литературы и эстетика. М., 1975; Бахтин М. Формы времени и хронотопа в романе.//Эстетика словесного творчества. М., 1979;Бахтин М.Слово о романе. // Вопросы литературы и эстетики. М., 1975.
«Ц. ЦЗИН» («Өзгеріс кітабы») – канондық және философиялық қытай әдебиетіндегі ең беделді, ең таңдаулы кітап. «Ц.ц.» кітабы 64 гексаграмнан (люшисы гуа) – ерекше графикалық символдардан тұрады. «Ц.ц.» шығу тарих б.э.д. 2 ғ. аяғы мен 1 ғ. басына дәл келеді. Конфуцииге қатысты айтылатын, негізінен философиялық тарау ретінде қарастырылатын «Си цы чжуань» («Берілген сөздердің түсіндірілуі») әлемнің циклді өзгеруін түсіндіретін 64 негізгі жағдайдан тұратын ілім ретінде түсіндіріледі.